Абылай хан әңгімесі

Қазақтың әуелгі ханы Абылай хан,

Сөйлейін өткен-кеткен мен солардан.

Рақат қазақ үшін көрмей кеткен,

Алланың әмірімен бір туған жан.

Хан еді қазақтағы қолы жеткен,

Үш жүздің баласына еңбек еткен.

Әкесі Абылайдың Уәли еді,

Өкпелеп хандық үшін ауып кеткен.

Нағашы Ғайып ханға барған ауып,

10. Тыныштыққа тұрып қалды сонда тауып.

Жетім-жесір боп қалды Уәли хан,

Елімен Қайып ханның қалмақ шауып.

Ақтабан шұбырынды аштық көріп,

Ел кетті бет-бетімен қайың сауып.

Жетім бала Әбілмансұр жылайды енді,

Еліне жетер емес қайта тауып.

Сонда да талап қылып ел іздейді,

Қиын жер қатерлерден қылмай қауып.

Ұлы жүз Үйсін Төле биге келді,

20. Ізденіп ата тегі туған елін.

Жыртылған үсті-басы далба-далба,

Есіктен сәлем беріп кіріп келді.

Мұнан соң Төле қарап көрді мұны,

Бұл маңның адамына ұқсамайды,

Қараса түсі суық сұрғылт кісі,

Ойлайды әлде кім деп Төле мұны.

Сол бала үсті-басы далба-далба,

Күрсініп дем алады анда-санда.

Жылтыр жүз тікірейген сұрғылт кісі,

30. Жаратқан ерекше Хақ Тағала.

Қой күпі, жыртық жүнді, сеңсең тымақ,

Көзіне шашы түсіп кеткен тым-ақ.

Сұңқардың, отырысы, балапаны,

Отырысы Төле биге кетті ұнап.

Сұрады аты жөнін Төле мұның,

Бар ма, – деп, – ей, шырағым, аға-інің.

Хан текті адам болсаң құста сұңқар,

Байқасам келіседі соған сының.

Құс болсаң ақ сұңқардың балапаны,

40. Адамның қазақ болсаң нағыз ханы.

Шырағым, қарамысың, төремісің,

Жөніңді бастан-аяқ айтшы қані.

– Атым жоқ, жөнім де жоқ, бір баламын,

Дәм қосып тентіреген бишарамын.

Ей, ата, елі-жұртым, туғаным жоқ,

Атымды сіз кім қойсаң да құп аламын.

Алынбай көптен бері шашы өскен,

Сабалақ қара тымақ көзге түскен.

Тапшы болып үсті-басы отырған соң,

50. Сабалақ мұның аты болсын дескен.

Төленің қойын жайды қоржын іліп,

Еш жүрмес бала болып ойнап-күліп.

Баланың әр жерінен оймен сынап,

Ол Төле затты екенін жүрді біліп.

Сабалақ түйе жайды қойдан шығып,

Қалмайды жанын аяп жаудан ығып.

Көруге әр кеште айналады

Асылдың ертеңгі жайын ұғып.

Ас болып кетіп еді би бір жаққа,

60. Балаға сарқыт алды сынамаққа.

Үйге келсе бала ұйықтап жатыр,

Жайылып төрт борбайы төрт тарапқа.

Би келіп тамаша ғып бұған бақты,

Бұл бала айтамын ғой асыл затты.

Жайғаны төрт борбайын төрт жағына,

Тегінде билейді екен төрт тарапты.

Сөйтті де жолдасына басты берді,

Оятып оң жамбастан түрекелді.

Қыбылаға қарап тұрып керіліп ап,

70. Шақырды құрбы-құрдас, бар жолдасын.

Оларға кесіп берді көз-құлағын,

Құйқа мен өзі жеді езу жағын.

Жолдасы Төле бидің сұрады енді,

Мырзалық мұның қалай, Сабалағым.

Бір көз бен бір құлағын жолдасыма,

Беруге осы болды қолда барды.

Ұстатып осыларға ұйықтап қалдым,

Әйтпесе болмас па еді көңілі жарым.

Жолдасы Төле бидің үйге қайтты,

80. Көргенін-білгендерін Төлеге айтты.

Көпшілік патшаның ісі деген,

Патша заты екен деп ішін тартты.

Түйеден шықты дағы жылқы бақты,

Әл көрсете бастады көп қайратты.

Төленің бар міндеті онда болып,

Білімпаз, майталман боп бабын тапты.

Бір күні жылқы ішінде отыр еді,

Екі баран бір қызыл атты келді.

Жасы үлкен кісіні көргеннен соң,

90. Сабалақ әдеппенен сәлем берді.

Ол келген Қанжығалы қарт Бөгенбай,

Биге кеп қонақ болды үш күн ұдай.

Қалмаққа аттанысып барады екен,

Жол деді шіркін қанша мұнан былай.

Қосылды түнде келіп Бөгенбайға,

Мен де құмар жан едім осындайға.

Бөке, мені тастама осы жолы,

Қасыңда үйренейін амал-айла.

Жөнелді ертең Бөкең қасына ертіп,

100. Үшеуі келе жатыр екпіндетіп,

Қалмақтың күні-түні ізіменен,

Ел жата көп шеруге келді жетіп.

Бөкеңнің бала тұрды атын ұстап,

Батырдың өзі кірді қайрат қыстап.

Әкелді бір топ атты жырып қана,

Бәрін де кежімдеген аламыштап.

Бала айтады: – Бөке, енді мен барайын,

Бақ ашар құдай берсе мал алайын.

Тұрыңыз атымды ұстап біраз ғана,

110. Қимылдап, берсе тәңірім, қарманайын.

Бөкеңе атын тастап бала кетті,

Бүкеңдеп қотанына барып жетті.

Көрбала емес секілді жатқан жері,

Кетеді жымырылып, тым-ақ епті.

Кешікті, таңның болды қараңғысы,

Көрінді дүрсілдескен екі-үш кісі.

Бөкең тұрды жолдасы қашып кетті,

Ақыры-ақ шыдамдылық батыр ісі.

Көрінген бөтен емес екен бала,

120. Тастамай келген екен істі шала.

Сынапты екі түйе бастырып ап,

Батырдың қылып жүрген ісін қара.

– Кешіктім мына түйе жүкті қармап,

Түйеден атандарын алдым таңдап.

Әуелі сіздің сыбағаң дедім дағы,

Шығардым үйден жүкті жеңгейге арнап.

Сонан соң қайтты саулап елге таман,

Сәскеде ел шетіне келді аман.

Бөкең айтты балаға: – Сүйгеніңді ал,

130. Тойғанмын мен олжаға талай заман.

– Бөке, мен мал алмаймын, пайда алмаймын,

Неғылам дүниеге сөз салмаймын.

