ТҮН БҮРКЕП ҚАРАШЫҒЫН

Туып-өскен мекенім,

Көзім көрген,

Ақ сүтіңнен нәр алдым әзің берген.

Оралған елге осынау перзентіне,

Сынағандай қарайды төзім — мерген.

Жанымды тебірентіп сезімдермен,

Шалдықтырмай шығарған өзің бе өрден.

Мен қалай осы сәтті ұмытайын,

Аман-сау қауыштырған кезімді елмен.

Қуаныш, көңіл бөлмей аланға да,

Жастанған үнсіздікті анам ғана.

Ағынан ақтарылып,

Ағыл-тегіл,

Көрісіп тұрған сынды маған дала.

Жия алмай құшағымды саған жайған

Мен тұрмын жүрек ессіз,

Санам да ойран.

Ыстық қой ана мейірі елден ерек,

Ұмытсын ол мейірді балаң қайдан.

Білмеймін тұрғанымды қалай шыдап,

Басымнан өткен соң ба талай сынақ...

Қараған сайын анау қия бетке —

Өшкенін іш сезеді арай-шырақ.

Келгенін сезгені ғой баласының,

Төгеді мөлтілдетіп дала шығын.

Жатты ұйықтап қалың ұйқы құшағында

Түн бүркеп,

Анашымның — қарашығын...

Марфуға Айтқожина