ҚАБІР БАСЫНДА

Анашым!

Болармысың енді де алаң,

Күн туды көретұғын елді де аман.

Арада отыз жылды сабылдырып,

Басына қабіріңнің келді балаң.

Басына келді балан қабіріңнің,

Сеземін,

Сарқылғанын сабырыңның.

Аз ба екен жер бетінде өзегі өрт боп,

Азабын тартқан жандар сағынудың.

Жүрген соң сағыныштан қанат байлап,

Өзіне адам биік талап қоймақ.

Кездесер осы күннің сәтін тосып,

Жүрегім тайдай тулап,

Таң атты ойлап.

Көзіме көрінбейді

Қосағашын,

Қалайша көңіл енді босамасын.

Жанарым —

Тұнып аққан тұма болды,

Туған жер аттаған соң босағасын.

Кездесіп тұрмын үнсіз талайыңмен,

Кезінде шуақ төккен арайым ең.

Кім білсін,

Енді қашан соғарымды,

Қабіріңнен топырақ алайын мен.

* * *

Өткенді қозғап несін кек қыламын,

Қарттардан елдің жайын көп сұрадым.

Бейне бір сезім кешкен күйіме ұқсап,

Самалмен ырғалады кек құрағың.

Тым-тырыс.

Түн қымтанып төңірек тұр,

Тұрғаны сырттай тыншып

Не керек бұл.

Көңіл сырын сонымен жеткізгендей,

Даланың ақ жаңбыры себелеп тұр.

Кешегі асау толқын,

Дара тасқын,

Арнасы бәсеңдепті Қаратастың.

Тұнығын кешіп өскен,

Қайран,

Тентек,

Жаныңа кетіп еді жара сап кім?..

Мен сені қайда жүрсем есіме алам,

Алмаса тірі жүрер несін адам.

Жағанда қалар едім,

Қаратасым,

Жетім боп қалады ғой екі балам...

Кетіп барам, кешірші,

Кешір, анам!

Марфуға Айтқожина