Абайдың өмірбаяны

Абай осы күнгі Семей облысындағы Шыңғыс тауын жайлаған Тобықты руының ішінде 1845 жылы туған. Абайдың өз әкесі — Құнанбай, атасы — Өскембай, арғы атасы — Ырғызбай. Аталарының барлығы да ру ішінде үстемдік жүргізген адамдар. Ақынның бұлардан арғы аталары Айдос, Олжай болады. Олжайдың үш ұлы: Айдос, Қайдос, Жігітек. Тобықтының атақты жуан биі Кеңгірбай — осы Жігітектің баласы. Қайдостан Бөкенші, Борсақ тарайды.

Айдос өз басы би де, бағлан да болған емес. Қайта момын, жасық адам болғандықтан, оны "Шөккен түйеге міне алмайтын жаман Айдос" дейтін мәтел бар. Осы Айдостың Айпара деген әйелінен төрт ұл туады. Бұлар: Ырғызбай, Көтібақ, Топай, Торғай.

Айпара ер қайраты бар, есті, адуын әйел болған. Өзінде, бір жағынан, тапқыр шешендік, бір жағынан, бақсы құшнаштық сияқты сәуегейлікте болған. Айпараның өзінен қалған бір ауыз сөз — төрт баласына берген аналық сын сөзі. Сонда:

Шынжыр балақ, шұбар төс — Ырғызбайым,

Тоқпақ жалды, торыайғыр — Көтібағым,

Әрі де кетпес, бері де кетпес — Топайым,

Сірә дә оңбас — Торғайым, —

дейді.

Сол шешесі дәме қылған Ырғызбай өзге туысынан анық артық болып, өзып шығып, ортасы дөме қылған жігіт болады. Тобықтының сол күндегі биі Кеңгірбай өзге барлық жас-желеңнің ішінен Ырғызбайды сынайды. Ел сөзіне араластырып, баулып жүреді. Ол кез — көп бидің парашыл кезі. "Сыбаға" деп, "жол" деп мол параны бадырайтып алып жатады.

Кеңгірбайға да осы жөнде көп жаманат еретін. Соның мысалы байы өлген қаралы бір әйелдің даусынан байқалады. Ері жанжал-төбелесте өліп, есе ала алмай отырған әйел:

Мойны, басы былқылдап

Ырғызбай жүрді араға,

Кеңгірбай толды параға,

Параға алған қара атан,

Тігілгей еді қараңа, —

деген.

Ырғызбайды баулып өсірген Кеңгірбай өзіне серік етіп жүргенде, сол інісі ертерек өліп қалады. Ырғызбайдың өзге бір ерекшелігі — жас кезінде үлкен ас, ұлы дүбір жиында күреске түсетін үлкен балуан болған. Уақытында қазақтың көп руларының арасында зор лақап болып жайылған бір күресі бар. Ол — қазақ, қоқан халықтары жиналған бір аста "Қоңыраулы балуан" деген түйе балуанды жыққаны.

Ырғызбайдың бірнеше баласы болған. Олары: Үркер, Мырзатай, Жортар, Өскембай. Өскембай Ырғызбайдың өзге баларының ішіндегі ең артығы болады. Кеңгірбай Ырғызбай өлген соң, оның орнына Өскембайды ұстайды. Бертін келіп, өзі қартая бастаған кезінде өз орнына Өскембайды би етпек болады. Сол күннің жолы бойынша батасын беріп, Өскембайды би қояды.

Өскембай өзінің ел меңгеру әдісінде, ең алдымен, Кеңгірбайдың көпті мезі қылған парақорлық мінезінен бойын қашандау ұстауға тырысқан. Ел ортасында сақталып қалған сөздің бірінде: "Ісің адал болса, Өскембайға бар, арам болса, Ералыға бар" деген сөз бар. Бу да билердегі сатымсақтық, жемқорлық дағдыны көрсетеді. Содан мезі болған, жиренген ел өз сынын өр тұста қатты айтып отырған.

Қайырсыз болған жазыңнан —

Қайырлы болған қыс артық.

Көрінбеген алтыннан —

Пайдасы тиген мыс артық.

Пара жеген билерден —

Қасқыр алған ит артық, —

деген сөздер би атаулының қайсысына болса да сын, таразы тәрізді еді. Парашыл әкім кім болса да, оған ел сыны беті-жүзіне қарамай қатты айтылатын. Би ғана емес, халықты меңгерген хан, төреге де соны ашып айтатын. Сол Кеңгірбай тұсында Найманды билеген мықты төре Бопыға айтылған бір сын сөзде:

Бөпекемнен төрелік іс кетпеген,

Жегеніне Байыстай ел жетпеген.

Қара сөзге құбыладан ескен желдей,

Алдынан тоқтылы-қой дау бітпеген, —

дейді. Парашыл, жегіштік елдің даушарына бітім таптырмай, көпке кесір болған соң, осындай ащы мысқыл да, қатты, қатал сын да көп туып, ел аузында күнде айтылып жүре берген. Сондықтан Өскембай бұл жағынан тыйымды болады. Бірақ, осындай болумен қатар, елді күшпен, зілмен аламын деп, кейде оқыс, қатал мінезді көп қолданған. Мысалы, бір уақыт алдына жүгініске келіп отырған Мәмбетей деген кісіге ашуланып, мұрнын кесіп алған сияқты ісі жаңағы айтқанға дәлел. Озбыр, зорлықшыл, жыртқыштық мінез иесі екенін де танытады.

Өскембай орта жасқа келгенде, баласы Құнанбай ержетіп, атқа мінген. Құнанбай 1804 жылы туған. Бұның шешесі Зере кісі ренжітпейтін жұмсақ мінезді әйел болған.

1850 жылы 72 жасында Өскембай өледі. Зере ерінен кейін көп жасаған. Ол бертін келіп, тоқсанға жетіп өледі. Мұның ақын болатын немересі — Абайдың бала, бозбала күнінде ауылдың бәрі Зерені "кәрі әже" дейді екен. Кәріліктен құлағы естімейтін болады. Балаларына дұға оқытып үшкірте береді. Сонда өз қолындағы немересі Абай кәрі әжесінің құлағына өлең айтып келіп үшкіреді екен.

Құнанбай жасында әке-шешесі мен өскен ортасынан алған тәрбиеден басқа, оқу тәрбиесін көрмеген. Мұның орайына жас күндегі өмірі, елдің ол кездегі дағдысы бойынша, батырлық, жорықшылық сияқты істерге көбірек ауған. Өзі құрбы жас жігіттердің ішінде мықты, найзагер болып та саналған. Жасында осындай өмірге салынған Құнанбай кесек мінезді, қатты адам болған. Қаттылығы әншейін ағайынға ғана емес, әке-шеше, жанашыр жақынға да бір қалыпта болған сияқты.

Ел билеп, іс басқаруға келгенде, Құнанбай әкесінен айлалы болған. Мұның кісілікке толық іліккен кезінде Сібір даласы "1822 жылдағы Сібір қазақтарына арналып шыққан устав" бойынша округке бөлініп, "округтік приказдар" билейтін. Округтің бастығы аға сұлтан, приказдың қалған екі мүшесінің бірі — үкімет чиновнигі (елдің көбі мұны "майыр" дейді). Үшінші мүшесі кіші сұлтан атанады. Осы кезде Құнанбай екі жылдай аға сұлтан болады.

Бұрыннан өз орталарынан біреудің болуына көп тілеулес боп жүрген ру жуандары Құнанбайдың аға сұлтан болуын Бөкейханның нәсілі Құсбек, Жамантайдың партиясынан, патша саясатынан дегісі келмей, "Құнанбайдың басының қасиетінен" деп кеткен. Сол кездегі атқамінерлер аузындағы аңызға қарағанда, Құнанбай "қарадан хан болған" деп аталады.

Құнанбай бірде Тобықтының старшинасы (ол күнгі болыс есепті), бірде жаңағыдай аға сұлтан болып жүрген кезде басынан талай үлкенді-кішілі уақиғалар атқарған. Ақын Абайдың алдыңғы аталарындай емес, Құнанбай жағында ел жадында қалған аңыз әңгіме аса көп. Себебі, Құнанбай өз тұсындағы ел билеушілердің көбінен қатал, салмақты болады. Ақыл-ой да, қажыр-қайрат та, өмір, билік батылдығы да және халыққа батқан қатты кесек іс-қимылдары да бұның атын көпке мәлім еткен.

Оның жайындағы әңгімелерді ақын Абай атына байланыстырмай-ақ, неше алуан ғып ел аңызы көп сақтаған, көпке жайған. Шынында, Құнанбайдың ұзақ өмірі (ол 80 жасқа жетіп өлген) қилы-қилы уақиғаға аса бай еді. Өскембайдың өзі барда ел ішін ерте қолға алған Құнанбай ру тартысының зор қақтығысын жасырақ шағында да бірнеше көреді. Ондағы тартыс Тобықтының өз ішіндегі тартысы емес, сырт рулармен тартысы. Мысалы, Құнанбайдың 30 жастағы шағында Өскембай аулын Найман шабады. Найман қолының мықты басшысы Серікбай, көп қол жиып кеп, бекініс алып жатып, бірнеше түн ауыл шауып, жылқыға тиеді. Қатты қимыл соғыста Құнанбай тап ортада өзі жүреді. Найман көп кісі тұтқын қалдырады. Тобықты жылқыны алғызбайды. Бірақ осы соғыста Құнанбай жағынан көп кісі найзаға шаншылып, қатты жарадар болады да, Өскембайдың бір азамат баласы қаза табады. Ол Болсамбек деген асырап алған баласы болатын. Мұны Зере Құнан-баймен бірге бауырына салып өсірген еді.

Найманнан Өскембай аулында тұтқын боп көп азап көрген жандардың ішінде Қожамжар деген ақын да болған. Осы шабуыл, зор пәлені Қожамжар өз уақытында көп өлең еткен. Бұл пәленің арты Қарқаралы приказының, Аягөз ұлықтарының қатты кіріскен ісі боп, ақыры Омбы ұлығының кеңселеріне шейін барады. Соңғы жылдар табылған архивте Тобықты жағының барлық жауабын, дауын айтып, бар тартысты басқарып жүрген кісі — би Өскембай емес, әкесі берген тапсырма бойынша, бар тергеу-талқыны өз мойнына алған 30 жасар жігіт Құнанбай болады.

Құнанбай аға сұлтан болған уақытында Тобықтыға старшиналыққа өзінің тоқал шешесінен туған Майбасар деген інісін сайлаған. Ел мұны адамшылық, ақыл, мінез жағының қайсысынан болса да елге залалды әкім деп бағалады. Майбасардың содырлы, зорлықшыл қылығының салдарынан Жігітек деген ру, бастығы Бөжей болып, Құнан-байға қарсы болады. Бірақ бірде аға сұлтан болып жүрген Құнанбай, әрі сырт елдерге атақты, үкіметке салмақты болып-ақ, Жігітекті де, басқаларды да бойымен басып жыға берген. Сонымен, алғашқы араздық, жаулық кейін ұзақ замандарға созылып кетсе де, Құнанбай тұсындағы алыстың бір буыны Жігітектің жеңілуімен бітеді. Құнанбай Жігітектің он жеті адамын Сібір айдатады. Ол кез патшалық ұлығына қазақ сахарасының жаңа-жаңа бойсұнып келе жатқан кезі болады. Сотталу, абақтыға жабылу, айдалу де-гендер ел көрмеген үлкен сұмдық саналатын.

Құдая, елді сақта сотталғаннан,

Теңселіп екі қолын бос салғаннан, —

дейтін кез.

Құнанбайдың бұл айдатуы өз өмірін зорлықпен танытпақ болған қаталдығынан еді. Ол сол кезде Тобықты ішінде талай руды жерінен көшіріп, немесе өзіне жақын рубасыларға шұрайлы жер әперіп жүрген. Бөкенші, Борсақты жерінен көшіру, Жуантаяқты, Қарабатырды көшіріп, жерін алу, Көкшені көшірмек болу — бәрі де сол үлкен, көрінеу зорлықтың айғақтары еді. Жігітекпен үлкен араздықта осы жөннен туып, кейін ұлғайған өштікке айналған. Сонымен, Құнанбай "елді қарсыластырмай, қорқытып, жасытып жіберем" деп, көп жанды жер аударған соң, кейінгі көп заманға, көп буынға шейін ұмытылмастық кек, жаулық қалады. Бері келе өсіп, іске араласатын жас Абайдың алдында әкесі тастап кеткен осындай зор пәле-зұлымдық, зорлық тұрғанды. Абайдың одан жиреніп, қарсы боп өспесіне шара жоқ еді.

Бір Құнанбай емес, осы кезде ел ішінде жауласқан күшті жуанның бәрі де бір-бірін ұлық арқылы жер аударып, жазалатып жүреді. Құнанбайдың өзін де Жігітектер бір шақта жеңермен боп міндетіп барып, қуғын қағазды молайтып, Омбы қаласына шейін тергеуге апарып, әреңге қалған.

Ел ішінде кісі соттаудың алды бір қақтығыс емес, талай пәле боп келеді. Оның кей кездері барымта, төбелес, шабуыл және толып жатқан сыяз, тартыс-жұлыс болады. Бейбіт елдің арасын атшабар, стражник сияқты беймаза шолақ әкім кернейді. "Қара қозы жеп, қара елтірі қайқая киіп" дейтін сотқарлар молаяды. Сыяз деген бір ауыр салмақ тағы бар.

Ол орнаған жер тың бір обырдың орнағанындай. Ел жуандары бір руға ызғарын өткізем дегенде, сол рудың үстіне сыяз құрады. Халық күйінің ауыр кезінде құрып, әсіресе берекесін кетіреді. Осындай сыяздың бірін Құнанбай Көкше руының ішінде өткізбек болған екен. Мезгіл — қыс, ел қысаң күйде тұрған шақ. Сонда Көкшеден Бектас деген кісі Құнанбайға кеп: "Е-е, Құнанбай, жарқырап жаз шықпаушы ма еді? Күркіреп күн шықпаушы ма еді? Қыстың айы алтау еді, енді сенімен жетеу болды ма?" — депті.

Құнанбай тұсында Тобықты ішінде мұнымен тең түсетін бастас адамдар: Бөжей, Қаратай, Байсал, Сүйіндік, Байдалы, Түсіп сияқты кісілер болған. Мұның көбімен Құнанбай бірде дос, бірде араз боп өтеді. Қатты жұлқысқан кісілері де осы топтың ішінде.

Әрине, Құнанбай басының қайшылығы көп болған. Ол феодалдық дәуірінің — өз тобының бел баласы. Ісі мен мінезінде заманының талай айқын таңбасы бар. Мысалы, Құнанбайға да алым, түсім аз болмаған. Ол түсімнің аты — пара. Сол жөнде Балта ақынның бір сөзін мысал етуге болады. Балта ақынға бір кездескенде Құнанбай:

Ағалейкүм әссәләм, ақын Балта,

Болып сен жаралдың ғой шараң орта.

Шаншар менен Бошанның құртын ұрлап,

Салдырдың оң жағыңа майлы қалта, —

депті.

Сонда Балта:

Шарам орта болды ғой шараңыздан,

Есіркесең, бөліп бер қараңыздан.

Мен ұрласам құрт пенен май ұрлаппын,

Сіздің жеген арам ба параңыздан? —

деген екен.

Осының мысалына Сүйіндіктің бір сөзі де куәлік етеді. Сүйіндік аулы бір жылы жау түсіріп, сол жаудан олжаға бір жақсы қара ат алады. Қара аттың соғыста шекесіне сойыл тиіп, басы жарық боп түскен екен. Сонда да Құнанбай қызығып, Сүйіндіктен сауғаға сол атты сұрата жібереді. Бірақ осының алдында Жуантаяқ руынан Бостан дегеннің аулы Сүйіндіктің бір айғыр үйірі қысырағын апарып сойып алған. Сүйіндік Құнанбайға шаққанда, ол Бостаннан бір айғыр алған екен. Соның салдарынан Сүйіндіктің дауын аяқтатпай жүреді. Жаңағы қара атты енді Сүйіндік Құнанбайға бергелі жөнелтіп жатып:

Айыбыңда қара аттың басы жарық,

Өзім семіз болғанмен, көңілім арық.

Бостанның қорасына қонар едім,

Құнанбай қор қылмаса айғыр алып, —

деп бір ауыз өлең айтқан. Сол заманнан қалған мұндай сөздер оның шындық айғағы еді.

Дін жолын бекем ұстауды үлгі етемін деп, Құнанбай аға сұлтан боп тұрған күнінде Қарқаралы қаласында мешіт салдырған. Кейін, 70 жастар шамасында, әмір-биліктен тоқ-талып, Меккеге барады. Сонда Меккеге қазақ адамдары түсіп жүрсін деп, өсиет етіп, өз пұлына "Тәкия" деген жатын үй салдырып кетеді. Бертін келе әр рудан Меккеге барушы қазақ көбейген уақытта көбі Құнанбайдың "Тәкиясына" түсіп, сол жақтан Құнанбай атына қанық боп қайтады. Осының өзі де кейін, Құнанбай өлген соң, оның атағын даңқты етуге себеп болған.

Абай Құнанбайдың 41 жасында туған. Құнанбай көп әйелді болған. Үлкен әйелі - қыздай алған Күнке. Бұдан туған баласы Құдайберді. Екінші әйелі – Ұлжан. Ол Құнанбайдың інісі Құттымұхамбетке айттырылған қалыңдық екен. Інісі өлген соң Құнанбай келінін алған. Бұдан туған балалары: Тәңірберді, Ыбырай (Абай), Ысқақ, Оспан. Үшінші әйелі — Айғыз. Одан Халиолла, Ысмағұл деген балалары болған. "Атадан алтау, анадан төртеу" дейтін Абайдың өлеңінің мәнісі осы. Құнанбайдың төртінші әйелі — Нұрғаным. Бұдан бала болмаған.

Ұлжан мен Айғыз бір ауыл болып, Құнанбай осылармен тұрған уақытта екі шешесінің ортасындағы тел баласы Ыбырай болады. Бұл екі шешесінен кейінірек Оспан, Ысмағұл деген екі бала туған. Бірақ олардың жасы Абайдан едәуір кіші. Айғыздың үлкен баласы Халиолла болса, оқуда жүрген. Сондықтан Абай алғашқы балалық шағын екі шешесінің ортасында, жалғыз баланың халінде өткізген. Екі шешеге бірдей бала боп жүргендіктен, сол кездегі үлкендері Абайға "Телғара" деп ат қойыпты. Кейін, Абай ержеткен уақытта, бірталай жеңгелері ертеде қойылған атпен оны "Телғара" дейді екен.

Абайдың өз шешесі Қаракесек ішінде Бертіс тұқымы болады. Ұлжанның әкесі Тұрпанмен бірге туысқан ағалары Қонтай, Тонтай қалжыңмен даңқы шыққан, белгілі мысқылшыл, тапқыр күлдіргілер. Бұл әдет — Бертіс, Шаншар руына түгел жайылған мінез. Осы Шаншардың бұрын-соңғы заманға шейін аузынан тастамайтын атақты қуы — Тонтай. Тонтайдың барлық өмірі тұтас күлкі болып кеткен. Түгелімен бастан-аяқ жеке-жеке күлкі әңгімеден құралады. Сол әңгімелерге қарағанда, Тонтайлар — қалың қазақ ортасының үнемі көңілін көтеріп жүрген, таусылмайтын думан, ұдайы қызық күлдіргісі. Осы Тонтайдың інісі Тұрпаннан туған әйел бала — Ұлжан.

Ол сабырлы, кең мінезді кісі болған. Абай балалық шағын сөз қылғанда, өз шешесіне қатты ырза болып, Айғызға іші ренжіңкірейді екен. Ұлжан күндестікті көп сыртқа шығарып білдірмесе де, Айғыз сол жағынан белгі бергіш болса керек. Бұнысы Абайдың бала шағында көп қатынды тұрмыстың бар зарын татып, тағы да неше алуан ауыр қиын-шылықты көріп өскендігін білдіреді.

Ұлжанда тұқымының тауып айтқыш қалжыңшылдығы әбден болған. Анда-санда әлдеқалай айтып қалған сөздері қалжың болып, ел есінде ұмытылмай сақталады. Кесек қалжың, ажуаға да Ұлжан көнтерлі, созымды, тапқыр болған. Қиын жайды, қысталанды күлкі сөзге айналдыру - қазақ халқының, әсіресе Шаншардың мерзімді мінезі.

Тонтай өлерінде маңайына жиылып келіп отырған қожа- молдаларға қарап: "Жазыла-жазыла қожа-молдадан да ұят болды, енді өлмесек болмас", — деп айтты деген сөз екінің бірі білетін мәтел болып кеткен.

