Абайдың қара сөздері

Абайдың толық жинағында 1890 жыл мен 1898 жыл арасында жазылған бір алуан шығармалары — "қара сөз" деп аталады. Жалпы саны қырық алты бөлек шығарма. Оның алты-жеті үлгісі қысқа келеді. Бұл қатарға қосылатындар он алтыншы, он сегізінші, он тоғызыншы, жиырмасыншы, жиырма төртінші, отыз бірінші, қырық бесінші сөздері. Жалпы қара сөздерден мазмұн, тақырып жағынан өзгешерек тұратын — қырық алтыншы сөз. Ол тарихтық мақала-очерк тәрізді. Қазақ халқының қайдан шыққандығына арналған дәлелді, деректі қысқа зерттеу сияқты. Өзге қырық бес сөздің ішінде көлем жағынан ең мол шығарма бұрын Абайдың қолжазбаларында "Ғакдиат-тасдиқат" деген атпен бөлекше көшіріліп жүретін дін, мораль мәселелеріндегі Абайдың бір үлкен ой-толғауы болады. Бұл — отыз сегізінші сөз.

Осыдан соң қара сөзбен жазылған мысал, өсиет есебіндегі — Сократ пен оның шәкірті Аристодим әңгімесі. Бұл — жиырма бесінші сөз.

Көпшілік қара сөздерден және де өзгешерек қалыптанған — Абайдың отыз жетінші сөзі. Бұл бөлімше өзге қара сөздерше тұтас құрылған бүтін шығарма емес. Шартты түрде "отыз жетінші сөз" деп, бір араға бастары құрылған афоризмдер саналады.

Мұрсейіттің көшірулерінде және Абайдың толық жинақтарының бәрінде осы афоризмдер жиырма үш деп саналады. Анығында, Абайдың афоризмдері бұлар ғана емес. Және жинақтарға басынғандай бір ғана 1896 жылда туған болмау керек. Әр жылдарда айтылған терең ойлы, шешен, шебер сөздерді 1896 жылы ең алғаш Абай шығармаларын құрастырушы шәкірттері сол жылда түгендеп еске алып отырып, ойда сақталғандарын осылайша "отыз жетінші сөз" деп мөлшермен, шартты бір шеңберге сыйғызған тәрізді. Афоризмдер Абайда жиырма үштен әлдеқайда көп екенін Абай оқушыларының бәрі де біледі.

Ақынның өз шығармалары ғана емес, Пушкиннен, Лермонтовтан және әсіресе Крыловтан жасаған аудармаларының тұсында әр алуан өсиет, сын, мысқыл, ажуа, психологиялық, эстетикалық, педагогикалық жайлардан түйіп айтқан нақыл, ақыл, терең ойлар аса көп кездеседі. Сондайлық бір-екі өлең жолының бойына сыйған тұжырымды көркем сөз Абайда көбінше афоризм боп қалыптанған.

Ал өз өлеңдеріне ауыссақ, онда осылайша жазылып және жұртқа мол жайылып, нақыл-өсиет есебінде тарап кеткен талай өлең жолдары бар. Соның көбі және де Абайдың афоризмдерінің санын молайту керек. Ең ақыры, осы тұста бөлек тексеріліп отырған қара сөздердің өздерінің кейбіреулерінен де Абайдың шешен, шебер, тапқыр етіп түйген сөйлемдері афоризм қатарында оқушы жұртқа ертеден көп тарап кеткені бар.

Олар да "отыз жетінші сөзді" көп тың мысалдармен, әлі талай тамаша бағалы афоризмдермен молайта алады.

Осылайша, жалпы Абай қара сөздерінің ішінен "отыз жетінші сөзді" де біраз ерекшелігін қарап, бөліп шығардық.

Жоғарыда жасалған екшеулер бойынша біз жеті сөзді қысқалық себебінен және өзге сөздерде әр көлемде айтылған пікірлерді қысқа түйіп, қайталайтын болғандықтан, бір бөліп шығардық. Онан соң Абайдың түгел өз сөзі болмағандықтан, аударма ретінде жиырма жетінші сөзді — Сократ сөзін бөлдік. Түр өзгешелігі бойынша отыз жетінші сөз — афоризмдер жайын жеке қарадық. Және отыз сегізінші сөз — "Ғақлиат-тасдиқатты" бұрынғы барлық қолжазбаларда бөлініп жүрген ретімен жалпы қара сөздерден бөлекше атадық. Тағы да тақырыбы ғылымдық мәселе болғандықтан, қырық алтыншы сөз — тарихтық очеркті де бөліп атадық. Осымен жиыны он бір сөз, қара сөздер көпшілігінің қалпынан бізге басқарақ саналды. Содан ары қалатын Абайдың анық "қара сөз" атты мұрасын алғанымызда, олар отыз бес сөзден құралған болады.

