ШЫҢ ТУРАЛЫ ОЙ

Төбеңді таңда ертемен сүйіпті күн,

Кеудеңнен бұлттар тұр иіп бүгін.

Басыңда бала қыран айналады,

Қайсарлықтың паш етіп биіктігін.

Аспанға найза баспен шырқай қарап,

Баурыңнан өшкен талай нұр тайғанап.

Түндерде тұрған күйі қалғып кетсең,

Сүйетін ару сынды бұлт аймалап.

Табам деп тұрысынан күнә қандай,

Қарайсың қайсар шыңға сынағандай.

Ақ нөсерді ішіп ап бұрқыраған,

Үгіліп іштей үнсіз жылағандай!

Күн сүйген биік шыңдар, алып шыңдар,

Сендер бір дара туған халықсыңдар.

Кешегі заманның сел, топанынан,

Тіп-тік күйі бұзылмай қалыпсыңдар!

* * *

Босат, бауырым!

Бер маған бәйге атыңды,

Жақсы көрмес көңілім жәй жатуды!

Қоңыраулатып өтейін қыр беткейді,

Ұластырып меңіреу, тойға түнді!

Жеңгем ескен жүгенді уысқа алып,

Қарайсыз ғой,

Тұрсыз ба қуыстанып,

Қылымсығын қытымыр қыз – даланың,

Өңіріне өтейін күміс тағып!

Есіп тұнық ауадан ағыстарды,

Өзің көрген салшы бір шабысқа әлгі.

Талайды бұл жолы да жер соқтырып,

Көкпар етіп тартайын намыстарды!

Бірге шауып өзіммен сиқыр далам,

Шабыс күткен кеудемде күй тулаған.

Күтіп отыр бір досым бір биіктен

Екпініме қол соғып қиқулаған!

Жанарым жарысқан ақ сағымды ішіп,

Жетейін туған сонау ауылға ұшып.

Жазатайым жығылсам, жығылайын

Жел шомылған жүйріктің жалын құшып!..

Қанипа Бұғыбаева