ТАТЬЯНАНЫҢ ҚЫРДАҒЫ ӘНІ

("Абай" романының "Ақын үніне сахара мүлгіді" деген бөлімінен бір үзінді)

Таңертеңгі шайдан соң үй іші де, қонақ атаулы да тысқа шығып кетті. Қыстың осындай бір ашық күнінде Абай өзінің үлкен үйінде оңаша отырып қап еді.

Алдында үлкен дөңгелек үстел тұр. Оң жағында, Абайдың қайда отырса қасынан үзілмейтін көршісі — үлкен жастық жатыр.

Абай біресе аласа үстелге шынтақтап, біресе үлкен алақанымен мықынын таянып, үнсіз отыр. Ойда отыр.

Ішінде ой шырағы жанғандай боп, салмақпен қараған көздері анда-санда қарсыдағы терезеге қадалады. Күн түсіп тұрған қарлы адырға ұзақ-ұзақ қарай түседі.

Өзінше бір мығым күшпен, ұғымсыз бір мұңмен жұмырлана бүгілген төбе-төбелер.

Биылғы қыс Абайдың ел сөзінен, тынышсыз жүрістерден босаңқырап, үйде көбірек орнығып отырған қысы еді. Көп өлең жазылған жылдың бірі де осы болатын. Сондай сүйген еңбегіне беріліп, өзі мен өзі ғана боп, толғана ойланған уақыттарында көз алдына көптен көп оралатын осы адырлар. Бұлар күн ырайына қарай әр түрлі сөйлейді. Мұңлы көңіл осы мұңлы адырмен ертеңді-кеш көп сырласқандай болушы еді. Бұлтты, сұрғылт күні ол адыр күн шуағын сағына мұңданады. Ашық күні жылы жарқын жазын сағынатындай болады. Жеткізбес арман жеңсігі жеңген адыр. Қанағат қылған күні жоқ мықты адырлар.

Сол адырдың қазір бір жадыраңқы қабағын көргендей болды. Қойдың алды солай қарап өріп барады екен. Сарылып, сазарған адыр енді тас басында жүріп шырқаған қойшы әнімен сергитін сияқты.

Абайдың осындай боп үндемей ойланып қалған кездерін қабағынан танитын жігіт бар. Ол — мұндай шақтарда үндемей, көп қозғалмай отыратын Қарасақау. Қазір де тіпті қарап отырмас үшін ол Абайдың тобылғы сапты сарбас қамшысына бүлдіргі тағып отыр. Анда-санда Абайға қарай түсіп, өз жұмысын істейді.

Бір кезде жұмыс арасында көз тастап еді, Абайдың ерні күбірлеп, қолы да әлдекіммен сөйлескендей қозғалақтаған сияқтанды. Бұрын мұндай машығы болмаушы еді. Биылғы қыс жалғыз отырған шақтарында анда-санда осылай ететін бір әдет пайда болды. Қарасақау біледі. Осындай күйдің артында Абай көбінесе қағаз, қарындаш алғызады.

Сондай бірнәрсені бұйырар деп күтіп отырғанда Абай бұған шұғыл бұрылып, жалт етіп салқын қарады да, үйдің сол жақ бұрышына қарай сол қолын көтеріп, үн қатпастан бір нәрсені әкел дегендей белгі етті.

Қарасақау нені керек қылғанын түсінді де, шапшаң тұрып барып, үстелдің үстіне көнелеу боп қалған екі үлкен кітапты әкеп қойды.

Абай бір кітаптың бетін ашып, өзіне керек жерін тапты да, оқымай, сол беттерге қарап шалқиыңқырап, біраз бөгеліп отырып қалды. Көзі бұл беттерден ана жатқан екінші кітапқа да түсе береді.

Бұл екі кітап, бұл ауылдың, бұл өлкенің Абайдан басқа барлық жанына тілі де, мазмұны да ұғымсыз кітаптар. Бір Абайдың ғана көңіліне әрі ұғымды, әрі құрметті боп алған алыс дүние, алыс заманның екі ақынының кітаптары. Ол жатқан — Пушкин мен Лермонтов.

Екеуі де мұның ата-бабасы кешкен өмір соқпағынан мүлде басқаша боп өткен жандар. Бұлар жүрген орындардан да әлдеқайда алыста өткен. Қазақша есеп қып айтса, олар да баяғының адамы.

Бірақ сол қалпында, осы қыстың ішінде бұл екеуі Абайға біртүрлі жақын сияқтанып, жылы ұшырағандай болды. Бөтен дүниеден бөтен тілмен кеп бұған сырларын ашқан, мұңдарын шаққан егіздер сияқты болады.

— Сен де біздей саналы мұңдысың! — дегендей болады.

Осылармен танысып, табысқалы Құран да, Аллаяр да, тіпті Науаилар да сыртта қалды. Кейбір намазқой, діндар кәрілер, иә шала сопы молдалар Абай үйіне қонып отырып, Абай бос кітаптарды күндегі машығы бойынша қасына алғызғанда, іштерінен ырза боп:

— Шариғат жайын оқып отырады екен-ау бұл кісі деп, кейде біріне бірі:

— Әлде аруақтарға құран қатым қып жатыр ма екен? Молдаға аудартпай өзі оқиды. Оның сауабы мол ғой? — десетін. Бірақ, кітап теріс жағынан ашылып, суретті беттері көрінгенде, жаңа әр қарпы ереуілдеп тұратын араб жазуынан басқарақ, біркелкі боп жылып аққан орыс жазуын көргенде, әлгі адамдар іштерінен сұқтанып, жымдай тынатын.

Абаймен арбаса жүрген кейбір жуандар болса, сырттай бере:

— Бұл теріс оқуды неге сонша қадалып оқиды екен, ә? — десіп кеп:

— Е, бұ да бір асқандық қой ... Қазаққа істеген қыры ғой. Мен ұлыққа сендерден жақынмын деп отырғанын көрмеймісің? — деп те кетісетін.

Абай көп кештерде, жалғыздық шақтарда өзімен үнсіз тілмен ұзақ-ұзақ сырласатын достарын сырт адамның көпшілігі жат жұмбақша бағалайтынын біледі. Бірақ, оны елеп, ескерген емес.

...Өткен жандар. Бірақ мұндай өлім өлім бе? Мәңгі бақи өлместей боп, кейінгі дүниеге өз аттарын ұмытпауды уағыз етіп кеткендер.

...Өзгеден жер үстінде қалатын белгі — томпайған көр. Әуелде жер бетінде томпайған бос топырақ мезгіл сайын шөге-шөге барып, ақырында мүлдем жермен жер боп тапталады. Шамасы, осы көр, жер болумен қатар, адам аты да өшеді. Мәңгілікке жұтылады. О да бітеді. Мыналар сол өзінен қалған жер үстіндегі белгіні тау етіп, мәңгі мықты беріктікке бекітіп кеткендер. Олар анау көрініп тұрған екі Ақшоқы биігіндей. Абай күрсініп кеп:

— Туған елінде, отанында өнер-білім болуы қандай сый болар еді! Әлденеше ағарған буындардан қалып келе жатқан қазыналар болып, соны сақтаған асыл сандығы болса арман бар ма?.. — дейді.

Мынау екі ақын Абайға әр кезде бірге туысқан аға-інідей көрініп қалады. Сол "аға-інідей" деген теңеу, бұл екі атты Абайға осы өз ортасы, өз айналасындағы адамның арасындай етіп бір көрсетті.

...Басында, ақылы мен ашуы шарпысып, кезек жеңісіп барып, ақырында сыншы — кемел ой жеңсе де, шерлі көргіш боп алып, тына алмай жанған аға бар. Сол ағаның дертін көріп: "Тынғаннан не тауып ек!" — деп ызасы мен ашуына бой ұрып өлген іні бар. Сол аға — Пушкин. Сол іні — Лермонтов. Кейінгі ұрпаққа, барлық ел, барлық заман, бар қауымдағы шерлілерге атой салып, өмірлері шырақша жанып өткен аға, іні...

Абай ойлана күрсініп отырып, Татьяна хатына үңілді.