Осындай тапқыштық және біреудің мінін ащы тілмен қатты түйрегіштік нағашысы мен шеше жағынан Абайға да мол келген.

Шынға келгенде, Абайдан қалған сөздің ішінде барлық ақындықтың шарты болатын, жалынды, жанды, өткір сезімді былай қойғанда, қалған сарынның ішінде салқын ақылмен сөйлегіштік көп пе, жоқ, шанышпа тілді, сатиралы ащы мысқыл, улы күлкіге ұрғандық көп пе? Біздің ұғуымызша, соңғы түрі басымырақ сияқты.

Құнанбай жанның бәріне салқын болған қалпында өзінің балаларына да зілді болған. Сол зілін жас шағында Абай да көп көреді, басынан көп кешеді. Ал Ұлжан мінезді адам болғандықтан, орайы келгенде өзінің бала, бауыр, қайын сияқтыларына әзіл-қалжынды айта береді. Әзілмен жауаптасуды Абайға бала күнінен еккен.

Абайдың ақындық жолында өзге талай жазушы, талай ақынның жолынан бөлек, өзіне ғана хас ерекше тағдыры болған. Ақындығындағы сол ерекшелік Абайдың бала күнінен бастап, соңғы өлер шағына шейін өзгеше шарттардың ішінде өткен ерекше өмірінен туған. Сондықтан енді Абайдың өз өміріне келейік.

Абай, жоғарыда айтылғандай, екі шешенің тел бал асы болып жүрген. Кішкене кезінде сырт мінез жағынан аңқау, нанғыш және тентек бала болса керек. Бірақ сол кішкене күнінде өзге балалардан ерекше жері — үйге қонған қонақтардың әлдеқалай айтқан ертегі сияқты әңгімелерін құлай тындайды. Жай өмірде пысық, ширақ емес болғандықтан, ауылдағы үлкендер Құнанбайдың бұл баласынан көп дәме қылмайды.

Абай он жасқа келгенде, әкесі Семей қаласына әкеліп, оқуға берген. Бұдан бұрын қырда да Абай біраз оқыған болады. Семейдегі алғашқы берген молдасы Ғабдұлжаппар деген татар. Артынан бұдан шығарып, Ахмет Риза деген молдаға тапсырған. Екеуі де мешітте имамдық қылады. Және сол мешіттердің жанында медреселер ұстаған. Оқушы шәкіртінің көбі медреседе жатып оқыды. Оқу, әрине, ескіше, ылғи дін сабақтары. Соның көбін араб, парсы тілдерінде оқиды. Жалпы медреселерде кейінгі заманға шейін сақталып келген салтқа қарағанда, түркіше оқу жолшыбай ғана оқылатын қосымша оқу болады.

Ұстаз қалпелердің бар бейіл бергендін діңгегі сияқты болған арабша, одан қала берді парсыша.

Абай осы медреседе үш жыл оқиды. Өзі тұстас үлкен- кіші балалардың барлығынан сонағұрлым зейінді, ұғымтал және ерекше ықыласты болған. Дәрісте арабша кітапты молдасының бір оқып, бір-ақ рет түрікшеге аударып берген сөздерін кітапқа қарамай, жатқа айтып шыға алатындай зерек болады. Сонымен, дәріс үстінде оқылатын са-бақтарды ұғып, білу Абайға өзге балалардан анағұрлым оңай тиген. Көп уақытын да алмаған. Сондықтан барлық артылған уақытты Абай өз бетімен өзі сүйген кітаптарын оқуға жұмсап, көп ізденуге салынады. Өз бетімен оқитыны — шығыс ақындары. Одан соң араб, иран, шағатай (ескі өзбек) тілінде жазылған ертегі, дастан, қисса сияқты әдебиет мұралары.

Бұларды Абай бала кезіндегі құлай берілгіш мінезі бойынша барын салып, көп оқыған. Оқуға кірген соң-ақ тез есейіп, ілім қуған кісінің қалпына оңай түсіп кеткен. Оқыған кітаптың көбіне сынмен қарай білетін, сезімді оқушы бола бастаған. Өзінің әбден сүйіп, таңдап оқыған ірі ақындары болады. Солардың әр сөздерін оқып шығып, талай ғазел-дерін ұзыннан-ұзақ жаттап жүреді.

Сол бала күнінде жаттаған кей өлеңдері ұлгайып, кәрілікке жеткен уақытына шейін есінен шықпаған, ұмытылмаған.

Осы сияқты белгілерге қарағанда, Абайдың медреседегі оқуы көбінесе "Бидан", "Мұхтасар" сияқты дін кітаптары болмай, әдебиет мұралары болу керек. Ерте күннен әңгімелі, өлең сөздерге ерекше ынтық болып, қатты құмартқан талапты жас шәкірт ақындық өнерін қадірлейтін мінезді сол балалық шағынан ала шыққан.

Медресенің тынысы ауыр, тар ғаламында, қысаң тәрбиесінде жүрген шәкірттің шын сүйетін жандары — Низами, Сағди, Қожа Хафиз, Науаи, Физули сияқты қазіргі шығыстық совет елдеріміздің ескі классик ақындары болған.

Медреседе оқып жүрген кездерінде жаздыгүні елге қайтқанда, қаладан ала келетін кітаптары — тағы сол ақындар еңбектері. Үй ішіне оқып беріп отыратыны да солар болған.

Ескіше оқу тәртібі шынымен "инемен құдық қазғандай" өнімсіз білім болғанда, Абайдың үш-ақ жыл оқуы сырт көзге аз оқу болса да, өзіне көп жаңалық беріп, көп дүниенің шетін ашқан сияқты. Алдымен ақындарды көп оқу себепті Абай араб, парсы тілдеріне төселе түседі. Оқуға қиын араб тілін жете білмесе де, парсышаны жақсы түсінетін болады. Мұның белгісі сол заманнан қалған бірен-саран өлеңдерінен білінеді.

Кітап жүзінен алған тәрбие мен жазба үлгілер бойынша ол уақыттағы өлеңге жарайтын тіл жалғыз араб, парсы тілі деп біліп, Абай да алғашқы өлеңдерін араб, парсы сөздерін қоспалап айтады. Балалық шағындағы өлең жазамын деген талабын:

Физули, Шәмси, Сайхали,

Науаи, Сағди, Фирдоуси,

Қожа Хафиз — бу һөммәси,

Медет бер, я шашри, фәрияд! —

деп, өзі қадірлеген ескі ақындарының аруағын шақырады.

Осы аталған аттардың өзіне қарағанда, Шығыстағы көпке белгілі болған ірі ақындардың талайымен Абайдың ерте күнде танысып алғандығы даусыз. Және өзінің сол күнгі сыншыл ой шамасымен осыларды ғана таңдағаны да сүйсінерлік іс. Медреселерде тек сопылық мистикаға баулитын Йассауи, Бақырғани, Сопы Аллаяр сияқтыларды өзіне үлгі етпей, олардан сау болғаны — мақтарлық сипат.

Абай оқуды тастап, елдің жас бозбаласы, жас жігіті болып жүрген кезінде де жаңағы алғашқы ақындардан алған үлгі-әсерден түгел айықпай, көкейінде көп сақтап еді. Сол кезде ұнатқан әйеліне өлең жазса, әлгі ретпен кітапшылап жазады.

Әлиф дек ай йүзіңе ғибрат еттім,

Би-балай дәртіңа нисбәт еттім,—

деп, "өліп", "би" мен жазған өлеңі, одан соң "йүзи - раушан, көзі - гауһар, лағилдек бет үші әхмәр..." деген өлеңдері жас шағында қиялына қатты әсер етіп, тіл кестесі де өздерінің үлгісіне тартып алған жоғарғы ақындар әсерінен туады.

Ақынның жас күнінен бізге жеткен өлеңдері көп емес. Сан шығармалары ұмытылып, жоғалған болу керек. Абайдың нағыз өнімді өлең жаза бастаған кезі жігіттік шағы өткен соң басталады. Ол кездегі Абай арабшыламақ, парсышыламақты теріс нәрсе деп түсінген.

Медреседе үшінші жыл оқып жүрген уақытта Абай жалпы мұсылманша оқумен тоқтамай, Семей қаласындағы " Приходская школаға" түсіп, орысша да оқи бастаған. Бірақ мұндағы оқу ұзақ болмайды. Бас-аяғы үш-ақ аймен орысша оқуы бітеді. Мұсылманша оқуы да доғарылады. Жасы 13-ке толғанда, ерте есейіп, ақыл сезімі ашыла бастаған өткір зейінді, ерекше талапты жас шәкіртке аз да болса оқу-тәрбие беретін мектептің есігі жабылады.

Осындай дүние есігін енді ғана ашқалы, жаңа ғана саңылау көріп келе жатқан уақытта, Абай аздаған біліммен үлкен кісінің өміріне кіріседі. Әкесі ел билеу жұмысында оны өзіне серік қылмақ боп, жаңа міндетке арнап, сол жолға баули бастайды. Бала болса да, сол кезде Абай әкесі дәме қыларлық белгілерді көрсете бастаған сияқты. Барлық балаларына қатал, қатты болған Құнанбай Абайдың өзгелерден артық екенін ертеден сезген.

Баласын оқыта түспей, қайырып алған себебі, жоғарыда Құнанбай өмірі туралы айтқан сөздерді еске алсақ, оңай ұғылады. Құнанбай өзі тұстас рубасылардың қақ жартысын өзіне қарсы тұратын жау қып алады. Қатал мінез, қатты зорлық, үстемдік мінездерімен, істерімен жау етеді. Көп өмірін сол жаулықтың жолында алыс-жұлыспен өткізеді. Қарсысына шыққан рубасыларды үлкен тартыстың аяғында жеңіп алса да, сондағы ішке байланған мұз олардың көбінің есінен кетпеген. Құнанбайдың өз істері, өз мінездері бір болса, екінші жағынан, сыртқа да, ішке де әмірі жүріп, жуандап алған Құнанбайдың маңайында да талай зорлықшыл, озбыр, сотқар туысқандары болады.

Бұлар Құнанбайдың ұлықтығына мас болып, "пәлен ауылдың жігіті, түген жуанның туысқаны" деген атпен шамасы келгенше емін-еркін пайдаланған. Көп елді мазақтап, қорлап, орынсыз зорлық, қисынсыз жуандық істей берудің үстіне, тіпті Құнанбайдың дос болып жүрген ру басшыларын да қажытып алған. Сол Құнанбай қарсысында жүрген адамдар оның өзі ғана емес, жаңағыдай жақыны, өрен-жараны дегеннің барлығына да жауығып, жирене қарайтын болған. Тартыс ретінде өшпендік жөнімен Құнанбайдың жас баласын да өздерінің ертең алысатын жауы есепті біледі. Оны да дұшпан санайды. Осының бір мысалын Абай өзі де айтады екен.

Бір күні жас бала өзен жағасында ойнап жүргенде, анадай жерде келе жатқан Байсал, Бөжей, Түсіпті көреді. Олар бұның әкесімен араз. Бірақ Абай жаңағы үлкендердің ал-дарынан көлденең шығады да, қол қусырып тұрып сәлем береді. Бөжей сәлемін алғанда, Байсал жақтырмай: "Антұрғанның баласының сәлемін алып неғыласың", - депті. Бөжей тоқтап, баладан: "Бізді көрсең, сәлем бер деген әкеңнің үйретіндісі ме, жоқ, сәлемді өздігіңнен бердің бе?" — дейді. Абай: "Үйретінді емес, әдейі сәлем берейін, батаңызды алайын дедім", — дейді. Байсал сонда тағы да: "Жетпегірдің баласына тағы не бата беруші ек!" — деп жүре бермек болады. Бірақ Бөжей жүрмей, бата берді дейді. Бөжейдің батасында: "Әкесінің мінезін бермесін" дегені Абайдың есінде қалыпты.

Осы 13 жастағы Абай әкесі берген бетпен ел сөзіне кіріседі. Әрине, жас бала алғашқы аяқ басқан жерден келелі кеңеске кіріп кеткен жоқ. Ел жұмысын шет жағалап, ептеп бастауы керек. Сондықтан ең алғашқы жылдарында әкесінің "барып келінде" жүреді. Кейде қасына кісі қосып беріп, кейде жалғыз өзіне сөз тапсырып, ұсақ істер туралы келісім жасауға да ерік береді.

Абай жасына жетпей ұлғая бастайды. Балалық белгісін ерте жоғалтып, сөйлесіп жүрген үлкендеріне бала көрінбеу жағын көп ойлайды. Әкенің билігі, өмір талқысы және ара-ласып жүрген үлкендері болсын, барлығы да Абайды оқудан алыстатып әкетумен тоқтамай, табиғи балалық қалпынан да жырып әкеткен.

Жас кезінен-ақ Абай өмірі әлденеше қиқы-жиқы шиырға түскен. Ішкі балалық дүниесін онды-солды соққыға алатын, теріс қалыпқа кептейтін, ерекше халдерге ұшыраған.

Өзінің қуаты мен ой қуатына лайық келмейтін салмағы зор міндеттер басына түскен соң, Абай жаратылыстағы зеректік, талаптылық өнерін еріксіз осы жолға салған.

Сонымен, балалықтан асып, бозбалалық, жігіттік шағына жеткен уақытта қазактың ескі сөзі, ескі жол-жобасы, мәтел, тақпақ, ескі биліктеріне елдің мандай кісілерімен қатар түскендей білім жияды. Ескі ақындар, шешендер, батырлар болсын, барлығының жайындағы әңгімелер Абайға енді таныс дүние болады. Абай халық қазынасына жанасады. Халықтың қоғамдық тірлігіндегі қайшылықтарды, ауыр шындықтарды да содан ұғатын болады. Арызшы, мұңдыларды, зорлық, қорлық көргендерді көп тыңдап, со-лардан үлкен сырлар ұғады. Құнанбай үстемдігіне қарсы әділдік ойды ойлауды да сол халықтан үйрене бастайды. Құнанбайға көмекші Абай болмай, өзі үшін көп нәр алып өсіп келе жатқан жас болады.

Қаладағы оқудан шығыс ақындарын сүюді, ақындықты сүюді ала келген Абайға ендігі зор тәрбиеші, ұстаз қазақтың қалың бұқара халқы бола бастайды. Ел даналығын танып, соны ерте қамту жас талапкерге жаңа зор мектеп тәрізденеді. Бұл жөніндегі азық, білімді ол әкесінен алмайды, халықтан шыққан шешен, ділмәр ақыннан, ескі әңгімешіден, көпшіліктен алады. Ең алғашқы өлең жайын баяндаған жырында Абай Шортанбайды, Дулатты, Бұхар жырауды ауызға алса, солардың сөзін бала күнінен естіп, танып, жаттап өскенін сезуге болады. Әрине, осындай ақындық мұраларымен қатар, мысал, мақал, аңыз, дастан, айтыс сияқты сан қазынаны әжеден, анадан, қонақ, жолаушылардан көп есітеді. Ол әңгімелердің, жырлардың көбіндегі ел зары, ел сыны, жуан әкімдер зорлығы, қыздың мұңы сияқтыны да көп естіп өседі. Осындай мұраларды сую Абайды қатал, суық билер ортасында қалдырмай, халық мұрасына жақын етіп жүреді. Билер, әміршілер ортасын ел көзімен көріп, қиянаттарын танып, қатты сынап, жиреніп өсуге бейімделе жүреді.

Бір айтқанды ұғып алу, ұққанын ұмытпау, ел сөзінде соларды керекке жаратып, әңгіме арасына кірістіріп отыру — шешендерге көп жайылған салт еді. Абайға да сол парыз сияқты болған. Жас жігіт білген өнерін орнымен керегіне жаратып, келістіріп, көркейтіп сөйлейтін болады. Ел көзіне шешен боп көріне бастайды. Басында балалығының арқа-сында сөзге қорғана кіріскен Абай, аз жылдың ішінде үлкен табыс тапқандай болып, адымын ұлғайта береді. Бірнеше рет жол көріп, көзі қанған соң, "пәлен жақсы, түген жақ-сы" дегендерінің айламенен, қанау менен қиянат болмаса, өзге жалпы білімге, ақыл шалымға, адамгершілікке татымсыз екенін сезеді. Ол кісілерден өзін кем санамауына тағы бір себеп — Абайдың оқуы барлығы. Ел кісілерінің көпшілігі Құнанбай сияқты оқымаған адамдар болған уақытта Абай олардың қасында өзін өзгерек көрген. Надан кісілердің ортасына келіп өлшескенде, бұның оқуы дардай саналған. Бұған халық ескілігі, тіл өнерінің мол байлығы қосылған соң, Абай өз заманының ішінде өз қайратына сенген өршілдікпен құлаштайды.

Ол үлкен-кішінің ұғымды, шешен жауап айтқанын тәуір бағалап, дау, талас, тартыс, егесте өзі де сондайды айтып қалуды машық етеді. Бұны ылғи жай сөз түрінде айтпай, кейде өлеңмен де айтып жіберетін болады. Осы күнге шейін бізде Абайдың сөз байлығын тексерген еңбек жоқ. Бірақ қазақшасын оқыған адамның барлығына Абай тілінің аса бір мол, бай тіл екенін тану қиын емес. Сол байлық — Абайда бала, жігіт күнінен құралып өсіп келген байлық. Және шешендіктің өзі де тапқырлықпен кестелі сөзден, келісімді, ұтымды ойлардан қурылған ақындықтың бір ағайыны. Абай ақындығы оның жас кезінен көп мұралар қалдырмаса, "Ол кезде Абай ақын емес еді" деу қате болады. Абай — сол уақытта да ақын. Ақындығын және мол қолданған, күнде сынға салып, өз өнерін күнде безеп отырған ақын. Онысы және өмір құрылысына күнбе-күн қолма-қол ұштасып отыр-ған ақындық. Бір жағынан, жүйрік, шешен, әсем, ұшқыр сөздің ақындығы. Көбінесе қара сөзбен айтылған тапқырлық, алғырлық. Өлеңді, суырыпсалма айтысты Абай ойында да, шында да көп қолданып жүрген. Бірақ сонда да ол шақта өзін "ақынмын" деп санамаған. Өленді де ойын, қалжың, мысал түрінде көбірек айтып тастап жүрген. Әсіресе жігіттікке жеткен шағында қыз-келіншекке арналған сәлем хат, қалжыңды көбінесе өлеңмен айта беретін болған. Бірақ ол кездегі өлеңінің көбін өзі де ескермей, өзге де көп елемей, барлығы ұмытылып қалған. Есте қалғанының бізде жиналғаны: әліпбимен жазылған тілек хат. Сонан соң "Тайға міндік", "Сап, сап, көңілім" деген өлеңдер. "Сап, сап, көңілім" — Сүйіндік қызы Тоғжанға айтылған. Бозбалалық шағында Абайдың қатты ынтық болғаны — осы Тоғжан.

Жігіттік шағында көп жастық салтын қолданып, кейде ақындық өнерін ашық шығара жүрген Абай ел келесіне атсалысып, шешендік пен алғыр, жүйрік билікке де ұста болады.

Сонымен, ақыл-ойға, білгіш-сезгіштікке келгенде ерте жеткен жас жігіт сол уақытта-ақ өз ортасынан иығы асып, өза бастағанын сезгендей болады. Өзу ойы толып өсуінен білінеді. Өсуі заманын сынаудан, заманының әміршісі мықтыларын, жуандарын, әкесі бастаған үстем тапты сынаудан білінеді. Мәдениет, өнер-білімге кенжелеп, артта қалған ел-жұрт бар. Қыс жұты, жаз індетімен аралас ел шаруасының құтын шайқап, барымта жасап, бақталастан туған өлек, лаң әкеліп, соны қалың ел ортасына пәле ғып тастап, сол арқылы момын еңбекші, есесіз көпті жеп жүрген, қанап, тонап, сорлатып жүрген атқамінер шонжар бар. Өздері надан, өздері ел тағдыры, халық қамы дегенді ойламайтын дүлей, қараңғы топ. Олар бастаған ел көшінің барар беті қараңғы, екіталай тығырық. Ендігі тірлікті жаңғыртып, өзгертетін заман керек, сол заманға қарай халық мұңын өз мұңы етіп, адал азаматтық жолымен бастайтын қайраткер керек.

Міне, Абай өскенде, ортасынан асқанда, осы сияқты тарихтық, қоғамдық қайшылықтарды терең аңғарып, тапып барып өседі. Әке мен сол әкелердей бар жуандардан торығып, бөлек жол іздеу қажет деп өседі. Әуелде барлық ақын-ойын мынау ортаны мінеп, шенеп, нәрсіздік, құнсыздығын ашуға жұмсайды.

