Абылай хан... Ақ Атан

Ал бір қисса бастайын,

Құлағың сал, көпшілік.

Мергенше атып тастайын,

Тұрса тілден оқ шығып.

Босқа алып қашпайын,

Асау аттай осқырып.

Тізгінді мықты ұстайын,

Тыңдаушымды қош қылып.

Ескі емес тым арғы,

10. Екі жүз жыл шамасы.

Өткен екен сандарлы,

Қазақтың бір баласы.

Өзі ханның ұлы екен,

Әкесін жау өлтірген.

Өмірі бір жыр екен,

Ерлікпенен жетілген.

Жетім қалып жасында,

Көп қорлықты тартыпты.

Қоя беріп шашын да,

20. Иыққа тұлым артыпты.

Жүріпті ел ішінде,

Қаңғыбаспын деп өзін.

Жалба-жұлба пішінде,

Жарқылдатып көздерін.

Кезіп жүріп жасынан,

Аралапты көп жерді.

Көп іс өтіп басынан,

Көп тыңдапты мұң-шерді.

Жыраулардан тыңдапты

30. Шежіресін алаштың.

Көкейіне жинапты,

Тарихын көп таластың.

Өзі қаңғып жүрсе де,

Ұмытпапты өз елін.

Басыма не төнсе де,

Дейді екен төземін.

«Үргеніште қалды үйім,

Түркістанда ордам да,

Емес маған ол бұйым,

40. Бойда жаным тұрғанда».

Деп безіпті далаға,

Аттап белді, белесті.

Жоламапты қалаға,

Ойға ап қырғын елесті.

Жүре-жүре қаңғырып,

Төле биге келіпті.

Қарап тұрмай аңырып,

Кіріп сәлем беріпті.

Аты-жөнін сұраса,

50. Білмеймін депті бір сөзбен.

Алба-жұлба қараса,

Қарапты отты жұп көзбен.

– Болсын атың Сабалақ,

Қалай дейсің, қарағым?

Осында бол, түйе бақ,

Жақсын, балам, таяғың!

Деген екен Төле би,

Мақұл депті ол күліп.

Еңбегімен етіп сый,

60. Бағыпты түйе мол жиып.

Он бес жасқа толғанда

Алпамсадай өсіпті.

Ас пен ұлы тойларда

Арысқа да түсіпті.

Күрескенін лақтырған,

Тартысқанын аударып.

Қылығын ел жақтырған,

Күшіне оның таң қалып.

Он алтыға шыққанда,

70. Бөгенбай батыр келіпті.

Сабалақ сырын ұққан ба,

Төле би оған беріпті.

Батырға еріп Сабалақ,

Төбесі көкке жетіпті.

Қаратал, Іле жағалап,

Көп өзеннен өтіпті.

Көк найзалы көп жасақ,

Елдің күйін шертіпті.

Ақтабан боп шұбырған

80. Азапты күнін естіпті.

Естіп тартқан азапты,

Елдің қамын жейді екен.

Сансыраған қазақты

Біріктерсем дейді екен.

Осындай бір арманмен,

Үйреніпті ерлікті.

Шыңдапты өзін пәрменмен,

Мықтап байлап белдікті.

Білектерін түрініп,

90. Батыр болсам дейді екен.

Жау тиіссе сұғынып,

Қырып-жойсам дейді екен.

Өстіп жүріп Сабалақ

Он жетіге шығыпты.

Көңілі өсіп, күші артып,

Алысқанын жығыпты.

Осы кезде жоңғарлық

Жау тағы да тап берген.

Тозған елге көп зорлық

100. Мал тонаған артқа ерген.

Қаракерей Қабанбай

Еспенбекті ап қасына.

Қанжығалы Бөгенбай

Бәрі кепті асыға.

Айла, жоспар жасасып,

Жасақтарын сайлапты.

Жауды жексен етуге

Белді бекем байлапты.

Желбіретіп туларын

110. Жүзден, мыңнан топ болып.

Кешіп өзен суларын,

Ұйысқан көп шеп болып.

Тасып күші, айбары,

Бола қапты құрыш шеп.

Әбілмәмбет сардары,

Болған екен жұрт тілеп.

