ҚАСЕННІҢ ҚҰБЫЛЫСТАРЫ

(Психологиялық очерк)

Ойпыр-ай, не деген, не деген биік! Көріп пе ем осыны бұрын, көрмеп пе ем? Не қылған қап-қара? Неліктен жап-жалаңаш... Бұ қай тау, жаным-ау?.. Қандайлық қап-қараңғы дүние. Түн бе, алакөлеңке ме, әлде не?.. Не қылған құлазыған жалғыздық... Қайдан, қалайша кеп қалдым осында?..

Тау зорайып, пішіні суып аспандап барады. Аяғының астына қарай алар емес... Салған сайын тіктеніп шаншыла түседі. Астында әлсіреген бір жаман ат... Аяғын жылжыта алмай қалтырап тұрғандай. Сондай халде өзі. Төменгі жағы көз алдында құлазып, шаншылып тас құзға айналып барады. Ар жағы?! Қарай алмай көзін жұма берген сияқты. Қап-қара боп, азынап ашылып бара жатыр. Тұнжыраған түпсіз қара қуыс... Ажал исі аңқиды.

Қапсағай қара қойнын ашқан өлім бе?..

— Өлдім-ау... Кеттім-ау... Бітті деген осы ма?

Бұлқынып қалды, бірдеме тарс етті...

Жәмиланың даусын есітті. Ашулы, ащы екен... Сонда да майдай тиді. "Уһ!" деп көзін ашты.

Есікті екінші рет тарс еткізіп жауып қалып: — Құртар болдың ғой әбден, түге... Құдай құртқан немелер! Құрттың ғой бізді де әбден!1 — деп келе жатқан анық Жәмила, өзінің қатыны.

Аяздай соғып ұшқындап келсе де, бұл жанағы жалғыздық емес... Қара құз ажал емес... Жер... Ол да емес-ау... Тіпті өзінің үйі... Өз төсегі... тірі... бар...

— Жәмиламысың? Уһ. Жәмила-ай.

— Немене? Неге күрсіндіңіз?

Даусы шошынғандай шұғыл өзгеріп, қасына жетіп кеп:

— Бір жеріңіз ауырып жатыр ма? — деді.

Қасен көзін бір жұмып, бір ашып дүниесін әбден күндегі өзінікі қып қайта тауып алмақ боп үндемей жатты. Енді бойын жия бастағанда Жәмиланың ашуын да күндегі шарт-шұрттың бірі шығар деп, серпіп тастамақ еді. Бірін бірі жақсы білгеннен туған дағдылы есеп. Ертеңді, кешкі саясат...

"Мен өліп, тірілсем де өстіп қарсы алар едің-ау" деген сияқты, көңілдің алыс түкпірінде жатқан, әншейінде өзіне де жат бір кемпір наз... Сондықтан үн қатпауын бұлдаңқырайды. Тіпті мекірене түсті.

— Япыр-ау, айтсаңызшы, ауырып қалдыңыз ба? Әлде кешегі ішкеннен бе екен? "Градус" әкелейін бе? Көп ішіп пе едіңіз?

Жәмиланың даусы әбден жылынды. Ендігісінің бәр-бәрі күндегі машықты, бас-аяғы мәлім — тіпті қолымен ұстап, шымшып көруге болатын өз өмірі... Сабасына түсе кетті.

— Жоқ, ауру емес... Бірақ керегі не, өліп тірілгендей болдым...

— Е, немене, жаным-ау, айтсаңызшы жайын?

— Бір түс, — деп шын-ақ өз жайын, барлық тірлігін сипап, сауырын ұстап байқамақ болғандай боп Жәмилаға қолын созды. Бірақ сипай бергенде шошайып тұрған мықын сүйегіне қолы тиіп, сұлық түсіп қалды.

"Шіркін, өкпе-бауыр-ақ жалаң қапты-ау!" — дегендей болды ішінен. — Мәлім, мәлім".

— Е, со ма? Құдай-ай тіпті, — дей сала-ақ Жәмила түсі сұрлана, даусы қатайып әуелгі ашуын қайта шақыра:

— Анау қатынды көрдіңіз бе, үлкен табақты флитеден құлатып сындырып қойғанын!

— Өй, қай үлкен табақ? Блюде ме, әнеугі төменгі базардан алған?!

— Е, сол емес пе? Ішім күйіп барады тіпті. Талайдан қолға түсіре алмай жүріп. жаңа ғана таптым ба десем...

— Ой, құдай ұрсын, құдай ұрғыр... Әй, мазаны кетірді-ау осылар-ақ... Сағат не?...

Жәмила түйілген бетімен:

— Жеті! — деді.

— Уақыт бар екен, ұйқым бұзылғаны-ай! — деп қырын жатқан бойында қабағын жоғары көтеріп Жәмилаға қарады. Түсі сұрланып, ерте түскен ажымдары айқынданып, бас сүйектері де шодырайып, көп күйкі арық қара қатынның бірі бопты. Шаруа қылам деп басын тоқыма ескі сұр шәлімен де орап апты...2 Ірге жаққа қарай аунап түсті. Алдына төсектің қырына кеп отырған Жәмила бұл мінезге мұқалмай-ақ тұрып, жүріп кетті.

Ауыздағы үйден: ұзақ, күрік-күрік жөтеліп, қартаң үнмен ыңыранып, алқынған дауыс келді... Келеңсіздеу жүріспен, кебіспен тырп-тырп басқан аяқ даусы да естілді...3 Бірақ анда-аңда естілген сөздері жасқаншақ. Еркек даусы күбір-күбір етсе, екінші жағынан әйел даусы сыбырлайды.

Қасен ойында:

— Иә, бұл солар! — дейді. Сонымен қатар көз алдынан үздік-үздік көріністер өтті: 18-жыл. Ақтың тұсы. Ояздық комитеттің бастығы боп жүріп ауырып ауылға келдім... Жазылғанымда ат шаптырып, той қылам деп әлек болға-а-н. 20-жыл қызылдың қолынан аман шықты деп қатын-қалаш тойын жасап, айтқан малын сойып таратты-ау, осы қатын!

Одан бері де жыл сайын келуіме қарсы, бірде қасқа жорға ат, бірде құлагер ат, пай-пай, бірде ақ жал атты жаратып қойып жүрді-ау!..

Жаз сайын ел үстіндегі қоналқадан басқа, дәл өзінен 30—40 қозы жеп, шығындатып кетуші ек-ау... Байғұстар қолынан келгенін істепті-ау, өзі... Ей, бірақ қазекеңдікінің көбі сатымсақ та ғой. Орайын да алған шығар! Бәсе, соны айт. 17-жылдарда 30 қой, 10 қара, а бертін... бертін?..

Тіпті елдің ру басы, атқамінерлері осыны салып, өзін атқа мінерім қып қоқайтып ап, волисполком сайлауында, қаператив сайлауында, сот, тергеуші жұмыстарының тұсында менің ықпалымды пайдаланбап па еді?.. Ел ішінде, іс басында жүрген жігіттердің өздеріне жазған хаттарымыздың өзі де талай материал болар еді-ay!.. Елдің ішінен шыққан кедей, еңбекші, байға қарсы дегендер болса, үстінен құс ұшыртып, астынан ит жүгіртіп, сотты қып, әлекке салып есін жиғызбай, партиясынан айдатқан күндер де болды-ау...

... Түу, со кездегі кеңес үкіметі не деген жайлы деймін-ау! Бұл байғұстар онда тыраштаған еді... Не беріп едің дер ме еді? Бермесем де арқамды қайтесің?.. Бірақ тірлігіңді қуаныш етіп, саған ішкізіп-жегізгеніне мәз болып, қас-қабағына қарап-ақ тұрушы еді-ау шіркін, Жәмила? Құдай қане.

— Шай дайын, тұрмаймысың. Бірақ наны құрғыр тағы жетпейді, — деп бағанағы тері тарамысты жиырылып, бас терісі салбыраған күйде тағы дыбыс берді Жәмила. Тұрып кішкентай, тар төргі үйден ауыз бөлмеге шықты. Өзі көрші пәтершімен ортақтау бөлме.

Қарсы бөлмеде тұратын орыс семьясы осы үйді басып өтеді... Не амал?.. Енді түрі мынау, аузы-мұрнынан шығып жатыр.

Еш нәрсеге қарамай, үн қатпай шығып кетті. Жазғытұрымның кезі. Алматыда биылғы көктемде сирек болған ашық, жарқыраған күн екен... Тау көрінді... Үлкен Алматы биігіне көзі тоқтады.

Қасеннің туып-өскен жері Алматы да, Жетісу да емес. Таусыз бірыңғай, жазық далалы жер. Болса аз-мұз адыр ғана бар. Сондықтан ол мынандай аспан құшқан, бұлтқа араласқан, қиын асқар үлкен шыңдардың сырын ұқпайды.

Сұлу-ақ шығар, бірақ жат, таныс емес, көңілді көп қозғамайтын әлдеқандай өзге, алыс, өзі суық бір сұлулық. Сондайлық ұлы тау бүгін бір ерекше боп құбылған екен. Әсіресе бұлттар тамаша. Қарағайлы белдеуге шейін төмендеп кеп, таумен ұласып, түткен жүн, иә мақтадай боп түтеленіп будақ-будақ боп кетеді. Солардың үстіңгі жағынан, кейде арасынан көкшіл-қоңыр тастар, қарлы шошақ немесе сирек-сирек4 алабарқан тау арқарлары көрінеді... Бір бұлт, бір қар, бір тас боп бауырласып кетеді. Қамалаған көп қалың шыңның ортасында әсіресе Қасеннің көзін көп тартатын Үлкен Алматы биігі. Бұның да төсіне бұлттай. будай шудасы оралып жатыр. Барлық Алатау тобының ортасынан бөліп шығарып, "мынаны көрші" дегендей қып өздері де айнала иін тіресе тұра қалып, ортасындағы оқшаулау жалғыз биігін тамашалағандай.

Дәл шолақ басында аздаған қары бар. Онысы, Орта Азияның сырмалы, шошақ, ақ тақиясындай. Тау үш қырлы, нағыз сонау бір суреттерде көрген пирамиттердей... Бірақ талай-талай мың пирамиттің бір жерге қосылып жасаған ескерткіші сияқты. Бағанағы түсіндегі биік құз да осы сияқты. Үлкен Алматы биігі онан сайын алыстап, суи түсті.

Тіпті ол емес-ау... Үлкен, берік, алып сұлу бойымен бұны басатындай боп5, төне түскен сияқты. Күйкі, әлсіз шатқалақтаған жалғыздық ойына тағы бір көрініп, тағы бір теңеу елес етті.

Көп заманнан бері бұның ойына шырмауықтай оралып, қайрақпен қажап өтіп, лебімен жаныштай кетіп отыратын бір сұрақ бар емес пе?

Ол құрылып келе жатқан сациализм жайы... Бүгінде бұған да ол бар нәрсе. Болмыс, һақиқат, айнала. Ол да осы биіктей қырланып соқталанып, граниттей қашалып кең, алып іргесін орнатып, өсіп келеді...

Қасен тілесін-тілемесін, танысын-танымасын... ол жеңіп, бөксеріп алды. Өрлеп, зор кеудемен асып барады.

— Солай ма, солай емес пе? Мен құрушыларының санында бармын ба, жоқпын ба? Әй, жоқпын-ау... Сондықтан маған алыстан қарайды, суық қарайды-ау... Шіміркентпейді, тітіренткендей... Мейірлі емес, қорқытады. Басатындай-ау... Құрушысына солай көрінер ме еді?

Үлкен Алматы биігі сол күйдің елесіндей... Бүгін ерекше бір мағына. мазмұн тапқандай... Қасен ойына бұл жанданғандай да, жазалайтындай да көрініп кетті... Және не ойы, не сезімі, не қылығы болса да соған мәлім.. Сонадан көріп тұр. Не қылса, бар қимыл-қозғалысымен бұл соған барып сүйкене, мәлімдене кететін сияқты. Тайып кетті.

Ауыз бөлмеге қарай кіргенде, алдында Жәмила тұр екен. Қолында үлкен табақтың сынығы... Жүзі ұшқындап тұтанған.

— Қарашы, міне! — деп екі қолына екі сынықты алып, созып, — мына флитеден түсіріп...

Қасеннің ойынан бірталай нәрселер жылдамдата жортыл өтті.

— "Флите" деп сөйлейді-ау! Айтар ма еді әлгі тілшілерге! Қазақта "х" жоқ, "ф" жоқ дейтін немелерге? Рас-ау, бұл бірақ қыз күнінен "Мұһамедия", "Сыбатылғазиндерді" қажалақтап еді-ау. Бозбала боп жалына жазған хатымның біріне:

Болыр бір фердеден

Юз фәрдә бижай! —

деп аяғына "бәнті Фазил" деп те қол қойып еді-ау... Енді оқыған кісім боп сиыр жорғалап тұрғанын көрмеймісің?

— "Ой, флитең" бар босын! — деп, көзі аға-жеңгесіне түсті.

Бұдан жаңағыдай үн шыққанда төмендеп, қорғалақтап, құдайына жазып отырған аға-жеңге қас-қабағын жыбыр еткізіп, жалтаң ете қап, жоғары қарасып еді...

Қасен шұғылынан томсарып жіберіп, төргі үйге қарай басып келе жатып:

— Сендер де құртар болдың-ау! — деп жолында жатқан жеңгесінің кебісін аяғымен теуіп жіберіп, төргі үйдің есігін иығымен қағып жібере кіріп кетті.