Жалпы, ақылмен болжайтын ой-пікірге келгенде, олардың айтып тоқтаған жерінің ар жағынан жаңа өріс, тың жол табамын деп талпынады.

Олардың "таптым, білдім, шештім" дегеніне сынмен қарап, "жеттім" дегенін қанағат қылмай, өз ойын асырып түсіруге тырысады. Осы әдет Абайдың жігіттік шағындағы көптен бөлек ерекше мінезі бола бастайды. Бұның дұрыстығын дәлелдеу үшін ел есінде қалған екі-үш мысалды айтайық.

Абай ол күндегі "жақсы" дегенде ескі бектік, пандық, қара күш болмаса, нағыз адамгершілік, шын талант, қасиет аз екенін әшкерелей бастайды. Және, әсіресе бұлардан елдің күйзелуі күшті екенін халықтың сыншы, жыршылары айтқан сөздерден әбден танып біледі. Ел мұңынан, жұрт жадаулығынан соны таниды. Өз әкесі бір алуан озбыр күш иесі болса, соның қарсысындағы жуандар да ешбір жағынан абзал әулие емес екенін біледі. Зорлық, пара, пәлеқорлық оларда да бықып жатады. Жалғыз-ақ, Абайдың баларақ шағында әкесі өзін бұған танытқанда, "сол елдің телісі, тентегімен алысамын" деп, өз жағын дұрыс қып сипаттайтын еді. Енді Абай бертін кеп танығанда, ең әуелі өз әкесі мен оның достарын алдымен сынайды. Оларды өздерінің "күштіміз" деген жағынан — жүйрік, шешендік, азғындық жаңынан жеңіп, тонамақ боп соқтығады.

Әкесі бастаған шешеннің қайсысын болса да әңгіме ішінде бір сөзбен мұдіртіп кетуге тырысады. Балалық шағынан жаңа өтер-өтпесте, әкесінің жұмсауымен барып сөйлескендердің барлығына да Абай осы мінезді істей бастаған.

Құнанбайдың Көкше ішіндегі тұрғылас, дос кісісі Қаратай болған. Ол көп елдің сынынша шешен, жүйрік адам. Сол Қаратай бір күні Абай бастаған жас жігіттердің үстіне келіп, бұлардың заманын жамандап, өз заманын мақтай бастайды. Абай бұл сөздерге көп дау айтып келіп, ақырында: "Сіздің заманыңызда көрші елдер арасында бір қол кісі болып жиналып, түн қатып жүрмесе, жалғыз-жарым кісі қатынаса алмаушы еді. Ұрлық, барымта, бұзықтық көп болғандықтан, "әне алып кетті, міне алып кетті!" деп, кемпір- шал, қатын-қалаш, жас бала тыныштықпен асын іше алмаушы еді. Сол заман да жақсы ма?" — дегенде, Қаратай дау айтып келіп: "Менің заманым пайғамбар заманына жақын", — депті. Бұған қарсы Абай: "Алатаудың басы күнге жақын, бірақ басында мәңгілік қар жатады. Сайында неше түрлі өсімдік, неше алуан жеміс шығады. Жақсылыққа алыс жер, алыс заман жоқ. Қайда болса да жетеді. Сіз пайғамбарға әкесінен жақын емессіз, ол кәпір болған", — депті.

Осы қатысудың тұсында әке заманы мен бала заманының айырмасы ғана айтылып отырған жоқ. Екі буынның біріне-бірі қайшы, қарсы көзқарастары да танылады. Ел мен елді шабыстырған, бұрынғы пәле басы "басшы" болыстарды сынаған, жақтырмаған сарын бар. Қалың ел мұңына, ел тілегіне өзі жақын болуға талпынып, "сол ел тілегіне бейім болсаң, жақсысың, болмаса, өзің де жақсы емессің, өзің билеп қалыптаған заманың да жақсы емес" деген саналы жастың, жаңа адамның аңғары сезіледі. Осылайша бірін сынаудан бастап, өз уақытындағы, өзінің ар жағындағы "үлкен", "жүйрік" дегеннің әрқайсысына да Абай ұрынып қалып отырады. Бәрінің де шама-шарқын сынап отырады.

Жаңағы сияқты біраз сөзбен Шорманның Мұсасымен де жанасыпты. Мұса — Құнанбай құрбылас, өзі жуан-шонжардың бірі. "Шешен", "жүйрік" деген де атағы болған. Бір жылы Семейде, Мұса Құнанбаймен бір мәжілісте отырғанда (тегі, Құнанбайдың сұрауымен болса керек), үйдегі балаларының атын атап, Сәдуақас деген баласы барлығын айтады. Сонда Абай: "Бір адамға екі бірдей адамның атын қояды екен, ол Сағид бин Уақас — әкелі-балалы екі кісінің аты емес пе?" — депті.

Мұса Абайдың осы тілін еске алып қалса керек. Екінші бір жерде, бірталай кісінің мәжілісінде Абай кіршіме ішіп отырғанда, Мұса үстіне келіпті. Отырған жұртпен бірге Абай Мұсаны мәжіліске кіруге шақырғанда, ол: "Жоқ, Бұл нәрсенің аты кіршіме, тегі ноғайдың "кірішмә" деген сөзінен болса керек. Сондықтан мен кіріспегенімді мақұл көрем", — депті. Бұл сөзге Абай: "Менің ойымша, ең әуелі бұл сөз ноғайдың тілі емес, парсының "гәршама" — "шамаңа қарай" деген сөзінен болуға қисынады. Екінші — әрбір нәрсенің "ісміне" қарай жиемін ала ма, жиеміне қарай ісмін алмай ма? "Алма" деген жемістің аты, сол атына қарап алмайсыз ба?" — депті.

Осы сияқты жұрттың "тапқыр" деген кісілерінің құр атағына жығылмайтын, бойсұнбайтын, ізденгіш, әр мінезін Абай оқта-текте өз әкесіне де білдіріп жүрген. Бұл туралы мына бір әңгімені айта кетейік.

Ел ортасының бір үлкен жиынында, Құнанбай көп ортасында сөйлеп отырған уақытта, Абай әлденеше оқталып, бір нәрсе айтқысы келіп, киліге беріпті. Сонда Құнанбай "тек отыр!" деп тоқтатып тастайды. Артынан ел арылып, жиыннан қайтып келе жатқанда, әкесі Абайды шақырып алып, көп алдында көлденен дегені үшін наразылық айтады. Таласқан кінәсін Абай мойнына алады. Содан кейін Құнанбай: "Кезі келген жерде айтпақ болып жүрген сөзім бар еді, соны айтайын: ең әуелі — сен жұрттың бәріне күліп сөйлейсің, жайдақ су сияқтысың. Жайдақ суды ит те, құс та жалайды, кісіге қадірің болмайды. Екінші — көрінгенмен жақын боласың, кісі талғамайтын, желбегей жүрген кісінің басына ел үйірілмейді. Ел алатын қылық ол емес. Үшінші мінің — орысшылсың", — депті.

Осыған Абай: "Қолыңда құралы бар бірен-саранға ғана тиетін шыңыраудағы судан да қойшы-қолаңшы, жалшы- жақыбайдың бәріне бірдей пайдасы тиетін жайдақ су артық деп білемін. Екінші сөзге — қазақ ескі бір заманда қой сияқты болған, бір қора қойды жалғыз қойшы "айт!" десе өргізіп, "шәйт!" десе жусататын заман еді. Одан бері келе ел түйе сияқты болды. Бір шетіне тас тастап, "шоқ!" деп дыбыстаған уақытында аңырып тұрып барып, бетін бұратын болды. Енді біздің заманымызда ел жылқы тәрізді болды. Мұны ақ қар, көк мұзда қар төсеніп, мұз жастанып, етегін төсек, жеңін жастық қылуға шыдаған жылқышы ғана баға алады. Еңбек сіңірген адам ғана ие боп, басшы бола алады. Орысшылсың дегенге — оның қолында зор қуат, өнер, білімі бар. Егер сол өнер-білімді үйренуден қашсаң, ол — надандық болар, жақсылық болмас. Мен өнер-білімі үшін орысшылмын", — депті.

Әкесімен осы айтысқан сөзі Абайдың бұрынғы жуандардан біржолата бөлекше зор програмын көрсетеді. Алдымен әкесінен өзгеше болмақ. Бұдан халық мұңын ойлаған, халыққа адал еңбек етіп, ел көпшілігімен қабыса табысам деген тілек танылады. Осы сөздің артынан ол өзі тұстас рубасының жаңағы әкелерге ұқсаған мінез-әрекеттерімен алысуға бекінеді. Ең алдымен әкенің ырқынан шығады. Өзі туралы "елге пайдалы, адамгершілігі бар, әділ басшы болсам ғана жақсы адам боламын" деп есептейді. Бұл жөнде ол бұрын осындай ниетпен шыққан басшыны көрген жоқ еді. Өзі тұстастың бәрі де ескіше жуан болатын. Сол ортадан Абай үнемі етекбастыны, қара күшті, қарсылықты көрумен күн кешеді. Бірақ олардың кәрісіне де, жасына да бойсұнбайды, ірге бермейді.

Бас-басына би болған өңкей қиқым,

Мінеки, бұзған жоқ па елдің сиқын?..

Қай жеріңнен көңілге қуат қылдық,

Қыр артылмас болған соң, мінсе қырқың? —

деп, кейін айтатын ызалы, сыншы өлеңдерінің түп-тамыры осы жаңағы айтылған жайда жатады. Сондайды ойлап, ол ортаны менсінбей, алысумен кетеді. Кейде надандықтарын мазақ етеді.

Жаңағы сияқты мінездің белгісін Қаракесек Алшынбайға да көрсетіпті. Абай Алшынбай аулының күйеуі болады. Алғашқы алған әйелі Ділдә — сол Алшынбайдың немере қызы. Ділдәні алғаннан кейін Абай Алшынбайға сәлем бере, амандаса барады. Қайтарда қайыны әдет бойынша "қалаған, сұрағаны бар ма?" деседі.

Сонда Абай шұбар айғырдың үйірі деген бір қысырақты алғысы келгенін айтады. Мұны Алшынбай бере алмай, "батамды алсын!" дейді.

Абай: "Ондай батасын сатқап шал өзімде де бар" деп, Алшынбайға бармай кетіпті. Өз тұсындағы рубасыларымен кездескенде, жас Абайдың қолданатын мінезі осы сияқты: көпшілігін менсінбейді, місе қылмайды.

Абай өз талабын алға қойып шыққан кезде жалғыз Тобықты ішінде ғана емес, бүкіл қазақ даласының барлығында штат-партия таластарынан туатын алыс-жұлыс өте көп еді. Оның түбі патшалық саясатының рубасылары ортасына әдейілеп егіп тұратын әрекетінен туады. Неғұрлым тартыс күшті болса, соғұрлым даланың ісі рубасылар арқыры қалаға көп сарқады. Әмір иесі болам дегендер дала мен қалада бірдей алысады.

Патша өкіметінің қырдағы өкіл-ұлықтары бұрын аға сұлтан, беріде болыс, би, елубасы, старшын деген ортаның өзі де өзгеше нәрсіз, шірік орта болатын. Абайдың бертінде жазған: "Болыс болдым, мінеки", "Болды да партия", "Бөтен елде бар болса", "Қалың елім, қазағым" деген сияқты көптен-көп өлеңдеріне көз салып, ойлап қарасақ, сол ортаның жиренішті, құнарсыз сурет, мінездерін, әдет- машықтарын анық танытады. Патшалықтың парақор ұлық, жандарал, ояз начальниктеріне, адвокат, чиновник, тілмаштарына табынған жаңағы атқамінерлер қоғамдық тілекті лайлаған, неше алуан мін мен дертке толы еді. Бұл күй, бұл қалып бір ғана Абай көріп жүрген Тобықты ішінде ғана емес, қазақ сахарасының барлығын басқан тұманды түнектей, қалың дерт болды. Ол патшаның отаршылық сая-сатынан туған күй болатын. Патшалықтың ел ішіндегі өкілі, әкімі, сүйеніші — бай, жуаннан шыққан болыс, би, елубасылар. Олар үшін рушылдықты, ескі тәртіпті сақтап, сол арқылы өз үстемдігін жүргізу қажет. Қазақ сияқты Россиядағы көп бұратана елді билеуде патшалық өкіметінің өзі де жаңағы рушылдық, ескішілдік қалыпты нық сақтап отырды. Бұл елдерде өмір өркендесін, мәдениет дамысын деген ой онда мүлде болған жоқ. Қайта жаңағы ескіліктің кертартпа құрылысын өз керегіне пайдалана жүріп, соны мызғытпай сақтап отырды. Сондықтан да болыстық, старшындық билік үшін ел жуандары қырқысса, соны патшалық ұлықтары әдейі қоздыра түсетін. Бұл тек саясаттық қана тәсіл емес, сол күндегі Россия буржуазиясының пайдасы үшін де керек.

Ленин XIX ғасырдың соңғы 25 жылының ішінде Россия буржуазиясы Россияның шығыстағы отарларына неліктен ынтығып, ұмтылып жүрген себебін айта кеп, "ол жақта сауданың "талау табысы" әлде де бірнеше жүз процент пайда кіргізуші еді" дейді.

Осындай неше алуан қанау, талау ауыртпалық боп орнағанда, қалың момын еңбек елінің басына орнайтын болыс сайлауының лаңынан басқа, патшалықтың алым-салығы, парақор жеміт болыс, бидің "қарашығынының" барлығы және де байға мол түспей, "түндік" басы деп жоқ- жітікке, жарлы-жақыбайға түсетін.

Жалаңқая жат мінез жау алады,

Бермей жүрсең, мен сені жек көрем деп...

Жүз қараға екі жүз аларман бар,

Бас қатар бас-аяғын тексерем деп...

Абайдың бұл сөздері сол жаңағы халықты жан-жақтан, жұттай тонап жатқан обырлар мінезінен туған. Кертартпа ескі патриархал-рушылдық қалдықтарының барлығы "қанау мен деспотизмге (шексіз әмір зорлығына) ерекше кең, еркін жағдай жасайды" — деп Энгельс айтқан сөз сол күндегі қазақ тіршілігіндегі шындыққа өте дәл еді. Рубасылар, бо-лыс, билер, бір жағынан, патшалықтың заңындағы өздеріне пайдалы жақтарын өз үстемдігін күшейту, нығайту үшін берік ұстанды. Сол арқылы мал, сома, байлықты ғана емес, басқа да көп жем айыратын. Жақсы қыстау, ен жайлау, мол су сияқтыларды өз басына, өз атасына қаратып, талай момын көпшіліктің жерін алып, жермен бірге күнкөргішін еркін алып жүретін қу, пысық, сұм-сұрқия, жуан феодалдар көп еді.

Амалдап қарағайды талға жалғап,

Әркім жүр алар жердің ебін кармап, —

деген сөздер осындай содыр-сойқандардың істерінен туатын.

Бұл халдер бар қазақ жерінде болғанда, сол кездегі Россияда қара шаруаны феодалдық-крепостнойлық қалдықтары бойынша қанаудан және капитализмнің өсу салдарынан туған. Қазақстанды капиталистік қатынасқа тарту салдарынан да пайда болатын. Осы уақытта сахарада натуралдық шаруаның іргесі әлсіреп келе жатты. Соның бәрі көп қазақ қауымында қоғамдық жіктердің неше алуан қайшылықтарымен айқындай шыға бастауына себеп болды. Енді патшалықтан, Россиядан шыққан қанаушы мен қазақ ішіндегі бай-болыстан шыққан қанаушының бәрі бір топ екенін айыратын мезгіл туа бастады. Мұнымен қатар орыс халқының ішіндегі қаналған қалың бұқара мен қазақ ішіндегі еңбек елінің тарихи тағдыры бір екенін ұғатын, танитын заман да тақап қалып еді. Соны алдымен өздері аңғарып, халықтарға аңғартатын әр елден шыққан халық қамқоры болған халықшыл-демократтық, азат ойдың қайраткерлері туды.

Міне, Абайды әкелер жолынан, ел жуанының бар мінезі, ісінен жирентіп, оларға қарсы алысушы, әшкерелеуші етіп шығаратын тарихи терең себеп осында болатын. Абайдың алдындағы Шоқанды, Алтынсаринды халық үшін жаңа, тың жол іздеуге беттеткен тарихи себептер де осы еді. Кейін Абайды да алысқа құлаш сермететін тарихи қоғамдық басшы ойлар осыдан туған. Бірақ жас Абай әуелі осы ойларын туғызып, осы қорытындыларын жасататын қайшылық, ерсіліктерді көрумен, солармен алысумен жүрді. Алысқанда ел сорына себеп боп жүрген болыс, би, партия бастығы қумен, сұммен алысты. Олар болса, патшалық тәртібінің бар жағдайын неше алуан сұмдық, азғындық түрінде пайдаланумен жүрді... Көбінше елді бір алдап, арбап, ұлықтың да олақтығы болса, оны да зор айлалы аярлықпен пайдаланды. Әсіресе патша ұлықтарымен жемтіктес болғанда, олардың қазақ ішіндегі ерекшелік, қиын шытырман жағдайларды жете білмейтіндігімен пайдаланатын.

Патшалық законы, сот, әкімшілік орындары қазақ ішіндегі атқамінер ортасының айла-тәсіл, салт-індетінен түк білмейтін. Қазақ әкімдері мойындарына құрық түсірмейтін қашаған сияқты боп, олақ кеңселерді олай да, бұлай да алдайтын. Сондағы атқамінерлер машық болған бір мінез — өтірік арыз болатын. Өштескен адамынан ең алдымен ауылда, қара күшпен, қолмен есе алуға тырысады, ол болмаса, жауын мықтап жоймақ болса, ұлыққа шабады. Онда "кісі өлтірді", "ауыл шапты", "жер өртеді", "патшаны жамандады" деген сияқты неше алуан жалалар ойлап табу, сол үшін сот алдында жан беру, өтірік құлар салу — жиі кездесетін іс болған. Немесе, бір жағынан, жаңағыдай арыз беріп, жала жауып қойып, артынан қыр жөнімен табысып, татуласып алып, сол жауын қайта барып сот алдында жаңадан қиялап өздері ақтау, бұрынғы жаласын қайтып алу сияқты әдеттер де толып жатады. Өздері парақор, қолдарына ұры ұстағыш, өтірікке мөр басқыш, приговор бергіш би, старшын, елубасылар көбейді. Ұлықпенен жемтіктес болып, парамен ақты қара, қараны ақ дегізе алатын айлакер де молайды. Сөйтіп, ол күндердің арыз-тартыстарын тексергенде, кім кінәлі, кім ақтан күйген екенін айыру тіпті қиын болатын. Көбінесе кінәлі жаза шекпей, кінәсіздер күйетін халдер де аса көп болған. Әсіресе ел жуандарының тартысы момын елге, көпшілікке сор болушы еді. Ел жуандарының пәлесі олардың өзі емес, ел шығынымен, ел бейнетімен аяқталатын. Абай ел ісіне араласқанда, өз әкесі мен әке достарының бұның басына қалдырған ауыртпалығы зәрдей болды. Бірақ сол зәрді іше жүре, әділетсіздікті, қиянатты таныды. Жуандар, Құнанбайлар ортасы ел қамы емес, ел сорына біткен озбыр қиянатшылар ортасы екенін Абай таныды. Соны жоғарыда әкесімен айтысқан жерде анық білдіреді.

Енді сол ортаның залалды мінездерімен алысып, еліңе тым құрыса сонысымен пайдалы азамат болғысы келеді. Бірақ бұның ол жолына ел жуаны жау. Олар Абайдың өзін де бұрынғы өтірік пәле-жала жабумен жарға жықпақ болады. Солардан бас қорғау ретінде және, бір жағынан, жаманын жазалаймын, жөнге саламын деген талаппен Абай алысады.

Осындайдан туатын талас-тартыс, жаулықтың екінші бір саласы уез, жандаралдың кеңсесіне қарай ағылған көп шағым түрінде болатын. Ел ішінде Абай өз бетімен жүре бас-таған соң, аз уақытта-ақ талас-тартыстың кіндігі қалаға қарай ауысады.

Сонымен, 28 жасқа келгенде Абайдың үстінен берілген партия басы жалақорлардың өтірік арызы, көп шағымы Семейдің кеңселеріне түсе береді. Абай бұған орай ешкімді де шақпайды. Бірақ арыздар бойынша мұны жалаламақ болған ұлық 1877—1878 жылдың қысында оны қалага шақыртады.

