МАЛТА ТАС

Әдемі, қандай жұмыр малта тасың,

Толқындар көрсетпейді жайса шашын.

Тапжылмай, көл жиектеп жату үшін,

Сұрапыл дауылмен де шайқасасың.

Тозсаң да,

Жатырсың сен мұжылсаң да,

Төзесің күні ұзаққа,

Ұзын таңға.

Сайрамның Малта тасын жаным сүйер,

Шұбарлап өрнектеген жүзін таңба.

Толқынның төзіп қанша тепкісіне,

Жатыр ол сенім артып тек күшіне.

Тұнығын құшып,

Қоршап, жататұғын

Малта тас,

Қасиетің жоқ кісіде!

Төсінде дүбірлетіп сағым қырдың,

Жүрсем де қоршауында қалын жырдың,

Сайрамның сыңғырлаған

Малта тасы,

Бейне бір қимасымдай сағындырдың.

Күзетіп жатасың ба көзіңді ілмей,

Тым нәзік үлбіреген сезім — гүл ғой.

Уыстап сені қалай алғанымды,

Қалдым-ау,

Осы бір сәт өзім білмей!..

Әдемі қандай жұмыр малта тасың,

Толқындар көрсетпейді жайса шашын.

Тапжылмай,

Көл жиектеп жату үшін.

Сұрапыл дауылмен де шайқасасың!..

Марфуға Айтқожина