ӘДЕБИЕТ ТАРИХЫ ЖАЗУШЫДАН

Қазақ мектебінде ана тілі бір тарау білім есебінде орын алғанына бірқатар заман болды. Бастауыш мектептің өзін алсақ та, ана тілі құр жазу жазғызып, хат танытуды мақсат қылатын шағынан шығып, өсіп келеді. Жалғыз қара танытып, хат жазғызудан басқа, қазақ тілінің заңынан, қазақ әдебиетінің әртүрлі үлгісінен, керекті мағлұмат беру керек болды.

Бұл дәуір қазақ мектебінде ана тілінің іргесін нығайтып, көлемдетуге айналып, жаңа жолға беттеп келе жатқан дәуірі, толық білім беру үшін, бұрынғы тапқан табысына сүйеніп, жаңа өріске бет алатын, кең жайылысқа қарай қадам басатын дәуірі, ана тілінің білім есебінде тереңдейтін дәуірі. Біздің мектеп қазіргі күнде, осы міндетті мойнына алып, жаңа бір дүниенің есігін ашқалы тұрғанын түсініп отыр. Түсіну анық болғандықтан, жаңалықты іздеуі, мұқтаждығын сезген кемтардың ізденуі сияқты.

Ана тілінің кеңірек өріс іздеуі қазақ мектебінде соңғы жылдарда күштірек айқынданып отыр. Олай болатын себебі, соңғы жылдар қазақ елінің оқу-ағарту жұмысына, тұсауын кескендей, кеңшілік берді. Қазақтың бастауыш мектеп жасындағы балаларына арнап ашылған әлденеше жүз бірінші басқыш мектептен басқа, бұл күнде, оқытушылар дайындайтын техникум, институттар шыға бастады. Неше алуан мұғалімдік курстары ашылып жатыр. Орта буын мектептің есебінде партия-кеңес мектептері де құрылған жерлер бар. Бұлардан басқа үлкендер оқитын мектептер, судиелік, тергеушілік курстары сияқты әр алуан мамандық жолындағы курстар бар. Осының бәрінде ана тілінің сабағына келгенде, бүгінгі шеңберден гөрі кеңірек, тереңірек, ауданды тілек қылып іздеу бар. Сол себепті қай қалада болса да, бастауыш мектептен гөрі жоғарырақ болып ашылған қазақ мектебі болса, барлығында ана тілінің әдебиетін тексеріп, ұғынудың талабы байқалады. Ана тілінің жолында ендігі басқышта қазақ мектебінің іздейтін жаңалығы, кең өрісі сол әдебиет болады.

Әдебиет мектеп ішіндегі оқушының ақыл, сезім тәрбиелеп, қалыптап жетілуден басқа сол оқушыға қазақ деген елдің өткендегісі мен бүгіндегі пішінін танытуға керек.

Белгілі заманның тарихи шарттары мен кәсіп дағдысынан туған салт, сана, сезім, тілек қандай еді? Елдің өнер туғызған қиялы мен үлгілі сөз туғызған ақыл шалымы, ішкі дүние байлығы қандай еді? Қазақ тілінде әрбір заманда шыққан сырлы сөздердің үлгі түрі қандай, мағына, маңызы қандайлық? Бір-бірінің ортасындағы тарихи байлам, тіркестік қайсы, әрбір жұрнақты туғызған себеп не? Міне, осының бәрін бүгінгі мектеп ана тілінің шеңберіне сиғызып, оқушыға білдірмекке талап етеді. Орта дәрежелі мектепте жүрген оқушылардың осы сияқты ақыл, сезім азығын тілеп, сұрап отырған жайы бар.

"Қазақ әдебиетінің тарихы" деген кітапты шығарып отырған себептер – осы айтылғандар.

Бүгінгі күнде мектептегі ана тілінің алдында өнер есігіне қарай аттап басудың міндеті тұрғандықтан, бұл кітапты сол бет, сол жолдағы алғашқы тәжірибе деп есептейміз. Кітапты тәжірибе ғана деп есептегендіктен, көңілдегідей толықтықты іздеуге болмайды. Ол шартты бұл кітап орындай алған жоқ. Қай жолдағы білімді алсақ та, алғашқы тәжірибесінде сүрініп-қабынып, шала-шарпы, ала-құла болып шығады. Кемшілікті сын түзейді, көп болып біріккен ой түзейді. Сондықтан бұл кітап "Қазақ әдебиеті" деген толық атты аламын деп дәмеленбейді.

Қазақ әдебиетіне көз салып жүрген адамдардың алдына ескіліктің нобайы суретін қалқитып беруге жараса, өз міндетін атқарғаны деп білеміз.