Жоңғарлыққа жаңадан,

Қалдан Серен хан болған.

Қару түспей қолынан

120. Қазаққа қас жау болған.

Жүріп әке жолымен,

Жоймақ болған қазақты.

Шауып қалың қолымен,

Елге салған азапты.

Қанды қолы Қалданның,

Бар екен бір жиені.

Аты Шарыш Қалданның

Дейтін өзін киелі.

Осы бастап шептерін,

130. Кең аумаққа құрыпты.

Қайрап жасақ кектерін,

Жер-жерлерді торыпты.

Жауласқан соң тұра ма,

Кеудесі оның асқынбай.

Басы түспей ұраға,

Тынбас-ты ол қас қылмай.

Әсілі салты – айбаршыл,

Сес қып қалың қосынын.

Жекпе-жекшіл майданшыл,

140. Тастамас бұл жосынын.

Шебін жайып бөктерге ол,

Келсін депті қазақты.

«Көрсетемін осы жол,

Ең соңғы ауыр азапты».

Әбілмәмбет бас болған,

Келген қазақ қосыны.

Кектеніп қас жауына,

Жойсақ-ау дейт осыны.

Осылайша басталған,

150. Екі жақтың сайысы.

Талай-талай басты алған,

Өлімі – өмір жарысы.

Бір күні сол Шарыштың,

Өзі түскен майданға.

Қара қасқа ат мінгені,

Қолына алған көк найза.

А дегенде ол сұмның,

Күш-айласы басым кеп.

Талай қазақ ерінің,

160. Қанын ішкен басын жеп.

Бұнымен ол кердеңдеп,

Айғай салған қазаққа.

«Келгенің кел өлем» деп

Алған сайқымазаққа.

Бұны көріп Сабалақ,

Кекті жасын ағызған.

Мен шығам деп «ағалап»,

Сардарына жалынған.

Әбілмәмбет бата қып,

170. Ерік берген барғын деп.

Кердеңдеген қас жаудың,

Басын шауып алғын деп.

Кербалақпен еркіндеп,

Қыранша ұшқан Сабалақ.

Қарсы шапқан «келші!» деп,

Шарыш та атын сабалап.

Түсте екеуі найзамен,

Әлсін-әлі сайысып.

Алдырмайды айламен,

180. Қалқандарын қағысып.

Ет пісірім өтті уақ,

Жүр екеуі алысып.

Кейде аттардың тұяғы

Кетед жерге жабысып.

Шарыш ноян сезінді

Қалды қолы қарысып.

Әуелгі арын мүлде жоқ,

Алқынады тартысып.

Дәл осындай кезеңді,

190. Сабалақ та аңдыған.

Алдына найза кезеніп,

Қылыш оған пар қылған.

Кербалақпан тақымдап,

Қалқанын қағып найзамен.

Қылышты кезеп алқымға

Шауып қалған айламен.

Шарыш аттан құлаған

Шаңды қауып серейіп.

Жау жақ қатты шулаған,

200. Қазақтың өскен мерейі.

Сабалақ бұл соғыста,

Көрсетті алғаш ерлігін.

Ел күйзелген ол тұста

Ал қамасын ерді кім?!

Шашақты найза сумаңдап,

Киген темір сауытты.

«Абылай!» деп ұрандап,

Сабалақ жауға шауыпты.

Ұранына қосылып,

210. Соңынан ел еріпті.

– Аққан селдей жосылып

Жауға жаза беріпті.

Қарсыласқан жауының

Қанға батқан белшесі.

Осыдан соң қазақтың

Көтерілген еңсесі.

Жеңістен соң Сабалақ

Аты-жөнін айтыпты.

Әбілмәмбет сардары

220. Оған тарту тартыпты.

«Абылайлаған ұраны

Атасы екен кешкен қан.

Әбілмансұр өз аты

Әкесі екен Уәли хан.

Әбілмансұр содан соң

Сұлтан бопты жұрт тілеп.

Орта, ұлы, кіші жүз

Қарапты оған біртелеп.

Хан Абылай атанып,

230. Кең таралған атағы.

Жау сескеніп, ел қорғап,

Күндері өтіп жатады.

Қазақ қамы Абылайдың

Тырнайды екен жүрегін.