Әгерде ықыласпен бата берсең,

Сол батаң қабыл болса, құр қалмаймын.

Қол жайып бата берді қарт Бөгенбай,

Және атын түсіп берді сөзге болмай.

– Жылқының тұлпары еді Нарқызылым,

Қарағым, мен қартайдым саған орай.

Қарағым, көзің отты бала екенсің,

140. Мінезің қазақтағы хан екенсің.

Қалмаққа жазғытұрым аттанамын,

Соған бір керек болар жан екенсің.

Бастығы хан бар оған Әбілмәмбет,

Ат қаратіл болғанда қоямыз бет.

Қарағым Нарқызылды таза сақта,

Жер еді ел бүлінер нағылса шет.

– Кет Бөке бұл сөзіңді Төлеге айтып,

Биден мен рұқсатсыз кетем қайтіп.

Егерде биден рұқсат алып берсең,

150. Онан мен тоқталам ба тізгін тартып.

Төлеге Бөкең қонды қайта басып,

Олжаға аңғал батыр көңілі тасып.

Жорыққа Сабалақты жібермекке,

Бименен қайтты үйіне уағдаласып.

Жаз шықты жердің жүзі нұры еніп,

Бөгенбай жіберіпті хабар беріп.

Қатырып Нарқызылды жаратып ап,

Жолықты келе жатқан қолға келіп.

Байлаған жымыра тымақ боз балалар

160. Күні-түні ақ сүңгіні қолына алар.

Кәпірден өлсек шәһид боламыз деп,

Ешбірі көрінбейді жан аянар.

Қалмаққа аттаныпты дуылдасып,

Қалмақ та келген екен қарсыласып.

Сонан соң жекпе-жек деп басқарысты,

Әрі-бері араласып төбелесіп.

Бұл жолы қазақ кегін алмақ еді,

Именіп үйде кісі қалмап еді.

“Ақтабан шұбырынды” бұл жоқ елді шапқан,

170. Қоңтажы Серен деген қалмақ еді.

Қалмақтан батыр шықты бір қасқа атты,

Батырын мұсылманның көп қиратты.

Онды алды жүре ме тек жекпе-жектен,

Баруға оған қарсы жан қалмапты.

Қазақтың бір қысылып қалған жері,

Қалмақтың жекпе-жекте алған жері.

Ақырды қолға қарап Әбілмәмбет,

Шеріктің қалады ма кемеңгері.

Құр ғана Бөгенбайдың сүлдері тұр,

180. Секілді егде тартқан кеудесі құр.

Сабалақ киім киіп қам қылады,

“Алла” деп бұл сапарға барайын бір.

Байлаған жымыра тымақ, сұр шекпенді-ай,

Күні жоқ түйе жайған бұрынғыдай.

Төңкеріп екі көзін қырын қарап,

Қасына падишаның жетіп келді.

Жетелеп аттан түсіп ханға келді,

– Халайық, – деп жас бала көзі көрді.

Аллаға, әруаққа сиынайын,

190. Қол жайып патиха бер маған деді.

Мұнартып екі көзін, ұртын шайнап,

Оң жеңін босатады белін байлап.

Пысқырып аты дағы жер тарпиды,

Дегендей тез жүрелік сөзді байлап.

Көз кетті бұзылыңқы мұнар болып,

Тұрғанға ұқсамайды бекер ойнап.

Қол жайып бата берді Әбілмәмбет,

Жұрт тұрды әумин, деп, а құдайлап.

Қолда найза, белінде қанжары бар,

200. Жөнелді топтан шығып “Абылайлап”.

Қасқа атты бұған қарсы шықты қалмақ,

Кісі екен бір кісіге бұ да салмақ.

Бұл дағы қалмақ асқан батыр екен,

Айласыз қиын екен күшпен алмақ.

Ол заманда кезексіз ұрысқан шам,

Біреуін не де болса түртті ғой қан.

Қалмаққа кезек беріп тұрды бала,

Батырым күшті болсаң қалма деп қам.

Антұрған аямады тура салды,

210. Аллаға Әбілмансұр зар жылады.

Сауыттың бір қабатын сындырды да,

Сақтады періштелер өтпей қалды.

Кезекті ол да берді шыдап тұрып,

Толғады шылбырының басын бұрып.

Сонан соң сартылдатып төбелесті,

Біткен соң қолда қару бәрі сынып.

Аллаға жалбарынды қайраттанып,

Найзасын, қатуланды, тасқа жанып.

“Медет бер қанышердің аруағы” деп,

220. Қалмақты өндіршектен қалды салып.

Қалмақты жерге салды қорқыратып,

Жығылды өне бойы қанға батып.

Сүйекке қалмақ жақтан кісі шапты,

Барабан ұрып заңынша даңғыратып.

Он кісі қалмақ келіп төбелесті,

Екі қол ұран салып дүрілдесті.

Өңгеріп құтылмастай болған соң,

Ұстап ап айдарынан басын кесті.

Беліне байлап алды айдарынан,

230. Тастамай атын алып сайманынан.

Бұрынғы Сабалақ деп айтар емес,

Қараса жан шошиды айбарынан.

Сүйекке түк қыла алмай қайтты кәпір,

Келеді дүрілдетіп біздің батыр.

Қолдан тек қан болған үсті-басы,

Бас жанында салақтап келе жатыр.

Баста әкеп хан алдына тастай берді.

Халайық тамаша үймелейді,

Айдары сала құлаш дәл қазандай,

240. Түйенің ерніндей төменгі ерні.

Басын ап қасқа аттының ханға берді,

Тұрады кім сыйламас ондай ерді.

Қасына өңшей батыр ертіп алып,

Қалмаққа желкілдетіп қайта кірді.

Жөнелді көп-ақ адам қасына еріп,

Сенген соң ерлігіне көңіл беріп.

Қалмақтар біраздан соң қашып берді,

Қазақтар қуалайды қойдай қырып.

Көбейіп қалды қолдың олжалары,

250. Күледі қуанысып жас пен кәрі.

Қалмақтың малын алып, ауылын шауып,

Қосына ертең түсте келді бәрі.

Шақырды Әбілмәмбет Сабалақты,

Жұрт келіп жан-жағынан қамалапты.

Жиналған шаршы топтың ортасында,

Баладан бастан-аяқ жөн сұрапты.

– Қарағым неге шаптың “Абылайлап”,

Босады жүйем қатты ағамды ойлап.

Шырағым, аты-жөнің, қай рудан,

260. Жөніңді бастан аяқ айтшы жайлап?

Бала айтты: – Бұл қазақ ол қалмақтың ерегесі,

Мұндайда ердің қозар делебесі.