— Неткен айтқыш тіл? Тіл емес, жүректің лебі! Гүрілдеп соққан ырғағы! Неткен нәзік тереңдік... — дей отырып, кітап бетінен көзі тайқи бере:

Ғашықтың тілі, тілсіз тіл, Көзбен көр де, ішпен біл ... — деді.

Татьяна хатының ырғағы мен нәзік үніне өз жанынан үн қосты. Қыз шеріне қызыққаннан шыққан бір сарынның басы еді. Өзінен өтіп кеткен дәурен. Бірақ, сол күнде де осындай боп айтылған тілді естімедім-ау! Естірлік, мүлгітерлік күй, ұғарлық сергек жүрек болса осыған шомып көрсейші. Осы үлгі болар! Сезінетін жас табылар. Үлгі етіп көрсем нетер? — дейтін.

Сондықтан да, осы бір-екі күн бойында Татьянаны өзінің қазақы қоңыр тілімен сөйлете бастап еді. Сөйлеткен сайын Татьяна майда қоңыр үн тауып, нәзік қоңыр күй тауып, ділмар жас, шебер-шерлі боп барады.

Қазірде ұяң, майда қызға Пушкин жазғызған хатпен өзі жазғызған хатты салыстырды. Кей жерлері Пушкинше емес. Қатаңдау. Бірақ ол оқушының шалалығына амалсыздан берілген баж. Сонда да ұғынар ма? Көз алдына Көкбай, Мұқалар келеді.

— Әй, мынадай сөзбен мұңданған Татьянаны олар да ұқпас! — дейді.

"Евгений Онегиннің" осы беттерінің арасына салып қойған хат бар еді. Бір нәрсеге ойы ауғандай боп насыбайын атты да, бір-екі қағазды аударып барып, сол хатты алды.

Семей кітапханасына барып, он шақты кітап әкелген Қарасақау кеше кешке осы хатты да әкеп беріп еді. Білімді досы Михаэлис Абайдың "Евгений Онегинге" сүйсініп жазған хатына жауап ретінде жазған мынау хатында:

"Соңғы жырларда "Евгений Онегин" әңгімесі күйге де түсіпті. Пушкиннің Татьяна, Ленскийлеріне сай күй дейді. Петербор, Мәскеудегі саналы қауымның бір тынысы сол болғандай деседі. Бірақ керегі не, бізге оны естуге бұйрық жоқ", — деген екен айдаудағы сорлы тұтқын.

Хаттың осы жерін қайта оқып отырып Абай Көкбай, Мұқаны тағы да еске алды:

— Әдемі әні мен "Әри әйдай, бойдай талайды да" бұлдап өткізіп жүрген сорлылар еді, — деп күлімсіреп отырып, бас жақта тұрған домбыраны алды да:

— Сол бишара бақалшылардың қолына бөз орнына торқа берейінші осы! — деді.

Көзі жасаурап, ерні жыбырлай отырып, Ақшоқының қос биіктеріне анда-санда көз тастайды. Бірақ, қараған нәрсесін көріп отырған көз емес. Ол қазір ойдың көзі ... тербеле толқынған ақын толғауының көзі. Қолы шек пернені термелеп, жебелей береді. Кеше жатарда да осы бір сарынды, алыс бір ызыңдай шалып қап еді.

Қазір сол есіне де, домбырасының шегіне де тап түсіп, орала кетті. Тағы да тарта отырып, ақырын үн салып, күңіреніп көріп еді, уәзіні келген екен:

Амал жоқ қайттім білдірмей Апырм-ау, қайтіп айтамын... — деген екі жол, Татьяна сырының басы іркіліп тұрып, шешіле бастаған сияқтанды... Тағы да, тағы да ... бір жантайып шынтақтап, біресе тез қозғалып, ұшырлана малдас құрып ап, арлы-берлі тебіренеді... Қос шек бірде баяу басып, біресе шұғыл қатаң үндерге басып, асып қайтып, асып қайтып отыр. Соңғы екі жол қымбатқа түсті ... бірақ оралды... Татьяна хатының үш ауызын мүдіртпей айтып өтті... Қуанып отырып, насыбайын алып тастап тағы айтты... Енді бірде қатты, бірде баяу тартады... Ұмытылмайтын сияқты... Бір сәтте артына қарай барлық мол денесімен шұғыл айналып, бұрылып қалды. Көзі әзіл мысқыл ажарымен жарқ етіп барып, жылы қарап, Қарасақауға:

— Өй, осы сен не мыжып отырсың, не білдің? — деді.

Қарасақау Абайдың шұғыл өзгерісінен біраз дағдарып қап, бүлдіргесі тағылып, тобылғы сапты сарбас қамшыны алақанына салып отырып:

— Мынау еді, Абай аға! — деді.

— Мен не қып отырмын, оны сездің бе?

— Сіздің ойыңызға бір орыс күйі түсті ме деп отырмын...

— Ә, олай болса, о да білгенің екен. Бар, ендеше, кішкене Молданы шақырып кел!.. — деді де, өзі тағы да "ұмытып қалмайын" дегендей жаңағы ырғағын тарта жөнелді...

Қарасақау тұрып барып есікті ашқанда, ар жағында тыстан қайтып келе жатқан Ділдә көрінді. Бірақ артында бөгде кісілер сияқтанған бірнеше адамның басы байқалды. Қолдарында қамшылары, белдері буулы, беттері біраз аязданған адамдар. Өңшең тон, шекпен, шапандар екен... Алдыңғы бір-екеуі тобықты үлгісінен бөлек, шошақ төбелі алты сай уақ тымағын киген кісілер. Соны көзі шалып болғанша Ділдә да, бұл кісілер де үйге кірді.

Абай домбырасының үнінен ойын үзген жоқ еді:

— Ту, аяз келді-ау! — деді.

Ділдә орнына отырмастан, тіксініп қап:

— Аяз жоқ қой, Абай-ау, тіпті тыста да май тоңғысыз, — деп тандана қарағанда:

— Ә, рас, аяз екен десем сендер екесің, — деді де, шет елдердің кісісімен амандасты. Ділдә Абайдың талай ұғымсыз мінезі мен жұмбақ сөзінің бірі деді де, түкпір үйге қарай кетті. Сөйткенше қарсы үйде бала оқытып отырған кішкене Молда да келген еді. Абай соған қарап елең етіп:

— Татьяна хатын көшіріп пе ең? Енді ол ән салатын болды ғой, білдің бе? — деді.

— Онысы абзал болған екен ... көшіріп қойып ем.

— Ендеше, Мұқа менен Көкбайға хат жазып жібер.

Екеуіне Татьяна сәлем айтты, "бізбен де таныс болсын" деп айтты де. Мына Мұхаметжан қалаға бара жатқан шығар, сол сәлемін ала барсын, — деді.

Үй ішінде тымақ, белдігін шешпей отырған бөгде қонақтар сол сөздер не сөз, кімнің жайындағы сөз екенін ұққан да жоқ. Ұғайын деп елең етіп селт еткен де жоқ.

Жалғыз-ақ осылармен бірге Абайдың төменгі жағына келіп отырған Мұхаметжан бар еді. Кішкене Молдамен қатар Абайдың жаңағы сөздерін құлақ түре тыңдаған сол ғана болды. Жасы отызға жаңа іліне берген сұлу қызыл жүзді, қой көзді, әдемі қоңыр сақалы бар Мұхаметжан расында да қалаға бара жатыр еді.

Ол өзінің қайда бара жатқанын сұрамай сезген Абайға біраз таңданумен бірге жаңағы хат пен өлең жайын шын білгісі кеп еді.

Мұхаметжан да Көкбай, Мұқа сияқты жақсы әншімін деген жігіт болатын. Оның үстіне мұның өзінің де анда-санда өлең шығаратыны бар еді. Ол сыртқы киімін шешіп жатып:

— Абай ата, бұл он салып жатқан кім болды? — дей бергенде Абай домбырасын қайта ұстап, Татьяна хатының алғашқы үш ауызын әндетіп айтып берді де енді қайтып бұл жайға сөйлеспей, ана өзге қонақтардың шаруасын сұрады.