Қатты тебілген кебіс тарсылдай барып екінші бұрыштағы темір төсекке соқтықты... Үстіне простыня жамылып жатқан жас жігіт ояна, басын көтеріп:

— Бұ немене, безабразие? Қойшы, Жәмила, тіпті сендер де, не боп кеткенсіңдер? — деді. Шала оянып естіп жатыр екен... Жаңа шығайын деген мұрт шала тебіндеп, түк есебінде қылтанақ берген. Өңі қызарыңқыраған сұлуша. Қатты, таза ұйқыдан маужырай тұрған ашық, бала жүзі бар. Қабағын түйе сөйлейді... Бұл — Сәлім, Қасеннің інісі, жас студент.

— Құдай қара бастырған мынау, қара басып, — деп қатынына тыжырына қарап ап, — тіпті сол түндіктей табақты қағып түсірер ме? Жау қуып келе ме екен? Ашуланбай қайтсін келін!

Сәлім киіне беріп:

— Жә, қоя-ақ қойыңдар... Түсіп кетті де. Қайтуші еді? — деді.

— Қандай табақ екенін білемісің сен өзің? — деп Жәмила тепсініп барып еді.

— Маған десе алтын табақ босын...

— Қыс бойы төменгі базардан аңдып жүргенімді қайтейін.

— Ну что же?

— Жә, немесе сен тіпті закон айтып қоймайсың?

— Ол закон емес, жөн...

— Жөнің өзіңе, сен де ұстат 1 болайын деп пе едің?

— Немене иығынан түспейсің?..

Сол кезде көрші бөлменің есігі ашылып, Анна Ивановна шықты. Жасы отызға жетер-жетпес шамада... Кеңсеге, қызметке баратын қалпында кепті. Таза, жақсы киінген. Қырыққан шашыңда аздаған қоңыр бұйрасы бар. Бойшаң... Үлкен, ашық қара көк көздерінде6 сұлулық та, мейірімділік те бар... Барлық жарастықты, сүйкімді жүзі үлкен мінезділікпен, кең толғаулылық сабырлылықты білдіреді.

Жәмиланың қолында табақ сынықтары әлі жүр еді:

— Жәмила, мынау ма сынған табақ? Рас, аянышты екен... Бірақ қата ғой, бола береді... Мен де өз нәрселерімнің талайын өстіп сындырып аламын да жүрем!7 — деп жеңгеге бұрылып қарап, халдерін ұғып алып:

— Бәйбіше байқамаған ғой, көресіз бе, о кісіге де өте ыңғайсыз боп отыр ғой! — деп Жәмилаға қайта қарап: — Жәмила, бірақ мұндай табақ көп табылады!..

— Жоқ, табылмайды. Қыстай кезгем...

— Табылады, Жәмила... Мен осы жақында-ақ көргем, тіпті магазинде де болып қалады...

— Тастаңыз оны, Анна Ивановна, оның ашуланбайтын күні болмайды.

— Тіпті менің сыншым боп апсың-ау, сен өзің! — деп Жәмила табақтың сынығын шалдыр еткізіп тастай берді. — Қарашы бұны!..

— Ой, қойшы тілеуің берсін... Мазаны алмай...

Анна Ивановна өзінен өзі ыңғайсызданып, тұруын да, кетерін де білмей, бабын таба алмай барып, аяғында Сәлімге:

— Сәлім, сен қойсаңшы, немене? Ол үлкен... Несіне қанын бұзасың! — дегенде екі жақ та кішкене толастай бастады... Сол уақытта іле-шала Сәлімге:

— Оқыдың ба, кешегі кітапты... Одан да соны айт!

— Оқыдым... Бітірдім. Да, жақсы кітап екен... Горькийдің жазуы қандай жақсы еді... Сондайлық мол қалпымен соншалық қона кетеді...

— Иә, сондай жүдеу балалығын қандай саналы, ғибратты дәріс есебінде берген.

Екеуінің бұл сөздерін өтіп бара жатып, Қасен ести кетті...

— Иә, кітап... Ойдан шығару... Сырлау... Соны да мыжушылар бар-ау әлі! Маған тіпті бір алты қырдың астында қалғандай-ау өзі... Қайда, қайда! Қашан да қашан боп сырғып кетіпті-ау, сірә... Е, барса барсын... Өмір кітабы да жетеді... Ананы әлгіндей мылжың орыс қатыны мен аңқау бала жем қысын... Шіркін-ай, бүгін бір ет табу керек еді... Бәрінен де соны айтсаңшы, деп аттап түсті. Кеңсесіне кетті... Сәлім түнде оқып бітірген кітабының әсерінен үзіле алмай:

— А, оның атасы сияқты кісілер әлі де, бүгінде де бар. Тіпті мен айтайын сізге, нақ осы біздің Жәмилаларда да соның бұйымы бар...

— Қой, сен Жәмиланы ренжітпе. Қаталасасың. Ол бабай басқа... Ол тіпті басқа жағдайдың адамы...

— Мен бәрібір таныдым. Ол менің танысым. Соған осы Жәмила виноват.

— Сен кітапты жақсы оқиды екенсің, мен тағы берем.

— Беріңіз, менің сауатсыздығымды жойыңыз.

— Немене, әйтпесе студент... Әлі тіпті Горькийді де жақсы білмейсің!...

— Үндемеңіз, Анна Ивановна. Мен тіпті ұялам... Одан да ақырын-ақырын бере беріңіз!.. — дегенде Анна Ивановна партпелін қолтығына қысып, басын үндемей иіп, жүріп кетті...

Қасен қақпадан шығып, жоғары тауға қарай аяңдады. Кеңсе өлкелік шаруа орнының бірі, сол жоғарғы жақта болатын. Кешең шығып қалған екен. Бұл сияқты кешігіп шыққан қызметкерлер еркегі, әйелі бар көше бойында асығып сарп ұрады. Бірақ Қасен жегінге мезі болған қырсау тартқан аттай сылбыр, сараң басады. Алдында Үлкен Алматы биігі кім екенін танып, бейілі қандай екенін ұғып тұрған сияқты. Үндемейді. Сазарып, қатайып біледі де қояды.

Бір-екі квартал өткенде, бұның көшесін көлденең кесіп, өзінше басып Қасымхан кетіп барады екен.

— А-ай, тұра тұр.

Қасымхан көрді де тосып тұра қап:

— Бол, бас аяғыңды... Немене, ілгері басқан аяғың кейін кетіп?

— Ой, бар босын, ілгері басушы ма еді? — Қол беріп ап: — немене, жем іліне ме? Ет-мет білген жерің бар ма?

— Немене Жәмила шіркіннен күй кетіп тұр ма?8 Орта құрсақсың ғой тегі ә! — деп күлді.

— Орта құрсақ деген де бір дәурен емес пе?

Қу құлқын ет керек қып тұр-ау...

— Күлесің-ау. Бірдемең бар ма еді? Етің боса, литровкені өзім ала қайтайын. Ғанижамалға хабар қылшы... Ішін ұрайын, өлер болдым...

Қасымхан күліп:

— Айтарсың. Ет көрмегеніме тап міне жеті күн болды... Құрыдық қой, ойбай-ау. Көз ашылар күн бар ма, жоқ па? Паектен хабар білдің бе?

— Паегі бар босын. Біздікі бір жетісіп тұрған паек пе? Шіркін-ай, қазы араласқан қой етін бүйірім шыға бір жемей-ақ кеткенім бе? — деп Қасен қабағын түйіп алды.

— Енді әнеугідей бірдеменің ретін табайық та.

— Естіген ештемең бар ма? — деп дәмелене қарады да: — Ай, мына құрыған көктемде не табылады дейсің! — деді.

— Бәсе, елдің де тісін тісіне қоятын шағы болушы еді ғой, жайшылықтың өзінде құрыған кез ғой... Ол емес қатыныма бір аяқ киім, бір жазғы пальтолік бірдеме табарың бар ма? Қадрсың ғой. Ештеңе оралар ма екен?

— Ойбай, өзім де сендеймін. Өзім орналастырған иттің талайына құлаққағыс қылып ем. Уәде қылса да, бірақ еш нәрсе түспей жүр.

Қасымхан жолдасының тартпа мінезіне сеніңкіремеген пішінмен:

— Қасен, шын айтам.

— Е, мен шын айтпай не қып келем?

— Шіркін, еруліге — қарулы... Қыстыкүнгі сары бәтеңкенің орайын бір қайырсаңшы. Сен үшін тап месткомның аузынан-ақ қағып әкетіп ем ғой, жанды ортаға сап жүріп... Бұлдыратып жүріп Нейманның да резалюциясын соқтырып алып ем...9Сондай бір еңбек қылдың ба? — деп қалжың-шыны аралас күліп, Қасенді арқаға қақты...

Қасен дым онша жіби қойған жоқ. Сары бәтеңке боса бойға сіңіп тараған.

— Бір орайын мен де табармын. Ер мойнында қыл арқан шірір деймісің? — деп қырқылжың түлкідей ұзақ сонарға сала берді.

Қасымхан күдер үзе бастап:

— Со ма бар тапқаның?

Қасен сары бәтеңкенің жайын есіне алды. Ол аржағында бұның Қасымханға әперген каспомдік бір атрезінің орайы болатын, "бұлдыратқанға неге көнейін" деп ішінен өзіне алық-берік есебін ойлап алып:

— Мені қағыстырғанмен мардымды бірдеңе шығар деймісің? Одан да Қазкрайсаюздың распределениесіне трикотаж кепті дейді. Екеуміз бірігіп Сәлменовты айналдырайық.

Қасымхан одан да түңіліңкіреп:

— Әкесінің пұлын бергендей болушы еді, кім біледі?..

Сондағы бастық қызметкерлердің бәрін айналдырып жүріп алдымен өзіне сықап алады...

— Тойымсыз-ақ шығар? Біздің қатын: әйтеуір еркек-ұрғашының бірде-бір киімі сыңар емес: не түстісі болса да, қос-қостан дейді ғой...

— Пәлі, бағасы жазылған қағаздары алынбаған қара қастюмнің10 өзі үшеу деседі.

Қасен күйініп те, қызғанып та:

— Шіркін, соны айтсаңшы, — деді де, бағанадан бері пұл мен жемді әңгіме қылғандарына өзінен өзі қанағаттана алмай:

— Жә, жай қалай өзі, түзелетін бе, не естіп білдің? — деді.

Бұл соңғы күйді Қасымхан да түсінді. Бұрын о да кісілік ойлаушының бірі болған. Шұғылынан түсін өзгерте қойып, мүләйім тартып:

— Түзелер ме, кім біледі? Аз дәме бар ғой... Бірақ зор . қиындыққа тіреліп тұрғанымыз да бар, — деп барлай сөйлеп Қасенге қарады. Қасен де жазылған жоқ. Бірақ томсарып салбыраған боп:

— Кім біледі, әлде түзелерміз. Ақтабан шұбырындыдан да оңалыпты ғой. Бет жақсы ғой, — деп күрсінген болды11.

— Иә, қолдан келгенді аянбайтын сияқты! — деп анау да жүдеген тәрізденіп:

— Осындайда біз мынау, қазы-қарта деп жүрген! — деп қарқ-қарқ күлді.

Қасен Қасымханды көргенде айнаға қарағандай болатын. Бірақ одан гөрі өзі қу құйрықтау, шүңеттеу... Ананың жаңағы күлкісі бұған өздеріне күлу, күлгенде бір нахалдық сезбестікпен өз перделерін жырта күлген күлкі сияқтанды.

"Көп үшін" мен "өзі үшін" бар. Бір кездегі "адамшылық үшін" мен "басым үшін" бар, бұрын осылардың екі аралары бірқатар алшақ сияқты болушы еді. Осы күндері Қасенге тіпті таразының екі басындай, қарға адымдай-ақ боп қалған сияқты. Дүниенің екі басы сияқтанып тұрса да, бірінен біріне минут араламай-ақ секіре салатын бопты...

Соның бірі жаңағы. Осындайдың үстінде ұстап қалғанда ол аз да болса қысылшаң тартып қалады. Қасымханның күлкісі ыңғайсыз тиді.

— Күлеміз-ау... Әлде не боп барамыз! Түзесейік те одан да! — деп Қасымханның түріне қарады. Екеуі біраз қарасып тұрды да, қоса күлісті, ұғысты... Мына соңғы әншейін бір тілдің ұшы...

— Әлбетте, әлбетте! — деп мынаның қолын қысты да, асығып адымдай жөнелді Қасымхан.

Қасен кеңсеге келді. Қызметкердің көпшілігі келіп, орнап қалған екен. Кеңсенің каридорын, үлкен бөлмесін басып өтіп келе жатып, оңды-солды қалпағын көтеріп:

— А, Иван Семенович, здравствуйте, Николай Петрович, Марк Аронович, друг. Қайырлы таңертең, Зинаида Николаевна! — деп бәріне де ақсия жымиып, салмақпен жүріп өтті.

Жолшыбай көзі түскен еді. Бастық бұдан бұрын кеп қапты. Ыңғайсыз. Жөткіріп, түсін томсырайтып жіберді. Партпелден бір топ қағаз алды. Орнына отырмастан, соның алдына келді. Көзіне пенснесін киіп, ат жағын тістеніп сұрланып алған. Айыл-тұрманын тартынып барлық нербісін шоқтай жиып апты. Іс соңына ғана үңілген. Қынжылғаны қызмет жайы, түн ұйқысын сол-ақ төрт бөлген кісідей қабағын да түйіп асығыстап тұрған сияқты.

