Тас түлек

I. Қат-қабат

Екі өкілдің бірі қораның есігін теуіп жіберді. Кішілеу ағаш есік бай-бай салып, сықырлап, шиқылдай барып, шалқасынан ашылып қалды. Сыртта үймелеп тұрған еркектердің барлығы қораның ішіне қарай омыраулады. Алда тұрған екі өкіл мен Сүтжан үңіліп, бастарын сұқты. Кішкене мал қораның күлімсі, жылы иісі мұрындарына соқты.

Қарны үлкен қызыл қасқа сиыр бұрылмастан топанын жеп тұр. Арт жағы қушиған ашамай. Сүйек-сүйегі шодырайған. Желіні кернеп, толып қалған.

— Бәрекелде, ет мұнда тұр ғой! — деп үлкен өкіл қасқа сиырды көзімен аймалап өтіп: — сиырлар қорада тұрсын да, ет жоспары өзінен өзі толып жатсын... — деп, түсін сұрлантып алып, кекесінмен Жарқынға қарады.

— Мақұл, мақұл! Натуры дедік пе? Тілегендерің босын, — деп Жарқын сызданып, сырт айнала берді. Топ ішінде тұрған комсомол Керімбее:

— Желінін көресіз ғой, бұзаулағалы тұрған сиыр ғой! Өздері колхоз мүшесі, обал ғой ... — деп, соңғы сөзді, міңгірлеп, ақырын айта беріп еді, өкіл қасында тұрған Сүтжан:

— Обал да болса амал не? Жоспарды немен толтырасың? — деп Жарқынға қарады. Жарқын екі жеңін бір-біріне сығыстырып, қолдарын қарын тұсында ұстап тұрып, бұрынғыша сұрланған жүзбен:

— Сөз бітті, не бар? — деп сиыр иесі Оспанға қарады.

Қасқа сиырдың иесі Оспан, көселеу қызыл жүзді, аласа бойлы колхозшы бағанадан үндемей тұр еді. Басына шаршысын қалқайта ораған қатыны Бижамал да осы топтың ішінде болатын. Оның жанында жыртық бешпет, шапан киген жалаңбас, жалаңаяқ екі кішкене еркек баласы дірдектеп тұр. Көгеріп тоңған жүздерімен әркімнің бетіне жалт-жалт қарасады. Әке-шешесінің ығына кезек-кезек паналайды. Жастары сегіз бен алтыда.

Қазір қасқа сиыр жәйі балаларға да күдік туғызған.

— Жақында бұзаулайды. Желіні толып қапты! — деп шешелері күнбе-күн, ертенді-кеш көңіліне тоқ санап күлімдеген сайын, балалар: — Уыз ішеміз, сүт, айран болады, — десіп, қуаныса әңгіме қылатын. Соңғы күндерде кешке жатар алдында шешелері сиыр жанына барып, бөгеліп қалса: — Бұзаулап қалмады ма екен? — десіп, балалар тынышсыздана бастайтын. Үй ішінің үлкендері әбден ұйқыға барғанша бұлар талмастан сөйлесіп жатады. Әңгімелері туатын бұзау мен қасқа сиыр жайы. Кейде бұлар сөзінен мазасы кеткен әкесі ашуланып ұрысып, "жат түге енді, оттамай" деп түн ішінде ақырып та қоятын. Жарқынның жаңағы соңғы сөзінен соң Бижамал сиырынан күдер үзе бастады. Бұған шейін байы мен Жарқыннан дәмелі еді. Өз қолынан келер дәрмен бар ма, жоқ па? Сонда да мынау — қыл мойын. Осыны ойлап ілгері қарай тепсіне беріп еді, байқамапты. Кіші баласы Жұматай бұның етегіне бір жолата оранып апты. Шырматылып, ілгері бастырмады. Бағанадан бері үндемей ішке жиылып тұрған наразылықтың енді тарс беріп, жарыла шығуына со да себеп болды.

