Абылай туралы жыр

Мен бір жырды жырлайын,

Жырласам не деп жырлайын?

Ертеде өткен Абылай

Хан иемді жырлайын.

Оныменен қоймайын,

Оның атысқан жауын жырлайын,

Қосқан малын жырлайын.

Мінгенде аты кер еді,

Есенғұл мен ер Сәдір,

10. Қырғызда даңқы бір шыққан ер еді.

Анау бір Сәдір аттанды,

Аттанды да баптанды,

Қазақ бір ойға түскенде

Тыныш ұйықтап жатпады,

Аттана келе сартты алды.

Қара да қуыс, Шұңқырдан

Семіз найман шабылды,

Соның ішінде

Қоңыратың жаман шабылды.

20. Ақсу менен Көксуда

Сайқалтерек түбінде,

Мұздыбұлақ басында

Су қаққан қозы мен лақ табылды.

Он бес жасар жас бала –

Жауғаш бір сонда жылайды:

“Сен Сәдірге қылмасам,

Көтіңнен сүргі салмасам,

Арқадағы Абылай ханыма бармасам,

Сөйтіп бір кегім алмасам”.

30. Тағы бір мезгіл болғанда

Жауғаш бір атқа мінген күн,

Беліне садақ салған күн,

Қарағанда қолына

Ортаға ала қонған күн.

Түс ұйқыға барғанда,

Іңір көзді алғанда,

Шалбар сәлде болғанда

Тиіп бір жылқы алған күн.

Төрт кісіні басшы алып,

40. Бес кісіні қосшы алып,

Арқадағы Абылай ханға келген күн,

“Алдияр” деп бас ұрған күн.

Хан Абылай сұраған күн:

Жолдар болсын, Жауғаш жан!

Хан Абылай, тақсыр хан,

Тәңірі берсе мол болсын.

Қара да Қуыс, Шұңқырдан

Семіз найман шабылды,

Соның ішінде менің

50. Қоңыратым – жаман шабылды.

Ақсу менен Көксуда,

Сайқалтерек түбінде.

Мұздыбұлақ басында

Су қаққан қозы-лақ табылды.

Ойнап бір жүрген құрбысын

Жауғаштың жаман сағынды.

Ай, Жауғашым, Жауғашым,

Сен бара тұр, бара тұр.

Сүмбіле тусын жылтиып,

60. Ат семірсін құнтиып.

Мен Сәдірге қылайын,

Баяғыдай болайын,

Пана бергей, құдайым!

* * *

Тағы бір мезгіл болғанда

Сүмбіле туды жылтиып,

Ат семірді құнтиып,

Жүз қойға алған Құлаша ат

Жүректей болып семірді,

Жыландай болып жарады.

70. Хан Абылай, тақсыр хан

Ұлы бір жүзден қол жиды,

Кіші бір жүзден қол жиды.

Әсіресе оның ішінде

Уақ пенен Керейден

Арбайсыз мол жиды.

Көк бөрідей желді хан,

Ителгідей ілді хан.

Қаршығадай қақты хан,

Тұрымтайдай қонды хан.

80. Тоқал терек түбінде

Аттанып кеңес сүрді хан.

Бәсентиін ұлы Барлыбай

Омыраулап сөйлейді,

Кісі ырқына көнбейді:

Сен көк бөрідей желдің хан,

Тоқалтерек түбінде

Аттанып кеңес қылдың хан.

Иманды қолға түсеміз

Кел қайталық, – дейді, – хан.

90. Сонда Абылай жылайды,

Абылай не деп жылайды?

– Керей менен уақтың,

Найза ұстаған батырдың

Бірде бірі жоқ болды.

Мен неліктен боқ болдым,

Жаңа түсіп шоқ болдым.

Сонда кедейшілік міндерің

Сол мезгілде бар екен.

Керейдің ұлы Тұрсынбай

100. – Көн садақты демесең,

Көпке тиер сөзім бар,

Көк шолақ атты демесең,

Олжа да алар жайым бар.

Иман қылып аламыз,

Кел шабалық, – деді, – хан!

Абылай ханым, жүруші ең,

Қаздай болып қарқылдап,

Бурадайын бұрқылдап,

Сай суындай сарқылдап.

110. Жай тасындай жарқылдап

…. …. ** бауыры

Қолға да толды солқылдап.

Шабындының ішінде

Қос айдарлы ұл кетті,

Қос тұлымды қыз кетті,

Соның жаман айы өтті.

Иман қылып аламыз,

Кел шабалық, – дейді, – хан!

Сүйегінде бар Абылай

Қарт бурадай шабынды.

120. Жүз қойға алған Құлаша ат

Төрт аяғын қағынды,

Жау атындай сабылды.

Сабылғанын білген соң,

Абылайдай тақсыр хан

Айыл-тұрман тағынды,

Арғымағын оздырды.

Баяу жатқан қырғызды

Сарыбелде тоздырды.

Қалмақшыдай қылдырды,

130. Қырғыздың белін сындырды.

Шапты да қайтты Абылай,

Абылай шауып қайтқан соң,

Сәдір бала келеді.

Сай суындай сарқырап,

Жай тасындай жарқырап.