Аузыма қысылған соң түсіп кетті,

Абылай атам, мен оның немересі.

Өз атым Әбілмансұр әкем қойған,

Өз әкем шабынды да басын жойған.

Уәли әкем атын сұрасаңыз,

Дүние-ай, көз кеткен соң шығады ойдан.

– Қарағым, анықпысың Әбілмансұр,

270. Сағынып жүруші едім сүлдерім құр.

Халайық мына сөзі тым-ақ рас,

Болатын Әбілмансұр түрінде тұр.

Қалғанын бір баланың естуші едім,

Кетейін садағасы қалқам сенің,

Әкеңнің есесі еді өкпелеген,

Бердім, ал, хандығымды қазір менің.

Жамиғат есесі еді мұның хандық,

Құдайым жаратыпты жақсы жан ғып.

Мен дағы қартайып ем еріншек боп,

280. Иеге шүкір енді жарып қалдық.

Жүгірді сол арада аттан түсіп,

Баланы құшақтайды қатты қысып.

Хан қатты жылағанын көргеннен соң,

Кетіпті көңілі бостар аттан ұшып.

Шуылдап жұрт алдияр болсын деді,

Ініге аруағың қонсын деді.

Кигізді тәжін алып өз қолынан,

Жолыңа құт береке толсын деді.

Жұрт шуылдап айтады ақ сарбасын,

290. Мойнына хан салады ақ батасын.

Жұрт қайтты ұран салып шуылдасып,

Жаңадан сайлап алып падишасын.

Жас бала таққа мініп, киді тәжді,

Тең көріп, бірдей қылып көп пен азды.

Жас бала таққа мініп, киді тәжді,

Тең көріп, бірдей қылып көп пен азды.

Жас бала таққа мініп, дін түзетті,

Мәхкәмләп ораза, намаз, зекет, хажды.

Шақшақ Жәнібек, ол заманда қазақтың белгілісі,

300. Өзі абзал, өзі ер, молла кісі.

Қазақтан ол уақытта бірден қойған,

Болғанда ер иесі ырымдысы.

Соған барып бата алып келсін деді,

Апарып қанша тарту берсін деді.

Найманнан арғынменен алты кісі,

Екеуі керей-уақ болсын деді.

Барады сегіз болып Жәнібекке,

Жоқ екен ол заманда араз-өкпе.

Таж-тағың құтты болсын балам деді,

310. Сапарың мүбәрәклі болсын көпке.

Айтады бата беріп үш түрлі ақыл,

Келгенін құп жаратып көрді мақұл.

Айтайын үш түрлі ақыл балам саған,

Ұғып ал жастықпенен қалма ғапыл.

Өкінбе, өткен іске ғапу қылып,

Ойлансаң еш бітпейді ойға салып.

Екінші еңбекпенен елің биле,

Жүрмесін еріншек деп жұртың налып.

Үшінші ала көрме әділет қыл,

320. Шаршаған шалыққанның күй-жайын біл.

Бозторғай қой үстіне жұмыртқалап,

Сүріпті қазақ дәурен бірталай жыл.

Осының Абылай хан қылған бәрін,

Менің де естігенім ұзын сарын.

Қазақтың ұлы ханы Абылай хан,

Билеген ала қылмай жанның бәрін.

Абылай бұл кісінің арғы атасы,

Ойласам бұл сөзімнің жоқ қатасы.

Қараса хан мен қара падишаға,

330. Бәріне бірдей еді ғазиз басы.

Шын аты Абылайдың Әбілмансұр,

Канышер жас күнінен қадалған сұр.

Тұқымы осы күнгі көрсеңіздер,

Шетінен ер екені түрінде тұр.

Жетім боп Әбілмансұр түйе бағып,

Жүргені бәріңізге мағлұмдүр.

Қалмаққа “Абылайлап” шапқанынан,

Абылай боп атанған сол сөзден құр.

Тұқымы арғы тегі Жұдәлінің,

340. Әр жерге қанын төккен күнәлінің.

Абылай деп жүргенің осы кісі,

Баласы Әбілмансұр Уәлидің.

Абылай пақырлықпен түйе жайған,

Мекені Қарауыл мен Атығайдан.

Орыс көп орта жүзді алған шақты,

Мекені Қарауылдан біраз тайған.

Сол күнде ат үстінде ер азамат,

Көп емес өткеніне аз-ақ заман.

Абылай ер болғанмен надан емес,

350. Сапарда жүрсе дағы қылған тағат.

Өрнегі ер Ғалидың (Әлидің) мисалындай,

Кәпірмен дамыл таппай қылған ғазат.

Ақ сүйегі ақ патшаның ең абзалы,

Қалмаса толтыра алмай сөзден ағат.

Төреліктің соқпағы болғанменен,

Адамға әуел бастан ақыл қажет.

Төрт бұрышын төңіректің аралаған,

Жанында болмаса да екі қанат.

Жасынан дұшпан еді аңдығаны,

360. Бір шылым темекідей көрмей жан.

Сарт, қырғыз, қытай менен қалмақтарға,

Көрсеткен талай жерде тамашаны.

Салауат аруағыңа ақ сүйегім,

Қазақтың әм қорынды, мейірбаны.

Патша боп Абылай хан таққа мінген,

Алмаған тіршілікте кімнен кегін.

Асарлық өз тұсында бір жақсы жоқ,

Еңбегі ол сияқты жұртқа сінген.

Ғаламнан Абылайды асырыпты,

370. Ойына алмаушы еді асылықты.

Қамалға қаптап тұрған қарсы шауып,

Қалмақтың талай шебін қашырыпты.

Бәрі де талапкердің жолдас болып,

Әскері жердің жүзін жасырыпты.

Тастамай тағат пенен ғибадатын,

Сапары қайда барса ашылыпты.

Қырғызға қытайменен тыным бермей,

Қуалап Алатаудан асырыпты.

Бетіне ешбір хандар қараған жоқ,

380. Мағрип пен алмаса да машырықты.

Патша боп Абылай хан таққа мінген,

Қалмаған көңілінде ешбір арман.

Жылында мың жеті жүз жетпіс жеті,

Келгенде жетпіс бірге дүние салған.

Келмейді өткен тағдыр ешбір қилап,

Ел үшін еңбек еткен жанды қинап.

Жылында мың жеті жүз жетпіс жеті,

Үйсінге барған екен жолаушылап.

Сол елде науқастанды жатып қалып,

390. Шошынды науқасынан түрін танып.

Өлерін ыңқ еткеннен білсе дағы,

Ешкімге сыр бермейді қайраттанып.

Қоштасты тұс-тұс жақтан анау-мынау,

Әншейін жұртқа айтады дейді тымау.

