Абайдың лирикасы

Абайдың "Сап, сап, көңілім" деген өлеңін ақынның жиырма-жиырма бес шамасында жазғаны деп ұйғардық. Енді осыдан соңғы анық ақындық үлкен шығарма туатын жыл — 1882 жыл болады. Бұнда Абайдың бір жылда туған екі өлеңін білеміз: біреуі өз өлеңі — "Қансонарда", екіншісі аударма — Лермонтовтың "Бородино" деген өлеңіне жасалған аударманың бір үзіндісі. "Сап, сап, көңілім" 1865— 1870 жыл аралығында жазылса, "Қансонарданы" жазғанша арада он бес жыл өтеді. 1882 жылғы өлеңінде Абай мүлде басқаша, өзгеше көркемдікке жеткен, шеберленген және әсіресе ақындық мәдениеті жоғарылап, қалыптанып қалған ақын боп көрінеді. Арада көп жылдар өткен соң басқаша ақындық сапаға аттап түскен Абайды көреміз. Абай ақындығының осындай үлкен үзілісі бар кезеңін біраз ойланып, аңғару керек.

Осы тұста еске алатын бір жәй — Абайдың сол әредікте мүлде өлең шығармай жүруі мүмкін емес. Бұған екі түрлі дәлел бар; ең әуелі — сол ұзақ үзіліс жылдарынан бізге шашырап жеткен үш-төрт мысқыл-әзіл өлеңдер барын білеміз. Олар: 1870 жылы айтылған "Шәріпке" деген өлең; 1876 жылы туған "Абралыға" деген өлең; 1880 жылы айтылған "Жақсылыққа" дейтін және "Кең жайлау" деген бір-бір ауыз өлеңдер бар. Қысқа-қысқа болса да, кейбір жеңіл әзіл-мысқыл түрінде ауызша айтылғанға ұқсаса да, тегінде, Абайдың осындай өлеңдерді әр кезде айтып жүрген әдеті болуға лайық. Бұлардың ішінде "Абралыға" деген өлеңі анық жазылып айтылған кейінгі Абай сатираларына әбден ұқсайды.

Ал 1882 жылы жазылатын "Қансонардағы" қарасақ, Абайдың анық шеберленген ірі суретші және реалист ақын болғанын көреміз. Бұл өлең тұңғыш туа қалған, бірінші ғана көркем шығарма болуға мүмкін емес тәрізді. Неғылса бірталай шығармалар жазып келіп, ақындығы шынығып, қаламы төселіп кеп тудырған шығармаға ұқсайды. "Сап, сап, көңілім" мен "Қансонарданың" арасында он-он бес жыл бойында ақынның тағы да әp жылдарда тудырған, бізге саны белгісіз бір топ өлеңдері болмауға мүмкін емес деген ойды жаңағыдай екі дәлелмен топшылаймыз. Ол жылдарда Абай ауызша айтқандарын да, жазып шығарғандарын да ұқыптап сақтамаған болу керек. Тұстас, құрбылас адамдары әсіресе жинап сақтауды ойламаған. Сонымен, Абайдың өзі үшін де, қазақ әдебиеті тарихы үшін де жоғалып кеткен әлденеше шығармалар болған дейміз.

Анық үлкен ақын шеберлігіне жеткен қалпындағы жазушы-ақын Абай бізге 1882 жылдан бергі шығармаларымен танылады дедік. Осы жылдан бастап, 1903 жылға дейін алсақ, мөлшері жиырма екі жыл бойында, Абай отыз сегіз жасынан бастап ақындық өнерін өзіне үлкен жол етіп алады. Өмірбаянын еске алсақ, отыз сегіз-қырық жастарға жеткен шағында Абай орыстың тілін анық жете біліп, орыс классиктерінің шығармаларын қатты зер салып, өзіне үлгі- өнеге есебінде қадірлеп оқып жүретін оқушы болып еді. Соның дәлелін ең алғаш аударма жасап, Лермонтовтың "Бородиносын" қазақшылаған еңбегінен айқын көреміз. Аз үзінді болса да, бұл аударма ең алдымен Абайдың Лермонтов текстін өте толық ұғынғанын көрсетеді. Және ұйқас, шумақ, өлеңдік ырғақ жағынан келгенде, қазақ өлеңінен басқаша еркін, жаңа түрлер іздеп аударып отырған ақынды аңғарамыз. Тіл менен шеберлікте аса орамды және өзіне сенімді қайрат танытады.

...Штық, қылыш қайрасып, ширатып мұртын шайнасып, ашулы солдат қыстықты: "Қойса екен бізді тыюын, айтса екен бізге қиынын, жыртпасақ жаудың киімін, біз не етеміз штықты..." — деген жолдарда, жоғарыда айтылған, анық өнерлі ақындықтың сипаты көрінеді.

Осымен қатар шығатын Абайдың ендігі өз өлеңдерінде бұл ақынның мүлде қазақ поэзиясында бұрын болмаған ойларды айтып, болмаған шеберлікті тауып, соның барлы-ғында өзге өлеңдердің классик поэзиясының үлгісін меңгерген мәдениеттілікті, шеберлікті танытатынын көреміз.

Анық ақындыққа үлкен өрісті, әлеуметтік еңбек деп кіріскен ақын, мүмкін, 1880 жылдардан бұрынғы кейбір өлеңдерін бертінде өзі де місе қылмаған болар. Сондықтан, жоғарыда айтылған, жоғалып кеткен деген кейбір өлеңдерді өз шығармасынан кейін өзі де өшіруі ғажап емес.

Ал 1880 жылдардан 1903—1904 жылдарға шейін ұлы қайраткер, биік сапалы көркемөнерлі Абай бірде-бір уақыт өзінің сол жеткен жаңалық сатысынан төмендемейді. Бірде- бір жол оқымаған фольклор көлеміндегі қазақ ақындарының үлгісіне қарай кейін баспайды. Абайдың арнаулы шығармаларына сүйеніп отырып, нақтылы түрде айтатын кейбір қорытынды пікірдің жәйін осы тұста алдын ала ескерте кетейік.

Мәдениетті, жаңа бағытты ақын Абай қазақ тіршілігінің қай тақырыбын жырласа да, өз алдындағы қазақ поэзиясының атақты саналған Бұхар, Дулат, Шортанбайларынша жазбайды. Тұтас өлең түгіл, соларды қайталап, не сол ар үлгісіне түсіп жазған бір шумақ өлеңінің өзі де жоқ деуге болады. Өлеңіндегі тіл, кейбір теңеу, кейбір мақал және кейбір тақырып пен көңіл-сезім сарыны соларға ұқсас сияқтанғанмен, әр кезде Абайдың ойы, өрісі, идеясы мен әлеуметтік арманы, мақсаты әлдеқайда басқаша боп, классик ақынның өзіне ғана тән болған өзгешелікпен айқындалып шығып отырады.

1882 жылдағы "Қансонарда" сияқты өлеңмен бастап, нені көріп, нені сезініп, нені жыр етіп толғанса, бәрінде де әр дәрежеде реалистік шеберлікті танытады. Өлеңнің өрнегімен ізденгіш жаңалықтары соныдан соныға түсіп, үдеп, өсіп отырады.

Сондайлық тың арнаны өз тұсындағы және өзінен кейінгі қазақ әдебиетіне бұдан былайғы жол етемін деп, "басқа шауып, төске өрлеген" жаңа заман ақынын біз ең алғаш көлемді түрде "Қансонарда" деген өлеңінен көре бастаймыз.

Осы өлеңдегі табиғат көріністерін, өз сезімін және аңшылықтың қызулы, қызғылықты сәттерін сипаттағанда, Абай өзінің жаңаша қалыптанған ақындық мәдениетін танытады. Бұл реалист ақын болғанда, орыс классик поэзиясының реалистік традицияларын өз бойына мол сіңіріп, жақсы меңгерген суретші ақын боп көрінеді.

"Қансонарда" өлеңінде орыс халқының өмірінен, не орыстың классик поэзиясынан тұпа-тура ауысып келіп, араласып тұрған ешбір белгі, дерек жоқ. Бұндағы көретініміз — қазақ халқы мекен еткен қысы туралы, табиғат, бүркіт салуға салт атқа мініп шыққан анық қазақтың аңшылар тобы. Ермек үшін еңбек еткен, ширақ, сергек, қажырлы әрекет үстіндегі адамдар. Көпшілік елдерде, бұл замандарда қолданбайтын бүркіт аңшылығы суреттелмек. Осы адам тобының мінездері, аңшылықтағы тәсіл-тәжірибелері, әр алуан динамикалық кесек әрекеттері, толып жатқан ұсақ машық-мерзімі тұтас қазақтың өзіне тән тіршілігі боп шығады.

Сөйтіп, барлық нақтылы фактілердің, жеке реальностардың баршасы нағыз қазақтың өзіне тән шындықтармен қалыптанудың үстіне, тұтасымен алғанда, осы өлең зор мәдениетті, ірі суретші тудырған шығарма екенін танытады. Сол өзгешеліктерін, ең алдымен, пейзаждан байқауға болады. Көз алдымызға қар басқан елсіз таудың тұрғысы, сағасы, қансонар күнгі анық болмыс күйін елестетеді. Анық қазақ сахарасындағы аңшылар ғана жүретін жым-жырт таудың елең-аландағы тыныштық шағын беруден бастайды.

Тегінде, пейзаждың өзін суреттеуде көп ақын өздерінің стильдік өзгешелігін анық аңғартады. Шығыс ақындарының ескі дәстүрін алсақ, олар анық тауды шындық қал-пында суреттемей, салыстыру үшін әр алуан тұспалдарға бейімдеп көрсететін. Тауы кейде тауға ұқсаса, кейде қиялап, шұбарлап, әсірелеп айтқан тұманды, жұмбақты бір көріністерге ауысып кетер еді.

Орыс поэзиясының, әсіресе Пушкиннен бері қарайғы классик реалист стильге ауысқан үлгісін ескерсек, оның аса айқын бір өзгешелігі — әрдайым дәлшілдігі, шындыққа жақындығы оқшау тұрады. Абай да осы сияқты суреттейін деп отырған жайын және барлық күйлерін сол орыс поэзиясындағы нақтылы дәлшілдік негізге құрады. Қазақтың Абайдан бұрынғы поэзия үлгілерінде де тау анық реалистік, дәлдік болмысымен суреттелмейтін. Көбінше "Бұлғыр - Бұлғыр, Бұлғыр тау", "асқар-асқар тауларды" жалпылап әсірелеп айтқан, Бұлдыр бейнеден ары бармайтын.

Абайдың пейзажы, тауы шығыс ақындарының тұманды тұспалына да соқтырмайды. Қазақ ақындары айтатын фольклорлық "заңғар тау", "қара аспан тауларға" да бармайды. Жаңаша берілген тау бейнесі кеше ғана өзіңіз жүріп өткен жерлердің, адыр таулардың ой-қырын, жотасы мен қорым тастарын, қия беттерін, соңы қарға түскен іздерімен дәл ғана, түгел көрсетеді.

Екінші айқын бір жаңалық белгісі — тауды және барлық пейзажды тек сол тау үшін, пейзаж үшін ғана алмайды. Адамның іс-әрекеттерін тартыс-талабымен, неше алуан мінездерімен араластырып, арнаулы қарым-қатынаста, шарпысу қалпында алады.

Адамның да іс-әрекетін, сезімін тегіс табиғат ортасында береді. Шығарманың өзі сюжетті, оқиғалы поэма, баллада үлгісіңде жазылмаса да, бар өлең бастан-аяқ динамикалық суреттерден құралады. Әрекет пен уақиға жағына басқан сайын байып, өсіп, үдеп бара жатады. Өлеңнің ішінде сәт сайын құбылған толып жатқан өзгеріс, қимылдар болғандықтан, қай оқушыға болсын әсерлі, қызықты тиетін, көзге қонымды, көңілге иланышты шындық танытады. Салқын күнде, аппақ қардың үстінде бусанып тамған қызыл қан тамшысындай жанды шындық.

Адамды алсақ та, құр аталып қойған емес, арнаулы қимыл-әрекет үстінде көрінеді. Сонарды күткен үлкен аңшы мен қағушылар ерте аттанған. Сонардың да аңшы тілейтін сонары бар. Бұл "ұзақ сонар" емес. Қар кеше күндіз жауып, кеше тоқтаған болса, түлкінің ізі түні бойы жортқан ұзақ шиыр боп кетер еді. Ол ізбен түлкіні табу оңай емес. "Келте сонар" болса, ол да жақсы емес. Қар түн бойы жауып, таң атар алдында ғана тоқтаса, түлкінің ізі қысқа жортуылды ғана көрсетер еді. Бұндай із кез келсе, түлкі тез табылатындығы рас. Бірақ аң аз болған жерлерде оңай кезігуді күту қиял сияқты. Анық жақсы сонар қардың ел жатқанша жауып тоқтаған түнінде болады. Бұнда түлкі көбірек кездеседі. Жортуылы да ұзақ сонардай, шексіз алыс болмайды. Сөйтіп, Абай сонардың ішінде аңшыға көп кездесетін шындықты алады. Аңшылықтың қызығы мол. Оның шарты да зор. Астында жақсы, мықты ат болу керек. Үсте ыңғайлы, ықшам киім, қасында тату жолдас — барлығы да аңшылықтың әрі шарты, әрі қызықты шындығы. Осы топтың кейбіреулері қағушы болып, сай-сағаны кезгенде, біреулері тау басында томаға тартып отырады. Дәл осы сәттен бастап түлкіні алып, көңіл жайланып, "үйірімен үш тоғыз" боп қанжығаға байланып, сүйсінгеннен насыбайларын атқан шаққа шейін өмір шындығынан шалғай жатқан бір қимыл, бір қозғалыс, бір сезім жоқ.

Абай осы өлеңде өзі айтатын жайларды аса жақсы біліп, оны үлкен дәлшіл шындықпен жырлайтындығын танытады. Өлеңнің композициясын алсақ, ауызша поэзияда жиі кездесетін, ілгерілі-кейінді аттап түсіп отыратын, бірі ілгері, бірі кейін орынсыз жүретін ауыспалы хал жоқ. Өлең — жазушы ақынның шығармасы. Оны барлық мезгіл мен іс-әрекетті бастан-аяқ ретімен бұлжытпай бергендіктен көреміз. Алдын ала ойланып алған ретті жоспар барлығы даусыз.

Шындыққа, нақтылы деректілікке ерекше мән берген ақын, реалистік дәстүр бойынша, өз шығармасының барлық бұйымын, бар тұрманын тұтас ету керек. Соның белгісін бұл шығармада Абай өзінің сөздігінен де айқын танытады. "Сонар", "қағушы", "қайтқан із", "бүркіттің қайқаң қағып аспанға шығуы", "түлкінің көре тұра қалуы", "үйірімен үш тоғыз" десу — бәрі де аңшылықтың өзіне тән тілі. Сол өзгешелікпен қатар, ақын қиялын да өткірлеп, сол асығыс, қарбалас, тайталастар үстінде шебер түрдегі соны теңеуді де табады. "Қар — аппақ", "бүркіт — қара", "түлкі — қызыл" дей келіп, сол бір қайнаған қимылдарды қымсынған ұяң сұлудың асығып шомылған қозғалыстарына ұқсатуы да шеберлік айғағындай. Бұнда натуралдық үлгіде екі жайды: "ананы көр де, мынаны көр" деп ұқсата салу жоқ. Табиғатты, түлкі мен бүркітті түгел қосып, бір бейне етіп, ақ етті сұлудың динамикалық әрекетіне ұқсатуда көп ассоциация туғызатын терең де кең метафора танылады. Шын шебер реалистің ғана қаламына оралатын өзгеше үлгі.

Осындай белгілерінен де әрі мазмұн, әрі түрі түгел қабысып келіп, ірі табысқа айналған ақындық туыс танылады. Бұл өлеңде орыс поэзиясының реалистік үлгісін жақсы меңгеріп алған ірі реалист байқалады.

Абайдың ендігі көпке мәлім елеулі бір өлеңі — "Қақтаған ақ күмістей". Бұл өлең 1884 жылы жазылған. Өлеңнің тақырыбы қазақтың бойжеткен қызының сырт көрінісін, пішін, мүсін келбетін суреттеуге арналады. Жас атаулы қызығарлық, сүйсініп, тамаша етерлік ерекше сұлу қызды сипаттайды. "Қансонарда" мен "Қақтаған ақ күмістейде" Абай көбінше сұлулықты, жарастық келісімді жырлайтын эстет ақын болып танылады. Әрі әлеуметтік шындықты, халық басындағы ауыртпалықты сыншылдықпен жырлайтын қоғам қайраткері Абай бұл өлеңдерде көрінбейді. Бірақ "Қақтаған ақ күмістейде" және де Абайдың анық жазушы ақын екенін аңғарамыз. Бұнда сұлу әйелді сипаттауда ең алғашқы жолдан бастап айқын сезілетін тәртіптілік бар. Әуелі қыздың пішінін айтады. Келісті біткен мандайынан бастап көзіне, қасына тоқтайды. Одан ары мұрнын, бетін атай келіп, аузына ауысады. Сұлу тісін, бұл -бұл үнді күлкісін айтып, аузына аз аялдап, содан ары мойнына, тамағына тоқтайды да, осыдан ары ұлы мүшесіне, жауырыны, иығына, бойына ауысады. Жазба ақын фольклор үлгісінен бөлек планмен жазып отырғанын аңғартады. Ауызша шығарылған өлең болса, мұндайлық реттілік кездеспес еді. Әйелдің ішін пішінімен аралас жанды адам етіп беру қажет болса да, Абай бұл тұста өзінше үлгі көрсетеді. Ол — сұлудың сыртқы портретін береді. Ал адамның пішін-портретін арнаулы рет, әдіспен суреттеудің өзі де жазушы ақын айтарлық мәдениетті үлгі. Бірақ, осымен қатар, Абайдың сұлуды суреттеуінде анық орыс классик поэзиясының үлгісінен өзгелігі де байқалады. Кейде Пушкин, Лермонтовтардың реалистік дәстүрін жақсы ұғынып, толық меңгерген Абай, сол биік дәрежелі шеберлік, өнерлілікке әзірше кейде дәл басып, жете алмай қалып та отырады. Оны 1882 жылдан кейінгі бірталай өлеңдерінен де байқауға болады.

Дәл "Қақтаған ақ күмістейдің" тұсында Абайдың жаңағы жөндегі кемшілігін сынай кету керек. Мұндағы жетпегендік неменеде?

Біздің байқауымызша, Абай бұнда жанды, тірі адамды бейнелеудің орнына жансыз сурет беріп отырған сияқты. Суретшінің қағазға түсіріп отырған портреті айқынырақ сезіледі. Әсем сұлудың сырт көркімен қатар сезімін, ақыл- мінезін, адамдық ішкі дүниесін беруді ақын ескермейді. Паспорттық сипаттау жасайды.

Бұның себебі де бар. Дәл осы өлеңнің тұсында Абай әйел жынысына қазақы көзбен,

әсіресе бойжеткен қызға феодалдық орта қарайтын көзбен қарағандай болады. Сол себепті, сұлудың жүзін бізге айтып беріп отырған ақынның көзі көбінше қыз көре келген жігіттің, келін айттыра келген құданың көзқарасы сияқты.

Нақтылы дәлдік болғанмен, ішкі сезім сыры жоқ шығарма көрінеді. Белдеуге сұлу атты байлап қойып, мүсін түлғасына көлденеңнен қарап отырған бағалаушының мінезін аңғарамыз.

Кейінірек жазылатын "Ат сынын" осы қыз суретінің тұсында еріксіз еске алуға тура келеді. Онда да аттың кекілі, құлағы, қабағы, мойны аталып келіп, ұлы денесі сипатта-лып кетеді. Бірақ атқа солайша сырт мүсінін санап, сынау қаншалықты қонымды болса да, адамзатқа қолданған мынау әдіс оншалық орынды емес.

Рас, кейінгі жолдарында дәл осы қыздың өзін айтпаса да, жалпы қыздарға сол Абай кезінде, патриархалдық-феодалдық ортада айтылып жүретін арзан, үстірт, әділетсіз сындар айтылады. Онда да Абай қызды міней түсіп, ақылдың салмағын жігітке айтады. Қыздың іс-әрекетінен айтылатыны - тек "іске ыңғайлылығы" деуге ғана болады.

Осылайша әйелдің сырты мен ішін екі бөліп алғандықтан, өлеңнің жалпы құрылысында тұтас бітімді бірлік болмай қалған. Өлеңнің алғашқы күшті бөлімі сипаттау болды да, екінші бөлімі көпке мәлім, орташа шындықтарды ақсақал ортасының аузымен санап, ақын-өсиет етіп айтуға ауысып кетеді.

Екінші бөлімі Абайдың бұл өлеңін композициялық тұтастық, көркемдік күйден айырып, әлсіздікке ауыстырып әкетеді. Оның себебі өлеңнің бас жағы бір тақырыптан басталып, аяқжағы екінші бөлек тақырыпқа ауысқаннан. Әуелде іш пен мінез жоқ, тек сырт болса, кейін сырт жоқ, тек мінез аталады. Басында сұлулыққа сүйсіне сөйлеп, кейін ұрсып тоқтайды. Сондай екіұдайылық сыртқы түрден, ақындық теңеу лексикасында айқын көрінеді. Күлкісі "бұл- бұлдай" деп "іш қайнататын" жарастық тауып отырған ақұн, кейінгі бөлімде "жыртақтап", "тыртақтаған" деген тәрізді, келісімге шалғай, ұрысқа жақын сөздерді қолданады.

Осы өлеңмен жалғас 1885 жылы туған "Жасымда ғылым бар деп" дейтін өлең Абайдың сол 1880 жылдардың бас кездерінде, ақындық еңбек жолында әр алуан түрде ізденіп жүргенін көрсетеді. Ізденуші Абай, ең алдымен, өзін жаңа үлгідегі ақын етуге жәрдемші болатын ғылымның жайын сөз етеді. Жасында оқыған оқуын анық ғылым екен деп танымайды. Ендігі Абайдың арман етіп, "мақрұм" қалдым деп көкірегін қарс айырғандай арман ететін мекені мәлім. Бұл — орыс мәдениеті, соның ең жарық, жарқын идеялы, үлкен өрісі, өнімді жолы. Бұл ресми Россияның қазақ жасына сол кезде аз-аздап бере бастаған шалағай шағын оқуы емес. Оның не беретіні мәлім. "Қызмет қыл, шен ал!" дейтін ғана әрі теріс, әрі шағын тәрбие. Абай екінші Россияның зор ағартушылық және әлемдік қасиеті бар терең ғылымын жоқтайды. Өзі үшін ғана емес, орыс мектебіне (медресе деп бұл тұста атап отырғаны — орыс мектебі) берген баласы туралы да осылай ойлады. Ең алдымен, "білім ал!" дегенде "орыс халқының шын зор өнерін үйрен" дейді. Сонымен танысып, өсіп бол да, "халқыңа пайдалы басшы боп қызмет ет!" деген улы жол тартады. Қызмет қылып, шен алуды енді Абай қасиет емес, мін санайды. Көлемі аз ғана өлең болса да, "Жасымда ғылым бар деп" — Абайдың бұл уақытқа шейін жазған өлеңдерінен мүлде бөлек. Енді өзі бірталай оқып, өсіп, бар өмірін қайта ойланып, қатты сынап, мінеп өткен ойшыл ақынды көреміз. Білген сайын жеткеніне місе қылмай, азсынып, зор ғылымға ұмтылғанын көреміз. Өзінің арманымен іздеп тапқанын болашақ буыннан шығатын қазақ жасына ағалық өсиетпен ұғындырғысы келеді. Анық үлкен жолды іздеп табуда өзінің кешіккендік өкінішін айтып отырып, сол жастарды ойлан-дырмақ. Тура жолға ерте күннен, жас шағынан түссе екен деп баулымақ болады.

Бұл шығарма енді халықтық, адамгершілік, ағартушылық жөнінде үлкен қияға қарай жол тартқан жаңа ақынның ашық бейнесін көрсете бастайды.

Азамат ақынның зор идеясын бастаған өлең сол "Жасымда ғылым бар деп" болса, енді осыған жалғас 1886 жылы туған толып жатқан тың өлеңді көреміз. Тегінде, 1886, 1889, 1896 жылдар Абайдың ақындық, ойшылдық еңбектерінің ең жемісі мол, өнімді жылдар болады. 1886 жылы Абай он сегіз өлең жазған. Тақырып жағынан қарағанда, бұл өлеңдерді бірнеше жікке бөлуге болады. Ең әуелі айқын көпшілігі қазақтың сол күнгі қоғамдық тіршілігіндегі сорақылық міндеріне арналған. Надандық, қанаушылық, кер-тартпа қайшылықтарды таңбалайтын қатты сын және өсиет өлеңдері. Бұл топ көбінше сыншылдықпен, ойшылдықпен айтылған, әлеуметтік тартыстың құралы есепті болған өлеңдер. Екінші бір жігі ат сыны, жаз өлеңі сияқты боп, табиғат, жаратылыс тақырыбына арналады. Үшінші жігі - жас буынға арналған "Интернатта оқып жүр", "Ғылым таппай мақтанба", "Жігіттер, ойын арзан", "Бір дәурен кемді күнге" деген сияқты өлеңдер. Төртінші жіктегі өлеңдер көңіл- күйінің лирикасы. "Көңілім қайтты", "Патша құдай", "Көкбайға" дегендер сияқты ақынның әлеумет тіршілікпен, ел надандығынан туған, мұнды шығармалары болады.

Барлық он сегіз өлеңнің тобы Абайдың ақындыққа мол күшін сарп етіп, бойындағы өнер қанатын кең жайып, табанды еңбекке түгел берілгенін танытады. Осы жылдың өлеңдерінен былай қарай классик Абай кең диапазонын көрсетеді. Өзіндегі ақындық еңбектің көп сипаттарын жан- жақты түрде таныта бастайды. Бұл жылдарда Абай әрі жазып, әрі тереңдеп оқи түсіп, өз басының да әлеуметтік, азаматтық санасын, идеясын әсіре бастайды. Заманы мен ортасының кемшілік пен қайшылық міндерін зор дауыспен әшкерелейтін ұстаз ақын тәрбиешілік тартысқа белсеніп түседі.

Сол себепті бұрын қазақ сахарасында жырланып көрмеген сөз сарындар туады. Осы жылдарда Абай қалыптанған реалистік ақын болумен қатар, өзі суреттеп отырған ортада сан түрлі адамдардың ішкі сырын, мінез әрекеттерін де ірі шеберлікпен ашатын психолог ақын болды. Өз заманындағы әлеуметтік ауыртпалықтарға ем іздеуші қайраткер туады. Әсіресе халқының қалың көпшілігі болған орта шаруаның жоқшысы, жаршысы бола бастайды. Сонымен, Абайдың ендігі еңбегі, әрбір өлеңі анық еңбекші халық үшін істелген қамқорлық, қайраткерлік, азаматтыққа ауысады. Әрбір көркем терең ойлы шығармасы әлеуметтік тартыстың үлкен бір құралы, тарихтық акт есебінде туып, қалыптанып отырады.

"Абай өзінің әлеуметтік тартыстағы бағытын белгілегенде, қай топ, қай ортаның санашылы болды?" — деген сұраққа осы еңбектің бас жағында беріп кеткен жауабымыз барды.

Ақынның өзі қазақтың жуан атасынан, үстем табының ортасынан шықса да, кейінгі еңбегімен, әлеуметтік, тарихтық міндетті түсінудегі жаңалық салт-сана идеясымен сол өзі шыққан таптық ортасына қарсы адам боп қалыптанады. Заманындағы тарихтық үлкен түйіндерге дұрыс жауап беруі арқылы Абай орташа, еңбекші шаруаның санашылы болып, сол тапқа кеп қосылды дейміз.