Ерте тұрып әрдайым,

Тілейді екен тілегін.

Өстіп жүріп бір күні

Аралапты түйені.

Боздағандай тым мұңлы

240. Естіліпті түйе үні.

Жан-жағына қаранып

Алға жүре беріпті.

Ақ көбігін жаланып

Ақбас атан еріпті.

«Қаңтар айы болмаса,

Бура неге жарайды?

Бір киесі болмаса,

Боздап неге қарайды?»

Осы оймен Абылай

250. Кеп түсіпті үйіне.

Ақбас атан бірге кеп,

Жатыпты ши түбіне.

Кесер мойын – басы аппақ,

Қос өркеші адамдай.

Көбік шайнап малжаңдап,

Көзінен от жанғандай.

Аз жайылып көбірек

Жатады екен маңқиып.

Кей кештері еңіреп,

260. Боздайды екен қаңқиып.

Кетпейді екен алысқа,

Үйдің маңын айланып.

Тесіліп бір бағытқа

Жатады екен жайланып.

Абылай хан жүріпті,

Ақ атанға сәп салып.

Бір күні түс көріпті

Ерен-ғайып қарсы алып.

«О, Абылай, алдыңда

270. Асқар-асқар белдер тұр.

Тар жол, тайғақ қабырға

Өзен толы сендер тұр.

Өтсең содан іркілмей

Көк құрақты көл жатыр.

Көл бойында мерейлі

Ырысты ырғын ел жатыр.

Ақбас атан үнемі

Соған қарап жатады.

Жануар ол киелі

280. Боздасы елге батады.

Ақбас атан қараған,

Жаққа жүрсең жеңесің.

Қайшы келсең сен оған,

Бақты басқа тебесің.

Қол бастасаң жорыққа

Батырларға сеніп сен.

Жүрсең сол бір бағытқа

Ораласын жеңіспен.

Ақ атанды қорласаң

290. Көретінің жеңіліс.

Сабақ ал сен осыдан,

Айтты деме Ібіліс.

Еренғайып мен болам,

Мұқтаж жанға жәрдемші.

Десең егер ер болам,

Болма еліңе алдамшы.

Батырың бар пар болған,

Ақылы мол бәрінің.

Елің саған жар болған

300. Тірегі қуат-әліңнің.

Өткен күні есіңнен

Еш уақытта кетпесін.

Өмір – арқан есілген,

Тілін өзің теңшерсің»

Түрегелсе Абылай

Көргені бір түс екен.

Депті ішінен: «Ә, Құдай,

Атаным бақыт құсы екен!»

Шығып тысқа қараса

310. Ақбас атан жатыпты,

Көкпен жарық таласа

Арайлап таң атыпты.

«Шұбырынды-ақтабан»

Күйзелістің жарасы.

Әлі күнге айықпаған

Байтақ қазақ даласы.

Осындайда кекті жау

Орай іздеп кезенген.

Шапқылатқан жан-жаққа

320. «Жансыздарын» безенген.

Қоқан ханымен астасып,

Жауламақ боп Ілені.

Тәңір таудың үстінен

Саңылау көздеп жүреді.

Бір жылы жаз Іленің

Тасығанда өзені.

Күркілдектің басынан,

Шабуылға кезенді.

Игеріп жаудың ауқымын,

330. Абылай сақ жүретін.

Ұрмалы, алыс шеттерге,

Қойып кеткен күзетін.

Ұстап жаудың «жансызын»

Ішкі сырын білген ол.

Бермек болып жазасын,

Күркілдекке тартты қол.

Бұдан бұрын Абылай

Ел серкесін жинатқан.

Батыр, шешен, билердің

340. Бас қосуын ұнатқан.

Шақыртқан соң Абылай

Ел қорғайтын кеңеске.

Ер Қабанбай, Бөгенбай

Еспенбеттер келмес пе?!

Келген бәрі айбынмен,

Жарақтарын қолға алып.

Бір-біріне сай келген,

Ақыл айтқан ойланып.

Көп кеңеспен құрды олар,

350. Жауға қарсы одағын.

Осы одақта тұрды олар,

Біріккендей көп ағын.