Абылай ханның қорыққаны,

Қорыққаны емей немене?

Төре бір қалды таңырқанып, тітіреп.

Әй, Жауғашым, Жауғашым!

140. Оң қолымда лашын,

Сол қолымда Жауғашым.

Іздесем де табылмас,

Жауғаш-жан сендей құбаша ұл,

Мінген де аты кер еді.

Есенғұл мен ер Сәдір

Қырғызда даңқы бір шыққан ер еді.

Бар Сәдірге бара көр:

Жауласпаймын Сәдірмен

Елдесейін Сәдірмен.

150. Таластың бойы тар жайлау

Таласа барып жайлайық.

Кеңестің бойы кең жайлау

Кеңесе барып жайлайық.

Қазы менен қартаны

Қия кесіп шайнайық.

– Сәдір батыр, тұра тұр,

Арқадағы Абылай

Ханым менің жіберді:

Бар, Сәдірге бара гөр,

160. Мінген де аты кер еді.

Есенқұл мен ер Сәдір,

Қырғызда даңқы шыққан ер еді.

Жауласпаймын Сәдірмен,

Елдесейін Сәдірмен.

Таластың бойы тар жайлау,

Таласа барып жайлайық.

Кеңестің бойы кең жайлау,

Кеңесе барып жайлайық.

Қазы менен қартаны

170. Қия кесіп шайнайық.

Қоқи, елдеспеймін онымен,

Жауласамын ол құлмен.

Таластың бойы тар жайлау,

Таласа барып жайламан.

Кеңестің бойы кең жайлау,

Кеңесе барып жайламан.

Қазы менен қартаны

Қия кесіп шайнаман, қоқи!

Абылай деген кәрі құл

180. Үш шапты менің үйімді.

Оныменен тұрмады,

Абылай деген кәрі құл,

Арағын ішіп есірді.

Тастап кетсін жесір[ім]ді,

Бір қылмады, мың қылды, қоқи!

Жабағымды жүн қылды,

Жас қайысымды и қылды.

Бозбаламды құл қылды,

Ақ отауым күң қылды.

190. Оныменен тынбады, қоқи!

Абылай деген кәрі құл

Енді маған да қарап қалғанда, қоқи!

Қан қылмай шешсін киімді,

Бөлек-бөлек етермін,

Бөздей жыртып өтермін.

Дулығасын киермін,

Еңсесіне мінермін,

Кеудесіне сиермін.

Елімді шапқан сол құлдың,

200. Сүйегін[ің] үстіне

Мұнара қылып үйермін.

Мінген де аты кер еді,

Есенқұл мен ер Сәдір

Қырғызда даңқы шыққан ер еді.

Елшіге барған Жауғашжан,

Сәдір батыр не деді?

Ой, Абылай деген тақсыр хан,

Сен не етесің, не етесің?

Анау бір тұрған Сәдірдің

210. Үлкенсіген сөзі бар,

Құдайдың бізге берер ебі бар.

Сен келгенсің, келгенсің,

Келіп қырғыз шапқансың.

Тегін де олжа тапқансың.

Қоқи, елдеспеймін сол құлмен,

Енді маған қарап қалғанда.

(Сонда Абылай):

Жалаңаш қажым сен болсаң,

Анау тұрған Сәдірді ат-сана.

Қарық олжаға бат-сана

220. Ол Сәдірді атпасаң,

Сәдір сені алады,

Ат көтіне салады.

Таңдайыңды теседі.

Жанған отқа өзіңді

Шырқыратып басады.

Алладан үкім келген соң,

Бір шыбындай, көке[жан],

Ау, қай жаққа қашады.

(“Аттым” деп екі уыс топырақ тастады).

230. Қоңыраттың көп мерген,

Күйінде болған сол байғұс

Орама қара мылтықты

Тізеге ала отырды,

Аузын бір оққа толтырды.

Аттан бір қорған соғысты,

Оқшантайын қағысты,

Басып бір басып қалысты!

“Аллалап” Абылай шанышқан күн,

“Қоқилап” қырғыз қашқан күн.

240. Қазақты дәулет басқан күн,

Қырғыздан әруақ қашқан күн.

Арғымағын оздырды,

Баяу жатқан қырғызды,

Сарыбелде тоздырды,

Шапты да қайтты Абылай.

(Сол жылда Әтеке-Жырықты) өлтірген, соның қызының жыры:

Мергеннің басы миллион,

Дараның жолы серуен.

Мына бір қазақ келуін,

Атекемнің өлуін,

250. Сәдір кірді қамысқа,

Атекем шықты намысқа.

Қызыл шекпен бүркеніп,

Қыздарменен бұ Сәдір,

Қара шекпен бүркеніп,

Қатынменен бұ Сәдір.

Абылай ханның найзасы,

Қола бір болып қайысты.

Әтекемнің найзасы,

Қарағай болып майысты.

Құрым тоқым Абылай,

Құрдасыңмен, Атекем,

Тері тоқым Абылай

Теңдесіңмен, Атеке-ау.

Басыңды қойды әлекке,

Қаныңды алды шелекке.

Өтіңді алды керекке,

Ішіп қанға тоймады,

Абылай деген хас айғыр

269. Ежелгі кәрі кегін қоймады.