Осы жолда Абай 12 үлкен іспен тергеліп, Семей қаласынан 3-4 айға шейін шыға алмай жатады. Бірақ жұмыс саны көп болып, тергеуден-тергеу болса да, Абай бірде- біріне жығылмай, ағарып, аман шығады. Соңғы жылдарда Семейдің архивінен табылған бір іс Абайдың өмірінде бір- ақ жол, үш жыл бойында Қоңыркөкшеге болыс болған кезін танытады. Сонда Абайға қарсы өтірік шагғым, жалған жала жапқан Үзікбай Бөрібаевтың арыздары Абайды көп тергеуге ұшыратады. Ол істі Семейдің оязы, ояздық соты, тіпті Семей губернаторы да қолға алады. Бірақ ұзақ тексеру соңында чиновниктер аппаратының өзі де Абайдың жазықсыз, адал, халыққа пайдалы адам екенін ықтиярсыз таниды. Сонда Үзікбай атынан Абайды текке жалалап жүргендер елдің жуан содыр феодалдары, бұзық атқамінерлері болып шығады. Абайды 1878 жылдарда тергеуге ұшыратып жүрген көп шағымдардың ең бір үлкені осылай боп шығады.

Сол тергеулердің тұсында Абай ұлық атаулының талайын көріп, барлығымен де әлденеше халде кездескен болады.

Ұлық алдында жұмысты болу бір ғана ұлықтың өзі емес, сол кездің көп-көп адвокат, тілмаш сияқтыларын да кездестіру керек. Соның барлығымен араласу көп нәрсеге көзін қандырып, Абайға заң-закон дегендерді білдіру керек. Орыс тілін, әдебиетін бұрын өздігімен зер салып қарастырып жүрген Абай, мына сергелдең кездерінде Семейде ұзақ жатып жүріп, бұрынғыдан да тереңдеп, зерлеп, молынан ұғына бастайды. Ел ортасында жетер өріс, алар нәр болса, бәрін таныған, баураған талапкер өзінің жүйрік, сыншы ақылымен еңді бұрынғыға қанағат етпей, ілгері қарай дамуды, жаңа азық, нәр табуды талап етеді. Арыз үшін, ұлық үшін емес, білім-тәлім, тәрбие үшін көксейді. Білсем, жетсем деген зор тілек, үлкен талап пайда болады. Бұл үшін орыс тың өнерін білу керек, оқу, зерттеу, іздену керек.

Жігіттік шағына дейін Абайдың барлық орысша оқуы үш-ақайлық сабақпен бітеді. Әрине, ол білім кейінгі күндерге Абайға азық болды деп айтуға болмайды. Орысша жағынан іздену енді ғана молынан басталады.

1877—1878 жылдың қысы жаңағыдай боп өтсе де, Абай ел жұмысынан босай алмайды. Құр тергеуге іліндіргені болмаса, жаулары да жеңе алмайды. Бұрын дос тұтып жүрген ел әлі де болса мұның қасында қалған. Бұл уақыттарда Абай қыр жұмысын әкесінің нұсқауымен жүргізбейді, өз жанынан жаңалықтар тауып, сүйген жолдарын қолдана бастайды.

Абай әкесі қолданған бұрынғы қара күш орнына зорлықтың ешбірін де қолданбайды. Жоғарыда әкесі тапқан мін көбінесе осы жағынан болу керек. Патшалық күшін Құнанбай көп қолданса да, сонымен қатар қыр жолымен, өз күшімен қол қимылын жұмсауы да аса көп болған. Мысал үшін Қодарды өлтіруін еске алсақ болады.

Абай өзінің турашыл, әділетшіл мінезімен халыққа жағады. Сол арқылы қарсысындағы рубасыларды ең алғашқы рет емін-еркін басып, жеңіп шығады.

Абай осы кезге дейін өзінің ақын екенін білсін-білмесін, бірақ өз басына "ақындық жол екен", "еңбек қылатын кең өріс екен" деп білмеген. Тегінде, оның жас шағында айтқан ірі өлеңдері аса көп болмау керек, оның орнына ұсақ жағы көп. Оны да үнемі қағазға жазбай, кейде орайы келген жерлерде қалжың ретінде, ауызша айта жүрген. Қолға түскен бірен-саранының айтылған себептерін қарасақ, көпшілігі біреуді қалжың қылған, мысқыл, мазақ аралас өлеңдер. Бұлардың бәрі де өлең қылған кісінің көзіне туралап сынап айтқан сөз сияқты. Екінші түрлі өлеңдері — жігіттік шақғағы мінез, ой туралы және қыз-келіншекке жастық дағдысымен жазған хат есепті. Бұл соңғы жайын жоғарыда айттық.

Сыршыл, шебер үлгіде Тоғжанға арнаған "Ақ етің аппақ екен атқан таңдай" деген бір өлеңі болған екен. Бірақ ол шығармасын түгел білетін кісі кездеспеді.

Күлкі мен қалжың қылып айтқан өлеңді Абай бала күнінен бастаған. 12 жасында бір жолаушы қатынға айтты деген бір ауыз өлең бұған дәлел. Сол уақытта-ақ мінегіш, мысқылшыл кішкене Абай болашақ үлкен сатирик Абайды танытқандай. Кейін айтатын сатиралық өлеңнің барлығы да осы бетпен өседі.

Осымен әр жылда, әр жерде, кейде ұзақтау болса, кейде бірер ауыз ғана әр тақырыпты өлеңдер айтып, жазып жүріп, Абай жаңағы ел жуандарын жеңген жылдарға келеді. Бұл уақытта ол есті, бағалы кісі атанып, айтқаны кімге болса да бұлды боларлық дәрежеге жетеді. Болыс болып басқалар жүрсе, Абай елдің ішіндегі әділдікті, тура жолды бағатын кісі болады. Шын ел қамқоры болған адамгершілік, кісілік тұтқасы Абай болады. Қалың елдің момын көпшілігінен шыққан дос атаулы да Абай басына үйіріледі. Ел ортасының дау-шарын сол бұқара көпшіліктің тілегі бойынша кейде өзі атқарып, өзі басқарады.

Бұрынғы атқамінерлердің парақорлық, өз жағына бұрғыштық, әділетсіздік мінездерінің бәрінен ол аулақ болып, барынша әділ, әсіресе момын бұқараға дос, зорлықшыл пәлеқорға қас, турашыл болуға тырысады. Өз заманына бұл жағынан үлгі, ұстаз болғысы келеді. Осымен қатар енді жыл санап ілім-білім табуға беттей береді.

Жасы отыздан асқан соң, бұрынғы азды-көпті білімін есіне түсіріп, орыс кітабын мықтап оқиды. Едәуір тіл біліп алған соң, енді көп нәрлі кітаптар оқуға кіріседі.

Содан біраз жыл өткенде, Абайдың күндегі өмірінде үлкен орынды тек кітап алады. Кітапты белгілі жүйелі тәртіппен оқымаса да, жақсы ақын, жазушылардың сөздеріне құмарланып, шетінен таныса береді.

Әдейі қала кітапханасының кітаптары үшін Семейде қысқы айларда ұзақ жатып алатын болып, өз-өзінен ізденіп, қармана бастайды. Осымен 35-36 жастардың шамасында кітап қарастырудың жолында жүріп, Абай 1870 жылдарда Петербургтен айдалып келген революционер жас Михаэлис деген кісімен таныс болады. Михаэлис Петербург университетінің студенті болып жүрген күнінде айдалған. Атақты Чернышевскийдің жақын танысының бірі. Және сол кездегі демократ-революционер Шелгуновтың туысы (балдызы) еді.

Сол Михаэлис Семейдің кітапханасынан Толстойдың кітабын сұрап тұрған Абайды көреді. Танысады. Басында кітапханада кездесіп жүріп, артынан жақын таныс, достас адамдардың халіне жетіседі.

Михаэлис осы келгеннен бастап Семей облысынан қайта алмай, қырық жыл тұрып, сол жақта өлген. Әуелгі кезде Семейдің өзінде тұрып, артынан Өскемен қаласын мекен еткен. Міне, осы уақыттардың барлығында ол алғашқы рет таныс болып алған Абаймен ұдайы кездесіп немесе хатпен хабарласып тұрған. Аздан соң Михаэлис арқылы Абай 1880 жылдарда айдалған басқа демократтармен де танысқан. Соның ішінде жас доктор Долгополов, Леонтьев сияқтылар болған. Осылардың кейбіреулері Абайдың аулына қонаққа барып, досы болады. Рас, Михаэлис, Долгополовтар әуелде бірі Петербургтен, бірі Харьковтен айдалған шағында революциялық әрекеттерімен, патшалыққа қарсылық істерімен айдалса да, кейін Сібірдегі кездерінде ол програмдарымен көрінбейді. Михаэлис чиновниктік аппараттарда момын ағартушы, зерттеушілік істерге беріледі. Долгополов айдау орнын ауыстырып, Қазанға қайтқан соң, саяси бағыт жөнінде сан түрлі өзгеріске түседі. Бертін келе Россиядағы күшейіп өскен революция жолынан шалғай әрекетке де кетеді. Ленин қатты сынап, мінеген халықшылдықта жүріп, содан ары кертартпа партия — әсерлер тобынан шығады. Сондықтан Абайға ұлы орыс халқының бұқарашыл-революционер, ойшылдары Белинский, Герцен, Чернышевский, Добролюбов еткен әсердің бәрін — Абай өз бетімен, орыс классиктерін оқудан, жаңағы соңғы адамдардың еңбектерін зерттеуден соң табады. Сондықтан Михаэлис, Долгополовтардың Абайға берген көмегін айтқанда, оның шегін біліп айту керек. Бұлар, әсіресе Михаэлис, ақынның өз айтуы бойынша, Абайдың жаңа ізденіп жүрген кезінде ең алғашқы түрде ғана көмекші болады. Бұрын орыс мектебін көрмеген, отаршыл чиновниктерден басқа орыс интеллигенциясын кездестірмеген Абайға Михаэлис алғашқы айдау жылдарында Ленин айтқан екінші Россия мәдениетінің ең алғашқы хабаршысы есепті болады. Ақынның ең әуелгі іздену, қалыптасу кезеңіндегі жол нұсқаушылар есепті.

Ал кейін орыс тілін еркін біліп, орыстың ұлы мәдениетін мол, терең тани бастаған кездегі Абай озғын ойды бұлардан үйренбейді. Пушкиннің өзінен, Белинский, Герцен, Чернышевский, Салтыков-Щедрин, Некрасовтардың өз мұраларынан өздігімен кең, терең тәлім-тәрбие алады, Абайдың классик ақын болған маңызын, әлеуметтік көзқарасын тек Михаэлис әсерінен деп қойсақ, әрі Абайға, әрі орыс халқының ұлы мұрасына және ұлы даналарына қиянат сөз айтқан болар едік. Ал ақынның Михаэлис туралы үлкен алғыс сөз айтқанына келсек, ол алғашқы адым жөніндегі қарыздарлығын жақсылап білдіргені.

Абайдың қазақтан басқа өзге ел адамдарымен танысуы жалғыз жоғарыда аталған кісілермен бітпейді. Патшалық үкіметімен алысып, Сібірден қашқан Кавказ адамдарының да бірнешеуі Абайды тапқаны бар. Бұлардың ішінде Тәштемірдің бал асы деген адамды Абай бір жыл қонақ етіп, күтіп аттандырған. Қазан татарынан шығып, солдаттан қашып, ел ішіне келген Ғабитхан, Кішкене молда (Мұхамед-Кәрім) деген кісілер Абайдың туысқаны сияқты болып, қазақтан әйел алып, біржола қазақ боп елде тұрып қалған. Патшалық үкіметі бұл жөндерде Абайға қырын қарап, аулына бірнеше рет тінту шығарған.

Жаңағы аталған Михаэлисті Абай өз өмірінің кейінгі шағында еске алып, "дүниеге көзімді ашқан кісі — Михаэлис" деген. Жоғарыда айтқандай, алғашқы басшылық істеп, бет нұсқағандығы үшін осы алғысын айтып кеткен. Михаэлистің өзінің тексерген саласы табиғат ғылымы болса да, op тарау жолдардан мағлұматы болған мәдениетті адам. Абайға алғашқы кезде қандай кітапты оқу туралы шынымен көп мәслихат, көмек берген.

Бұрын қолына түскеннің бәрін талғаусыз, ретсіз оқып жүрген Абай, бертіндегі оқуын Михаэлистің ұсынысы бойынша үлкен тәртіпті ретке қойып, көркем әдебиет, сын, философия, табиғат ғылымдары, әр алуан тарихтық кітаптарға шейін тарау-тарауымен, жоспармен оқитын болған.

Орыстың белгілі ақын-жазушыларынан: Пушкин, Лермонтов, Толстой, Салтыков-Щедрин, Некрасов, сыншыл, ойшыл демократтардан: Белинский, Герцен, Чернышевский, Добролюбов, Европа ақындарынан: Гете, Байрон, философ білгіштерінен: Спенсер, Спинеза, Льюис, Дарвин, Дрепер сияқты талайларды оқыған.

Алғашқы кездерде оқығандарының көбі орыстың көркем әдебиеті мен сыны болу керек. Көп заманға шейін қалада жатып оқып, кейінірек талай кітаптарды қырға да алып шығып, елде де қарастыратын болады. Европаның көпке мәлім романшыл прозаиктерін де оқыған.

Әрі-беріден соң кітаптарды өзі оқуымен қанағат қылмай, маңайындағыларға әңгіме қылып айтып отыруды әдет ете бастайды. Сол 35-40 жастың арасында өзі кітап қарастыра бастауымен қатар, екінші баласы Әбдірахманды Семей қаласындағы уездік школға оқуға береді. Бұл баласы кейін өндіріп ұзақ оқып кетеді.

Артынан, біраз жылдан соң, үшінші баласы Мағауияны да, әйел баласы Күлбәданды да әкеп, орыс школына береді.

Абай енді Семей қаласының құр төрелікке мәз болған ұлықтарынан мүлде басқаша ортаны тапты. Олар патшалық үкіметінің Сібірге жер аударған әр алуан саясат қайраткерлері. Ертеректе Қазақстанның батыс жағына Шевченко айдалып келгенде, Омбы сияқты қалаға жазушы Ф.М. Достоевский сияқты талай адам келген. Бұлардың ішінде Буташевич-Петрашевскийдің өзі, Дуров сияқты ірі адамдар болған. Революционер-демократтардан Чернышевскийдің талай серіктері келеді. Абаймен жақындасып, достасқан Михаэлис осы соңғы топтан шыққан. Ұлы орыс халқының осылар сияқты адал, бұқарашыл ұлдарының бәрінің жүрегінде патшалық дегенге өштік пен жиреніші аса күшті еді. Каторғада, айдауда, еріксіз солдаттықта жүрген күндерінің бәрінде де олар орыстың қалың бұқарасы, қара шаруасының құлдық-қорлық халін патшалыққа кешпейтін. Сонымен қатар олар Сібірде, Қазақстанда патшалық езіп жүрген барлық бұратана елдерге үлкен достықпен, зор бауырмалдықпен қараушы еді.

Чернышевский болса, Россиядағы сияқты, дүние жүзіндегі барлық қанауға, құлдық корлыққа қаны қас болғандықтан, поляк халқының патшаға қарсы алысуына тілеулес болғанындай, Америка халқының азаттық күресіне де көп көңіл бөліп, ондағы негрлердің көтерілісі болса екен деп те тілеген адам еді. Өз айналасындағы дос серігінің көбін патшалықпен қиян-кескі тартысқа, қолма-қол алысқа әзірлеп, тәрбиелеген. Патшалықты құлатып, көзін жоюды өздерінің революциялық арманы, жолы етіп алған. Сол үшін, елі — отаны үшін өз бастарын, ой, күштерін ортаға салған орыс халқының адал ұлдары бұл кезде көп еді. Осының бәрінің анық ұғынған, анық байлаған бір жолы — патшалықпен алысқанда езілген бұратана халықтар мен орыс халқын бір-біріне дос етіп, күштерін біріктіру шарт дейтін. Ол революционерлер қазақ даласын қараңғылықта ұстаған, орыс халқымен жаулықта ұстауға тырысқан, орыс мәдениетінен жырақтатып ұстаған саясатқа да қарсы алысқан. Сондықтан орыс халқының айдауда жүрген шын адал ұлдары, бұрын патшалықтар жиренумен өткен ой алыптары Пушкин, Лермонтов, Толстой, Салтыков-Щедрин, Чернышевскийлермен Сібір, Қазақстан халықтарын таныс етеді. Ол халықтардан шыққан ел қамқоры, саналы ұлдарының, азаматының бәрін жаңағы жазушылардың еңбектерімен таныс ету айдаудағы революционер-демократтардың саяси үлкен жолының бірі болады.

Абайға жолығып, онымен дос болған Михаэлистер ол күнде өздері жеке бастары Россияда даңқы шыққан кісілер болмаса да, Абай сияқты кісілерге ала келген жаңалық пікірлерімен қымбат болған өкілдер еді. Олар орыс халқының анық елдік сырын, шынын танытатын, Ленин айтқан екінші Россияның алғашқы хабаршысы есепті. Бұлармен Абай достығының осындайлық тарихи мағыналары бар. Ендеше, сол күнде осылар ниетіне ниет қосып, еңбегіне еңбек жалғап, орыс халқының мәдениетіне, өз еліне өз шығармаларымен, әлеуметтік еңбегімен, ұстаздық тәрбиесімен бастаған Абай бір қазақ халқы үшін емес, бүкіл Россиядағы халықтық-демократтық қозғалысқа да зор еңбек еткен адам бола бастайды.

Орыс ойшылдарының достығы бір Абай емес, сол арқылы бүкіл қазақ сахарасына арналған достық боп ұлғайды. Абай енді өзінің қоғамдық, тарихтық жолын ұзақ өріске қарай ұлғайтып алып кетеді. Өзі де ғылым зерттей бастайды. Сонымен, 1884 жылдары, жасы қырыққа таман ілінгенде, ол дүниеден көп мағлұматы бар кісі болады. Әр нәрсе туралы ғылым-философияға сүйенген арнаулы көзқарасы, сыны бар, қырағы, озғын азамат болып, жекеленіп шыға бастайды.

Бұдан кейін Абай елге де білгіш, кемел, халық қайраткері болып танылады. Сырт елдердің халық қамын ойлайтын кісілері де Абайдың атағын көп естіп, әңгіме, мәжілісіне құмар болады. Бұлардың ішінде әр алуан қоғамдық, шаруашылық жаңалықтарға бойсұнып ойыса бастаған адамдар да бар еді. Абай өзі араласып жүрген ортасын өзгертіп, түзеткісі келеді. Елге пәле әкелуші емес, қоғамына пайдалы еңбек етерлік адамдар шығарғысы келеді... Жас буынды мәдениетке жеткізуді ойлайды. Соларды өзіне қосарға алуға тырысады.

Сонымен, көбінің өз тілектері бойынша Абай жақын болып, кейбірімен сыйлас, таныс, дос болады. Жалғыз Семей уезі емес, Қарқаралы, Өскемен, Аягөз айналасының дұрыс деген адамдарымен де жақындық таба бастайды. Өзінің атағы бір Тобықты емес, сан Тобықтыдай елдерге жетеді. Ол әмір жүргізуші жуандардың барлық іс-әрекетіне бұрынғыдан да өткір, қатал сынмен қарауды күшейтеді. Ел жайына, ел ортасындағы өз жайына болса да қанағат қылмайтын, заманынан озғын ойларды ойлай бастайды.

Абай енді тентек-тебіздік, ұрлық-қарлық, алыс-жұлыс сияқты теріс мінездердің барлығы атқамінер тобына түгел жайылған мін екенін айта жүреді. Сол терістіктерді түзететін қатал тез болғысы келеді. Ұғарлық, ойланарлық санасы бар- ау деген кісілерге өсиет, ақыл айтып, ұстаздық етеді. Сонымен, енді Абай өз ортасының ақылды, ақылшы басшысы бола бастайды. Осы соңғы мақсатқа қарай ауысуына кітап жүзінен алған пікір, тәрбиесі және қосымша себеп болады. Сонымен қатар ауысып, өзгеріп келе жатқан заман жайындағы өзінің ойлаған ойы, жаңа бағыт түсініктері әсіресе себеп болады.

Өз айтуынша, отыздың ішінен бастап орыс оқымыстыларының көп кітаптарын оқып, қырыққа таман келген уақытта бұрынғы дүниенің асты үстіне шығып өзгерді.