Боз биені шұралап,

Құрбандыққа шалыпты.

Кеуделерге Құран ап,

Қолдарын қанға малыпты.

Өйткені одан аз бұрын,

Бүлініпті кіші жүз.

Шар патшасы азғырған,

360. Көрсеткен боп жылы жүз.

Соныменен орысқа

Әбілқайыр қараған.

Еріп бұған көп өсек

Ел ішіне тараған.

Жұрт көңілі ала боп,

Іріткі түскен араға.

Қосылғандай бір шемен,

Айықпаған жараға.

Сол себепті Абылай,

370. Ашып осы жиынды.

Шешпек болған бірлікте

Шешілмей келген қиынды.

Батырлар бастап сөз ашып,

Бармақтарын кесіпті.

Қанды-қанға шыласып,

Бәрі былай десіпті.

«Атағы зор Абылай,

Үш жүзге тең ханымыз.

Кім жүрсе егер бағынбай,

380. Төгілед соған кәріміз.

Босағаны бұзғанды

Ұстап отқа қақтаймыз.

Құпия қақпан құрғанды

Тапсақ жерге таптаймыз.

Қалданнан кек аламыз,

Қарамаймыз орысқа.

Жорық десе барамыз

Бәрін атап соғысқа.

Бұл жолдағы көмекті

390. Қастерлейміз есіркеп.

Білдірмейді жауға деректі,

Қорғаймыз елді мүсіркеп.

Жинағанша ел есін

Билер салық салмасын.

Ескі аласы-бересін,

Ешкім қузап алмасын.

Сөзіміз сөз осылай,

Уәдеміз – уәде.

Жүрсе біреу қосылмай

400. Басқа оймен мүбәда.

Шешсін оны ханымыз,

Өз әмірін жүргізіп.

Қолдаймыз біз бәріміз,

Сертімізді үлгі қып.

Бастан өткен-кешкенді

Қасам еттік қарап шын.

Опасыздық еткенді

Боз биенің қаны атсын!»

Дәл осылай серттесіп,

410. Жадырасқан көп көңіл.

Көп ақылмен екшесіп,

Көп тергелген өткен күн.

Көптің ойын, ақылын,

Илеп бейне қамырдай.

Қасына ап барлық батырын

Айтыпты ойын Абылай.

– Шығыстан кеп Чиянлуң хан

Жоймақшы сұм жоңғарды.

Сәйкеселік біз оған

420. Құдай бізді оңғарды.

Сендерге айтар бір сырым,

Бар еді бір атаным.

Бастап жүр сол бір ырым,

Тастап алыс отарын.

Жақында ол өрістен

Келген еді боздатып.

Жар болды ма періштем,

Түс көріппін мен жатып.

Ақбас атан қараған

430. Жаққа жүрсең жеңесің.

Қайшы келсең сен оған

Бақты басқа тебесің.

Еренғайып мен болам,

Мұқтаж жанға жәрдемші.

Десең егер ер болам,

Болма еліңе алдамшы.

Деді біреу сыбырлап,

Тұрсам таңғы түс екен.

Шықсам атан қыңылдап

440. Жатқан жерде тұр екен.

Ақбас атан анау сол,

Бір бағдарды күзеткен.

Сол бағытқа тартсақ жол,

Болар ма екен біз ертең?

Деді Абылай сыр шертіп,

Көрген түсін жорытып.

«Тәңір көктен көгертед»

Десті бәрі қорытып.

Қол соғып көп батырлар

450. Құптады айғай-сүрен сап.

Артылып қос, шатырлар,

Тиелді азық, қазан, қап.

Сауыт киіп батырлар,

Сайланды тез жорыққа.

Шабыт беріп ақындар

Жырын айтқан ел-жұртқа.

Әр топ найза, жебенің

Ұшын тасқа егепті.

Қылыш, семсер дегенді

460. Нақ алмасқа теңепті.

Мың жасаққа бір батыр,

Қолбасшылық етіпті.

Бірі ілгері, бірі ақыр

Аттанысып кетіпті.

Ақбас атан осы кез

Қалың қолға еріпті.

Шайқақ қағып басып тез,

Қалмай ере беріпті.

Абылайдың ордасы,

470. Келіп қонса қай жерге.

