ҚОШТАСУ

Кешегі көп күдік пен күмән қалып,

Қолымыз жетті,

Тәубе бұған да анық.

Көне жұрт!

Қош бол енді көріскенше,

Көз алдым бара жатыр тұманданып...

Аз күнгі қонағың ем шақырылған,

Не күттің,

Не тіледің ақыныңнан..

Жастанып Сайрам көлді сен жата бер,

Толқының мен болайын сапырылған.

Әке жұрт!

Сен тұрғанда тілекке бай,

Ұшармын туған көлге түлеп талай.

Әзірше мен төзермін сағынышқа,

Білмеймін,

Шыдар екен жүрек қалай?!

Жаныңа азық болар күш-қуаты,

Көретін туған елді түсті сәті.

Алпыс күн арадағы тез-ақ өтті,

Көретін қас-қағымда тұс сияқты...

Марфуға Айтқожина