Келешек тарихы бар, алдында үлкен перспективасы бар қоғамдық ортамен өзінің бағытын, тағдырын нық байланыстырады. Ел көпшілігін қанаушы үстем тап өкілдерін анық халық көпшілігінен аластап, таңбалап бөліп шығарып, "елім", "жұртым", "халқым" дегенде, өзіне дос тұтатыны — еңбек елі болады.

Осы жайды Абайдың 1886 жылы тудырған көп өлеңінен де, кейінгі талай сөздерінен де тану оңай. Ақын сол еңбекші елді қанайтын топты: бай, болыс, би, молда және толып жатқан қу, пысық, старшын, елубасы, ақсақал, қарасақал жиынын - атқамінер деп атайды да, барлығын да ел денесіндегі паразиттер деп түсіндіреді.

Сол әшкерелеуінде үстем тап әміршілерімен көпшілік елдің үнемі бітімсіз қиыншылықта, қарсылықта екенін анықтап түсіндіреді. Рас, кейбір өлеңдерінде Абайдың дәл осы санасына қайшы келетін қателік пікірлері де болады. Бірақ ондай жайларды сирек кездесетін салт-саналық қайшылықтары деп ұғыну керек. Ал, жалпы алғанда, ағартушы халық қайраткері Абайдың барлық мол, ұлы мұрасында айқындап отыратын күрделі ой, зор арман атаулының барлығы да ақынның, жоғарыда айтылған, анық табысқан халқымен бірге болады.

Осы айтылған пікірдің бір дәлелін біз Абайдың "Қартайдық, қайғы ойладық, ұлғайды арман" деген өлеңінен айқын көреміз. Бұл өлеңнің ішінде сан алуан жолдармен жұртты жем етіп, қанап, ұдайы алып жатқан бай, болыс би, елубасы, жалаңқай жау — бәрлері де тынымсыз алушылар болады. Ал соларға беріп жатқан кімдер?

Ол — өз малын өзімдікі дей алмайтын, "басынан — сырық, малынан құрық арылмайтын" анық момын ел — орташа көпшілік. Бұл өлеңнің тұсында Абай қазақтың анық қалың жоқшылыққа батқан тақыр кедейінің жайын сөз етпейді. Орташа шаруаның мұңын жоқтап сөйлейді. Осы өлеңіне егіз сыңардай, қоса шығарған "Қартайдық, қайғы ойладық, ұйқы сергек" деген өлеңі бар. Онда ел ортасына бүлік салып жүрген тынымсыз атқамінерлерді ең алғаш рет сынға алып, бөліп шығара бастайды. Ел бұзарлар осылар деп әйгілемек болады.

...Сырттансынбақ, қусынбақ, өршілденбек,

Сыбырменен топ жасап бөлек-бөлек,

Арамдықпен бар ма екен жаннан аспақ,

Өзімен өзі бір күн болмай ма әлек?

Қолдан келе бере ме жұрт меңгермек,

Адалдық, арамдықты кім теңгермек!

Мақтан үшін қайратсыз болыс болмақ,

Иттен қор боп, өзіне сөз келтірмек, —

деген жолдарда елдің ортасында "жақсымын", "жұрт ағасымын" деп жүргендерге ең алғаш сын сөздер айтады. Кейінгі жылдардың өлеңдерінде Абай бұл топтың адамдарын таптық тұрғыдан жаңағы айтылғаннан да қатты сынға алады.

Алғашқы өлеңінде болыстықтың өзі де "қорлық", "иттікке" апаратын жол деп, қазақ ортасындағы әкімшіліктің өзінен қашу керек десе, "Қартайдық, қайғы ойладық, ұлғайды арманның" артында атқамінер тобын айқынырақ, ащырақ шенеп, әйгілеп өтеді.

...Ант ішіп күнде берген жаны құрсын,

Арын сатып тіленген малы құрсын.

Қысқа күнде қырық жерге қойма қойыл,

Қу тілмен қулық сауған заңы құрсын.

Бір атқа жүз құбылған жүзі күйгір,

Өз үйінде шертиген паңы құрсын, —

деп, сол атқамінер ортасын "жүзі күйгір" деумен жиренішті топ етіп көрсетеді.

Осы екі өлең туралы тағы айта кететін бір жәй бар. 1886 жылы қырық бір жасқа келген Абай өлеңдерін "Қартайдық, қайғы ойладық" — деген сөздермен бастайды. Анығында, бұл жылдарда Абай қартайған жоқ. Оны жасынан ғана айыру керек емес, халық қамқоры боп, азамат ақын боп, осы жылдан бастап жазған сөздеріне қарасақ, ақын анық үлкен тартысқа барынша белсеніп кіріседі. Ызалы ашумен, қайсар қайрат, өнімді қажырмен араласады. Сондықтан қажыған адамның әлсіреп, қартайып, ой қуаты, жүрек оты бәсендеген күйін көрмейміз. Олай болса, жаңағы "Қартайдық, қайғы ойладық" деген сөздерді Абай басқаша бір мән-мағынамен қолданады. Өсиетші, сыншы, ұстаз болуға бекініп кіріскен ақын халықтың анық ағасы боп, ақылшының тұрғысымен сөйлемек болады. Ел ұғымына қонымды бір "құлақ күй" сияқты сәл сарыннан бастайды. Бұрынғы ақылшының көбі — көріден, атадан, ақсақалдан шығады деп түсініп қалған көпшілікке өзін де солайша, жақсы етіп, тоқтаған, ой түскен, ел мұңшысы есебінде танытпақ боп, әдейі солайша бастайды. Болмаса, өз басының қажыры мен өнеріне қарасақ, ол жылдарда құлшынып, өрлеп келе жатқан, қайнап өсіп, дами бастаған анық шабытты ақынның шалқып жанған жалынын сеземіз.

Ол жалын — ел жайына қарап отырып ызаланып, ширыға түсіп, күйінген ердің көкірегіндегі ашулы жалын болады. Ал үлкен санадан туған қатты ашу мен қызулы жалын екеуі де кәрілік нышаны емес. Кемеліне келіп отырып, кектенген күресті іздейтін, қуаты күшті жүректен шығады.

Рас, сол жүрек халық жайын ойлағанда, біресе ызаменен толқыса, бір кезде сол халық үшін қамырық мұңға да толады. Сол себепті, 1886 жылдың тағы бір өлеңі — "Қалың елім, қазағым, қайран жұртымда" ақын өз халқының сол кездегі тарихи трагедиясын айта кеп, дерттенеді. Жоғын жоқтап, мұңын мұндап отырғаны "қалың елі, қазағы". Оны "қайран жұртым" деп, бар жанымен ынтыға сүйеді. Бұның қамын ойлағанда, қамырыққа көңіл толады. Ал және сол қалың ел бар да, оның ұйтқысын бұзған, елдігін кетірген үстем тап бар. Осы соңғылардың сорақылығын айырып, атап береді.

Аузымен орақ орған өңкей қыртың,

Өзімдікі дей алмай өз малыңды,

Күндіз күлкің бұзылды, түнде — ұйқың.

Бас-басына би болған өңкей қиқым,

Мінеки, бұзған жоқ па елдің сиқын? —

деген жолдарда ақын қалың елді жаңағы қаскөй топтан айырып жырлайды. Елдің жауларын қанаушы бұзықтық іс- әрекеттің үстіне мінез, адамгершілік жағынан да өңшең татымсыз, құнарсыз адамдар деп танытады. Олар "жақсымын" десе де, анығында, толық мағынада адам да емес. Өңкей қиқым. Адамзат ішіндегі қоры, қортығы, ең бір сорақысы деп танытады.

Қоғамдық сана жағынан қарағанда, өздерін "басшымын", "жақсымын" деп жүрген әміршілердің барлығын осылайша масқаралап, таңбалап берудің өзі де Абайдың алғашқы адымында үлкен тарихтық, әлеуметтік жаңалығы бар әрекет еді.

Бірақ 1886 жылдың әлеуметтік тақырыбына жазылған үлкен толғаулы, көп көркем өлеңдердің қатарында Абайдың жаңағы айтылған әлеуметтік сыншыл ойының жаңсақ бастаған кезі де бар. Мысалы, "Байлар жүр" деген өлеңде және кейін шығатын кейбір қара сөздерінде Абай қанаушы таптың ішінен, бұзық болыс, арамза атқамінерлер тобының арасынан кейбір байларды бөліп шығаратыны бар. "Момын бай" деп жалпы қанаушы топтың қатарынан бірен- саран малды байды бөліп алып, арашалағандай болады. Оны да жаңағы ел бұзар, әкім, ұлықтар, қу пысықтар жем етіп жүргендей суреттейді. Әрине, Абай байдың бәрін былайша қорғамайды. Бірақ оларды көбінше болыстарға қоса жамандай отырып, кейде жем болушы жылаулар бай тапқандай болады. Бұнысы Абайдың "байдың да байы бар да, көпке залалы аз, сотқарлардан өзі де зығыр жеп жүрген бай бар" деп теріс жіктеген пікірі.

Дәл бұл өлеңнің тұсында Абай үлкен қайшылыққа ұшырайды. Таптық жағынан қарағанда, қазақтың халық даналығының өзі айтқан, өзі әшкерелеген сананы да Абай аңғара алмай қалады. Халық мақалында "Бай байға құяды, сай сайға құяды" деген үлкен шыншыл да сыншыл қорытынды бар еді. Абай қалың елдің момын көпшілігі ашық түсінген осы жайды айырмайды. Бай атаулы қанаушы топтың басшысы, түп тірегі екенін аңдамай, қателік ойлар айтады.

1886 жылдың сыншылдық, қоғамшылдық тақырыпқа арналған өлендерінің қатарында "Адасқанның алды жөн" деген бір өлең бар. Бұнда да өзі көрген кемшілікті, мінді мінездерді үлкен турашылықпен қатты сынап, шенеп айтатын ақын көрінеді. Тек бұл өлеңде сынайтыны, ащы мысқыл үлгісінде қатты мінеп сөйлейтіні алғашқы көп өлеңдердегі болыстар, атқамінерлер, қанаушылар тобы емес, ел ішіндегі еңбексіз өмір кешетін жалқаулар болады.

...Осындай сидаң жігіт елде мол-ақ,

Бәрі де шаруаға келеді олақ.

Олардың жоқ ойында малын бақпақ,

Адал еңбек, мал таппақ, жұртқа жақпақ, —

дегенде, ақын кімді сынап, сөгіп отырғанын танытады.

Өзіңде мал жоқ, істер әрекет, еңбек жоқ, өз үйінде ішетін ас та жоқ. Бірақ осындай жігіттер малы бар, асы бар ауылдарды қыдырып, бейнетсіз, еңбексіз қор жалқаудың қал-пында жүргенін ақын үлкен айып етіп әйгілейді. Абай заманындағы қазақтың көшпелі аулында болған жалқаулық, еңбексіздікті ең алғаш өлеңмен сөз қыла бастайды. Арам-тамақтық, кісінің асына көз сүзгіштіктің өзі де паразиттіктің бір түрі деп танытады. Әсіресе бай ауылды жағалап жүрген, жатып ішерлік әдетке салынған жастарды ызамен айыптайды. Үстем таптың, малды таптың өкілдері арамтамақ болса, еңбексіз өмір кешсе, бұл олардың болмысы, дағдылы қалпы. Ал жоқшылықта жүрген көпшілік өкілдерінің еңбексіз жалқаулығы — ақынды анық қамқорлық ойымен ыза қылғандай болады. Бұл топтың баласына, жас-кәрісіне түгелімен қамқорлық ой ойлайтын ақын "көзінді сатпа, терінді сат", "еңбегің ғана есенді әпереді" — дейді. Адамшылығынды сақтауға, қорлықсыз, мазақсыз өмір кешуге жәрдемшің, сүйенішің сол еңбек қана болады дегенді көп үгіттейді.

Кейін молайып өрістейтін осы алуандас ойларының басын жаңағы "Адасқанның алды жөн" деген мысқыл, шенеу үлгісімен жазылған өлеңінен бастайды.

Жоғарыда айтқанымыздай, 1886 жыл тудырған өлеңдердің тақырыбы әр алуан екенін көрсететін бір-екі өлең — аттың сыны мен жазға арналған өлеңдер. Жоғарыдағы ай-тылғаннан мына екі өлеңнің тақырыбы да, стилі де өзгеше. Бұл шығармаларында Абайдың суретші-реалист ақын есебіндегі шеберлігі көрінеді. Аттың сыны — жаратылыс-тың жанды бір бейнесі болған бәйге атқа арналған өлең.

Ғасырлар бойында мал өсірумен, көшпелі күйде тірлік еткен елдің ақыны аттың бағасын өзгеше түсінеді. Соның ішінде бәйге аттың орны мүлде бөлек. Ол қазақтың бағы заманнан бергі ауызша әдебиетінде де сан алуан "қиял пырағы" болып жырланып келген.

Абай өмір кешкен кезде де ат — ер қанаты жүйрік ат, әсіресе қазақ білген жануардың ішіндегі адамға ең ыстығы, қадірлісі. Бірақ осы аттың жайын сипаттағанда Абай тағы да реалист-суретші боп шығады. "Қақтаған ақ күмістей" деген өлеңінде онша орынды болмаса да, мұнда қолмен қойғандай, барлық сыны сырт сымбатынан көрінетін көліктің жайын Абай кекілі, құлағынан бастап, түгел толық баяндап шығады. Бәйге аттың мүсінін сынап санауда Абай үлкен білімділік, байқағыштық танытады. Ол әрі шебер ақын болудың үстіне, аса білгір саятшы, атсейіс сыншы боп шығады. Аттың бар мүсінін санап шығуда, әсем жырмен үлкен шешендікпен шеберлеп сипаттауда ақын қазақ тілінің осы жөніндегі мол байлығын да танытады.

Өзге тілге аударуға аса қиын соғатын осы өлеңінде ақын сол тілдің бар мүмкіншілігін де өзгеше ұсталықпен пайдаланды. Жалғыз-ақ атап айтатын бір жәй, осы атты сынап отырушы адамның кейбір салт-саналық көзқарасы турасында болу керек. Ақын осы атты еңбекші көпшіліктің күнделік тіршілігіне қажет болған күш көлігі есебінде жырламайды. Және жорықта жан серігі ететін жауынгер көзімен де қарамайды. Өзі жүйрік, өзі берік, жуан, жуас, қолға түспес, жақсы атқа қарап отырған көз өзі де еңбекші адамның көзі емес. Атты оның іс-әрекетінің үстінде көрсетпей, "белдеуде тыныш турса, байлап көрсек" деп, тек қана көлденең тұрғызып қойып, созерцание түрінде тыныш қана тамашалап отырған ақын көзін көреміз.

Онан соңғы атап өтетін өлеңдік ерекшеліктің бірі — бұнда және де шындықтан тыс, қиялды теңеулер жоқ. Қонымсыз романтика, тұманды теңеулер сияқты сырт жатқан, жалған жамаулар жоқ. Өте нақтылы, шыншыл, дәлшіл үлгіні көрсететін, реалистік шеберлікпен толық шыққан көркем шығарма болады. Мазмұнында ат жайын аса білгірлікпен дәл айтуды мақсат етіп алған шығарма өлеңдік құрылыста, сөздік байлықта, ақындық орамды шешендікте де біртегіс, тұтас келісімді танытады.

Осы жылда Абайдың жаратылыс келісін, көркін суреттеген шебер жырының бірі — табиғат жайына арналған "Жаз" өлеңі. Жалпы алғанда, Абай жылдың төрт мезгілін бір жылда емес, бірнеше жыл бойында жазады. Сол өлеңдерінің алғашқысы осы — "Жаз". Басқа тақырыптар сияқты табиғат көркі мен адам әрекетін араластырып жазған шығармаларда да Абайдың әр түрлі дамып өскенін,

Адал еңбек, мал таппақ, жұртқа жақпақ, —

дегенде, ақын кімді сынап, сөгіп отырғанын танытады.

Өзінде мал жоқ, істер әрекет, еңбек жоқ, өз үйінде ішетін ас та жоқ. Бірақ осындай жігіттер малы бар, асы бар ауылдарды қыдырып, бейнетсіз, еңбексіз қор жалқаудың қал-пында жүргенін ақын үлкен айып етіп әйгілейді. Абай заманындағы қазақтың көшпелі аулында болған жалқаулық, еңбексіздікті ең алғаш өлеңмен сөз қыла бастайды. Арам-тамақтық, кісінің асына көз сүзгіштіктің өзі де паразиттіктің бір түрі деп танытады. Әсіресе бай ауылды жағалап жүрген, жатып ішерлік әдетке салынған жастарды ызамен айыптайды. Үстем таптың, малды таптың өкілдері арамтамақ болса, еңбексіз өмір кешсе, бұл олардың болмысы, дағдылы қалпы. Ал жоқшылықта жүрген көпшілік өкілдерінің еңбексіз жалқаулығы — ақынды анық қамқорлық ойымен ыза қылғандай болады. Бұл топтың баласына, жас-кәрісіне түгелімен қамқорлық ой ойлайтын ақын "көзінді сатпа, терінді сат", "еңбегің ғана есенді әпереді" — дейді. Адамшылығынды сақтауға, қорлықсыз, мазақсыз өмір кешуге жәрдемшің, сүйенішің сол еңбек қана болады дегенді көп үгіттейді.

Кейін молайып өрістейтін осы алуандас ойларының басын жаңағы "Адасқанның алды жөн" деген мысқыл, шенеу үлгісімен жазылған өлеңінен бастайды.

Жоғарыда айтқанымыздай, 1886 жыл тудырған өлеңдердің тақырыбы әр алуан екенін көрсететін бір-екі өлең — аттың сыны мен жазға арналған өлеңдер. Жоғарыдағы ай-тылғаннан мына екі өлеңнің тақырыбы да, стилі де өзгеше. Бұл шығармаларында Абайдың суретші-реалист ақын есебіндегі шеберлігі көрінеді. Аттың сыны — жаратылыс-тың жанды бір бейнесі болған бәйге атқа арналған өлең.

Ғасырлар бойында мал өсірумен, көшпелі күйде тірлік еткен елдің ақыны аттың бағасын өзгеше түсінеді. Соның ішінде бәйге аттың орны мүлде бөлек. Ол қазақтың бағы заманнан бергі ауызша әдебиетінде де сан алуан "қиял пырағы" болып жырланып келген.

Абай өмір кешкен кезде де ат — ер қанаты жүйрік ат, әсіресе қазақ білген жануардың ішіндегі адамға ең ыстығы, қадірлісі. Бірақ осы аттың жайын сипаттағанда Абай тағы да реалист-суретші боп шығады. "Қақтаған ақ күмістей" деген өлеңінде онша орынды болмаса да, мұнда қолмен қойғандай, барлық сыны сырт сымбатынан көрінетін көліктің жайын Абай кекілі, құлағынан бастап, түгел толық баяндап шығады. Бәйге аттың мүсінін сынап санауда Абай үлкен білімділік, байқағыштық танытады. Ол әрі шебер ақын болудың үстіне, аса білгір саятшы, атсейіс сыншы боп шығады. Аттың бар мүсінін санап шығуда, әсем жырмен үлкен шешендікпен шеберлеп сыпаттауда ақын қазақ тілінің осы жөніндегі мол байлығын да танытады.

Өзге тілге аударуға аса қиын соғатын осы өлеңінде ақын сол тілдің бар мүмкіншілігін де өзгеше ұсталықпен пайдаланды. Жалғыз-ақ атап айтатын бір жәй, осы атты сынап отырушы адамның кейбір салт-саналық көзқарасы турасында болу керек. Ақын осы атты еңбекші көпшіліктің күнделік тіршілігіне қажет болған күш көлігі есебінде жырламайды. Және жорықта жан серігі ететін жауынгер көзімен де қарамайды. Өзі жүйрік, өзі берік, жуан, жуас, қолға түспес, жақсы атқа қарап отырған көз өзі де еңбекші адамның көзі емес. Атты оның іс-әрекетінің үстінде көрсетпей, "белдеуде тыныш тұрса, байлап көрсек" деп, тек қана көлденең тұрғызып қойып, сөзерцание түрінде тыныш қана тамашалап отырған ақын көзін көреміз.

Онан соңғы атап өтетін өлеңдік ерекшеліктің бірі — бұнда және де шындықтан тыс, қиялды теңеулер жоқ. Қонымсыз романтика, тұманды теңеулер сияқты сырт жатқан, жалған жамаулар жоқ. Өте нақтылы, шыншыл, дәлшіл үлгіні көрсететін, реалистік шеберлікпен толық шыққан көркем шығарма болады. Мазмұнында ат жайын аса білгірлікпен дәл айтуды мақсат етіп алған шығарма өлеңдік құрылыста, сөздік байлықта, ақындық орамды шешендікте де біртегіс, тұтас келісімді танытады.

Осы жылда Абайдың жаратылыс келісін, көркін суреттеген шебер жырының бірі — табиғат жайына арналған "Жаз" өлеңі. Жалпы алғанда, Абай жылдың төрт мезгілін бір жылда емес, бірнеше жыл бойында жазады. Сол өлеңдерінің алғашқысы осы — "Жаз". Басқа тақырыптар сияқты табиғат көркі мен адам әрекетін араластырып жазған шығармаларда да Абайдың әр түрлі дамып өскенін, ақындық эволюциясын байқаймыз. Мысалы, ең алғаш жазылған "Жаз" өлеңі мен кейінірек жазылатын "Қараша, желтоқсан мен сол бір-екі ай" деген екі өлеңнің арасында, өзгесінен бұрын, салт-саналық, қоғамдық жақтан айқын тұрған айырмасы бар. "Жаз" өлеңінде сахарадағы ауыл тіршілігін, көшіп-қонып жатқан көрінісін сипаттауда сол ауылдағы әр алуан топтар арасындағы қайшылық, қарсылықтар аз көрінеді.

Ал жаңағы аталған күз көрінісін сипаттаған өлеңде, бір ауылдың екі шетіндегі бай үйі мен кедей үйінің барлық тірлігінде бітімсіз қайшылықтар үлкен шыншылдықпен терең ашылған болады. "Жаз" өлеңінің Абайдағы ерекшелігі — бұнда да ақындық мәдениеті ірілеп, шеберленген көркемдікті аңғарамыз. Барлық суреттер мен динамикалы қозғалыс әрекеттер неше алуан бай құбылыс боп сипатталады.

Ақын және де нақтылы, анық шындық халдерді көп теріп, шығармасын өте жанды, мол әрекеттерге толтыра жазады. Және ешбір көрініс-қимылда болмыстан тыс көмескілік, тұманды тұспалшылдық жоқ. Ең әуелі жас шалғынды, бәйшешегі толықси өсіп тұрған соны қонысты алады. Сол араға жеткен малдың ішінде, әсіресе қалың топ жылқының ен суға, мол шалғынға емін-еркін араласқан күйлі кезін көрсетеді. Әлі үйін тігіп, жайғасқан ауыл жоқ. Жанды-жансыз табиғат арасында шұбартқан суретті өз қимыл-қозғалыстарымен толықтыра түседі. Сәнін молайтқан адам тобының әр алуаны көрінеді. Үй тігіп жатқан қыз- келіншек, ат үстінде мал ішін аралап жүрген ауыл иесі — үлкендер аталып өтеді. Содан жұмыс үстінде жүрген шешелерді жағалаған жас балалар, тынымсыз шабуылмен күн ұзын салпылдап еңбек еткен жалшылар көрінеді; өзен бойында құс салып жүрген жас аңшы бозбалалар да ақынның көзіне түседі. Бай аулына жағынышты, жалынышты тынымсыз көрші малай, қартаң ақсақал да өз әрекетімен аталып өтеді. Осылайша үлкен ретпенен көп өмір көрінісін аз өлеңнің ішіне тығыздап сыйғыза білген ақын, негізінде, реалистік пейзаж беріп отыр. Табиғаттың белгілі көрінісіне, мезгіліне адамның әрекетін мол араластыра біледі. Аз адам емес, ауылда тіршілік еткен кәрі-жастың, бай мен малайдың, қолы бос бозбаланың — бәрін де тізіп өтеді.

Табиғатты ағын судай, сымпылдап ұшқан үйрек, қаздай динамикалы халде алған сияқты, адамды да тіпе-тек тыныш отырған үнсіз, қозғалыссыз күйде алмайды. Әркім әр алуан іс пен мінезде, құбылыста көрінеді. Осында буы аспанға шыққан, көшіп келген жәрмеңкедей жанды өмірді оқушыға аса қонымды етіп, "дәл осындай болады" дегендей шұлғытып, иландыра біледі. Өлеңнің ішінде жанды тіршілік, қайнар қызу мол болғандықтан, түрі менен өлшеу ұйқастарында да аса жанды, қызулы жүрдектік бар. Ұйқастарда келетін "шыбындап", "шылпылдап", "бұлтылдап", "сымпылдап", "сыңқылдап", "жылпылдап" деген сияқты айтуға ауырлау келгенмен, тұрақты тыныштық күй емес, үнемі өзгеріп тұрған қозғалыс әрекетті көрсететін сөздер барлық өлеңге өзгеше ағындылық (темп) береді.

Тұтас бітімді, келісті келген өлеңнің аяғына шейін осы жаңағы айтылған сөздерге орайлас ұйқастар айнымай созылып отырды. Жиынын алғанда өлең тілінде үлкен байлықпен қатар, тапқырлық, дәлшілдік мол. Мал баққан, көшпелі тірлік еткен елдің жайлаудағы жаңа қонысқа көшіп, қонып жатқан кезін, қимыл-әрекетін, әбігер-қарбаласын өлеңнің әр бөлімі айқын аңғартады. Сондай мазмұнымен біркелкі келген, анық реалистік шеберлікке толған өлеңнің барлық құрылысындағы, мағына-идеясындағы бір кемшілік және де айқын байқалады.

Ақын көшпелі тіршілікті сынап, мінеп жазып отырған жоқ. Көбінше оның көркін, сырт көріністерін тамашалай түсіп, сүйсіне жырлап отыр. Әсіресе бай аулының қалың шұбар жанды-жансыз мүлкімен толықсып, жайғасып жатқанын негізгі тақырып етеді. Идея осылай бөлімделгендіктен, Абай талантының шыншылдығы бұл ауылда қажып, талған жылқышы барын, жалынышты, бағынышты кедей-кепшік барын еске алса да, жоғарыда айтылғандай, қоғамдық үлкен қайшылықтарды дәл осы көшіп-қонып жатқан бай аулының өзінен де табуға болатынын ашпай кетеді.

Алғашқы көп тақырыпты, мол өлеңдер жазған жылдың ішінде Абайдың бір топ өлеңі жастарға арналған. "Интернатта оқып жүр", "Ғылым таппай мақтанба", "Жігіттер, ойын арзан, күлкі қымбат", "Бір дәурен кемді күнге" деген шығармалардың бәрі де — өсиетші, сыншы ұстаз ақынның шартты түрде ғана қабыл алуға болады. Болмаса, тіпті бұл алуандас өсиетті Абайдай зор саналы, ірі идеялы өсиет айтып отырған ақынға артық кеңес деуге де болар еді.

Тіл мен теңеу, түр жағынан алғанда және де бұл өлеңнің мазмұнына сай стильдік өзгешелік айқын екенін көреміз. Осы бір өлеңнің ішінде ақын "интернат", "здравомыслящий", "военный қызмет", "коренной", "счет", "занимайся прямотой" деген сияқты сөздерді кейде қазақ сөздерімен ұйқастыра отырып, еркін қолданады. Мазмұнымен байланысты туған сөздік өзгерістер Абайдың орыс мәдениетін үгіттейтін озғын ойларына әдейі, заңды қажет боп отыр.

Рас, кейде Абай орыстың сөздерімен өзінің қазақша ойлаған ойын шалалау аударады. Шикілеу подстрочник сияқтанып, орысша қонымсыз келген бір сөйлем "занимайся прямотой" дегенінен көрінеді.