" Күншығысым — күнбатыс, күнбатысым — күншығыс болып кетті", — дейді. Әрине, оның мұндағы күнбатысы өзі тілін, өнерін үйренген Россия. Абай әрбір жақсы сөзді оқығанның артынан соның ағымына ақын-оймен терең бойлайтын әдеттер табады. Мәселен, Будданың жайын оқып шыққанның артынан: "Будданың сөзі қалай терең еді, жасымда кез келмеді-ау!" — дегені, не болмаса өмір бойы Лермонтовты сүйіп: "Бұл махаббатқа уланған шын ақын, махаббатын улаған ашу", — деген сияқты сөздері оның әр алуан кең түсініктерге ие бола бастағанын көрсетеді. Исләмшілдік, схоластикалық тұсаулардан арылғаны көрінеді. Сол сияқты өзгерген сана, жаңғырған ұғым, бағыт бойынша Абай өзі мінеген ру, партия тартысынан да арылып шығуға тырысады. Бірақ ортасы мен айналасы Абайды бұдан түгел босатпайды. Еркін өзіне билетпейді.

Ерте ояндым, ойландым, жете алмадым,

Етекбасты көп көрдім елден бірақ...

Болмаса:

Ой кіргелі тимеді ерік өзіме,

Сандалмамен күн кешкен түспе ізіме, —

дейді. Ақыл айтады, сөгеді. Көппен бірге өз мінін де теріп, өзін де жазалайды. Бірақ ем болмайды.

Осыдан соң сыртқы өмір бұның ырқына көнбей, қайта өзінің билігіне еріксіз көндіріп, ескі жолға қайта тарта берген соң, Абайдың арманы мен күнделік тірлігінде көп қай-шылықтар кездесіп отырады. Бір жағынан, бұрынғы күйге үйлескісі келмей, заманынан, ортасынан озып шығып, сыншы, ұстаз, ақын, данышпан болуға айналған Абайды көреміз. Екінші жағынан, күндегі өмірдің талқысы мен шырмауынан шыға алмаған, содан азап шегіп, қиналған Абай көрінеді. Абайдың сыртқы өмірі жеміссіз, мағынасыз болса, оған өз ішінде толып жатқан қарсылық бар. Өз халқының неше алуан қамы туралы ойына жиылған улы зар, үлкен мұң, қалың арман бар. Осының бәрін қауымына, замандастарына жеткізіп, мәлім етерлік құрал — ақындық, өлең болады.

Сонымен, енді Абайдың нағыз өнімді ақындығы дами береді.

Мен жазбаймын өлеңді ермек үшін,

Жоқ-барды, ертегіні термек үшін.

Көкірегі сезімді, тілі орамды,

Жаздым үлгі жастарға бермек үшін, —

дейді.

Бұл кездегі Абайға ақындық үлкен қадірлі мағынасы бар, әлеуметтік қызмет, қоғамдық зор еңбек боп танылады. Ол надандық, зорлық, жуандық, пәлеқорлық сияқты халық үстіндегі паразит атқамінерлер мінезімен мықтап тұрып алысуға кіріседі. Абайды кейінгі тарихқа және сол кездегі еңбек еліне, көпшілікке, саналы жастарға нағыз қадірлі Абай етіп көрсететін еңбегі өркендейді. Өлең сөзін, поэзияны әлеуметтік тартыстың құралы етеді, оны сыншы, тәрбиеші, қасиетті дос етіп ұсынады. Зұлымдық, надандықпен кектене алысады. Ендігі Абай ақын, ақындық мүддесі деген жайларға Белинский, Чернышевский, Добролюбовтар айтқан эстетикалық тұрғыдан қарайды. Ақын еңбегі әлеуметтік тартыстың құралы, қоғамдағы мінді ашатын, соған өкім айтатын ұлы маңызы бар әрекет деп түсінеді. Сол себепті өз заманындағы, қазақ қауымдарындағы мін атаулыны көзге шұқып, басқа сабап айтады. 1886—1987 жылдардан бастап Абай осындай өлеңдер туғызуға кіріседі. Бұлайша өрлеуіне іштей себеп болған жайлардың барлығын мәлімдедік. Бірақ осы жылдарда жаңағы айтылған күймен қатар, Абайдың ақындық еңбегіне сыртқы өмірдің үлкен бөгеттері тағы араласады. Құнанбай балаларының дәуірі ұзақ жүргендіктен, барлық Ырғызбай деген рудың ішінде болысы да, болыс емесі де түгелімен бақ мастыққа салынып, орынсыз жуандық, орайсыз тентектік молаяды. Сонымен, ел арасындағы жалпы наразылық күшейеді. "Ырғызбаймын" деу орынсыз зорлық, орынсыз тентектік, жуандыққа кепілсіз, шексіз берілген еркіндік сияқты болады.

Осындай себептер жиылып келіп және рубасылардың тек жүре алмайтын пәле іздегіш мінездері де себепші боп, Абайдың туыстары мен сол ел жуандарының екі арасынан зор тың тартыс туады. Абайдың өз басы кінәсіз болса да, тек отырайын десе де, жау жағы да, туыстар жағы да еркіне қоймайды. Жақындары пәлені бастап алып, салмағын Абайға әкеп тастайды. Күншіл, кекшіл, арамза атқамінерлер де Абайдың ақтығына, жазықсыздығына қарамай, көп арыз бен шағымда ылғи пәле басы қып Абайды атайды. Соны сүйрейді. Осы мінезді бұрын Абайға жақынмын деп жүрген кісілер алдымен бастайды.

Бұрынғы дос болып жүрген Жиренше, Күнту сияқты сенген адамдары кетеді. Осылардың ішіне Абайдың: "Күн ашықта мойнында, күн жауында қойнында" дейтін құнсыз бұзақы ағайындарынан да қосылушы болады.

Кісілік, әкімдік болса, оны таласпен алатын да солар. Жаманшылық, бұзық мінездерінен ел бүлінгенде пәледен бас сауғалап қашатын да солар. Өз мінездерімен Абай басына пәле әкеп тастайтын да осылар. Мысалы, Шыңғысқа сол кезде болыс болып тұрған Ысқақ ойына келгенін істейді. Ел кісілерін жазықсыз сабағыш болады. Болыстың әйелі Мәніке кез келген қостың семізін сұраусыз, тергеусіз ұстатып алып, сойғызып жатады. Осындайлар бұларға жақын жүрген Жиренше, Оразбайларды да түңілтеді.

Құнанбай тұсында елге зорлықты көп етіп байып, жуандап алған сотқар, бұзық Ырғызбай тобы және әсіресе Құнанбайдың өмір иесі болған бала-інілері жалпы халыққа қорлығын өткізгенде, Абайды есепке алмайды. Оның қарсылығын, ашу наразылығын елең қылмайды. Қайта, Абайдың өз басына бар жауынан бетер қастық еткен, қызғаныш, жаманшылық ойлаған талай адамдары болады. Абайға сыртымен дос болған боп жүріп, Оразбай, Жиреншелер де сол қиянатты оның басына көп істейді.

Мына тұста сол Оразбай, Жиренше, Күнту, Абралы дегендер астыртын баталасып ап, болыс боп жүрген Құнанбай баласын орнынан түсіріп, өз орталарынан Күнтуды болыс сайлайды. Сондағы мақсат, мұраттары, әрине, көптің тілегіне маңайласпайды, тек өздері әкім болу, билеп-төстеу болады. Бірақ олардың ендігі ниеті бұл ғана емес, қолдарына болыстықты алып ап, ең алдымен Абайды мұқату, соны жазалау, қор ету. Олар болыстыққа өз басы таласпай, таласпақ түгіл, жұмысы да болмай, үйінде ел үшін еңбек етіп отырған Абайдың адамшылығын күндейді. Халық сүйетін адал атағын, абыройын күндейді. Ел мұңына ниеті, жолы қабысқан Абай алыспастан үйде отырып, Оразбайдай партияқор атқамінерлерді жеңіп отырған сияқты. Осыны олар Абайға кешпейді. Құнанбайдың елді жиренткен зорлықшыл балаларына тимейді. Өйткені олармен өздері бір бітімдес. Олармен табысулары да оп-оңай. Қоғамға арналған үлкен ақтық беті бар, шындық үшін алысатын Абайды қуып, өздерінің үстемдігін нығайту қажет болады. Бұл — олардың үстем таптық қанаушылық қалпынан туатын сыр. Абай жуан феодалдар, атқамінерлерді сынау арқылы өзінің әлеуметтік еңбегімен үстем таптан, өзі шыққан қанаушылар табынан бөлініп кетеді. Оларға қарсылық күрес ашады, әшкерелеп отырып, қалың бұқараға, шаруаға таптық жауларын танытып, таңбалап береді. Осы бағыты мен еңбегі арқылы Абай өз табынан кеткен соң, еңбекші бұқара халыққа дос болып келеді. Елінің осындай еңбекші көпшілігімен тілек, Мұрат қосу Абайды шын бұқарашыл Абай ететін ұлы жол болады. Осындайлық Абайға өз жақындарынан шыққан атқамінерлер мен Оразбайлардың қатты жаулығы заңды нәрсе. Ол тарихи таптық қайшылық, қар-сылықтардың айғағы болатын.

Ел ішіндегі іс осыған келіп тірелген соң, кітап тәрбиесі, ой тәрбиесімен жаңа бағыт ұстанармын деп жүрген ниетінің барлығы уақытша еріксіз бөгеліп, Абай тартыс, жаулықтың ортасында қалады. Бұл уақытта Абай тоқтайын десе де тоқтай алмас еді. Өйткені өз кісілерін болыс қойып, жеңіп алған партияқорлар енді Құнанбай балаларынан есесін алу керек. Жеңгендіктің жемісін тату керек. Жауласқан адамдардың үстінен арыз беріп, әсіресе өздерінен сайланған болыс, бидің мөрін, приговорын пайдаланып, жауларын қылмысты кісі қып көрсету керек.

Мұның бәрі тынымсыз алыс, тоқтаусыз партия тартыс болмай қоймайды. Сонымен, Абайдың ендігі алысы бас қорғаудың алысы болады. Ерік өзіне тимей, тілесе де, тілемесе де алысу керек болады. Сонымен, бірнеше жылдар түгелімен алыспен өтеді.

Бірақ сол алысқа кіріссе де, осы жылдардың ішінде Абай бірталай өлең шығарады. 1884—1885 жылдар "Жасымда ғылым бар деп ескермедім", "Қақтаған ақ күмістей кең маңдайлы" деген сияқты бір-екі өлеңді ғана туғызса, 1886 жыл Абайдың нағыз ақындыққа шынымен бой беріп, кең үңіле бастағанын байқатады. Бұл жылда 16-17 өлең туады. Абайдың осы күнге шейінгі баспаларында "Халық туралы" деп жүрген көп өлең бар. Сол өлеңдерінің ішінде:

Көңілім қайтты достан да, дұшпаннан да,

Алдамаған кім қалды тірі жанда? —

деген сияқты талай-талай сөздерден Күнту болыс болатын сайлаудың алыстағы сарыны сезілгендей. Сонымен қатар бұл өлеңдерінің барлығы өзінің шын налыған күйін аңғар-тады.

1882 жылдардан бастап, осы 85—86-жылдарда ол Пушкин, Лермонтовтан бірен-саран өлеңдерді қазақшаға аударып та байқайды.

Бірақ жоғарыда айтқан ретпен Күнту болыс болып алған соң, Абайдың үстінен арыз, шағым ұлық кеңселеріне тағы топырлап түскен еді.

Өз атаған кісісі болыс. болған соң, рубасылары осы жылғы қолына тиген әкімшілікті әбден пайдаланады. Сол ретпен өзіне ерген 400 үйді алып, Оразбай Шыңғыс болысынан бөлініп шығып, Бұғылыға қосылады. Бұрын бұл бөлініп шығам дегенде, болыс боп отырған Құнанбай балалары мөр, приговор бермей, өз ауқымынан шығармайтын. "Түбі жаулық ойласа, басқа болыста отырып алысып кетсе, құрығымыз үнемі жете бермейді", — деп, аңдысқан кісіні өз қасынан шығармай қою — көп болыс, жуанның есебі, саясаты. Оразбайды бөлек болыс қып жібере қою Күнту, Жиреншелерге де түп есеп үшін керек. Құнанбай балаларына үнемі бар Тобықтының елін билетіп отырмас үшін, өз орталарынан бірер мықтыны аналардың құрығынан ұзатып жіберіп, соған Тобықты шеңберіндегі партияның бір қабырғасын сүйетіп, өздері соны арқа тіреу, бел қып отырып алысуға да дұрыс келеді. Күнтудың болыс болуы жеңген жаққа осындай да бір нәтиже береді.

Екінші, сол Күнтудың өзі де Құнанбай баласының қол астына қайта қарап қалмас үшін, өзіне ерген руларын алып, көршілес Мұқыр болысына шығуға жол әзірлеп қояды. Кейін бұны түсіретін мезгіл болғанда, Күнту өзіне қажет болатын мөр, приговорды сайлап жүріп, Мұқырға шығып кетеді. Бұл — Күнту болыс болудың ең соңғы уақиғасы.

Бірақ осыған жетпестен бұрын, ол адамдар ең әуелі Құнанбай жағының барлық бұзақылары үшін Абайды жазалауға кіріседі. Осындай қызу тартыс үстінде "Құнанбай баласынан болыстық кетті" деген дақпырт ұлық айдатқан Жігітек балаларына да жетеді. Сонымен, Бөжей заманынан бері қарай Құнанбайға қарсы жаулықты мықтап ұстаған Базаралы қашып келеді. Күнтудың болыстығына сүйеніп, "қайта ұстатпайды, ұлыққа көрсетпейді" деп бір сеніп, екінші, орайы келсе, ескі кегін қуып көрмек боп та келеді.

Осы сияқты әр алуан түрде құралып келген уақиғалар алыстың түйінін шиеленістіре береді. Тартыс қырда да, ойда да қатты қозады.

Осындаймен жүргенде Қарамола деген жәрмеңкеде, ол күндегі әдет бойынша, ұлықтар бас қосқан "шербешнай" дейтін (төтенше) сыяз болады. Осыған Абай да келеді. Бұл уақытта Тобықты ішіндегі Абайға жау болып шыққан кісілер өздеріне іштей тілектес болатын атқамінерлерді басқа елден де тауып алған. Бұрын Абайдың өзге сырт елдегі достары көп болса, сол достарының қарсысында жүрген жуан, шонжар болыстар тәрізді жаулары да бар еді. Енді Тобықты іші жіктеліп алғанда, солар шұрқырасып келіп, Абай-дың Тобықты ішіндегі жауларымен табысып, тобын молайтады.

Шербешнай сыязға жиналған топтың ішінде осы сияқты Абайға қастық ниет ойлайтын кісілердің барлығы Қарамолаға келетін Семей жандаралынан Абайды жазалауды күтеді. Абай айдалар деп те үміт қылатындар болады. Кейін жандарал келіп, тосып тұрған ел кісілерін жағалай жүріп, әрқайсысымен танысып келе жатып, Абайға тоқтайды.

Абай өзге ұлықтарға істеген мінезін осы жандаралға да істеген. Жалпы атқамінерлерше ұлыққа пара беру, жалыну дегенді Абай ешуақытта білген емес. Қай ұлықтан болса да тең сөйлеседі. Елдің тілегін жеткізе айтады. Және әсіресе ешбір ұлық баса алмайтын ұрлық, шабуыл, күн дауы, жер дауы сияқты даушар атаулының барлығын да қалай шешіп, қалай аяқтау жолдарын Абай басқа адамнан артық біледі. Сол жолда ел-елге тыныштық тапқызып, мағынасыз құр алыс, бос пәледен құтқарады. Бұл — өзінің де іздейтіні.

Сондықтан ұлық атаулы өз әлсіздігін біліп, Абайдың ақылына, біліміне амалсыздан құштар болатын. Жаңағы жандарал Абайға құлшынып, жазалаймын деп келіп, артынан мәдениетті түрде өзімен тең сөйлесетін Абайды көргенде, еріксіз құралынан айрылып қалады. Абайды танып алған соң, амалсыз келіп шербешнай сыязға оны төбе би қып өзі ұсынады. Өзге шағымқор, шенқұмар, парашыл атқамінердің ешнәрсені шеше алмайтынын көреді. Ел арыздары шешілмесе, кеңсеге тағы көп тілектер үйіледі. Сондайлардың себебімен Абайдың билігіне өзі мұқтаж боп, өзге рубасыларға кеп: "Сыязды жақсы өткізіндер. Ұрыда ақылары кеткендердің ақысын толық әперіңдер. Сыязды жақсы өткізу үшін Абай сияқты кісіні төбе би сайлаңдар", — дейді.

Ел жуандарын осы жеңуі Абайдың партияшылдық тартысынан емес, өзінің көпшілік тілегіне жақын болған қасиетінен туған. Ерекше халықшыл бағыты үшін, өнер, еңбегі үшін Абайды бағалаушы халық саны сол тұстың өзінде де көбейіп қалғанына осы дәлел еді.

Солар жәрмеңкеге келіп, Өскемен билерін де тежеп, Абайға қастық істемек болған жуан содырдың көбін бір жол да болса тойтаруға жарайды.

Абай сондағы мансапқор, күншіл, шағымқой арам адамдардың қалың ортасында отырып, бәрін де көзге шұқып отырғандай қып, бір үлкен терең сөз тастайды. "Биік мансап — биік жартас. Оның басына екпіндеп қыран да шығады, ерінбей еңбектеп жылан да шығады", — деген. Парамен, айламен, жағымпаздық, сұрқиялықпен ұлық, болыс болып жүрген надан жуандарды, ел жуандарын тағы әшкерелейді.

Ел-елді ақылдастыратын, неше алуан ұлы-кіші дауларын шешетін, түйін-түйнектерін жазатын - сыяз. Мұнда қай жолмен, қандай кесіктер айтылу керек. Дау алуанына қарай заң, ереже тудырып, орамды әділ билік жасау керек. Осы міндетті мойнына алған Абай бірнеше күн хатқа жазып ереже тізеді. Онысының көбі қазақтың өзі ескіден білген ел заңы болумен қатар, кей жерлерде жаңа жол-жоба болады. Біздің қолымызға Қарамола сыязы мен кейінірек болатын Семей, Жетісу облыстары бас қосқан Көктума сыязындай ұлы дүбір сыяздың хатқа түскен ережелері тимеді. Көктума сыязында да төбе биге халықтың ұйғаруымен әділ би деп Абайды сайлаған.

Абаймен бірге Қарамолада болған Мүсірәлінің куәлігі бойынша, бұл жолы Абай тізген ереже бабы жүзден аса еді, — дейді. Сол Мүсірәлінің есінде қалған екі статьясы анық Абайдың өзі қолданған, өзі қостырған, тың жаңа жолға ұқсайды. Ол күннің жағдайында шамасы келгенше көпшілік үшін әділет іздеген Абай ұрлық, қылмыс пен әйел мәселесіне арнап екі жаңа ереже айтады.

Бұрынғы жол бойынша ақы иелері алатын малды төлеуге ұрының өз мүлкі жетпегенде, ағайыны төлейді екен. Абай енді: "ағайыны емес, ұрыға ат майын беруші, сүйеуші бай-жуан төлейтін болсын", — дейді.

Бұдан бұрын ері өлген жесір әйелді алатын әмеңгері жоқ болса, байының ағайыны өзге біреуге сатып беруге болады екен. Абай: "Бұл әділет емес, ол әйел баста бір сатылған, жасау-мүлкімен кеп алғашқы қалың мал орайын төлеткен. Енді екі сатылмақ — зорлық. Алатын әмеңгері болмаса, еркі өзінде, ол әйел азат", — деген.

Осы екі баптың, әсіресе алғашқысы — ұрар жерін тауып соққан ереже. Ұрыға ат майын берушінің көбі азғын, құнсыз қорқау байдан, ел ішіндегі арылмас пәле басы, бық- сық шонжардан шығатын. Абай мына ережеде, көп ұры еместі ұры етіп жіберетін сондай індет түбін тауып ұрып отыр.

Осыны ереже қып бекітеді де, Абай өзі орындатады. Мұндай жайлар да талай жерден Абай басына өшігетін сотқар, бұзарларды көбейте түседі.

Сонымен қатар қалың елдің шын әділетті іздейтін көп момын, көп бұқарасы Абайдай әділ таразының билігін іздегіш те болады. Кейінгі Абай өмірінде, талай да талай алыс елдің нелер қиын сүрі дауларымен мұны іздеп келетіні осыдан. Бұл соңғы жайдың өзі де Абай даңқын асырып, көп ортаның би-жуанын Абай басына қас ете берген.