— Шіркін, қазақтың ұйымсыз маманы да Америка адамының ісшілдігін тапқан екен-ау, дегізгендей-ақ.

Сырт қалпы:

— Пай-пай осы бастықтардың алды уақытыңды көп алады. Ісіміз тез шешілмей бөгеліп, қарқын содан шабандайды дегендей боп, ауыздығын шайнап, жер сүзіп тұр. Бастық алдына бұдан бұрын кеп іс басқарушы араласқан екен:

— Мынау әлгі құрылыс туралы совнарком қаулысының жоспары... Мына біреу шығыс облысынан келіп отырған тығыз телеграм. Жауабын тез беруіңіз керек... Мынау кешегі каллегия қаулысы... Танысып, қол қоюыңыз керек. Облыс-облысқа жібереміз!.. — деп созбалап барады. Арасында көзілдірікті, қасқа бас бухалтір салмақты салқын пішінмен:

— Жолдас Жараспайыф! Мен банкедегі сәбещаниеге тез баруым керек!..

— Қай мәселе туралы, — деп бастық қаулыдан басын көтере бергенде, Қасен де басын иіп амандасып қалды... Бухалтір:

— Құрылыстың сметасын сонда тағы талқыламақ.. Түсінік беремін.

— Бар... Тез бар!.. Талас. Шатақ шығарып қысқартып жүрмесін.

Осындай бөгеулер Қасенге шірет тигізбей тұр.

Бірақ бастық қазақ. Өзі кең мінезді жігіт. Қасен әр кезде кеңседен тыс жерде де кеңесіп қояды. Еті үйренген. Сондықтан қарап тұрмас үшін, столдың бір жағынан отырып, іс басқарушы баяндап отырған мәселелердің бірталайына:

— Е, ол былай шығар. Рас, ол анау ғой! — деп сұрамаса да сұғыла кетіп отырады. Іс басқарушыны білмейтін кісі қып, бұрмалап, қаққылап та қояды12. Соның бәрінде өзі өлкелік кеңсенің немен тыныс алатынын бұлжытпай білген, бұның жалғыз өзі емес, барлық тарау-тармақтары, облыстарының істері — бәрі де Қасеннің балықтай жүзген мәлім көлі сияқты. Солай боп көріну керек.

Құр қазақ емес. Кеңсенің қара қыртысын айналдырған маман қазақ. Және осы кеңсенің тілек-талабы бұның да бар мұрат-мақсаты болған шын бейілді, қамқор қазақ... Міне, Жарасбаев көзіне осылай боп көрінуді тілейді...

Тегінде Жарасбаев бұл кеңсеге жаңарақта келген қызметкер. Бұрын үлкен орындарға бастық боп жүрсе де, түбі көп оқымаған. Мынау кеңсеге көп маман жиылған, ауыр, мол шаруаның орны, ісінің қия басқан жері мамандық білімді керек етеді.

Оның бәріне құр бақ көтерген большевик, әзірленген, тағаланған деймісің? Әрі-беріден соң бұның басын қатырып, өзінің қақпайына алып кетеді мамандар... Одан да мен көп істің ұшық тетігін білетін кісі боп отырып, мыналардың ақаулы жерлерін айта жүрейін. Сонда менің мамандығым бәрінен керекті "мамандық" болады деген есебі болатын...

Жарасбаев басында бірталай уақыт бұнымен өте ұзақ сөйлесіп, айтарлығының көбін естіген. Бірақ әлденеден соңғы кездерде сол әңгімелері сирей келіп, бітуге айналды...

Оны Қасен Жарасбаевтын сақтығы: "қазаққа жақындасып кетті деп жала жабады деген қорқақтығы" деп байлады. Анығында бұның әңгімелері соңғы кезінде ылғи қайталақтап бір ізін қайта-қайта баса беретін боп еді.

Әлденеше рет айналып кеп соға беретін:

— Бұл кеңсенің мамандары көбінесе сөз айдайды. Бәрін біліп отырам, жұмыс істеп отырған бірі де болмайды13. Айтатыны ылғи пәтер, тамақ жайы. Аңсағандары басқа бір жаққа орайын тауып бұлды боп кету. Әйтеуір шын бейілімен жұмыс істейтін бір жан жоқ!

Сөздің көбі осы еді. Шірет өзіне де жетті. Жарасбаев іс басқарушыға бірнеше тиімді қысқа тапсырмалар істеп14:

— Жә, сіз не айтасыз? — деді.

— Мен қаренизация 2 ретінде мына бір үш кісінің тізімін әкеп ем. Шығыс облысы пен Қарағанды, Ақтөбеде біздің система қазақ қызметкерлерінсіз отыр. Өздерін қадр секторіне жіберіп, солар арқылы қаренизацияны осы облыстарда... нетпесек... Ісіміз қазақылату жағынан ақсап отыр. Ылғи15 бұйракрат маман, өздері іс істемейді... Оның үстіне арасына қазақ қызметкерінің тұмсығын да батырмай... енді бір решительный бет бермесек... екпінді кіріспесек...

— Бұлар сізге таныс адамдар ғой?

— Е, жайларын тіпті жақсы білем... Реқамандауайт етем.

— Мамандықтары бар ма?

— Бұрын қапаратипте, шаруа орындарында...

— Білімдері қандай?

— Қай білімін айтасыз?

— Жалпы білімі, іс жүзіңде ысылғандық... Жалпы әзірлігі.

— Е, бәрі де егде адамдар... Неге ысылмасын?

Жарасбаев Қасеннің бетіне қадалыңқырай қарап:

— Осы сіздің қолыңызға түсетін адамның барлығы "егде", "егде" бола беретіні несі? — деді.

— Жастар жағының бәрі тұрақтамайды... Бүгін түсіп, ертең оқуға16, не басқа бір жеңіл іске секіріп кете береді...

— Сіз біздің жас маман, жас екпінді қызметкер дегендердің бәрін анықтап еске алмайсыз ба, қалай? — деді де күлді. Қасен қысылыңқырап үркектеп қап:

— Е, неге?

— Ендеше, осы әр жерге ұсынып жүрген адамдарыңыздың ішінде бірде-бір маман қазақ бар ма?

— Оның өзі тегі жоқ емес пе?

— Жоқ дейсіз бе?

Бұның шұңқиған түрін көріп Қасен:

— Бар болғанмен, жоқтың қасы ғой...

— Біздің мамандықтың дәл өзін білетін талай жас енженерді атап берейін бе мен?

— Біздің қолымызға түспейді солар.

— Айтыңызшы, ал бітірген түспесін. Соны іздеп барып білейін деген талабы бар ма біздің қадр бөліміміздің?

— Қайдан іздейік?

— Бітірген түспесе, бітіргелі жүрген, бір жыл, екі жылда бітіретін Ташкен, Қазан, Мәскеу, Ленинградта біздің мамандықтың нешеу студенті бар? Оны абайлап көрдіңіз бе?

— Оны ескерейін деп ойланып жүр ем...

— Олай боса, нешеуін біз өз стипендиямызға алдық екен? Оны білесіз бе? Маман қадрын жасаудың бір үлкен жолы осы екенін шала ойлағансыз ба, қалай?

Қасен тоқтап қалды.

— Қане, нешеу?

— Біле алмадым! — деді Қасен.

— Ендеше, мен айтайын. 10 қазақ студенті біздің стипендияда. Кеше тағы төртеуін кіргізуге бұйрық бердім...

Қасен бойын қайта жиыңқырап ап:

— Жақсы, жақсы екен... Бірақ енді ол түбегейлі алыстағы қадр ғой... Мен бүгінгі қаренизациямен...

— Жарайды... Ал біз бұ сөзді бастағалы көп болды. Оның үстіне крайкомның, жалпы үкіметтің берген бетін білесіз...

— Иә, иә, со ғой тығызы...

— Бәсе, қанеки, айтып беріңізші маған? Алысты қолйық, осы дәл біздің кеңсе қанша пұрсент қазақыланды?

Қасен мүдіріңкіреп қап, маңдайын қасып:

— Пұрсентін дәл айта алмаймын...

— Ендеше неше қазақ алдыңыз?

— 10 шақты боп қалды.

— Е-е-е! Жүз елу қызметкерден 10 шақты боп қалды... Оның ішінде әлгі мен алғызған хат тасушы, уборщик, көшірушілер де бар... Солай ма?

— Е, солар... солар да бар.

— Жоқ, жолдас! — Енді Жарасбаевтың даусында сыз біліне бастады. — Бұл қарқын емес... Бұйракраттық ат мініп, түйе жетелеп келмейді... — Енді 10 күн срок. 30 пұрсентке жеткізіңіз қазақ қызметкерінің санын.

— Мамансыз болмайтын кеңсе ғой біздікі.

— Сіз қай енженер едіңіз?.. Жүз елудің бәрі енженер ме?

— Әйтпесе де білімсіз...

— Тегі оқыған буын жаңғыз біздің буын емес. Арттан өскен, өсіп келе жатқан қалың күшті буын бар екенін ойлай жүріңіз... Ондай мәдени паколение болмаса, біздің бесжылдықтар бос сөз болар еді. Істі сиыр құйымшақтатпай, шамаңыз бар боса, қарқын табыңыз! — деді де, телефонды ұстап: — подстандияны беріңіз! — деді17.

Жарасбаев сонымен біраз тосып отырғанда, Қасен:

— Мыналарды қайтейік?

— Оларды маған жіберіңіз. Менімен сөйлессін.

Қасен тайқып кетті де, тағы артына бұрыла беріп:

— Осы істің өндімеуіне сіз мені кіналағандайсыз ба, қалай? — деп артына біраз кінамшылданып қарады.

— Онда мағына жоқ. Кім жауапты дегенді тексеріп жатқан ешкім жоқ әзір... Мәселе істің, істің жауапты іс болғандығында, — деді де телефонға, — подстанция! Совнарком хатшысы! — деп тоқтады.

— Бұл бар кеңсенің жеңе алмай келе жатқан қиыншылығы ғой.

— Олай болса алдымда мынадай-мынадай қиыншылық, бөгет тұр деп бірде-бір баяндама неге жасамайсыз? Қаллегиеде, менің алдымда осы мәселені неге бір рет қоймайсыз?

— Онда мен тіпті түк жұмыс істемеген болам да.

— Жоқ, жапа-жалғыз істеп жүрген сіз ғана боласыз. Өйткені менің бірде-бір жәрдемімді сұраған емессіз... А, нәтиже — он кісі...

Қасен тұрып-тұрып шығып кетті, бірақ арқасына аздап суық кіргендей болды.

Жарасбаев бұның көз алдында осы арада шұғылынан өсе жөнелгендей болды18. Бұрын мұндай деп ойлаған емес...

— Қандай зілді сөйлейді?!.. Мықты, нығыз ғой, бәтір-ау, — деп келеді19.

— Е, қойшы, бүйткізіп отырғанның бәрі белет пен орын ғой... Мен жүрейінші сен болған жерлерде... Көрер едің бәлем! — деді ішінен. Бірақ солай деуін десе де, қазіргі халінде өзін бір мықты жуан айғыр сауырлап айдап тастаған саяқ аттай сезді. Ішінен әлденеге кіжіне түсіп терезеге қарады. Үлкен Алматы биігі қарап тұр... Кеудесінде бұйраланып, будақтап ұйысқан бұлт шудасы... Күрсініп маңына қарады... Бұның үстеліне үлкен маманның бірі келеді екен. Аузында папиросы, сіреңке сұрады... Нығыз... көзінде үлкен мүйізді көзілдірік. Қасен сіреңкесін беріп жатып:

— Айтыңызшы, пожалуйста, Алексей Николаевич, Жарасбаев кеңсені қазақыландыр деп тығыз срок, қатал бұйрық берді... Кімді қояйын?..

— Кісі жасап үйреніңіз. Соғыңыз балға, төс ап, е-һе!

— Бәсе... Ең болмаса соларын үйретсе екен!

— Күйремеңіз ондайға... Сезбеуге тырысыңыз. Мен сізді түсінем ғой... Халіңізді түсінем... Не істейсіз? — деп темекісін будақтата тұтатып ап:

— Одан да бір пулке (ертең демалысқа қарсы) жасайық, қалайсыз...

— Жарайды... Жалғыз-ақ ана орынбасарды қоса шақырайық...

— Біреуі ол боса босын! — деп күліп, арқаға қағып: — бастық жағын тәуір көресіз-ау, ә, Қасен Нұрбаич! — деді.

— Мен қазақ бастығына онша құмар емеспін, орыстар нишауа. Олар жай отырыста ұлықтығын ұмыта да отыра алады... Және сөйлесе отырайық! Біраз... Түсінесіз бе?

— Жарайды! — деп маман кетіп қалды.

Қағазына енді аз уақыт қарай беріп еді, бір үлкен нәрсе ойына сап ете түсті...

Салып месткомға келді.

— Жолдас Сергей. — Көзінде көзілдірігі бар ісшіл адам пішіндес жастау жігіт қағазынан басын көтеріп, бұған қарады. — Кеше азық-түлік қартішкесін үлестірдіңдер ме? Менің мәселемді Жарасбаев сендерге тапсырып еді ғой...