Жаңағы бір айтқанынан әнін ұға алмай қалған Мұхаметжан ән ішіндегі сөздің төркінін сезіп қап еді. Бұл күнге дейін Абай шығарған өлең мен әннің барлығын осы мандаты өзге ақын, әнші жастармен қатар түгел білдім деп жүрген Мұхаметжан мына сөзді бұрын естімеген болатын. Тегі жаңағы сөз аңғарына қарағанда Мұқа мен Көкбай да білмейді екен. Маған "жаттап біліп, соларға айтып бар" дегені ғой деді де, енді өлеңін де, әнін де қана білмек болды.

Бұл Абайдың жақын туысқандарының бірі болғанмен, жасы Абайдан сона құрым кіші. Сондықтан, Абайдың өзі айтып бермесе, тағы айтып беріңізші деп сұрай алмайды. Қазбалап, тақымдай бергенді Абайдың жақтырмайтынын да біледі. Сондықтан: "бүгін Абай ағамның түстігіне қалайын да, осыны біліп кетейін" деп, қарсы үйге кеткен кішкене Молданың артынан барды.

Үйткені Абай қазірде анау уақтардың сөзін тыңдауға кіріскен еді.

Бұлардан: "Шаруаларың не? Не қып жүрсіңдер?" — дей отырып, Абай бір нәрсеге аса қатты таң қалғандай болды. Үйткені, осыдан бұрын, әйтеуір осы қыстың ішінде дәл осы қазір қарсы алдында отырған үш кісі — екі уақ, бір көкше — осы киімдері, осы түстері, осы отырыстарымен Абайдың алдында болып өткен сияқты еді. Мал дауымен келіскен. Сонда да ана көкшенің ұрысы — Тұрсын осылай мөлиіп отырып еді. Қалғығандай боп, төмен тұқырып жым боп отыратын. Сонда да мынау жоқшы Қанай — Сәрсеке мықшиып, жұп-жуан боп жалпия отыратын. Сонда да кәзіргі сияқты Тұрсыннан Сәрсеке мал даулайтын. Бірақ ол жолы малын алып бітіп, тынып кетіп еді. Өмірдің айнығыш суреттерінің ішінде, айнымас бір қалыпты ұстанып, әр елден шықса да, бір күйден жазбай жүретін осылар тәрізді ме? Немесе сол екі жерде көрген бір халдің өзінің бірі шын, бірі түс пе? Бұ неткен, айнымаған ұқсастық? Мыналардың анадағы көрінісі мен мына қалпын алғанда арада тіпті ешбір мезгіл өтпеген, қатып тұрып қалған сияқты ғой...

Абай Сәрсекені тыңдай отырғанда, ішінде жарыла жарысып отырған осы сияқты екінші ой да бар еді.

Бұл ойы Сәрсеке сөзінің бір кезеңіне келгенде шешуі табылып барып, үзіліп қалды. Ағаштан істелген келі, келсап сияқты тоңқылдақ үнді Сәрсеке:

— "Әнеугі алған малымды бойыма сіңіртпедің, Абайдың алдына апарып қайта құстырдың. Ендеше, тіні саған қылғаным — қылған, қайтесің? Тағы да талайын, көріп алайын, сен уақтың күшіңді" деп әдейі істеп отыр. Егесіп істеген ісі мұның. Ана жолда алғаны үш жылқы еді. Мынада бір кілем, бір тонын арттырып, бес жылқы қып алып отыр. Егестің ісі емей немене бұл, Абайжан! — деп аяқтады.

Абай енді аңғарды. Өңінен шынын іліп көрейінші деп ұрыға қарап еді. Ол қызыл сеңсең тымақтың құлатын шарт байлап алған күйінде төмен қарап, тұқырып апты. Жуан тұмсығының ұшымен, шоқша қара сақалының жарымынан артық жерін көрсетпейді. Абайдың қозғалысына көзінің астымен ғана қарап, мелшиіп, тастай боп үндемей отыр. Сәрсеке айтып жатқан дауға әлі жалғыз үнмен болса да жауап қатқан жоқ. Өзіне жанасы жоқ сөз сияқты тыңдайды. Селт етпейді. Абайдың өзі сөйлеспесе, Сәрсеке сөйледі екен деп қыңқ етер емес. Абайды үлкен бір би тұтып, тәртіп сақтатаны ма, жоқ болмаса жоқшыға ұрының ірге бермеймін деген ызғары ма?

Абай мұның бетін көрмек боп, ызғарлана үн қатып:

— Әй, сен не дейсің? — дегенде ғана, қызыл сеңсең тымағы жәй қозғалып, қырыс жүзі Абайға енді ғана қарады. Дөңгелек, мығым денелі сары ұрының кішкене сұр көздері Абайға бір-ақ рет жалт етіп қалды да, қайта сөнді. Тағы төмен тұқырды. Қабағының еті қалың, ұрты да біраз салбыраған. Пішіні мен мүсіні де, кескен терек сияқты бітеу, тұтас, безбүйрек келген. Ол басында үндемей отырып барып, аздан соң бір ырғалып қойып:

— Абай аға, осы анау күні ғана тап осы Сәрсеке өз алдына әкеліп, барымды ұйпап бір алды. Ол жолы "төле" дедің, бұйырдың. Бердім... Ал енді осы Қанай малы ұрланса, ақай жоқ-тоқай жоқ, ылғи мен төлейін де отырайын ба осы? — деп бір тоқтады.

... Тағы ұзақ сүре дау. Шыны қайсы, жалғаны қайсы? Осындай даулардың, осылар сияқты даугерлердің таусылары, тынары бар ма, жоқ па? Тағы қазу керек. Сірескен жақтардың шынына жетем дегеніңше, өзіңнің де шыныңа жетіп болады.

... Тағы да бөліп кетті... жаңағы Пушкин қайда? Анандай боп жібек талдай ширатылған Татьяна қайда қалды! Мөлдір шындығымен, шыншыл жүрегімен жаудырап, тыныс алып тұрған Татьяна... Малын қуған даугер, кісі малый жем қылған қияс ұры. Былыққан өмірдің бітпес ылаңы. Қажытты да, талдырды-ау!.. Естіп майысқан үнің қайда, Татьяна? .. Есімде ме екен? — деп, алаң көңілмен домбыраны алып, бағанағы күйді қайта іздеп еді. Қос шекті домбыра бағана шешен еді... тапқыр еді... Енді тұсаулы аттай күрмеліп қапты. Үні тырым-тырағай. Әлгінде ғана табылған ән енді жоқ. Ұмытылып қапты. Сәрсекенің жаңағы Тұрсын сөзіне қарсы айтқан дауын тыңдай отырып, бір талай іздеп, қарманып еді. Қайта оралар емес. Өшіп қалған, шегініп жылжып кеткен, ұстатпайды. Домбыраны қайта тастады.

Сәрсеке күйіп сөйлеп кеп:

— ... Малымды тағы да алдың, тағы сенсің Тұрсын ... әдейі, егесіп істедің. Мал қуатын, төлеу алатын немесің ғой деп істедің...

— Соқыр көргенінен жазбас ... сенен басқа ел, сенікінен басқа мал құрыған ғой, тегі. Тіпті сол бейсенбі түгіл, бүткіл бір ай бойында атқа мініп пе екем әуелі...

Екеуі енді ашылып, шапшаң сөйлесіп қағысып барады.

Абай үндемей тыңдап отырып, күрсініп қабағын шытты да:

— Апыр-ай, ағайын, осы басқа біреудің алдына барып тергетсеңдер қайтеді? Көршілерің ғой... қағуы қамсыз боп, шыны қазыла түсер еді. Ана Ақылбайға барып тергетсеңдер қайтеді? — деп өтініп еді.

Бұған Сәрсеке де, Тұрсын да шалқалап болмады. "Бар болсын-жоқ болсын, ақ болайық-қара болайық, не де болса өз байлауыңыз — байлау", — десті...