Жастарға арналған өсиет өлеңінің ой жағынан көрнекті біреуі — тағы осы жылда туған "Ғылым таппай мақтанба". Ел ішіндегі жас желеңге Абайдың әсіресе көп ой қорытып айтқан мағыналы және програмдық бір өлеңі осы деуге болады. Бұнда Абай адам бойындағы қазынаның үлкені және әрбір жігерлі жастың талпынатын арманы — ғылым дейді. Осы өлеңнің әр кезінде сол ғылымды Абай шап - шағын дүние деп бағаламайды. "Ғылым" деген сөзді әдейі бірнеше қайырып қолдану арқылы ұзақ өрісі бар терең білім деп таниды. Сол ғылым талпыну жолында өзі үгіттеп, тәрбиелемек болған жастарды айналадағы көпшіліктің сорақы, бұзық мінездерінен жирентіп өсірмек. Ол сорақы мінездер атқамінер атаулының қолданып жүрген машықтары. Бұлар - өсек, өтірік, мақтаншақ, еріншектік, бекерге мал шашпақ.

Бір өлеңдерінде дәл осы мінездердің адамдарынан ел ішіндегі жуан, содыр, болыс, би, атқамінер деп атап берсе, мына тұста ол адамдарды айтпай, солардың тек сорақы қылықтарын атайды. Кейінгі өсетін жас буынға сол мінездер "бес дұспан" деп танылу керек. Ал осыған қарсы ғылым тапқан жас болса, ірі адамгершілікке ие бол сын, азамат деп айтарлық ар иесі болсын. Ол — шын мағынадағы қасиетке жетуге талпыну керек. Сондықтан ойы жетіп, адамдығы өскен жас өзінің досы деп бес асылды тандасын дейді. Гуманист Абай, ағартушы, әлеумет ағасы болған ақын сол бес нәрсені санағанда, ең алдымен талапты айтады. Сонан соң еңбек, терең ой, қанағат, рақым деген сияқты арлы адамгершіліктің сипаттарын санайды.

Бұл жолда тартысу керек. Алдыңғы буынның өзіне мінез етіп, үлгі етіп жүрген жолдарынан жирену керек. Сол себепті "ақсақал айтты, бай айтты" дегенге тоқтамау керек. Тағы сондай жалған авторитет саналғанның кімісі айтса да мойындамау керек дейді.

...Надандарға бой берме,

Шын сөзбенен өлсеңіз, -

дегенде, жаңағы қараңғы топтан өзі тәрбиелеп отырған жас буынды бөліп алмақ болады.

"Интернатта оқып жүр" деген өлеңді жас жеткіншек оқушы тобына айтса, мынау өлеңін Абай өзі үміт еткен, өскелең ойлы жасқа арнайды.

Тағы да жас буынға осы жылда арналған сөздің бірі — "Жігіттер, ойын арзан" деген үзақ өлеңі. Бірақ ішіне тіршілік шындығы, күндегі өмір куәліктері көп кірген ұзақ өлең болғанмен, бұл соңғы шығарма жастарға арналған жаңағы екі өлеңнен идея жағынан төменірек түседі. Онда қазақ жастарының сауығына, үй іші тірлігіне, бір-бірімен кездес-кен мәжіліс ермектеріне көп көңіл бөле отырып, ақынның әсіресе көп мән беріп айтатын ойы — достық жайында.

Адал, шыншыл адамгершілікке сүйенген жастың достығын айрықша қадірлейді.

...Күншілдіксіз тату бол шын көңілмен,

Қиянатшыл болмақты естен кеткіз!

Жолдастық, сұхбаттастық — бір үлкен іс,

Оның қадірін жетесіз адам білмес.

Көкірегінде қаяу жоқ, қиянат жоқ,

Қажымас, қайта айнымас қайран тату! —

деген сияқты ойларды шешендік, ақылгөйлік түрінде әсіресе баса айту — бұл өлеңдегі Абайдың ағалық, ұстаздық ниеті. Бұндағы үгіттеп отырған оқушылары да бала жастар емес, жігіттікке, үй іші тірлікке, кісілікке ілініп қалған өскелең жастар. Солардың арасында қиянатсыз достық айтумен өз ұғынуындағы адамгершілік, адалдық мінездерді жол етіп ұсынады. Алдыңғы ата, әке буындарының мінезіндегі боямалық, жалған татулық, қиянаткерлік атаулыдан сол аталардың нәсілдерін сақтандырмақ болады. Және достықты, татулықты ер мен ер арасындағы ғана қарым-қатынас демейді. Үлкен достықты, шын мағыналы тұрақтылықты жас жігітке ең әуелі өзінің жары мен үй іші тірлікте мақсат ету қажет екенін айтады. Әйелің, құрбың — барлығын да адамгершілікпен дос ете біл дейді. Қазақтың әйеліне арналатын кейінгі адамгершілік, әділет, моральдық ойларының басын осы өлеңде айта бастайды.

...Ері ақылды, қатыны мінезді боп,

Тату болса, райыс үстіндегі үй, —

деуменен Абай қазақ әйелінің орнын жаңаша, өзгеше бағалайды. Өмір мағынасы мен көркі достықта болса, соның ең бір жарастықты асыл ұясы үй ішінде басталу керек дегенді айтады.

Сонымен, ел ішіндегі көпшілік жасқа өздері жүрген қалпындағы күнделікті тіршілігінің, күнделік жол қағидасын әр алуан мінезділік ретінде өсиет етеді.

Және де осы жылда жазылған алдыңғы айтқандардан тақырып, сезім сарыны бөлегірек шығатын бірнеше өлең - Абайдың өзіндік көңіл-күйлері. Өз басының мұңшыл, сыншыл ойларына арналады. Бұл қатарға қосылғандар: "Көңілім қайтты", "Патша құдай", "Көкбайға" деген өлеңдер.

Сыншыл ойдың иесі, әлеуметтік пайдалы еңбектің өзін ендігі тірлігіне мақсат, мұрат етіп алған ақын жұртына етіп жүрген еңбек, қызметі туралы күдікті, мұңлы ойларды да ойлай жүреді. Әсіресе өзінің күнделік өмірі мен тағдырын байланыстырған құнарсыз ортадан көрген опасыздық, қиянаткерлік жайларын жыр ете бастайды. Дұшпан ғана емес, доспын деген талайдан да сол күнделікті тірлігінде сан түрлі қиянат көреді. Етіп жүрген еңбегінен түңілмесе де, жаңағы топтан түңіліп, оқшаулана бастайды. Ойлы жалғыздың бітімсіз, сыншыл уайымы тәрізді сөздері шығады. Өзі отырған елдің аты Тобықты болса, алғашқы сөзі жетіп жатқан орта сол елдің құнарсыз атқамінер тобы болғандықтан және халықтың үлкен арманға толы асыл сөздері сол меңіреу, керең ортада бағаланбай, тыңдалмай жатқа-нын жеке уайым етеді. Халыққа арналған қамқорлыққа толы зор саналы өлеңдерінің бағасын Абай өзі жақсы білген.

Бұрын қазақ ортасында айтылмаған соңғы сөз екенін танып отыр. Бірақ елді, көпшілікті өздерінің әлегімен алаң етіп жүрген жаңағы топтар өзі де ермейді, көпті де дұрыс жолға бастатпайды. Абайдай өлең сөзін, ақындық еңбегін әлеуметтік тартыстың құралы етіп жұмсап отырған адамға осы бөгеттің бәрі кейінгі көп өлеңдерінде басымдап, үдей беретін ызалы мұң сарыны және де осы 1886 жылдың шығармаларында әр алуан көрініс береді. Кейде жуан содырлар ортасы Абайдың өз басына да жала жауып, қастық арнап, соққы беруді талап етеді. Өздерін беті-жүзі демей масқара түрде әшкерелеп отырған сыншы, жоршыдан қолдан келген жаманшылық, пәле, қазаны аямайды. Ояздық облыстық кеңселерге, әр саты соттарға Абайдың үстінен неше алуан қылмыстармен айыптаған жалақор, жалған арыздар түседі. Абайды қырда да қинап, қалада да сан қыспаққа салады. Сондықтан "Көкбайға" деген өлеңінде өзінің жеке басы көріп жүрген жапаны айтады. Өз ойынан кешкен ызалы уайымды еске алып отырып:

...Біреу малды ұрлайды,

Біреу басты қорлайды, —

деп, қиналу үстіндегі бас сырын шерте түседі.

Осы соңғы өлеңдерді шолу мен тексеруде біз Абайдың ақындыққа барынша терең бойлаған бір жылының жемісті нәтижесін талдап өттік.

Қорыта айтқанда, ендігі Абай көп қырлы, терең сырлы үлкен әлеуметтік идеяны жыр қылған ұстаз ақын болады. Шығармаларының бәрі де өзі өмір кешкен ортаның дәл сол тарихтық нақтылы дәуірдегі дәлме-дәл болмысымен, күнделікті шындығымен нық байланысты болады. Және қай жайды жырласа да, сыншы шебер реалист боп жазады. Жаңа арманмен өзгеше ақындық үлгі көрсетіп, соны стильдің шебері болып қалыптана береді.

Толғаулы ақынның бұл уақытқа шейінгі ең басты тақырыбы — халық қамына, көпшілік шаруа мұңына арналған, анық жарқын жолдағы жырлар екенін көрдік. Бұл кездегі Абайдың табиғат жайында үлкен ұсталықпен, жаңа үлгімен жырлайтынын аңғардық. Атқамінер, бұзық топтан көрген, сезгендеріне арнап сатиралы бітімсіз қарсылық жолын бастады. Сонымен қатар өзі тіршілік еткен заманның көп топтарынан үміт етеді. Келешек солардікі деп, осы соңғы топқа арнаған сөздерін ойлы, мәдениетті ұстаздық қамқорлық-пен айтады. Бұл тобы халқының жас жеткіншектері мен ересек жігіттері болады. Соларға айтқан әр талапты өсиеттерінің үлкені — білім жарығына ұмтылу. Шала-шарық емес, анық үлкен өрісі бар, ұлы орыс халқының шынайы қасиетті қазынасына ұмтылу, жету шарт дейді.

Осы айтқандармен қатар, біз талқылап өткен 1886 жыл өлеңдерінің соңғы бір түрі — өз басының ой-мұңымен байланған көңіл сыры екенін көрдік.

Біз 1886 жылдың өлеңдеріне айрықша көп тоқтадық. Себебі, өз заманына да, біздің дәуірімізге де Абайды қадірлі дана, анық классик етіп танытатын ақындық жолдың нақ-тылы арналары осы жылда салынған. Бұдан былайғы жылдардың шығармаларында Абай жаңағы аталған төрт сала тақырыптардан қол үзіп кетпейді. Қайта, өмір бойында халық мұңы, әлеумет қамы ақынның берік бекіткен діңгегі есепті болады. Өзге үш саладағы тақырыптарға да кейін Абай айнымастан сан рет оралып отырады. Әрине, келер жылдардағы ақындық еңбегінің бар көлемі бұл айтылған төрт сала тақырыппен түгелденбейді. Әр кезде осы айтылғандардың үстіне, өзі жыл санап үдеп, өсіп отырған ақын, тағы да тың тақырыптарды қоса береді. Ал жаңағы аталған негізгі арқауларын алсақ, олардың да әрқайсысына кейін қайта оралып, соғып отырғанда салт-сана жағынан да, ойшылдық, даналық, тереңдікте де терең бойлап, жаңалық өрістер тауып отырады.

Олай болса, біз бұдан былай кездесіп, ақын шығармаларын тексергенде жаңағы, соңғы айтылған сипат, қасиеттерді әсіресе есте тұтамыз. Сонымен, келесі жылдар шы-ғармаларын тексергенде, бұрынғы тақырыптарды қайталаған шығармаларды түгел тексермей, солардың ішіне кейінгі жылдар қосқан жаңалық идея мен көркемдіктің тың си-паттарын айрықша атап отырамыз. Сол арқылы Абай ойының, ізденулерінің және ақындық шеберлікке жетуде айқындай түсетін саты-сатыларын анықтап ескеретін бо-ламыз. Осылайша шолу Абайдың ақындық жолындағы сан алуан эволюциясын толығырақ танытатын болады.

Бұл айтылған сөздер, бір жағынан, 1886 жылдың шығармалары туралы берілген қорытынды есепті болса, екінші жағынан, келесі 1887 және одан арғы жылдардың да шы-ғармаларына шолудың кіріспе сөзі есепті болады.

Сонымен, 1887 жылдың шығармаларына ауыссақ, бұл жыл ең алдымен сан жағынан аз өлең тудырған кез болады. Дәл осы жылдың үлкен өлеңі үшеу-ақ. Оның екеуі — "Сабырсыз, арсыз", "Көжекбайға" ("Бөтен елде бар болса") дегендер — ел ішінің содыр-сойқанды, бұзық тобына арналған.

Өткен жылғы көп шығармаларының тақырыбы қайталап, өскелендеп кеп, тағы жаңа шығармалар туғызады. Бұлардан бөлек, жаңа жылдың, ерекше жаңа, бұрынғы кезде Абайдың өзі де, өзге қазақ ақындары да айтып көрмеген тақырыпта ең бір терең, көркем шығармасы - "Өлең - сөздің патшасы" болады.

Алғашқы аталған, бұрынғы, белгілі тақырыпты тың өлеңдермен қайталаған шығарманың екеуі де ұзақ өлеңдер. Солар сияқты үшінші өлең де аса терең мағыналы болумен бірге, ұзақ жырдың бірі боп шыққан.

...Сабырсыз, арсыз, еріншек,

Көрсеқызар, жалмауыз,

Сорлы қазақ сол үшін,

Алты бақан ала ауыз, —

деп басталатын өлең елдің сорына біткен қу мен сұмның неше алуан жексұрын, жиренішті кескінін бейнелейді. Өздері елдің тұнығын лайлап, береке, тыныштығын кетіріп жүрген бұзық бола тұрса да, толып жатқан әмір-құдірет солардың қолында:

...Ұрлықпен мал табам деп,

Егессе, ауыл шабам деп,

Сүйтіп құдай атады...

Қазақтың Абай тұсындағы сан байлары, болыс, атқамінерлері өздерінің баю жолына неше алуан талан-таражды пайдаланса, кейде қолдарына ұры сақтап, аттандырып отырып, елден мал ұрлатып, байып отырғандары да болған. Жаңағы елді сорлатып отырған, жуан содырдан шыққан ұрыны айтады.

Өйткені ол бірде ұрлық қылса, бірде "ауыл шабам" дейді екен. Ауыл шабу - жәй ұрының ісі емес. Артына қарашоқпар, сойыл соғарды ертіп алған мықтының, әкім-әміршінің жұмысы. Қырда осындай сойқанды салып отырып, сол адамдар және қалада да ең үлкен пәле басы өздері болады.

...Пысық кім деп сұрасақ –

Қалаға шапса, демалмай,

Өтірік арыз көп берсе,

Көргендерден ұялмай, —

деген нақтылы айыптау сөздер жаңағы ел берекесін кетіріп жүрген жауыздардың бір тірегі, ұшығы қалада болғанын білдіреді.

Сөйтіп, бұл өлеңде біз ел бүлдірушінің тағы да тың әрекетін көре түсеміз. Бұндағы атқамінер, Абайдың бұрынғы суреттеген қанаушы топ өкілдерінен, қосымша сорақы сипаттармен толыса түседі.

Негізгі мазмұн өзгеріп ауыспағандықтан, Абайдың бұл өлеңіне түр, стиль жағынан қосылған тың жаңалықтар жоқ. Тек ызалана түскен ақынның ашу тілі ширығып, өткірлене береді. Жауыздық "қарекеті - әрекет" деп бұрынғыдан да айқындап беріп, енді осы сөзді арнап отырған тындаушысы басқа жандар екенін сездіреді. Өзі өшігіп, әшкерелеп отырған жуанға арнаған сөз емес, елге, көпке жеткізсем деп отырған сөзі.

...Бұл сөзімде жалған жоқ,

Айтылмай сөзім қалған жоқ.

Абайлаңыз, байқаңыз,

Елдің жайы солай-ды, —

деумен Абай анық елдік үшін күйзелетін көпке сөйлеп отыр. Елдің дұшпаны кім екенін таныта түседі.

"Көжекбайға" деген өлеңнің, бұрынғы біз талқылаған, осы тақырыптас өлеңдерден тағы бір айырмасы бар. Онысы — ел ішіндегі атқамінер, бүліктің атын "Көжекбай" деп атап тұрып, соның бар мінезін, іс-әрекет, қимыл-құбылысындағы бейнесін сипаттап беруінде. Тынымсыз бүліктің бір алуан портретін қапысыз түгел түсіреді. Және бір Көжекбай емес, көп Көжекбайдың психологиясынан жиынтық бейне туғызып, обобщение жасайды.

Осы өлеңнің ішінде, Абайдың кейінгі әдебиетке, халық даналығына афоризм есебінде қосып кеткен әлденеше шебер ақыл, нақыл, сыншылық сөздері бар. "Күн жауғанда қойнында, күн ашықта мойнында" немесе "Жат айбынар ісі жоқ, жау айдынар күші жоқ" — деген сияқты жолдардың жөні бөлек. "Ел бүлігі Тобықты, көп пысыққа молықты" — деген мәтел есепті жолдар да осы өлеңнен табылады. Көжекбайлардың көмектесі, жемтіктесі кімдер екенін де осында ашады.

...Орыс сыяз қылдырса,

Болыс елін қармайды,

Қу старшын, аш билер

Аз жүрегін жалғайды, —

дегенде, көжекбайлықтың тамыры мен тегі қайда жатқанын танытады. Бұлар патшалық әкімшілігінің қазақ арасына орнатып отырған аппараты. Бұзықтықпен азғындықтың айықпас, арылмас ұясы соларға сүйенеді. Пәле басы әкімшілік құрылыста, қоғамдық жаманшылықта екенін аша түседі.

Сонымен, бұл аталған екі өлең бұрынғы тақырыпты тың дәлелдермен, дерек, әрекеттермен байытады. Аты аталып, таңбаланып берілген әкімдер, атқамінерлерді қосады. Әлеуметтік дерттің иелерін бұрынғыдан да күшейе түскен ызалы сыншылдық, өткір сатирамен әйгілеп әшкерелейді.

Өзінің үлкен тақырыбы — қоғамдық мінді айту болса, ақынның бұл жөнде қайта басқанын көрмейміз. Жауыздық, жаманшылықпен алысуда бұрынғыдан да құлшына түсіп, үдей басқанын байқаймыз.

Осы жылдың өзгеше бір шығармасы — "Өлең — сөздің патшасы". Ол — қазақ оқушысына ертеден даңқты көркем әдебиетте Абай тудырған биік тұрғы есебіндегі өлең. Бұған шейін ақындықтың әлеумет тірлігіндегі өзгеше қасиеттерін Абайдың өзі де жырлаған жоқ-ты. Ақын мен ақындықтың мұрат-мақсаты туралы қазақ әдебиетінде Абайдан бұрын өзге де жырлаушы, жазушы болмаған. Ең алдымен, бұл өлеңде Абай ақындық өнері, ақын шығармалары әлеуметтік тартыстың үлкен құралы, зор мәнді әрекеті екенін анық түсінгенін көрсетеді. Шығарманың үлкен идеясы анық халықшыл демократ қайраткерлердің салт-санасын танытады.

Ең алғашқы сөздерде өлеңге көркемдіктің шартын қойып, эстетикалық жаңа норма жариялайды. Адам баласы айтып келген сөздің асылы — поэзия екенін биік бағалаумен бірге, оны төмендететін олқылықтарды да алдымен айтады. Ал шын жақсы өлең ердің ері, данасы туғызатын сөз болады. Шын жақсы өлең өзі де даналықтың айғағы дейді. Бірақ өзіне шейін қазақ көпшілігіне жайылып жүрген өлең бұны қанағат еткізе алмайды. Айтушы да, тыңдаушы да надан болғандықтан, поэзияның зор қасиеті тумай да, танылмай да жүр дейді.

Келесі бір-екі шумақта Абай өлең сөздің бағасын дін деректерімен дәлелдейді. Мұсылманшылық ұғымынша ең беделді деген жайларды дәлелдейді. Тәңірінің өзі, пайғамбары, мұсылмандарға ұстаздық етуші әулие ғұламасы — бәрі де өлеңді қадірлейтін боп аталады. Бірақ қатты ескертетін нәрсе, Абай бұл жерде ислам дінін мадақтау үшін жаңағыларды сөз етіп отырған жоқ. Тек хат танитын қазақ оқушысының көпшілігі мойындаған дін ұғымдарын өзіне шартты түрде керекке жаратады. Өлеңнің сол ортадағы беделін көтеру үшін пайдаланады. Болмаса, исләмнің анық дінбасы үгітшілерінің — имам, сопыларының, молда-ишандарының көзімен қарағанда, Абай өлең сөз туралы жариялап отырған жаңалықты түгелімен күпірлік деп санар еді.

Өзі бағасын көтермек болған өлеңді құдай айтқан құранмен, пайғамбар айтқан хадиспен теңеуден артық дін бұзарлық болмас. Абай ол арасын жақсы ұғынса да, мына тұста сол дін авторитеттерін өз керегіне жаратады. Онысы және өзінің терең нанымы емес, халық үғымына берілген баж деп таныту керек.

Осыдан ары Абай эстетикалық жаңа принцип жариялайды.

...Іші — алтын, сырты — күміс сөз жақсысын

Қазақтың келістірер қай баласы? —

дегенде, жаңа ғана осының алдында аталған исләмияттік норманың барлығын оп-оңай атап өтіп, тура 1860 жылдарда Чернышевский, Добролюбовтай революцияшыл-демок-раттар әдебиет үшін жариялаған эстетикалық негізге ден қояды. "Іші — алтын, сырты — күміс" демек, мазмұн мен түр мәселесіне Абайдың өз көзқарасын анықтайды. Түрден мазмұн қымбатырақ, бағалырақ дегенді анық танытады. Дәл осындай азғын оймен Абай орыстың классик әдебиетінің ішіндегі ең биік шындығын танып, талғап алғанын көрсетеді.

Мазмұнды жоғары бағалаған Абай өз заманы үшін ғана емес, дәл бүгінгі біздің социалистік әдебиетіміздің тұрғысынан қарағанда да, ең жарқын жолда тұрғандай. Осылайша, эстетикалық ең биік тұрғыға ойын өрбіткен Абай, енді өз алдындағы қазақ әдебиеті тарихына да өзгеше талап қойып, сынмен қарамасқа мүмкін емес.

Осыдан кейінгі көп шумақтарда айтылатын ойларының барлығымен Абай ақындықтың, соның ішінде өз ақындығының жаңа платформасын, үлкен декларациясын жариялайды. Бұл жөнде Абайдың толғаулы ойы диалектикалық отрицание дәрежесіне, философиялық биікке өрлейді. Өткен тарих қалдырған әдебиетке тарихтық, философиялық қатты сынмен, қатал соқтығады. Бұрынғы қазақтың "жүйрігі, шешені" деген ескі биін мақал көлеміндегі жаттанды шешендіктен аспаған арзан ойдың көзқарасын көрсеткендер деп біледі. Әсіресе бұрынғы ақындардың кейбір топтарына ерекше, қатты соқтығады. Сатымсақ ақынды — жағымпаз, жанын жалдаған жексұрын ақын етіп, өнер ұстап жүрудің орнына қайыршылыққа кеткен сорлылықты әшкерелейді.

...Қайда бай мақтаншаққа барған таңдап,

Жиса да, бай болмапты қанша малды ап.

Қазаққа өлең деген бір қадірсіз,

Былжырақ көрінеді соларды аңдап, —

деген төрт-ақжол өлеңінде Абай қазақтың бұрынғы поэзиясында таптық жіктің өзі де айқын екенін көрсетеді. "Ақын" аталып жүрген үлкен топтың ішінде үстем таптың, бай мен әкімдердің жыршы-жаршысы боп жүрген санашылары бар екенін атап тұрып, таңбалап береді.

Қасиетті өнерді жағыныш, мақтанышқа жұмсап, көп құнсыздың, жуан содырдың тобын қошемет қылған ақынды сол топтың өзіндей, халық ортасындағы ең бір жиренішті жандардың қатарына апарып қояды. Абайдың сыншыл, тапқыр әділетті ойы — ол ақындар айтып жүрген сөз, қазақ халқының өзіне де "қадірсіз, былжырақ" екенін ашып айтып береді. Өзі көпшілік шаруа елінің сыншылы, қайраткері болғандықтан, жаңағы топтан өзінің арманы мен мақсатын біржолата бөлек етіп, айырып, ажыратып алады.

...Ескі бише отырман бос мақалдап,

Ескі ақынша мал үшін тұрман зарлап.

Сөз түзелді, тыңдаушы, сен де түзел,

Сендерге де келейін енді аяңдап, —

деуменен жаңа жарияланған ақындық декларациясын нықтай түседі.

Сонымен қатар өзінің ендігі сөзі қоғамды, халықты түзейтін үлкен күш деп түсінеді. Өсиет өлең халық дертінің, тарих қайшылықтарының бәрін емдеп, тазартатын өзгеше құрал деп біледі. Ал Абайдың үгіттейтіні зор адамгершілік пен халықшыл, тазалық жолдар болғандықтан, өз заманындағы барлық мінді, сорақылықты сол тура жолдағы жақсы өлең-өсиетпен түгел жойып, жоғалтуға болады деп иланады.

Басқаша айтқанда, адамгершілік, ар, ақтық деген сияқты қасиеттерді тәрбиемен көпке жайса, өмір де, қоғам да, халық тағдыры да өзгеріп, түзеліп кететіндей көреді. Бұл жәй — бір Абай ғана емес, бүкіл дүние ақындары мен ойшылдарының және бұрынғы орыс классиктерінің, әлеумет қайраткерлерінің де, бәрінің басынан кешкен ортақ жәй. Адам баласындағы ұждан, орысша айтқанда — нравственность мәселесі орнына келіп, толып жетсе, сонымен қауым, қоғам тірлігі, тарихы өзгеріп, жақсы боп кетеді деген ойды бұрынғы идеалистік жолдағы ойшылдар мен қайраткерлердің бәрі де ойлаған. Адамгершілік түзелумен тарих түзеледі деген көзқарас Маркске шейінгі дүниежүзілік ұлы адамдардың бәрі де ден қойған наным болатын. Тек Маркс қана шаруашылық болмысының негізі өзгермей, қоғамдық салт-саналық күйлердің өзгеріп, толмайтынын ашып берген еді.

Абай "сөз түзелді, сен де түзел" дегенде, бір-ақ ауыз өтілу сөзді айтып отырған жоқ. Осыдан бұрынғы жазылған және кейін жазылатын барлық шығармаларында жаңағы сияқты өзгеше нанымды көп таратып танытады. Өзінің барлық шыншыл, әділетшіл қажырлы еңбегімен, өлең ұстаздығымен заманын түзеп алады екенмін деп түсінген.

Өз еңбегін сондайлық ұлы жолдағы үлкен адам мүддесі бар, ерекше еңбек деп түсінген Абай енді өлеңдік шығарманың өзін де жанр мен түр жағынан іріктеп, талдап алады.

...Батырды айтсам, ел шауып алған талап,

Қызды айтсам, қызықты айтсам қыздырмалап.

Әншейін күн өткізбек әңгімеге

Тыңдар едің бір сөзін мыңға балап, —

деген толғауда үлкен мән, терең сыр бар.