Енді ең алдымен, осы қара сөздің қалың тобын тақырып мазмұндарына қарай арнаулы жіктерге бөле отырып, тексеріп танып көрейік.

Жалпы алғанда, Абайдың осы барлық қара сөз дейтін мұралары көркем прозаның өзіне бөлек, бір алуаны боп қалыптанады. Бұлар сюжетті шығармалар емес. Бұрынғы жазушылар қолданған естегі, мемуар де емес. Стиль, мазмұн жағынан алғанда, осы шығармалар Абайдың өзі тапқан, бір алуан көркем сөздің түрі. Кейде адамгершілік, мораль мәселелеріне арналған өсиет, толғау тәрізді.

Бұл шығармаларда Абай өзінің оқушыларымен әңгімелесіп, жүзбе-жүз кездесудегі мәслихат, кеңес құрып отырған, ойшыл ұстаз тәрізденеді. Кейбір сырт сипаттарына қарағанда, Лев Толстойдың "Круг чтения" деп аталатын еңбегіне ұқсас. Толстой өзінен басқа ойшылдардың көп- көп жайлардан жазған толғаулы терең пікірлерін жиып топтап, өз оқушыларына бірнеше кітап етіп ұсынған. Бірақ Толстой "Круг чтенияда" оқушыларымен тыныш, тату әңгіме өткізем дейді. Сөз бастағанда әрбір жайлардан өз ойларын келтірмейді.

Абайдың қара сөзінде Сократтың сөзін, дін үгітшілерінің сөздерін келтіргендей етеді. Абай қара сөздері көбінесе барлық жайлардан өзі сөз бастап, өзі әңгіме дүкен құрып отыр-ған болады.

Осыдан соңғы қара сөздер жөнінде айқын байқалатын бір өзгешелік, Абай өзінің өлең сөздерінің көптен-көбі заманындағы оқушы мен тындаушыларына үнемі түсінікті болмайтындай көреді. Онысы — анығында солай да еді. Осы жайды ескеріп, Абай енді қара сөзінде сол өлеңдерінде айтылатын ойларының бірталайын жаңа сөзбен таратады.

Сондықтан кейбір қара сөздерінде бұрынғы өлеңінде айтылатын ойлар қарапайым, жеңіл, оңай ұғымдармен қайтадан айтылады. Бұл жөнде Абай өзінің көпшілік оқушы, тыңдаушысыменен әңгімелеседі. Және сол әңгіменің үстінде адамгершілік мәселелерінен: әділет, ақтық, турашылдық, шындықты сүйгіштік, ғылымға құмарлық, еңбекті бағала-ғыштық сияқты жайларды айтады. Немесе осылардай, адамдық сипаттың жауы болатын аярлық, жалғаншылық, бәле құмарлық, мақтаншақтық, мансапқорлық, өсекші-өтірік-шілік, еріншектік, әр алуан арамтамақтық сияқты мінездердің барлығын айтқанда, Абай сол жайларды тыңдаушының көңіліне, көкейіне қонымды ету жағын алдымен ойлайды. Айтпақ сөздері мен ойларын мысалдармен келтіреді. Кейде өзінің көз алдында отырғандай, тыңдаушысына сұрақтар береді. Өзі онымен жауаптасып, әңгімелескен кісі тәрізденіп отырады. Мысалдарды қазақтың Абай заманындағы күнделік болмысынан алады. Сол мысалдар кейде күлкіге сайып, мысқыл, ажуа халдерді әдейі айқындай түседі. Әңгімесі тыңдаушысына пайдалы өсиет болумен бірге, көңілді айтылып, қызықты боп жетсін деген мақсатты ойлайды.

Өзінің адамгершілік, әлеуметшілдік, ағартушылық ойларын айтуда, Абай педагогикалық жақсы әдісті қолданады. Оңайдан қиынға қарай, жақыннан жыраққа қарай, қызықты, күлкілі жайдан үлкен толғаулы қорытындыға қарай біртіндеп жетектейді. Сатылап отырып үгіт-өсиет асырады.

