БАЛАПАН

Жабылып кейде ашылар,

Бейне бір аспан алақан.

Ұшам деп қашан асығар,

Биікке сонау балапан.

Құстардың үнін жаттаған,

Жатыр ғой көлбеп дала паң.

Қанаты әлі қатпаған,

Төсінде жырлар балапан.

Тамшылап жатыр шық гүлден,

Келеді атып жаңа таң.

Сонау бір қыран бұлт бүрген,

Кешегі ұшқан балапан.

Таусылмас бойға күш табам,

Сарқылмас ойға күй алам.

Қанатын қомдап ұшпаған,

Балапан көрсем ұядан.

* * *

Өмір, өмір, менен сұлу жыр тыңда,

Жылтырайды үміт шоғы жұртында.

Біреулер жүр есігіңнен сығалап,

Құралсыз бір күзетші боп сыртыңда.

Өмір, өмір, керек маған ар, шыдам,

Өз қолың ғой көңіл бұлтын аршыған.

Аяғымды мүлт басуға кейде мен,

Осынау кең құшағыңды тарсынам.

* * *

Жаныммен отқа күйем де,

Жалындап бірде басылам.

Бұлт болып, қабақ түйем де,

Қайтадан күн боп ашылам.

Жасымас мәңгі жас басым,

Сол үшін кейде мақтанам.

Өмірде менің тәтті-ащым,

Егіз бе осы деп қалам.

* * *

Өмір, өмір, таза, мөлдір күлкілер,

Күлкі орнына жылағанды кім тілер.

Мұң шалмаған, кір шалмаған сәбидің,

Осы күні бесігінде бір түнер.

Балғасымен өмір деген ұстаның,

Көңілімді толқын айдап құшты ағын.

Ой-санама үміт жібін сабақтап,

Қиялымды жүз тарқатып ұштадым.

Өмір сырлы, өмір нулы жаз үнім,

Сол өмірде осы күлкі азығым.

Сақтанайық, бірақ, бірақ жастықпен,

Түсіруден жанға күлкі әжімін...

* * *

Арқасында ғасырлардың жүгі бар,

Кезі жоқ бір терін сүртіп тынығар.

Заман, заман оза берер толассыз,

Шегіне оның жетпей адам жығылар.

Сезінбеймін меншігім деп от басын,

Сезінбедің деп, достарым, тақпа сын.

Отын жағып іркілместен аштым мен,

Бір кеудемнен жүз үміттің қақпасын.

Көкірегіме көл толқынын құясың,

Қатпар-қатпар тізбектелген қия шың.

Бір шайқамай ойдың асау дауылын,

Қайтіп қана кең дүниеге сиясың?

Қанипа Бұғыбаева