Халықты тәрбиелейтін анық ұстаздық сөз өзіне бөлек бір алуан болсын. Онда терең оймен, ашық шындықпен аралас үлкен тәрбиелік мән, мағына болсын дейді. Ал осылай талап қойған Абай ақындықтың көпшілігі тудыратын әңгімелі поэзия, уақиғалы, қызық сюжетті поэмаға сынмен қарайды. Оны өзі жазудан тартынады. Себебі, батырлық пен қыз, қызықты жазу — оқушының көңілін ақын өзі баулып, бастаймын деп отырған тәрбиелік жолдан алаң етіп, аударып әкетеді. Ондай шығарманы оқушы ойланып, тәлім алатын боп, оқып тыңдамай, әншейін арзан қызық, болымсыз ермек ретінде тамашалап кетеді деп біледі.

Екінші жағынан, қазақтың Абайдан бұрынғы көпшілікке жайылып жүрген ақындық мұраларының өзі де осы Абай айтқан жайды дәлелдегендей болатын. Бұрынғыдан қалған батырлық жырлар, ашықтық жырлар — барлығы да өз заманындағы тәрбиелік, үлгілік қасиеттерінен айрылып, тек қызықты әдебиеттер ғана дәрежесінде қалғанын Абай өз тұсындағы тыңдаушылар беретін бағадан әбден біледі. Сөйтіп, осы жағдайға қарап та, бұрынғы қазақ поэзиясының дәстүрінен кейін серпіледі. Оларға қарсы бетке шығып, диалектикалық отрицание заңы бойынша жол кешеді. Бұрын қазақ тарихында, әлеуметтік санасында болмаған жаңалықты әкелуші ақын, ең әуелі өз алдындағы тарихи ескілікпен қатты шайқасады. Ескіріп, тозып, енді өмірге жарамсыз, көне боп қалған дәстүрлерден өзінің негізін аулаққа салады. Іргесін ажыратып алып, тың дүниені тарихтық жаңа жолдан іздейді. Осылайша, ақын мен ақындық туралы, олардың қоғам тірлігіндегі міндет, мүддесі туралы өзінің үлкен өріс арнасын саралап алып, бұдан кейінгі шығармаларында дәл осы бір өлеңде қалыптанған негіз бойынша әрекет етеді.

Әрине, Абайдың өз алдында, өз тұсында болған кейбір ақындардан жиренуі — бүкіл қазақ халқына біткен ақын атаулыдан торығып, аулақсыну емес. Сол сияқты, батырлық жөніндегі жырларды өз басына қабыл етпегенде, мазмұнның көркемдігін біржола мансұқ еткендік емес. Ендігі тарихтық дәуренде қауым тіршілігі жаңаша, басқаша боп өзгеріп құрылу керек дейтін Абай, ақындық міндетті түсінуде, үлгі алуда орыстың классик әдебиетіне бет бұрады. Содан тәлім алған жаңа заман үншісі, ұраншысы енді халыққа басқаша әдебиет керек дейді. Бүгінгі өмірдің бүгінгі тартысына белсене араласып, басқаша тірлікке халық көңілін бастайтын идеялар керек. Сол талабына сол тұрғыдан қараған қырағы сыншы көзіне "Өлең — сөздің" ішінде аталған байшыл, әкімшіл, жағымпаз, сұрамсақ ақын жат болып көрінбекке мүмкін емес.

Халықты ондай ақындардың әсерінен, ықпалынан Абай ажыратып, айырып алмак, ал батырлық жыры сияқты халық қазынасы сақтаған дастандарды Абай негізінен керексіз демейді. Тек бүгінгі тартыс, мақсат үшін оның жәрдемі аз дейді. Осылармен қатар, Абай халықтың өзіне жақын ел мұңын айтатын ақындар жоқ демейді. Қайта солардың бар-лығын қуат көріп отырып, оларға енді қандай өлең айту шарт, міндет екенін ұғындырмақ болады. Ал қалың елдің көпшілігі қолданып жүрген анық халықтық мұң мен шердің жырын ол жат санамайды. Адам басындағы қуаныш-қайғыны қозғайтын әдет-салтқа аралас тұрған өлең-жырды және ел даналығын танытатын мақал, нақылдың баршасын да Абай түгелімен қостап, құптайды.

Соларды қалың көпшіліктің сүйіп, қадірлейтінін Абай өзі де 1888 жылдың тағы бір ақындыққа арналған терең, көркем "Біреудің кісісі өлсе қаралы — ол" деген шығарма-сында терең танытады. Өз өлеңінің қадірін, мақсатын халыққа жеткізе түсу үшін тыңдаушысы мен оқушысына ежелден тән болған ақындықты сүйгіш мінезді еске түсіріл өтеді. Елдің өз көңіліне түсінікті тілмен даусыз дәлелдер келтіріп сөйлемек болады. Ақын өзі шығарып таратып жатқан жаңа мән, мүдделі шығармаларын ел тіршілігінің керегіне, көмегіне жаратпақ. Әлеумет тартысына қапысыз құрал етіп араластырмақ. Содан өлең сөздің ел тіршілігіне күнде араласып жүргенін еске алып, санап өтеді. Өлең қазақтың ха-лықтық әдебиетінде, жақсы дәстүрінде қандай зор орын алғанын тегіс теріп айтады. Кісісі өлген жан күйерлер бар зарын өлеңмен айтады екен. Елдің салтындағы өлең тірлікке күнделікті ілесіп, үнемі араласып отырады екен, соны тереді. Қайғы-қазада, шат-шадымен қуанышта, толып жатқан әдет- салтта өлеңсіз өмір жоқ екенін атай келіп, осы анық ха-лықтық қасиет деп бағалайды. Бұл жөнде жалғыз ауыз өлеңмен ерекше кең, мол мағынаны берген мысалын көреміз.

...Туғанда дүние есігін ашады өлең,

Өлеңмен жер қойнына кірер денең.

Өмірдегі құзығың бәрі өлеңмен,

Ойласаңшы бос қақпай елең-селең, —

деген терең толғау арқылы, қазақ халқының жақсы әдеті бойынша, адамның барлық өміріне өлеңнің қатар ілесіп отыратынын айтады.

Халық дәме қыларлық, анық ел мұңына жақын ақындарға арнап тұрып, халықтық талап білдіреді.

...Сый дәметпе, берсе алма еш адамнан,

Нең кетеді жақсы өлең сөз айтқаннан?

Сүйенерлік адамды құрмет қыл,

Аулақ бол, әнін сатып нәрсе алғаннан, —

деп отырып, халыққа мазақ болма, қадірлі, сүйікті қайраткері бол дейді.

Бұл тұста да Абай әшкерелеп, аластап шығарған жағымсыз ақындардан басқа, халықтың өзіне жақын, өз ақыны бар екенін айыра танытып отыр. Бірақ осылардың алдында атағы, даңқы көпке мәлім боп жүрген, беделді ақындар бар. Абай үгіттеп, тәрбиелеп отырған ендігі жаңа заман ақындарына сол алдыңғы авторитет саналып қалған ақындардың ықпалы мен залалы тиюі мүмкін. Сол себепті, өзі сыншыл, өзі ер, жарқын талапты жаңа жолдың ақыны бұрынғы "кәрі әруақ" сияқты бір топ ақынды әдейі аттарын атап тұрып, сынап, шенеп өтеді.

...Шортанбай, Дулат пенен Бұхар жырау,

Өлеңі бірі — жамау, бірі — құрау.

Әттең, дүние-ай, сөз таныр кісі болса,

Кемшілігі әр жерде-ақ көрінеу тұр-ау! -

дейді.

Бүкіл XIX ғасырдың атақты ақындарының ішінен Абайдың осы үшеуін іріктеп алуында да тарихтық себеп бар. Абай өскен ел — Арқа қазақтарының ортасында әсіресе беделді болған осы адамдар. Абайдың алдындағы әдебиеттік мол ағымның әсіресе Орта жүз ішіндегі қайраткерлері осылар. Бала шағынан, жас күнінен өзі өскен феодалдардың, үстем тап өкілдерінің ортасында анық абыройлы ақындар да осылар боп саналған. Осы үшін де Абай бұл ақындармен қатты қағысады. Олардың бәрінен қалған мұраны жиып-теріп, бір-ақ мығым сын береді. Өлеңдері "бірі — жамау, бірі - құрау" дегенде, олардың өлең ұйқастырып, сөз қиыстырып жүрген ақындығын олқысылып отырған жоқ. Үшеуінің бірдей идеясын, бәріне ортақ ой кедейлігін әшкерелейді. Халықты алға бастар өнімді жолдары жоқ. Саналары әрі надандықта, әрі кертартпа ескілік, қараңғылықта жатқанын мінейді.

Абай ұғымынша, халықтың арманы зор қасиетті өлең олардан өз заманында да туған жоқ. Өзекті ой мен озғын идеал болмағандықтан, тарихтық тілектердің керегіне жарамсыз болғандықтан, бәрінің шығармасы жамау-жасқау, шоқпыт-құрау сияқты. Ой бейшаралығын, жүдеулігін ғана көрсетеді деп соққыға ұшыратады. Әсіресе осы адамдар Абай, Шоқан, Ыбырайлар арман етіп отырған орыс халқының ұлы мәдениетінен ел санасын, жас буынын, бар ұрпақтарын алыстатып ұстауға тырысқан. Өздері заман өтіп бара жатқан надан, топас хан-төренің кілеміне түскен ақындар болғандықтан, әсіресе Абай өшіге түседі. Олардың орнына, жаңағы өлеңнің аяғында ақын өз мақсатын тағы да жақсы жырмен жариялап, оқушыға ұғындыра түседі.

...Мақсатым — тіл ұстартып, өнер шашпақ,

Наданның көзін қойып, көңілін ашпақ.

Үлгі алсын деймін ойлы жас жігіттер,

Думан-сауық ойда жоқ әуел баста-ақ, —

дейді.

Өлең — ермек емес, өнердің басы. Ол өнер халықтың тілін де, ойын да жаңғыртып, түлетіп өсірсін. Ең алдымен, алысқанда, надандық, қараңғылықпен алыссын. Соны жас ұрпаққа, халықтың болашақ тарихының жаңа қауымына әдейі арнап тұрып айтады. Тағы да шынайы әлеуметтік тартыстың құралы болған өлең арзан бағаланбайды. Жеңіл жеңіске, сән-сауыққа ермек қана боп кетпейді... Өзгеге, алысқа, халықтық, тарихтық ұлы арманға мегзейді... Өлең жазудағы мақсатым осы, бұл халқым алдындағы қарызым дей түсіп, Абай бұрын жариялаған ақындық платформасына тағы да бірнеше кесек ойлар қосады.

1888 жылдың аз өлеңінің ішінде тағы бір орны бөлек шығарма сахараның табиғатына, пейзажына арналған жаңа өлең — "Қыс". Бұл өлеңнің басында Абай анық орыс классик поэзиясымен байланысты, мәдениетті бір стильді көрсетеді. Қыстың өзін тірі жанды, бейнелі етіп сипаттайды. Бұл да тапжылмай қатып тұрған бейне емес, қозғалып, қорқынышты әрекет етіп келе жатқан өндімелі, динамикалы жанды образ. Бірнеше белгілеріне қарағанда, ол Некрасов шығармаларындағы Дед Морозға (Аяз бабайға) ұқсай-ды. Бірақ қазақ поэзиясы және қазақ халқы да қысты бұлай суреттеп көрген емес. Ауызша бір ғана мәтелде "Қылышын сүйреп қыс келеді" деген жалғыз метафора болмаса, қысты адам етіп, оның ішінде шал етіп шамалаған суреттер қазақ поэзиясында болмаған. Бірақ орыс поэзиясынан осындай жаңа бейнені ала отыра, Абай өз өлеңінің алғашқы шумақтарында сол жаңа образды қазақ оқушысына қонымды етіп, оп-оңай таныта келеді. Әсіресе Абай заманындағы қазақ оқушысына аса түсінікті бейне шығады. Бұны танытатын "Кәрі құдаң — қыс келіп, әлек салды" деген жол мен "Алты қанат ақ орда үй шайқалды" дейтін кесек теңеулер.

"Кәрі құда" — ең сұрамсақ, әсіресе алымпаз, тойымы жоқ, жеміт құда. Ол және қызын бермей талдырумен қатар, сан рет қайталап, еселеп соқпай, ала бермей тынбайды. Әрдайым айналып соғып отыратын қысты осы құдаменен теңеу арқылы Абай Аяз бабайды орыс әдебиетінен алып келіп, оқушысына өзінің құдасы етіп, қабыстыра кетеді.

Бірнеше өлеңдік шумақтармен кең, көркем таратқан қыстың өз образынан соң, Абай және де мал баққан көшпелі елдің сахарасындағы кең пейзажды шыншыл шеберлікпен беріп өтеді. Баланы да, алыста жүрген отардағы жылқышыны да, панасыз далада тебінмен күн көрген жылқыны да, оларды торыған қасқырды да түгел айтады. Осы саналған жан-жануар қиял тудырған заттар емес, анық реальдық болмыстың елесіндей шындықтар. Соларды аз сөздермен, аз шумақтың ішінде атап, бейнелеп өтудің өзінен-ақ ақын көп жайды өз оқушысына ескертіп, танытып отыр.

Тек бұнда еңбек иесі жылқышы адам тобының ішінен ең алдымен ауызға алынса да, екінші кезекте үйде отырып, әмір-бұйрық қана жіберіп жатқан байды да еске алады. Бірақ әлі де пейзажды, жансыз дүлей табиғатты адаммен, малмен аралас алуда, реалистік шеберлікті көрсетіп отырған ақын идея жағынан өзге өлеңдерінде жеткен өрісіне өрлемейді. Малшының күйіне көңілі күйзеліп, байдың бейнетсіз өмірін сынамай, тек көргендерін санап өтуші халінде қалады. Тартысты танытарлық идеяның жетім-сіздігінен, қыстың суреті, көбінше, көлденеңнен көруші, салқын қанмен сөйлеуші адамның сөзерцаниесі болып қалады.

Осы аталған ақындық жолмен жыл санап кеңейіп келе жатқан мол сырлы, көп салалы ақындық өрісі енді келіп 1889 жылға жетеді. Ұлы ақынның қадірлі еңбек жолында дәл осы жыл және де аса бір мол жеміс берген жыл болады. Бұл жылы өз шығармалары мен аудармаларын қосқанда, жиырма жеті өлең туды. Орыстың ұлы данасы А.С. Пушкинге қазақ сахарасынан шыққан елші-баршы Абай ақын, дәл осы жылы оқушы ғана болып бармай, оның ойына ой, қиялына қиял, шабытына шабыт жалғап табысады. Сонымен, 1889 жылдың жеке аталатын сегіз өлеңін аударма алады. Бұлар Пушкиннің "Евгений Онегинінен" қазақ ақыны жыр еткен үзінділер. Біз Абайдың барлық аудармаларын бөлек тексеріп өтпек болғандықтан, қазірде мынау еңбегіне айрықша тоқтамаймыз.

Сонымен, 1889 жылдың қалған он тоғыз өлеңін тақырып жағынан жіктеп өтейік. Бұнда да бұрынғы жылдар бойында ақын шабытын, азаматтық арманын, халық қайраткерлері есебіндегі идеяларын және терең сырлы, шеберлене түскен сезім сырларын өздеріне тартқан арнаулы тақырыптар айқын көрініп тұрады. Ең алдымен, қоғам тірлігіндегі кесір-кесел есепті жаманшылық, сорақы күйлерді әшкерелеп алысқан тартыс өлеңі бір тақырып болады. Олар — болыстарға қадап, көзеп айтқан енді анық өткір ызалы, улы сатираға айналған шығармалар. Осымен қатар бұл жылда және де ақынның ой толғауын, бас мұңын азамат арманымен қабыстырған ірі шығармалар туады. Бұл жылда Абай өз ақындығының мән-мақсатын тағы да тақырып етеді. Бұлардың үстіне, бір топ өлең әйел жынысына арналған көркем, сыншыл сөздер болады. Бұлардың кейбірі ынтық-ынтызар, ғашықтар сөзі боп жазылады. Және де осы жылда бұрын ақын бірнеше рет жыр етіп көрген табиғат жайы, қазақ сахарасының көшпелі аулында орнаган күз көрінісі жыр болады. Сол саналған бес тақырыптың үстіне, жоғарыда аталған көп аудармалар қосылып, Абайдың 1889 жылғы ақындық еңбек қорытындысы және де іргелі, сапасы биіктеген салаларға бөлінеді.

Қоғам ортасындағы үстем таптан шыққан зиянды элементті Абай бұл жылғы өлеңінде барлық орны, дәрежесімен атап, таңбалап береді. Осы жерде, 1889 жылы жазылған "Болыс болдым, мінеки" деген өлең мен "Мәз болады болысың" деген өлеңнің орны, үлгісі өзгеше деп тану керек.

Алғашқы өлеңді, бертінде анықталған деректерге қарағанда, Күлембай деген болысқа арналған деп санаймыз. Бірақ бір Күлембай емес, сол арқылы Абай бүкіл қазақ са-харасындағы XIX ғасырдың соңғы ширегіндегі болыс, феодал, әкім атаулының барлығын сипаттап, зор обобщениелік шығарма туғызады. Болыс атаулының бәріне ортақ анық шындықты ерекше шебер мысқыл, сатирамен әйгілейді. Бұрынғы шығармаларында да зиянкес содыр-сойқан атқамінер тобының іс-әрекетін әшкерелеп жырлағанда, Абай болыстарды жиі атайтын. Ал мынау өлеңде ел ішіндегі көрнекті әкім, пәле басы анығында болыстар болғандықтан, нақтылап тұрып, бөліп алып, шын содырдың өзін әшкерелейді. Айтайын деген сын-шенеудің ең үлкен тақырыбын ортадан ойып алып, оқушының алдына "сұм кескіні мынау" деп, көлденең тартады.

Көркемдік, суретшілік, сыншы мысқылшылық жағынан ерекше толық шыққан бұл шығарма, ең алдымен, болыстың психологиялық портретін береді. Оның ішкі есеп, айла, тәсілін, сан құбылған мінез-құлқын, қимыл-әрекетін қапысыз, толық бейнелеп шығады.

Абай роман жазған жоқ. Қазақ тұрмысынан басқа түрлі де оқиғалы, сюжетті шығарма беріп, адам образдарының алыс-тартыстарын мол шығарма көлемінде суреттеген жоқ. Бірақ сонда да, ол қалыптаған болыстарға қарасаңыз, жақсы роман, повестің ішінде толық берілетін жанды образдың бар мүсін, кейпі осы өлеңдерде қапысыз қамтылған деуге болады.

Тағы бір айта кететін ерекше мәселе, осы болыстардың қоғамдық, таптық ерекше бір шындығы турасында. XIX ғасырдың аяқ кезінде бұрынғы ірі феодал тобы өзі де азып, іргесі ыдырап, барған сайын халық көзінде сорақы бітімдерін айқындай бастайды. Және ұсақтаған топқа айналды. Бір замандағы хан, төре, немесе рубасы, жуан бел би, аталы шонжар, рушыл әкімдер тұсында істелетін көрінеу жауыздықпен қанаушы зорлықтар енді басқа түрде жүретін айла, тәсілге ауысты.

Елдің ендігі қанаушы әкімдері жаңағы болыстар болса, олар, бір жақтан, таптық қанаушылығын жүргізе отырып, екінші жағынан, әрі жалтақ, әрі қорқақ, жағымпаз да болатын. Жаманшылық қастығын істей отыра, сол кездегі тарихтық, қоғамдық көп қайшылықтарды көре бастаған, аңғара бастаған көпшілік халықтан жасқанатын да, неше алуан алдамшылық, аярлыққа салынатын. Бұл жағынан да, қазақ сахарасына патшалық өкіметі өзіне өкіл етіп қойып отырған әкімдердің шындық сырын ерекше батыл, тура-шылдықпен ашып беру — Абайдай халықшыл ақын үшін қасиетті жол еді.

Сөйтіп, жаңағы болыстың кескініне келгенде, Абай ең әуелі оны өз тіліменен сөйлетіп, неше алуан қорлық, масқара шындықтарын өз тілімен айтқызады.

...Болыс болдым, мінеки,

Бар малымды шығындап, —

деген жолдардан бастап сұмырай болыс өзін-өзі әшкерелей береді. Ақын сатиралық ең бір өтімді, дәлелді және өмір шындығына ерекше жақын, төте жолын алады. Жауыздығын өз аузымен тегіс түгендетіп, өзіне айтқызу — Абайдың жаңадан дәл басып тапқан шебер әдісі. Психологиялық ерекше толық портрет болудың үстіне, болыстың кескіні сол болыстың өзі жасаған автопортрет болып шығуы бұл өлеңді ерекше реалистік дәлдікке жеткізеді. Орыстың классик әдебиетінде Белинский атаған "Натуральная школа" Гоголь шығармаларында нелер қоғамға залалды, жексұрын, жауыз топтарды осындай ерекше жолмен әшкерелеген болатын. Талай городничийлер, Чичиков, Собакеевич, Ноздревтер өздерін өздері әсіресе айқын әшкерелейді емес пе?

Абайдың болысына келсек, ол өз аузымен қорқактығын, екіжүзділігін, өтірікшілігін өзі ашады. Жегенін қайта құсу үстіндегі өкінішін де өзі мәлімдейді. Оязға жағыну кезеңінде:

...Күн батқанша шабамын

Әрлі-берлі далпылдап.

Оязға жетсін деген боп,

Боқтап жүрмін барқылдап, —

дегенде, масқаралық күйге жеткен болыстың қалпын карикатура үлгісіндегі мазақпен жеткізеді.

... Антұрғанмын өзім де,

Бір мінезбен өтпеймін.

Момындық күшті екенін

Көрсемдағы, күтпеймін, —

деген сөздермен құнарсыз болыс өз жауыздығының тамырын да ашады. Бір бұл болыс емес, осымен қатар жүрген ұлық алдында беделі тәуір болыстарды да Абай ондырмай іле кетеді.

...Елі жөнді болыстар,

Мақтанып жүр тарқылдап,

Күлкісі жақсы қарқылдап,

Үні бөлек сарқылдап, —

деп, олардың да сорақы сиқын аша түседі. "Тарқылдап" жүрген мінез-кескін сорақы тұрпайылықтан басқа, жетісіп жүрген халді, жарасып тұрған мінезді немесе сол бір жөнді ойы бар адамшылықты сипаттамайды.

Күлембайдың өзін бейнелеуде қолданған неше алуан ерекше мысқыл эпитеттерін, салыстыру шенеулерін Абай бұл жерде де оқтай өткір етіп, әдейі қолданады.

Абайдың болыс туралы шығарған осы жылғы "Мәз болады болысың" деген өлеңінде де жиын болыс атаулы тағы да барлық жексұрын жүзімен ашыла түседі. Онда ар-ұятын оқалы тонға сатқан жұрт жауы және де нақтылап көрсетіледі. Солардың бәрін өз оқушысына әйгілеп отырып, ақын халықты бұл сияқты дұшпандарыңнан "жасқанба" деп үгіттейді.

...Ол "болдым-ақ" дей берер,

Бұлғақ қағып басқанға.

Елең қағып елбірер,

Елертіп кезді аспанға.

Жайы мәлім шошқаның,

Түрткенінен жасқанба, -

деп, соншалық қажырлы қайрат-қарсылығын таратады. Ащы ызамен аралас, осы тұста ақын барлық ұлыққа арнап, ажал оғын атқандай болады.

Бұл өлеңдерді тексеру жайын қорыта келе, атақты Чернышевскийдің Салтыков-Щедрин сатирасы турасында айтқан бір ойын еске аламыз: "Олардың (чиновниктердің) қоғамдық қылмыстарын бұдан аса ащы тілмен жазып, біздің қоғам денесіндегі дерттерді бұдан артық рақымсыздықпен жарыққа салған жазушы болған емес", — деген.

Сөйтіп, Абайдың жаңағы өлеңдері сияқты, әлеуметтік тартысқа арналған шығармаларындағы шыншылдық, реалистік үлкен дәстүр оны тек Пушкин, Лермонтовтармен ғана табыстырып, туыстырмайды. Біздің ұлы ақынның ой-санасының өсуі орыс әдебиетінің XIX ғасыр бойында үдеп, өскен реалистік дәстүрінің кейінгі табыстарын да мол қамтиды. Абайдың өз заманындағы өмір шындығын ерекше шебер, реалистік үлгімен бейнелеуін Белинский айтқан тағы бір оймен шенестіру қажет: "Әдебиеттегі натуральная школаның жазушылары арқылы біздің әдебиет нағыз шындық жолмен өрледі. Шабыттың, әлеуметтік арманның ең нақтылы негізіне сүйенді, сол арқылы әрі орыс әдебиеті, әрі бүгінгі әдебиет болды", — деген.

Және осы ойына қоса "енді бұдан былай, осы шындыққа, натураға берік болған қалпынан өзгермек емес", — дейді.

Абай шығармаларын тексерудің басынан бері қарай біз айтып келе жатқан бір пікір, оның ақындық жолында айқындап шыққан реалистік дәстүрі болатын. Бұл жолда біздің ақынның табысқан, түйіскен даналары орыс классиктері дегенбіз. Шыншылдық, нақтылы дәлдік және қоғам өмірінің күнделік болмысымен байланыстылық жағынан алғанда, біз Абайды да, Белинский айтқандай, әрі қазақтың халық ақыны, әрі өзінің тарихи дәуірімен барынша байланысты ақын болды дейміз.

Орыс әдебиетімен жалғасын алғанда, аудармалар мен мәдениеттілік, көркемдік, анық классиктік дәстүр жағынан Абай Пушкин, Лермонтовтан, әрине, көп үлгі алды. Бірақ терендеп талдай бастасақ, тек солармен ғана байланыс жасап, тоқтап қалмағанын көреміз. Белинскийдің сан сапалы, терең түйінді ойларының көпшілігі Абайдың қоғамдық тақырыпқа жазған шығармаларынан әр кезде танылады. Герцен ойларының да Абай еңбектерінен өз орнын тауып отырған жерлерін айқын аңғарамыз. Және, әсіресе, 1860 жылдарда Чернышевский, Добролюбовтар айтқан қоғамдық, сыншылдық ойлар Абай шығармасынан өз бойын көрсеткенде, әсіресе сүйсіне түсесің.

Жаңағы аталған революцияшыл-демократтардың қоғамдық идеясын, эстетикалық, философиялық идеяларын өздерінің шығармаларында талай танытқан Салтыков-Щед-рин, Некрасов шығармаларымен де Абай көп жерде жақсы табысып, түйісіп отырады. Анығында Пушкин, Лермонтовтар күшті ақын болғандықтан, кейде мысқыл, ажуа үлгісін көрсетсе де, орыс әдебиетінде қоғамдық, әлеуметтік және тарихтық ерекшелігі, қасиеті өзгеше боп шыққан қоғамдық сатираны жетер жеріне дамытқан Салтыков-Щедрин болады. Ал Абайдың жиырма жыл бойында шығарған мол мұрасының көптен-көбіне қарасақ, өз заманымен, өзінің тарихтық ортасымен байланысты туған қоғамдық сатирадан көп орын алатын өлең үлгілері аз деуге болады.

Жаңағы болыстар жөніндегі Абай сатирасы түгелімен Добролюбовтың орыс қауымына қандай әдебиет керек деп толгаған бір терең ойына өзгеше жақын қабысады. Добролюбов өз заманындағы орыс жазушыларына әлеуметтік талап артқанда: "Жағымпаз жаршы да, даурыққан сыршыл да, тәтті тілді мақтағыш та қажет емес. Россияға шабытты, ызалы сатирик, ащы шыншыл сөздің тасқынын беретін ақын керек", — деген еді.

Абай тұсындағы қазақ қауымына да керек те керек, қымбат та қымбат анық осы Добролюбов айтқан қайраткер еді. Біз тексеріп өткен, қоғам мінін сынаған өлеңдерінің барлығымен Абай дәл осы Добролюбов айтқан тұрғыдан шығады.