Баланы бастан қойып қап, итеріп жіберіп:

— Қараң қағыр, тұр әрі! Бармайсың ба үйге?! — деп жылай жүгірген Жұматайға ақырып: — Не бар саған бұ жерде, — деп алды да, үлкен өкіл Саматқа қарады. Дәл көзіне көзін тігіп, қызарақтап тұрып: — Жолдас өкіл, біз байым мен екеуміз кеңестің жауы емеспіз. Қара табан кедей десең біз боламыз. Алты ай қыс, алты ай жаз колхоз ісі деген істен бірде-бір бас тартып көрдік пе екенбіз? Айтсыншы мына тұрған азаматтар. Мына Жарқын... — дегенде, қалған сөзді Оспан іле жөнелді:

— Қызыл қарын жас баламен жыл он екі ай күткеніміз, осының бір жылбысқасы еді. Бүгін-ертең бұзаулайды. Желінін әні көріп тұрсыз! — дегенде енді беті ашылып алған Бижамалдың да сөзі тасқындап, керней бастаған еді.

Даусын ашу кернеп, байымен жарыса:

— Бұ қай қылғандарың?..

— Тіпті Кеңеске де достық емес қой бұның өзі.

— Не жазығымыз бар еді? Колхоз, колхоз дегеннен басқа не қып едік.

— Ең болмаса жаны бар малды аясаңдаршы! Ет дейтін еті бар ма осының ....

— Бай-құлақ босақ екен, ол бір сәрі...

Жан ашуымен бұл екеуі осылайша төпеп жатса да, сөздерін дұрыстап тыңдаған өкіл болған жоқ. Олар қораға кіріп, сиырдың бас-аяғын айналып қарап жүр еді. Самат Қанапияға күңк етіп:

— Жүз жиырма кило шығар! — деді. Ішінен, үшінші ауылдағы ет жоспарының толмай жатқан есебіне бұл санды қосып, есептеп шықты. Қанапия бұл уақытта сыртқа шыға беріп еді, Бижамалдың соңғы сөзіне елең етті де:

— Жолдас, мал үшін, сол өзің айтқан бай-құлақ қырқысат! Колхоз бен колхозшы малы — кеңес малы. Оны қалай қылады, Қеңес өзі біледі... Сөзді доғар! — деп Саматқа қарады да:

— Болды... Енді басқасына бармаймыз ба? — деді.

— Кеңес осылай қыл деп пе екен сонда? — деп Оспан әлі де даудан қайтқан жоқ еді.

Топтың тап ортасына келген Самат Оспан сөздерін естімеген кісі боп, Жарқынға қарап:

— Апарғыз, мына сиырды! — деп, бұйрық етті де Қанапияның артынан ол да қозғалды. Өзгелер де баяулап ере бастады. Бұл соңғы сөз. Дәрмен кетіп барады. Бижамал қасқыр ішік киген Самат өкілдің жотасына қарап:

— Ішінен бұзауы мөңіреп шығар, жолдас өкіл! — деп қала берді.

— Сөз бітті, енді қой әрмән! — деп, Жарқын ашулы жүзбен Бижамалға қарап, өте берді. Көздері ызамен жарқ еткен сияқты болды.

Бірақ бұл Бижамалға арналған ыза емес еді. Шатасыңқырап тұрған Бижамал ашу үстінде ол жерін аңғармады.

— Е, тіпті өзің екенсің ғой! Жетістіргенің осы екен ғой, колхозшыңды. Манадан сөйтіп, соныңды айтсаң болмаушымет? — деді. Қатынының қасында бір қызарып, бір сұрланып тұрған Оспан да осылай түсінді.

— Ауыл Кеңестің орынбасары боп қалып, Мұрат жоқта тапқаның осы ғой... Жоспар толтырып мақтан алмақ. Ауыл кеңес вожақ қой, жүдә! — деп Жарқын ұзаған сайын арқасынан төпеп жатты.

Көптің артына таман келе жатқан Жарқын бұны сезіп келеді. Бірақ қазір оны ойлап жататын мезгіл емес. Бұлар осындай екінші колхозшы — Жұманның қорасына қарай келеді. Ондағы мәселе бұдан да қиын.