Ханның нашар екенін естіген соң,

Келіпті көрісем деп Бұқар жырау.

Есіктен Бұқар келіп жылай келді,

Көңілің тәуір ме деп сұрай келді.

– Бір бидай арпа ішінде қарағым-ай,

400. Сені де көп көрді ме құдай, – деді.

Халы жоқ қоштасарға жырауменен

Жұрт отыр ақыл таппай жылауменен.

Келе сала қоштасты өлеңменен,

Еш өзге жұмысы жоқ біреуменен.

– Қайырусыз жылқы бақтырған ханым-ай,

Қалыңсыз қатын қостырған ханым-ай.

Қайғысыз ұйқы ұйықтатқан ханым-ай,

Үш жүзден үш жүз кісі айтсам,

Қалар ма екен жаның-ай.

410. Мұның Бұқар екенін жатты байқап,

Дүниеден кеткен екен көңілі тайқап.

Жырыңды енді тоқтат дегендей ғып,

Қойыпты ишаратпен басын шайқап.

Абылай бір уақытта көзін ашты,

Бұқармысың деді де амандасты.

Пайғамбардан қалған пәни дүние деп,

Уһ... деп Бұқар жыраудың көңілін басты.

– Айтсаң да қой демеушем айғай салып,

Мен сені келген жерден жаттым танып.

420. Күлойнақ көңіл ашар жұбанышым-ай,

Боласың кімге жыршы менен қалып.

Басымды шайқап қоям айтқаныңда,

Қалдың ба бір нәрсені көңіліңе алып.

Бұқар қалды кете алмай ханмен бірге,

Енді кім хан болады деп қазақ елге.

“Кәлима-шаһадатты” жари қылып,

Хан енді келе алмады қайтып тілге.

Абылай дүние салды сол бір жерде,

Жиналып жаназалап қожа-молда.

430. Абылай дүниеден көшкеннен соң,

Баласы хан болыпты Ғұбайдолла.

Ол да әділ болды ғой болған күнде,

Әкетті орыс ұстап жалғыз түнде.

Жоғалтты ішкері айдап оның көзін,

Қазақтан жоғалтам деп ханды мүлде.

Баласы Абылайдың Қасым еді,

Өзгеше тірі жаннан асыл еді.

Қасымнан Кенесары, Саржан туып,

Бәрінен Есенгелді басым еді.

440. Қатыны Қарақас та хан қызы еді,

Бойында талай ақыл бар қыз еді.

Бір туған ана үшеуі бәйбішеден,

Тоқалдан батыр Науан жалғыз еді.

Хандыққа талап қылды батыр Саржан,

Жігітке хан болмақ та емес арзан.

Хандықты орыс бермей қойғаннан соң,

Көзіне көрінбейді дүние, мал-жан.

Сөзіне бір-бірінің көнісе алмай,

Біріне бірі разы қайыр салмай.

450. Шаһардан Саржан төре ауып кетті,

Ел болып орыспенен тұрыса алмай.

Қанышер Абылайдың арғы тегі,

Төренің шын ақсүйек қаракөгі.

Қоқанға төре көшіп келе жатыр,

Тиер деп мұсылманның көмек шебі.

Жолықты көп әскерге келе жатып,

Ұлы жүз, үйсін екен мұның тегі.

Түзеуге Ақмешітті келеді екен,

Тәшкенді билейтұғын беклербегі.

460. Сөйлесіп ары-бері жүріседі,

Ал енді хал-жайларын біліседі.

Адамзат сөйлескенше деген бар ғой,

Сөйлесіп енді сырға келіседі.

Қалғандай сөздеріне адам таңға,

Айтпайды сырын ашып тірі жанға.

Орыспен атамыз жау, ел болман деп,

Кіргелі келеміз деп мұсылманға.

Келеміз қорғалауға көшіп дейді,

Қоқанның әміршісі Балаханға.

470. Бек айтты жайларыңды білдім сұрап,

Жолықтың әттеген-ай жолда бірақ.

Аты бар Қоқанның да үлкен қала,

Болмайды барғанменен сізге тұрақ.

Болады Ақмешітте тұрсаңыздар,

Жайланып орныққанша аз бас құрап.

Әгерде дәм бұйырып тұра қалсаң,

Күтер ек, төре қылып біз де дым-ақ.

Беті бар Саржанның да бөгелмеген,

Наурызбай жас бала еді елеңдеген.

480. Сайланып Ақмешітте тұрып қалды,

Жұбанып анау-мынау дегенменен.

Қосылды екі асылды қиғандай,

Сөзіне төрелердің ұйығандай.

Жабады күнде шапан бір асылдан,

Қылғанда кәпір сарттың сыйы қандай.

Үйсін, сарт жиналады төре көп боп,

Әскерлер күнде ойнайды неше топ боп.

Саржанның айтқан сөзін бір бұзбайды,

Беклербегі бек емес, Саржан бек боп.

490. Қайтады бектен күнде шапан киіп,

Әлбетте бекте тұрған қатты сүйіп.

Айтады кешке келіп ханымына,

Емес пе бұ да нәубет үлкен биік.

Ханымы ханым еді кемеңгерден,

Шапанды ұнатпайды келген жерден.

Ежелден сарт-сұрт деген сөз бар еді,

Әлде сый, әлде атауың осы көрген.

Саржан да асыл сұлтан әділетті,

Түбіне осы көрген сыйы жетті.

500. Бір қашқын төрелерге билетті деп,

Жақсысы ұлы жүздің күңкіл етті.

Жақсысы ұлы жүздің бағландары,

Сый-сияпат бектен бұрын алғандары.

Қайтсең жау қыламыз деп ақылдасты,

Тізесін баса отыра қалғандары.

Үйсін де болып алды дұшпан да сақ,

Дұшпандық қылысқандай біз ойласақ.

Орыстың патшасына хат жазыпты,

Хаты ғып төрелердің ақыл жасап.

510. Жазыпты төрелердің хаты қылып,

Әр жерден өтірік-аян даты қылып.

Бар сырын беклербектің айтып-айтып,

Саржанның қолын қойыпты аты қылып.

Пәлендей әскер жібер саны пәлен,

Орысқа қайта-қайта жазған сәлем.

Пәлен күн пәлендей су бойында,

Жат депті сол арада болса дәмең.

Біреуі хатты берген бопты,

Ақырын біреу байқап көрген бопты.

520. Жазған хат пен кісіні Бектербекке,

Сырттан ұстап алысып келген бопты.

Жауабы ханға жазған үйретіңді,

Қысады беклербегі айт деп шынды.

Орысқа Саржан мені жіберген деп,

Антұрған жүзі қара ол сөйледі.

Орысқа оқып көрсе жазылған хат,

Өсектен әр түрлерін қылынып дат.