Сонда тыңдаушысы туралы Абайдың күдігі көп. Кейбір терең өсиет, озғын ойлары бұның тыңдаушыларының санасына жетпеуге мүмкін. Сол себепті өлең сөздерінде ұзақтан, тереңдеп айтылған кейбір ағартушылық, адамгершілік үлкен ойлары мен қоғамдық тартыстың қайшылықтарын ашатын анық шыншыл және күшті азаматтық сындарын мынау қара сөздерінде оңайлатып, азайтып, қысқартып айтатыны да болады. Бұл ретте кейде ақынның өлеңінде кездесетін қайшылықтар және тарихтық тар көлемді түсініктер көбірек көрінетін кездері де болады.

Оқушы мен көпшілік тыңдаушыларының өз тұсындағы сенім-нанымдарын еске алғандықтан, ақын дін тақырыбын көбірек сөз қылады. Әрине, оның өз нанымы өзгер-мейді. Сондықтан өлеңіндегі сияқты, дінді адамгершілік моральдың, тәрбиенің қараңғылыққа қарсы, шартты түрдегі өткелі есебінде бағалайды.

Осындай негізгі түсінік (убеждение) Абайдың қара сөзінде де көрінеді. Бірақ осымен қатар мұсылман дініне иланған тыңдаушыларына құдайдың, пайғамбардың, иман, парыздардың жайларын көбірек айтады. Мынау оқушылармен әңгімелескенде өз ойына соларды көбірек серік етеді. Және өлеңнен қара сөздерді төменірек түсіретін тағы бір өзгешелік бар. Онысы: дін тұтынушылар мен би-болыс, атқамінерлер жөніндегі аса аяусыз, сыншы, жазушы болтан қалпын Абай қара сөздерде біраз жеңілейтіп, ашуын азайтыңқырап алады.

Өлеңінде жаңағы топтар жөніндегі шығармалар тіпті көп болса, қара сөздерінде аз көрінеді. Бірнеше шығармаларда басып айтқан ащы, сыншы пікірлер болғанмен, көпшілік қара сөздер орташа шындықты орташа халде таратады. Бұнда жалпы байқалатын күй, осы тыңдаушылармен Абай тату, тыныш мәжіліс құрғандай болады. Ол тыңдаушыларды, әрине, "Ғақлиат-тасдиқаттағы" оқушылар ғана деп бағалау дұрыс болмайды. Өйткені "Ғақлиатты" Абай өзінің қасында жақын жүрген шәкірт достарына, үміт еткен жақсы жастарына аса бір жылы жүректен ағалық өсиет етіп айтқан.

Ал көпшілік қара сөзде Абайдың көз алдында көрініп отырған тыңдаушысы жаңағы жастар ғана емес сияқты. Бірақ олар Абайдың аяп әңгімелесетін, тартына сөйлейтін адамдары тәрізденеді.

Осы себептен болу керек, қара сөз ой тереңдігі жағынан да көп өлең сөздерден тайызырақ, сәл ғана шындықтардың өріс-өрісін байқатқандай болады.

Енді осы жайларды, жоғарыда біз бөліп шығарған отыз бес қара сөздің әр алуан жіктерінен, таптарынан нақтылап танып көрейік.

Жиыны барлық қара сөз, біздің аңғаруымызша, он-он бір тақырыпқа бөлінеді. Кейбір тақырыптар бір топ сөздердің көлемінде қайталап, әр алуан жаңа мысқыл, теңеулермен, дәлелдермен молайғаны болмаса, ой жағынан бір алуандас болады. Ал кей тақырып бір-бір қара сөзде айтылумен тоқтап отырады. Мысалы, бірінші қара сөзінде Абай жазуға қалай кіріскені туралы сөйлейді. Бұнда өмірбаяндық дерек бар және өзінің жалпы шығармалық еңбегіне ойлы түсінік береді. Бірақ кейін осы тақырыпқа өзге қара сөздерде оралмайды.

Екінші сөзінде — халықтарды салыстырады. Қазақ, ноғай (татар), сарт (өзбек), орыс сияқты көршілес елдерді оқушысы қазақ жұртшылығына әділетті достық көңілмен ұғындырып береді. Әңгімені жәй бір тыңдаушылар тобында отырғандай, жеңіл әзіл тәрізді бастап, өз халқының дәлелсіз үстірт өзімшілдігін мысқыл ете келеді. Содан барып шын сыншыл ойларына ауысады. Еңбек сүйген ел атаулының бәрі де қазақтай еңбексіздікке мол салынған және сол еңбекгі өнеркәсіпте, күндегі тірлікте көрші елдің бәрінен кейін қалып отырған халқына үлгі берерлік, артық елдер болып бағаланады.