1889 жылы, жоғарыда санауымыз бойынша, Абайдың тоқтаған тағы бір тақырыбы бар. Ол — бұдан бұрын да ақын шығармаларында бізге таныс болған көңіл лирикасы. Өз ойымен халық мұңын қоса мұндап, ойшылдық, сыршылдық үлгіде туғызған терең толғаулары. Бұл қатарға қосылатындар атақты "Сегіз аяқ", сонан соң "Ішім өлген, сыртым сау", "Қажымас дос халықта жоқ" деген өлеңдер. "Сегіз аяқ" — ұлы ақынның жазушылық еңбегінің орта тұсында туған үлкен бір белдей әрі мол, әрі бар жағынан көркем келісті шыққан, зор шығарманың бірі.

Бұл өлеңнің түрі де осы шаққа шейін ақын жазып келген өлеңдердің үлгісінен басқаша. "Сегіз аяқ" демегі — сегіз жолдан қайырылған шумақтар болғандықтан айтылған. Көп ойлармен заман, қоғам шындықтарын және өз басының мұндарын жиған үлкен өлең, ең әуелі Пушкин, Лермонтовтар дәстүріндегі аса шебер арнаудан басталады. Ол тағы да мән-мақсаты өзгеше өлеңге арналған шумақтар.

Өзінен бұрын ешкім таппаған қиын ұйқасты шебер түрге Абай әдейі арнап ән де шығарады. Бұ да өлеңнің мазмұны мен мақсатына ақынның ерекше зер салғанын көрсетеді. Алғашқы өлеңге де арналған бастаудан соң Абай:

...Қайнайды қаның,

Ашиды жаның,

Мінездерін көргенде, —

деген ызалы толқын атып, аттап түскенде, өзі тірлік етіп отырған бұзық ортаның дертті кескінін бейнелейді.

Содан бірлік кеткенін, ел іргесі тозып бара жатқанын әшкерелей келіп, осы жаманшылықтардың себебін де айтады:

...Тамағы тоқтық,

Жұмысы жоқтық

Аздырар адам баласын, —

деп, жеке адам үшін, тұтас қауым, халық үшін де ең қадірлі, қажет іс — еңбек екенін айтады.

Осыдан соңғы сан өлеңінде Абайдың бұрын қазақ ақындары айтпаған бір тақырып етіп алатын айнымас ойы — еңбек туралы болады.

Еңбекті Абайдың қадірлеуі қазақ поэзиясы үшін аса бір соңы сөз еді. Ол бұл тұста биік идеяға басады. Бұл тұста Герценнің "Бізде дұға жоқ. Бізде еңбек бар. Еңбек — біздің дұғамыз!" деген ойларын анық еске алуға керек. "Сегіз аяқтың" ішінде Абай әр жерде өз күйігін қосып отырады.

...Ауырмай тәнім,

Ауырды жаным,

Қаңғыртты, қысты басымды, —

деп, өз ішіндегі ой толқыны — у толқыны екенін танытады. Бірақ бұл қасиетті уайым жеке бастың сыры емес. "Мақсұт — алые, өмір — шақ" деуменен Абай халық үшін қамырық шегетінін танытады.

...Не ол емес,

Бұл емес,

Менің де күнім — күн емес, —

дегені, немесе:

...Болмасқа болып қара тер,

Қорлықпен еткен қу өмір, —

дегені және де қайғылы ойының басынан кешетін жалғыздықты айтқан:

...Моласындай бақсының

Жалғыз қалдым — тап шыным! —

деген барлық жолдар сөзбен жазылған емес, қанмен жазылған жолдар.

Бұл тұста Белинскийдің Лермонтов жазған "Одиночество" деген өлеңге берген бағасын еске алу керек. "Одиночество" өлеңіндегі Лермонтов шығарған зарды Белинский: "Қоғамның қанды жаралары осы", — деп бағалаған.

Біздің Абайда да кейін, әсіресе осы "Сегіз аяқтан" басталған көп мұнды көреміз. Ол мұнды ақын өз басының жеке жарасы, өзіндік қам-қайғысы есебінде, "мен" деген жүректен жеке-даралық қайғы түрінде айтады. Кейін де Абайда сол түр, солайша толғау көп кездеседі. Осында оқушыға, "Сегіз аяқтай" үлкен жырдың тұсында, қатты ескеретін қорытынды бір ойларды Белинский сөзімен келтіреміз: "Ұлы таланттың ішінде ішкі сыр, субъективтік элементтің мол болуы — гуманизмнің белгісі. Бұл бағыттан қорықпаңыздар. Ол сізді алдамайды. Жалғанға әкетпейді. Ұлы ақын өзі туралы сөйлеп отырып, өзінің "менін" айта отырып, адам баласы туралы айтады. Өйткені оның жаратылысында бар адам баласы тірлік еткен жәйдің бәрі бар.

Сол себепті, оның қайғы-шерінен әркім өз қайғы-шерін ұғынады. Оның жанынан өз жанын таниды. Сөйтіп, одан ақынды ғана көрмейді, адамды да көреді. Азамат ішіндегі туғанын көреді",— деген. Дәл Абай басына, оның "мен" деп айтатын қайғы-шерлі зарына, мұнды жүзіне қарағанда, біз де осы ойларды арқау етеміз. Сөйтіп, Абайдың бас қай-ғысын айтқан шығармаларында халық қайғысы жатқандығын, жаңағыдай зарлы, мұңлы жеке жүрек шерінің өзінде де Абайдың позитивтік программасы жатқанын айрықша ескертіп өтеміз.

Лермонтовтың өз басындық сырлы мұңға берілген субъективтік шығармалары туралы тағы да қорыта келіп, Белинский және де біздің Абайға бола шешу, қорытынды айта кеткендей болады: "Осы белгісінің өзіне қарап, біз одан орыс ақыны екенін және аса зор, қасиетті мағынада халық ақыны екенін көреміз. Бұл ақынның бойынан орыс қоғамының белгілі тарихтық кезеңі көрініп тұр деп бағалаймыз", — деген. "Сегіз аяқ" турасындағы Абайдың өз ішін мұңмен ашқан терең сырын біз осы ұлы сыншы айтқан айнымас шындықпен аяқтаймыз.

Жоғарыда жіктеуіміз бойынша, Абайдың бұл жылы тағы да оралып соғатын бір тақырыбы — ақын мен ақындық міндеті туралы. Бұның айғағы — "Мен жазбаймын өлеңді" деген шығарма.

Ақын бұл тұста өз өлеңінің санасы мен арманы бөлек екенін тағы да жаңаша, терең оймен тарата келіп, айрықша бір жайға нақтылап тоқтайды. Ол — осы өлеңнің ішіндегі жөні бөлек бір толғаулар туралы:

...Сөз айттым "Әзірет Әлі айдаһарсыз",

Мұнда жоқ "алтын иек, сары ала қыз".

Кәрілікті жамандап, өлім тілеп,

Болсын деген жерім жоқ жігіт арсыз.

Әсіре қызыл емес деп, жиренбеңіз,

Түбі терең сөз артық, бір байқарсыз", —

деген алты жолды шумақ өз ішіне көп мән-мағына сыйғызған өлең.

Абай шығармаларына осыдан бұрын беріліп жүрген түсініктерде дәл осы өлең Көкбай, Әріп сияқты өзіне жақын жүрген бірнеше ақындарға арналып айтылған дейтұғынбыз. Рас, бұнда Көкбайдың ертеректе айтқан дін сарынында бір қиссасы мен Әріптің "Зияда" дейтін қиссасын еске алып отырғаны шын. Жалғыз-ақ әңгіме тек ол екеуінің еңбектерінде ғана емес. XIX ғасырдың орта тұсынан бастап аяғына шейін және XX ғасырдың басында да Қазан, Орынбор, Петербор баспаларында татардың баспахана иелері, саудагер капиталистері қазақ сахарасы үшін бастырып таратқан аса көп кітаптары болған. Сол кезде басылып, тарап жүрген шала қазақша сексен шамалы кітаптың көптен-көбі қиссалар болатын. Ол кітаптардың бәрін де қазақтың діншіл, кітапшыл (исламшыл) молда ақындары шығарған. Осы шығармалардың көптен-көбі панисламизмді қазақ сахарасына таратып, сіңірудің үгіті еді.

Сол кітаптардың көбінде ескі замандағы ислам дінін таратушы дін қаһармандарының істерін дәріптейтін. Солардың арасында Мухаммед пайғамбар, оның досы Әзірет Әлі, кейін шыққан Хасен-Хұсайын, Жәнәбіл, Сейітбаттал сияқтыларды ерекше діндарлықпен, сопылық қошеметпен көтере мақтайды. Осылардың шабуыл, соғыстарын дәріптеу арқылы өзге дүние жүзінің мұсылман емес елінің барлығына қастық, өштік үгіт, өсиет тарататын және барлық ислам туы астындағы елдер тарихының, тілінің, географиялық жағ-дайының, тарихтық тағдырының өзгешеліктеріне қарамастан бәрін бір бауырлас, дін қарындас дейді. Әдейі арнаулы саяси мақсаты бар өсиет еді. Ол үгіттің түбі пайғамбардың заманын ғана қошеметтеу емес, қайта көбінесе сол XIX ғасырдағы шығыс өлкесіндегі халықаралық қайшылықтарды қамтиды. Жақын Шығыс пен Россиядағы мұсылмандар арасынан шыққан буржуазияның европалық, россиялық ірі капиталистермен базар үшін таласуында әдейі ойланып табылған, кертартпалық, реакциялық қыңыр сана — осы кездегі исламшылдық санасы болатын. Мұсылман буржуазиясы мен олардың сыншысы болған әдебиетшілер және баспа орындарының редакторлары осы жолда қандай күштерді болса да пайдалануға тырысқан.

Сонымен, ғасырлар бойында дүние жүзінің прогрессивті мәдениетінен оқшауланып, оған қастасып, мешеу қалған шығыс елдеріне неше алуан надан үгітшілерді таратады. Оларды әр алуан айла-тәсілмен пайдаланады. Қазақ даласын өзіне жақын отырған ұлы орыс халқының мәдениеті мен жаңалық әсерінен аулақ ұстамақ болады. Соған қарсы халықтың ескі надандық қараңғылығын пайдаланбақ. Ел көпшілігінің санасы сау болса да, соған реакцияшыл дін фанатизмін таратып, сіңірмек болады. Жаңағы кітапшыл, шала молда, жалған ақынның көпшілігін сол көп исламшыл, діншіл қиссаларды шығаруға бастап отырған өте айлалы және қатты зиянкес, саяси бағыт тұтынған топтар бар. Россияның ішінде осы соңғы топтар Англия, Германия сияқты Жақын Шығысты көптен торлап, қалап жүрген империалистік мемлекеттердің әдейі жіберген агенттері есебінде де әрекет етеді. Осылар Россиядағы ислам дінін тұтынған елдердің бәрінің ортасында, қазақ арасындағыдай, қараңғы діншілдік үгітін мол таратады.

Бұл елдерді Россиядағы патшалықтың отаршылдық саясатын желеу етіп отырып, сылтау ете жүріп, барлық орыс халқының мәдениетінен, өнер үлгісінен, білім-тәлімінен аулақта, жаулықта ұстамақ болады.

Осы айтылған жайларды біздің көбірек таратып, айтып отырғанымыз, Абайдың қоғамдық идеясы мен ақындық шығармаларында төтелей кездесетін болғандықтан айтамыз. Жалғыз-ақ кездесу, бітімдесу, үйлесу түрінде емес. Үлкен өрісте, негізгі қарсылық түріндегі кездесу екенін, программалық, тарихтық қайшылықтардың қақтығысып, қарсы алысуы түріндегі кездесу екенін ерекше баса айтамыз.

Абай өзінің бұл күнге шейін, біз тексеріп өткен, барлық шығармаларымен орыс халқының өнерін үгіттеді. Өзінің ақындық мұрат-мүддесін, барлық жаңа саналы үлгісін орыстың классик әдебиетімен байланыстыра отырып дамытты. Және соңғы жыл өлеңдерін тексеруімізден байқалуы бойынша, Россиядағы халықшыл-демократтық тартыстың са-нашылы болған ұлы орыс даналарымен күн санап, жақыннан табысып, қабыса түсті. Әр кезде көп таратып айтса да, жаңағы біз тоқтаған бір шумақта Абай және де сол жаңағы айтылған жолдағы өзінің жаңа программасын жарыққа салады. Оқушыға ғана айтып қоймай, халықтың жоғын жоқтарлық, мұңын мұндарлық жаңа талап ақындарды өзіне серік етіп алмақшы. Оларды өз бағытына бейімдеп, қоса тәрбиелемек боп талаптанады. Сөйтіп барып, бағанағы көп қиссаларды, діншіл үгіттерді қазақ даласына жайып жатқан залалды үгітшілерге, реакцияшыл күштерге қарсы топ әзірлейді. Пайғамбардың, Әзірет Әлінің тартыс-тарихын әдейі сөз қылмаймын дейді. Шығыстағы көп жайылған сопылық сарындарындағы жалған, жасанды ғашық-мағшуқ жайын да әдейі жырламаймын дейді.

Олардан туған әсер, жалған қызықшылық саналы ақын тұтатын жол емес, демек:

...Өлеңі бар өнерлі інім, сізге

Жалынамын, мұндай сөз айтпа бізге.

Өзге түгіл, өзіңе пайдасы жоқ,

Есіл өнер қор болып кетер түзге, —

деген сөздермен қазақтың жас буын ақындарын үлкен мақсатқа баулып, бастамақ болады.

Сөйтіп, ақындықтың тақырыбына бұл жолы оралғанда, Абай өз тұсында болған әдебиеттік ағымдардың ескісі мен жаңасын, пайдалысы мен залалдысын саралап тұрып, екі айырады. Бұнысы тек бір өз басының ақындық жолындағы ізденуі ғана емес. Жоғарыда айтылғандай, бүкіл Қазақстанның, қала берсе, бүкіл Жақын Шығыстың тарихтық, саясаттық халдеріне байланысты, жаңа салт-сананың ескілікті кертартпа салт-санамен алысуының айғағы еді. Сол себепті жаңағы өлеңді ақындық жайында өзгеше мәні бар өлең деп ұғынуымыз керек.

1889 жыл тақырыптарының тағы бірі — махаббат жайы деген едік.

Сол қатарға кіретін осы жылы жазылған бірнеше өлең бар. Бұлар: "Қор болды жаным", "Сен мені не етесің?", "Жігіт сөзі", "Қыз сөзі", "Білектей арқасында өрген бұрым".

Осы бес өлеңнің тұсында Абай әр түрлі стиль іздеп, махаббат, ғашықтық жөнін әр алуан үлгіде жырлап көреді. Сонда, "Қор болды жаным" осы тексерудің бас кезінде біз айтқан, шығыс ақындарының Абайға еткен әсерін көрсетеді. Махаббатты "тағдырдан келген зұлым" — дейді. "Жаным қор болды, бек бітті халім", — дейді. Сол ауыр дертпен тең мүшкілдікті алланың жіберген тағдыры, оны бенденің көрмеске шамасы, қане? — дейді. Әрине, оқушыға ап-айқын, махаббат жайын бұлай жырлап көрген қазақ ақыны болған емес.

Орыс, европа классик поэзиясы да ғашықтықты құдайдың тағдыры екен, кеудеге әкеп салды дей қоймайды. Ал кейде сопылық лирикасы көбірек әсер еткен шығыстың классик поэзиясындағы көп диуандар, толы сансыз көп ғазелдер, қандай улы ақын айтса да, осы жаңағы "Қор болды жанымның" наным, сезім сарынымен жырланатын. Абай осы үлгі дәстүрмен бір кезек ойлағандай болады. Жасы ұлғайып, басқаша стиль, дәстүрдің ақыны болып алып-ақ, өзі жақсы білген шығыс классиктерінің үлгісінше, бір сәтке осындай құлақ-күй шертеді. Ұлы Пушкиннің кейде Пармиге, кейде Құранға, кейде "Песня песнейге" еліктеу ретінде ойнай жазған қысқа өлеңдері тәрізді бір мысал.

Шығармалық еңбегінің қайсысына болса да ерекше ықылас, ұқыптылықпен қарайтын ақын, бұл өлеңге бұрын айтпаған, таппаған жаңа түр береді. Сол жаңа түрін оқушыға тосандық етеді деген оймен ұғымдырақ, қонымдырақ ету үшін әдемі ән де шығарып таратады.

Ғашықтық тақырыбына жазылған осы жылдың тағы бір өлеңі — "Сен мені не етесің?". Онда опасыз жардан назпала шеккен ер шерін шертеді. Бұнда да Абай барынша шебер түр-табады. Жеті жолдан қайырылатын ұқсастық көбінше он төрт жолды шумақ боп келісе үйлескенін көреміз. Абай осы өлеңде ең алғаш рет әр жолдың ырғақ, буын өлшеуін де қатты өзгертеді. Кей жол төрт-бес сөзден құрылса, белгілі санаулы қатарда, мысалы: төртінші, алтыншы жолдарда бірбір-ақ сөз бір жол болып отырады. Осындай өлең уәзінін (Абайдың өзі айтуынша) тауып, ақын және де арнаулы ән шығарады. Әні де қазақ айтып, естіп жүрген ән-күй ырғақтарынан мүлде бөтен. Бұндайлық өлең түрін құрып, ән өзгешелігін іздегенде, Абай қазақ музыкасы үшін әдейілеп речитатив өрнегін тапқан тәрізді. Тегінде, речитатив музыкасында драмалық-уақиғалық мазмұн молырақ болады. Мынау өлеңнің мазмұнында бастан-аяқ жүріп отырған үй ішілік драмалық бір хал баян етілген. Өлеңнің он төрт жолдан қайырылған шумағының өзінде де, қалыпты өлшеулі қатармен түсіп отырған өлең сөзден гөрі, ауызша айтылып отырған сөздің интонациясы бар (разговорная интонация).

Бұл өзгешелік тек Абайдың осы шығармасында мазмұн, түр (әрі өлеңдік, әрі музыкалық түрлері) өте үйлесіп табысқандықты танытады. Тұтас бітімнен төгіліп шыққан әсем бір келісім аңғарылады. Бұл өлеңде, тегінде, орыс классик поэзиясының, соның ішінде әсіресе Лермонтов лирикасының зор әсері бар тәрізді.

Осыдан соңғы екі өлең: "Жігіт сөзі" мен "Қыз сөзіне" келсек, Абайдың ғашықтық жайын жырлауда және де біржолата басқаша стиль-дәстүрді ізденгенін көреміз. Бұл өлеңдерде ішкі сырларын сәлем хатпен делдал арқылы айтысып отырған жастар көрінеді. Жаңағы ғазелмен айтылған шер-мұңнан мынау өлеңдер мүлде бөлек. Бұл өлеңдердегі асықтар қазақтың анық Абай тұсындағы ауыл жастары. Солардың ішінде құда менен құдаша, бозбала мен бикеш сәлемдемесі. Екеуі де жалын жеңістерін анық-ақ ынтық-ынтық сезіммен айтпақ болады. Сол көңіл талаптарына арналған нелер шебер теңеулерді ақын табады және тапқанда қазақ халқының өз тірлігіндегі, өз табиғатындағы болмыстар, натурадан мысалдар алады.

Осылайша бейнелеу арқасында жігіт те, қыз да өздерінің тілектерін натуралистік шындықпен бадырайтып, ашық айтысады. "Тар төсекте", "құмар қану" деген сияқгы жігіт пен қыздың нақтылап айтылған, әсірелеп аталған мақсаттары бұл өлеңдердің шешендік теңеуіндегі көркемдігіне қарамай, негізінде натуралистік қалыптағы, тұрпайылау болмысты баяндайтын өлеңдер боп шыққанын байқатады.

Тағы осы жылдың ендігі бір-екі өлеңі және де бұрын Абай бірнеше рет жырлап көрген сахара табиғатының өзгеше кезендеріне арналады. Ол — көшпелі ауылдың күзгі тірлігін суреттеген "Сұр бұлт" және "Қараша, желтоқсан мен" дейтін екі өлең.

Бұл өлеңдер көркемдік жағынан да, өмір шындығы мен мазмұн жағынан да және әсіресе ақын барынша батыл шыншылдықпен ашып берген қоғамдық тірлік, халықтық идея жағынан да бұрын Абай жазған табиғат турасындағы өлеңдердің барлығынан биік өрлеп, өзгеше сапа табады.

Бұнда көшпелі елдің күзді күнгі тіршілігін жүдеген табиғаттың көрініс, өзгерістерімен де көп танытады. Ақын аса қонымды реалистік пейзаж бере отырып, адам топтарының өмір болмысын да мықтап қамтиды. Аз сөздермен барлық көшпелі шаруаның көп күйзеулігін таныта келе, әсіресе күздің ауыртпалығы кімге түсетініне айрықша көңіл бөледі. "Сұр бұлтта" да жүдеулігі, күйсіздігі аса ауыр сорлылыққа жеткен кедей ауылды бейнелейді. Сол ауылдың адамы ғана емес, итіне шейін даланы кезіп, безіп кеткенін айту арқылы Абай көшпелі тіршілікке дәл осы өлең тұсында лағынет айтқандай болады. Онсыз да жәйі жүдеу, кедей ауылға көшпелі өмір анық азап, қатал жаза есепті аталады. Бұл шақта барынша жанын салып, бейнет кешіп жүрген, арылмас еңбек иесі кедейдің де қатты қинауға түсетінін екінші өлеңде, "Қараша, желтоқсан мен" деген өлеңде әсіресе айқындай ашып береді.

Бұған шейін Абай жазған "Жаз" бен "Қыс" өлендерінде реалистік пейзаждың шыншыл қалпын бере отырса да, адам мен табиғатты ұдайы араластыра алып жүрсе де, біз ақын шығармаларында қоғамдық қайшылығы жетерлік дәрежеде ашпайтынын атағанбыз. Ал мынау соңғы өлеңде, Абай осы жөнінде зор саналы халық қайраткеріне ауысады. Бұндағы ауыл — анық айқын таптық жікке бөлініп отырған ауыл. Оның бір шеті — кедейлерді, малшыларды қатал, қастандықпен көрінеу қанап отырған бай үйлері; ол ауылдың екінші шеті — өңшең жыртық лашық ішінде қайыршылық күн кешкен кедей, жалшы үйлері. Осы үйдің үлкендері мен балаларына шейін ақынның көзіне түседі. Араларындағы бітімсіз қайшылықтармен суреттеледі. Ақынның алғашқы Кәкітай бастырған баспасы мен кейінгі кейбір баспаларда түсіп қалып жүрген екі ауыз өлең, әсіресе Абайдың сараң бай мен бәйбішеге иттей жек көріп, жиреніп айтқан ойларын танытады. Байдың қатыны өзінің кішкене баласына іігейін "кедей балаларына асынды берме" деп, сараңдыққа баулып, азғырып отырғанын көріп ақын:

...Ол да өзіңдей ит болсын, азғыр-азғыр! —

деп, қатты ызалы жүрекпен жазғырады.

Абайдың сан сатирасы өзгеше батыл, турашылдықпен еңбекші көпшілікті қанап жүрген жауыз топты аямай әшкерлеп берген болса, мынау өлеңде де оның халықшылдық салт-санасын аса айқын ашады. Бұндағы өзі көрсетіп берген тап қайшылығы арқылы Абай қазақтың еңбекші қалың елінің жоғын жоқтап, соның көңіліндегі бар шері мен арманын айтады. Бұл тұстарда Абайдың аузынан сол замандағы қалың еңбекші бұқараның дертті шындығы толық айтылады. Бірақ осылай ете келе, дәл сол жаңағы өлеңнің соңғы шумағында Абай "Бай мен кедейді аңдыстырған құдай" деп кетеді. Және ең соңғы жолдарда:

...Бір қыс сақта, тас болма сен де о құрлы,

— деу арқылы ақын, бір жағынан, кедейге сол ауыртпалық халдің шығар жолын атай алмайды. Екіншіден, баймен екі арасына бітімші болғандай аңғар танытады.

Әрине, ағартушылық жолында, қазақ көпшілігінің қанаушы жауын мол мысалмен, батыл сыншылдықпен кең ашып берген Абай өзінің заманында еңбекші елдің тартысы қалай болу керек екенін атап бере алмады. Оның тарихтық, тыптық тұрғыдан қарағанда,тар көлемді болған болмыс шындыққа байланысты екендігі түсінікті. Осы жөнде Лениннің 1910 жылы Толстой туралы жазған мынау ойларын еске алалық: "...Оның аузымен қазіргі кездегі өмірдің қожаларын енді жек көретін, бірақ оларға қарсы саналы, дәйекті, ақыр аяғына дейін баратын, бітіспес курыс дәрежесіне әлі де жетпеген орыс халқының сан миллион бұқарасы сөйледі" .

Орыс әдебиетінде бітімсіз тартыстың жайын толық айту дәрежесіне жеткен тек улы пролетариат жазушысы Горький ғана болады.

Әрине, Абай ол заманда жаңағы азғындап жеткен жерінен артықты талап ету мүмкін де емес. Абай шығармаларының келесі кезендеріне ауысарда айтатын жалпы бір жай, 1890, 1891, 1892, 1893 жылдар көлемінде Абайдың өз өлендері онша көп болмайды. Олардың ішінде жылма-жыл қосылып отырған ерекше көркемдік, идеялық, жаңалық үлгілері болса, біз соларын ғана іріктеп, талдап, шолып өтетін боламыз. Жалпы осы аталған жылдарда Абайдың өз өлендерінің, жоғарыда айтылғандай, онша мол болмауы мен қатар, оның аудармалары көбейгенін ескеру керек және мөлшері 1890 жылдан бастап, Абай ақындық шығармаларымен қатар, өзінің жазушылық еңбегіне жаңа бір түр — "қара сөз" деп аталған жанрды қосады.

Сөйтіп, жалпы еңбек көлемін алғанда, ақынның әдебиетшілдік әрекеті азайып, әлсіремейді. Ал әзіргі біз тексеріп келе жатқан лирикаларының тобын алғанда, жаңағы аталған төрт жылдың ішінде және де әлденеше көркемдік сапасы өзгеше болып қалыптасқан сан өлендер бар екенін байқаймыз. Түр жағынан алғанда да, осы жылдар ішінде Абай әлденеше жаңа шумақты, жаңа ырғақты, бурын қазақ поэзиясы ғана емес, өзінің де еңбектерінде бұдан бұрын болмаған түр, стильдер туғызады.

Осы жылдары оригинал өлеңдерін сырттай шолып өтсек, мысалы, он бір буынды, төрт жолды шумақ үйқаспен жазылған бір-ақ өлең бар екен. Ол-"Жазғытұры". Осыдан басқаларының қай тақырыпқа жазылғандарын алсақ та, ақынның үнемі жаңа көркемдік, жаңаша түрлерді өзіне көбірек машық, мерзім етіп алғанын аңғарамыз.

Мазмұн жағынан қарағанда,бұл жылдарда Абай бұрын өзі ақындық, әлеуметшілдік, ағартушылық жолында өмірлік мақсат, мүдесін етіп алған зор тақырыптарды жаңа өлең-дермен, жаңа сапада қайталап отырады.

Әрине, ол тақырыптарына қайта соғып отыру — Абайдың бір орнында тұрып қалуы емес. Бір басқан ізін қайта басу емес. Әр кезекте сол тақырыптарды әр алуан оймен, көркемдік жолында ізденумен, сападан сапаға қарай өрлеу мен жыр етеді. Бұның бәрі — сыншыл және талабы зор ізденген, шабытты ақынның ерекшелігі. Бірақ осымен қатар және де айтатын бір жәй, сол ізденудің көпшілігін толық табыспен аяқтап отырса да, кей-кейде кей шығармаларының анда-санда бір шумақтарында ақынның қайшылықтарға, көрінеу ол қылықтарға ушырап отыратыны да болады.

