КӨКТЕМ ӘУЕНІ

I

Есті де көктем самалы,

Желпіп бір өтті даланы.

Құстарын күткен тауларым,

Сүзіліп көкке қарады.

Сүзіліп кекке қарайды,

Әдеті солай талайғы.

Сүзіліп көкке қараса

Бұлттары жауып,

Тарайды.

Жауған бұлттың астында,

Ұқсап толқын тасқынға,

Керуендеп келе жатады —

Былтырғы кеткен ақ тырна

Оралды тағы тырналар,

Оралмақ солай жылда олар.

Ұқсайды кейде қайыққа,

Бетімен көлдің сырғанар.

Оралды тағы тырналар,

Жаныңды әні мұңға орар.

Мекенін,

Биік тауларын,

Келеді аңсап жылда олар.

Оралды тағы тырналар,

Жүректе саз көп жырланар.

Жанымыз жақын жандарға

Айтылар керім сыр да бар.

Елемей жауық,

Боранды,

Жыл құсы тегіс оралды.

Оралмай қалды бір тырна,

Аңсайды дала сол әнді...

II

Тауысып тағдыр тағатын,

Төнді ме оған қара түн.

Қайырып әлде кетті ме,

Қаһарлы дауыл қанатын.

Кім ұғар дертін басқаның,

Келмесе сезбес,

Басқа мұң. 

Қиығын жалын шалды ма

Найзағай ойнап қас-қағым.

Жете алмай мөлдір бұлаққа,

Қалды ма құба қыратта.

Байғұстың үні, әйтеуір,

Жетпей-ақ қойды құлаққа.

Қосылмай сол құс қатарға,

Шөлдеген болар жапанда?!.

Қанатын оның қақтырмас,

Тағдыры сонша қатал ма?!

Қалдырған оны қиырға,

Шынымен тағдыр қиын ба,

Әйтеуір сол құс тыраулап,

Тұрғандай менің миымда...

III

Жанары мұңлы мөлдіреп,

Бұлқынды білем сол жүрек.

Аспанға тұнық қарады,

Талпынбақ болып соңғы рет.

Айнала тегіс мұнартып,

Таң атқан болар құлан түк..

Тандағы мөлдір шықтарға,

Қараған болар құмартып.

Ауаны жұтып бал-тұнық,

Денесі қызған сәл суып.

Есін бір жиған шақтарда,

Ұшқан да болар талпынып.

Ұшқанын бірақ көрді кім,

Шақты ма түзге ол мұңын.

Еледі ме екен ай мен күн,

Кішкентай құстың ерлігін!

ІV

Тағдырын жалғыз тырнаның,

Аялап менің тұр жаным.

Келуін күтіп жатқандай —

Көлдерім,

Байтақ қырларым!

Тырнаның мұңы сондай-ды,

Толғандым талай ол жайлы.

Жыл құсы қайта келгенде,

Сол құстың орны толмайды.

Япыр-ай!

Қалай толтырам,

Қорқады көңілім олқыдан.

Оралмай қалған тырнаның

Өмірі — өлмес бол сын ән!

Борайтын дауыл жол артып,

Қиын да киын болар сын.

Сапарлап кеткен құстарым,

Қалай да түгел оралсын!

Қалай да түгел оралсын!

Қара бұлт басып ел көгін,

Алғанда ауыр жер демін —

Оралмай қалды-ау,

Қайтейін,

Бауырым,

Қайран ерлерім!

Жалғасып қайта жол арна,

Солардың орны толар ма?!

Адасып қалған бір тырнам

Колыма қайта қонар ма?..

Осыны ойлап кеткенде,

Сабыр мен тағат жоқ менде.

Үмітпен ылғи қараймын,

Сағынып жеткен көктемге.

V

Салтанат,

Думан әр шағы,

Базары жаздың тарқады.

Сарғайтты дала гүлдерін,

Шуақты түздің сары таңы.

Қуарған шөптер қыраулап,

Үстінен жатты шық аунап.

Аспанның жүзін көрсетпей,

Тырналар қайтты тыраулап.

Оралмай қалған тырнаның

Өгейсіп орнын тұр жаным.

Өгейсіп соны жатқандай —

Көлдерім,

Байтақ қырларым.

Еңіреткен жұртты заман-ай!

Жүрекке қайғы жамады-ай!

Бөлінген елді ойласам,

Жүректің жасы тамады-ай!

Заман-ай!

Елді шайқадың,

Сынадың тағы байқадың.

Есімді жиған бұл шақта,

Кеп те ғой саған айтарым.

Тұнығым қайда тұндырған,

Гүлдерің жатыр сындырған...

Құлағымнан кетер ме,

Құлынның даусы шыңғырған

Қалдырдық солай азапқа,

Азаптап шығу — ғажап та.

Жүргенмен біздер «ұжмақта»,

Талайлар кетті-ау,

Тозаққа...

Қайғыны берген қазаққа!

VI

Тырналар,

Қайтқан тырналар,

Ойыма — арқау,

Жырға — нәр.

Оралмай қалған мұңдықтан,

Келіндер алып бір хабар.

Көрсеңдер сәлем айтыңдар,

Көрсеңдер сәлем айтыңдар!

Көктемде сол тырнаны —

Қалдырмай ала қайтыңдар!

Келіндер алып хабарын,

Күйде екен нендей қарағым?!

Қарағымды қараумен,

Талды ғой менің жанарым.

Ыстық жас толған жанарға,

Мұңайып біреу қарар ма.

Сарғаю жақсы —

Ағашқа,

Сағыну жақсы —

Адамға,

Ыстық жас толды жанарға!..

Марфуға Айтқожина