Тақырып жағынан алғанда, үшінші сөз де өзіне бөлек бір алуан. Бұнда қазақ сахарасын билейтін әкімдер, тергеуші билер, соттар туралы сөйлейді. Сол күндегі ел тірлігінің қайшылық, ауыртпалықтарын молайтып отырған патшалық аппараты туралы да ой қозғайды. Болыс атаулының елге сор болатын, тынымсыз сойқанды мінездерін әшкере-лейді. "Уақытша себі бола ма" деп бірер ұсыныстар айтады. Сол ретте ендігі болыс орысша оқуы бар адамнан болса екен дейді. Және тергеу мен үкім шығаратын қазақтың биі, сот орны туралы пікір айтады. Ел ішіндегі дау оңай шешілу үшін, әділетпен аяқталу үшін патшалық өкіметі сайлаумен қойып жүрген билер болмаса екен дейді. Оның орнына третей билікті ұсынады. Абайдың осы пікірі Герценнің "Былое и думысында" жазылған соттар турасындағы пікіріне өте дәл келеді. Герцен Россиядағы параны құрту үшін халықтың көз алдында әшкере тергеу болатын болсын және бұрынғы третей соты қайтадан заңға кірсін деген.

Абайдың ойында да билік, тергеу халықтың қамына жақын болсын. Жұртшылыққа залалды жаманшылық атаулы орынды жазасын алатын болсын деген қамқорлық талап бар. Бұл қара сөз Абайдың өз тұсындағы күнделікті өмір шындығына қолма-қол қатынасып, жәрдем етсем деген талабын көрсетеді. Өлеңдік шығармаларында өз зама-нының шындықтарымен қолма-қол байланысты болып, оны сынау арқылы пайдалы іс етемін деген ақын, жаңағы қара сөзінде сол әлеуметтік, әкімшілік қалпына нақтылап ара-ласқысы келеді. Әсіресе халыққа күнделік іс-әрекеттерімен бейнет, дерт әкеліп отырған тергеушілік тәртіптің сорақылықтарымен алысуға кіріседі. Бұл жөндегі Абайдың . кемшілігі, қателігі Шоқанның бір қателік пікірімен үйлес келеді. Екеуі де ендігі билер ауыспайтын өмірлік би боп сайлансын дейді. Бұл ескі феодалдық қалыпқа тартар еді.

Төртінші сөздің де тақырыбы өзіне бөлек, басқаша шығады. Бұл өсиетте бұрынғы өлең сөзінде көп айтқан бір тақырыпты қозғайды. Онысы — күлкі туралы ойлаған ойы, сыны.

Бесінші сөз — қазақтың кейбір мақалдарын сынайды. Мұнда халық санасының өзіндегі надандық, қараңғылықтың салдарынан туатын мінді мінез, кемшін ой, айыпты әрекеттерді шеней өтеді. Мал үшін өмір кешетін адамдарды үлкен қиялменен сынап, айыптап түземек болады.

Осы жоғарыда аталған бес сөзінде бес бөлек тақырып болса, келесі алтыншы сөзден бастап белгілі ой мен сындардың, өсиет пен үгіттің арнаулы тақырыптары бірталай сөздерде қайталап отыратынын көреміз. Мысалы, алтыншы, сегізінші, тоғызыншы, оныншы, он төртінші, жиырма үшінші, жиырма алтыншы, жиырма тоғызыншы, отыз үшінші, отыз тоғызыншы, қырқыншы, қырық бірінші, қырық екінші және қырық үшінші сөз сияқты үлкен бір топ сөздерінде Абай ел мінезін көптен-көп сөз етеді. Бұнда бірлік жөнінде, ол ақылды болыс-би сияқты ел әкімдерінің "пара алмайтыны" жөнінде кекету-ажуа айтылады (алтыншы, сегізінші сөздерде). Және де осы топта ол туралы толғанған ойдың ызалы ащы күйін уланған оймен көрсететін сөз бар (тоғызыншы сөз).

