ҚАСА ЖҮЙРІКТІҢ ҚАЙҒЫСЫ

Жеткізбей әне қара бір,

Жерледі жаман, қорлық-ай.

Тұяғым сүйген дала-қыр,

Тістесіп жатыр көр құдай.

Екі аттап әттең жетер ем,

Жіберіпті маған жүк артып.

Сол үшін кешір, бетегем,

Тіземді қақса сыңар түп.

Алдыма қарап тек қана,

Артыма қарап шаппаушы ем.

Екпіннен сол тоқтамай,

Межеден асып тоқтаушы ем.

Қарашы, енді ұят-ай,

Жерленіп ием тұр-ау шын.

Төсінде дала тұяқ ай,

Ою боп қайдан құралсын.

Қамшылап бекер қыр сайын,

Атым дейді-ау нашар, ә.

Белімде зілдей бір шойын,

Озайын десем, не шара.

Алдыма қарап тек қана,

Жалт етіп артқа көрмеп ем.

Екпіннен сол тоқтамай,

Шығушы ем дара кермеден.

Қарашы енді көр құдай,

Қара жер мен боп өкінші.

Иіскеп құйрық қорлық-ай,

Келмеп ем елге екінші.

Жем жемей, жарап үш күннен,

Жер тарпып құлақ көтерем.

Қара тас түсіп үстімнен,

Жарысып желмен кетер ме ем.

Келеді жүйрік өкініп,

Басынан бір сәт бағы ұшып.

Кетер ме әттең секіріп,

Қара тас қапты жабысып.

Жүйрік ем дауыл бір сағым,

Тұяқтан ұшқын от шашпақ.

Тазартып дала кір-шаңын,

Сілкілеп берген бір сәтте-ақ!

Арман боп шабу аспандап,

Арқасын қатты қажап ер.

Көзінен жүйрік жас парлап,

Шыланып жатты қара жер!..

* * *

Бақыттымын, туған Отан, сен барда,

Күліп тұрып, оянам ақ таңдарда.

Күліп тұрып, тұңғыш рет қараймын,

Күн көзіне иек артқан тауларға.

Мен анамын, дән толғатқан жерге тең,

Жақсылықты жаныма осынау тербетем.

Керек десең кіп-кішкентай кеудеммен,

Бала ғып бар дүниені тербетем!

О, туған жер! Сенсің жүрек сыйлаған,

Мендік өмір сендегі бар күйге алаң.

Бір төбеңде тіршіліктен хабарсыз,

Қайтіп тыныш жатамын деп қиналам.

О, туған жер, жырла деп сен тіл бердің,

Бақытына қызығамын кімдердің.

Топырағыңда ақырғы рет тыныстап,

Топырағыңда ақырғы рет гүлдермін.

Біреу маған өмір су ғой десе шын,

Қайтарар ең сен үндемей есесін.

Кетсем, кетем мен өзіңнен өкінбей,

Бақытымның төңкерместен кесесін.

О, туған жер, дәл өзіңше кеуде ашып,

Іздер болып жатар ма едім жолға ашық.

Уақыттың мінбесінен түспесін,

Бір өмірім бір өмірге жалғасып.

Жатса алдымда сырын бүкпей қыр-жазық,

Кетер едім, мәңгілік бір жыр жазып.

Уһ деп сосын, ақырғы рет армансыз,

Ұйықтар ем, белді мынау бір жазып!

Қанипа Бұғыбаева