— Иә, үлестірдік.

— Мен қай қатегориядамын?

— Екінші.

— Сіз мазақ қыласыз ба? Менің толып жатқан асырап-сақтайтындарың бар... Мынамен тіршілік ете алмаймын деп айтқаным қайда? Істей алмаймын бүйтетін болсаңдар, міне айтқаным.

— Тоқтаңыз, сіз мәселені неге бұнша шұғыл қоясыз?

— Иә, сізге жақсы... Майдалап қоюға...

— Ғапу етіңіз, мен өзім үшіншідемін, сізден төмен...

— Маған оның бәрібір...

Қасен бұл жерде бияздана алмаспын дегендей боп танау қағып:

— Бұл — қазақ қызметкеріне жағдай бермегендік... Сырғытудың әдісі...

— Енді сізді екіншіден ары қай жерге қояйық, айтыңызшы.

— Бірінші қайда, кім алады?

— Ол 10-ақ орын, анық. Анық үлкен маман қаллегия мүшелеріне де жетпей қалды ғой.

— Маған керегі жоқ. Тындағым да келмейді! — деп ата жөнелді. Сол бетімен үлкен кеңсенің асты-үстін шарлап жүріп, әр жерде шанжау-шанжау отырған қазақ қызметкерлерінен:

— Сендер қай қатегория? Сен қайсысы? Қалай болды? Міне саған қазақыландыру. Ал келтірші енді кісіні... Бірде-бір қазақ біріншіге кірмепті... Қара мыстанның осындай льготтің нанын орысқа босқа бергені үшін және мынау местком барып тұрған шовинист20. Айтыңдар осыны! — деп ұйымсыз қызметкерлерге осылайша соғып, ұйым мүшелерінің ішіндегі бір жас жігітке келіп:

— Шырағым, Кәрім-ау, ойлашы, біз тіпті мал үшін емес, ар үшін дейтін қызметкеріміз қазақтың... Оны өздерің білесің... Ішінен ұрайын тап мен сол бес-он қадақ ұнның. Мәселе негізде ғой. Біріншіде бір қазақ жоқ. Біз қалайша тартпақпыз қазақ қызметкерлерін? Кімді шақырсақ та, әуелі шартыңызды, жағдайыңызды айт деп қоя беретінін білесің.

— Бірінші мамандардікі, қаллегия мүшелерінікі ғой... Маман қазақ боса бір сәрі...

— Бар маманға жетіп отыр ма бәрібір. Рас, жеткенінше соларға-ақ берейік. Біздікі не? Солар жесе жесін, бірақ ісімізді істеп берсінші. Мына бесжылдықтың үлкен құрылыстарын осыларға істетіп, Қазақстанды үндістірлейікші. Сол қуанышы да жетеді. Ал тіпті...

Жас жігіт күліп:

— Ай, ағай, оларды бір Америка маманынша қарамасаңызшы. Бәрі де сәбеттің маманы ғой... бөлшектемейік.

— Жоқ, сонда да мен өзім солай сөйлейтін адаммын, шырағым. Саяси бағытты өзің түзей берерсің. Біз қазақша айтқанда өз аулымыз ғой... Олар боса қонақ. Қазақ боп таласу керек емес. Көтере берейік.

— Ендеше, не дау бар?

— Бірақ сонда алғанда ынсап босын дейім. 95 пұрсентті солар алса, бірер орынды қазаққа деп қоя тұрайық та. Ертең маман шыға қалмай ма? — деп көп-ақ жағалап еді. Жас жігіт құр күле беріп, көп түсінбеді21. Қызбады да...

Ішінде ит өліп жатса да Қасен бұ жігітке келгендегі алғашқы маскасын бұзбастан:

— Жарайды, енді бұйырғаны болар... Мен де нербімді бұзбай-ақ қояйын... Құрсын сол месткомның шовинистігі де, бәрі де... — деп шығып кетті. Орнына қайтты. Ішінен бұл мәселені әлі қалдырмақшы емес. Бүгінгі құбылыстарының ішінде жаңағы соңғы өзгерісі өте бір сирек қолданып жіберетін мінезі еді...

Орнына кеп отыра бере тағы Үлкен Алматы биігін көрді... Граниттей қашалған... "Мәлім... мәлім!" дегендей боп шыдап қарап тұр.

Енді біраз қағаздарға қарай беріп еді... Қасына жақындай бере біреу сәлем берді. Басын көтерсе, бағанағы Жарасбаевқа ұсынған үш қызметкерінің бірі Аманбай екен... Ұзын бойлы, шұбар.

Басында пұшпақ бөркі, аяғында ұзын қоныш, биік өкше орыс етігі... мұрты ұзын. Баяғы бір земстволар көзінің қалдығы. Көзге жылы ұшырай кетті. Қол алысып отырғаннан кейін Қасен22:

— Арызыңды Жарасбаевтың өзіне бердім... Сөйлестім... Айттым.

— Жарасбаев кім еді?

— Осындағы үлкен жітіттің бірі емес пе? Осы кеңсенің бастығы...

— Е, мен соның бәрін біліп жүр деймісің, Қасеке-ау?

— Рас-ау... Бұл күнде қазақ ұлығынан көп неме бар ма десеңші? Иә, өзі сөйлеспек... Істегем... Шаруа орнында істегем, көп істегем де...23 Алғырсың. Әне қаренизация деп жүр ғой түге... Істерсің...

Аманбай қомданып ап:

— Е, істейміз... Земствода, одан қаператипте де істегенім бар.

— Бәсе...

— Дақ осы жолы келгенде де мал сабхозының іс басқарушысы боп екі жыл істеп келем...

— Тіпті жақсы... Уай, оның қай совхоз, жақын ба еді?

— Е, мына "Жылға" сабхозы.

Қасен етбеттеп жылжи түсіп, Аманбайдың иығына қолын тигізіп:

— Бәрекелде... Өй, бірдеңе табарың бар ма, жарықтығым. Еттен қурап өлер болдық...

Анау күліп:

— Кешелер кісі боп сұрай алмап едім. О жағың қалай еді, Қасеке-ау?

— Сұрама, ойбай... Қызыл көрінсе шұрқырай түскелі, қолында өлгелі отырмыз Қасымхан екеуміз де. Бар ма бірдемең... Аз-мұз сорпа ішіп, дүниені бір еске алайық!

Аманбай айналасына қарап ап, қазақ көрінбеген соң батылданып:

— Бары бар еді... Бір қара... — деп үңдеңкіремей отырып: — бір аз орын ғана реті бар. Онысын кейін айтармын, жығатын орын бар ма еді?24

Қасен күліп жіберіп:

— Ойбай, о құрғыр табылады ғой... Ана Қасымханның пәтері бар... Тіпті біздікі де жарайды. Іс бола ма өзі?

— Өзіңмен ақылдасам ғой... Бір реті еді дедім ғой...

— Қашан болады?

— Сөйлескен соң бүгін боса бәрібір! — деп біраз отырды да. — Иә, іс қалай екен25. Еңбек жанатын ба? Оңалатынбыз ба? Қалай өзі, қалай?26

— Ой, іс болушы ма еді? Оңалмақтың ауылы алыс, шырағым! — деп салды да артынан Аманбайға қарап ап, көптен көрмегенін, одан бері талай өзгерістер тууы мүмкін екендігін еске алып:

— Ол әншейін сөз ғой... Тырмысып жатыр ғой... Неге болмасын!

— Бұның қайсысы шының?

— Осы ғой шыным... Аштыққа кейде қалжырай салған боламыз! — деп Аманбаймен бірге қоса күліп ап27:

— Рас айтам-ау... Шынында да, бұл біздің ақылымыз бен шамамыз жетпей қалған, бойымыздан асып, ұлғайып алған үлкен іс болды ғой...

— Ал мынаны не дейік?

— Бұл бір уақытша қиыншылық қой... Түзеледі! — деп Қасен бұл әңгімені тұжырды да,—енді әлгіні іс қылайық...

Өзің тіпті сол сабхоздан қол үзбе. Және тіпті орайына қара да Қарағандыға бармай-ақ, осы араның өзінде қал... Білдің бе? Жарасбаевқа соны айт. Менің ақылым осы... Тағы сөйлесерміз... Кешке кездесетін болдық қой!—деді.

Аманбай қоштасып жүре берді... Сол кетісімен Жәмила кіріп келді. Аяқтағы бәтеңкенің бәрі батпақ-батпақ... Маңдайынан, екі қасының арасын жара екі ажым түсіпті... Бүгін тіпті айқынданып тұр... Өңі қашып, қуарған... Қасеннің қасындағы орындыққа кеп отыра кетті...

— Е, немене, жаным? Тіпті өрт сөндірген кісідейсің ғой? — деді Қасен. Өлкелік үлкен кеңсенің таза жарық үйлері бұның тар, кір, иіс-қоңыс, бит араласқан пәтеріндей емес28. Сол сияқты Қасеннің айналасында отырған есепші, хатшы, ең аяғы машина басқыш әйелдер болса да шетінен таза киінген. Бас-аяқтары күтімді. Пішіндері саналы еңбекісе берілгендей мағыналы, ісшіл. Киімдері ерекше үлгілі, таза. Олар да базар мен қазан-ошақ арасында сарп ұрып жүріп, жүнжіп шөгіп, қартайып бара жатқан Жәмила емес. Кысқасы, салыстырудың барлығы да Қасен мен Жәмилаға жайлы емес.

Соның бәрінің үстіне Жәмиланың ендігі, мына келіп отырған түрі... Жазғытұрымғы күн мен желдің салдарынан беті-қолы да жарылып, қарақошқылдана бастапты... Күн түсіп тұрған жарық бөлме ол таңбаларын да ашып берді...

Бір кезде Қасен кеңселерге бастық болып, аяқты кердең басатын мықты да, нығыз да болған. Ол күнде әйелін үйінде күтіп ұстайтын. Кеңседе қызмет қылатын әйелдерге көзқарасы біржолата басқа болатын.

Енді уақыт бұл жағынан да Қасенді қағып өткен... Жәмиласы да, өзі де қырға барса мырза, қалада жүрсе төресымақ болған болса, қазір ол ерке күйден ажырап, әлдеқандай бір жаққа қағылып, қақас қалып бара жатыр...

Үлкен Алматы биігі анау тұр... Бұған жылы қарамайды. Үлкен кеңсе мінекей. Бұ да Қасен деп онша елбіремейді, елемейді... Әншейін жабайы көптің бірі.

Өз-өзіне жаны ашығандай. Жәмиланы аяғандай... Өзге дүниедегі өздерін өгей баладай көрді. Соны сезген сайын барлық сыртқы өзінен бөтен әлемге ызалана, жауша қарады29. Қарақан қара бастың қамы мен күйігі кернеді... Жәмиланың халін ерекше ұғынғысы кеп:

— Немене, бірдеме керек пе еді? Шаршапсың ғой өзің, — деді.

Алғашқы сөзіне үндемей томсыра қарап қалған Жәмила енді кішкене жадыраңқырап:

— Қазторгте шолки, тағы жібек тоқымалар беріп жатыр екен. Ақшам да болмады. Сонда да өшіретіне күн бұрын тұрып ем, дәл жақындап қалғанымда бітіп қалды, құрып қалғыр! — деді.

— Бәсе сөйтпей тұра ма? Бұдан бірдеме алып болушы ма еді? Содан дәме қылып жүргенің!..

— Енді қайтесің, тоқыма киімнен дәнемем жоқ.

— Тұра тұршы сен, Сәлменге хабар жазайын30. Қазкрайсаюзға сондай нәрсе кепті... Триқатаж! — деп қағаз алып, Сәлменге хат жазуға кірісті.

Жәмила дәмеленіп қалды.

Қасен кішкене запискеге қайдағысын айтып, қатты қысылған кісі боп бедел сала жазды да, Жәмилаға ақша беріп жөнелтуға айналды. Жәмила қағазды алып, жердегі картон, оны-мұны салған сөмкесін алып тұра беріп:

— Айтпақшы, әлгі Сәлімнің мінезін білдің бе бүгін? — деп қайта қарады. Таңертеңгі үй ішінің күрең қабағында, інісінің бірдеңе деп жатқанын құлағы шалып еді. Бірақ қызмет уақыты жақындап қап елемей кетіп қап еді31. Енді өзінің де есіне түсті:

— Бәсе, немене сол? Не былшылдап жатты таңертең! — дегенде, Жәмила қайта отырып:

— Анау үйдегілерге болысып, солардың сөзін сөйлеген болады. Солардың көзінше маған тіпті бұртаң-бұртаң етіп ашуланғансиды. — Қасен ашулана бастап сызданып:

— Е, сенде не ақысы бар оның? Қайдан тапқан ол өнерді?

— Қайдан білейін... кісімсіп кетіпті тіпті. "Өздерің неменесің" деп сөйлейді... сөзінің бәрін.

Қасен осыған ұқсаған мінездердің белгілерін биыл інісінен әр жерде сезіңкіреген сияқты еді. Енді айналадағы бұған бөтен дүние бұның үй ішіне де қолын созбақшы... Сол Сәлім пішінінде сыншы боп, қатайып өсіп келеді... Бұрынғы үлгіше үлкен аға боп өсиет айтып:

— Бір үйдің іші, бір әкенің баласы боп, әсіресе жалғасып, септесіп әр алуан жолмен жүрсек те, бір ниетке қызмет етейік! — деген сияқты сөздің бәрін айта-айта тауысқан.

