БОЛҒАР ҚЫЗЫ

(СВОБОДА КАСАБОВА — Социалистік Еңбек Ері, көрнекті қоғам қайраткері. Көп жылдар Совет Одағында тұрған. Ұлы Отан соғысы жылдарында арнайы мектеп-интернатта болғар тілінен сабақ берген. Болғар-Совет достығы Бүкіл Халықтық Комитетінің орынбасары...)

Аспан — теңіз,

Бұлт — толқыңдар аунайды.

Жамырасып,

Қақтығысып, қаулайды.

Қалың нудан бой көрсетті қарт Витуш,

Табиғат та дегенінен аумайды.

Есінді алар, тау қойнауы құлпырып,

Ентелейді —

Ерке бұлақ ұмтылып.

Жаңбырдан соң түрге еніпті басқаша,

Жайнап кетті

Табиғат дүр сілкініп.

Витуш тауы қашық емес қаладан,

Келіп кетер күнде бұған сан адам.

Бұрын-сонды көрмегендей бұл манды,

Қарап тұрды —

Свобода манадан.

Жанға жылы,

Қарт ажары шырайлы,

Жанары отты,

Қарағанда сынайды.

Өткен-кеткен еске түсіп әлде бір,

Байқатады

Ойға батқан сыңайды.

Тебіреніп тұрғаны анық қарт ана,

Бұл жасында өмір көрді қаншама.

Бұйра шыңның

Бір саласы сияқты,

Биік болып көрінеді ортада...

Өмір жолы тарамдалған сан-сала,

Қолын созды иісі аңқыған аршаға.

Туған жерсіз қайтер еді

Бұл адам,

Қарсы алдынан мың шырағы жанса да.

Толғанады, аппақ басын иіп бір,

Туған жерді іштей үнсіз,

Сүйіп тұр!..

Ең аяулы анасының алдында —

Түсінгендей

Аласарды биік қыр.

Туған жерін әркім солай сүйер-ау,

Азабына,

Отына да күйер-ау!

Қасиетті перзент берген халқына

О, туған жер,

Топырағың киелі-ау!

* * *

Қажымаған,

Қалмаған да қатардан,

Биіктерге досын бастап апарған.

Бейбіт күннің еркін самғар

Құсындай,

Сәтті оралған

Не бір қиын сапардан.

Ол қашан да сүйкімді де сымбатты,

Балқанынан — кең дүниеге үн қатты.

Басып өтіп

Талай соқпақ,

Жолдарды,

Батыл ана,

Жырлатыпты!..

Жырлапты!..

Алыс күнді тұр ма дерсің жақын ғып,

Арқасында

Өмір артқан жатыр жұқ.

Қайсар жанын

Қайрай түсер қашан да,

Сүйегіне қайнай біткен батырлық.

Тебіренсе —

Теңіз дерсің теңселген,

Ерлігіне еміреніп,

Ел сенген.

Бір ғасырдың куәсі өзің боларсың,

Жалғастырар ұрпағыңды ертеңмен.

Ол айрылды, талай қимас достардан,

Маңын торып, қиындықтар

Тосты алдан.

Жалғыз ұлы —

Отан үшін мерт болып,

Жаны сүйген жарынан да

Жас қалған...

Тағдыр жолы тым ертеден басталған,

Шынарға ұқсап

Шың басында тас жарған —

Благойдай жары үшін жас кеткен,

Дауылдарға кеуде тосып,

Қасқарған...

* * *

Бір үйге өзің қамқор едің,

Бас едің,

Жаңа жеткен он сегізге жас өрім —

Өзі тілеп майданға ұлы аттанды,

Орнын ерте толықтырып әкенің.

Жалғызыңның алдын орап, тоспадың,

Қайта оны құптадың да,

Қостадың.

Отан үшін аттанғанда ол майданға —

Қош айтыса келген бала достарың.

«Ұлым менің.

Байқамаппын көп іспен,

Көз алдымда көркем жігіт —

Келіскен...

Келбетің де аумай қалған әкең ғой,

Тек аман-сау,

Орала кер жеңіспен!

Ешкім ішпес қасірет уын мен ішкем,

Елің барда —

Аралайтын өріс кен,

Асық балам,

Отан үшін майданға,

Ызғырық жел соқпаса екен терістен.

Совет жері —

Сая бағым, өз жерім,

Мен тепкісін көрмейін деп өзгенің

Әкең өткен үлкен жолмен ұмтылып,

Ол жетпеген ұлы арманды көздедім.

Әр коммунист өз міндетін өтемек,

Сол зор мақсат

Алып келді жетелеп.

Өзім жайлы ойлануға уақыт жоқ

Кезек күтпес шаруалар өте кеп.

Өткерілген әр күндерім күйге тең,

Келер ме едім

Ұлы Отанға сүймесем.

Қаншама ұлттың баласына қызық-ау,

Ана тілім —

Болғар тілін үйретем!

Алаңдама,

Анам жалғыз қалды деп,

Ойла, күнім,

Тұрмыс күйі сәнді деп.

Саған ұқсас бөбектер көп қасымда,

Соларды анаң есіреді әлдилеп.

Сүйемін мен, оз баламдай мәпелеп,

Бөлмеймін де

Бір-бірінен жекелеп.

Совет елі — бүкіл адам тірегі,

Жер бетінде панасыздар өте көп...

Қайнары ғой шымырлаған тұнықтың,

Жастайымнан күрестерде шынықтым.

Қиын күнде өсіп едің, жан балам!

Жас болсаң да ана сырын

Шын ұқтың.

Бастамасы болар осы бақыттың,

Әкелердің ерлік жолын басыпсың!

Ез ұл емес,

Өсіріппін ер ұлды,

Менің дағы мерейімді тасыттың.

Адам бар ма қиындыққа төзбеген,

Айта берсең таусылар ма сөз деген.

Ел қатарлы көтерермін бәрін де

Менің жаным артық емес өзгеден».

Ұзақ таңға айқаспады кірпігі,

Сыртта аяз,

Жел азынап сыңсыды...

Жанарынан жас ұрланып ыршыды.

Бәрі дағы —

Қу соғыстың қырсығы... 

* * *

Ол — коммунист!

Сыр бермеген сындарға.

Қамал бұзып,

Шыққан талай шыңдарға.

Өз қолымен үлкен өмір орнатып,

Жеңісімен жылжытқан сан жылды алға.

Жүрді ме екен мұңы болса білдірмей.

Ол бар кезде

Күні менен түн бірдей...

Сөйлеп кетсе жалықпайсың тыңдаудан,

Қоңыр үні —

Темурадай4 күмбірлей.

Көп нәрсені отырады ақыл ғып,

Оған текке дарымаған батырлық.

Болғар елі жәй айтпайды —

«Ана», — деп,

Осы сөзде қаншама сыр,

Жатыр жүк!..

Марфуға Айтқожина