Осы қатарда мінез жайын айта келіп, өтірік, батырсыған бояма мінезді сынау, адамдықты үгіттеу он төртінші сөзде көрінеді. Ел мінезін сынайтын сыншыл-реалист жазушы кейде бұрынғы өлеңінде қолданатын қатты сатираны да өзіне үлгі етеді. Қуаныш пен жұбаныш жайын аса ащы сатирамен жиырма үшінші сөзде, жиырма алтыншы сөзде айқын көрсетеді.

Жиырма төртінші сөзінде тағы да мақалды шенеу арқылы ел мінезіне үлкен сыншылдық жасайды. Және де кәсіп, еңбек иесі адамды бұзып, аздыратын салтты отыз үшінші сөзде баяндайды. Осыдан соңғы бір топ толғаулар қазақтың бұрынғы өткен адамдарының мінезін сөз етеді. Халықтың дұрыс мақалдарын елдік қасиет есебінде ақынның қадірлейтінін көреміз (отыз тоғызыншы сөз).

Ел мінезіне арналған сөздердің қырқыншысы — тыңдаушысыменен көзбе-көз әңгімелесу үстінде туғандай. Жазушы көп сұрақтар беріп отырып, қазақ қауымындағы адам мен адам арасындағы қарым-қатынасты қатты сынай сөйлейді.

Және де ел мінезіне арналған қырық бірінші сөзде Абайдың көп өсиет-сын өлеңдерімен ұштасатын жәйттар қайта қозғалады. Елді тағылым-тәрбие түзер еді, ол жоқ деген арманды ой туады. Халық басындағы, қоғам ішіндегі ауыртпалық күйдің бәрін теріп көрсететін осы топ сөздердің бір алуаны (қырық екінші сөз) жұмыссыздыққа арналады. Еңбексіз жатып ішу, қолы ұдайы бос болу жеке адамның басындағы және бар қауымдағы кеселдің үлкен себепшісі деген аса сыншыл, дұрыс ойлар айтылады.

Осы бір топ сөздердің ең соңғысы — қырық үшінші сөз алғашқы жолдарында Абай санасындағы дуализмді көрсеткенмен, педагогикалық, психологиялық үлкен жүйрік ойды танытады.

Қара сөздер ішіндегі көлемі үлкен, кенеуі мол сөздің бірі де осы деуге болады.

Енді бір бөлек тақырып боп, жетінші сөз окшаулау көрінеді. Ол — жас баланың психологиясын еске алып талдаған сөз. Баладағы білуге ұмтылу жақсы қасиет екенін атау-мен бірге, үлкеннің надандығы сол жақсы баланы жаман тәрбиемен қорлап бұзғанын білдіреді.

Өзге қара сөздерден және де өз тақырыбымен оқшауырақ тұратын он бірінші сөз — ұрлық турасынан басталып, ұлықтарға қарсы, оларды қатты әшкерелеген сыншының ойын танытады. Халықтың, көпшіліктің өкілі боп отырған азамат жазушы жаңағыдай ұлықтар кесірінен бейнет шегетін ел үшін ширығып, ызалы турашылдық сөздерін сөйлейді.

Бұл тексерілгендерден бөлек қара сөздердің ішінде тағы бір қайталай түсетін тақырып — дін менен мораль, тәрбие жайларын қозғайды. Олар: он екінші, он үшінші, жиырма жетінші, отыз бесінші, отыз алтыншы, отыз сегізінші және қырық бесінші сөздерде.

Осы сөздердің кейбірінде Абай құдайға құлшылық етудің мәнін айтып, иман жәйін сөз етеді (он екінші, он үшінші сөздер). Бірақ сол мұсылманшылдықтың анық діндік үгітін айта отырып, Абайдың өз оқушысына жеткізбегі — адамгершілік өсиеттер болады. Сол адамгершілік қасиетті адам өзінің жаратылыс сырымен қоса бағалап, түсінсін деп ойлайды. Сондай түсінік адамды адамгершілік биік сатыға көтереді дейді. Осы ойына тіреп, дерек етіп (жиырма жетінші сөзінде) әдейі ұстаздық, тәрбиешілік ниетпен Сократ сөзін береді.

Отыз бесінші, отыз алтыншы сөздерде Абай қазақтың дін күтушілерін және сол дін жолының өзіндегі өрескел мінді мінездерін шенейді. Пайғамбар өсиетін айта отырса да, сыншыл ақылдың талаптарын Абай айқын атап отырады.