Сәлім үндемейді де, өзінше қиқиып, басқа боп қашаңдап өсіп барады... Енді, міне, қарашы бұны.

— Қалжырамасын білдің бе? Айдап тастармын ондай сөзін қоймаса... Қара мұны, мойныма мініп отырып, енді менің сыншым болғышын. Ауызға ұрып жібер өйтетін боса!

— Өзіңіз де айтып қойыңыз... Өзіңдей оқудағы жігіттер үйіне осы талай нәрсе табады32. Бұның бірде-бір септігі тимейді. Бір нәрсені сен де мектебіңнен әкеп бер десем, өре тұра келеді.

— Адыра қал, белсенді, таза қамсамол ғой...

— Мен дүниеқоңыз емеспін дейді. Ауыздағыны жырып беріп отырған біз дүниеқоңыз боппыз. "Стипендия береді мектеп, сонан басқаны алуға қақым жоқ... Оқып жүріп одан басқаны алуға қақым жоқ!" — дейді.

— Жаңашылын бұның... Тапқан адамшылығым сол дейді ғой. Тұра тұрсын, мен көрейін оны...

Жәмила бұған ырза болды... Шамасы келсе күйеуін бүгін тәуір тамақпен ырза қылмақ ниетті де ойлап еді, бірақ ет жоқ...33

— Бірдеңе азық табылатын жер бар ма екен, білдіңіз бе?

Қасен де Жәмиланың бетін ұғынып:

— Үндеме! Бірдеменің басы қайырылатын түрі бар. Кейін айтам. Ана нәрсені алып көр! — деп қағазына қарады.

Жәмила Қрайсаюзға беттеп жөнеліп кетті.

Қасен бірен-саран қағазды енді қолына алып, асты-үстін аударып қарап, оқи қоймай, кезімен ғана жортып отыр еді қасына Семенов келді...34

Ол — партячейко хатшысы. Қасен біледі. Қымтанып, ісшіл түске міне қойып қамданып алды.

Семенов Қасеннің қасына отыра бере:

— Жолдас Жарасбаев та және партячейка да біздегі қаренизация ісін өнімсіз деп табады... Істеріңіз қалай? Не белгілегеніңіз бар?

Қасен күрсініп ап, қысылып жүрген кісі боп:

— Біз осыны барды салып-ақ ойланып отырмыз. Крайком қаулысы анау! Аппаратымыздың әлі тым құрмаса 10 пұрсенті қазақыланбай жатқаны мынау. Тіпті нанды босқа жеп отырғандаймыз, жолдас Семенов... Қаренизацияға өзгені айтсақ та, тіпті мен бұйракратша қарай алмаймын ғой... Енді біз қазақтан шыққан кеңес қызметкері...35 Шын пейілімен жұмыс ететін, мал үшін емес, ар үшін қызмет ететін адамдар олай қарау мүмкін емес қой.

— Иә, әрине, тиімдісін айтыңыз. Дәл істі айтсаңызшы...

Қасен жөткеріп жөнделе беріп:

— Иә, иә, әрине! — дей беріп терезеге қарады... Үлкен Алматы биігі сыздана қарап тұр... "Жорт, жорта тұр, Қасен!" дегендей36.

— Иә, әрине, іс керек. Бірақ білесің бе, жолдас Семенов? Біздің партия, үкіметтің өзі де біледі... Қазақ қызметкері, әсіресе кеңседе дұрыстап істей аларлық үлкен қызметкер табылуы өте қиын.

— Төменнен тарту керек. Үйрету керек. Аз уақытта маманданады. Тіпті болмаса бухгалтерліктің, ұйымдастырушының, аздаған мамандықтың курстері бар, соларға кісі жіберіп оқыту керек. Орыс қызметкерлеріне қазақ тілін білуді шарт ету керек. Араларында тіл оқу жұмысын ретке бастырсын. Ол өз міндеттері, соны істеуді де сіз бақылауыңыз керек... Осылардан не істедіңіз?

Қасен басында сасыңқырап қалып еді. Өйткені жаңағыдай жасты алып оқытып, төменнен өсіру сияқты істер мұның ойламаған шаралары. Бірақ бір ырғалып оңалып ап, міз бақпастан:

— Осы айтқаныңыздың бәрі біздің белгілеп отырған шарамыз. Тіпті партячейканың ойына да жақсы келген екен. Бірақ бұл күнге дейін жәрдемшім болмады, білесіз. Енді партия жәрдемдессе, әрине... Енді тырысып көрейік.

— Бұл шараларға сіз әлдеқашан кіріскен болуыңыз керек?

— Енді, жолдас Семенов, осыдан былай біз де партияны үнемі құлақтандырып, білдіріп тұрайын деп, өзім де бүгін сізге барғалы отыр ем.

— Сонда істеген шаруаңыз қайсы?

— Әзірше бір жағынан маман қазақ дайындау ниетіміз ғой. Сондықтан... — деп жөткіріп ап, — он студентке стипендия... тағы төрт студентке стипендия...

— Ол белгілі, ол жолдас Жарасбаевтың қатысуымен істелген.

— Иә, иә, — деп бұлдырата, — рас жолдас Жарасбаев та біледі, — деп сонда да өз жағына ойыстыра кеп: — одан бері де жергілікті облыстық аппараттарға кісілер ұсынып отырмыз. Осы араға да бірен-сарандап алған болып жатырмыз... Енді партияның беті бұл мәселеде ашық мықты... іс болады. Бірақ осы жөнде барымызды салып барып бірімізге біріміз жәрдемдесіп партияның тапсыруын орындаймыз...37

Семенов сөздің бұл түрін қысқартпақ боп:

— Жолдас, енді бұл күнге шейінгінің бәрі бос сөз болған. Қай жолмен қандай шара істемек боласыз, сол туралы нық тұрақты жоспар жасаңыз. Екінші әрбір он күнде осы жөнде, барлық істеп келе жатқан ісіңіз жөнінде бізді де хабарландырып тұрыңыз! — деп жүріп жетті.

Қасен қалбалақтап:

— Құп-құп... Пәлі, тіпті жақсы болды мұныңыз... Жақсы! — деп Семенов бөлмеден кеткенше алғыс айтып, дән ырза болған кісі боп қалды.

Сәлім таңертең Жәмиламен қақтығысқаннан кейін сабаққа — вузына кеткен еді. Күндегі сабақ бар, қамсамол ячейкесінің нагрузкесі, пропком тапсырмалары бар — соның бәрі бұның уақытын лық толтыратын. Қаридорда сабақ-сабақ арасында, сталобайда, кешкі жиналыстар арасында немесе студенттер общежитиесінде бітіп, тынып қалатын міндеттері де болады.

Дені сау, қайратты, екпіні мол. Жалғыз-ақ ұйқысы қанып тұрса болды. Педжакты желбегей салып, шашын будырата сілкіп тастап айнымайтын, аумайтын көңілді пішінмен істерін істейді. Ісі бар, сөзі бар адамдарды көрген жерде ұстап алып, біріне жұмыс тапсырып, біріне жөн үйретіп, біреуімен дауласып қалып, елгезек қажымас, кайтпас шабуылшының міндетін ада қылады.

Бүгінгі күн де сондай тынымсыз, сансыз көп міндеттің күні еді. Қажыдым демес еді. Бірақ уақыт, уақыттың қысқалығы, еңбек күнінің шолақтығы қажытады38.

Арасында сабақ.

Осындайдың бәрінің ортасында жүріп үйдегі тұрмысы, аға-жеңгесі және ана қырдан келген туыстарының халі, мінездері дегеннің бәрі бұны бүгінге шейін көп шұғылдандырмап еді.

Кеш келеді... Төсегінің қасына орындық әкеп соған лампаны қойып, ауыз үйде кітап оқиды. Күндіз боса сабақ бітісімен сталабайдан тамақ ішіп, вуз айналасында жүріп қалады... Кейде общежитиедегі жолдастарға да қона кетеді.

Бірақ Сәлім енді бала емес. Өзі меңгеріп жүрген істердің ішінде талай үлкеннің қолынан келмейтін қиындары да бар.

Ол әлі кеңседе істеп көрген жоқ. Бірақ кеңсеге керек ұйыстырғыштық ісшілдік, екпінімен есіп кететін тапқыштық бәрі де бұнда көп.

Әсіресе осының бәрінің үстіне өз-өзіне сену күшті. Қай нәрсені алса да жалтақтамай, іркілмей маңдайымен жара қимылдайды, батыл батыл кіріседі. Өз ішінен: кеңседе істеп көрмесем де бір бұйракраттан кем істемеймін деген сенімі ілесе жүреді...

Қырдағы аға-жеңгелері келгелі он бес күндей болып еді. Оларды шақыртып қасына алдырудан Қасен қашқалақтаған-ды. Бірақ Сәлім алыста жатқан ауру-сырқау жайларын ұғып, Қасеннен адресін ептеп алып, хат жазып жіберген. "Келіңдер, бірге көреміз" деген. Оларды бұл жете білмейді. Бірақ балалық күннен шалалау сақталып қалған бір елес — аға-жеңгесі Қасеннен қатты қаймығатын. Сонымен бірге оны төбелеріне көтере күтетін. Жүрісін, тірлігін медеу қылатын. Елге Қасендер келеді десе алдын ала:

— Қасен, Қасен, төрем... Төрем келеді, — десіп ауыл, ауданға да мақтан ететін...

Сол аға-жеңгенің қолында қырда өскен Сәлім 10—11 жасына шейін Қасенді аналардан да бетер аспандата, сағымдандыра түсінетін.

Өзгеде жоқ аға, ерекше аға бұнда бар. Ол Сәлімді оқытады, өзге бала көрмегенді бұл көреді... Ағасы ел ішінің үлкендеріне, бай-бәйбіше, үлкен қарияларына құрметті аға.

Қатын-қалаш арасында Жәмила да бір ертегі болатын. Киімі бөлек, қалпы басқа... Қызықтырады. Бірақ құлаш жетпес алыста.

Әшейінде алыста көптің бірі боп, құба төбел боп жүретін аға-жеңгесі, Қасендер келгенде қоқиланып, айбаттанып кететін.

Қасеннің елге келуі жырдай еді... Сәлім басында осының шұғыласына мас болумен өсті. Ағасының қасына отырып, қыдырса жанына еріп немесе көптің көзінше кейде Жәмиланың алдына да отырып та қалады... Сынамайтын, талғамайтын күнінде бұл жайлар Сәлімнің еркін алған халі болатын.

Содан алғаш қалаға келіп оқи бастағанда да, талай жылдар Қасеннің ығында жүрді. Сынап қарап көрген емес. Міні бар шығар деп әсіресе ойламаған. Осыдан екі жыл бұрынға шейін болған күйі осылай еді.

Сол бұрынғы тексермеген, сынамаған балалық түсініктерінің көбіне соңғы екі жыл түзетулер кіргізе бастады. Екі жылда да Сәлім ағасынікінде емес, общежитиеде тұрған. Сол уақытта вуздың екі жылдық сабағын оқыды. Биыл үшіншіге шықпақ.

Қыс оқуда, жаз қалхоз, сабхозда практикеде болып жүрді. Мамандық білімін ауылдағы көп жаңалықпен байланыстырып, тәжірибемен өсті. Ағасыныкіне екі жыл ішінде ұзағырақ көп тұрғаны осы соңғы бір ай еді. Жазға салым общежитиенің отыны азайып, тұрмысы қиындап, оқуға бөгет шыққан соң келген еді.

Және бұрынғы ертерек кездегі балалық шағының естегілері бұрынғы ескі ұясы сияқты болған бір орынға тартқан-ды39.

Бұл бір уақытша, өзіне есеп бермей бой ұра кеткен сезім сияқты болатын40.

Бірақ осы соңғы бір ай, әсіресе қырдағы үлкен аға мен жеңге келгеннен бергі 15 күн Сәлімге Қасен мен Жәмиланы шындап таныта бастаған.

Бүгінгі таңертеңгі оқиға сияқтылар осының алдында да бір-екі рет болып өткен. Әрқайсысының кезінде не болған өздеріне?" деген сияқты бір қалыпты сұрақ қоятын.

Бұл Жәмилаға әншейін бір күңкіл есепті, оны да Қасенді де ойландырмайды. Екеуіне де дарымайды. Бірақ Сәлімнің өзі үшін бұл болымсыз сұрау емес. Күннен күнге ішінде өсіп, ұлғайып, кернеп келе жатқан сұрау. Көбінесе сыртына шығарылып айтылумен қатар, өз ішіне, өз-өзіне берген сұрау да сияқты.

Плитеден құлаған табақ емес, сондай боп құлап күйреп баражатқан "аға-жеңге" дүниесіне, ескінің дүниесіне қарап тұрып, еті тіксініп жатырқап тұрып берген сұрақ. Ол өзінен алыста қалған, жат, мағнасыз, нәрсіз күйкі бір дүние.

Сондықтан бүгінгі қақтығу Сәлім үшін үй ішінің ғана жыбыры емес, екі бетке шығып қалған, екі жағаның адамының көзқарастары сияқты.

Қасен кеткеннің артынан, көп кешікпей вузға қарай Сәлім де кетті.

Бірақ бүгінгі көңілінде жол бойы ескеріп қарауында алдынан ылғи ағасы Қасен көлденеңдейді де тұрады.

