АБЫЛАЙ МЕН ОЛЖАБАЙ

Уағында бақыты асқан Олжабайдың,

Бақытын ашқан екен бiр құдайым.

Орта жүздiң ордасы сол уақытта,

Хан болған орта жүзге Абылайың.

Олжабай мен Абылай арасында

Бiр уақиға болыпты, тағы айтайын.

Абылай хан болыпты заманында,

Естiген бiлген есен-аманында.

Хан болып орта жүзге тұтқа болып,

10. Көндiрген, қалай айтса, амалына.

Алдына келген жандар алдиярлап,

Болмайды ешкiм қарап жамалына.

Хан болған ол Абылай қаһарланып,

Келмейдi маңайына ешбiр халық.

Қаракесек елiнде Бошан1 деген

Қолында Абылайдың өлгенi анық.

Құдыққа салып қойып өлтiрiптi,

Қатарға ешкiм келмес теңдiк алып.

Қолынан сонда жұрттың келерi жоқ,

20. Iшiнен қалған екен қайғыланып.

Бiр уақыт осыменен күндер өттi,

Қаз дауысты Қазыбек әдiлеттi.

Бекболат – Қазыбектiң бел баласы,

Ол-дағы заманында хүкiм еттi.

Бекболаттың баласы Жанатайдан2

Айталық бiр хадиса болған кептi.

Қадiрiн Жанатайдың әркiм бiлдi,

Айттырмай бiлер болды iшкi сырды.

Аулында Абылайдың бiр төлеңгiт,

30. Бiр күнi қыз ұзатып ойын қылды.

Жанатай жүрген жiгiт тойды бағып

Той дегенде, тұрады жiгiт не қып?

Бозбала тұрған жерi ойын-сауық,

Бiр-бiрiн жанып сөйлеп, тұрған шалып.

Абылайдың аулында бiр баласын,

Басынан түсiрiптi бөркiн қағып.

«Хан ұлының қарада теңi ме?» – деп,

Сол жерде қалған екен намыстанып

Жанайдан көрген iсiн бастан-аяқ,

40. Арыз қып Абылайға айтқан барып.

Абылай ашуланып мына сөзге,

Жанайды байлап қойған кiсен салып.

Жанайды осылайша байлап салды,

Бұл iстен елдiң бәрi хабарланды.

Сол жерде барлық Мейрам3 намыстанып,

Алдына Олжабайдың бұлар барды.

– Көрген қорлық бұл болды Абылайдан.

Жазықсыз Жанайыңды ұстап алды.

Хан етiп бiз қарадық Абылайға,

50. Сүйiндiк риза болды Олжабайға.

Жазықсыз Жанайыңды байлап отыр,

Олжеке, етесiз бе бұған айла?

Аулына барған жанды бүйте берсе,

Абылайдың пайдасы бiзге қайда?

Ботақанды сұраусыз жiберiп едi,

Әрқашан қастық еттi ғазиз жанды.

Бекболат сырын айтты ерге шағып,

– Тұрамыз бұл қорлыққа бiздер не қып?

Сүйiндiк атқа мiнсiн, – дейдi Олжабай, –

60. Шабам, – деп, – Абылайды ашуланып.

Айтқанын Олжабайдың қабыл көрiп,

Жетi жүз адам болды даярланып.

Жасыбай Олжабайға сөз айтады:

– Бекболат Абылайға келсiн барып.

Абылай адасқаннан қайтар ма екен?

Барған адам қайтады түрiн танып.

Олжабай деп айтады: – Өзiм барам,

Туымды ұстап қырындап жақын тұрам.

Өз лағым өзiме тиген болды,

70. Өзiм барып ашуды бiр шығарам.

Олжабай жасыл туын қолына алып,

Сол заман жолдас болған қанша халық,

Гулетiп Сарыарқадан сары дала,

Аулына Абылайдың тұрды барып.

Көтеш ақын дейтұғын шешен едi,

Бұлардың қалай келген түрiн танып:

«Жанатайды жоқтаған Олжабай», – деп,

Сөйлейдi Абылайға сыр шығарып:

«Абылай, Ботақанды сен өлтiрдiң,

80. Жазықсыз жас баланы неге өлтiрдiң?

«Ботақанша Жанайды байлаймын», – деп,

Үстiне ақ орданың ту келтiрдiң.

Хан тайса әдiлеттен, қара болар,

Хан басыңа қарадан сөз келтiрдiң.

Абылай, күйiп кетсiн ағаш қалаң,

Бошанға4 қалай едi жапқан жалаң.

Ботақанша Жанайды байлаймын», – деп,

Жем болды жетi жүзге қатын-балаң.

Көтеш ақын айтыпты барлық сөзiн,

90. Абылай қате қылған бiр мiнезiн.

Олжабай топтан шығып жалғыз өзi,

Айтайын Абылайға барған кезiн.

Олжабай келiп сөйлейдi,

Сөйлегенде бүй дейдi:

– Абылай деген ханым ең,

Бұл Орта жүз iшiнде

Лаулап оттай жанып ең.

Батыр болсаң басында,

Ұлы жүзде Үйсiннiң –

100. Төле бидiң түйесiн

Сонда не қып бағып ең?

Жаман тоның үстiңде,

Жалаң бұт не қып қалып ең?