Абай осыдан соң ұрыға ажарлана қарап, қатайып ап:

— Ендеше, айт шыныңды. Өліп кетсең де айт. Алып па ең мынаның малын, алмап па ең? — деп ашулы көзбен қадала қарады.

Тұрсын сасқан жоқ, іле жауап қатып:

— Абай аға, сенің алдыңда өлсем шынымен өлем деген сертім бар. Ұры болсам да уәдеммен өлем деген ұрымын. Міне, барым, шыным: бұл жолғы малынан ақпын — ... деп, сеңсең тымағының маңдайын қайқайта қайырып ап, бетін ашып салып, Абайға тік қарай қалды.

Осы сөз, осы ажарын көрген соң, Абай бұған көз аудармай бір талай уақыт тесіле қарап отырды да, ішінен:

— Ұры болса да мынау пішін шынның пішіні ғой! — деп ойлана бастады. Абай көзін аударғанша Тұрсын да жаңағы қалпынан өзгерген жоқ. Міз бақпай тастай боп шаншылып отырып қалды. Мұнысы да әсер етіп еді.

Абай:

— Бәсе, бұл шынын айтады, айта алады. Мынада сенің малың жоқ. Басқадан ізде! — деп Сәрсекеге көз қырын бір тастады да, байлауын жасады.

Тұрсын тымағын қайтадан оңдап киді. Мұнда да, Сәрсекеде де қайта қатқан үн болмады. Жалғыз-ақ енді Сәрсеке төмен қарап, тұнжырап қалды.

Абай бұлардың сөзін бітіре беріп, домбырасын қайта алып, мыналарға:

— Ал, сөздерің бітті. Енді ас-суларыңды ана қонақ үйге барып ішіңдер! — деп өзі домбыра ұстаған бойында Татьяна хатына қайта үңілді.

Сәрсеке мен Тұрсын қатар тұрды. Бірақ басында, үйге келгенде Сәрсекені жоғары отырғызып, өзі босаға жақта отырған Тұрсын қәзірде де шет ел адамы деп жоқшыларды алдымен шығарып, өзі артынан кетті. Бірақ қонақ үйге бармастан бұрын, бұлар бір кішкене ұзынша қараңғы далаңмен жүріп өту керек еді. Сонымен келе жатқанда Тұрсын үн шығармастан аузын керіп тұрып, сылқ-сылқ күліп алды. Үндемей ұзақ күле білетін әдеті бар еді. Өзіне-өзі қатты сүйсінген кезінің бірі болды.

Шынында, ол бұл жолы үлкен артистік істеп шығып еді. Күзді күні алысқа аттануға ерініп, көрші отырған Қанайдан үш жылқыны әкеп сойып алғанда осы Сәрсекелер қуып жүріп Абайдың алдына болмастан алып келген. Сонда қату үстінде бұл бір байлау жасап еді. Абай "алдың ба, шыныңды айт" дегенде екі сөзге келместен:

— Алдым, бұйрығыңды айт, өлдім, — деген еді. Талайдағы ұрыдан Абайдың оп-оңай шынын айтқан ұры көргені осы еді. Сол арада:

— Ұрыдан менің алатын парам — шындығы — ... деген болатын.

Тұрсын сонан соң ішіне бір нәрсе түйіп кетіп, екі ай уақыт өткізіп жіберіп, дәл сол Сәрсекеден бір-ақ түн ішінде барып, бес жылқы әкеп жайластырып аған болатын. Бұл жолғы ұрлығын маңайдағы жанның сезгені жоқ. Екінші, әдейі бір қатты боран боп тұрған түнде барып, із-тоз қалдырмайтын кезде қағып кеткен болатын. Сондықтан Сәрсекенің ендігісі сезік болмаса, ізі де, айғағы да жоқ дау болатын. Осындай жайларға сүйсініп, Тұрсын Абай алдына келерде енді:

— "Бұл жолы өлсем де алғам жоқ деп өлейін" деп, тас-түйін боп бекініп келген. Сол есебі дегеніне жетіп, Сәрсекені де, Абайды да қабат ұтып шыққанына күліп еді.

Бұл қонақтар кетісімен Абай Татьяна әнін қайта іздеп: ... "Амал жоқ қайттім білдірмейді" домбыраға ыңырана қосып көріп еді, жаңағы әні де жоқ, ұмытылған. Сүйткенше қарсы үйден шыққан бірталай кісі тағы үстіне кірді.

Бұлар кішкене Молда, бағанағы Мұқаметжан екен. Және осылардың алдында тоғыз құмалақтың ағашын бір қолына ұстап, тері дорбашадағы тастарын бір қолына алған Көрпебай кіріп келе жатты.

Келгеніне үш-төрт күн болса да Көрпебай Абайға тоғыз құмалақтан әлі жөндеп ұтқызған жоқ. Соңғы күндердің бір қатты бәсекесі болып алған ойын еді. Кейде таңертегі шайдан түстікке шейін ойнағанда бір ойынды тауыса алмай айрылысатын. Кеше, кеш бойы Абай кітап пен жазу үстінде болды да, ойын үзіліп қап еді. Енді Көрпебай мен тоғыз құмалақ кіргенде Абай "тағы алаң кірді, қоя тұрайын" деп Пушкин беттерін жауып қойып, Көрпебайға:

— Құр құмалағыңды, кешегінің есесі енді қайтпаса, сен ағалап тұрсың! — деді. Сары сүйектен істеген жылтыр құмалақтар ұядан-ұяға тоғыз-тоғыздан сырт-сырт түсіп жатты. Абайдың ұяларын да Көрпебай толтырып жатыр еді. Мұның қолы ағаш үстінен жүргенде лыпыл қалқып жүрген сияқтанады. Ұяларға санап түсіріп жатқан тастарды қандай қозғалыспен, бөгелместен бір-бір тастан түсіріп жатқанын байқау қиын.

Абайдың кейбір қыстарда, үйде отырып қалғанда, әдейі шақыртып алып жиырма күн, бір айдай табан аудармай ойнап қалатын кісінің бірі Мақыштың Смағұлы не Марқабай болса, тағы бірі осы Көрпебай болатын. Ішінде Абай бар, осы үш-төрт ойыншы бұл атыраптағы басқа ойыншылардан озып, ағалап шыққан. Өзара бәсекесі күшті ойыншылар еді. Абай мен Көрпебай ойынға кірісті. Басында үш-төрт кезекте машықты бастаулар бойынша, екі жағы да тез-тез жүріп барып, екі-екі ұядан тас алысты. Әлі тұздық алысып беріскендері болған жоқ.

Қәзірде бұл ойынға Мұхаметжан, кішкене Молда, Қарасақаулар да қадала қарап отыр еді. Мұхаметжан бағана қарсы үйге барған бетінде Абайдың өзі жазған қағаздан Татьяна хатын түгел көшіріп алып, артынан кішкене Молдамен салыстырып бірге оқып шыққан-ды. Молда бұл өлеңді сиямен көшірумен бірге жаттап та алған екен. Сонысын көрген Мұқаметжан Абайдың қарындашпен жазылған қолжазбасын төрт бүктеп, өз қалтасына салып алған.

Тегінде Абай өзі жазған өлеңін молда көшіріп, жастар жаттап алған соң, "алғашқы жазған қағазым қайда" деп іздемейтін. Сондықтан, Мұқа, Көкбай, Мұхаметжандардың қайсысы болсын, әрқашан осылайша кез-кезінде қойыны-қоныштарына салып, алып кетісетін.

Мұхаметжанның кәзіргі есі-дерті Татьянаның әнін қайта есту еді. Бірақ Абай мына қадалған бетінде, ойын аңғары ашылғанша, басқа нәрсені ойға алатын емес. Сонымен жас әнші қалтасындағы қағазды алып, аузы күбірлеп қайта оқып, басқы жолдарын іштей жаттап отырды. Жат үн, жат тілді Татьяна бұрын бұлардың Абайдан да естіп көрмеген басымен шерленеді.