Еріксіз соны тексеріп, сынап өтті. Енді бұрынғы балалық сағымның бәрі кеткен. Көз алдында Қасен біртіндеп-біртіндеп тонала бастады.

— Оқыған десем... бұрын білгіш көрсем... Жаңылыс! Ешбір жайдан бірде-бір іргелі тұтас білімі жоқ. Оның үстіне еш уақытта кітап қарастырмайды. Ілгері баспаса, кейін кетпекші емес пе еді? Онан соң бұрын Маркс, Ленин жүйесін, диалектиканы оқып па?41 Ол кездегі оқуда бұлар жоқ. Оны бүгін ғана білуге болады... Ол жүйе жөніндегі надандығы. Және тіпті жалғыз жүйе ме екен?

Бұрын "атақты, көпшіл, қамқор, ақ жүрек" деген бірдеме-бірдеме сөздер Сәлімнің есіне түсті. Осыны елде Қасенді жағалаған атқамінерлер айтатын еді. Үздік-үздік есінде қапты.

— Е, бұрын кім үшін, не жайда атақты болдың?.. Мәлім! А, қазір де атақты деген ат үйлессе — атақты врач қанамысың? Бұрын аға-жеңге, іні, немере... Ауыл айналаға да боса "жақсы кісі" атанам деген талабы бар сияқты еді. Бүгінде плите мен қазан-ошақ. Індегі суыр!.. Қарақан қара бастың, жаман құлқынның "санашылы". Айналаның ұлы жаңалық, алып туындыларының бәріне таңертеңгі шай, түстегі тамақ, сатып алған табақ, шөлке бұйым тұрғысынан қарайсың, ә? Сациализмді қарғап-сілейсің!

Басқан сайын өз сыны дөп тиіп жатқанын сезді. Әрбір талдауы Қасен мен Жәмиланы жаныштап, ұрып жатқанын сезеді.

Ызалана ойланады, аяғы шапшаң басылып кетіпті, жұдырығы түйілген, қабағы да түксиіңкіреп алыпты.

Жалғыз Қасендер емес... Бұл өзінің де кейбір артқы күнін шенеу... Осы күнге шейін сынамай, талғамай, әлденеден — "тәуір еді-ау" деп жүрген балалық дәуірі, Қасеннің ығында өткен дәуірі бар емес пе? Соның жылтырауық қабағын енді өз қолымен сындырып, аямай лақтырып келе жатыр...

...Жылтырауық қабық бәрі де!.. Оның аржағы, шыны, дарашылдық... Мещандық. Ескі дүниенің "сациализм құрылысына қарсы бол!" — деп тастап кеткен құнсыз қайшылығы.

— Соншалық құнсыз болғаның сондай жақсы болар ма қайта? Сені көріп "қимайтын ескім мынау ма?" деу үшін. "Сол күнгі тарихың, кісің осы ма?" — деп нұсқап көрсетіп, жиреніп торығу үшін де боса керек шығарсың, сен әлде!..

— "Ей, қалшы арман!".. — деп қолын сілтеп қалды... Вузға жеткен екен. Қолындағы тезистері есіне түсті.

Бүгін пизматтың балаларымен палит бой! 3

Рас, осы ойлардың қазіргі мәселе үшін керегі де боп қалар. Адам санасын қайта түзелту... Жаңғырту... Қалдықтармен алысу. Тұра тұр.

13-нші аудиторияға келді.

Екі топ та жиналған екен.

Бір топтың мықтап сенген қамсамолының бірі — Сәлім.

Мәжіліс басталды, мәселе жазулы тұр... Тақырыбы да, сұрақтары да тізілген. Қызылға бояп, үлкен жазумен айқындатып қойған тақырып: "Новое в организационных принципах нашей партии", — дейді.

Сұрақтарға алғаш жауап беріп өтетін пизмат тобы. Орталарынан ең әуелі Сәлімнің өзі құрбылас бір қамсамол шықты. Ұзын қара шашын ортасынан жара қайырған. Ашаң сұрғылт жүзі бар. Өзіне өзі сене сөйлейді, тақырыптың негізгі мәселесі қып — "палитотдел" жайын баян етеді.

Кездескен екі топтың оқушылары қағаз-қарындаштарын қолына алып, кейбір қысқа белгілер жасайды. Тегіс зор ықыласпен тыңдайды. Бәсеке жарыс емес. Қызба-таластың да ажары емес. Білмек, ұғынбақ, көптеп отырып тереңдеп түсінбек, ғылымның көп инесімен құдық қазбақ.

Алғашқы студенттің артынан сол топтың екінші, үшінші адамдары шықты. Бірінің бірі кемтіктерін толтырды...

Сұраққа кезек берілді. Сәлім сұрақ берген жоқ. Жолдастар негізінде көп қателескен жоқ. Бірақ оқығандары көп нәрсе емес. Молырақ, тереңірек әзірлене алмаған. Сондықтан әрбір негізгі жайларды қорытып тұжырып айтқан жерлерінде тиімді дәл қып тұжыра алмайды. Астын-үстін кете береді. Кейде шұбалаң, ұғымсыздау. Кейде тым шолақ, жеткіліксіз.

Өз тобының кейбір "палит бой" дегеннің сыртқы түріне бой ұрып, аналардың жаңағыдай олқылықтарына күліңкіреп, кіжініңкірей түскені байқалып еді... Қасында отырған біреуіне Сәлім:

— Бұл маңызды оқу деп біл... Балуан күрестіріп отырғанымыз жоқ, — деп қағып қойды...42

Сұрақтардың ішінде бұлар тобының бір баласы:

— Палитотдел күшті ме, райком күшті ме? — деген бір сөзді сұққанда, бұл уақытқа шейін салмақпен томсарып отырған топ ду күлді. Алғашқы баяндамашы күле тұра жауап бермек болып еді, бірақ жауабы: шын сол күштілік, салмақтарын салыстыру бетімен кетті. Мәжіліс тәртібі бұзылып, әр жерден жапыр-жұпыр сөз шығып, сұрақ беруші, бірен-саран дау айтушылар да боп қалды.

Алғашқы, екінші, одан үшінші жолдастар түзейміз деп кірісті. Бәрі де репликеге жауап беріп немесе алғашқының бетімен кетіп, мәселе жаңылыс түсініктерге қарай шалқыды.

Осы кезде Сәлім сөз сұрап ап:

— Жолдастар, олай емес — дегенде, екі жақ та қайта тынды. — Сұрақты қайсысы күшті деп қою да қата... Оған: анау әлсіз, мынау күшті деп жауап беру де теріс... Бұл болыс күшті ме, би күшті ме деген есепті. Екеуін екі бөлек екі жақ қып түсінуге болмайды43. Бұл екеуі менің ойымша диалектическое единство, — деп сол пікірін бір дәлелдеді.

Екі топ та осының алдында аз ғана ала жарқын болған қалпынан кетіп, бұрынғы ісшіл-ынтымақты, тізелес топтың күйін қайта тапты.

Осыдан әрі Сәлім баяндамаларға сын бере отырып: "палитотделді" партияның, үкіметтің неге жасағанын толықтырып айтып кетті. Тыңдаушылар аздан соң тауып айтқан жерлеріне, тиімді пікірлеріне сүйсініп күліп, жадырап қап отыратын болды. Бара-бара екі топ екенін де, жігін де ұмытқандай болды.

Сәлім оқып, зерттеп алған мағлұметтерін түгелдеп кеп, ең аяғында: "Палитотделдің тағы бір зор міндеті — ауыл мен қала арасындағы айырысты жою еді ғой. Соны жойғанда салт-сана, мәдени жолдағы тәрбиені өсіріп отырып, адам санасындағы ескі қалдықтарды құрту. Ол қалдықтар қалада бір топ болса, ауыл-пәсөлкеде онан да коп, онан да әрі неше алуан.

Партияның тартуға алатын үлкен ауыр ушастігі ауыл санасы. Соны сол сонау алыс көмбеден тартатын міндетті, сенімді тартушының бірі осы "палитотдел" болу керек деп білем мен!" — деді.

Сәлім пікірлері, сөздері ішкі қалпымен, сыртқы түрімен де топқа әсерлі, көрнекті боп сезілді. Жиналыс тарап, жолдастарымен сөйлесіп шығып келе жатқанда, сөз арасында Сәлім:

— Бағанағыны толық пайдалана алмадым-ау... Керек еді-ау! —деп іштей есіне алып өтті.

Түс ауа Жәмила үйге қайтты. Күн ыстық, көше шаң, пәтері қала ортасынан қашық, шетке жақын. Таңертеңнен сарп ұрып базарда, шірет-шіретте қақтығып жүріп қажыған. Оның үстіне Қасеннің запескесімен Крайсаюзге барып, күні бойы зарығып Сәлменовты күтті. Барған кезі 12 шамасы еді. Бірен-саран кісіден сұрағанда: "басқарманың жиналысы, сонда отыр" деген. Онда жиылыстың ұзақтау болатынын Жәмила қайдан білсін. Көріп, жолығып кетпек боп, сонда тұрып қалды44. Жиылыс созыла берді... Бір сағат, бір жарым сағат өтті. Тастап кетейін десе, бір-ақ есіктің аржағында жап-жақын жерде Сәлменов отыр. Бере ме, бермей ме? Бірақ қалайда ол бір мүмкіншілік. Шолки, трикатаж... ала қаса, ол да кіріс. Қызмет қылмайды. Табар табысы жоқ. Үй іші боп киіну, ішіп-жеу. Тұрмысын дұрыстау жалғыз Қасеннің ғана міндеті емес. Жәмила да бірдеме тауып, оны-мұны кіргізу керек. Өзінде аяққа оралар бала жоқ. "Шаруа, қызмет қап барады" — деп аяйтын қымбат уақыт та жоқ. Сондықтан әр күні45 осындайдан, не шіреттен, не базардан бірер бұйым, біраз азық тауып қайтса, тыныштықты сонда ғана алатын.

Күйеуінде кеңседен алатын жалақыдан басқа сырт табыс жоқ. Әр кезде ақша аздығы да арқаларына бата жүреді. Сол себепті үй ішінде пұл жағы тиынға шейін санаулы. Бар нәрсесі де есеп. Базардан саудагер қолынан көп нәрсе ала алмайды. Жиынып-терініп кеп46 анда-санда амалсыз керек болған бір нәрсені, айында бірлі-жарымды ғана ала алады. Мысалы, бағана плитадан құлаған үлкен табақ, әттең, соның күйігі-ай! Бұл халдер Жәмиланы шіреттен-шіретке, кеңседен-кеңсеге, таныстан-танысқа айдайтын қуғыншының бірі. Үзіп-жұлып алып қалу. Қасен екеуінің тілінше: "орайын қағыстыру". Сонымен Сәлменов сияқтыларды айналдырып, жабыса, жалына тілек тілеп арзанға алып қалу — Жәмила қарекетінің ең зоры.

Бұл есепке ол әбден ысылған. Кейде кеңседен емініп алып, ертеңінде базарға ұстап бағалы етіп сатуға да болады. "Орайын қағыстыру, есебін табу" жөнінде, тегінде Жәмила да, Қасен де ұяла қоймайтын болған.

Кей күндері екі жерде екі нәрсенің орайы кеп қап шірет бөгейтін болғанда, Жәмила шіретте тұрған өзге қатын-қалаштың шарай тобын алдап, жақауратып, ұрланып, шіретсіз кіріп кетуді де талап етеді. Онысы кейде іске асқанмен, кейде ұсталып қалса, артисше байқамаған, білмеген, тіл ұқпаған надан меңіреу бола қалып құбылуды ойлайды. Кей шіретте омырау, қара құрық керек. Біреуді біреу баспалап, итермелеп, сығылысып қақтығысып жатады. Жәмила ондайда қақас қалып, еседен айрыла қоймайды. Өтірік айтып, ұятсыздық қылса да тырмысып, тіс-тырнағымен жабысып көреді. Сондай-сондай мінездері көптің көзіне түсіп қап, тентектігі білініп, екі-үш шіретте жұдырық жеп алғаны да бар.

Әсіресе бір ұйғыр әйелінің бұны көпке әйгілеп, кінәлап алып, шуылдап боқтап, ұрсып жатқан көп қатынның көзінше кеудеден "ыңқ" дегізіп бір ұрғаны әлі есінен кетпейді... Бірақ оған шыдап, оған көнбесе, тамар жоқ. Өздігінен дүние келе ме? Осымен кейде алдайды да, кейде қымқырып ұрлап жібереді. Кейде ұялатын жерде ұяла алмай, жуан мойынмен көтере кетіп, қайта оңалып алады. Тағы сондайын істейді... Бұл жөнде Қасен екеуі үндемей ұғысады. Үндесетін де немене бар? Бір тілек — бір білек. Қас-қабақ, ыңғай-шырай осындайда ұғыстырмаса неме керек? Қысқасы, Жәмилада жаңағы күйлер — соңғы жылдардың моралі, мінезі болған. Нәтижесінде "болыр бір фәндәдән, юз фәңдә бижайді" кореец енді көрер ең...

— Үйде обед те дайын емес... Япыр-ау, шықпады-ау... Тоссам ба, тоспасам ба?.. Тоспасам шолки, флатие... құрғыр-ай түге... Не ғып қадалып қалып еді... — Бәрібір кете алмады.