Ақбас атан өз басы

Жақын жатқан сол жерге.

Өстіп қосын Емілден

«Күркілдекке» жетіпті.

Жаумен таудан еңкейген,

Соғыс жасап кетіпті.

Абылайдың ордасы

Кең жазыққа орнапты.

Баян деген қолбасы,

480. Орда маңын қорғапты.

«Күркілдектің» басында

Соғыс қатты болыпты.

Ұқсап сайдың тасына,

Қырғын боп жау өліпті.

Атқа мініп Абылай

Алғы шептен қалмапты.

Екі жақ тік шоқыға,

Садақшыны талдапты.

Әмір етіп өжетпен

490. Мыңдап садақ тартқызған.

Кеш болғанда кенеттен,

Бір оқ тиген дәл тұстан.

Дулығасы Абылайдың

Анадайға түсіпті.

Қағазы бар бір жебе

Маңдайшасын тесіпті.

Қорғаушысы тез алып,

Дулығаны ұсынған.

Жебе хатын қолға алып,

500. Абылай тез оқыған.

«Сенімді бір күзетшің

Бүгін түнде өлтіред».

Деп жазыпты ол хатқа

Кетті Абылай селкілдеп.

Ілезімде күн батып,

Қырғын соғыс тоқтады.

Абылай да тез қайтып,

Күзетшілерді жоқтады.

Өз балдызы Жантас пен

510. Мәлік екен күзетші.

Сенімді боп әрқашан

Істеп келген күзетті.

Сергектеніп Абылай,

Орда ішінде айланды.

Жантасты қойып ол былай,

Мәлікке ойын байлады.

«Қорлық көріп Қоқаннан

Қашып шықтық екеуіміз.

Еңбек етіп сіздерге,

520. Жанды құрбан етеміз».

Деп келген-ді бұл Мәлік,

Сегіз жыл бұрын серт беріп.

Соғыста найза қолға алып,

Келген жауды еңсеріп.

Көрсеткен-ді көп рет

Ел таңқалар батырлық.

Сондықтан да Абылай,

Еткен оған жақындық.

Үш жыл болған ордаға

530. Сенім етіп алғалы.

Көрілмеген әсте бір

Қимылында жалғаны.

«Осы бір жан дәл бүгін

Өлтірмек пе мені шын?

Қастандықтан өлгенше,

Өлсем еді-ау ел үшін!»

Осыны ойлап Абылай,

Қолға алды семсерді.

Машық қып үй ішінде,

540. Арлы-берлі теңселді.

Сусылдады ақ семсер,

Көлден үйрек ұшқандай.

Мәлік сырттан сығалап,

Біліп те жүр тұспалдай.

Аңди басып үйге еніп,

«Ұйықтамайсыз?» дей салды.

Абылай іштен жиреніп

«Ия, солай» деп қалды.

Қайта шыққан шағында

550. Көрді Абылай қанжарын.

Күзетшіге ол қанша

Айтқан қару алмауын.

Бұнысынан іш жиды,

Өз күмәнін дұрыстап.

Жантас та оның қимылын

Бір шетінен жүр сынап.

Аңдысумен осылай,

Түн жарымнан кетті ауып.

Деді Абылай: «Апырмай,

560. Қалай болар бұл қауіп?»

Шам жаққызбай ордаға

Түңлікті кең ашқызған.

Жарқылдатып семсерге

Ай сәулесін шаққызған.

Таң қараңғы болғанда

Түзге шықты Абылай.

Көкте жұлдыз жылтылдап,

Тарқалыпты жамырай.

Келе жатты аяңдап,

570. Ақбас атан бар жерге.

Артынан біреу қараңдап

Келед тоқтап әр жерге.

Бұрылып шұғыл артына

Қарап еді кенеттен.

Мәлік екен қолынан

Алмас қанжар жарқ еткен.

Ақбас атан пыш етіп

Атып тұрды орнынан.

Абылай да лып етіп,

580. Өтті сипап қомынан.

Дәл осы кез Мәлік сұм

Түйе санын далдалап,

Атып еді қанжарын

«Иә, пірім»деп Аллалап.

Теуіп қалды ақ атан,

Кетті қанжар иреңдеп.