Ал Қарамола сыязы Абайдың қатты әсерімен, сол белгілеген бетпен өтеді. Бірақ сыяз осылай өтсе де, Күнту болыс тұрған уақытта, Абаймен ұстасқан жуандар тартыстан да, арыз-шағымнан да тыйылмаған. Сонымен, көрсету-шағым тағы молайып, қарсы жағы Абайды және де жер аударуға жақындайды. Осы орайда Семей қаласына Ақмола, Семей облысының "корпусы" (генерал-губернаторы) келеді. Абайға жаулық ойлағандардың арызы оның алдынан да жаңбырша жауады. Корпус бұл істерді көрген соң, Абайды жер аудармақшы болады. Абай генерал-губернатормен де жәй арызшы түрінде емес, анадағы жандаралмен сөйлескендей еркін, кең сөйлеседі. Ақылшының, ақтығының себебінен ақталып шығады. Бұрынғы жер аударылу деген сөз іске аспай қалады.

Аздан соң Күнту өтірік шағымдары үшін болыстықтан түсіп, қызметті басқа кісіге тапсырады.

Бұрын елдің сөзінен безер боп, басын алып қашқан Абай, жаңағы оқиғалар тұсында амалсыз кіріссе де, енді шамасы жеткенше атқамінерлер ортасынан, олардың пәлесінен аулақ болуға тырысады. Шынымен ел тыныштығын іздейді. Өз басы нәрлі еңбекке берілмек болады. Орыс кітабын ешуақытта да тастамаған еді. Сонымен бірге 1866 жылдан 1889 жылға жеткенше тағы да көп өлеңдер жазады.

Мүмкін болғанынша бұрынғы арман қылған, мағыналы өмірін бастап көреді. Өз қолындағы кітаптары біткенде, әдейі ат айдатып қалаға кісі жіберіп, Семей кітапханасынан жаңа кітаптар алғызып, оқығанын қайтарып жіберіп, жаңғыртып отырады.

Осы жылдары Абайдың барлық ақындық қызметінің ішіндегі ең өнімді, ең жемісті кезі болады. 1889 жылы 25 шамалы өлең жазылады. Бұл сөздерінің ішінде бұрынғыша өз ортасының өз көрген кемшілік міндерін қатал сыншы, үлкен ұстаз тілімен шенеп, тексеру бар. Сонымен қатар махаббат жайындағы сөздер, табиғат суреттері, бас қайғысы да араласады. Пушкиннің "Евгений Онегинін" аудара береді. Және осы жылдан бастап Абайдың білімі мен өсиетіне құмар болған ел ішінің көзі ашық жастарына Абайдың аулы үлкен білгіштің медресесі сияқты болады. Абай ұстаз да, мұның алдына келген сөз ұғатын талапты жастарының бәрі — шәкірт. Абай іні, бала, ағайындарына дос, жастарға мағыналы тәрбиеші бола бастайды. Енді осы ұғатын жастарды жаңа жолмен, өзі қиял қылған өнер- білімге, жаңа сапалы адамгершілікке қарай жетектеп, баулығысы келеді. Бұларға өз өмірінің өкініштерін, ауыртпалықтарын да көп айтады. "Ескі үлгіде қалма! Өзгерген заманның жаңа түрлі қайраткері болуға әзірлен", — дейді. Сондықтан өлең сөздерінде бір айтса, ауызша өсиет мәжілістерімен тағы да баулып, ылғи ғана сол атаған жаңа жолына қарай жас қауымды бастай береді. Абай жалғыз өз өсиетіне қанағат қылмай, жастардың сезім тәрбиесін толықтырмақ болып, көбіне музыка үйретпекші болады. Сол мақсатпен Көкен еліндегі Мұқа деген скрипкашыны қолында ұстайды. Мұқа Абай аулына кеңшілік жәй емес, қысылшаң хал үстінде пана тілеп барған еді. Өз ағайынының біреуінен қалған жесір әйелге ғашық болып, соны әмеңгеріне тигізбей, алып қашады да, Абай аулына барады. Бұл кеткен соң, жуан ағайыны артындағы үйін шауып алып, пәле басталады. Абай сондайлық ауыртпалығына қарамай, Мұқа мен келіншекке ара түсіп, бастарына азаттық әперіп, артын өзі жайғастырып, өнер иесі Мұқаны өзіне дос етіп, туыс етіп алады. Тағы сол кезде өзге елдерден келген басқа бірнеше ақынды да сақтайды. Бұлардың көбі Абай өлеңдерін қатты қадірлеп, жаттап алып, кейін Орта жүз, Ұлы жүздің көп еліне мол таратады.

Ертерек уақытта қазақтың әнші, ақындарының ең бір ірі адамы — Біржан сал да Абаймен жүз көрісіп, үлкен дос болған. Ол Абайдың жасырақ кезінде Тобықты ішіне келіп (атақты ақын қыз Сарамен айтысатын сапары болу керек), көп уақыт қадірлі қонақ болып жатып, Көкшетау, Атбасардан бергі жерде болған қазақ өнерпаздарының көп қазынасымен Абайды кең таныстырып кетеді. Абай өзі де көп ән үйреніп, көп ақынның сөзіне қанып қалады. Әйелі Әйгерімге Біржанның әндерін үйретеді. Бұл сияқты кездесулер Абайды өз заманындағы қазақ сахарасындағы халық өнерімен мол таныстырып, нық байланыстырып отырған.

Тоқсаныншы жылдарда өлең, өнерге тереңдеп кіріскен Абай бір өзінің көргені мен сезгенін жырлайтын ақын емес, бүкіл қазақ даласындағы ой-сезімін жырлаушы Абай болады. Осындай үлкен арналы ақындық жолына берілген соң, 1891 жылға шейінгі өмірі Абайдың өзінше ең мағыналы өткізген жылдары болады. 1890—1891 жылдарда да көп өлең жазады. Сол уақыттарда жас жігіт болып, әкесінің қолында тұрып, оқып жүрген шәкірт достары: "Осы жылдардың мәжілісінде ілім сөзінен басқа сөз жоқ болды. Бар талапкер жастар болып сөзін тыңдап, медреседегі шәкірттерше хақиқат олай емес, бұлай деп, бір-бірімізбен дауласып жатушы едік", — деседі.

Осы екі жылдың ішінде Абай өзінің көп жаңа өлеңдеріне ән шығарады. Ұстаздық қып отырғанда, "малқұмар, мансапқор адам адам емес" деп ұғындырады. Әрдайым сағынып, көксеп, қатты рақаттанатын уақыты сөзді ұғар-ау деген адамдарға, жастарға ілім сөзін сөйлеп, насихат айтып отыратын кезі болады. "Ондай сөзге түсіп отырғанда, шаруа судай ағып бара жатса да, қаперіне алған емес. Біреу не шаруа айтып, не ел арасындағы партияның жайын айтып, сөзін бөле, кейіп, я ашуланып қалушы еді".

"Сауданың, ақшаның есебі секілді есеп әңгімесі шықса, аза бойы қаза тұрып, жиренген кісідей болып мазасы кетіп, "есептерің бар болса, аулаққа барып есептеңдер" деп, өзі отырған үйінен қуып жіберуші еді", - деседі.

Осы айтылған сөздердің барлығы — жалғыз Абайдың шәкірттері емес, сол кездерде Абайдың тәрбиесінде болған көп адамдардың бірдей айтатын сөзі. Сондай өмір, сондай мағыналы, үлгілі жол — Абайдың барлық кейінгі өмірінде айнымай ұстансам деген жолы.

Егерде ел ішінің бір қалыпта тұрмайтын тынымсыз әдеттері осындай өмірден Абайды кей уақытта еріксіз тартып алмаса, Абай 1889 жылдан бастап, соңғы күндеріне шейін өз өмірін осы жолмен өткізбекші еді.

Бірақ ойлаған мақсат-ниеті бұл тұста да түгелімен арман қылған өрісіне жете алмады. 1890 жылға дейін тыныштық болып, кейін, дәл сол жылдың жазында Оспан мен Оразбай қайта араздасып, жауласа бастайды.

Абай ержетісімен өзі тұрғы жастан дос етіп, қасына ертіп адам ғып шығарған кісілері ең алдымен осы Оразбай, Жиренше, Ерболдар болатын. Дәл Жиренше басына еткен сан жақсылығының бірі — көп сайлаудың бірінде "тентек ояз", "қара ояз" деп атанған бір сотқар ояз елдің жазықсыз адамдарына дүре соға бастап, солар қатарында Жиреншеге де дүре салмақ болғанда, Абай оязбен қатты жанжалдасып, ара түсіп, сабатпай, ананың арын, намысын қорғап шыққан. Соның артынан "тентек ояз" Абайды Семейдің қатал алқасына да жапқызған. Арғын, Найман арасына барса, өмірінде жалғыз-ақ рет, жас шағында Қоңыркөкшеге болыс болса, Абайдың әрдайым сенімді, белді би қып ерткен кісілері осы Жиренше мен Оразбай еді.

Ол екеуі Абайдың ығында жүріп, елеусіз халден белгілі адам қалпына жеткенде, малданып, әлденіп, күшейген күндерінде Абайға ең алдымен қас боп шығады. Сол жыл-дардың алдында бұрын ондайлық бай болмаған екеуі мейлінше байып алады. Әрқайсысында мың-мыңнан жылқы болған. Оразбай бертінде жылқы санын үш мыңға да жеткізген. Ал Абайдың өз басында ешбір уақытта ондай байлық болған емес. Қайта өмірінде талай рет "шағын дәулет", "шолақ дәулет" дейтін күйлерге жақын қалып жүрген. Мынау екеуі өздері байып, әлденіп алған соң Абайға қарсы жаулықты тобынан бұрын бастайды.

Олардың ең алғаш Абаймен араз болған сылтау, себебі де өзгеше. Бір жылы, Тобықты, Найман шекарасында Абайлар жүргенде Найманның екі руы — Сыбан мен Мұрын арасында қатты қырқысқан дау туады. Жесір дауы. Абай, тегі, әйел басына азаттық әперуде талай дауға кіріп, заманының қатал қалпын өзгертіп, азаттық үшін алысам деп, сан рет қатты пәлеге ұшырап, өз басы арандап жүрген. Мынау жолда да соның бір кезі болады.

Мұрын қызы күйеуін тең көрмей, өзінің сүйгеніне кетеді. Сыбан қызды қайтарып алмақ. Пәле ұлғайып, ел шабысарман болған соң, екі жағының сөзі Абай алдына келгенде, Абай бітім-тоқтау айтындар деп, өз атынан Жиренше мен Оразбайды жібереді. "Мұрын қызына азаттық әперіңдер" деп арнап тапсырады. Жиреншелер Абайдың айтқанын орындап, қыз басын босатарман болғанда, Сыбанның біреуі: "Жол осы ма еді. Кеңгірбай әруағы, қайдасың!" деп ұрандап, әруақ шақырады. Осыған қайысқан Оразбай Кеңгірбай жолын бұзғысы келмей, Абайға келгенде, ол: "Кеңгірбайдан ел әділдік көрген жоқ. Әйел үшін ол "Қара қабан" атанған" деп, өз айтқанын істетеді. Мұрын қызына еркіндік әпереді. Ал Оразбай мен Жиренше: "Абай асқан екен, Кеңгірбай жолын бұзумен тұрмай, "қабан" деп тілін тигізді. Енді бұдан біз кеттік, жауластық", — деп, өзді-өзі серттесіп алады.

Осыдан кейін екеуі жар құлағы жастыққа тимей: "Қалың Найман алдында Абай Кеңгірбайға тілін тигізді" деп, өздеріне ұсаған бай-жуанның басын құрай бастайды.

Байғұлақ, Күнту бар, жиыны 16 атқамінер боп, Абайға қарсы шықпаққа серт байласады. Бұл серттері Жиренше қыстауының үстінде, "Ши" деген жерде, Кеңгірбай бейітінің қасында жасалады. Кеңгірбайдың әруағын атасып, бейітіне бет берісіп тұрып баталасады. Жауламақ, Мұқатпағы — Абай. Оның еткен "жаманшылығы" әлгі.

Міне, Күнту болыс болудың алды осы еді. Содан бері Оспан болыс болған шақта да тыйылмай жүрген күндестік, араздықтың түбі үнемі Абайға сарықпай тұрмайды.

Тартыс үстінде Оспан Оразбайды жазаға іліндірмек болады. Оразбай қалаға қашып кетеді. Оспан ел ішінде билер сыязын өз дегенінше өткізіп алып, қалаға Оразбайды қуа барады да, ояз кеңсесінің алдынан өз қолымен ұстап алып, "қорлық көрсін" деп, өзі мінген арбасының артына таңып алып, елге әкеледі. Бұрын зорлыққа бойсұнбаймын, көнбеймін деп тырысып жүрген Оразбайға мынау істеген іс "құлақ естіп, көз көрмеген" кекті жаза болады. Бірақ Оспанның осы істеген ісінің арты көп арыз, көп қуғын болып, ең алдымен өзі болыстығынан түседі. Орнына кандидаты Арапты қоймай, сол кездегі "долынжы би" (бұл болыс пен кандидат екеуі де орнынан тайса, уақытша болыстық міндетін атқаратын бірінші би) Шөке деген Оспанның інісін қояды. Осы араздық, жаулық арты Абайға ең зор дұшпандық, ең салмағы ауыр міндет боп тағы кеп опарылады. Оспан жаңагы ұлы пәленің артынан, үлкен тартыс енді молайып келе жатқанда, 1891 жылы қайтыс болады. Мұның өлімі Абай көрген қатты ауыр қазаның бірі еді.

1892 жылғы өлеңдерінің көбінде Абай Оспанның өлімінен уланып, дерттенген жайын көп жерде сездіреді. Осы өлімнің өзіне арнап та өлең жазады.

Оспан өлген соң, барлық жаудың азабы мен әлегі түгел келіп Абайдың жеке басына түседі. Еңбекке толы тыныштық өмір бұзылады. Барлық ішкі қуат-сезімімен бұрынғыны барынша жек көріп, жиреніп алған Абай, қайтадан сол әуелгі қалыпқа келген соң, тіршіліктің бұл сыбағасын ас орнына у тартқандай көреді.

Бірақ, қалай да болса, кіріспесіне болмайды. Кірісу міндет болып алған. Өсиетін көксеп, мәжілісін іздеген жастарға медресе есігі уақытша жабылғандай болады. Өлеңдері де бұрынғы сияқты тыныштықпен отырып жазылмай, ерекше тынышсыздық, алыс-жұлыстың үстінде жазыла жүреді.

Осы жылдарда Абайдың өлеңімен қатар, аудармалары көп орын ала бастайды. 1891 жылғы жаулықтағы да ұзаққа кетеді. Тартыс бір ел емес, әлденеше елдің ішінде, әлдене-ше жұмыстардың тұсында бола келіп, 1897 жылға шейін созылады.

Бұл әредікте шет елде болған тартыс — Тобықты мен Уақтың тартысы. Ол пәленің басы да Оразбай болады.

Оспан өліп, ел ішіндегі үлкенді-кішілі істерге өзі бас боп жүрген Оразбай енді Абайды түрткілеп қыздырып, бір пәлеге тартуға құмартады.

Осы орайда Абай мен Уақтың бір адамы Нүрке деген кісінің екі арасын шиеленістіретін бір кез келеді. Бұрын Абай мен Нүрке аса тату, дос еді. Нүрке — Көкен болысының қазағы. Жері мен елі Семей қаласына жақын. Өзі адамшылық абыройы зор, қала мен қырға бірдей беделді адам болатын. Сол Нүркенің бойжеткен қызын Абайдың баласы Мағауия аламын деп, әуелде бір қысырақтың үйірін қарғы бауға жібереді. Артынан Мағауия қызбен көрісе келе ұнатпай, алғысы келмей, сырт беріп жүреді. Қыздың көңілін тұрақтатқан құдалық та жоқ, азаттық та жоқ, жіпсіз байлау болады. Соны ауырлаған қыз Айтқазы деген адамға өздігінен сөз салып, тием дейді. Айтқазы — Ертістің ішкі жағындағы Белағаш деген болыстың адамы. Өзінің түбі Көкше (Тобықты), Абаймен қатты дос, шешен, алғыр адам болған. Бұның да жасы Мағауияға құрбы, жасынан озғын шыққан адам. Нүркенің қызына Айтқазы қызығады да, алып қашады. Осы жөнде Айтқазының өзі де, Оразбай сияқты ел пәлесін тілеушілер де "Абай ашуланар, сойқан басталар, Айтқазы, Нүркелермен қиян-кескі жауласатын болар" деп байлайды.

Бірақ Абай түк намыс та етпейді. Сөз де айтпайды. Аз күн ішінде Айтқазыға "саспа" деп басу айтып тыныштандырып, Нүркемен де қабақ шайыспай, бұрынғы достық күйінде қалады... Қыз сүйгеніне тиді, ерік алды. Әйел еркіне зорлық болмасын деп, өзге тұста жол айтып жүрген Абай өз басына келгенде сол жолынан тайған жоқ. Осыған айызы қанбай, бармағын шайнап қалған Оразбай өз бетімен пәле бастайды.

Абай болса 1895 жылы тағы бір ауыр қаза көреді. Әбдірахман деген сүйікті баласынан айрылады. Ол Семейде уездік школды бітірген соң, Түменнің Реальное училищесіне барып, соны бітіреді. Петербургке барып, Михайловская артиллерийская школаға түскен. Басында Абай Технологический институтка түс деп жіберген екен. Сабаққа кешігіп келіп, түсе алмайтын болған соң, жаңағы мектепке түсіп, соны бітіріп шыққан. Әбдірахман — Абайдың қатты сүйеніш көріп, зор үміт қылған баласының бірі.

Бұл жаңағы мектепті бітіруімен де қанағат қылмай, енді Әскерлік академияға түсемін деп жүргенде, костоед (күрт ауру) болып, 1895 жылдың қысында, қызмет етіп тұрған жері — Алматы (Верный) қаласында қайтыс болған.

Оспанның өлімінен соң Абайды қатты күйіндірген өлімнің бірі осы болады. Бұл баласы Абайдай әке өмірінің жалғыз бір үлкен жұбанышы еді. Соның мұратына жете алмай, ерте өлгені артында қалған әкесін қатты қайғыға салған. Ел ортасында "етекбастыны көріп" жүргенде, Абайдың аңсап, тілеп, көп күткені сол баласының келешегі болатын. Көп үшін өнімді еңбек істеп, мағыналы адамшылық ұрығын шашады деген жалғыз үміті сол еді. Соның ерте өлгендігі Абайдың жүрегінен тағы да ұзақ шер, көп зарды шығарады. Әбіштің (Әбдірахман) өліміне арнап айтқан өлеңдері Оспанның өліміне айтылғаннан да зарлы, ауыр қайғылы сөздер болады. Бұл аза ақынның сол кездегі басқа өлеңдеріне де өкініштің уытын жайғандай болады.

Әрине, бұл уақыттарда Абай терең, даналықпен толғайтын ақынның өзі болған. Сыртқы өмірдің у қосып тартып жатқан сыбағасы бар. Өз ішінде, қалыптанып толған сыншы ақылдың бұны табынан ұзатып әкететін жалғыздығы бар. Оның үстіне, жанына сүйеніш санап, тіршілігіне жұбаныш қылған сүйікті жандарының өлімі бар. Осының бәрі жиналған соң, бар сотқармен алысып жүрсе де, Абай өлеңді өз жүрегінің тынысы сияқты қылып алған. Сондықтан Лермонтовтай ақындардың өлеңдерін қазақшаға аударса, сол сөздерді құр ғана сыртқы келісімін сүйгендіктен аудармайды. Барлығын да өз жүрегіне түсінікті, өз халіне жанасатын, өзінің әлеуметтік мұң-арманына тап келетін және өз қиялына үйлесетін, ерекше бір жақындығы болғандықтан аударады. Аудармалар ақынның өз жүрегінен толқып шыққан қайғылы шердің де айнасы, толас-тынысы сияқты болады.

Кезі келгенде айта кету керек, Абайдан қалған аудармалар тегіс бірдей емес. Кейбірін, мысалы, Крылов мысалдарының көп жерін немесе Лермонтов өлеңдерінің бірқатарын ақын дол аударады. Сонымен қатар сол Крылов, Лермонтовтың және әсіресе Пушкиннің "Евгений Онегинін" әдейі бір кең толғаумен өзінше еркін жырлап жеткізеді. Бұнысы — аударма ғана емес, Европа, Шығыс әдебиет тарихында көп ғасырлар бойында тәжірибеде болған сарын қосу сияқты бір жол. Алдыңғы ақын сезіміне, әңгімесіне, ой толғауына сүйсіне отырып, өз ішінде де соған үндес қоғамдық сыр шығарып, қосыла күңіреніп, қатар шабыттанып кетеді. Бұл түрдегі сезім ойларды өзгерте жырлауы әдейі істелетін, өзіндік тумаларға жақын боп шығады. Сондықтан бұл алуандас ақындық еңбегінің кейбіреулерін құр аударма деп қарамай, Пушкин, Лермонтов, Байрон сарынымен жазылған шығармалар деп тану керек.