Өзіме дос боп жүрсем қас қылыпты,

Екен ғой суық бауыр тұқымы жат.

530. Сонан соң беклербегі болды дұшпан,

Оған кем тамам үйсін қосылысқан.

Білдірмей төрелерді өлтіруге,

Жиналып аңдысып жүр іші-тыстан.

Амал жоқ бұ болса құдай ісі,

Қарумен аңдысып жүр сексен ксі.

Астыртын ақша беріп соны азғырды,

Саржанның ноғай екен күтушісі.

Асыл ер өлмес еді қаһарланса,

Соғысып бір майданда әсерленсе.

540. Серт қылған әперем деп әлгі ноғай,

Бізге ұрлап наркескенді әпер десе.

Үстінен тастамайды наркескенін,

Білмейді оны ұрлап ал дескенін.

Сенеді ноғайына әуелгідей,

Дәм тұздан қайдан білсін баз кешкенін.

Қонаққа екеулерін шақырыпты,

Есіл ер қайдан білсін қапы ұрыпты.

Бектері арақ-сыра баса беріп,

Сыйларын бұрынғыдай асырыпты.

550. Екеуін амалменен жатыр сыйлап,

Бір білсе берер еді жанды қинап.

Есіктен ерсі-қарсы сексен қылыш,

Батырды қырық-қырықтан қойды жинап.

Жатқызып ноғай дағы шыққан екен,

Уақтысы дәл анығы құптан екен.

Қылыш ұрлап алып қойды ноғай,

Астына жамбысының тыққан екен.

Қылышын ұрлап алды ақырындап,

Қазасын жеткізді ме тәңірім шындап.

560. Қылышын ұрлап алдым бос жатыр деп,

Ақырын хабар берді ноғай ымдап.

Біреу келіп шақырды екеулерін,

Беклербегі ақырды шапшаң келіп.

Хан деуші еді Саржан деп ақырған соң,

Сипады қанжарының қойған жерін.

Қараса қанжары жоқ қойған жерде,

Жүр-жүр деп ақырды бір сәргерде.

Саржан айтты: – Тегінде мұсылмансың,

Сабыр-аян су менен құман бер де.

570. Сабыр қыл намаз етейін екі ракат,

Құдайға жалынғанның несі қымбат.

Бұрынғы оқығаның жетпей ме деп,

Су бермей теріс сөйлеп қойды кекеп.

Оянды Есенгелді түрегел деп,

Құдая тәңірім Алла иман бер деп.

Екеуі әттеген-ай қылысады,

Қапыда алдырдық қой жауды ел деп.

Біреуі қоштасыпты біріменен,

Көңілінің кетті қапа кіріменен.

580. Есікке бісміллә деп қадам басты,

Тәям қып намаз оқып тіліменен.

Жендеттер даяр тұрған қылыш шауып,

Жығылды Есенгелді есі ауып.

Қырық қылыш біржолата тигеннен соң,

Болыпты Саржан шәһид жәннат қылып.

Өлімнің іліндім деп қармағына,

Көзі жетіп өлімге бармағына.

Есін жиып шегініп қарғығанда,

Қорғанның барып түсті ар жағына.

590. Сыртында қырық қылышпен сарт тұр екен,

Аңдысып есіл ерді көп жүр екен.

Өлтірді бір батырын сыңар қолмен,

Армансыз бір болмады есіл шіркін.

Ұстады кеңірдектен сыңар қолдап,

Көтеріп жоғары алды жерден зорлап.

Суырып кеңірдегін қойша бауыздап,

Ұрады қара жерге бұлғап-бұлғап.

Ол сарт та батыр екен асқан сансыз,

Нағылсын бір қолымен қалған жалғыз.

600. Көрген соң жау сияғын иман айтып,

Болған соң қарап тұрды әм қарусыз.

Жендеттер даяр тұрған қылыш шапты,

Шәһид боп сол арада жәннат тапты.

Суырып кеңірдегін қойша бауыздап,

Жастығын бірде болса ала жатты.

Бұл түрмен шәһид болды есіл ерлер,

Өкінді атын естіп білген жерлер.

Түсірді күні бітіп ажалды өлім,

Ғаламға аты шыққан кемеңгерлер.

610. Осындай Беклербегің ерді жойды,

Үйсіннің күңіренген көңілі тойды.

Бәрінде еркегінің қырып тастап,

Ұрғашысын кепілдікке беріп қойды.

Жаны шошып ханымдар зар жылайды,

Түсіпті төрелерге осындай күй.

Алыпты пақырларды кепілдікке,

Айтулы үйсіндегі Сағындық би.

Наурызбай жас бала екен тоғыз жасар,

Түбінде текті жаудың қанын шашар.

620. Зынданға оны салмай қоя берді,

Жас бала тоғыз жасар қайда қашар.

Шешесі Наурызбайдың ханым еді,

Қасым оны тоқалдыққа алып еді.

Қасынан қайда барса тастамайтын,

Ол шақта қатын ертпек салым еді.

Ол өзі ұрғашының төре заты,

Қасымның ең сүйікті жамағаты.

Қасынан қайда барса тастамаған,

Ақылы мол болған соң парасаты.

630. Ол ойлайды Балаханға барайын деп,

Алдына арыз айта қарайын деп.

Әуелде Балахан деп ауып едік,

Аузынан бір жауабын алайын деп.

Жаралған ұрғашыдан асырылып,

Дегдары асыл туған нәсілі ұлық.

Қолынан Наурызбайды жетелеп ап,

Қоқанға жүріп кетті жасырынып.

Ол шақта қасында жоқ жанкүйері,

Кезектің болар ма екен бір тиері.

640. Қоқанға Хазіреттен жаяу келді,

Патшаның Қасымдайын нақ сүйері.

Қоқанның кіріп келді шәһәріне,

Кімсің деп жан алмайды қаперіне.

Сұраусыз есігіне кіріп келді,

Алмас деп мүсәпірді қаһарына.

Бір бала бір қатынмен келді кіріп,

Әдеппен ханға лайық қол қусырып.

Патша өз қасынан орын берді,

Келбетін ханға лайық ханым көріп.

650. Аты-жөнін сұраған жоқ әлі кім деп,

Әуелі тамақ ішіп деміңді ал деп.

– Ханымсың қайдан жүрген қайғыланып,

Арызың қолдан келер маған міндет.

Қатынның арызы

– Тақсыр-ай, ішпек-жемек кеңшілікте,

Не көрмес адам пенде тіршілікте.

Өзіңдей нағыз ханның ханымы едік,

Бұл күнде түсіп тұрмын кемшілікке.

Қанішер арғы тегім Абылайдан,

Үш жүзге патша болып қолын жайған.