— Соны сөз деген осындай-ақ болат та, — деп қадалады... Абай әлі де үн қатпай, Татьянасын ұмытқандай боп Көрпебаймен аңдысуда отыр. Мұхаметжан алғашқы екі ауызды жаттап та алды.

Енді құмалаққа қарай түсіп, домбыраны қолға алып, ақырындап тартып, ішінен "Амал жоқ қайттімды" өзі білген әнге қосып көріп еді. Әзіргі әндерге қосылмай жатыр. Ол өзінің атақты әні "Аққайыңға" да салып көрді. "Топайкөкпен" де жағалатты. Созылмайды, көнбейді. Қиналып кеп Қарасақауға қарайды

Қарасақау мұның нені іздеп отырғанын ана үйде-ақ естіп кеп еді. Енді Абайды осылай аударып көрем бе деп жағалатып, Мұхаметжанға:

— Немене, Татьянаның "Аққайыңды" білгісі келмей ме, қалай? — деді.

— "Аққайың" ғана емес, тіпті біз білген әнге жуысайын деп тұрған Татьяна көргем жоқ.

— Бәйіт, тақпақ сияқты келте шолақ әнге тең келе ме дейім — ... деп Қарасақау Абайға тағы қарап қойды. Абай бұлардың сөзіне енді ғана көңіл бөле бастап:

— Солай деймісіңдер? Татьяна Татьяна болат та. Ол "Ақбала" да болмас, Бағдат, Мысырдан бәйіт те тілемес! — деп бір қойды да көңілденіп, көтеріліңкіреп алып, бір байын көшіп кеткенде соңғы тасы тарс беріп, Көрпебайдың орта ұясының біріне түсе қалды. Сүйткенде Абай мәз болып, мол денесі селкілдеп, қатты күле жөнелді. Көрпебай сасып, қабатын түйіп, томсарып қалды.

Құмалаққа қарап отырған кішкене Молда:

— Қайыр, тұзлық, биқисап жақсы тұзлық болды... — деп Абаймен қоса күлді. Көп есептің соңында, дәл осы жерде, Абай кеп "Бел басардан" тұздық алып еді.

Алғашқыдай емес. Қасында отырған жігітгердің нені тілеп отырғанын енді аңғара түсіп:

— Қарасақау-ау, Татьянаның бағанағы салған әнін енді қайта айтпайым деп отырғанын көрдің бе? Мына Мұхаметжанға өзің тапсаң тап, болмаса қай қазақтың құлағына сарнай берейін десе керек... — деп Мұхаметжанның домбырасына қол созды... Мұхаметжан домбырасын ұсынып, тізесінде жатқан қағазына үңілді. Ентелей тыңдамақ еді... Абай бұл жолы тартып жөнелгенде, тәңертеңгі ән қайтадан қаз қалпында орала кетті...

— Жоқ, енді айтқысы келген екен. Былай депті ғой, — деп үн қосып, өз аудармасының екі ауызын айтты... Сол екінші өлеңі біте бергенде, түкпір үйдің есігі ашылып, арт жағына бұрылып сөйлеп, шығып келе жатқан Ділдә көрінді. Ол Абайды тыңдай кеп, қасына отыра берді.

Мұхаметжан екінші ауыздың тұсында ішінен қосылып отыр еді. Дәл осы кезде бір мол байын жағалай көшіп келе жатқан Көрпебай, Абайдың артқы ұяларын жағалап, сытырлата тас тастап кеп, дәл "көк мойыннан" тұздық алып, қона түскені ...

Абай:

— Өй, мынау не қып кетті бәтір-ау? — деп, домбыраны Мұхаметжанға бере беріп, қайтадан құмалаққа үңіліп қалды.

Мұхаметжан Ділдәға қарай жамбастай беріп, сыбырлаңқырап:

— Қап, мына біреу бір жапырақ болған неменің қылып кеткені-ай! — дегенде, Ділдә:

— О не, шырақ, не қып кетті? — деп құмалаққа үңілді.

— Абай ағамның мына бір жаңа әнін үйреніп кетейін деп, әдейі жолымнан бөгеліп отыр ем, "көк мойыннан" тұздық алдырған кісі енді бізге не қып оралсын? — деп, күбірлей сөйлеп күліп қойды. Қарасақау да өкініп, басын шайқап еді.

Ділдә Мұхаметжанға қайта бұрылып қарады да:

— Кәні, ол әні қандай ән екен? Талайдан үніңді естігеміз жоқ. Түстік жеп аттанарсың, айтып берші! — деді.

— Ойбай-ау, өзім де бір-ақ естіп ұстай алмай, дәт деп қап отырғам жоқ па, жеңеше-ау? — деп Мұхаметжан домбыраға жаңағы әннің басын тыңқылдатып көрді. Келмей жатыр.

Абай бұл кезде бір рет орай жүріс жүріп, кезегінен босап отыр еді.

— Жоқ, теріс тартып отырсың, — деп домбыраны қайта алып, тағы тартып берді. Үш-төрт тартып өтіп еді. Мұхаметжан домбыраны қайта алғанда, тартып та жөнелді. Сол арада жаттап алған екі ауызын әнге де салып берді...

— Жоқ, Татьяна Мұхаметжаннан үріккен жоқ. Танысты... Бірақ, айта түс деді, — Абай. Сонан соң рұқсат алып алған Мұхаметжан, өзінің зор таза үнімен шырқай жөнелді. Тізесінде жатқан жазуына көз қиығын тастап қарай-қарай отырып, барлық Татьяна хатын ірікпей айта берді. Құмалақ тоқтап қалды.

Абай міз бақпай, кірпік қақпай тыңдағандай еді. Ол қазір Ақшоқы биіктеріне көз жіберіп, бағана өзі теңеген Пушкинді еске алып, Татьяна сазын үий тыңдайды... Өңі сұрланып, бойы тоңазығандай болады. Өзі сөйлеткен сөз, өзі жырлатқан үн ең алғашқы рет әрі жас, әрі сұлу, әрі әсем әншінің көлденең үнімен айтылғанда енді өзін де қатты толқыта әсер етті. Абайдың ажарына қарап, үйдегінің бәрі де құлақ қақпай, қыбыр етпей Мұхаметжаннның аузына ғана қарап қалып еді. Қазақ әні емес. Бірақ сондай бір мұңды шермен, ұғымды күймен ырғалған майда қоңыр толқын тәрізді.

Мұхаметжан:

— Енді айрылып қалмайын. Жадыма тоқып алайын! — дегендей боп тоқталмай айтады. Сонымен бірге өзі де бойы шымырлап, көңілі елжірегендей боп, қатты сүйсініп айтып еді. Алғаш танысқаны осы болса да, ол Татьянадай назды жасты көз алдында көргендей боп, шындап сезініп, ұғынған сияқты боп еді. Осы әннің үстінде ұғынды.

Әнін тоқтата берді.

— Тал бойыңды ұйытқандай сорлы, шерменде екен-ақ! Мұны осыншалық күңіренте күйзелткен қандай ғана неме екен, Абай ата? — деп Абайға қарады.

Тыңдаушы өзгелер де бұл сұрақты аса орынды көргендей еді. Отырғандар да Абайдың жауабын күтті.

Сүйткенде жеңілтектеу кішкене Молда:

— Пошкин, айтқызып отырған Пошкин, Пошкин ғой, — деді...

Мұхаметжан мұның киліккенін жаратпай қап:

— Қоя тұршы, Молда. Пошкин демей ... тіпті сол ақынның аты да сен айтқандай емес деді...

— Е, енді қалай екен?.. Мен бек дұрыс айтам, солай, — деді.

— Жоқ, менің бағана құлағым бір шалып қалып еді. Абай ағам Пушкин деген сияқты еді. Осының дәлі қалай, мына кішкене Молда екеуіміз ана қарсы үйден дауласып кеп отырмыз осы туралы, — деп Мұхаметжан мұны да сұрады.

Абай Пушкиннің туысын, өлімін айтып беріп, жаңағы Татьяна хатына қайта оралды.