Осындай болып қалыптанған ақындық күйі Абайдың соңғы күндеріне шейін біржолата нығайып, орнығып алған арнасы еді. Әредікте, қыс болсын, жаз болсын, ел сөзінен қолы босап, аз да болса орнығып отыратын уақыт жетсе, 1889—1890 жылдардай тағы да тәрбиешілік, ұстаздық етеді.

Бұл уақытта жалғыз өз өсиетін айтпай, орыс кітаптары арқылы таныс болған бұрын-соңғы данышпан, ғалым, ақын, жазушы атаулының бәрінен мысал келтіріп отырады. Ұдайы ойшылдыққа салына бермей, көркемдік тәрбиені де көп ойлайды. Сол ретпен, өзі оқыған қызықты, шебер романдарының көбін өз тілі, өз аудармасы (редакциясымен) әсем әңгіме қып айтып береді.

Абай айтуынан тараған осындайлық жаңа, соны әңгімелердің ішінде өз уақытында жаңа болған "Мың бір түн", "Шаһнама", "Бақтажар", "Ләйлі - Мәжнүн", "Қорұғлы сұлтан" сияқтылардан басқа, орыс пен Европаның да талай романдары болды. Абайдың айтқанынан тараған А. Дюманың "Үш мушкетері", "Он жылдан соңғысы", "Король қатын Маргосы", Лесаждың "Ақсақ французы" ("Хромой бес"), Пушкин, Лермонтов әңгімелері және Батыс Европада орта ғасырда инквизиция сотының заманын суреттейін "Қызыл сақал" деген роман, онан сон Америка, Африка жабайылары ортасында күн кешкен "жаһанкездер" жайындағы романдар да көп айтылатын болған. Абай тәрбиесінің тағы бір ерекшелігі — ол өзін "шығыс адамы едім", "мұсылман едім" деп, дін тұсауына бағындырмаған. Халқына үлгі, тәлім етіп айтқанда, өлеңінде Толстой, Салтыков-Щедринді ұсынғаны сияқты, ауызша өсиетте де Аристотельді, Белинскийді қоса айтады. Ұлттық, діндік тар көлемде әсте қалмайды.

Бірақ атқамінерлер пәлесі Абайдың саналы еңбекпен отыруына ырық бермейді. Оразбаймен ұстасқан жаулық 1891 жылдан бастап, 1897 жылға келеді. Бұл кезде Абайдың ел жұмысына араласарлық Ақылбай, Мағауия сияқты балалары, Кәкітай сияқты немере інілері жетсе де, Абайдың соңынан ерген ел, жалпы тартыс болсын, ел ішінің келелі кеңесі, билігі болсын, үлкен шербешнай сыяздар мен болыстық сыяздары болсын, барлығынан да Абайды босатпайды.

1897 жылға шейін Абай ел сөзі мен ел жұмысынан шыға алмай қойғанда, көбінесе әділ билікпен тыныштық орнатып, тым болмаса дау-шарды тоқтатармын деген үмітте болған.

Әйтеуір босатпайтын болған соң, "тым болмаса осымен бірдеңе істеп бол ма екен" дегендей:

Болды да партия,

Ел іші жарылды.

Әуремін мен тыя

Дауың мен шарынды, —

дейді.

Бірақ 1897 жылға шейінгі іс жалғыз бұл емес. Оразбай партиясы бір Шыңғыс, бір Тобықтымен тоқтамай, тағы мол ауданға, кең майданға шығып кеткен. Абай неғылса да, бұл тартыс тыйылмайды. Оразбай кегі сондай күшті болған. Еріксіз келіп, түрткі салып, соқтығып, Абайды ерік алдына қоймайды.

Оразбай өз болыстарымен қанағат қылмай, көрші болыстардың барлығының сайлауына барып, Абайға қарсы жаулардың басын құрап, сайлау сайын партия, тартыс шығарады. Сонымен, жауы баратын болған соң, ықтиярсыз Абай да барады. Бөтен елдегі достары өзге кісіні қанағат қылмай, өзін керек етеді. Осындайдың әлегімен жүріп, 1897 жылдың сайлауына келгенде, Абайдың үнемі арманды болып өткізген өмірінің ең мағынасыз қорытындысы сияқты болып, бір үлкен оқиға туады.

Бұл оқиға Мұқыр болысының сайлауында болған. Мұқырға сайлаушы уез келер кезде, барлық Семей уезінің шылықтары кездесіп отырады. Бір жағынан, бұрынғы күйге үйлескісі келмей, заманынан, ортасынан озып шығып, сыншы, ұстаз, ақын, данышпан болуға айналған Абайды көреміз. Екінші жағынан, күндегі өмірдің талқысы мен шыр-шеңберінде түгел партия болып, барлық болыстар қақ жарылып, жартысы Оразбай жағында, жартысы оған қарсы ниетте жүреді. Оразбайдың бұл кезде байлығы асып, қимы-лы қатал боп, көпті қорқытып, дәуірі Тобықты ішінде басымдап келе жатқан.

Мұқыр сайлауының дәл алдында ел ортасынан тағы бір тың әрекет шығады. Ол — Бәзілдің қызы Қадишаның дауы. Бәзіл — Тобықты, Жуантаяқ ішіндегі бай-жуанның бірі. Құнанбай тұстас кісі. Бұның Байғұлақ деген баласы Оспан мен Оразбайдың аралығында "тең тартта" жүретін елеулі атқамінерлердің бірі. Соның қарындасы Қадишаны айтты-рып отырған жері Оразбайдың туысы, Есболат екен.

Қыз атастырған жігітіне ырза болмай, Абралыдан келген жолаушы Қаракесек Олжабай деген жігітке ғашық болады. Екеуі көңіл қосып, қашуға әзірленіп жүрген түні анду болып, қолға түседі.

Байғұлақ пен Оразбайлар қыз бен жігіттің екі аяғына бір кісен салып, Олжабайды өлтірмек болған. Жаны қысылған жастар көмек тілеп, Абайға тілхат жібереді.

Абай сол арада бұл жандардың ауыр халіне ара түсіп, тез бұйырып, Олжабай мен Қадишаны өз аулына алдыртады. Сонда Қадиша Абай үйіне жақындап, есіктен кіре бер-генде, жастық арызын айтады:

Шығады бүркіт алған қыр басына,

Алаштың болдым жолдас мырзасына.

Бір кісен жеке тимей аяғыма,

Олжабай, ортақ болдың бір басына.

Олжеке, тартынасың неге жүрмей,

Бағана қалсаң еді маған ермей,

Бір жұмыс не де болса істеген соң,

Қарада жан қала ма дауға кірмей.

Алдыңа келіп тұрмын, Абай аға,

Бар шығар сізде-дағы мендей бала.

Айдады кісен салып аяғыма,

Ісіне құдіреттің бар ма шара...

Абай Жуантаяқ пен Есболаттың қарсылығына қарамай, аңдушы жігіттерді айыпты етіп, Олжабай, Қадишаға азаттық әпереді. Екеуін қосып, Абралыға аман-есен жөнелтеді.

Мұқыр сайлауының дәл алдында болған осы билік Абайға қыз төркіні Жуантаяқты, қыздың қайны Есболатты өкпелі, араз етеді. Оразбай тобына жалған намыс жоқтаған, қалың шоғыр тың руларды қосады. Ол Оразбайды бұрынғыдан да қыздыра түседі. Алыстағы Мұқыр сайлауына омыраулап араласып, асыға қимылдап, пәле шақырып жүреді.

Сонымен, сайлау жақындаған соң, Мұқыр болысындағы Абайдың тілектестері: "Сайлауға өзің келмесең болмайды, Оразбай келіп, сүйген адамын болыстыққа сайлап алып, басымызға пәле жаудырады" деп, Абайды, еріксіз барғызады.

Екі жақ та осы елдің сайлауын бір ірі түйін деп білген. Шынында, көп алысқан Оразбай бұл болыстың ішінде дендеп тұрады. Қарсы жағында бұрынғы барлық Қоңыркөкшеден жалғыз ғана аз ру Көкше қалады. Одан басқа Мырза-Жөкең деген ел және бұрын Шыңғыстан Құнанбай балаларынан қашып, осында шыққан Жігітек, Бөкенші — бар-лығы да Оразбай ниетінде болады. Осы сайлауға шейін Мұқырдың болысы боп келген Әбен де Оразбайдың досы. Ол қыңыр, надан және өзі ожар, сотқар адам. Бұлардан басқа Шыңғыстың өз ішінен және тіпті Құнанбай балаларының арасынан да Оразбайға астыртын тілеулес боп алған адамдар барды. Соның бірі — Абайдың ағасы Тәңірберді, бұл Оразбаймен құда. Және болыс боп тұрған баласы Әзімбай сыртына шығармай, Абайға білдірмей, іштей Оразбайға ақыл да, сыр да қосып қояды. Мұқырға ояз келіп, сайлау болғалы жатқанда, өз елінен Оразбай да аттанды. Ол жолшыбай Тәңірбердінің аулына қонып отырып: "Абай бұл топқа бармасын, барса Бүлік болады" дейді. Абай бұның алдында үйде тыныш отырып, ақындық, ұстаздық еңбек етіп жатқанда, Оразбай, Жиреншелер және Жігітек, Бөкеншіден — Бейсембі, Күнтулар, Жөкеңнен — Әбендер тыным алмай, пәле қоздырып жүрген. Осы топтың анық бүлік, жанжал басы екеніне солардың сыр-мінезін жақсы білетін Асылбектің дәл сол орайда айтқан бір сөзі айғақ.

Сүйіндік баласы Асылбек ру жігі бойынша Күнтулармен бірге болса да, кесір іске бармайтын адал адам болған. Абайға өз басы дос. Үйде жатқан момын жан екен. Соған бір күн Жиренше кеп амандасқанда:

- Аманбысың, байғызым, — дейді де, — тастың арасында тек жатып, түбін ойлап жатырсың ғой, — дейді. Асылбек соған орай:

- Аманбысың, бәбісегім. Бәбісек көкекше әр қадың түбінен барып, бір "пыс" деп, исі Олжайды түртіп тұрғызып жүрсің ғой! — деп мысқылдайды. Тағы бір орайда Жиренше мінезін жақтырмай, ажуалап:

- Қосаяқ қой бұл. Күні бойы тек жатып, кеш батқан апақ-сапақта екі аяқтап, шандатып жортады! — дейді.

Бұл айтқаны, Жиреншелердей тынышсыздардың елді пәлеге айдап, сол Мұқыр сайлауындай тартысқа әзірлеп жүрген сұмдықтарын танытады. Олар, бір жақтан, бейбіт елді бөріктіріп, "жау жетті" деп жүріп, екіншіден, өз араларын да нықтап, шүйлей береді. Сол күндерде Оразбай өз алдына әлденеше тәсіл-айланың, қастық жаулықтың жолын атап, белгілеп ап, осының байлауын енді "Жер табанға берейік" дейді екен. "Жер табан" деп ат қойғаны сол кездегі Жігітектің қайсар, қыңыр биі Бейсембі. Өздері түртпек салып жүрсе де, араздық туын Жігітекке ұстатпақ. Соларды найза басы етіп, алдына салып алмақ. Сол үшін Жігітектің "Жер табан", таймас, қайсар Бейсембісі топтың байлауын өз аузынан бекітсін дейді. Мұқыр сайлауында болатын оқиғаның бұ да бір астар жағы, әзірлігі.

Ақыры Абай да, Оразбай да сайлау басына барады. Оразбайға Әбен: "Елді алатынбыз. Бірақ Абай келді. Енді тағы алып кетеді", — дейді. Оразбай сонда Абайдың аз кісімен келгенін біледі. Және Әбен жағында ел күшінің көп жиылып тұрғанын көреді. Өзінің жаулық ниеті іске асатын бір кезеңі осы деп түсінеді. Сонымен, қол қимылын істеп жіберуді Әбен мен Жігітектерге тапсырады.

Айтқанындай, Абай келген кезде Әбеннің өзі бастаған бір топ кісі Абайдың үйіне қаптап келіп, жабылып кетеді.

Абайға таяқ тиеді. Әбендер Абаймен қоса Кәкітайды да сабайды. Бұл Абайдың үстіне өзі жығылып, таяқты өз басына алады. Бір кез Кәкітай оязға жетеді. Ояздар мылтық атып барып, арашалап алады.

Бұл оқиға ел ішін астан-кестен етеді. Елдің Абай үшін күйзелген жігітінің бәрі тегіс атқа мінеді. Жарым жұрт жол тосып, Оразбайды ұстап алып, өлтірмек те болады. Ашу үстінде әр түрлі ірі жаулықтың жолдарын айтысады. Бірақ Абай оның ешбірін де қостамайды. Қол қимылынан елді тоқтатады. Жалғыз-ақ дәл сол күні Оразбайдың Тәңірберді аулына тілдесуге жіберген жансызы сезіліп қалады. Абай соны білген жерде: "Менің жауым бауырымда отыр ғой, бүйткен елде қайтіп тұрам, кетем!" — деп, атына мініп, қасына бір ғана жігітті ала, күнбатысқа беттеп қашады. Артынан қуа келген Ысқаққа: "Бұл елде тұрмаймын, жоғаламын", — дейді. Бірақ қуғыншылар шылбырына оралып, атын жетелеп, қайта әкеледі.

Барлық осы әлектің терең тамыры жалғыз партия таласында емес, одан әріде жатыр. Бұл қастық — ескішіл, қараңғы феодалдардың Абайға тап жауы екендігін, сондай қоғамдық тартыс жөнінен өштігін көрсетеді. Олар үшін Абайдың өсиеті, әр өлеңі, жаңа жарық дүниені іздеуі жат, жаңалық болып көрінетін. Жуандардың шірік ортасы намысқа дақ салғанда, өздерінің қаншалық нәрсіз, құнсыз екенін көрсетіп еді.

Осы іс үстінде сол рубасылар ортасының іштей шіри бастағанын Абай жалғыз Тәңірберді емес, көп жерден көреді.

Бұл уақыттағы Абай елден азайып, қайраты кеміп, таршылық көрген жоқ-ты. Оразбай істеген іске он есе артық істеп, жаза мен қарсылық көрсету 1897 жылда да қолынан келуші еді. Абайды Оразбайдың сабағанын естігенде, Тобықтының өз іші емес, алыс-жақын көп қазақ күйзеледі де, намысы қозады. Абай үшін ең алдымен Керей, Найман жоқшы боп шығады. Егер күшпен, елмен Оразбайды жазалаймын десе, қалың қазақ Абайдың жасағынан табылатыны даусыз еді.

Оразбай жөнінде тағы осындай бір іс 1898 жылдың жазында болған. Тоғалақ руынан шыққан Ержігіттің Бейсембайы деген жас жігіт Оразбай айтқан бір бұйрықты орын-дамайды. Соған ашуы келген Оразбай кәр қылып, қорламақ боп, көр қаздырып, Бейсембайды тірідей көмдіреді де, өлімші ғып жазалап, зорға босатады.

Сол ісіне ызасы келген жай шаруаның көп елі бірігіп ап, Бейсембайдың намысын жоқтап, аттанып барып, Оразбайдың аулын тал түсте шауып, желісін кескілеп, үш мың жылқысына тиіп алады. Елдің осы ашуында Абай кегі де жоқ емес еді. Абай тілесе, бұл жолы Оразбай қайтып тұра алмастай соққы көрер еді. Бірақ Абай ел жуандарынша жаулық қумайды. Сол тұстағы барлық басқа ісі мен мінезі де осы айтқан сөзді дәлелдейді.

1899 жылдың жазында землемер болыс-болыстың арасына меже салып, шек жүргізгенде, бұрын Мұқыр болысына Абаймен араздасып шығып кеткен және сол жылғы жанжалдың қіндік енесі болған Жігітек, жер-қоныс ыңғайы бойынша, Шыңғысқа қарап қалады. Абай бұрын Құнанбайлармен араз болған ағайынның бар адамдарын шақырып алып: "Қырық жыл елдік, қырық жыл жаулық болмайды. Бұрынғы араздық кекті тастайық", — деп, Жігітек елімен татуласады.

Абай жуандардың ісін ұлыққа да шақпаған. Заң-закон арқылы кек алуды да іздемеген. Жаңағы жылдарда бұрынғыдан біржолата тыйылмағына өмірден суынып, қажи бас-тағаны да себеп болған. "Алды — үміт, арты — өкініш" өмірден енді шын түңілген сияқты.

Дәмі қайтпас, бұзылмас тәтті бар ма?

Бір бес күннің орны жоқ апқығарға.

Қай қызығы татиды қу өмірдің,

Татуды араз, жақынды жақ қыларға?! —

дейді.

Бірақ Абайдың өз басы осы күйде болғанымен, 1897 жыл өлегінің арты Тобықты ішінде із-тозсыз өшіп қалды, партия, пәле, алыс-жұлыс тыйылды деп ойлау керек емес. Рубасы, атқамінер атаулыға ол ауа мен су сияқты тыныс, қорек ететін азығы. Сондықтан Абайдың өз бала-інілері де Абай жаңағыдай қарады деп, тоқтап қалған жоқ. Енді солар кекті боп, солар қуғыншы болады. Бар күштерін ел кегін алуға салады. Баяғы әдіс-тартыс қайта қолданылады. Елді көп алғандық шербешнайларға тоғысатын билерді көп алудан білінеді. Биді молайтып, басып алған жақ кесікті өз қолына алып, түпкі кекті сол кесік жазаларымен орындайды. Абайдың намысын, ісін қуған жақындары ендігі барды осы шербешнайларға салады. Екі жақ бірдей би атаулыға мал мен пұлды кезек беріп, қатты шығындап жатады.

Бұл тартыс-таластардың тұсында жандарал, ояз кеңселері де, әсіресе жасырын тыңшы полиция кеңселері де тек отырып қалмайды. Тегінде, патшалыққа қарсы болған төңкерісшіл топтармен іштей достық байланыс жасаған Абайға патшалықтың ресми орындары, кертартпа ұлықта-ры көптен қадала қарап жүрген-ді.

Жылдан жыл асқан сайын қазақ сахарасына өлең-өсиет үгіті тарап, қалың елге, әсіресе еңбек еліне қадірі артып бара жатқан Абай, патшалықтың болыс ұлықтарын шенеп жерлеуші Абай жәйлі кісі, жақсы кісі боп саналмайтын. Сондықган оның ел ортасындағы әсерін әлсіретіп, қанатын қырқатын дүлей күш қазақгың өз ішінен табылса, оны жандарал кеңселері әлдеқашан қуптап, қостаушы болуға әзір жүретін. Оразбайларға астыртын дем беріп отыратын өздерінің де арам саясаты бар-ды. Елден Абайды жамандап түскен арыз болса, оны ерекше ықыласпен тындайтын. Сондай жасырын шағым мына түста да аз болмайды. Осындай арыз-шағымның бірін сылтау, себеп етіп, 1903 жылы қырдағы Абай аулына жандарал бұйрығымен Семейдің тыңшы кісілерінің бастығы полицмейстер өзі бастап, бір топ жандармдармен кеп, қатты тінту жасайды. Ниеті Абайды бір жазаға іліктіру еді. Бірақ ақынның халық арасындағы зор атақ, даңқынан, қадірінен жасқанып, батыл әрекет істей алмай кетеді.

Сол жылы Абайды астыртын көрсетіп отырған — тағы да Бүлік, бұзық рубасылары, сатымсақ болыстар. Абайдың барлық өмір бойында халқына деген қасиетті еңбегіне өш болған қараңғы кертартпа, қанаушы топ.

Абайдың "ел мінезі" деп рубасылар мінезін алып, қатты ызамен, сын сатирамен жырлауы осы халдерден туады. Ақын тіршілігінің ең ауыр қорытындысы, әсіресе сол 1897 жыл-дарда және өзі тоқтаған жылдарда тіпті айқын боп шығады.

Абай енді жылдан жыл өткен сайын өмірден қажып, шөге береді. Осы жылдарда өлімді де ойлай бастайды. Өзі кешірген ерекше дертті, өмірдің барлық қайғысын, өкінішін еске ала отырып, қазақ әдебиетінде мәңгілік ұмытылмайтын "Өлсем, орным қара жерді" жазады.