Жаңағы аталған бірнеше жылдардың шығармаларын тексеру алдында, осындай азын-аулақ жалпы көзқарастық пікірлер айтып,енді сол жылдардың әр алуан ерекшелігі бар өлеңдеріне жеке-жеке тоқтап өтейік.

Осы жөнде алғашқы тоқтайтынымыз "Бай сейілді" деген өлең. Буында да негізінде ақын ел ішіндегі жаманшылыққа айналған ауыртпалықты толғайды. Сол елді билеушілердің халқына тыным бермейтін бұзақылық, әлек-әрекеттерін таңбалайды. Бірақ дәл осы өлеңнің басқа жолдарында әлде қандай мейілі дұрыс, момын бай азайды деп өтеді. Мұнысы айқын тұрған қайшылық. Өзі айтып жүрген содыр,бұзар,ел бүлігі, жұртшылық соры болган болыс, би жаңа өзі басқа да жырларында арамтамақ, тойымсыз деп сынап, шенейтіндері барлығы да байлар емес пе?

Халыққа оларды қас етіп отырған жеке бастарының мінездері ғана емес, байлыққа сүйенген үстемдік пен қанаушылық емес пе? және осы өлеңнің ішінде:

...Ұрысса орыс,

Елге болыс,

Үйден үрген итке ұқап, —

деп сынап отырған болысты сол болыстыққа сайлап, құрық беріп отырған тағы сол байлардың өзі емес пе? Не жаңағыдай, Абай жазықсыз күйде атап отырған бай, болыстың жақын туысы емес пе?

Солардың бәрі жиылып кеп, Абайдың өзі айтқандай, сорақы мінездерін тудырып отырған жоқ па? Дәл солардың ісіне қарағанда:

...Ел де жаман,

Ер де жаман —

Аңдығаны өз елі.

Елге сыяз,

Ойда ояз,

Оңбай-ақ тұр әр түрі, —

екенін сыншы көзбен тура көріп отырған Абайдың өзі емес пе?

Осы себепті "Бай сейілді" өлеңнің ақынның қайшылық пікірден жаңсақ бастап барып, кейінгі шумақтарында түзегенін көреміз.

1890 жылда аса шебер жазылған өзгеше күйлі құрылысы бар бір өлең "Келдік талай жерге енді". Бунда көп надан ортасындағы бір жалғыздың мұңды, улы ойлары айтылады.

...Адам деген даңқым бар.

Адам қылмас халқым бар, —

осылайша түңілген, түнерген ойды көреміз.

Бұл тақырып Абайда бұрын да кездескен. Мынау елеңдер сол жайды жаңаша шумақ, уәзін өлшеулермен баян етеді. Бар өлең өзгеше бір ұйқаспен, жалғыз үйқаспен берілген. Тұр жағынан өзгешелік тағы бір тың жаңалықпен байланысты. Бұнда тұрақты шумақ жоқ. Әуелгі шумақ алты жолдан басталып, соның ең соңғы жолында берілген үйқасқа кейінгі төрт жолды, үш жолды шумақтардың үйлес келген үйқастары тізбектеледі. Өлеңнің аяғына шейін сондай үйлесімдер созыла барады. "Бергенді", "ергенді", "белге енді", "желгенді" деген сияқтылар болады. Тағы бір айрықша өзгешелігі осы шығарманың ішінде Абай өзінің ақындығына жаңа, соны бір теңеу айтады:

Балапан құстай ондалып,

Қанатыңды қомданып,

Жатпа ұяда қорғанып,

Үш, көңілім, көкке, кергі енді!

Көңілде қайғы, қалың зор,

Айтатұғын сөзім бар,

Салсын құлақ ұққандар,

Өрбі, сөзім, өрбі енді! —

дейді.

Осылайша өзінің шабытына,сөзіне,ақындығына дем беріп, өзін-өзі қамшылағандай болады. Оны әлеуметтік тартысының, азаматтық қайратының құралы етеді. Сөйтіп, түңілу күйін ашынып, жігерлене түсуге айдаушы етіп пайдаланады.

1890 жылдың ішінде Абайдың тағы айналып соғатын тақырыбы: табиғат көркі — "Жазғытұры" деген өлең.

Ақын жылдың әр маусымын суреттеуде көп қыр мен сыр танытады.Сонда,күз өлеңдерімен салыстырғанда,"Жазғытұрының"бірталай контрастық айырмасы бар. Тегінде, көктем — мал баққан шаруа халқына қызықты, көтеріңкі кез. Ақын да қыстай малдың күтімімен шүғылданған шал-кемпір, жас-кәрінің жадырап, қуанғанына бірге көңілденіп, қоса қуанады. Жалғыз-ақ, бұл өлеңнің екі түрлі кемшін өзгешелігі бар. Ең әуелі — адам еңбегінің айырмыстары "Күз" өлеңіндей айқын көрінбейді. Екінші — Абай-да дәл осы өлеңде пантеистік ұғыныс көбірек байқалады. Өзінше жаратылыс философиясын бермек болғанда, көктемгі көрікті күйді бәрін "алла" мен "тәңір" құдіретімен жалғастыра айтады. Онан соң, күнді — күйеу, жерді — қалыңдық етіп, осындай образбен теңеу мәдениетті әдебиеттің үлгі дәстүрінен ескіріп қалған, мифтік теңеу болады.

Пантеистігі де солайша жаратушыны жаратылыстың бар көріністерінен таба беруінде. Діндік наным араластырған

174-19 ойларды көне фольклор үлгісіне апарып қосады. Бұл өлеңде, осы себептен туған тұрпайы теңеулер, натуралистік күйге соғатын жолдар да бар.

1891 жыл өлеңдерінің ішінде, "Көзіңен басқа ойы жоқ" дейтұғын өлеңнің тақырып жаңалығы болмаса да, сыншылық, қосымша дәлел фактілері кеңейе түседі. Халық орта-сындағы надандық, қараңғылықты шенеген сөздерді бұрын Абай би-болысқа, атқамінер жуандарға, партия басы, тынымсыз бүліктерге арнаушы еді. Мынау өленде:

... Кітапты молда теріс оқыр,

Дағарадай боп сәлдесі.

Малқұмар көңілі бек соқыр,

Бүркігген кем бе жем жесі? —

деумен ең алғаш рет молданы да қатты әшкерелеп, аямай ажуалайды.

Тегінде, Абай тұсындағы көпшіліктің ұғымы бойынша, надандық пен моральдық ұғымы біріне-бірі қарсы тұрған жайлар сияқты еді. Ал Абай ұғымындағы надандық ең, ал-дымен, молданың өз басында екенін көреміз. "Мал құмар", "Жем құмар" молдалар да халықты қанаушының бірі. Ел ортасына жарық әкелушілер олар емес, өздері қараңғы жолдағы қас надан, бұлардан жақсылық күтпе деп, әйгілеп береді.

Абай осы жылдарда жазған "Қара сөздерінде" айтатын молдалар жөніндегі және халық надандығы турасындағы сыншылық ойларын жаңағыдай өлеңдерінде де қатар ілестіріп отырады.

Ақынның мораль-философиясы ретінде айтқандай сөздері адамшылықты сипаттайды. Сол адамшылықтың өзі ұғынған айнымас шындық сипаттарын айтады. Сондай ойларының көбі — жастарға өсиет афоризм сияқгы боп мол тараған. Жас буынның тәрбиесіне өзін жауапты деп білген өсиетші ең алдымен өз заманының жастарына жаны ашиды. Әсіресе таза жасқа жаны ашиды.

"Жастықтың оты жалындап" деген өлеңінде сондай жастарға әр алуан түрде қамқорлық етеді. Ұстаздық борышым деп, алдыңғы бұзық қауымдар мінезінен бұларды арашалап, өзінің бауырына ала сөйлейді.

...Ары кеткен алдағыш,

Мені-ақ алда, сөкпейін.

Балы тамған жас қамыс

Ормасаңшы, көктейін! —

деген жолдар өз халқының үміт етерлік жаңа буындары үшін Абайдың шіміркеніп, ширығып толғанғанын танытады.

Осы жылдарда Абай лирикалық, эстетикалық тақырыптарының махаббатқа арналған жайына тағы да тыңнан жазған екі өлеңмен оралады. Бұлары: "Қызарып, сұрланып", "Көзімнің қарасы".

Бұрын да осы тақырыпқа әр алуан үлгіде оралып соғып отыратын ақын мынау екі өлеңде және де екі алуан өзгешелік байқатады. "Қызарып, сұрланып" өлеңі, Пушкин, Лермонтов шығармалары сияқты, үлкен бір шындықпен, ыстық жалынмен қырланған махаббатты табиғаттың көркем бесігіне бөлеп көрсетеді. Жасырын кеште алғаш кездесіп, сөз таба алмай,тек қана лүпіл қаққан жүрекпен, қабақпен сыр танытқан жастар көрінеді. Өрепкіген қуаныш арасында алабұртқан дағдарыс та бар. Сәт сайын ауысқан сәл құбылыстар ол жастардың ақыл, сезімдерін билеген.Бар тынысы бусанып, көрініп тұрған жанды махаббат жырланады.

Бұл өлең махаббат психологиясын аса нәзік сезінген шеберлікті танытады. Ақын осындай тең күйде, жалындаған шындықпен табысқан жүректерді құптай қостайды.Шын махаббат сөзсіз, үнсіз-ақ танылсын, ыстық жалынды кеуденің тынысымен-ақ білінсін, айтылып болмастайым- мен емеуріннен танылатын болсын дейді. Сондай ғашықтықты жастарға үлгі еткенде, бір жағынан, интимная лирика арқылы нәзік сырды тереңдетеді. Екіншіден — өзінің реалистігіне берік ақын аса конкретті жайларды суреттейді. Түстей тұманға белгісіз батқан қиял жоқ. Абайдың махаббат жайындағы ең нәзік, ең көркем терең сөздері осы өлеңде көрінген.

Анығында, Пушкин, Лермонтов шығармаларынан танылатын махаббат лирикасын бар үлгі дәстүрімен меңгеріп алып, өзі де сол классиктермен бастаса, теңесе отырып жазған сыршыл өлеңі осы тәрізді.

Ал "Көзімнің қарасы" қазақтың шешен тілімен шеберлеп айтқан сезімдерді көрсетеді. Сонымен қатар шығыс поэзиясында Науаи, Физули лирикасында көп орын алған үлгілердің әсері де жоқ емес. Бұл өлеңде "тәңір, ие" көп кездеседі. Бұнда жастар махаббатының нақтылы шындығынан гөрі сұлудың көркін мадақтау көп.

...Сұлуды сүймектік —

Пайғамбар сүннеті, —

деген тәрізді Мұсылманшылық сөздігінен "жан ләззаты", "жан шәрбаты" — деп келе отырып, "алланың рахметін" де айтады. Сұлулықты тәңірінің дәулеті дейді. Өлеңнің осы алуандас меңзегені махаббаттың бағасын алланың, пайғамбардың беделдерімен бағалатпақ болғандай.Барынша шешен, шебер жазылғанмен, бұл өлеңде әр алуан әсірелеу, аса көтере сөйлеу мол келеді.

Осы өзгешеліктері бұл шығарманы "Қызарып, сұрланып" өлеңінің шыншылдық, дәлшілдік үлгісінен алыстатып әкетеді. Анығында, екеуі айқын екі стильде жазылған, бір-біріне контраст тәрізді өлендер.

Сол жылы жазылған, жалғыздық тақырыбына толғанған шығармасы "Менсінбеуші ем наданды" деген өлең. Осы алуандас өлеңдерге бұл шығармада қосылған тың бір толғау надандықты сөз қылу жөнінде. Бұрын Абай ол надандықты жақсы ақылмен, сап таза өсиетпен, шынайы еміренген адал көңілмен түзеуге болады деген наным үстінде еді. Ал мынау өлеңінде жаңағы жөнде қайта ойланып, надандық әлсіз жау емес, ол әлдеқайда күшті дейді. Сондықтан жақсылыққа талпынған жалғыздың қолынан келері аз, көбінсе оның таласы әурешілік болмас па деген мұңды дағдарыс байқалады.

Осы жылда, жаңағы соңғы өлеңге ілесе, ой-сезім сарыны соған ұқсас келетін "Қайғы шығар ілімнен" деген аса көркем тілді бір өлең және туады. Бұнда да мұңменен түңілу танылады. Көптен түңілу емес, кей сәтте өзіңнен де түңілген тәрізденеді.

Қауым тіршілігіндегі жаманшылықты ақылменен ғана түзеуге болады деп, тартысқа кірісетін, кейін ол ойлары, армандары қанша еңбек етсе де дегеніне жетпейтінін көрген соң түңілу аралас уайымға бір Абай емес, Абайға ұқсаған дүниежүзілік ірі классиктердің бәрінде болған дедік.

Орыс әдебиетінде бір Пушкин, Лермонтовтар ғана емес, сол сарын Салтыков-Щедринде де болғанды. Абай "тірлікте ақылдыға орын жоқ" деген сияқты түңілу ойын айтқанда, осы жаңағы аңғардан шығады. Бірақ бұл түңілуші өзіне орын жоқ деумен қатар, өмірдің қожасы боп жүрген барлық бұзық, содырдың бәрін де қатарынан тізіп, таңбалап беріп отырады. Сол арқылы арманды, мұңды ойының өзі де жауыздарды әйгілегіш, ашулы тартысқа айналып, жаңа қасиет, қымбат баға табады.

Жоғарыда біз тексеріп өткен өлеңдер тобынан бөлек, 1892 жылы Абай шығармасына тағы бір тақырып қосылады. Ол бас қайғысымен байланысты бір алуан жоқтау жыры. Өмірбаянына қарағанда, 1891—1892 жылдар Абай үшін қаралы жыл болады. Ол Оспан сияқты Абайдың жақсы көрген інісі өлген жыл.

Кейін, 1894—1895 жылдарда Абайға Оспанның өлімінен де ауыр тағы бір жара жабысады. Ол өзінің орысша көп оқытып, ойдағыдай тәрбиелеген ардақты ұлы Әбдірахманның қазасы. 1894—1895 жылдарда Абай әуелі Әбдірахманның ауруы үстінде көп қайғы-нала шегеді. Кейін соның өлімін көреді. Осы екі кезенде де, жаңағы Оспан өлгендегі сияқты, сан өлендер шығарады. Тақырып жағы мен нақтылы факт жағынан алғанда, Бұл өлендер Абайдың жеке ғана өз басының үй ішілік қайғысы, бас лирикасы деуге болады. Бірақ сырт қалыптары қазақ поэзиясында көп кездесетін көңіл шеріне, мұң жырларына, жоқтау сарындарына үқсаса да, дәл осы өлендердің өзінде де Абайдың ақындығы өзгеше үлгі тудырып, тағы бір бұрын шықпаған шеберлік танытады.

1892 жылғы Оспанды жоқтаған өлеңдерінде аталған ескі түрлер көрініп отырса да, сол жоқтаушының өзі қандай жан екенін Абай шығармаларынан аңғармасқа болмайды. Жарадар ағаның жан күйер інісін жоқтағанында "бай едің", "бағлан едің" деген емес, "адам едің", "адамдық қадірің басқадан бөлек еді" деген ой әсіресе басымдап отырады.

Сол ерекшелігі бұл алуандас өлендерді де моральдық мәні бар өсиетке айналдырады. 1892 жылы жазылған олеңнің бірі — "Бойы Бұлғаң" және де ел ішіндегі құнсыздарды шенейді.

Бұдан соңғы "Не іздейсің" дейтін өлеңі ақынның көңіл шерін күйлейді.

Енді 1893 жылдың өлеңдерін шолсақ, "Ал сенейін- сенейін" деген өлеңді айрықша ескерту қажет. Бұл да торығудан туған саналы сыншы толғау болумен қатар, ел ішіндегі жауыз топты жалтармастан анықтап атап, тағы масқаралап береді. Ақынның осы жылғы сынына әдейі бір қолданған сырты момын, монтаны әдісі бар. "Сенейін" деп сөз бастап отырып, кекету мен ажуаның ең ащы зәрін халық үшін ең қатерлі жауға жұмсайды.

...Шалма ораған сопының

Ішін арам демейін, —

дейтұғын жолдар кекесіннің ең бір өтімді түріне айналады. Кейін келіп:

...Өткен өмір — көрген түс,

Неғылғанда бір болар,

Деп нанып ем, "маған нан",

Не таптым мен нанғаннан? —

деп тұрып, ауыр зілді сұрақты береді де, тағы да ызалы сынға жол ашады. Нанудың барлығы ақын көрген тіршілікте өкінішке соғады. Бір сәтке өкіне торығып, ешнәрсеге сен-бей өтсе қайтер еді дегендей болады. Бірақ ақын дәл бұл түрдегі мүлде үмітсіз пессимизмге кетпейді.

Толғану мен түңілуді өзіне және де жаңа айдаушы етіп алып, жауыздық, жаманшылыққа тағы да тың шабуыл жасайды. Надандық күйлер мен әр алуан залалды зұлымдық жағдайларға қарсы шығу үшін керегіне жаратады. Түңілудің кейбір кезектерін құлақ күй есебінде пайдаланғанда, ақын жұлдызынан жаңылмайды. Өйткені әрбір кезде сыншыл ойы ашқан ауыр шындықтың ар жағында оның сол барлық ауыртпалыққа қарсы ширығып тұрып, соққы әзірлейтін ызасы бар. Сол ыза — өмірге сырт қараудың ызасы емес, қайта өмірді түзеп алып жаңғырту, жайнату жолындағы алысушының ызасы. Өмірді сүйіп тұрып, сол үшін тартысқа бекіген жанның ызасы болады. Бұл жолы Абай Байрон — Лермонтовтан, Гете — Лермонтовтан аудармалар жасайды. Және осы жылы өз жанынан жазған "Жақсылық ұзақ тұрмайды" дейтін ойшыл, мұнды, шебер өлеңі бар.

1894 жылдың шығармаларында жаңағы айтылған ызалы сыншылдықтың бір түрі — "Қайтсе жеңіл болады жұрт билемек" деген өлеңде тағы бір шебер сатира туғызады. Гүл өлең елді билеп жүрген жуан, бұзықтарға жасаған шабуылды өзгеше өткір, мысқыл мазаққа айналдырады. Ол топтың ел билеуде қолданатын неше түрлі сұрқиялық, аярлық, құбылғыштық мінездерін жарыққа салады. Және ақындық өтімді ирония түрінде тапқан әдісі — бүкіл таптың ішкі сырын, бұрын Абай қолданбаған тағы бір жаңа қыр мен сырын терең түрмен шығартады. Пәле басылардың өзімен Абай сырласып отырған, ақыл қосып отырған кісі боп сөйлейді.

...Жат елге жадағайда сөйле шәргез,

Тар жерде тайпалудан танба әр кез.

Жатты жау деп еліңді үрпитіп ап,

Жауға жабдық деп жиып, пайда қыл тез, —

деп, сұмдық сырларды, сорақы мінездерді ашуға жаңа жол тапқандай болады.

Содырлы сойқандардың біріне-бірі айтатын әзәзілдік өсиеті қандай болатынын ашып береді. Екіжүзділіктің киіз кітабында жазылған масқаралық, сұмдық қағидалары құнсыз ортаның ақылшысының аузымен айтылған болады. Абайдың өзі жаулыққан топты сыншылдық соққысына ұшыратуда шебер қолданған сатираның бірі осы өлең боп қалып-танады.

Бұны терең сырлы, аяусыз сықақ деп атауға болады. Осы өлеңге анық қарсы контраст есебінде тұрған шығарма қазақтың әр буын жастарына нақыл афоризм болып тараған шебер өлең — "Әсемпаз болма әрнеге".

Бұл өлең басынан ақырына шейін қоғамдық тілекке қадірлі, қасиетті адам болудың Абай ұғымындағы сипаттарын баян етеді. Бұнда адамгершілік қағидаларын ақын өз тұрғысынан атап береді. Халқының ортасындағы өзі үміт еткен жас талапкер тобына дұрыс жолды нұсқап отырады.

...Сен де бір кірпіш дүниеге,

Кетігін тап та, бар қалан! —

деген ойлары қауымның дүкеніне пайдалы жан бол, халықтық, дұрыстық тірліктің іргесін қаласуға себепші бол дейді. Өмірге неге келгенінді ақта. Адамдық қасиет тек үлкен орын, үлкен дәрежеде емее. Дұрыс өмір құрушы көптің бағалы өкілі бол. Сол да адамдықтың жеткілікті сыбағасы дейді.

Ақыл, қайрат, шафқат (бұл сөз Абайдың ұғымында гуманизм мағынасында) — барлығы сенің қоғам өміріндегі жаңағыдай жақсы талабыңа жұмсалсын дейді. Әйтпесе қауымға залалды топтың "тірлігім" деп жүрген қу өмірінің қордасы болғанша, тірі болмай-ақ қой, — дейді. Абайдың жас буынға арнап айтқан көптен-көп өлеңдерінің бәрі де жоғарыда біз айтқан бір жайға үлкен дәлелді куәлік береді. Абайда түңілу бар дегенде, сол түңілу өмірді өзгерту жолындағы алысушының бұзар, бұзық ортадан түңілуі дегенбіз.

Осы түңілумен қатар, барлық шығармаларында ақын үмітін де алыс өріске арнап отырады. Сол үміті ұдайы өз халқының жас ұрпағы — жаңа буындармен байланысты. Оларға айтатын сөзге келгенде, Абай тіпті де түңілуші болмайды. Әрбір ұстаздық сөздің үлкен адамгершілік негіз, қасиеттерін терең түрдегі мораль философиямен байланыс-тыра айтады. Жалғыз ғана өлеңдері емес, Абайдың қара сөздерінде, "Масғұт" сияқты дидактикалық өсиет поэмасында да біз осы жолды Абайдың өзіне ең бір айнымас арна етіп алғанын байқаймыз.

1894 жылы болашағынан жақсылық күткен жастарының бір адамы ақынды үлкен дертке, қалың қайғыға ұшыратады. Ол қазақ жастарының ішінде жолы бөлек жан - Әбдірахман болатын. Сол ұзақ ауруға ұшыраған соң, 1894 жылы Абай алыстан жіберген сәлем хат етіп бірнеше өлең жазады. Алыс шетте қатты ауырып жатқан сүйікті баласына мейірбан атаның арнаған жолдары. Өлеңіндегі жәй хаттан, жәй бір үй ішілік бас уайымынан өзгеше тұратын сарын сол — қайғырушы әкенің адамгершілік сипатын танытуда. Әбдірахман ауырып жатқанда да, кейін 1895 жылы ол қаза болған соң да Абай осы жараға арнап көп жырлар туғызады. Сондағы Абайдай атаның қайғысы халықтың азаматын қимаған халық жасының қайғысы болатын. Көп жерлерінде бұл хат танытатын қайғы — үлкен гуманист атаның қайғысы. Өзі оқымысты, білгір және халық қамы үшін ойланған қамқор ойшылдың қайғысы болады.

Абайдың өмір бойы арман еткені орыстың үлкен білімін алған жас еді. Сондай болған Әбдірахманның еңбегінен жеміс күткен халық болатын. Онымен салыстырғанда, Абай өзін ескі буын адамымын деп бағалап, Әбдірахмандай жасты жаңа төлдің, келешектің басшысы деп түсінген.

Оның бойындағы білім мен талап және ірі мағынадағы адамгершілік қасиеттер қазақтың Абай үміт еткен барлық жас ұрпағына үлгі боларлықтай еді. Сондықтан да Абайдың 1894—1895 және одан кейінгі кейбір жылдарда да, осы уайымға оралып, өзінің айтқан жырлары жалпы қауымдық қайғыға айналып отырады дейміз.

Сонымен қатар Абай осы өлеңдерінің алғашқы үлгілерінде өзінің дінге нанған адам екенін де жиі аңғартады. Жалпы, Абайдың дін мәселесіндегі көзқарасына біз кейін шығатын бір өлеңдерінің тұсында молырақ тоқтаймыз. Бірақ жалпы айтатын бір жәй — қай кезде болса да Абай дінсіз емес, қайта дін тұтынушы, иланушы адам болады. Сонда ол өзінің елі тұтынып отырған мұсылманшылық дінінде. Сол діннің алласын және басқа да бірталай қағидасын ақын өзінің нанымы етеді. Дінді түсінудің, тұтынудың және бағалаудың жайында, әрине, заманындағы исламшыл дін басылардың, апологеттердің ұғымынан сан рет аулақ алыс кететін пікірді Абай өлең сөздері мен қара сөздерінде де көптен-көп танытады. Кейде оның діні шартты түрдегі, тек адамгершілік мақсатына ғана арналған дін болатыны бар. Бірақ, осылардың бәрімен қатар, Абай кейде алланы, пайғамбарды аузына жиі алып отырады.

Әбдірахманға арнаған өлеңдерінде әсіресе осы діндік ұғым-нанымдарды ақын мұсылманшылықтың, дін кітаптарының өзі қолданатын тілмен жарыққа шығарып отырады. Сондықтан "алла", "әррахман", "яр түту", "дұғаның қуаты", "сүнғатым" деген сияқты сөздіктер, жаңағы айтқандай, діндік, наным, мазұнмен жалғасып, өзіңше заңды түрде келтірілген ұғымдар болады.

1894-1895 жылдардың жоғарыда біз шолып өткен үлгілерінен басқа жеке адамдарға арнап айтқан қағажу, мысқыл-әзіл өлеңдері де бар. Соның бірі - қыздар деген кісіге арнаған сыншыл шенеу өлеңі.

Бұнда да Абай елдің пәлесін тілейтін атқамінерді дәл өзінің қасынан тауып, нақтылы айыптарын бұра тартқызбас фактілермен дәлелдеп отырып, әділ, қатал сын айтады.

1895 жылғы ақын тудырған өлеңдердің қатарында аса бір көркем, шеберлікпен туған жыр — "Көлеңке басын ұзартып" деген өлең. Табиғат жайында реалистік дәстүрмен, ірі суретшілдікпен туғызған шығармалардың қатарынан бұл өлең жаңа сапада бөлекше көрінеді. Бұнда орыс классик поэзиясының традициясынан ауысқан ірі ерекшелік бар. Онысы енді табиғаттың кезі мен көркін көлденеңнен көруші боп жырламайды. Өз көңілімен айналадағы дүниенің суретін, сырын шарпыстырып, табыстыра жырлайды.

Бұндағы ақын үшін тың жаңалық — табиғаттағы стихия мен ақындық көңілдің шабытты стихиясы терең сырлы сипаттарымен кезігеді.

Көлеңке басын ұзартып,

Алысты көзден жасырса;

Күнді уақыт қызартып,

Көкжиектен асырса.

Күңгірт көңілім сырласар

Сұрғылт тартқан бейуаққа.

Төмен қарап мұндасар,

Ой жіберіп әр жаққа,

деген шумақтарда табиғаттан алған әсер ақынды шіміркендіре бір білінсе, соған орай шабытты жүрек сыр қосады. Кейде сол дүниені көріп отырса, кейде ой көзімен ол дүниенің саз-сарынын ілестіріп барып, шабытты жүрек басқа жаққа да шалқып кетеді. Көрініп тұрған болмыс қана емес, көмескі сезім мен ойларға да алабұртып, ауытқып отырады. Сол өлеңнің ішінде Абай қолданған ерекше бір теңеу бар:

...Адасқан күшік секілді,

Үлып жұртқа қайтқан ой,

Өкінді, жолың бекінді,

Әуре болма, оны қой, —

дейді.

Ақын бұнда халықтың жеңіл мағынада қолданып жүретін тілдегі метафорасын терендетіп, қорғасын құйғандай салмақ бітіріп қолданады. Көпшілік тіліне "Адасқан күшік" деген сөз болымсыз ғана шындықтай, сәл күлкі күйдей танылса, Абайда сол күлкілік күймен қатар, екінші сипат — трагедиялық және философиялық мән-мазмұн табады. Күшіктің айласыз, әлсіз дал болуын көшіп кеткен ауылдың иесіз қалған жұртымен байланыстырып барып, ақын өз басының ендігі мұңын соған теңейді. Көңілдің жұртынан, үміт пен арманның өрісінен көпшілік тірлігі, халық көші аулақ кетіп жатыр. Сондықтан бұның азалы ойы адасады. Үнін ешкім естімес, шерменде ой трагедиялық күйде, ұлып жүріп зарланады.