Мұхаметжанның жазбасын қарап, ойланып, кейбір жерін түзей отырып, қарап шығып:

— Осы да жүректегісін жеткізе білген-ақ тіл-ау! — деп отыр. Шыңның шыңы керек те. Пушкиндей ақынды қазақ баласы сен де, тіпті иісі мұсылман ғаламы сен де әлі көрген жоқсың... не десең үй де! — деді.

— Иә, әйтеуір мына қыз байғұс шер-шеменін айта білген-ақ, құдай кәнікей, — деді Қарасақау.

Көрпебай осы кезде құмалаққа таман тағы үңіле беріп еді. Мұхаметжан байқамаған боп, тізесімен шетке таман сырып жіберіп, Абайға:

— Бірақ енді сол Татьянаның осындай үні жауапсыз қалғаны әділет пе, Абай аға, жігіт те бір орай сөзді айтса мақұл болмас па енді, — деді.

— Бек дұрыс айтады Мұхаметжан! Күмәнсіз дұрыс сөз осы, Абай аға ... — деп кішкене Молда да Абайдан тілек еткен кісіше қарады.

Абай аз ойланып отырып:

— Ол да дұрыс екен. Онегинді сөйлету керек болар... — деп біраз отырды да:

— Әй, бірақ ол өзі опасыз еді, әй! — деп үндемей қалды. Пушкинді қайта оқуға кірісті.

Сол күні Абайдың түстігінен жеп алып, Мұхаметжан Семейге қарай жүріп кетті...

Кеш бойы Абай Пушкинді қайта оқумен болған еді. Бүгінгі күн анда-санда алаң еткен ол-пұл жайлар болса да, Абайдың Пушкинге ең алғашқы рет таныса жақындасып, туысын тапқандай боп толғана бой ұрған күнінің бірі еді. Кеш піскен еттің алдында Пушкин кітабын жауып жатып, Абай үй ішіне естірте:

— Дүниеге көзімді аштың-ау, Михаэлис. Енді қағбам орнынан көшіп, күн шығысым күн батыс, күн батысым күн шығыс боп барады. Солай болсыншы, — деді!

Ac ішіп болған соң үйдің іші жатпай, күндегі әдеті бойынша Абайдан бір әңгіме шығар ма екен дегендей боп, ұзақ отырып еді. Алдында шам жаққаннан асқа шейін кітап оқыған Абай, енді үйде жиылып отырған молда, бәйбіше, Қарасақауларды еске алып, әсіресе, Абай әңгімелерін телмірте күтетін атақты ертекші Баймағамбетті еске алып, үй ішіне бір әңгіме айтып бермек болды. Сонымен түн ортасына шейін міз бақпай, қадала қарап тыңдаған мәжіліске бұл түнде "Шаһризаданың" жаңада оқып шыққан пәленінші кешін, Шәркен-Зүкіл Мәкен жайын баян етіп отырды...

Бүгінгі кеште Семей қаласының күн батыс жақ шетінде Таңжарық деген ұсақ саудагердің үйінде бірталай жастың басы қосылып еді.

Таңжарық үйі Абайдың тағы бір туысқаны Қысатай деген жас жігіттің пәтері. Қысатай қырдағы машығымен қалада да қонақшыл, көпшіл болатын. Өзі үндемес, жас болумен бірге ол маңайына көп адамды жинап, көңілді мәжіліс құруға әрқашан құштар сияқты болатын.

Мұның бүгінгі қонақтары Абайдың ылғи етбауыр жақын туыстары мен шәкірттері еді. Қазірде мәжіліс атасы сияқтанып, төрде отырған зор үнді, қошқар тұмсық, мол денелі жітіт — Көкбай ақын. Мұның Абай жоқ жердегі әдеті — суырыла сөйлейді. Сөйлегенде тәуір көрген нәрсесін құлай мақтайды. Ұнатпаған жайларды тұқырта, қазымырлай айтады. Әрқашан бейімдеген жағына қарай ауып түсіп, қалатындай боп, асып түсіп отыратын. Сонысымен өзгелерді күлдіре беруші еді.

Қысатайдың бұл жиындағы дағдылы сый қонағының бірі қалың қара сақалды Шұбар ақын. Ол Абайдың жақын інісінің бірі. Көкбай мұсылманшаға жетік болса, бұл бір жағынан орысшаны да білетін, Абайша орыс кітаптарын да қарай жүретін еді. Абайдан жасы кіші Көкбай да, мына Шұбар ақын да Абай алдында көп жазылып сөйлемегенмен, ол жоқ жерде өздерін "қалған қазақтың білгіші де, ділмәрідеміз" деп бағалайтын.

Шұбар ақын әдемі киінетін сыланған кербез еді. Жаңада сатып алған алтын сағатының алтын бауы қара желетінің омырауында жарқырай салбырап отыр. Ол тартына сөйлейді. Бірақ ірге бермей іле сөйлейтін нығыз еді.

Бұлардан басқа қонақтың бірі Абайдың ең жақсы көретін баласы Мағауия. Ол 17-18-ге жаңа ғана келген арықша біткен аппақ сұр, сүйкімді жас. Биік кең маңдайы да, жоталы келген қырлы сұлу мұрны да өзге жиынның ішінде мұны бір оқу біліммен ағарған жас сияқты көрсететін. Жасының кішілігіне қарамай ол мынадай мәжіліс ішінде қай сөз болса да кірісіп, тең боп араласып отырады. Бұлардан соңғы қалған алты, жеті кісінің ішінде атақты әнші Мұқа бар. Боздай шығатын зор үнді Мұқаның биік денесі, келбетті кескіні бар, сыртқа салмақты адам еді. Оны осыдан екі жыл бұрын әрі әнші, әрі домбырашы, скрипкашы болғандықтан Абай Уақ ішінен шақыртып, өз қолына алып, Мағауияға жолдас етіп берген болатын. Қазірде бұған тақау отырған Ырсайдың Ысқағы. Оның да өз өнері бар. Көкбай, Мұқалар қазақ әнін, қазақ шежіресін айналдыратын болса, Ысқақ бір жағы Абай арқылы, бір жағы өз бетімен ізденіп оқып тоқуы арқылы ылғи араб, парсы хикаяларын жадына жиған еді. Ол білмеген "Жәмшид", "Бақтажар", "Қаһар-Қатыран", "Рүстем дастан", "Мың бір түн", "Көрұғлы" әңгімелері жоқ деуге болады.

Бұлар жаңа ғана бастары қосылып, осы үйде қона жатпақ болып, атшыларын пәтер-пәтерлеріне қайтарысып жіберіп, енді әзіл әңгімеге кірісе бергенде, ауыз үйдің есігі шалқасынан ашылып, Таңжарық үйінің үлкен самауырыны екі иінінен бұрқырай кіріп келеді екен. Саудагердің толық, ақ денелі кербез келіншегі самауырды бір жігітке көтертіп, өзі дастарқан әкеле жатыр. Ұзынша кең бөлмеде есіктен төрге дейін жайылған көрпелер, көп жастықтар бар еді. Солардың үстінде көсіле шынтақтай отырған қонақтар көтеріліп, малдастарын құра отырып, үстел, самауырға орын берісті. Үстел үсті жасалумен қатар Қысатайдың жігіті шкафтан бір бөтелке коньяк пен тағы бір бөтелке зубровканы да әкеп қойды.

Ауылдан соғым терісімен келіп, қалада бір-екі ай жатып қайтатын бұл жастар кейбір кештерде осындай жиын үстінде арақты мәжіліс, карталы мәжіліс құра отыратын. Шайға әкелген тәтті-дәмдімен қатар, тоңазып тұрған қазы-қарта, жал-жая да тураулы күйде тәлеңке-тәлеңке болып, үстел үстіне орнай бастап еді. Ысқақ мынау көрініске көңілденіп, бір ырғалып қойып:

— Е, бәсе, сонау етің піскенше сарғайтпай былай еткенің ақыл болды ғой, Қысатай! — дегенде біраз жұрт қошеметтеп күліп еді.

Шұбар ақын Ысқақты әзіл етіп:

— Осының өзі "мәжіліс жәмшиди" болып бара ма дейім! — дегенде Мағауия, Көкбайлар қатты күлісті.