Осы топта көлемі мен мазмұны бойынша ең үлкен орын алатын отыз сегізінші сөз — "Ғақлиат-тасдиқат". Бұнда Абай аят, хадистерден цитаталар келтіріп сөйлейді. Жазу тілінің басқа қара сөздердегі анық қазақтық түрін өзгертіп, кітапшылап (түрікше) тың үлгі, стиль іздейді.

Сыртқы стильдегі, тілдегі өзгешеліктер бұл сөздегі діндік мазмұнменен нық байланысты. Осы кезде Абай өзін анық түп наным жағынан да, моральдық қасиеттер турасынан да және адамгершілік тәрбие мақсатымен де анықтап, таныта түспек болады. Өлеңдерінің тұсында айтқанымыздай, әрине, бұл сөзде де Абай өзін мұсылман етіп көрсетеді. Ол діннің құдайына иланады. Енді соның көп сипаттарын оқушысына баяндап береді. Сол баяндауында үнемі адамдық жақсы сипаттар жағын айрықша екшеп терумен болады. Ендеше, бұл сөздің де түп мазмұн-мақсаты — адамды жақсы етіп шығаратын қасиет, сипаттарды жеткізе түсу. Моральдық философияның, педагогикалық мұраттардың негізін діндегі негіздермен қабыстырып бермекші. Жалғыз-ақ осы жөндегі Абай ойларында кейде көрінеу тайыздық, көнелік те байқалады. Бұл әсіресе жаратылыс жайы мен адамның жара-тылыс сырын шешемін деген кездерінде аса айқын сезіледі.

Сонымен қатар осы үлкен сөздің ішінде Абай үлкен батылдық табады. Тарихтық, әлеуметтік, ағартушылық жөнінде күшті қуат көрсетіп, заманы үшін аса сыншылдық танытатыны да бар. Ол — қазақ ортасындағы не жалпы мұсылмандық шығыстағы қоғамдық, әлеуметтік құрылыстар жөнінде айтатын терең толғаулы пікірлер.

Алғашқы айтылған сөздің мысалын осы отыз сегізінші сөзде (Толық жинақ, 356-6.) келтірген бір ұзақ пікірден байқауға болады. Барлық жаратылыстың молдық берекесін айтып келіп, Абай "Адам баласының үзілмес нәсіліне таусылмас азық болсын дегендік" — дейді. Осымен бар дүниенің жан-жануары, өлі-тірі табиғаты — баршасы да тек адам баласы үшін жаралады. Өйткені адам нәсіліне тәңір иесінің жасаған махаббаты солай деген ой таратады.

Анығында, жаратылыс диалектикасын ойлағанда, Абайдың бұл айтқаны жаңылыс, теріс пікір. Және философия тарихында әлдеқашан ескірген - дүние адам үшін жаралады дейтін, көп заманнан бері қолданудан қалған, көне пікір болады.

Ал әлеуметтік мәселеде Абайдың дін жайын қозғай отырып, дін ұстаздарына айтатын қатты соққы, сындары және осы сөзде. Бұл жоғарыда біз айтқан, Абай ойының ең қым-батты, бағалы жағы.

Абай молдаларды сынап келіп (Толық жинақ, 382-6.): "Бұл заманның молдалары хаким атына дұспан болады (бұнда Абайдың хаким дейтіні — оқымысты ғалымдар мен жазушы ойшылдар. — М. Ә.). Бұлары білімсіздік, бәлки, бұзық пиғыл" — деп, осыдан кейін Абай молдаларды өздерінің тілдерімен дәлелдер айтып отырып әшкерелеп, қатты шенеп шығады. Содан ары (Толық жинақ, 383-6.) жалғыз қазақ емес, бүкіл мұсылманшылық ғаламына ауысады. Өздерінің реакциялық қараңғы нанымдарымен елді улатып, шырмап келген үлкен дінбасыларға да аяусыз соққы береді.

Мысалы, "Молдалар тұра тұрсын. Хұсусан бұл заманның ишандарынан бек сақ болыңдар. Олар — фитнәи ғалам (ғаламның бүзықтары. — М. Ә.). Бұлардан залалдан басқа ешнәрсе шықпайды. Өздері хүкім шариғатты таза білмейді, көбі надан болады. Онан асып өзін-өзі әһли тарикат (сопылық жолындағы жандар. — М. Ә.) біліп және біреуді жеткізбек дағуасын қылады. Бұл іс олардың сыбағасы емес, бұлардың жеткізбегі — мұхал. Бұлар — адам аздырушылар, хатте дінге де залалды. Бұлардың сүйенгені надандар, сөйлегені жалған, дәлелдері тәспиғы менен сәлделері, онан басқа ешнәрсе жоқ", — дейді.