660. Баласы Абылайдың патша Қасым,

Айтпасам сіз білерсіз оны қайдан.

Нар жолын мәхкәмнің сол кісі ашқан,

Атаңыз Ғұмар ханмен жолдасдасқан.

Екеуі екі шетте қазақ болып,

Кәпірдің қорлығы үшін тізе қосқан.

Атаңыз Ғұмар ханға көмек еді,

Ақысын мұсылманның Жемеп еді.

Кәпірден зарар көрген мұсылманға,

Екеуі екі жақта себеп еді.

670. Айтатын тақсыр сізге арызым бар,

Атаңды атам талай демеп еді.

Баласы Абылайдың Қасым аты,

Оның да белгілі еді сізге аты.

Тізесі кәпір итке батып еді,

Көп еді мұсылманға саясаты.

Алдыңа арыз айта жаяу келді,

Патшаның Қасымдайын жамағаты.

Дүниеден тағдыр жетіп ол да көшті,

Артылған неше ханнан салтанаты.

680. Орнына ол өлген соң патша болды,

Ағасы бірге туған асыл заты.

Қайын ағам Ғұбайдолла хан болған соң,

Орысқа қылған ісі даң болған соң.

Әкетті орыс ұстап жалғыз түнде,

Пендеден қалпы өтпей ме жан болған соң.

Балаларым Саржан мен Есенгелді,

Кәпірмен ел болман деп енді жөнді.

Кәпірден тірі жүрсем кек алам деп,

Сүйеніп бір патшаға өзім теңді.

690. Сонан соң сізге қарай көшіп едік,

Кәпірмен ат кекілін кесіп едік.

Бір үлкен мұсылманда патша ғой деп,

Сүйеніш сол болмаса десіп едік.

Жолықты жолда келіп беклербегі,

Болар деп біз де ойладық көмек шебі.

Иланып тұр дегенге тұрып қалдық,

Жоқ қой деп мұсылманның бізде кегі.

Жолдас қып аз ғана күн құрмет етті,

Құрысын құрмет сыйы түпке жетті.

700. Әуелден күтінгенде бүйтер ме едім,

Қайтейін жазған тәңірі-ай қапыда өтті.

Жолдас қып екеулерін қасына алды,

Бір өсек жүрсе керек тасымалды.

Не тексермей, не тақсыр сізге айдамай,

Бір түнде екеуінің басын алды.

Зынданға салып қойды қалғанымды,

Осындай тыңда тақсыр арманымды.

Шақырып беклербекті әділетке ал,

Алады дін мұсылман пәрманыңды.

710. Атыңыз жүгіріп тұр қамшыламай,

Бетіңе уалаяттан жан шыдамай.

Болды ханның қаны судан арзан,

Жіберсе ханның құнын хан сұрамай.

Балахан ашуланды қылды әмір,

Тез келсін беклербегі қылмай сабыр.

– Мені іздеп келе жатқан мұсылманға,

Қалайша ақымақтығын қылған зәбір.

Мұсылман келе жатқан мені іздеп,

Тұрыпты тынығарға саған кез кеп.

720. Жазықсыз хан тұқымын харап еттің,

Жаныңнан ақымақ ләғын үміт үз деп.

Өзіңе өз обалың өзің арт деп,

Бұрқырап құдай ұрған ақымақ ит деп.

Қаһарман бір жендетке әмір қылды,

Апарып хайуанды дарға арт деп.

Көрген соң жаны ашыды жас ұланды,

Шақырып Наурызбайды қасына алды.

Әкесі Балаханның Ғұмарханның,

Беклербегі баласы екен асыранды.

730. Шешесі шыға келді түкпір үйден,

Малшынып үсті-басы алтын киген.

Тұра алмай дәті шыдап беклербекке,

Сүт беріп тумаса да беттен сүйген.

– Ағаңның ағат қылған қапылын айт,

Ұрыспай енді балам ақырын айт.

Бір қате пенде емес пе өткен шығар,

Қой балам анаң үшін сөзіңнен қайт.

– Ей, ана, ара түспе жарамасқа,

Жазықсыз қас қылыпты қарындасқа.

740. Менікі емес үкімі шариғаттың,

Ісіне жазалының араласпа.

– Жүктеме кісі қанын, төкпе балам,

Анаңа жалғыз кісі көп пе балам.

Егер де тілімді алмай қаһар қылсаң,

Сауармын екі емшегім көкке балам.

Үкімі шариғаттың ана күту,

Уақтысыз тағдырда жоқ ризық біту.

Сонымен беклербегі азат болды,

Анасын мүмкін болмай ренжіту.

750. – Зынданда жатқандарын шапшаң шығар,

Кісі бер тозып кеткен малын жинар.

Қалдырмай бір нәрсесін түгелдетіп,

Өзіне қайда барса ықтияр бер.

Босатты беклербегін бәрі келіп,

Босанды ақ сүйектер мехнат көріп.

Үй жайы, бала-шаға, мал-жандарын,

Кепілдікке Сағындыққа тағы беріп.

Баяғы қанжар ұрлап берген ноғай,

Оның да қылған ісі емес оңай.

760. Серт қылған шен берем деп беклербегі,

Жақсылық қылғызбайды патша құдай.

Ноғайға бек айтады құдай атқан,

Сөзімнің бәрі алдау саған айтқан.

Аулақ жүр мен де сенен рахмет көрмен,

Ханыңа не қылдың сен тұзын татқан.

Ісі арам қайда барса оны шағып,

Япырмай мені құдай ұрды нағып.

Қайта кірем үйренген ескі орным деп,

Кенеге жүреді екен жалбақ қағып.

770. Зынданнан шығып жүрді елге таман,

Босанып ақсүйектер есен аман.

Сағындық, Кенесары, әлгі ноғай,

Үшеуі келе жатыр жоқ басқа адам.

Үшеуі келе жатыр қышлақ жаққа,

Тоқтады келе жатып бір бұлаққа.

Уақтысы намаздыгер мезгіл екен,

Намазын таһарат алды оқымаққа.

Тоқтады сол бұлаққа келіп жетіп,

Намаздың кете ме деп мезгілі өтіп.

780. Сағындық намазға бас қойған шақта,

Ноғайды алдандырды күйбеңдетіп.

Бір нәрсе Алла-Алла деді дағы,

Артынан кеткендей боп қор-қор етіп.

Намазын оқи салды сасқалақтап,

Артымда не болды деп тұрды алақтап.

Ноғайды жайратып сап отыр екен,

Көкжал ма қорқатұғын сасқалақтап.

Алуға уақыт кетті арашалап,

Сағындық қарап тұрды тамашалап.

790. Ағы ақ боп, қызылы қызыл болып,

Тұр екен қанжарының ұшын жалап.