Ақыры Жәмиланы сарғайта-сарғайта кеп бір заманда шыққан еді Сәлменов. Бірақ шыққаны бар босын. Амандасқан, жәй-күйін сұрастырған, қалжақтаған боп келіп, Сәлменов:

— Әлі баға қойылған жоқ. Өзім хабар етейін! — деді...

Жәмила қынжылып:

— Апыр-ай, сонша күтіп ем... Бір есебін табарсыз деп ем? — деп қадалып көріп еді. Сәлменов кете беріп:

— Шын айтам, әзірге ешкімге де сатылмайды! — деп тұжыра жөнелді... Жәмила артында қала беріп, ең соңғы рет:

— Осыдан құр қалдырсаңыз енді қиын-ақ...

— Жарар... жарар!

Сонда да ұзап қалған Сәлменовты қуалап айтқан сөзі:

— Ең болмаса Рахилаға алған сыбағаңыздың жарымын беріңіз қиып, — деп қала берді47. Анау үндеген жоқ. Үйге келе жатып шаршап, шалдығып Алматының көшесі мен пәтердің алыстығын қарғап-сілейді...

Тізесі бүгіліп, кеудесі еңкіштеніп өрге таман басып келе жатқанда аяғы біресе қалың майда топыраққа бұрқ беріп кіріп кетеді. Немесе тас жайған жердің шодырайып тұрған шошақ тасына қақтығып кетеді. Желіп келе жатып томашаға сүрінген арық аттай тапыр-тұпыр етіп күрс беріп, жығылуға айналып қалады. Жұлын тұтасы үзіліп кете жаздағандай болады.

— Ой, адыра қал, адыра қалғыр қу немесі! — деп әлденеге кіжініп, тістеніп ап, зәрін шашады. Маңдайынан өткен ыстық күнді де қарғайды. Сонымен күйіне-бүліне үйге жетті. Қызметтен қайтқан Қасен теріс қарап бүктүсіп, ас күтіп жатыр. Үйге келгенде ол ауыз үйден сызданып, қабағын қарс жауып түйілігі өткен. Аға-жеңге үйді сыпырып, тазалап, күйбең-күйбең бердеме істеген бон жүр екен. Олармен сөйлескен жоқ. Барлығын сезбей, елемей өтті. Жәмила келгенде аға-жеңге жалтаң етіп, пішініне қарап жіберіп, именген көздерін қайта төмен салып еді.

Келін түйіліп томсарып жүріп примус жақты. Қайнаға таңертең келіннен есіткен қатаң сөздерді амалсыздан жұтып, бойына сіңірген еді.

Енді ұрысқан кісідей үндемей түнеріп отырудың бабын таба алмады. Дәнекер де, тетіктің бәрі де келін қолында көрінді. Ол тағы бар.

Қасен болса бұлар келгенде алғашқы күн біраз сөйлескен болды да, артынан әңгімелесуді де қойды. Соңғы он күн ішінде бір ауыз жауап та қатқан жоқ. Сонымен келіннен жылырақ шырай күткен дәмемен: '

— Қарағым, келін, — деп жанынан бағанағы табақтың сынықтарын алып шығып, — мен мына табақты әлі де іске жарайды деп тұрмын... Өзі үш-ақ бөлінген екен. Міне қиюы мынау, — деп Жәмиланың түсіне қарады. Жәмила ескі жарасын еске алып, тұтанып тұр екен.

— Өзін ертең біраз ақша берсең, мен өзім базарға апарып, бір-екі жерден мыс шегемен ұстаттыра қойсам деп...

— Енді алдап-сулап ақша қағыстырайын дедіңдер ме? — деп теріс айналып өз-өзінен сөйлеген боп тұлан тұтып жүріп. — Сендейлер бес тиындық нәрсені он тиын деп, арасынан пайда қағыстырады. Ендігі ойлаған есептерің со ғой... Жырып жемеген күнің болушы ма еді, түге! — деп есікті тарс деп жауып, шыға жөнелді. Қарсы алдынан дәл сол кезде Сәлім кіріп келе жатыр еді. Ол аңырып, жол беріп тұрып, Жәмила шыққан соң үйге кірді.

Түсі жадырап жайнаған, ашық. Көлеңкесіз көңілді күйде. Бұл жол бойы Алматыдағы көктем күні мен табиғатқа ерекше бір сүйсініп, тамашалай келіп еді.

Жас, сау денесі бұлтсыз ашық шағырмақ күнге де еміренеді. Әлі шаң баспаған, ашық жасыл түске боялған ұсақ, жас жапыраққа да түшіркенеді. Зәулім биік, сұлу серек теректерді өрлей бітіп, жамырап қаулаған уыз жапырақтар48 көше бойына қарағанда тіп-тік қарағай. Мұз беткейлі жасыл таудай көрінеді... Неткен сұлулық. Аяқ астында, басы қарлы биіктерден аққан мөлдір сулы тас бұлақтар ойнайды. Арық емес, ақын айтқан мұз бұлақ. Еріксіз күйге, жырға тартады. Өрік, алма, сирень ағаштарының ерте шыққан, ақ түсті ақшыл, қызғылт түсті, көкшіл-қызғылт түсті гүлдері көрініп қалады. Кейбір түптерде, саяда отырып үзілте ширатып сыңғырлап толғап қалған бұлбұл үндері жара жөнеледі.

— Қалай біздің көктем?.. Өзгенікі емес, анық даусыз біздің көктем! — деп Сәлім бір омырау екпін, ағын сезеді...

Жүргінші аз шаңсыз көшемен келе жатып кеудесі толғанша дем тартады... Неше алуан әдемі иістердің жібек талдай ағымдары үзіле-үзіле келіп ішіне енеді. Осындай күймен кеп есікті ашып жібергенде, алдынан таңертеңгі Жәмила тағы да атқуылдап шықты.

Төрге қарай баса беріп, үлкен жеңгесіне қарап:

— Жеңеше, немене, әлі қоймай жүр ме? — деді.

— Қалқам, кенжем, тілінді тыңдаушы ма еді? Жәмилаға қой десеңші, әдейі ме?—дегенде күйеуі бұның сөзін бөліп:

— Мына табақты жамауға болады ғой... Ақша берсең жаматайын деп ем.. Мені ақша ұрламақсың дейді! — деп басын шайқап күрсініп, — бөтеннен де естиім деген сөзім емес еді! Өз туған келінімнен... алақаныма сап аялаған Жәмиладан... амалың бар ма?..

— Туған келін, кешегі мына кенжемнен, төремнен бетер көрген балам, бауырым деген Жәмила! — деп жеңге кемсеңдеп жылап жіберіп, көзін жеңімен сүрте отырып, — құрып қал дейді, ұры дейді. Мені былай қойшы, сақалды басымен мынаған!..

Сәлім бұл екеуінің халіне кіріп, жайларын түсінді. Түсінеді, бірақ бұл бір орыннан тіпті тапжылмаған, қаймағы бұзылмаған жабайы дүние... Өткен ғасыр... Сәлімге жаласы жоқ. Бұнымен еш ортағы жоқ, алыс ескілік.

— Сіздер әлі баяғының соңында. Ол орыннан жұрттың бәрі кеткен... Қайда кеткенін өздері білмесе де, бұлар да! — деп төргі үй жақты көрсетіп, — әлдеқайда өзге болған. Ә, сендер баяғыны айтасың...

Ана екеуі түсінген жоқ... Аға Сәлімге қарай еңбектеп сыбыр араластыра сөйлеп:

— Сәлім, жөнін түсіндірші. Әлде ақша, тамағы жоқ па екен? Аз ғана асына ортақ болып, жұттай тиіп отыр ма екеміз? Жөндерін айтпайды. Тіл қатпайды... Сол шығар әлде?

— Жоқ, ол емес, екеуден екеуі, паектері жақсы. Запастары мол... Бос жылана береді, — деп Сәлім нығап сөйлеп, — сендердің маңайлағаныңды сүймейді. Тамақтарынан бөліп тастап, осы ауыз үйге ішкізіп отырғаны бейілінің дұрыстығынан деймісің?

— Рас... рас! — деп, аға басын изей бергенде, Жәмила қайта кірді. Мынау тына қойды. Бірақ Жәмила бұрынғысынша әлі тұтанып жүр екен.

— Жұмыс қылуға жарайды... Іздегендері қу құлқыны ғой. Неге еңбегіне жалынбайды... Тағы кеп масыл боп, жұттай қысып... —дегенде Сәлім мырс беріп, мысқылдай күліп:

— Немене, Жәмила? — деп, — Жай салмақты ауырлап жүрсіңдер, батып жүр, ә?49

Жәмила ереуілдей қоя берді.

— Ал, иә, батып жүр. Не демек боласың?...

— Тамағыма ортақ болды... Шығынға батырды дейсің, солай ма?

— Солай дегенде қайтпекші ең? Біз емей, сен шығындап отырған шығарсың.

— Қалай құтылудың амалы табылады дейсің, солай емес пе? — дегенде Жәмила шатынап, ашуланып айғаймен сөйлеп:

— Тәйт сандалмай, сен менің сыншым боп отырсың ғой, жетіскен немемсіп!

— Қандай азғынсың, қандай кіп-кішкене боп, ұсақ боп кеткенсіңдер?

— Сын сенің не теңің? Қолыңнан бірдеңе келсе сынасаңшы! Өзің масыл боп отырып.

— Қой, олай деме, мен масыл емеспін саған!50

— Масыл емеспін? Ендеше, неге кеп жүрсің?

— Сенің бірдемеңмен пайдалану енді маған ар, білесің бе?

— Ойбай-ай, жетіліпті ғой! — дей бергенде төргі үйден Қасен атып шықты. Қанын ішіне тартып ежірейіп алған, Сәлімге тіксініп:

— Сен не сандырақтап жүрсің әй, осы кісімсіп?

— Мен сандырақтаудан аманмын. Біз сандырақтамаймыз, тегінде жөнді айтамыз! — деп салмақпен жауап беріп ағасына қарады. Қымсыну жоқ, үлкен нығыз сабыр бар бойында, тең көрмегендей... Қасен осыны түсініп бірқатар үн қата алмай, қалшылдап, көзі аларып тұрып, аяғында жұлқынып жұдырығын түйіп қап, сөз таба алмай тұтығып:

— Үйтетін босаң, аулақ кет менен! — деді. Әншейінде өзге жерде шығара алмайтын ызасы қазірде барынша сыртқа қарай керней жөгеліп еді.

Сәлім түк селт етпей:

— Тіпті жақсы, мен өзім де кеткелі отырмын... Бірге болуым өзі де мүмкін емес!...

Қасен бұрынғысынан да булығып сөз таба алмай:

— Мойныма мініп отырып! — деді.

Сәлім атып тұрып:

— Өтірік! Жәмила айтсын оны. Тым болмаса сен айтпасаңшы. Бұ күнде сендердің есең кетіп отырған жоқ менде... Жалған айтпа. Бірақ бітті, болды енді. Ақымақ болғам мен! — деп қайтадан сабырлы салқын күйіне кеп, — бірақ жақсы болды енді бұл... Білдім, таныдым бәрін де!51 — деп төсегін жинастыра бастады.

Қасен ішікен:

— Мынау қайтейін деп жүр! — деп енді есі кіріп, артын ойлап қорқақтай бастағанда52, бағанадан ыңғайсызданып отырған аға:

— Қарақтарым, қойсаңдаршы, бір ата-ананың баласы едік қой, — дей бергенде Сәлім:

— Сөз шығын қылмаңыз... бітті... Халас! — деп кепкесін басына киіп алды. Менсінбеу Қасенді қайта қоздырды. "Өлсем де енді бәлем-ай" дегендей қып53:

— Алған тәрбие-тәлімің... Болдым-жеттім деген адамшылығың осы ғой! Құнсыз!

— Тәрбие-тәлімге соқтықпа, Ол сіздің бойыңыздан жоғарырақ! — деп Сәлім сұрланып қатайып алды...

Қасен өз ішінде інісіне арналған терең түкпірдің жаулығын, қарсылығын сезді. Енді оған біз сұққандай бірдеме айтпақ, істемек боп қарманып еді, көңіліне бір ой жарқ ете түсті. Қайтадан тепсініп:

— Жетілген, асқан неме екесің ғой, ендеше... — деп сұқ қолымен аға-жеңгесін нұсқап тұрып, — ендеше, алып кет мыналарды менен... Мен жақсы туысқан болмай-ақ қоям ешқайсыңа. Болғам... тойғам... жетті! — деді.

Аға-жеңге жылап жіберді. Екеуі Сәлімге жалынып:

— Қарағым, Сәлім, кенжем, сен қойсаңшы... Не деген сұмдық?.

Сәлім оларға ашуланып:

— Қой, немене жылайсыңдар?.. Сорлысыңдар ғой сендер де. Сондықтан жылайсыңдар ғой ас үтін!

Қасен тістеніп кекетіп:

— Сондықтан жылайсың?

Сәлім аға-жеңгеге:

— Кім босаңдар да өлтірмеймін мен. Жыламаңдар, киын қылам дейді ғой! — деп көңілденіп көтеріліп, — еш нәрсе етпейді. Бәлшебек жеңбейтін қиындық жоқ! — деп жөнеле берді де, аға-жеңгеге:

— Мен мыналарды апарып тастайым да, қайтып келем... Алып кетем сендерді. Азаматтық құқықтарың жойылған адам емессің. Еңбек қыла білуші едіңдер ғой, күнелтесің, өлмейсіңдер! — деп жүріп кетті.