Жалғыздықтың өз басына түсетін шерлі шындығын Абай кейде осындай шеберлік тереңдіктен толғайды. Дәл осы өлеңнің басқы жолдары Лермонтовтың бір өлеңімен ұқсас басталса да, кейінгі жолдарда ақынның өз шабыты өктем шығады.

1895 жылы Әбдірахманның өлімімен байланысты қайғы-мұңға бату үстінде Абай дін мәселесі мен адамның жаратылыс сыры турасындағы тақырыптарға екі өлеңмен соғып өтеді. Бұның біреуі — ақынның нанымын аңғартқандай "Лай суға май бітпес" деген өлеңі. Екіншісі — адамның жаратылыс сырын сөз қылған — "Өлсе өлер".

Алғашқы өлеңнің басы үлкен ақындық теңеумен тағы да бір өкініш наланы танытады. Содан ары созерцание ретіндегі ойларын тере келіп, ақын өзінің наным жөнін толғайды. Болып өткен ауыр қазаларға жоғарыда танылмаған кейбір түңілу сарындары қосылып келіп, ыза мен қазадан туған бір алуан діншілдік ойлар, күйлер шығады. Абай өзінің тиянақ таппаған тынымсыз көңілін дінге қарай бұрғанда, Мұсылманшылдық дініне барады. Тағы да "халиқ", "амхлұқ", "даһри", "лә мәкан" сияқты анық исләмият өсиетінің сөздігін пайдаланып отырады. Және:

...Күні-түні ойымда бір-ақ тәңірі,

Өзіне құмар қылған оның әмірі, —

деумен алласына бас иген бендесін танытады.

Бірақ исламның үгітшілері иландырған өсиеттер бойынша "алланы" оның жаратқан бендесі ақылмен түсінем десе, адасады, — дейді. Ал Абай осы айтқан қағидаға қанағат қып тұра ма? Тоқтай ма?

Біздің білуімізше, өзін мұсылманмын дей тұра, Абай жаңағыдай дін атынан айтылатын зорлыққа көне алмай шығады. Өзгенің бәрін ақыл-ойға қондырса, мынау жолда да сол ақыл жәрдемші болу керек дейді. Өзі сыншыл, өзі шын ақылы жеткенге ғана тоқтайтын ақын жаңағы дін ұстаздарының "тоқта" деген жеріне тоқтамайды.

Рас, мұсылманшылдықтан шідер үзіп, шығып та кетпейді. Сөйлетіп іздену мен сынаудың, сынап ойланудың жолына түседі.

...Көңілге шек шүбәлі ой алмаймын,

Сонда да оны ойламай қоя алмаймын.

Ақылдың жетпегені арман емес,

Құмарсыз құр Мүлгуге тоя алмаймын, —

деген ойлары бойынша Абайдың діні — ақылдың, сыншыл ойдың діні болуға бет алады. Ислам схоластикасы көзімен қарағанда, Абайдың бұнысы — Мұсылман ғұламалары ұсын-ған дін жолы емес, күпірлік. Шариғат ойланбай илан десе, Абай илану үшін ойланам, — дейді.

Сол себепті, біз Абайдың аузында алла менен оның арабша айтылған сипаттары қанша болса да, ақындық Мұсылманшылығын шартты түрдегі мұсылманшылдық деп білеміз.

Осы ойды келесі өлеңге келгенде, әсіресе деректі етіп, батылырақ байлауға болады:

...Өлсе өлер табиғат, адам өлмес,

Ол бірақ қайтып келіп, ойнап-күлмес.

"Мені" мен "менікінің" айрылғанын

"Өлді" деп ат қойыпты өңкей білмес.

Көп адам дүниеге бой алдырған,

Бой алдырып, аяғын көп шалдырған.

Өлді деуге сыя ма, ойлаңдаршы,

Өлмейтұғын артына сөз қалдырған?

Міні қайда екенін біле алмассың,

Терең ойдың телміріп соңына ермей.

Дүниеге дос ақиретке бірдей болмас,

Екеуі тап бірдей боп орныға алмас.

Дүниеге ынтық, махшарға амалсыздың

Иманын түгел деуге аузым бармас...

Осы өлеңнің алғашқы шумағында Абай адам жаратылысы туралы дуализм жолында. Әрине, ол дуализм Европада Декарттың философиясында да аңғарылады. Бірақ Абай мұсылманшылық шартынан келесі шумақтың соңғы екі жолында тағы да шығыңқырап кетеді. Оның айтуынша, олмейтұғын ой менен өшпейтін сөз, өнер мұра қалдырған адам өлмейді екен. Исләмияттің үйреткені мүлде бұл емес.

Ал мұсылманшылық дуализмі мен Декарттың дуализмін айтсақ, онда айырмыс бар. "Мен ойлаймын, сол себепті бармын" деген Декарттың иеалистік философиялық формуласы ойды заттық дүниеден үстем етіп қояды. Абай да "терең ойдың телміріп соңына ермей" деуменен адамдық қасиеттің ең зоры — ой деп біледі. Ендеше, бірінші дәрежеде тұратын — илану деп дін үгіттесе, Абай одан кетіп, жаңағы идеалистік санадағы философ ойына көбірек жақындайды. Соңғы шумақтың ең соңғы екі жолында Абай ислам діні үгіттеген "иманға" да күдік айтады.

Діннің бес парызы шарт еткен жолдарды Абай өзінің сыншыл ақылымен діндік соқыр наным — предрассудок деп түсінеді.

Осы ойын тағы да кейінгі бірнеше өлеңдерінде және қара сөздерінде де көп қайталайды. Сөйтіп, адамның жаратылысы мен өзінің тұтынған діні турасында Абайдың ең үлкен мән беретіні — адамдағы сыншы ақыл, терең ой ғана болады. Нәтижеде ақын жаратылыс мәселесінде идеалистік көзқараста тұрса да, сырттай мұсылманшылық белгілерін байқатқанмен, бар нәрсенің тетігі ой дегенге келеді. Сөйтіп, жоғарыда айтқанымыздай, оның діні сыншыл ақылдың шартты діні болып шығады.

1895 жылда ақын тағы бір топ көркем өлеңдер: "Талай сөз бұдан бұрын", "Аш қарын", "БалалыҚолді" деген жырлар жазды. Бұларда ел мінезі, әдеттері мен көңіл-күйі, ақындық мақсаты да осылар тектес, бұрынғы өлеңдердей шешен, көркем баяндалған.

1896 жыл шығармаларының ішінде әзірге біздің тоқтайтынымыз үш алуан тақырыпта жазылған үш өлең. Олар: "Малға достың мұңы жоқ", "Адамның кейбір кездері", "Бір сұлу қыз".

Қазақ сахарасындағы Абай тұсындағы мал иесі байлардың барлығының тобына арнап айтқан ақындық қорытынды сияқты бір өлеңі — "Малға достың мұңы жоқ". Бұл ортаның тойымсыз, ынсапсыздығын, ардан кешкен алымпаз аярлығын, қомағай топастығын Абай өткір сынмен ашады. Бұрын ақын байлар тобын жалпы болыстармен қоса айыптап отырса да, кей-кейде солардың араларынан "тәуір дерлік" момын бай дегендерді бөліп сөйлейтін. Ол белгілі бір қайшылық дегенбіз. Ал мынау өлеңде Абай барлық байлар туралы тұтасқан жиреніш, сыншылық ойларды өрбітеді. Онысы қоғамдық мол мазмуны бар, үлкен шындықты көрсетеді. Көпшілік еңбекші бүқара көзімен қарағанда, осы тұста анық, айқын таптық сынды танимыз. Байлардың сорақы, құнсыз кескінін Абайдың дәл осы өлеңіндей ащы тілмен аяусыз әшкерелеп берген қазақ ақыны болған емес.

...Мал жияды мақтаныш білдірмекке,

Көзге шұқып, малменен күйдірмекке.

Өзі шошқа өзгені ит деп ойлар,

Сорпа-сумен, сүйекпен сүйдірмекке, —

деумен қатар, Абай келесі жолдарда қатал өткір тілменен натуралдық образдарды қолдана отырып, қазақ байларының мінезін дүниедегі ең нәжістің бірімен теңейді.

Ақын ойы бұрын кей кезде қайшылыққа ұшырап жүрсе, енді өскелеңдеп, анық халықтық-демократтық түсінікке жетеді. Қазақтың байы жұртына жау. Екінші, көпшілікке істеп отырғаны шошқалық деп алып, еңбек елін бай тобынан айыра сөйлейді.

...Осыны оқып, ойлай бер, болсаң зерек,

Еңбекті сат, ар сатып неге керек?

Үш-ақ нәрсе адамның қасиеті:

Ыстық қайрат, нұрлы ақыл, жылы жүрек, —

деп, еңбек елінен адамгершілік күтеді. Соның еңбегінен нұрлы ақын, жылы жүрек те туады деп дәмеленеді.

Қазақтың малқор да дүниеқоңыз байының маңында еңбек етуші кедей еңбегін ғана жегізбейді, ар қорлығын да көреді, - дейді. Бұл өлең осындайлық ойдың, қоғамдық идеяның өріне жеткен қалпымен, Абайдың өзіндегі азаматтық сыншы сананың жаңадан биіктеп, өрлей түскенін көрсетеді.

Осы жылдың ендігі бір өзгеше өлеңі — "Адамның кейбір кездері". Бұнда Абай және де ақындық жайын толғайды. Бірақ оның бұрынғы айтып жүргендерінен тағы да басқаша, зор мәдениетті, ірі шеберлік тауып жырлаған толғауын көреміз. Абай бұл өлеңде шынайы ақындық шабыт үстіндегі шарқ ұрарлық, өскелең халді алады. Еліктеу жоқ, бірақ өз түсінігімен, өз тілімен көріктей берген осы өлеңінде Абай Пушкин дәстүрін анық еске түсіреді. Орыстың ұлы классигі жазған "Поэт" және "Поэту" деген өлеңдеріндегі ақын шабыты турасындағы аса биік саналы түсініктер Абайдың өлеңінен анық бой көрсетеді.

Сонда Пушкиндегі ақыннан құрбандық тілейтін Аполлон біздің ақында "тәңірге" айналады. Жайшылықта көптің ішіндегі көрнексіздің бірі боп жүрген ақынның шабыт үстінде шалқып кететіні айтылса:

...Кірлеген жүрек өзі ішін

Тұра алмас әсте жуынбай...

Дүние кірін жуынып,

Көрініп ойға сөз салар, —

деуменен шабыт үстіндегі ақын қатардағы адамнан асқындап озып, биікке кетеді, — дейді. Сол биігінен қарағанда, айналадағы тіршіліктің бар зұлымдығын айқын көріп, іркілмей ашып береді, — дейді.

Пушкинде ақынның көрегендігі ұябасар бүркіттің қырағылығына теңеледі. Абай да өзіндік, халықтық теңеуді анық өз бойынан туған бейне етіп отырып толғайды.

...Қыранша қарап қырымға,

Мұң мен зарды қолға алар.

Кектеніп надан зұлымға,

Шиыршық атар, толғанар.

Әділет пен ақылға

Сынатып көрген-білгенін,

Білдірер алыс, жақынға

Солардың сөйле дегенін... —

дейді.

Осындай санамен жауыздық, надандыққа кектенген әділ сыншы қоғамдық шындықтың өкімін айтады. Жалтармай, жасқанбай, бар сорақылықты басқа соғып, көзге шұқып айтады.

...Ызалы жүрек, долы қол,

Улы сыя, ащы тіл

Не жазып кетсе, жайы сол,

Жек көрсеңдер, өзің біл, —

дейді.

Үлгіні үлкен гуманистік дәстүрлі орыстың классик поэзиясынан ала отырып, ақын қазақ әдебиетіне және де жаңаша бір міндет артып, сап таза сипат бітіреді. Әрі мәдениетті ақындық дәстүрін әкеледі. Әрі соны оқушысына ерекше жақын етіп, қамқорлықпен ұғымды, қонымды етіп береді. Және де әсіресе ақын атаулыға, шынымен халыққа жақын жазушы боламын деген қазақ жасына жол нұсқайды. Сатымсақ, ардан кешкен арзан ақын болма, жуандарға қостаушы, құптаушы, қошеметші болма, қайта олар істейтін жауыздықтың шындығын ашып, әділет пен ақындық тілшісі бол, өмір сорақылықтарының әкімшісі бол дейді.

Бұл тұста Абай, сөз жоқ, Чернышевский атаған әлеуметтік, эстетикалық талапты түгел ақтайды. Чернышевскийдің ойы бойынша, ақын өмір шындығына түсінік беріп, шешу айтып қана қоймау керек, ол өмірдің бар мініне өкім де шығару керек. Абай өз ақындығын қоғамдық тартыстың актісі деп түсіндіргенде, осы Чернышевскийдің нұсқаған тұрғысынан барып шығады.

Тақырыбы мен сол тақырып сыншыл шеберлікпен қалыптасуда осы жылы туған, орны бөлек үшінші өлең — "Бір сұлу қыз". Бұл жырда Абай қазақ әйелінің еріксіздік, күндік күйін арнаулы тақырып етіп қолға алады. Өлеңнін алғашқы екі шумағын аңыздай бір тақырыпқа арнайды:

...Етімді шал сипаған құрт жесін деп,

Жартастан қыз құлапты терең суға, —

деп аяқтайтын жолдар шалға тигісі келмеген жас сұлудың трагедиясын қысқа баллада тәрізді баян етеді.

Осы жай барлық өлеңге кіріспе болумен қатар, өзінше өзек - тақырып береді. Қазақ әйелінің халінде шалға ерікіз тиетін, мал күшімен, зорлықпен кететін жас әйелдер жәйі айтылады.

...Бай қартайса малына берер шылбыр,

Мал өмірді жаңғыртпас, құдай ұрғыр.

Біреудің қызын алып малға сатып,

Баяғыны іздеген қандай құрғыр? —

дейді.

Осы тәрізді бірнеше шумақтарда Абай анық қазақ әйелі көретін қорлық пен зорлықты айтады. Бірақ сыңаржақ айтады. Абай заманында қазақ әйелінің көретін теңсіздік қор-лығының ең бір ауыр дертті түрі жас әйелдің кәрі күйеуге тиюі, оның үстіне, көп әйелдің бірі боп, тоқал боп тиюі екені рас. Бірақ ол күндегі әйел қорлығы осы ғана ма екен?

Әмеңгерлік, жастай құда болушылық, жалпы малға сатып алушылық, жастары тең болғанда да сүймегенге берушілік, осы сияқты толып жатқан әділетсіздік дерттері, сан сорақылықтары Абайдың осы өлеңінде түгел айтылмайды. Көбінше, өлеңдегі ой езінің сыншылдық зәрін жас айырмасына ғана арнағандай болады.

Әрине, Абайдың заманы үшін оның осы өлеңінің өзі де өзгеше тарихтық бағасы бар өлең екенін ұмытпау керек. Шеттеп тисе де, қазақ әйелінің ол замандағы мың батпан болған ауыртпалық халін гуманистік, сыншылдық тұрғыдан қарап, ең алғаш рет өз елінің әдебиетінде сөз қылушы Абай ғана.

Бұл орайда қазақтың фольклорында кездесетін ғашықтық трагедияларын әйел халі туралы айтылған үлкен сыншылдық шығармалар деп санауға болмайды. Оларда салттан туған ерекше жайларды, қайғылы күйлерді шер ету ғана бар. Бірақ сол салттың өзін сынау жоқ. Абай болса, қазақ әдебиетінде ең бірінші рет үй ішілік, тұрмыстық негізіне шабуыл жасайды. Көп надандық, масқаралық салттың қазақ әйелін қор етіп отырған бар түрін алмаса да, сол қанаудың ең үлкен мысалдарын көрсетеді. Бай ортасының әсіресе көп қолданатын жаманшылығын ең алдымен ауызға алады. Сыншыл жырмен халыққа әрі мысқыл етіп, әрі айып деп әшкерелейді.

Өзінің заманы үшін бұл өлеңнің сондайлық ерекше орны, бағасы бар. 1896 жылы, жоғарыда тексерілгендерден басқа, "Туғызған ата-ана жоқ", "Сағаттың шықылдағы", "Көңіл құсы құйқылжыр", "Махаббат, достық қылуға" деген тағы бір тақырып көріктерімен қадірлі боларлық өлеңдер жазылады.

1897 және 1898 жылдарда Абайдың өзге өлеңдерімен қатар, тапқан тағы бір тың тақырыбы бар. Ол — қазақтың әніне арналған өлеңдері.

Біреуі — "Көңіл құсы құйқылжыр", екіншісі — "Құлақтан кіріп, бойды алар".

Осы аталған әрі терең толғаулы, әрі әсем және бар сапасы бөлек соңы шығармалар қазақтың әні мен күйіне арналған. Бұл да қазақ поэзиясында бұрын жекеше баға беріп, әсіресе Абайша үлкен эстетикалық, ойшылдық баға беріліп, қозғалған тақырып емес. Абай Бұл жайға өзінің ірі суретші, ойшылдық тұрғысынан қараумен, өз ақындығының қаншалық кең құлашты екенін көрсетеді. Анығында, өз тұсы мен өзіне шейінгі замандағы қазақтың қоғамдық, шаруашылық, үй ішілік, ой-саналық, тіл-өнер тудырғыштық, тірлік-барлық — барша тақырыптарын Абай түгел шолады.

Осындайлық өзі берген деректер мен асыл мұраларына қарап, біз Абайды анық өз заманындағы қазақтың заттық, әлеуметтік және рухани тіршілігінің энциклопедиясын берген дана классик деп, толық бағалай аламыз.

Екінші айтылатын бір жай: Абай өз халқының тілі мен өнерін, анық халықтық қазыналық қасиетті жақтарын аса зор бағалаған. Оны сан рет өлеңге арналған шығармаларынан бір көрсек, осы тұста елінің ән-күй қазынасына арналған шығармаларынан әсіресе тағы да толық танимыз.

Мынау өлеңдерде Абайдың еске алып отырғаны — жалпы ән емес, қазақ халқының өзінің әні. Солай екенін:

...Көбінесе ән басы келеді ащы,

"Кел тыңда!" деп өзгеге болар басшы.

Керім толғап, тауысар қаңғыр-күңгір,

Сол жеріне ойыңмен араласшы, —

дегенінен байқаймыз.

Бұл анық қазақ әнінің әуелі зор шырқаудан басталатын ерекше түрін еске алады. Ақын сол өз халқының әнін өзгеше ыстық көңілмен сүйеді. Көп уайымнан, ұлы дертті ойларынан қазақ әні мұңы айықтырып, сергіткендей болады. Кейде шабытсыз, қанағатсыз, толықсыған жүрек те әл-қуат беріп, қайта оңалтқандай болады.

...Ұйықтап жатқан жүректі ән оятар,

Үннің тәтті оралған мәні оятар.

Кейі зауық, кейі мұң, дертін қозғап,

Жас балаша көңілді жақсы уатар.

Мұңмен шыққан, оралған тәтті күйге,

Жылы жүрек қайда бар қозғаларлық?..

Жақсы әнді тыңдасаң ой көзіңмен,

Өмір сәуле көрсетер судай тұнық.

Жарамды әнді тыңдасаң, жаның еріп,

Жабырқаған көңілің көтерілер...

Міне, осы айтылған ән мен күйге кезектеп берген бағалар, Абайдың өз өлеңіндегі музыка қазынасына тіпті барлық басқа өнер мұраның бәрінен де артықша, биік орын бергенін байқатады.

Халқының әнін Абай өзінің мұндасы етеді. Ойына, азаматтық еңбегіне қанат бітіретін сенімді серігі есепті санайды. Ақын жарқын жүзді, жақсы шырай мен жалынды шабыт табады, жабырқаған көңіліне ем етеді. Бірақ онда да сынсыз шұлғымайды. Тағы да шыншыл, ойшыл ақын әннен әнді қатты талғап айырады:

...Әннің де естісі бар, есері бар,

Тыңдаушының құлағын кесері бар.

Ақылдының сөзіндей ойлы күйді

Тыңдағанда көңілдің әсері бар, —

деуменен бар дүниеге ойлана, сынап қарайтын ақын ән мен күйге де шарттар қояды. Әнге арналған екінші әсем өлең:

...Құлақтан кіріп, бойды алар

Жақсы ән мен тәтті күй.

Көңілге түрлі ой салар,

Әнді сүйсең, менше сүй, —

деп басталады.

Бұл өлеңде Абай, жаңағы айтқандай, әнді құртындаушы, тамаша етуші ғана болмай, соншалық өзі ынтық болтан өнерден кейінгі еңбегіне зор қуат алатынын айтады.

...Бір күйгізіп, сүйгізіп,

Ескі өмірді тіргізер.

Өмір тонын кигізіп,

Жоқты бар қып жүргізер, —

деп, музыканың шабытқа шабыт қосатынын танытады. Көркемдік жыршысы көркем туыстан кең тыныс алады. Ән мен күй ілгергі тартысқа қуат бітіргендей әсер беріп, бұны тың талапқа бастайды. Қазақ әні Абайдың өмірге арналған көзқарасы жөнінде де кейде жасартып, жебеп отырғандай болады.

...Тағы сене бастаймын

Күнде алдағыш қуларға.

Есім шығып қашпаймын,

Мен ішпеген у бар ма? —

дейді.

Мінеки, ән турасында айтқан ақын толғаулары осындай. Бұларда сезімтал жүректі шіміркендіре шыққан шындықтары мол. Осы жылдарда Абай тудырған, біз түгел санап өтпеген тағы да көп өлеңдер бар. Солардың қатарында өзгеше бағалы бір жаңалықтар боп, барлық қазақ көркем әдебиетінен бөлекше орын алатын осы шығармалар. Жекелеп тексерілмесе де, 1897 жылы туған елеулі өлеңдер "Көк тұман", "Сенбе жұртқа", "Алла деген сөз жеңіл" болады. Бұларда да Абайдың көңіл-күйі, ойшылдығы, діндік нанымы аса мағыналы, шешен түрде танылады.

Абайдың ендігі бір мол ақындық жеміс берген жылы — 1898 жыл. Бұл жылда әсіресе аударма көп. Крылов пен Лермонтовтан жасалған аудармалардың көбі осы жылда туады. Өз жанынан жазған өлеңдер қатарынан өзгеше боп, оқшау шыққан екі өлеңді айрықша бөліп тексереміз. Бұлардың біреуі — табиғат, махаббат сырына арналған, ақынның ең бір нәзік шеберлікпен тудырған өлеңі — "Желсіз түнде жарық ай". Екіншісі — ақынның адамгершілік ұлы бітімінен туған әрі терең, әрі сирек көңіл сыры — "Өлсем, орным қара жер".

"Желсіз түнде" — ұзақ өлең емес. Бірақ оның сол қысқа түрі анық ыстық тынысты, нәзік ырғақты, әсем лирикаға сай келеді. Бұл өлеңді өзгеше қымбат етіп тұрған да сол аз жайға көп күйді сыйғызғандық болар. Бағасы зор, шын асылдың көп болмай, шағын мөлшерде бар қадір-қасиетін, қымбат бағасын танытып тұрғандай.

Бұнда қазақ сахарасының бір көші елес береді. Көшпелі ауылдың жарық айы, желсіз түнде тау іші, өзен жағасына жайғасқан кезі алынады. Ауыл ұйқыға кеткен. Дүниенің жым-жырттығын анда-санда үрген ит пен күзетшінің айғағы ғана ауық-ауық бүзғандай. Айналадағы тау жанды дүние үніне сирек жаңғырықпен үн қосады. Тағы бір тіршілік белгісі — сайды жарып аққан тасқын өзен ағысында. Сол шақта оңаша, жасырын, аулақта сүйіскен екі жас кездеседі. Махаббат жаңағыдай келіскен табиғат бесігіне бөленеді. Осы өлеңде алынған барлық болмыс, көрініс көңілге аса қонымды. Өзінің қасында тұрғандай әр көңілге жақын да таныс. Бұл қазақтың сахара тіршілігінің күнделік болмысы. Соны жыр еткен ақын бірде-бір тұманды, бұлдыр күйді араластырмайды. Бар күй ап-анық боп, жанды тынысымен "е" дегізгендей болса, сөз, сезім, суретшілік те аса мөлдір сұлулық тапқан.

Осы өлеңде баян етілген хал мен сәтке жат келетін жалғыз сөздей түйткіл жоқ. Сол себепті, шебердің сарандығымен берілген тамаша сурет аса бір ұстамды ұқыптылыққа бағынады. Екі жастың ынтыққан, құмарлықпен кездескен жүректері де осы тынып тұрған мазмұнды тұн тынысындай, үнсіз лепке, емеурінге табынады. Бұндағы тіл — сөзбен айтылған күй емес, сөз жеткісіз жүрек тілі болуға тиіс. Ұлы суретші және психолог ақын сол жайлардың барлығын емеуріннен, елестен ғана танытып, нәзік жайды қысқа, шебер ғана қайырып, кілт тоқтайды. Оқушы өзі ойланып, өзі қиялдап, арғы сырдың баршасын өзі қосатындай етіп леп береді де, тына қояды. Аса бір мазмұнды танудың өзі де сыршыл өлеңнің көркемдігін асыра түседі.

Абай осы өлеңнен соң махаббат, ғашықтық жайын айрықша тақырып етіп жырламайды. Бірақ әр кезде, әр түрлі ырғақ, үлгі стильге түсіп, ізденіп жүрген тақырыбының төріне осы өлеңмен еркін жетіп танығандай. Бұнда әрі үлкен дәстүрлі орыс классик поэзиясынан ауысқан реалистік, зор мастерлік үлгі бар. Сол мол меңгеріп алған мәдениеттік үлгі бойынша анық өз халқының өз табиғатын, өз тірлігін тамаша ұсталықпен көріктеп берген шеберлік көрінеді. Абай бұл жырында аса нәзік суретшіл, сыншыл ақын да және анық қазақтың халықтық өзгешелігін әсемдеп берген шынайы халық ақыны.

Осы жылғы Абай ақындығының тағы бір үлкен тұрғысы — "Өлсем, орным қара жер". Бұл жыр да өлім жайын толғайды. Бұдан бұрын да, басқа классик ақындарша, Абай да өлім жөнін ауызға оқта-текте ала жүретін. Бірақ анық өзінің өмір шындығымен, ерекше жол жағдайымен байланысты өзгеше бір ойлы мұңнан туған саналы сырдың жыры осы өлең.

Жалпы алғанда, бұл жырдың тақырыбы — ойшыл адамның, әсіресе сыршыл ақындардың анық тоқтайтын тақырыбы. Өмірдің өріне жетіп, оның ішінде талай қиыр кезең, жолдарын басып өтіп, енді тірлік сапарын тауысарманға келгенде айтатын шерлі сыр болады. Бұл өлеңде көп жайдың түйіні бар. Кеше ғана көрген соққының салдары ғана емес, өмірінің ұзын бойын шолып келіп, дәл осы жылда өлімді айтып отырған Абай аса қымбат қасиет табады. Ол келешекпен тілдеседі. Өз халқының кейінгі ұзақ тарихына өлместік із қалдырып отырғанына сенім артады. Қасиет дейтініміз — өлім жайынан бастап, өлместің сырына ауысады. Белинскийдің Пушкин жайында айтқан бір пікірінде: "Ақын-генийдің қайсысы болса да алдыңғы заманды аша алмайды, бірақ әр кезде ол келешектің, көпшілік көзіне көрінбестің мазмұн мен мәнін болжай біледі", — деген.