Ысқақ айтатын ертегі, хикаялардың ішінде осы отырған жұрттың бәрінің құлағына әбден қанықты сөздің бірі осы еді.

Үлкен дөңгелек үстелдің айналасында қоралай жиылған қонақтар ішіп-жей отырып, әр алуан көңілді, желікті әңгімелерге кетіп отырысты. Бірін-бірі қағыта, іле сөйлеген әзіл күлкі де мол еді.

Шұбар ақын бір кезде Абайдың осындай жас мәжілісті тәуір көретінін еске алып:

— Абай ағам осы жолы қалаға бекер келмей қалды-ау, — дегенде Көкбай:

— Жоқ, үйінде отырса отырсын. Осы биыл кітап оқу мен өлең жазуға жақсы бет берген сияқты, — деді. Шұбар ақын қиястана сөйлеп, Мағауияға қарап:

— Әй, білмейім, осы шалың үдей берсе, өзіміз ығында қап, өлең жазуға батылымыз бармай қалатын бола ма дейім! — деді. Мұнысы бірталай жастың жаңа жазған өлеңдерін Абай сынына беруге қорғаншақтап жүретінін білдіргені еді. Ойының арғы түкпірінде жатқан қызғаншақтық та жоқ емес еді.

Мағауия күлді де:

— Ендеше, тәуір өлең шыққанша көрсетпей-ақ тұра тұрамыз да, — деді.

Шұбар ақын мұң шаққандай болып:

— Тәуір, жаманын қайдан білейін. Әйтеуір былай бір "Сегіз аяқ" деген жаңа уәзінді бір өлең жазып апарып көрсетіп ем. "Сегіз аяқ" былай жазылмайды, мұны мен жазамын деп алып та қойды-ау шалың! — деп қыжалдана күлді.

Мұндай әзіл, мұң Көкбайда да бар еді.

— Маған Наурызбайдың қызыл ауыз аты осы болсын деп, "Шоқпардай кекілі барды" бір міңгізіп еді. Артынан қарап-қарап, осының өзі мес боп кетті деп сылтауратып, қайта аударып алғанын білдіңдер ме? — деді. Отырған жұрттың бұл жайды естігені осы еді, ду күлісті.

Мағауия Көкбайға қарап:

— Көке-ау, оны айтасың, тіпті бар өлеңін өзі алып қойғанын қайтесіз! — деді. Осының алдындағы жазда Абай "Жазды күн шілде болғанда" деген өлеңін жазған соң, бұрын Көкбай атымен шығарып жүрген өлеңнің бәрін өз атына алған еді. Сол өлеңін алумен бірге Көкбайға: "Сен бір бие ал, мен өлеңімді өзім алайын", — деген-ді. Соны еске алып, Көкбай:

— Е, оның сыбағасына Кекең жирен биені сойды ғой. Екі елі қазы шытып, телшесін жеген күні "өлеңін өзі алса алсын, қазысына бір тойдым" дедім ғой! — деп жұртты тағы бір күлдіріп алып:

— Осы жирен биенің жас қазысын жеген күнгі сөзімді әнеукүні Абайға айтып ем: "Е, сен онда Ташкеннің нашақоры сияқты болған екенсің. Тәшкен шаһарын пәлен жандарал барып өзіне қаратып алып, енді әскерімен сырнай-кернейлетіп, жеңілген қаланың ішіне кіргенде, шайханада ләйліп отырған бір нашақор: "Шұ Ташканны алса алсын, әмма гарнайына зауық еттім" депті ғой. Сенің де сол болғаның ғой! — дегенде жұрт тағы да ду күлді. Бағанадан үндемей отырған Таңжарықтың келіншегі бұл жолы көзінен жасы аққанша күліп, бірталайға шейін кеселерге шай құя алмай отырды.

Осы күлкінің аяғы басылып бола берген кезде ауыз үйдің есігі ашылды. Қолында қамшысы бар, бет-аузын қырау басқан, табанының қары сықыр-сықыр еткен, аяздаған бір жолаушы келеді екен. Ол кіре бере:

— Ассалаумалейкүм! — деп мәжіліске даурыға сәлем берді. Жұрт мұның сәлемін тоқырай, жақтырмай ақырын алып, күлкіден тыйылып, "кім екен" десіп, үңіле қарасты. Алдымен таныған Ысқақ болды. Ол жадырай күліп:

— Е, Мұхаметжанбысың? — дегенде үйдегі бәрінің де шырайы өзгерді.

Елден, Абай аулынан кеткен бетінен қалаға бүгін жетіп, жаңа кеп ат тұмсығын тіреген жері осы еді. Мұхаметжан ел-жұрттың амандығын жапырлай сұрап жатқан жұртқа жауап бере тұрып, саптамасын тастап, белін шешіп, сыртқы киімдерін шешіп болып, сақалы мен мұртына қатқан мұзды арылтып тұрды. Енді отырғандар әр жерден қағылып "былай шық, былай шық" дескенге де келіп еді. Мұхаметжан саспастан сүртініп, ықшамданып алып, төр жаққа қарады да:

— Тап бүгін осы Мұқа мен Көкбайдың ортасынан отыруға рұқсат па, қауым? — деді. Мұқа төмен қағыла берді. Бұл келіп қасына отырғанда Көкбайдың ойына бір сезік кіріп қалды. Әнде де, ақындықта да осы отырған жастардың ешқайсысына жол бермеймін дейтін кеуде Мұхаметжанда анық бар екені күмәнсіз. "Өзінің кедейлігі болмаса, күтіп ұстаса және мұны бұра беретін "Ырғызбай руымын" деген жуан кеудесі болмаса, осыдан да көп өнер шығарау!" деп Көкбайдың әp жерде айта жүретіні де болушы еді. Бүгін мынада бір қыжал бар сияқты.

Сондықтан Мұхаметжан жайланып болмастан Көкбай соқтыға сөйлеп:

— Сақал-мұртына мұз қатып, сақұр-сұқыр басып келген кім десем, ауыл екен ғой! — деді.

— Ауыл жаман болса медресені тастап, құдайдың үйінен қашып, өзің не қып ауылға барып жүрсің? — деп, бұрын Көкбайдың молдалық оқуын оқығанын еске алып, жұртты күлдіріп кеп Мұхаметжан:

— Үндеме, береке сол ауылда, не қыласың, — деді.

— Қай берекені айтасың? — дегенде:

— Қай берекені айтсаң да тауып беруге мен кепіл болайын... тек шайымды ішкізші, жаным! — деп паңдана қарады.

Осыдан соң Мұхаметжан үндеген жоқ, шайға кірісті. Өзгелер ішіп-жеп болған еді. Кейін-кейін шегінісіп, бұрынғыша әңгіме, әзілдеріне көшті.

Шұбар ақынның тілегі бойынша енді жұрт ән-күйге ауды. Ол ақын бұрынғы дағдылы әдеттері бойынша:

— Әуелгі ән үлкеннен басталсын, өзгелердің іркілмеуіне жақсы болады. Көке, өзіңнің Наурызбайың мен Тілеуқабақ қызының айтысқанын еске алып жібер, — деді. Жұрттың бәрінің де қалауы сол еді.

Көкбай тамағын кеней түсіп, саспай отырып, осы қыста өзі жазған өлеңін шырқаған бір кең әнмен әдемі қып айтып берді.

Бұдан соң Мағауия бастаған тілек бойынша көпшілік Шұбар ақыннан "Сегіз аяғын" сұрады. Ол өзі айтпай, қасындағы жігіті Орымбек тазға айтқызды.

Бұл кездердің бәрінде Мұхаметжан ашытып, тоңазып келген бетінде ешкімге үн қатпай, қазы-қартаны жеп, шайды да мейлінше көсіліп, терлей ішіп отыр еді. Жұрттың өлеңін де, әнін де тіпті тыңдамаған сияқты.

"Өзегімді жылытып алайын" деп қойып, Қысатай ұсынған арақтан бір-екі рет ішіп те алған еді.