Алғашқы істің мақсаты сол болғандықтан, бұл қызметтің тұсындағы қолданған әдісіміз: ескі күннен бастап, Абай мезгіліне шейін қазақ тілінде шыққан сырлы сөздің түрлерін айырып, жік-жікке бөліп, әрбір дәуірден қадау-қадау белгі қойып, сол белгілер бойынша тарих шаңы басып жатқан ескіліктің желісін созып шығу болды. Баяғы заманнан бері қарай құмды, шөлді далада, шаң ішінде қоңыраулатып келе жатқан әдебиет көші қай кезең, қай асудан асты, соның ұлы сүрлеуін тауып алуды мақсат қылдық. Сол себепті әрбір түр, әр бөлімнің ішіне әдебиет жұрнақтарының бәрі бірдей кірген жоқ, солардың әрқайсысының үлгі мысалдары ғана кірді.

Бұл айтылғандардан басқа кітаптың кейбір бөлімдері, жоғарыдағы азға қанағаттанған, азды тілеген мөлшердің өзіне де тола алмай, шала болып қалғаны бар. Сондай бөлімдер: ертегі, билер айтысы. Бұлар ел әдебиетінің ең бір мол саласы: олардың мысалдарын жиып алған соң ғана тексеруге болады. Біздің қолымызда сондай көп мысалы болмады. Екінші, мына кітаптың ауданына қарағанда, әлгілер сияқты түрі көп бөлімдерге аса тереңдеп кету қисынсыз болды.

Кітаптың ішінде тағы бір көзге түсетін зор кетігі: қазақ әдебиетінде XIX ғасырдың аяқ кезінде үлкен ағым сияқты болған дін қиссалары кірген жоқ. Дін сарынымен айтылған үгіт-өсиет өлеңдері де тексерілген жоқ. Ол ағымға кіретін ақынның ешбірінің аты да аталған жоқ. Бұл түрдегі өлең жұрнақтары қазақ әдебиетінің тарихына кіру керек еді. Бірақ олардың бұл кітапқа кірмеген себебі: қазақ ескілігін тексерген тұңғыш қызметте, біздің көздеген мақсатымыз, әуелі қазақ елінің өз қанынан туып, өз сүтімен өскен ескіліктің ұлы денесін тұрғызып алмақшы болдық. Дін өлеңдерін, қиссаларды алсақ, көбінің сарыны шеттікі болудан басқа, мазмұндары да түгелімен мұсылман ғаламынан келген көшпелі, қыдырма әңгімелер. Сондықтан оларды тексеріп, ұғынып түсіну үшін, жалғыз ғана қазақ топырағындағы көлеңкесіне қарап тон пішу керек емес, әрқайсысын тудырған жағдай мен себепті әуелгі шыққан ұясынан бастап ұғыну керек, қазақтан бұрын араб, парсы, оңтүстік түріктері, шағатай, татар әдебиеттерін шолып өту керек". Сондықтан бұл өлеңдерге бөлек бір қызмет арнамақ болып, мына кітаптың ішіне әдейі кіргізгеміз жоқ.

Әдебиет тарихының кәзіргі заманда шығуы туралы айтатынымыз: тегінде бұл тарих қазақ елінің жалпы тарихы шыққан соң тізілуі лайық еді. Бұл күнде шалғай шығып қалды. Сондықтан барлық ескілікті қарастырған уақытта, қазақ тарихының ұлы аңғарына жанастыруға тырысып, әлеумет тіршілігінің ішкі-сыртқы қалпымен байланыстыруға талап етсек те, нағыз тарих сөзі мен бұның мөлшерінің арасында шалғайлық болып кетуге мүмкін. Ондайлық адасқан жері болса, кітаптың тарихсыз заманда шыққанын еске алуды тілейміз.

Онан соң осы кітапты тізудің үстінде көзге көрінген айқын кемшілік: бізде бұл уақытқа шейін Абайдан арғы ақынның өмірі туралы жиналған мағлұмат жоқ. Бүгінде қазақ ескілігіне көз салып, жинастырып жүрген азаматтардың қатты ескеретін бір жұмысы осы болу керек сияқты. Ескі ақындардың өмірбаянын білсек, соның әрқайсысы өмір сүрген заманның тірі пішінді белгісін тауып алғандай боламыз. Әрбір дәуірдің сондайлық бір-бір белгісі болса, "темір етік теңгедей, темір таяқ тебендей" болатын көмескі, күңгірт, ертегі заманның ұзақ сапарына қадам басып, жылжи беруге болады. Сонда ертегі сапарындай алыс көрініп тұрған кәрі күннің өзі де жақындап келіп, ескі тұлғасын көрсетіп қалуына да болады.

Осы сияқты шарттар ойдағыдай табыларлық болса, мына кітаптың ішіндегі бөлімдердің бәріне де қайта оралып соғып, тағы да әлденеше рет аударып тексеру бәріміздің де міндетіміз болады.

Мұхтар

Ленинград, декабрь,

1925 жыл.

Мұхтар Әуезов