Әрине, Абай да өз халқының болашағын сол Белинский айтқандай болжаған. Халқының келешегіне, тарихына айқын етіп айтқан шешуі жоқ, ол, Белинский айтқандай, мүмкін де емес. Бірақ сонымен қатар Абай өзі өмір кешкен заманнан басқаша, артық заман болатынын болжайды. Сол заманның адамымен сөйлескендей болады.

...Сонда жауап бере алман мен бейшара,

Сіздерге еркін тиер, байқап қара, -

дегені және келесі шумақта:

...Жүрегіннің түбіне терең бойла,

Мен бір жұмбақ адаммын, оны да ойла.

Соқтықпалы, соқпақсыз жерде өстім,

Мыңмен жалғыз алыстым, кінә қойма! —

дегеніне қарағанда, Абай келер нәсіл адамына бар сырын ашып, мұң шағады. Оған жақын отырып, барынша сенім артып сырласады. Ол адамды өз заманының адамынан ұғым-дырақ, ойлырақ және әділетті тыңдаушы деп түсінеді. Оның үстіне, ол келешек адамның заманы Абай заманынан әлдеқайда артық заман болады деп біледі. Өйткені оларға Абай-дай ақын барлық мұрасымен жұмбақ адам боп көрінбекке лайық сияқты. Ендеше, олар қоғамдық тірлігі, тарихы, мәдениеті — бәрі де өзгеріп, өскелеңдеп кеткен нәсіл болу керек. Ол ортада "соқтықпалы", "соқпақсыз" тірлік болмау керек сияқты. Және де ол ортада мың адаммен жалғыз көзі ашық кездеспесе керек. Надандық жеңіліп, адамдық пенен білім жарығы жеңген заманның адамын ақын көріп отырғандай. Кейін өзінің өмір ерекшелігін тағы да еске алып: "мен сендердей жас күнімнен жарық көргем жоқ. Дұрыс ойдан аулақ ұстайтын өмір тартысының, сендерге жат тартыстың жағдайында өстім. Сендер білместей көне күннің адамымын. Ол уақытта, менің қостаушым боларлық қауым өскен жоқ еді. Замандастарымнан тек "етекбастыны" ғана көрдім. Сол себепті, сандалмамен күн кештім. Заманыма ұғымсыз, бағасыз болдым. Жұртшылық дегенінен қорлық көрдім. Сен ол заманның алысқа кеткен шағында, басқа жағдайда өмір кешіп отырған ырысты нәсілсің. Менің жайымды ойлағанда, "есіркеп ойла", — дейді.

Өлеңнің аяғы да өлім күйімен күңіренбейді. Ойлы жалғыздың жақсы, момын, саналы әзілімен аяқтайды. Өз өлеңін сол әзілмен "өсекші" деп атандырады. Ішімді ашып, сы-рымды жеткізуші сен боларсың-ау! — деп, өзі әдейі ырық беріп отырған өлең атты сырласына наз айтып тоқтайды. Өмір, тірлікке лағынет-қарғыс айтпайды. Жауласып, жар-ғыласып кетіп жатқан жоқ. Тіршілік есігін ақырын жауып, анық дана ақынның кең, сабырлы мінезділігімен кетіп жатыр. Ол мінезділіктің тірегі — болашаққа үмітпен қарауында, күдіксіз сенуінде.

Осындай тереңде жатқан түйіндеріне қарап, бұл өлеңді біз Абай өмірінің соңғы шағының үлкен қорытындысы дейміз. Қазақ оқушысына ең бір даңқты, қадірлі болған көркем өлеңінде әр шумақ, әр жолдың ішкі мазмұнынан көрінген түкпірлі толғау, сымбатты сырлар бар. Бұл өлең Абайдың ақын мен ақындық жөнінде және көңіл сыры жөнінде, қоғам мен өз арасын білдіру жөнінде бұл шаққа шейін айтып келген әр тақырып, сан өлеңдердің сұрыпталған асылы есепті.

1898 жылы Абай көп аудармалар жасайды дедік. Осы жылда бұрынғы тақырыптарын жаңа көркемдік, шеберлік тілдерімен толғаған, өз жанынан жазылған басқа да бір топ өлең бар. "Болды да партия", "Қуатты оттай бұрқырап", "Сұм дүние тонап жатыр", "Жүректе қайрат болмаса" деген өлеңдер.

Осы алуандас бас мұңы, өмір философиясы және кейде мысқыл, әзіл тақырыбына жазылып, бұрын ақын айтқан ойлар мен әсем сыр-сезімдерді білдіретін өлеңдер келесі жылдарда да үздік-үздік туып отырады.

Мысалы, 1899 жылғы туған сондай өлеңдер: "Есінде бар ма жас күнің", "Жүрегім менің қырық жамау", "Нұрлы аспанға тырысып", "Дүтбайға" деген сияқты өлең тобы.

1900 жылы жазылған аз өлеңнің, жоғарыда аталғандай, оригиналдық үлгілері: "Жүрегім, нені сезесің", "Көңілдің күйі тағы да", "Күнді уақыт итеріп" деген өлеңдер.

1901 жыл туындылары: "Ұяламын дегені", "Жапырағы қуарған", "Қуанбандар жастыққа", "Осы қымыз қазаққа", "Буынсыз тілің" дейтұғын шағын өлеңдер болады.

Абай ақындығының соңғы жылдары — 1902 жыл мен 1903 жыл. Дәл қайтыс болатын 1904 жылы ақын өлеңді мүлде қояды. 1902—1903 жылдарда да төрт-бес-ақ өлең жазылады. Осы ең соңғы жылдар өлеңінен біздің енді аз тоқтайтынымыз "Алланың өзі де рас, сөзі де рас" деген өлең.

Бұл шығарма Абайдың дінге арналған ойларын қозғайды. Оның діні қандайлық дін боп аңғарылатынын біз бұрын айтып өткенбіз. Қазір мынау өлеңмен байланысты қосымша бір-екі жайға тоқтайық.

Ең әуелі байқалатын нәрсе, сырт қарағанда, бұл өлеңде Абай анық діншіл ақын. Діні — исләмият жолының қағидаларына табынған, мұсылманшылықтың алласын, пайғам-барын, имамын үнемі ауызға алып отырған дін ұстазының ұғым нанымын көрсеткендей. Тілде де, ақындық сөздікте де құранның аятынан алынған әрбір діндар мұсылманның аузында жүрген дұғалықтың, тағат-ғибадаттың сөздері бар. Өлеңнің бас жағында бар мұсылман өзінің мұсылманшылығын иман келтіріп айтатын, шартты дұғалығы еске алы-нады. Сонда: "Амантү билләһи, омалайкәтиһи, уәрслуһи уаляумиль ахири, уәл багд-бағдәл мәут" дейтін иманның шарты еске алынады. Бірақ осының өзінен басталып: "Уәктүбиһи дегенмен ісі бар ма?" дейтін сұрақты бере отырып, Абай бір мұсылманшылық емес, өзге бір құдайды танитын діндардың бәріне де (анықтап айтқанда, төртеуіне де) теріс қарамайды. Ең алдымен, мұсылманның имам- ишандарының көзімен қарағанда, Абайдың бұл ойының өзі дұрыстық емес. Содан ары, Абай исләмияттың өрісінен, арнасынан мүлде алыстап кетеді:

...Махаббатпен жаратқан адамзатты,

Сен де сүй ол алланы жаннан тәтті.

Адамзаттың бәрін сүй бауырым деп,

Және хақ жолы осы деп әділетті.

Осы үш сүюге болады имани гүл,

Иманның асылы үш деп сен тахқиқ біл.

Ойлан-дағы, үшеуін таратып бақ,

Басты байла жолына, малың түгіл.

Дін де осы шын ойласаң, тағат та осы,

Екі дүние бұл тасдиқ - хақтың досы.

Осыларды бұзатын және үш іс бар:

Пайда, мақтан, әуесқой - онан шошы.

Руза, намаз, зекет, хаж - талассыз іс,

Жақсы болсаң, жақсы тұт бәрін тегіс.

Бастапқы үшін бекітпей, соңғы төртті

Қылғанмен, татымды бермес жеміс, —

дейді.

Осы келтірілген шумақтарда Абайдың осы өлеңіндегі барлық дінге байланысты нанымы да, адамгершілік турасындағы үгіті де және біз кейінірек тоқтайтын мораль, философиясы да түгел байқалады.

Ал, осы тұрғыдан қарасақ, алғашқы шумақта адамзатты махаббатпен жаратқан ие бар, ендеше соны сүю жаратылушы бенденің қарызы деген ой жалғыз ислам ғұламаларының көзқарасы емес. Ол - Сократтан, Платоннан бері басталып келе жатқан идеалистік философияның бәрінің арқа тірегі.

Содан ары Абай "Адамзаттың бәрін сүй бауырым деп" дейді. Бұндағы мұсылманшылықтың өзі ауызға алып келген "алласы", "пайғамбары", "кәләм-шәрифі", "иманы" ңұсқаған жолдың бәрінен Абай бөлініп, шет жайылып кетеді. Ислам үгіті бойынша, бар адам баласын сүймек түгіл, мұсылман еместің, дін қарындасы еместің барлығын кәпір деп жау санау керек. Екінші - Абай айтқан әділет те исламның түсінігінен басқаша.

Абай жалпы гуманистік түсініктің әділетін айтады. Ал ислам дінінің барлық тарихи мен тәрбиесін, ұстаздығын, үгітін алсақ, оның үғымындағы әділет, мысалы, мұсылман болмаса, өзге діндегілерді өлтіруге де болады. Онымен алысу жолында өзің өлсең, "шәһит" боласың, бейіске барасың, ендеше әділеттің үлкені осы дейді.

Абай дін қағидасымен өзінің қайшы келіп отырғанын елеместен, тіпті шыңдап ойласақ, "тағат та осы" дейді. Сөйтіп, жаңағы өзі айтқан жадды құлшылықтың да, діннің де жолы дейді. Және соған қарсы, дінді бұзатын мінездер: "пайда, мақтан, әуесқой - онан шошы" деп, өз үгітін тағы ұсынады. Ислам дінін атамаса да, ақынның өз түсінігіндегі адамшылыққа қайшы келетін мінездерді санайды. Ол, ислам діні — "Мұсылманнан бес парыз" деп: ораза, намаз, зекет, хаж дегенді айтса, Абай оларға көп көңіл бөліп, місе тұтпайды. Жаңағы өзі айтқан, өзі ұсынған адамгершілік жолынан шықпаған адамның "бес парызды" тұтынуы "татымды бермес жеміс" деген бағаны алады.

Осыдан әрі, Абай өзгені емес, мұсылманшылықтың тірегі дейтін имамдардың сөздерін мансұқ қылады:

...Сыртын қанша жуса да, іші оңбаған... —

деп, оларды сынау ғана емес, жазғырып, айыптаумен тынады.

Өлеңнің ең ақырында:

...Ойла, айттым: адамдық атын жойма! —

дейді.

Солайша, мұсылманшылықтың "алласынан" бастап, адамшылықтың, үлкен мағынадағы адамдығымен тоқтайды. Қысқасы, өз оқушысының бәрі де "Мұсылманбыз" деп, белгілі дінді тұтынғандықтан, Абай солардың дін негізіне сүйене отырып сөйлеген тәрізді.

Бірақ, жоғарыда біз талдап көрсеткендей, ішкі сырына үңіле ойлансақ, бұрынғы байқағанымыз, талдағанымыз тәрізді, мынадай сыртынан барынша діншіл көрініп отыр-ған өлеңнің өзінде де Абай ислам дінінің үгіт-өсиетін өте шартты түрде ғана, шамалы, шақты жерге ғана керекке жаратты.

Ал өзінің шынайы үлкен мүддесі ислам дінінің шеңберінен әлдеқайда ары асып түсіп, кең жатады. Ол адамгершілікті, моральдық философияны барлық жайдан жоғары қояды. Сол жөнде ислам дінінің иманын, парыздарын, тарихындағы шартты жолдарын — баршасын да өзінің ұлы гуманистік тұрғысынан қарап, көп жерінде мүлде, Абайдың діні — өзінің заманы мен ортасына, бір жағынан, сырттай баж бере отырса да, негізінде және де ақылдың, адамгершіліктің діні болады.

Енді, осы жаймен байланысты, біз жоғарыда атап өткен Абайдағы мораль философиясын еске аламыз. Жалғыз-ақ соны айтудан бұрын, жалпы Абайдың шығармаларынан көрінетін, фплософияға қатынасы бар ойлар туралы біраз сөз айтып өту керек.

Абай мұраларын зерттеушілердің кейбіреулері "Абай философиясы" деген тақырыпты бөліп алып, тексеруді талап етеді. Абайды философ деп атап жүргендер де табылады. Анығында, бұл жөнде дұрыс түсінік керек. Шын мәнінде алғанда, Абай философ емес. Ғылымдық кең мағынасында Абай философ емес дейтұғынымыз — оның арнап жазған, философиялық жекеше терең толғаулы еңбектері, трактаты жоқ.

Қорытып айтқан системалы философиялық көзқарасы болса, Абайда ең алдымен жаратылыс туралы, адам ойының, познаниесінің жүйелік тұрғысынан қараған, өзіндік өрісті оқуы, учениесі болса керек еді. Өз алдындағы адам баласының дүниелік әдебиетіндегі зор мәдениетімен және әсіресе орыс халқының классик әдебиет дәстүрлерімен жақсы қабысып, табысқан оқымысты Абай бар еді. Сондайлық дәрежеде өз алдындағы философиялық ғылыммен, оның ішінде әр дәуірдегі философтармен жалғасы, байланысы болса керек еді. Бұл жөнде тек Сократ туралы Платонның еңбектерінен және Ксенофонттың естеліктерінен алынып, Абай қара сөздеріне кірген бір әңгіме-толғауды ғана мысалға келтірмесек, басқа философтардың Абай шығармаларынан өз системаларымен орын алғаны көрінбейді. Оларды қабылдау түрінде де, сынау ретінде де Абай өрлі ой жүргізген емес.

Ауызша әңгімелескен шақтарында, әрине, өзінің ақын шәкірттеріне, жақын тыңдаушыларына Абай әр мезгіл оқып отырған Спинеза, Спенсер, Дарвин, Дреппер немесе ескі антик философиясынан: Сократ, Платон, Аристотель еңбектері туралы сан мәртебе ойларын, сын толғауларын айтқан болар. Бірақ сол мәжілістерден, сондағы ойшыл Абай айтқан философиялық пікірлерден бізге жеткен жазба дерек жоқ.

Европа мен Россия философтары ғана емес, Абай ислам тарихымен байланысты соның көлемінде еңбек етіп, жазба мұралар қалдырған мұсылман философтарының еш-қайсысының да мұраларын сынап, талдап тексерген шығармалар жазған жоқ.

Ислам ғаламында грек философиясынан келген пеоплатониктердің көп әсері бар еді. Мұсылман философтарында Бағдаттағы әл-Фараби сол жолда еңбек жазған. Аристотель философиясы да арабтар арқылы мұсылманшылық мәдениеті көлемінде көбірек өріс алып, тараған болатын. Көп мұсылман елдерінде және орта ғасырдағы Европа елдерінде де аттары мәлім болған мұсылман философтары Әбу-әли-Сина, ибн-Рашид сияқтылар барды. Ал атақты философтар өз замандарында исламның шологеттері аталған тар көлемнен шығып, үлкен ізденгіш ойлар танытқан.

Схоластикалық исламның өз шеңберінде еңбектер туғызып, діншілдікке байланысты философиялық шығармалар тудырған соқыр ақын Әбу әл-Мағри немесе исламның үлкен апологеті имам Ғазали тәрізді философтар болған.

Абай, жоғарыда біз айтқандай, бұлардың да бірде-бірінің атын атап, еңбектерін талдамайды. Сөйтіп, аңдап қарасақ, Абайдың дүниежүзілік философия ғылымымен ой шенестірген, жалғасқан еңбектерін көрмейміз. Өзінен туған, өзіндік философиялық системаны танытатын арнаулы трактат тағы жоқ дедік. Олай болса, анығын айтқанда, "Абайдың философиясы" деген тақырыптарды оның кейбір өлеңдерінен және біраз қара сөздерінен теріп-сүзіп қана қарауға болады.

Жалғыз-ақ, осымен қатар, біздің тағы бір баса айтатын пікіріміз, Абайды философиядан мүлде аулақтатып, жырып тастаудың да жөні жоқ. Өзіндік философиялық системасы, жекеше философиялық еңбектері болмаса да, Абайдың барлық мұрасын алғанда (лирикасы, поэмалары, қара сөздері) көп шығармаларында көрініп отыратын анық ойшылдық көзқарастар, терең толғаулар болады. Бұлар, міне, қатты ескеріліп, анықтап зерттеліп отыруға керек. Және «осындай ойшылдық белгілерін жеке философиясы деп атамасақ та, ақынның даналық, философиялық көзқарастары (философские взгляды) деген түрде, мейлінше түгел қамтып, тексеріп, талдай білуіміз керек.

Бұндай жолға келгенде, мысалы, Гете, Байрон, Пушкин, Горький сияқты ұлы ақын-жазушыларды алсақ, бар- пығын да жекеше арнап "философ" деп атамаса да, тексерушінің бәрі де олардың жаңағы Абай турасында біз айтқандай, философиялық көзқарастарына көп көңіл аударады.

Абайға келгенде, осыған шейін біз тексеріп өткен, оның өз заманындағы қоғамдық мәселелерге ақындық, көркемдік, эстетикалық мәселелерге, тәрбиелік, ұстаздық, педагогикалық мәселелерге және әсіресе адам мен адамгершілік ұждан, мораль, философиясына төтелей қатынасы бар, толып жатқан бөлек-бөлек бір көлемді, әр сапалы ойшылдық пікірлері бар екені даусыз. Соларының барлығын біз, әдебиет тарихшысы есебінде, оның әр шығармаларының әдебиеттік сапасын тексеру, талдау үстінде еске аламыз. Ал енді, жақын заманда қазақстандық әлеуметтік, философиялық ойдың өсу тарихын зерттейтін марксшіл-лениншіл жаңа философтарымыз Абайдың жаңағыдай мұраларын түгелдей теріп, терендеп талдап тексеруге мейлінше болады. Ұлы ақынның даналық мұрасы турасында сондай еңбектер ету үлкен шарт та болады.

Ал енді, бұл жәйді қорыта келе, жоғарыда біз атап өткен бір түйінге қайта оралайық. Ол жоғарыда біз тексеріп өткен "Алланың өзі де рас, сөзі де рас" деген шығармамен байланысты өзіміз атаған мораль философиясы туралы. Біздің білуімізше, Абайдағы философиялық көзқарастың көбі адамгершілік мәселесіне тіреледі. Қоғам мінін айтып, қатты сынап-шенеумен сол қоғам мүшелері болған жеке адамдарды түзегісі келгендей, барлық оқушының да барша сын өлең сөзімен түзеп алмақ. Өзі білген кітаптардан алған адамгершілік, гуманистік, бұқарашылдық идеяларға қоса, өз халқы тұтынып жүрген діннің де керекке жарайтын жақтарын алып, өзінің ұстаздық, тәрбиелік керегіне жаратуға тырысады. Ал ұстаздық, әлеуметтік талабының түп мақсаты — жеке адамдарды жаманшылықтарынан арылтып, сол арқылы заманындағы қауым-қоғамын және бар халқын түзетіп, өзгертпек болады.

Қысқасы, нравственная личность мәселесін бар тартысының, талап-арманының тетігі етеді. Ой-сананы түзеуменен қоғамдық құрылыс, шаруашылық болмыстың баршасын өзгертіп, жаңғыртуға болады деп ұғынады. Маркске шейінгі Абайға ұқсаған барлық жазушылар мен ойшылдардың бәрінде болған түсінік Абайдың басында да болады дегенбіз.

Ал осы жөнде өз заманы үшін, қазақ тарихы үшін мол жаңалық болтан Абайдың ұстаздық программасына көбінше басшылық етуші — орыстың классик мұралары мен бұқа-рашыл-демократтарының ойлары болады. Бірақ осы жайды айтумен қатар, тағы да еске алатын бір ерекше мәселе бар. Абай орыстың демократтық, революцияшыл ұлы адамдарынан: Белинский, Герцен, Чернышевский, Добролюбовтардан көп ой, өнеге ала отырса да, бірнеше жайларда өз халқының надандығы себепті, тарихтық тілі мешеулікте болғандығы себепті және өзінің де таптық көзқарасында шамалы тар көлемділік болған себепті, бірнеше жөнде олар жеткен өріске жете алмайды. Мысалы, Герцен "абсолютизм бе, социализм бе? — екеуінің бірі, басқа тану жоқ" десе, Абай дәл Россияның патшалық құрылысының өзіне қарсы сөз айтпайды. Чернышевский орыстың шаруашылығына патшалықты құлату жайын үгіттеп, шаруалар революциясын арман етсе, Абай бұл дәрежедегі тиянақты, өрісті жолды атамайды.

Екінші жағынан, Чернышевскийлердің материалистік көзқарасы дінді керексіз етіп, атеизмге жеткен болса, Абай дүниенің жаралысы, адамның жаралысы турасында бір құдайдың барлығына иланатын дін тұтынушы адам болады.

Міне, Абайдың ойшылдық жөніндегі мұраларын талдап, шолып өткенде, осы айтылғандай жайларды айрықша еске алу керек.

Енді Абайдың лирикасы жөніндегі сөздерді аяқтай келе, 1902—1903 жылдарда шығарған тағы бір-екі өлендерін атай өту керек. Олар тақырып жағынан өзгеше жаңалық көрсетпейтін болғандықтан, біз талқылап тексермейміз. Бірақ көркемдік, шеберлік жағынан бұның бәрі де Абайдың ақындығына сай келген асыл шығармалар. Олары: 1902 жылы туған "Тоты құс түсті көбелек", "Жүрек — теңіз", 1903 жылы жазылған "Жалын мен оттан жаралып" және "Жылы белгісіз" деп топталған өлеңдердің қатарындағы автобиографиялық сыры бар, екі шумақ тамаша көркем өлең: "Жарқ етпес қара көңілім". Сонан соң "Тұлпардан тұғыр озбас", "Тайға міндік". Бір топ өлең Әбдірахманға арналған, жоғарыда тексерілгендей, аса көркем саналы, шерлі өлендер болады. Және де кейінгі жылдарда табылған "Домбыраға қол соқпа" дейтін нәзік сырлы, тағы да авто-биографиялық мән-мазмұны нәзік, терең боп келген бір өлең мен соңғы жылдарда табылған бірнеше қысқа елеңдер бар. Бұлардың бәрі де Абайдың лирикасы турасында біз әр тақырыпқа бөліп тексерген, көп салалы шығармалардың үлгілерінде жазылған, шағын көлемді көркем елеңдер болады.

Енді ақынның лирикалық шығармаларының біраздарымен байланысты тағы бір алуан еңбегін, Мұраларын еске аламыз. Ол айтпағымыз, Абайдың ән шығарған, компози-торлық еңбегі турасында.

Әрине, бұл жөнде ғылымдық, зерттеушілік толық пікірді музыка мамандары, көркемөнер зерттеушілері айтуға лайық. Біздің айтатынымыз, солардың ойларына қосымша, қысқаша деректер мен жалпы түрдегі кейбір пікірлер.

Абай әндері осы күнде түгел нотага түсті. Ақын шығарған әндердің көпшілігі оның өзі тудырган жаңа түрлі өлең үлгілеріне арналған. Тағы біраздары Абайдың айрықша ғана берген аудармаларына арнап шығарған ән-мелодиялары.

Өзіндік шығармаларынан "Алыстан сермеп", "Сен мені не етесің", "Көзімнің қарасы", "Қор болды жаным", "Ата- анаға көз қуаныш", "Бойы бұлғаң", "Сүйсіне алмадым, сүймедім" дегендер сияқты шумақтары және әр жолдағы буын сандары әр алуан боп жазылган жаңа стиль, жаңа түрлі өлендерге жазылған әндер. Бұлардан басқа төрт жолды, он бір буынды өлендерінен "Айттым сәлем, қаламқас", "Біреуден біреу артылса" деген өлендерге арнап тудырған әндері бар.

Аудармаға әдейілеп арнап шығарган әндері: "Татьянаның хатына", "Онегиннің жауабына" арналған әндер. Сонан соң "Қараңғы түнде тау қалғып", "Мен көрдім ұзын қайың құлағанын", "Сұрғылт тұман дым бүркіп" деген сияқты аудармаларға жалғас тудырған әндер бар. Осы шығармаларының бәрінде Абай өзінің ақындық еңбегіне ұқсаған, нақтылы өзіндік, творчестволық өзгешелік танытады.

Қазақтың халық әнін барынша жақсы көріп, сүйсіне бағалай тұрса да, Абай өзінің әндерін сол халықтың шырқау әндерінің үлгісінде шығармайды. Орыс халқының бар мәдениетін сүйіп, сүйсініп үлгі етсе де, өз әндерін орыс әнінің үлгісіне де салмаған. Ақындық шығармасында, даналық ізденулерінде әр халық қорларын, бар нәрін мол пайдаланып, әрі орыс халқының классик поэзиясының үлгі- дәстүрлерін пайдаланып отырса да, ақын барлық өлендерін еліктеушілікке жібермейді. Түгелімен өзінің жеке-дара ақындық өзгешелік қалпынан тудырады. Өз тәні етіп, үнемі тың оригинал шығармалар жазады. Композиторлық істе де сондай еңбек еткенін көреміз.

Абайдың әндері барлық қазақ әнінен бөлекше тұратыны әрбір тындаушы мен айтушыға айдан айқын. Көркемдік қасиеттерін, шығармалық шеберлік дәрежесін музыканың сыншылары айыра жатар. Біздің білуімізше, ақындық шығармаларының зор шеберлік, көркемдік қасиеттеріне композиторлық мұралары барабар келеді.

Творчестволық іздену мен негіздер жағынан бағалағанда, Абайдың бұл соңғы еңбектері алдыңғы мол еңбек туғызған үлгісіне сәйкес болады. Көбінше сыршыл, терең сезімді ақын болған Абайдың әндерінде де бір алуан сыршылдық, сезімшіл күйшілік айқын тұрады.

Абай әндері кең сахарада мал соңынан, не түнгі күзетте отырып, шырқап айтатын ащы айғайдың әндері емес. Қайта сөз мәндерін тындаушыға мол жеткізерлік азғана топтың арасында, бір үйдің ішінде, ақырын нақыстап айтарлық камерный әндерге ұқсас.

Әнді көркем шеберлікпен мағыналы етіп айтуды қарыз деп білген суретші сол сөзінің кенеулі дәстурінен ауыспайды.

Ал Пушкин сияқты ұлы ақындар мұрасын қазақ тіліне аударғанда, солардың ең қадірлі деген үлгілеріне ән шығарғанда, Абай және де үлкен ізденгіштік көрсетеді. Орыс жастарының өмірі сөз етіліп отыр деп, тек орысша әннің белгілі бір түрлеріне ұқсатуға тырыспайды, еліктеуге де салынбайды. Ол орыс адамдарының ойлары мен сезімдері енді қазақ тілінде айтылып, қазақ сияқгы жаңаша, басқаша оқушы мен тындаушы ортасына келіп отыр. Сонда тілдері қазақша шеберлікпен көрік тауып отырғаны сияқты, олардың әнмен аян етілетін сөздеріне де Абай өзіндік өзгеше үлгі, нақыс ұсынады.

Бұл ізденуде де үлкен ойшыл, толғаулы жанның жаңадан тауып жатқан асылдары бар. Осылайша Абайдың лирикалық шығармаларына жалғаса туған, музыкалық-лирикалық мұраларын қысқаша шолып өтумен, біз ақынның барлық лирикалық мұралары жөніндегі сөзімізді аяқтаймыз.

Мұхтар Әуезов