Осындай дінмен байланысты діншіл ойларды айтып келіп, Абай сөзінің негізін адамгершілікке тірейді. Барлық өсиет ой-толғау еңбектерінің қорытындысы тағы да адамгершілік тәрбие екенін танытады. Адамды қор қылатын ең залалды жаманшылықтарды санап өтеді. Олары үш нәрсе: надандық, еріншектік, залымдық, — деп атайды.

Өлең шығармаларында адамгершілік, тәрбиелік терең ойларды қозғағанда айтатын қорытынды түйіндерін осы арада тағы келіп табады. Сөйтіп, анық айқын діншілдік үгіт сияқтанып басталған сөз ақынның өз ұғымындағы үлкен моральдық философияның тәрбиелік талаптарына келіп қосылады.

Ақындық өсиеттері мен қара сөзде көрінген ұстаздық мақсаттар екеуі де осындай тұстарда табысып кеп, үнемі бір сағаға қосыла құйылып жатады.

Осылайша топталып, тексерілген қара сөздердің тақырып бойынша құралатын ендігі бір мол түрі тағы бір топ сөздерде көрінеді. Олар: он бесінші, он жетінші, он сегізінші, жиырма бірінші, жиырма екінші, жиырма сегізінші, отызыншы, отыз екінші, отыз төртінші және қырық төртінші сөздер. Бұнда әр алуан түрде қайталап келіп отыратын бір тектес тақырыптар бар.

Сол ортақ тақырыптар адамның адамдық қасиеттерін тереді. Үлкен адамгершілік, ақтық, тазалық, азаматтық жөніндегі тәрбиелік ойлар айтылады.

Он бесінші сөзде мораль мәселесін мінез белгілеріне байланыстыра отырып, әрбір жақсы адам боламын деген кісіге өз-өзіне есеп беру, самоанализ, самоотчет жасау қажет екенін айтады.

Он жетінші сөзде Абайдың өз тұсындағы және Абайдан бұрынғы үлкен моралист, педагог ойшылдардың, ұстаздардың көп айтқан пікіріне жанасатын ой-толғау жүргізеді.

Ол — толық сапалы адам болудың шарты, гармоническая личность жайындағы ойлар. Адам жан-жақты, асыл қасиетті болу үшін оның бойындағы қайрат, ақыл, жүрек (сезім — М. Ә.) үшеуі бірдей болып, тең табыссын деген талап қояды.

Он сегізінші сөзінде және де қысқа қайырып, адамды адам етіп өсіретін, ұлғайтатын ақыл, ғылым, ар, мінез деген ой түйеді.

Жиырма бесінші сөзінде қазақ халқынан қадірлі азамат, қауымға пайдалы қайраткер шығару үшін орыс оқуының ерекше бағасын қадірлеп айтады. Оқушы өзі үшін емес, халқы үшін еңбек ететін адам болсын дейді. Бірақ осы сөзінің ішінде және осыдан бұрын жазылған жиырма екінші сөзінде Абай бірнеше қайшылық пікірлер айтады. Орысша оқып жүрген жастардың ішінде жақсы атаның баласы аз оқыды деп, екіұдай ұғым қалдырады. "Жақсы ата" деп Абай тұсындағы жалпы ұғымды алсақ, — жуан атаны ұғынуға да болады. Немесе Абайдың өзіндік сыны бойынша — үлгі берер, жеке жақсы атаны айтты деуге де болады. Қалайда осылай екіұдай түсінік беретіндіктен, жиырма бесінші сөздің бағасын біраз әлсірететін жәй бар. Жаңағы аталған жиырма екінші сөзде Абай көрсеткен қайшылық бұрынғы өлеңінде де бірен-саран жерде ұшырасқан қайшылыққа жалғасады. Ел билеуші адамдардың адамгершіліктен тыс мінездерін сынап, әшкерелеп келе отырып, Абай еңбек байын қостаймын дегендей ойға ауысады.

Көп байдың сорақылық, зиянды, қомағайлық, қанаушылық мінез-құлықтарын көп шығармаларында ашып, әшкерелеп келген Абай "еңбек байы" дерлік бай қоғам ішінде болмайтындығын айыра алмаған.