1896 жылы өзінің бұдан бұрын жазған өлеңдерін "жинасын" деген. Бізге қаншалық ғажап көрінсе де, осы 1896 жылға шейін Абайдың өлеңдері бір араға топталып жиналмаған болатын. Абай өзі бір жазып тастаған өлеңін қайтадан жоқтап, жинап отырмаған. Әрқашан, кейде кітап оқып отырғанда, кейде жай бір оймен қозғалып отырғанда қолына қағаз, қарындаш алып, айтпақ өлеңін жазып тастайды екен.

Соны қасында отырып балалары, інілері я жәй адамдар болса да, қалтасына салып алып жүріп кетеді. Содан бірден біреу жазып алып, жаттайды. Кейбірін әнге қосып, домбы-рамен айтып жүреді.

Өлең жазу қызметі осы сияқты болғандықтан, қазірде біздің қолымызға Абайдың өз қолынан жазылған қолжазбасының бірде-бірі де жетпей отыр. Барлығы да ел жігіттерінің қалтасында, қойны-қонышында жүріп, жоғалып кеткен. Осы ретіне қарағанда, "Абайдың беріде жазған талай өлеңі де ешкімге мәлімсіз болып, шығысымен жоқ болып кетпеді ме екен?" — деген күдік туады.

Өйткені жасынан біткен әдет бойынша, Абай біреудің оғаш мінезін көргенде, ылғи қалжың, ажуа, мысқыл өлең айтқыш болатын. Осындай сөздерінде әрқашан өз жанында жүрген жақындарын, ағайын-туысқандарын мысқыл етіп, солардың мін-мінезін күлкі ғып, әйгілеп айтады. Кейде қалжың ғып жазып, өз қолдарына да береді. Сол кісілердің көбі қолына өлең түсісімен, өз мінін айтқан сөздердің көзін жоғалтуға тырысқан. Сонан соң, кейбіреулер Абайдың өзінен жалынып-жалпайып сұрап алып та, көзінше жыртып тастайтын болған. Мысалы, Көкбайға, қыздарға шығарды деген өлеңдер осындай күйге анық ұшыраған. Тағы бір алуан өлеңдерінде жақын туысқан, дос-жар таныстарын қатты мінеп айтқандықтан, інілері мен балалары "ана адамдар өкпелер" деп, жасырып жоғалтып жіберетіні де бар. Еске алатын бір нәрсе, Абай кісі мінін айтып, өлең шығарғыш болған да, сол құралды ешуақытта нағыз жауына жұмсамаған. Өлеңімен мысқыл қылатыны ылғи жақынынан шыққан адамдар болады. Ал бұлардың Абай сөзін жоқ қып жіберуі өзгеден сонағұрлым оңай болған. Қайта өлеңдеріне қарағанда, Абайдың қара сөздері көбірек, түгелірек сақталған сияқты.

1890 жылдардан бастап ұстаздық, үгітшілік жолына түскен соң, Абай өлеңді аз жазса да, "қара сөзбен" айтатын өсиетті көп жазады. "Ғақлия" деген өсиеттері сол 1890 жыл мен 1898 жылдардың арасында жазылған. 1891 жылдан соң өлеңмен айтпақ болған сөздерінің талайын қара сөз үгітіне айналдырып жіберген. Кей уақыттарда бірталай өлеңдердің сол қара сөзде айтқан пікірлерінен шығарып, өлең қылып кеткені де бар.

Қалай да соңғы 10-15 жыл ішінде Абай осы сияқты жаңа жанрды тауып, соған кейде өлеңнен де көп уақыт бөледі. Бұл кездерде Абай сөзін қадірлі көріп, әрбір шыққан жаңа өлеңдеріне ынтық болып отырған ел оқушылары "қара сөздер" шыға бастаған соң, мұны өлеңнен кем көрмейтін болады.

Қайта берірек келгенде, ел ішіндегі оқушының барлығы да Абай сөздерін молдаларға ақша беріп жазғызып, көшіртіп алып жүргенде, ең алдымен қара сөзді тілейтін. Соған көп ынтығатын.

Тегі, "қара сөздер" кім болса соның қолында кетпей, жазылысымен маңайындағы сауаттылардың қолына түсіп, сонда шашылмай, аман сақталып қалған сияқты. Бұл ретте Абай сөздерінің шашылмауына, жоғалмауына мезгілімен тізіліп, жазылып, елге тарап отыруына көп еңбек еткен адамдар бар. Ол кіріспе бөлімде айтылған Кішкене молда, Махмуд, Самарбай, сонан соң әсіресе Мұрсейіт. Баспаға шыққанынша жыл бойы әлденеше рет Абай жинағын көшіріп отырып, Мұрсейіт бір кітапты бір қойға сатушы еді.

Өз өлеңдерін 1896 жылға шейін жиғысы келмегені — Абайдың өлең сөзге өте үлкен сынмен қарап, үлкен шарттар қойғандығынан болған. Өлең Лермонтов, Пушкин сөздеріндей болмаса, одан берідегі сөздері өз сөзі болса да, толық қанағат қылмаған. Барлық қазақ әдебиетінің өзі білген ескілігінен Абай жалғыз Марабай мен Шөжені ғана "нағыз ақын" дейді екен. Бірақ Абай Махамбет сияқты ірі ақындарды ести алмаған. Абай өз сөздерін қатаң сынаумен қатар, маңында өлең жазатын жастарға да сондай мінез істеген.

Кешірімсіз қатты сын жасап отырады. Олардың сөздері ұнамаған уақытта міндерін өлеңге қосып та жібереді. Мәселен, Көкбай, Әріптердің өлеңдерін еске алып:

Сөз айттым "Әзірет Әлі айдаһарсыз",

Мұнда жоқ "алтын иек, сары ала қыз".

Кәрілікті жамандап, өлім тілеп,

Болсын деген жерім жоқ жігіт арсыз... —

дейді.

Алғашқы жолдағы "Әзірет Әлі айдаһарды" Көкбайға арнаған. Оның діншіл қисса сарынымен жазған бір өлеңін жақтырмай айтқаны. "Алтын иек, сары ала қызды" Әріп ақынның "Зияда" деген қиссасына арнаған. Әріп қыз көркін айтқанда:

Ақ тамақ, алтын иек, мойындары,

Ұжмақ, жұпар исі қойындары.

Бағдат, Мысыр қызығы ұқсамайды,

Бұлардың сауық қылған ойындары, —

деген.

Сұлу қызды сипаттаймын деп, "иегі алтын, көзі гауһар" деп, түсіне қарамай, асыл тастарды санай береді. Соған айтқан.

Абайдың сын сөздері ақындардың барлығына да ауыр тиген шығар. Бірақ іштерінде әсіресе Әріп қатты намыс қылып, кектеніп, Абайдан есесін қайырмақ болып, "Біржан — Сараның" айтысына өз жанынан Абайды жамандау сияқты көп сөздер қосқан деседі.

Осы айтылған мысалдар ақын боламын деген жастардың шығармаларына Абайдың үлкен шарт қоятынын анық көрсетеді.

Абай сөздері көбірек жайыла бастаған соң, Тобықты іші болсын, басқа көрші елдер болсын, барлығы да мұның жазбаларының ұдайы оқушысы, тындаушысы болады. Бұлар-ға ол сөздерді жеткізетін — жалғыз жазу ғана емес, қайта көбінесе домбыралы әнші жігіттер. Осы жағынан қарағанда, Абай өлеңдерінің тыңдаушысы мен жаттаушылары хат білетін, арнаулы аз адамдар ғана болмай, жалпақ ел болады. Фольклор мен жазба-баспа әдебиеттің жапсарында шыққан ақынның шығармалары әрі ауызша, әрі жазба әдебиеттің күйін бірдей кешеді.

Абай айналасында өлең айтып, ән саламын деген әнші- ақын болса, қыз-келіншек, жас-кәрі болса — барлығының да топта, ойын-тойда айтатын жырларының көбі Абай сөздері, Абай әндері болған.

Біз бұл уақытқа шейін Абайдың нәрлі еңбегін айтқанда, ылғи ақындығын сөз қып келдік. Енді, осымен қатар, одан қалған мәдениет мұраларының ішінде үлкен, елеулі орны бар, композиторлық еңбегін де атау керек.

Абай өзі жақсы домбырашы болған. Қазақтың ескі ән- күйін жете білген, барынша сүйген. Елдің ән-күйін елти сүйіп айтқан.

Құлақтан кіріп, бойды алар

Жақсы ән мен тәтті күй.

Көңілге түрлі ой салар,

Әнді сүйсең, менше сүй, —

деген өлендері бұған дәлел. Және сол он баян еткен ескі халді ойлап, толғанып кеп:

Есіткендей болады

Құлағым ескі сыбырды,

Ескі ойға көңілім толады,

Тірілтіп өткен құрғырды, —

деген жолдары бұның өз еңбектерінің терең тамырлары сол қазақтың өткен өнер, мәдениетімен жалғасып жатқанын көрсетеді. Осы сияқты әр кезде, көп өлеңінде Абай ән-күйге талай-талай сұлу мағыналы жырларын арнайды. Ол музыкаға ақын болып қосқан үні. Сонымен қатар Абай музыканың өзіне композитор болып та атсалысады. Абайдан қалған 10-17 он бар. Бұлардың көбі — өзі жазған жаңа ұйқас, жаңа түрлі өлеңдеріне арналған әндер. Мысалы, "Сегіз аяқ", "Сен мені нетесің", "Қор болды жаным" сияқты алты, жеті, сегіз жолды өлең түрлерін шығарса, соларын жұрт құлағына жұғымды, сіңімді ету үшін қосарлық әнін де шығарады. Бұл ісі жаңа, түрлі өлеңдерін өте даңқты қып, көпшілік ән қып әкетеді. Сол тәрізді Пушкиннен аударған Татьяна, Онегин хаттарына да арнаулы әндер шығарады. Қазақ көпшілігіне әншейінде ұтымсыз, тосаң көрінерлік орыс жастарының аттарын, өмірін, сезімдерін мынау өлеңдер арқылы аса түсінікті, әсерлі және даңқты етіп жібереді. 1890 жылдардан бастап Онегин, Татьяна аттары қазақ сахарасында халықтың өзі тудырған жырлардағы адамдардың атындай белгілі, сүйікті аттардың бірі болады.

Абайдың композиторлық еңбектерінде де, ақындық еңбегі сияқты, өзіне тиісті үлкен жаңа өзгешеліктер бар. Бұрынғы ауызша әдебиетке Абай көп еліктемей, жалпы сөз қорын пайдалана отырып, "Сөз түзелді, тындаушы, сен де түзел" деп, өзінше жаңа түрлі өлеңдер шығарады. Бұрынғы әнді өзі бұрынғы әдебиеттен сонағұрлым артық бағаласа да, ендігі өз әнін, жақсы-жаман болса да, жаңаша үлгімен айтпақ болады. Шырқауы, айғайы аз, көбінесе құлақ күйіне ұқсаған қоңыр, баяу әндер туғызады. Орыс пен Европаның камерный әніне, романстарына ұқсаңқырап келеді. Бұрынғы қазақ әнінің жаңа бір стильмен дами бастағанын байқатарлық әндер болады. Бұл да өзінше жаңа жол табам деп, нық ізденудің нәтижесі. Абайдан қалған мәдени мұраның бұ да бір күрделі, үлкен саласы болып саналады. Жеке әндерінің шығарылған жылдары дәлді мәлім болмаса да, жиыны 1886 жыл мен 1897 жылдар арасында шықты деседі. Өлеңі қою шыққан жылдарда әндері де жарыса шығып отыратын сияқты.

Енді ақындығының соңғы жылдарына оралып келсек, Абай 1899 жылы өлеңді недәуір жазады да, осы жылдан соң, алғашқы жаза бастаған 1880 жылдары сияқты, өлең сандары тағы азая бастайды. Көп жазылған жыры 4-8, әйтпесе 2-3 өлеңмен 1903 жылға келеді де, содан кейің біржолата өлең жазылмай қалады.

1903 жыл мен 1904 жылдың қысында Абайдың тірі қалған балаларының ішіндегі ең жақсы көретіні - Мағауия бұрын көптен әлсіретіп жүрген құрт аурудан төсек тартып, жатып алады.

Мағауия әке ұғымынша да және өз ортасының бағалауынша да Абайдың барлық баласының ең жақсысы, ең ірісі деп саналған. Бұл ақындығының үстіне ерекше мінезді кісі болған. Жасынан денсаулығы нашар болғандықтан, қаладан толық тәрбие ала алмаса да, әкесінің үнемі өз қасында ұстап, шын жақсылап тәрбиелеп шығардым деген баласы осы болатын. Елде отырып Европа тәрбиесін алған адамдардай ақыл, мінез, адамшылығы түгелімен мәдениетті кісінің халінде болған. Бұ да әкесі сияқтанып қырда отырып, көп оқып, өзінен-өзі қарастырумен көп білім алып қалған адам еді.

Ел жұмысына кіріссе, әкесінің міндетін өз мойнына алатын. Жұмсақ мінезді болып, ел көпшілігіне аса сүйікті болған. Сол Мағауия 1903 жылы қыс бойы төсек тартып ауырып келіп, 1904 жылы жазғытұрым қайтыс болады.

Абайдың өзі бұл өлімнен бұрын да өмірден қажып, талып, ендігі тіршілігін артық нәрседей санай бастаған еді. Өз сынынша: ажарсыз, мағынасыз өткен дәурені жалғыздық дертімен құлазытып, жүдетіп, тоздыруға айналған. Соның барлығының үстіне Мағауия өлген соң, Абай бір алуан ауруға айналады. Төсек тартып жатпаса да, отырып ауырады. Ешкіммен сөйлеспейді де, ешнәрсемен өзін жұбатпайды. Ауруын емшіге көрсетпейді де. Мұның бәрін керексіз деп біледі. Сонымен, Мағауияның өлімінен кейін қырық күн отырып, 23 июньде 1904 жылы, алпыс жасында қайтыс болады. Абайдың сүйегі Жидебайда өз қыстауының жанына қойылады.

Абайдың өмірбаянын зерттеп, толықтырып жазу жұмысы жетер өрісіне жетіп, аяқталған жоқ. Бірақ бұл күнге шейін ақын шығармаларының әрбір толық баспасының тұсында сол өмірбаянына кіретін тың дерек, жаңалықтар қосыла түсіп, өсіп келеді. Осы зерттеуде де ақынның өмірбаяны бұрынғы жазылғандардан бірталай өзгертіліп, тың редакциядан өтті. Абай өмірі туралы бұдан былай да ел аузынан жиналатын естегілер, жалпы әңгімелер жамала беруге тиіс. Сонымен қатар ерекше бір көңіл бөліп, кейінгі зерттеушілердің есіне әсіресе салып өтетін бір жай: ақын жөніндегі орыс тілінде сақталған деректер туралы.

Бұл күнге шейін біз Абайдың достары болған орыс оқымыстыларының — Михаэлистердің не хат, не күнделік, не мақала сияқты еңбектерінде Абайды сөз қылған бөлімдерін жинай алмадық. Бір табылған аз сөз — Кеннанның "Сібір және айдау жазасы" деген кітабында Абай жайында айтылған бір дерек. Онан соң, Семей архивінен табылған тергеу ісі бар.

Анығында, Абайдың өмірбаянын оқыған кісінің бәріне мәлім нәрсе, оның патшалық ұлығымен, ұлықтар кеңселерімен аса көп рет кездесуі туралы болады. Крестьян начальнигі, ояз начальнигі, жандарал, округ соты, Омбыдағы корпус (генерал-губернатор) кеңселері барлығының архивтерінде Абай жөнінен әлі де көп жаңалық табуға болатын тәрізді. Орыс достарының өзара хаттары, естеліктері, күнделік жазбалары да Абай жөнінен қымбат, қызық жаңалықтар айтса керек.

Осымен бірге тағы бір ескеретін нәрсе, бұл күнге шейін Абайдың өмірбаянын жазғанда, барлық әңгіме, дерек Тобықтының ішінен және әсіресе Абайға анық жақын болған туыстан, достан алынып келген. Тек осы соңғы жылда ғана Керей, Уақ, Найман елдерінің азды-көпті әңгімелері енді ғана кіріп отыр. Бұдан былай сол сыбайлас елдердің Абайды өз көзімен көріп, әңгімелескен адамдарынан қалған ертегі, аңыз емес, нақтылы деректері, жаңалықтары болса, соларды көп қосу қажет.

Бұның бәрінің үстіне, Абайдың өзі туып-өскен елдің ішінен Абайдың үлкенді-кішілі істері, сөздері, мінез-машықтары туралы айтылатын қосымша әңгіме, естегілер теріліп жазылып, тізіле беру керек. Осындай неше саладан сарқылып келерлік жаңалықтар әлі де бар, мол деп сенгендіктен, біз әлі ақынның өмірбаяны үстей береді, өсе береді дейміз.

Абайдың жайына соңғы жылдарда қосылған, өмірбаянының жаңағы соңғы түріне кірген ірі деректерден басқа бірталай ұсақ, бірақ аса қажет, елеулі әңгімелер бар. Олар Абайды әр жағынан мінездейтін бағалы деректер. Осы жолғы өмірбаянын соның біразын айтумен аяқтаймыз.

Бұл әңгімелердің көбі 1935 жылдан бері қарай, әсіресе соңғы жылдарда Абай ауданындағы немесе жалпы Семей облысындағы колхозшы еркек, әйелдердің аузынан жазылып алынған.

Мұнда Абайдың, жас жігіт кезінің әңгімелерінен бастап, өлер шағына шейінгі жайлары араласа жүреді. Әңгімелер ақын Абай, әзілқой, мысқылшыл Абай жайын айтады. Өнер мен өнерпазды, аңшылықты, ас пен тойды, ат қосуды сүйетін Абайды суреттейді. Және аса бір бағалы естегілер кедей көршіге, жалпы еңбек иесі бұқараға берік дос болған Абайды танытады. Балаға, келін, жасқа тәлім айтып, ұстаздық, ағалық етіп отырған ақынды кейіптейді.

Сондай әңгімелердің бір алуаны Абайдың қалжынды қадірлегенін көрсетеді. Қалжың, әзілді Абай өлеңімен де, қара сөзбен де айтып, айтысып отырады екен. Абай Көкшеге жас жігіт кезінде бір рет болыс болады. Сонда бір күні Байкөкше ақын Абай отырған үйге кіре бергенде, Абай қарсы алдынан өлең бастап:

Тақыр жерге қауындап шөп бітеді,

Кей адамға мал мен бақ көп бітеді, —

дей салып, "ал осының аяғын отырғанша айтып жіберші" дегенде, Байкөкше:

Кей жігітті пысық деп болыс қойсаң,

Қашан түсіп қалғанша жеп бітеді, —

деп қалжындаған.

Өлең, қалжың Абайда аса көп болған. Ұлы сөзде өрелгі жоқ болса, зіл де жоқ. Жалпы айтыстың еркіндігі бойынша "Сөз тапқанға қолқа жоқ" деп, екшесе берген.

Абайдың Ақылбай деген баласынан туған немере қызының күйеуі келіп жатады. Сол кезде күйеуді ертіп келген құда шал отырғанда, Абай өлең бастап:

Есіктің алды тастақ та,

Тастақтың алды баспақ та, —

дей бергенде, жаңағы құда шал:

Атасы басқа жау жеңге,

Күйеу қасына тастап та... —

деп, ойын-сауық өлеңінің ізіне салып жіберген.

Абай кейде әзіл сөзді қара сөздей қолма-қол айтып салып, қайта есіне алмай, қалдырып кете берген. Осындай бір қалжынды Ағыбай деген туралы айтады. Біреу кеп: "Ағыбай тағы алдап, сырт беріп кетті" дегенде:

Адам деп есеп қылма Ағыбайды,

Анттан қорқып, құдайды танымайды.

Сабын жаққан терідей жылп-жылп етіп,

Шіркін-ай, бір орыннан табылмайды, —

дейді.

Кейде Абай оқыс бір сұраумен ел кісілерін сынайды. Шақантайдың Төлтай, Ошыбай деген кісілері келгенде, Абай: "Қаттыда не қатты, тәттіде не тәтті?" — деп сұрайды. Соған Ошыбай: "Құрттың ақ малтасына қосып жеген қанттан тәтті бар дейсіз бе?" — деп бастағанда, Төлтай Ошыбайдың құрдасы екен: "Ой, ит, оттама. Қатты дегені - жоқ-шылық, тәтті дегені — жан емес пе!" — депті. Абай күліп: "Жарайсың, Төлтайым. Құдай ақымақты да, ақылдыны да Шақантайға берген екен!" — дейді.

Мұхтар Әуезов