Сәлім айтқанын істеп, сол күні кешке жақын аға-жеңгені алып кетті54. Қасен төргі үйде жатып, олардың қамданып, жиналып жүргенін сезіп еді. Кетіп бара жатқанын да естіді. Бірақ белгі бермеді, ауыз үйге шықпады. Жәмила бұны ұйықтап жатқан кісі қып қойды. Сонымен аналар әбден кетіп болған соң, қабағы жаңа ғана жадырап Жәмила кірді. Қасен қабағы түйіліп қынжылған кісі боп:

— Немене? — дегенде, Жәмила ырзалығын жасыра алмай күлімсіреп:

— Кетті! — деді.

— Барсын... Бірақ мыналарға обалдау болды ма, немене? Сәлімге ерегесіп істеп отырмын!

Ол де маған... көрсін енді мойнына міндет алып! Пәтері жоқ. Азық-түлік, ыдыс-аяғы тағы жоқ! — деп күліп жіберіп: — енді қайтер екен! — деп алып, жеңген кісі боп сүйсініп жайраңдай бастады.

Қасен оны да жақтырмаған қабақ жасап, өз ішінен тағы екі жарылып:

— Қойшы сен де!.. Қыласыны кімге қылдым деп отырсың! — деп күрсініп ап. — Ойпыр-ай, бұл уақыт деген қалай-қалай өзгеріп барады. Бір үйдің іші деген біз емес пе ек? — дегенде даусы да трагедиялы үнмен бәсеңдеп, сыбырға таман айналып. — Жазығы да жоқ еді! — деді.

— Сіздің жаныңыз ашиды да отырады. Бірақ баяғыдан ақжүрек бола-бола не таптық. Еңбегіңді білген бірде-бірі бар ма? Мойнымызға мінгізіп, адам қылған Сәлімнің мінезі мынау емес пе? — деді...

"Ақжүрек" деген сөзді бұрыннан Қасен жайынан ауылдың жағынғыш атқамінерлерінен естіп алып, Жәмила әрқашан бұлдап сөйлейтін. Бұрын ел ішінде, қалалы жерде де бұл сөзді өздерінің даусыз меншікті сыбағасы сияқты айтып машық қылған-ды. Рас, соңғы бірнеше жыл бойында Қасен туралы бұл сөзді ешкімнен есіте қоймайды. Бірақ сонда да үй іштерінде, өз араларында ол сөз әлі тірі еді. Сүйретіліп келе жатушы еді.

Қасен тұрып киініп жатып, әлі қабағын түйіп, жүдеген жүзбен:

— "Ақжүрек"... Иә, ақжүректік... Жақсылықты істе-істе, бірақ ешкімнен алғыс алма, игілігін көрме! Жақсылығыңмен пайдалана отырып, өзіңді "әй, кәпір" атандырсын! — деп, әбден киініп ап, —біздің хал солай болды ғой, Жәмила! — деді...

— Жарайды, тойдық енді... Болды... Қажитын уақытымыз болмады ма тіпті өкінбейік! — деп Жәмила Қасенді нығап, басын изеді.

Қасен біраз тұрып ішінен "енді шынға келейін, осыған тіпті дән ырзамын ғой, құдай қанеки" — деп жымиды да, алғашқыдай баяу дауыспен, салмақтап тұрып:

— Дұрыс... Сенікі рас, — деп келді де, артынан шапшаңдатып, — енді бұдан бұлай осылар қарамызды көрмейтін босын. Жоламасын! — деді.

Үйден шықты. Есікті артымен жаба бере:

— Қуып жіберсем де... біраз жайсыз іс істесем де, сол үшін қынжылдым-ақ қой!.. Өз-өзіме самокритика жасамадым ба? — деп есік алдына шыға берді. Көз алдына Үлкен Алматы биігі тағы сап етті. Әлденеден бетіне оттай басылған сияқтанды... Тоқтаңқырап басын изеп, өз-өзінен күбірлеңкіреп:

"Осыным расым еді, батырекесі!.." дегендей боп таты қарады. Жауапта тұрған кісідей.

"Әй, бірақ анау жалтартатын емес сияқты. Қазір түсі көкшілденіп, көлеңкеленіп сұп-суық боп апты. Ашумен қабағы да түйіліп, беті де ажымданып кеткендей ме, немене?

— "Алдарсың, алдарсың" дегендей боп ашулы мысқылмен басын шалқайта салып, көзін сығырайта, сүзілте қарап қалған сияқты.

Қасен қалбаң-құлбаң етіп қап:

— Апыр-ау, бұ не пәле? Бар қоймамды ашып, абыройымды айрандай төгеді де тұрады осы бір неме? — деп қолын сілкіп қап, жөнеле берді. Сол кезде арт жағынан Жәмила дауыстады.

— Әлгі бір айтқанға барасыз ба? Мен не істейін? Не қылатынды айтпадыңыз ғой? — деді.

Қасен:

— Иә, рас-ау, — деп айналаға қарап алды. Қора ішінде, көшеде де көзге түсетін ешкім жоқ. Бірақ сонда да күдіктеніп Жәмилаға қарай бір басып, — өзің бері таман келші, бері түсші? — деді. Жәмила қасына келді.

— Мен бара берейін. Басын қайыру керек. Сен, қазір қараңғы түскен соң қабыңды, ыдысыңды алып Қасымхандікіне келе ғой. Өзің басы-қасында бол.

— Е, үйтпесе араласып та керек емес. Қасымханның қатынының мінезі мәлім ғой... Бұлдыратып жүріп бірдемені артық қағыстырып алмаса, оның бойына ас та батпайды! — деп қала берді.

Қасымхандікіне Қасен келгенде, Аманбай да сонда отыр екен. Басқа бөтен кісі жоқ... Екеуінің ортасында жаңа басталған бір литр. Болымсыздау закускемен бір екі рет тастап апты... Қасенді екеуі де орнынан тұрып, оқырана қарсы алды. Қасымхан құйып жіберіп:

— Бой жылыт! — деп күліп ап, ұсынып та қалды. Қасен шешініп үстелге жақындап кеп арақты алмай тұрып:

— Бұл иттің закускесі қайда? — деді де, аналармен қоса күліп — мен қуырдақ, жылы-жұмсақ деп келдім. Тамағымды ісіретін болсаңдар ішпеймін, — деп Аманбайға қарады.

Қасымхан:

— Оның бір мәні боп тұр. Ақылдасайық деп сені күтіп отырмыз.

— Қайда өзі?..

— Алыс емес, — деп Қасымхан іркелеңдеп, — әуелі шешіп алайық, — деді.

Қасен шыдамсызданып:

— Ал, — деді де, екеуіне кезек-кезек қарады.

Аманбай шырайланып күліп:

— Апырай, өзі, басымыз бір жақсы қосылған екен. Ішін ұрып, артын көре жатармыз... Баяғыша бір отырып, бұрынғыны бір еске алсақ не етер екен? — деді.

Қасымхан әлі де құлай қоймай:

— Жоқ, жөнін айт. Әуелі сөзді пісіріп алайық!.

Содан кейін Қасен бұның көбін қысыр кеңес көріп55:

— Қайда өзі, сонысын айтыңдаршы? — дегенде, Қасымхан тоқмейіл жүзбен, салмақпен:

— Тұр ғой... Ұқпайды екенсің ғой, — деді.

Аманбай Қасенмен стопканы қағыстырып ап, арақты тастап жіберді:

— Бағана айтармын деп ем ғой, енді оның мәні былай! — деп сөзге кірісті. — Өзі бұл, ана мен істеген сабхоздың аты. Жақсы маңдай ат еді. Түнеукүні осыдан екі ай бұрын мертік пе, немене аяғы ісіп, жегіннен шығып қалды. Мал дәрігері әрі қарап, бері қарап ауруын таба алмады. Оған қазақтың кәрі ақсақ дейтіні осы болады, жазылмайды деп өзін біраз майлап та жіберіп, бұлдыраттым да, кем-кетік деген қағазды бір жасаттым. Содан кейін бұны қазақ оташысы жақсы жазады. Емге берейік деп бір сенімді қазақтың қолына беріп, табан екі ай бақтырып ем. Осы жолы жолшыбай келе жатып сол жерінен алдым да, бір қағаз да түсіріп алдым. Жазылмады... кем-кетік дегізіп.

Қасен дәмеленіп көңілденіп ап:

— Семіз бе өзі? — дегенде, Қасымхан:

— Бір еліге дау жоқ! — деді.

Қасен бұны естігенде бөтелкеден бірді өзі құйып тағы қағысып жіберді де, Аманбайға қарап: — Иә, айта бер! — деді.

— Сонымен бұл жағының бәрі жақсы. Ал ендігі бір бөгеп тұрған нәрсе — сол аттың бұрынғы жайын білетін бір қазақ жұмысшысы бар еді, сабхозда істейтін. Өзі әлгі ударник. Мені қалаға әкеле жатқан сол еді. Жолшыбай көріп келді... "Сауығыпты, жазылыпты... доктор түк танымайды екен-ау!" — деп ылғи сонымен ұрсып келді... Сойса екі елі қазы түсер еді-ау деп біраз жағалатып, тұспалдап көріп ем... — Туу, мына аттың жоғында торы қасқа атты сойған кісі мал бетін көре ме?! — деп атқып-атқып түседі.

Қасымхан шыдамсызданып:

— Аяғы жазылмайды, доктордыкі рас... Ертең ақсағы тағы шығады. Қазақ оташысы да жаза алмады деп ауызға ұрмайсың ба?

— Айттым, айттым ғой оны. Әйтседе ол жағын көп бойлап ашқам жоқ... Түбінде онымен дауласам ба. Күндердің күнінде сүйеу болатын жерлерді әдейі ашқам жоқ. Қасен күліп жіберіп:

— Дұрыс, дұрыс, бәсе! Сөйтетінің бар еді ғой! Тәйірі, ашық ауыз қазаққа бой беріп!.

— Қағаздардың жайын тіпті сөз қылғам жоқ...

Қасымхан да сүйсініп:

— Тіпті жақсы! — деді.

— Ал енді не сөзі бар бұлай болғанда! — деп Қасен ана екеуіне көз қысып, түрегеп тұрып сұқ қолымен өз кеңірдегін бауыздаған белгі жасап, — жығатын керек... мақан мақан қушайть! — деді. Қасымхан әлі де күдігінен арыла алмай:

— Ұрлыққа ұқсап жүрмесе? Заң жаман ғой, өзі, — дегенде Қасен:

— Жарайды, бір атпен біз сәбетті байытпай-ақ қояйық. Өзгені қойып, тіпті дәл өзімізден келген талай малдың бір орайы шығар... Жық айда, ішін ұрып енді!— деп байлай сөйледі...

Анау екеуі үндеңкіремей отырды. Қасен аз тұрып тағы қозғап:

— Ал әлгі жұмысшы қайда? Бөгет енді со ғана ғой. Өзін сілейте бір тойғызып, қолға қондырып алайық та. Содан басқа не бөгет бар? — деп, әңгімені тездетіп шешу жағына шықты.

Аманбай:

— Тағы мына Қасымханның бөгелеңдеп отырғаны. Бағана күндіз сол жұмысшы осында келіп, аттың тұрғанын көріп кетті.

— Иә, сонысы қауіп боп тұр! — деді Қасымхан.

Қасен оған да бой бермеді... Ақыры бұған ішіңкіреп алған Аманбай кеп қосылды. Қорқа-қорқа, шегіншектей-шегіншектей отырса да, аяғыңда Қасымхан да көнді. Сонымен түн бола бергенде қора ішінде торы қасқа жығылды...56 Қасымханның қатыны мен Жәмила соның айналасында, бір қадам шықпай, біріне-бірі сенбей күйбеңдеп жүр.

Үйде үш жігіт бір литрді құлатып тастап, жас еттің тұзды қуырдағын ортаға алып, екінші литрге кірісіп отыр. Тілдері де, бейілі де шешіліп алған.

Баяғының — 18—19-жылдын естегілеріне кірісіп, көп-көп нәрселерді кезіп шарлап айтысып келген бір кезде, Қасен төсін керіп:

— Біз тарихи іс істеген адамбыз. Осы отырған үшеуміз де тарихта орнымыз... — дей бергенде, бірнеше бөтен аяқтардың дабысы сарт-сұрт етіп бұлар отырған үйдің есігіне келіп қалды.

Қасымхан сасқаннан қалбалақтап үстел астына қарай арақты ала жөнелді.

Сөйткенше болмады, үш-төрт әскери кіріп келді. Қастарында бағанағы Аманбай айтқан жұмысшы. Ол бұдан бұрын торы қасқа ат жаңа бауыздалып, терісі сыпырылып жатқанда бір келіп сығалап көріп кеткен еді.

Дауласар, айтар сөз жоқ... Сонда да Қасен:

— Біз қадр... қадр... Өлкелік мекеме... жауапты қызметкер,—дей беріп еді. Қараған жоқ. Үшеуін және екі қатынды алып далаға саусылдатып айдап шықты. УРО-ға*4қарай алып жөнелді.

Ай жарық екен. Бір көшеден айнала бере Қасеннің тағы көзі шалды. Үлкен Алматы биігі қарап тұр. Енді тіпті суық, тіпті алыс... Ол граниттей қашалған. Соншалық күшті. Ол тағы жеңді... Жеңді!..

Мұхтар Әуезов