Адамгершілік жөніндегі тәрбиелік тақырыпты Абай отыз екінші сөзінде де және қырық төртінші сөзінде де қайталап, толық дәлелдеп өтеді. Бұларда ғылым басқа есеп үшін емес, адамның бас қасиеті өсуі үшін, арлы, мінезді толық мағыналы адам болу үшін жәрдем етсін дейді (отыз сегізінші сөз).

Қырық төртінші сөзінде тәрбиелік ойдың тағы бір шартын адамның басындағы мінезділікпен байланысты талапқа әкеп саяды.

Міне, осылайша топтап тексеру ретінде тақырыптық өзгешеліктерін еске алып отырып, біз Абай жазған қара сөздердің барлығын шолып өттік. Ақынның бұл шығармаларын тексеруде жылма-жыл (хронологиялық) ретпен талдауды қолданбадық. Абайдың лирикасын тексеруде ол әдіс ерекше қажет, шарт болса, мынау үлгідегі шығармаларын талдап ұғынуда поэзия тұсындағыдай соншалық қажет, міндет боп танылған жоқ. Себебі, өлеңде ақынның тақырыптарын қайталап отырса да, барлық ақындық шеберлік, жаңалық, көркемдік түрлер үнемі өзгеріп, жаңарып отырады.

Ал қара сөздер түр жағынан, әдебиеттік құрылыс жақтарынан бұндай жыл санап жаңғырып, өзгеріп отырған тың түрлердің тосын үлгілерін бермейді. Сол себепті бұндағы түр, стильдік өзгешеліктерді жалпы қара сөздердің барлығына ортақ қалпымен осы бөлімнің алғашқы кіріспе беттерінде атап өттік. Содан кейін жазушының өзінің де зер салғаны — ой менен мазмұн болғандықтан, қара сөздерді біз әдейі тақырыптық, мазмұндық ерекшеліктерге қарап, жоғарыда өзіміз жіктеген топтар бойынша тексеріп тануды орынды көрдік.

Қорыта келгенде, Абайдың қара сөздері — оның ақындық мұраларына қосылған бағалы қазына дейміз. Абайдың өз тұсында болған тарихи шындықпен, қоғамдық құрылыспен, күнделік сан алуан надандық, қанаушылық, озбыр зұлымдық атаулының барлығымен байланысты туған шығармаларды көрдік. Қара сөздердің бағасы — Абай заманындағы жағдайды, тарихтық шындықты өз қалпында, бұлжытпай толық танытып береді. Рас, біздің заманымыз үшін Абай сынап, суреттеп отырған ортаның барлық болмысы, барлық дерті және Абайдың сол ортада отырып, күнделік өмірмен байланысты атап отырған мақсаттары, кейбір ұсыныс ойлары — бәрі де ескірген. Біздің қоғам үшін Абай өмір кешкен тарихтық орта мен қоғамдық шындықтар мүлде алыста, артта қалған дүние. Осы тұрғыдан қарағанда, қара сөздердің арманы мен мазмұны, мұраттары тек тарихтық жағынан бағалы деу керек.

Екінші — Абайдың адамгершілік жөніндегі моральдық өсиеттерін алсақ, олардың ішінде біздің заманға да бағасы зор шындықтары, тәрбиелік ойлары аз емес. Бұл жағы айрықша таратып, талдауды қажет етпейтін түсінікті жайлар.

Ал осы аталғандардан басқа, Абайдың поэзиялық мұрасына қоса қара сөздері беретін, әр заманда бағасын жоймайтын бір үлкен қымбат қазына бар. Ол — Абайдың қара сөзді жазған тілі. Өлең сөзінде өзінің барлық ерлігі, жаңалығы, көркемдік таланты бойынша қазақ тілінің сапасын әдебиет тілінің дәрежесіне көтерген ұлы тарихтық еңбегі қандай болса, қара сөздерінің тілімен де Абай осындай еңбекті біздің мәдениет тарихымызға мол сіңірді.

Біздің осы күнгі сөйлеп, жазып жүрген әдебиет тіліміздің тарихы жалғыз ғана Абайдан басталады деп кесіп айтпасақ та, сондай сапалы тілді қазақтың жазба әдебиетінде анық биік белге өрлетіп шығарған Абай екені даусыз.

Мұхтар Әуезов