– Аз көрдің бостандықтың табылғанын,

Тәубеңді шықпай жатып жаңылғаның.

Бар еді не жазығы бишараның,

Шырағым бұл қылғаның не қылғаның?

– Бұл өзі жазығы бар адам еді,

Кәпірдің қылған ісі жаман еді.

Жетісі де, қырқы да өтті екі ағамның,

Дәл қырқы құры өткендей ағам ба еді.

800. Далада ноғай қалды ол күн кешке,

Үй-жай дайын екен бұлар келсе.

Жабырқап бір біріне қамықпайды,

Соларды әне болар көкжал десе.

Кене ағаң енді қылар ісін білер,

Қайнайды мезгілі жоқ іште жігер.

Тайынан таңдап мінген Құбақанын,

Жаратып қойған екен үйдегілер.

Жаратып, мініп алды Құбақанын,

Бір шылым темекідей көрмей жанын.

810. Қалайша сұрауының бабын таппай,

Саржанның Есенгелді сарттан мәнін.

Арқаға көшпек болды үйін тастап,

Жеткізсе оң сабазды құдай бастап.

Қолында бар малына түйе алыпты,

Атанға өңкей сабаз айырбастап.

Таңертең Құбақанын мінеді де,

Ауылының амандығын біледі де.

Кетеді кешке дейін түйе бағып,

Бір сойыл білегіне іледі де.

820. Құп көрді бір сапарға ұнағанға,

Бастарын жиналысып құрағанға.

Кірекеш қыламын деп айтады екен,

Түйені қайтесің деп сұрағанға.

Апасы Кене ағаңның Бопай ханым,

Байы өліп жас күнінде қалған оның.

Қазысы сол қыстақтың қол салыпты,

Мұнысы Кене ағаңа болған мәлім.

Мұнысы Кене ағаңа болды бір дерт,

Ішінен бір қылмаққа қылады серт.

830. Қайғысы мұныменен екеу болды,

Балақтағы бит басқа шыққаны деп.

Ер өлсе астындағы аты ойлайды,

Алыстан атын білген жат ойлайды.

Жығылса құлан тайып құр құдыққа,

Құрбақа құлағында сол ойнайды.

Азуын жүреді екен бұрын басып,

Асығып бір қылғанға жан таласып.

Қазыны қамшыменен тартып кетті,

Құмалақ ойнап отырып, жанжалдасып.

840. Кек болды сол қазының көңілінде,

Бұл қылғаны оңдырар ма секілінде.

Жіберді ашуланып бекке кісі,

Қылығын азар жүріп кәпелімде.

Мұнысын Кене ағаның іші білді,

Далада өрістегі малын жыйды.

Шығайын не де болса оңашаға,

Тал түсте үйін жығып көшпек болды.

Малдарын даладағы айдатып ап,

Үй жығып, қомын қомдап, жүктерін сап.

850. Көш жөнелтіп жіберіп Кенесары

Іздесең мені Шудың бойынан тап.

Беклербегі қатын болса келмей қалсын,

Келсе тірі қайтпайды, келіп не алсын.

Алдыңғы алдап ұрған ерлік емес,

Қыламын қапысыз боп дайындалсын.

Сол көшкеннен түйенің қомын алмай,

Бір жерге сабыр қылып тоқтай алмай.

Астында Құбақаны, қолда найза,

Алдында отырады өзі салмай.

860. Үдеріп күні-түні Шуға келді,

Қап деген уағдасынан кейін қалмай.

Шуға ауылын қондырып атқа мінді,

Қолда найза, беліне қанжар ілді.

Жүгіртіп таң атқанша қайта салды,

Шығарды Тайкешуде келіп күнді.

Рүстем Кенеменен немере еді,

Қайраты оныңдағы кемел еді.

Үйсіннің бір шетінде жүреді екен,

Қолынан бір кісінің не келеді.

870. Бұрыннан жүреді екен хабарласып,

Білдірмей еш адамға сырын шашып.

Пәлен күнде бойынан Тайкешудің,

Жолықпақ болады екен уағдаласып.

Қарайды Кенесары жауға бойлап,

Жау жоқ болса алайын дейді сулап.

Рүстем де жолдасымен келген екен,

Сөйлесіп абыр-дүбір о да саулап.

Рүстем көріседі айғай салып,

Тоқтатты өзіне-өзі қайраттанып.

880. Жыласамыз несіне тірі болып,

Саржанның сарттан қанын алмай тұрып.

Екі ердің сарттан қанын алғаныңша,

Жүре бер бір құдайдың салғанынша.

Ойласаң екі ағаңды орныңнан тұр,

Жалғыздың қырысалық қалғанынша.

Солай деп жүріп кетті сырт айналып,

Екеуі із шалады сырт айналып.

Рүстемнің жолдасы мен Кенесары,

Азырақ тұрып қалды сөзге айналып.

890. Көп тұрмалық деді де кетті жүріп,

Келе жатыр аз ғана сөзге келіп.

Астында бір төбенің бас бағады,

Аулына жақын келіп бұғып тұрып.

Қарайды ауылына келіп жуық,

Дем алып аттары да қалды суып.

Ауылы апыр-топыр көрінеді,

Артынан келген екен сарт та қуып.

Басы қазы дәл сексен жалаң сартпен,

Үйсін басы Сағындық онан асқан.

900. Екі ақ үй бөлек тігіп әсемденіп,

Ойында еш нәрсе жоқ қор-қор тартқан.

Қашқарға шай қайнатып, палау басып,

Бір-бірін әке-үке деп уе-уелесіп.

Ет асып, қанша қазан бие сойып,

Ойын қып жатыр екен көңілі тасып.

Рүстемнің бір жолдасы заты үйсін,

Саржанның ажалдысы кебін кисін.

Сабалақ “Абылайлап” деп айтады,

Аңғалдау батыр екен күйсе тисін.

910. Бір жолдасы естірегі кәрі кісі,

Кене айтады бар деме мұның несі.

Алалық қорламалық айламенен,

Мұның да біз шығарамыз әңгімесі.

Сарт шіркін отыра ма аузын тыйып,

Киіміне келген шығар азар сыйып.

Тартысып осы күні қорқорларын,

Үкем деп бір-бірлеріне жанын қиып.

Қаруын ептеп барып алар ма еді,

Тысқары қойған шығар бөлек жиып.

920. Тыңдайды мына сөзді Кене батыр,

Батырым мынауың да тапқан ақыл.

Ертіп ап үш кісіні Кене келсе,

Қаруы айтқанындай тыста жатыр.

Қаруды тыста жатқан алды жиып,

Сарт шіркін нағылады жанды қиып.