Орта жүзге хан болып,

Бақ қонып, жұртты танып ең.

Қалмақпенен соғысып,

Қолға түсiп қалғанда,

Ажыратып алып ем.

110. Сарттығыңа бақпасаң,

Жөнiмдi байқап қалып ең.

Ботақанды өлтiрiп,

Басына қаза келтiрiп,

Одан бiр аман қалып ең.

Жазықсыз неге байладың

Бекболаттың баласын?

Алалықпен ұстама

Орта жүздiң баласын.

Жанай ердi босатып,

120. Соның тапқын шарасын.

Ерiккенге, Абылай,

Ордаң түсiп ортаңа,

Олжа болып қалмасын.

Қатын-балаң жесiр боп,

Сыр бойына сымпиып,

Босқа шұбырып бармасын.

Орта жүздiң Сүйiндiк,

Ханы болдың, Абылай.

Сенiменен жауласып,

130. Көрсетiп тұр қарасын.

Абылай естiп тұрды сөздiң түрiн,

Бiлетiн Олжабайдың бұрын сырын.

– Алатуым, қателiгiм кешкiн, – дедi, –

Егер де айып болса, менiң мұным.

Босатып Жанайын да қолға берiп,

Тарту берiп, көрсеттi қанша сыйын.

Олжабай достықпенен елге қайтқан,

Олжаға Абылайдан әбден батқан.

Қазыбектiң жиенi – Едiге би

140. Сол жылда Олжабайға бiр сөз айтқан:

– Ұл туса, сендей тусын, Алатуым,

Абылайдың жоқ едi бетi қайтқан.

Аққан көзiм анық көрiп, айтып тұрмын,

Бұл-дағы сырым емес көзге мақтан.

Олжабай, бақытың өрлеп аса берсiн,

Әрқашан жәрдем болсын жалғыз хақтан.

Ел-жұртым риза болды Олжабайға,

Жау жеңiп тигiзiп едi елге пайда.

Сонымен қазақ, қалмақ атыс-шабыс,

150 Өмiрiн өткiзiптi Баян тауда.

Ел шетiне Ерейменге келген қаптап,

Олжабай қалың елiн жүрген бастап.

Бiр күнi ер Олжабай науқастанып,

Қайғыға қалған екен, жұрты тоқтап.

Көшкен ел соныменен тұрып қалды,

Сыртында Ерейменнiң малды топтап.

Бұл науқас Олжабайды кеттi жеңiп,

Өлерiне ақиқат көңiлi сенiп.

– Атқан оққа шыдаған Олжабай ем.

160. Зәрiм жүрмей барады, бойды керiп.

Пендеге тағдыр қаза жақын келсе,

Адамзат қалар екен босқа өлiп.

Олжабай өлуiне көзi жеттi,

Алдына жиып алды барлық көптi.

Қоштасып құрбы-құрдас, замандаспен,

Сол жерде бiр осылай уағыз еттi.

Сүйiндiк, барлық Арғын жиылыпты,

Айтқын деп бiр өсиет құзыр еттi.

Сiз өлген соң, Алатуым құлайды ғой,

170. Ұран боп әр тарапқа даңқың кеттi.

Олжабай деп айтады: – Қайран елiм,

Ерiң кетсе, сынады сенiң белiң.

Аттың жалы, түйенiң қомында ғой

Сарыарқа – сансыз жатқан асқар белiң.

Тiлiмдi алсаң, Жиделiбайсынға көш.

Бұл жерде қорған болар бар ма ерiң?!

Солайша ер Олжабай дүние салды,

Ел көшпей сол бетiмен тұрып қалды.

«Әзiретi Сұлтанға апарам», – деп,

180. Бiр айдай сағанада5 жатып қалды.

Сол кезде Едiге6 де қаза болып,

Олжабаймен бiр жерге қабырланды.

Едiгең Олжабайды ару еттi,

Ел тарап жай-жайына қайтып кеттi.

Дүние кiмге жолдас болады дейсiң?

Не жүйрiк, не шолпандар өлiп кеттi.

Олжабай жас шағында үйленiптi,

Қарауыл Атығайды қайын еттi.

Сол елдi талай елден тәуiр көрiп,

190. Өзi өлгенше тым жақсы құрмет еттi.

Бiрiншi Қарауылдан алған едi,

Екiншi қалмақ қызы Лағбан едi,

Барғанда Қарақалпақ елдерiне,

Үшiншi содан болып қалған едi.

Қырмызы деген қызды, Абылай хан

Қырғызға барған жерде алған едi.

Қояныштағай елiнде бiр батырдың

Қатыны жесiр болып қалған едi.

Ол қатын Олжабайға қалап тиiп,

200. Бес қайын осылайша болған едi.

Айдабол – Олжабайдың арғы атасы,

Сөзiмнiң бар ма, жоқ па көп қатасы?

Толыбайдың Олжабай бел баласы,

Орман ба деп айтады жұрт ағасы.

Дулат би Олжабайдың бел баласы,

Соның тарап тұсында замандасы.

Құлжа деген ағадан Қойыт батыр,

Олар да болып өттi елдiң басы.

Солардың ұрпағынан Жаяу Мұса,

Осымен аяқталды сөз сарасы.