СОҒАДЫ ЖҮРЕК

Соғады жүрек!

Тынымсыз тулап кеудемде,

Серт еткендей сенбеуге.

Көктемге көшкен құстардай,

Бақытқа жаным шөлдеуде,

Соғады жүрек кеудемде!

* * *

Көкірегіме таңғы аспаннан нұр құлап,

Серпілемін сезім шегін мың бұрап.

Арман болып өзіне мені ертеді,

Әлдеқайда бастап мені бір бұлақ.

Тіршіліктің биіктерге оты өрлеп,

Тіршілікке бұл жүрегім мекен боп.

Түнгі ұйқымнан оянамын кейде мен,

Асыл жүрек тоқтамаса екен деп.

* * *

Соғады жүрек

Сездіріп титтей тірлігін,

Қарсы алып күткен нұр күнін.

Гүлдерді тербер тап-таза нәзік үнімен,

Сайраған көңіл бұлбұлым!..

Бір күнім батса, бір таңым тағы атады

Лапылдап жүрек от әні.

Кеудеме кіріп кеткен бе деймін

Алқызыл үміт шапағы!..

Алдымнан ескен самал ма,

Әлде сағым ба,

Алдымды кескен сорым ба,

Әлде бағым ба?

Белгісіздеу бір сезіммен өзгеге

Тербеліп жүрген шағымда!..

Соғады жүрек

Кеудемді өртеп, күйгізіп,

Шабысынан шатысып,

Кейде күй бұзып.

Соғады жүрек

Дүниені сонау дөңгелек

Көкірегіме сиғызып!..

Соғады жүрек!

Кеудемде менің шапқылап,

Сабырсыз жаным,

Сезім жоқ құйын жоқ тұрақ.

Кеткен бе деймін махаббатымның күшімен,

Көзіме менің көгілдір тұнық көк құлап!

* * *

Жүректің тілі бір бөлек,

Сөйлеме, құрбым, тым әсем.

Кеудеңді тұрса мұң бөлеп,

Ағыл да тегіл жыла сен...

Еңсесі түсер ез деме,

Алдымда тұрса таудай сын.

Өзіңді сөзбен өзгеге,

Жеткізіп айта алмайсың!

Жүректің тілі бір бөлек,

Сен таза болсаң күнәдан.

Сырыңды шашып не керек,

Айтпай-ақ үнсіз жылап ал!

* * *

Мен естіген бар еді бір асыл ән,

Бәлкім, оны бірнеше қайталадым.

Ақ гүлдердей қауызы жаңа ашылған,

Ақ самалмен ақырын шайқалармын.

Мен естіген бар еді бір асыл ән!

Өмірімді сол әнге тұрам балап.

Жетпейді оған әлемнің алтын бағы.

Айтпайды оны асыққан қыран қанат,

Айтпайды оны найзағай жарқылдары!

Өмірімді сол әнге тұрам балап!

Айтпайды оны тасыған теңіздер де,

Айтпайды оны сірескен асқар шың да.

Сол асыл ән қайтадан мені іздер ме,

Мені қайта биікке бастарсың ба?!

Айтпайды оны тасыған теңіздер де!

Жеткізген баулып мені осы күнге,

Ақ гүлдей жаңа ашылған қауызынан.

Үйренгем алғашқы рет бесігімде,

Бесік жырын анамның ауызынан

Тербеліп жатып ағаш бесігімде!

* * *

Күндердің жылынам да күлкісіне,

Қаныма қуанышты таратамын.

Бақытсыздық тілемен бір кісіге,

Бұлт баспасын аспанның алақанын!

Тілерім осы менің бар адамнан,

Шыным – бұл

Қорыққаным емес бірақ,

Тілейді жер тыныштық жараланған,

Тілейді оны жасыл белес-қырат.

Кетемін әлем жайлы мың сан ойға.

Көңіл желі емес бұл ұшып-қонған,

Ей, адам,

Өмір деген бір шар айна,

Байқаусызда кетпесін түсіп қолдан!

* * *

Шулайды теңіз...

Тынбайды теңіз сұрапыл,

Тынымсыз о да шабыты шалқар бір ақын.

Тынымсыз о да дауылды тілер күні-түн,

Кеудесіменен жартасты келіп ұратын.

Жырлайды теңіз...

Аспанға созып саусағын,

Көтеріліп көз ұшынан сан-сағым.

Бара жатыр жанып бауры ақ бұлттың,

Өмірге деген болып менің аңсарым!

Жырлайды теңіз...

Ән қосып әппақ шағала,

Жетуге сонау көкжиекке

Жағаға.

Сағыныштай саған деген асығыс

Бұлттар,

Бұлттар толқын сүйіп ағады, ә!

Сансыз сәуле кешкі аспанға от бүркіп,

Құлын толқын құйын болып кетті үркіп.

Жерде толқын,

Көкте толқын аунайды,

Айбар шеккен ашуымен бет жыртып!

Кеудедей бір жалын атып аһ ұрған,

Таулар тауды ары-бері сапырған.

Білем-білем білектері теңіздің,

Айнымаған күш иесі батырдан!

Бір махаббат бастап туған жағаға,

Арман шіркін ақ бұлт мініп ағады, ә!

Төңкерілген төбесінде теңіздің,

Басу айтып айналады ақ шағала!

Жал теңізді,

Теңіз жалды аунатып,

Бара жатқан секілді бір тау батып.

Маужырап жәй кейде тыныш жатады-ау,

Түні бойы толқындары толғатып!

Шулайды теңіз...

Тынбайды теңіз, сұрапыл.

Тынымсыз о да шабыты шалқар бір ақын.

Тынымсыз о да дауыл тілер күні-түн

Кеудесімен жартасты келіп ұратын!

Қанипа Бұғыбаева