Әредікте бір ретте Ысқақ бұдан: "Абай аулына соқтың ба, дені сау ме екен?" дегенде: "Соқтым, сау, сәлем айтты" деп қана қойған болатын. Ақырында бұл шайға әбден қанып болып, кейін шегініп шықты. Дастарқан жиылды. Енді дәл осы кезде басым үні боздай шыққан Мұқа "Топайкөкке" сермеп отыр еді. Ол осы әнді айтып болған соң, жұрттың тілеуі бойынша тағы бір-екі әнді айтты. Соңғысы бір қоңыр ән еді. Сөзі де "Ауылым көшіп барады көк қауланға" екен. Осы әні біте бергенде Мұхаметжан жұрттың сұрағанын күтпестен тамағын кенеп ап Мұқаның домбырасына қол созды. Анау да әнін бітіп, ұстата беріп еді.

— Осынша ақын жиылып ап "Жабағы арық, тай семіз көп сауғанға" деп отырармысың әлі күнге! Тыңдасаң өлеңнің өлеңін тыңда, сөз олай емес, былай! — деді де, бөгелместен соға жөнелді.

Бұл кеткен Татьянаның шер назы: "Амал жоқ қайттім білдірмей" еді. Жұрт қалт етпей тына қап тыңдады. Мұхаметжан әнінің бұларға мәлім бір ерекшелігі ешбір сөзі шала болмай, бұлжымай естілуші еді. Алғашқы бірер ауызды естігенде жұрт "бәйіт пе, орыс әні ме?" деп, нені тыңдап отырғанын айыра алмай отырды. Аздан соң бұл әннің өзгеше қоңыр мұңы бар, шер толқып шығарған салмақты, терең сырлы ән екені байқалды. Осымен қатар, әсіресе, жұртты ұйыға бастаған өлеңі мен тілі еді. Барлық жас ақындар мұндай ғашық лебізін ұққан сияқты болады. Бірақ сонымен қатар "осылай болса керек еді ғой" деумен өзіміз естіп көрмеген сыр мен шер екен-ау деп құлай тыңдайды. Екі-үш ауыздан соң Мұхаметжанның аузына барлық елдің көзі қадалып қапты. Таң тамаша қалдырған ғажап тіл. Және соншалық нәзік бұралып, ырғалған ұяң сезіммен соншалық майда жүрек тіл қатып, үн салғандай. Көзінің жасын іркіп тұрып айтқандай. Қазір міне көз алдында бусанып, тыныс алып тұрғандай шыншыл жүрек.

Мұхаметжанның қызара нұрланған жүзін көріп, жаңағыдай әсем жырына елтіп отырып, ақкөңіл Ысқақ бір әредікте әншіге қарап:

— Ой, көмейіңнен айналайын! — деп қойды. Әншейінде күлерлік те жай еді. Бірақ, мынау халде ешкім де тыныштықты бұзған жоқ.

Әнші іркілмей, бөгелмей отырып барлық Татьяна хатын ақырына дейін тұтас жырлап шықты да, күрсініп ап, маңдайының терін сүрте бастады. Үйдің іші сілтідей тынып қапты.

Көкбай да, Шұбар ақын да үн қатпайды. Сұрлана томсарғандай. Бұлар Мұхаметжанның түсіне де қарамайды. Бетінен ыққан тәрізді. Көкбай Мұхаметжанның келісінен-ақ осындай бірдеме шығарын сезгендей еді. "Астам сөйлеп келіп еді, тегін емес екен" деп, мынау өлең мен әннің жөн-жосығын да сұрауға жарамады. Өзге ақын, әншілер де осы сияқты халде еді.

Жұрттың үндемеген жым-жырттық күйін Мағауия ғана бұзды. Ол Мұхаметжанға сүйсіне қарап отырып:

— Ал, Мұға, енді бұл әннің, бұл өлеңнің жөн-жосығын айтсаңшы! — деді.

Шұбар ақын мен Көкбай Мұхаметжанға енді ғана қарап еді. Бірақ екеуі де қарағанда қатты күдікпен қараған тәрізді. Мұхаметжан бөгелген жоқ. Қалтасынан кішкене Молда жазған хатты алып, Абайдың қолжазбасының бүктесінін жазып алып отырып:

— Бұл орыстың үлкен ақыны Пушкиннің сөзі. Татьяна деген бір қызды бір жігітке ғашық етіп жаздырған хаты осы екен. Осы үш-төрт күн ішінде қазақшаға аударып және мынадай ән шығарып, осымен айтылсын деген Абай ағам! — деді.

Шұбар ақын жадырап күліп жіберіп:

— Бәсе, мынандай көркем сөз, көрікті әнді шығарған сен болсаң, сенімен не деп тайталасар едім? Жолды беріп, енді өлеңді сен айт, мен қойдым дегеннен басқа нем қалар еді? Түу, бағымды алып қоя жаздағандай боп шұқиып ең, рахмет саған ... көп рахмет Мұхаметжан! — деді. Жұрт ду күлді.

Осы кезде Мұхаметжан бұған хатты да, Абайдың қолжазбасын да табыс етті де, өзі атын жаңа есіне алып, тысқа шығып кетті.

Күні бойы терлеп кеп, енді далада аязда тоңазып, дірілдеп тұрған атын қораға кіргізіп, жайластырып болып, қайта үйге кірген уақытта, үйдің ішіндегі жай бір түрлі жат боп өзгеріп қапты.

Енді үлкен үстелдің ортасына пеш қырында тұрған лампыны әкеп орнатып қойысыпты. Бастығы Көкбай мен Шұбар ақын және Ысқақ боп бес-алты кісі қағаз, қарындаш алып үстелге жабысып қапты. Шетінен көшіріп жатқаны Татьяна хаты.

Мұхаметжан үндемей кіріп, есік алдында біраз тұрып, мырс етті де:

— Е, мынаның бәрі менің бұйрығымды көшіріп жатқан песірім бопты ғой! Пәле, Пушкин, тіпті аруағыңнан айналайын! — деді.

Ақындардың құр күлгені, бұл сөзге жауап қайырар мұршасы да жоқ еді. Олар тегіс көшіріп болған соң, осы кеш бойында біреу домбырамен, біреу үнмен ылғи ғана Татьяна хатын айтуда болды. Тез үйрене алмағандар Мұхаметжанға бастатып өздері екіден, үштен қосылып отырып айтты. Сонымен түн ортасы ауғанша барлығының жалғыз ермегі осы Мұхаметжан әкелген, Абай жіберген Татьяна сәлемі болды.

Көп-көп мезгіл өтіп, жатарманға тақағанда бұл үйдің ішінде домбыра тартып, он сала білетін адамның барлығы да Татьяна әнін, Татьяна мұңын ұғып та, көп жерлерін жаттап та алып еді.

Осы кештен екі күн өткен соң қаладағы бір Уақтың қыз ұзатқан тойына Мұқаны шақырысқан еді. Сондағы қыз-келіншек, күйеу-қайын, жас-кәрінің ортасында Татьяна хаты ең алғаш рет топ алдына шығып, атақты әншінің үнімен мұңды сазын шертті. Мұнда да барлық мәжілісті шын сезім, шын назымен ұйыта мүлгітті. Мұқа соңғы сөздерін ырғап қайырып болғанда құлай тыңдап отырған бір кәрі:

— Қарағым көп жаса! Бойды балқытудай-ақ балқыттың. Ал, енді осыны айтқан кім, соны бір шешіп берсеңші? — дегенде әнші жігіт:

— Орыстың баяғыда өткен мен сияқты ақыны Пушкин деген кісі болған екен. Соның сөзі. Қазақшаңа аударған Абай, — деді.

Осы күндерде өзі кездескен мәжілісте Көкбай да, Ысқақ та, Мұхаметжанның өзі де, басқа білгендер де ылғи ғана Татьяна әнін айтумен болып еді.

Солайша, 1887 жылдың қысында орыстың ұлы ақыны Пушкин өзінің сүйікті Татьянасын қолынан ұстап кеп, қазақ сахарасына ең алғаш рет қадам басып еді.

Мұхтар Әуезов