Көп қарудан бір қару қалмаған соң,

Тұрады құдай ұрып құр үрпиіп.

Сарт иттің біреуі үйде, бірі тыста,

Кене кеп ортасына аттан түсті.

930. Кене айтады киімді шешінейін,

Әуелі жақсы бидің өзін ұста.

Әуелі жақсы биді алды тұтып,

Мырзаны қоя алмады әсемсітіп.

Қанжармен күресінен бір-ақ тартып,

Жіберді сұйық қанын жұтып-жұтып.

Қан болды шашыраған самай шашы,

Қып-қызыл қан көрінген аузы-басы.

Оң қол жағын белсенген жап-жалаңаш,

Қасқырдай қойға тиген көз қарасы.

940. Өлген сарт көрінеді қырған қойдай,

Мал қырған ат шаптырып байдың ісі.

Шапқан ат аяғына бөгет болды,

Домалап томардай сарттың басы.

Бір-бірлеп сарт шетінен жығылады,

Қанжары кез-келгенге сұғылады.

Білмейді қарсылықты ешбір адам,

Сарт жағы ортасына тығылады.

Тысты таусып келеді үйді аралап,

Салса тірі қалмайды құр заралап.

950. Әншейін үн жоқ, түн қыра берді,

Болар ма мұндай адам бет қарамақ.

Сонымен болып қалды күн тағы кеш,

Жаны шошып адамда қалмады ес.

Қасына батыр Рүстем жетіп келді,

Ақырет тұқымы бір сыр мінездес.

– Шер енді тоқтасаңшы сабыр айла,

Ашудың мезгілі жоқ несі пайда.

Бәрінде өз баурыңның қырып тастап,

Боласың барғанменен жалғыз қайда.

960. Кенені тоқтатты қасына кеп,

Өзіңнің не қыласың етіңді жеп.

Үһлеп отыра кетті батыр Кене,

Дұшпанды мұқатқан соң көңілі тынып.

Оянып келер тұста Кене тұрды,

Тұрған соң басын құрап кеңес құрды.

Бір іске жас та болсаң жарарсың деп,

Мінгізді Наурызбайға бесті сұрды.

Ақылын басқарады көп кеңесіп,

Жөнелді сырын айтпай түнде көшіп.

970. Келіпті күн-түн қатып осы арқаға,

Ғұбайдың енді кегін алам десіп.

Мұнан да тірі жүрмей өлемін деп,

Науанға Кене айтады атқа мін деп.

– Мен сарттан екі ағамның кегін алдым,

Ғұбай хан орыстағы саған міндет.

Әкең Қасым ағасы Ғұбайдолла,

Ғұбайды білмей жүрме әлде кім деп.

Зерделі ер мына сөзге зерделенеді,

Өлімге бұратола байлап белді.

980. Жөнелді үш-ақ кісі қасына ертіп,

Не жан бар аянарлық мұнан енді.

Қараңдар Абылайдың баласына,

Шыдамай Ғұбайдолла ағасына

Араға екі-ақ қонып жетіп келді,

Ортау мен Ақтауының қаласына.

Қарайды шаһар жаққа иек артып,

Мастанып жаңа пірі бойы балқып.

Шәһәрі кішкене емес үлкен екен,

Мейлінше ойын ойнап жатқан шалқып.

990. Шабарға жас та болса ырым шегіп,

Бесті сұр пысқырады жерді тарпып.

Қанышер Абылайдан бермен қарай,

Сиынып әруақтан бәрін теріп.

Түймелеп сауыттарын, шалбарланып,

Алысты құйысқанын бір қысқартып.

Қайтадан ер тоқымын оқпандатып,

Түзетіп екі айылын қайта тартып.

Қылышын суырып алды қынабынан,

Адамның даусы өтіп құлағынан.

1000. Шаһарға “Абылайлап” кіріп кетті,

Кем болмай тілеп ұшқан қырағыдан.

Көп қойға бір көк бөрі жүрген тиіп,

Басына қалқан ұстап, сауыт киіп.

Бәрін де тыстағының қырғаннан соң,

Көшеге жан шықпады аузы күйіп.

Қайтпайды батыр Науан бір бетінен,

Серт қылған құтылам деп міндетінен.

Көшеге ешбір адам шықпаған соң

Шаһардың өрт қояды бір шетінен.

1010. Құтылды жалғыз аяқ қашқан қашып,

Жұрттағы кемпір-шалын қалды басып.

Тірідей бір төртеуін алып кетті,

Өзгесін қырып-жойып жерге басып.

Төрт орыс айдап келді ағасына,

Бардым деп Ортауының қаласына.

Түгесіп бір шаһарды қойдай қырдым,

Жалғыз-ақ Ғұбай ханның жаласына.

Кене айтады батыр аңғал, балуан өктем,

Азбын деп жау қорықпас қалың көптен.

1020. Кетпесең аңғалдықпен жау қолында,

Ұл тумас сенен артық біздің тектен.

Жарықтық көпке бірдей Бұқар шәріп,

Бұқардың шәріптігі жұртқа нарық.

Төртеуін Бұқараның ханына тарт,

Бұларға зарар қылмай айдап барып.

Төртеуін Бұқараның ханына апар,

Алдыңғы өнерің ғой бұл бау ашар.

Бұларға зарар қылмай айдап барып,

Бар дағы патшаның батасын ал.

1030. Төрт орысты Бұқараға айдап жүрді,

Көреді жолда мехнат әр бір түрлі.

Күн жүріп, қанша заман дамылдамай,

Бір күні Бұқараға келіп кірді.

Әкеліп патшаға берді сыйын,

Естіген Бұқар халқы болды жиын.

Кемеңгер патшаның баласы деп

Науанға дайын қылды ханның үйін.

Хан айтты рахмет жаусын жаным саған,

Тарту ғып келтіріпсің мұны маған.

1040. Алып кет қалағаның қол астымнан,

Тіліңді қайырмаймын келсе шамам.

Тақсыр мен мал алмаймын, пайда алмаймын,

Неғылам дүниеге көз салмаймын.

Наурызбай күшін сатып мал алды деп,

Бұл жұрттың өсегіне қала алмаймын.

Ат таңдап алғызады қол астынан,

Болмады ешбір адам қорашсынған.

Науанның қызыл ауыз сол аты екен,

Ұрыста тастамайтын оны астынан.

Ат мінді қызыл ауыз текежауміт,

Салдырған жібек шідер күміс баулық.

Апарған сол төртеудің тұқымынан,

Бар дейді Бұқарда да ауық-ауық.

Мінеки батырлардың қылған ісі,

Болмады айтуға да ендігісі.

Жамиғат қол көтеріп бір дұға қыл,

1057. Көкбайдың айтуынша аяғы осы.