Салып аузын Мәлікке

Басты астына илектеп.

Боздап атан уілдеп,

590. Езіп жатыр Мәлікті.

Қалың жасақ дүрілдеп,

Жақты әр жерден жарықты.

Ақбас атан боздаса

От жағатын салт еді.

Жау шабуыл қозғаса,

Сақ тұратын шарт еді.

Таң атқан соң Абылай

Батырларын шақырды.

Ақбас атан жайғаған

600. Көрсетті Мәлік «батырды».

Қайран қалды көргендер

Жағаларын ұстасып.

Бұл не хикмет десті олар

Өлексені нұсқасып.

Қысқаша айтты оларға

Болған істің мән-жайын.

Бәрі қайран қалысып

Тақылдатты таңдайын.

Ақбас атан маңқиып,

610. Көпшілікке қарап тұр.

Көп алғысын жаудырып,

Батырға оны балап тұр.

Іздеткізді Абылай,

Дулыға атқан мергенді.

Қалсын қайтіп табылмай,

Әпкелді оны бір демде.

Қауға сақал, кең иық,

Шегір көзі жайнаған.

Адам екен божбиған,

620. Алпыс жасқа бармаған.

Сөйлейін десе тілі жоқ,

Айтқан сөзді ұғады.

Қайта-қайта оң қолын

Қалтасына сұғады.

Алып ол бір қарындаш,

Жазар қағаз сұрады.

Беріп еді қағазға

Мынадай сөз құрады.

«Сақ тұрыпсыз, Абылай,

630. Көріп сізді қуандым.

Жарылқай көр, а, Құдай,

Қайырын қыл дұғамның!

Кеше келген Қоқаннан

Екі «жансыз» жасырын.

Мәлікпенен сөйлесіп,

Байласты сөз ақырын.

Орай тауып өлтірсін

Абылайды тездікте.

Төзе алмаймыз енді біз

640. Сегіз жылдық ездікке.

Деген екен Қоқан хан,

Мәлікке бұйрық хат жазып,

Мәлік беріп қасамын,

Деді: кетпейім мен азып.

Сенімдімін ордаға,

Күзет етем бүгін түн.

Абылайды өлтіріп,

Бас қосамыз бүрсігүн.

Әкел қолды, Қапшағай

650. Табысар жер болсын ол.

Осымен олар келісті,

Мәлік қалды беріп серт.

Мен ойландым көп істі,

Күркілдекке шығып кеп.

Елге қылған опаңыз

Көз алдыма тізілді.

Қоқан ханы сатқызған

Зорлап ұл мен қызымды.

Байлап тұрып кестірген

660. Сөз сөйлейтін тілімді.

Есіме кеп осылар

Тұра алмадым мен шыдап.

Атқа мініп тездетіп

Жеткем топқа мен шырқап.

Мәлік бағып алыстан

Андып жүрген ол мені.

Сондықтан бір хат жазып

Атқам сізге жебені.

Қастығым жоқ, уа, тақсыр,

670. Хабарым еді ол менің.

Қан ағызып көзімнен

Берем сізге шын сенім».

Жазуды оқып Абылай,

Құшақтады тілсізді.

Көзден жасы жамырай,

Шын достығын білгізді.

Батырлардың бәрі де

Құшып оны алқады.

Көздеріне моншақтар

680. «Көп жаса!» деп айтады.

Ақбас атан еңбегін,

Ертіп барып көргізді.

Езіліп жатқан Мәлікке

Қақырық тон кигізді.

Батырлармен ордада

Ақыл қосып Абылай.

Шалға берді мың ділдә

«Дос батыр» деп шын сыйлай.

Алты арыстан шығарып

690. Алты батыр шапқызды.

Кеткен екі «жансызды»,

Қапшағайдан тапқызды.

Жауырынын таңбалап,

Құлағына ен салып,

Қоя берді екеуін

Хандарына хат жазып.

Қастандықтан аман қап

Жеңді жауын Абылай.

Көп жасақпен қайтты елге,

Көңілдері жадырай.

Қалды елге аңыз боп

Абылай хан... ақ атан.

Айтып берген қисса еді

704. Нұрлық дейтін өз атам.