Жарқын аяғын жітірек басып ортада келе жатқан Саматтың қасына тақай берді де, сол жағындағы комсомол Керімбекке қараған боп:

— Мөңіреп шығат деді ме? Онысында дау жоқ! — деді.

— Бұны сойғасын мал бетіне қарау да қиын жүдә! — деп Керімбек те өзінің пікірін жасыра алмады.

Шенел киген, сақалын қырған, кішкене шағын бойлы, пысықтығыр өкіл Қанапия, бұларға таман қырындап, бұрыла беріп:

— Сендердің бұның ымырашылдық! Немене қоймайсыңдар, бір емес, екі емес! — деп ашу шақырды.

— Дәл біз әкеміздің аласысын жиып, бас қамымызды ойлап жүргендей, — деп Самат та жүзін томсартып, қостай кетті.

Жарқынның Саматтан азырақ дәмесі бар еді. Өзі қырықтың ішіне кіріп қалған мосқал адам. Көпті көрген, оқу-білімі де толық адам сияқты. Мынау толық қарынмен, мына сұп-сұлу жуан қара мұрт ең болмаса ауыл жәйін, шаруа күйін жете білдірсе керек еді. Өз жері, өз ауылында шаруа ұстатқан аға-інісі болмады деймісің? Мынандайдың өрескелін ең болмаса осы түсінбес пе? — дейтін еді. Қазір де: "Әлі де кеселдің өзі сол жерде ме екен?" — деген ой да жалт беріп өтті.

Жаңағы сөздің артынан Жарқын Саматтың жүзіне көз қиығымен бір қарады. Толық бұғағы қос иек жасап кертиіп апты. Бетіндегі ұсақтау шұбарлары қазір сұрланғандықтан айқындалып алған. Қарағанда Жарқын: — "Шын айта ма?" дегендей боп қарап еді. Мынаның қазіргі жүзі өз істерін "шын-ақ мақұл" деген кісі сияқты. Жарқын бұндай бояма, жалған түске ежелден ыза болғыш болушы еді. Алғаш сөзді бастаған "ымырашыл" деген Қанапияға қарап:

— Жолдас Қанапия, кеңестің жалғыз сенімді азаматы сен ғана емессің, емессің тегі... — дегенде Жарқынның имектеу зор тұмсығы танау қағып соқталанып, қырланып алды. Анау бірдеме дей беріп еді, сөзін тыңдамастан:

— Есіңе салам... Есіңе салам осыны. Мен болдым тек! — деп осымен тұжыра салып, ары қарай үндемеді.

Ескі сусар бөрік киген, шолақ тұмсықтау, қызыл жүзді жас жігіт Сүтжан осы "Еңбек" колхозындағы ескі белсендінің бірі. Өзі бірінші бригат бастығы. Қазіргі мәселелердің бастан аяқ ішінде. Ол Жарқынның ендігі мінездеріне қарсы. Ішінен: "Бұ не қыңқыл енді? Айтылар сөз айтылып, шешілер мәселе шешілмеді ме? "Ымырашылдық" деген осы екені рас!" — деп ойлап шығып, енді мыналарды шиеленістірмейін деп араға түсті.

Әуелі Жарқынның түсіне қарап алды. Ол еңгезердей үлкен, жуан бойлы, сақалын қырған. Жирендеу сұйқыл сарғыш мұртын қоя берген. Онысы екі езуінің тұсында қатаң қияқша тікшиіп тұрады. Беті жалпақ, қалың етті. Түсі қара сұр. Жарқын қазір де иығына жүк түскендей еңкейіп алыпты. Ашуланғанда кішілеу, өткір қара көздерінің айналасындағы еттері ісініңкіреп алушы еді. Қазір сондай күйде екен. Басын төмен салын, аяғының басына ғана қарап, қадамын санағандай боп келеді. Әсіресе, имектеу зор мұрыны өзгеріп алған. Ұшы үшкірленіңкіреп, қыры айқынданып тұр.

Қанапия енді бірдеме десе, бұл осыдан ары шыдай алмайды. Мәлім. Томырылып, шарт-шұрт бірдемеге кетеді. Және оның ең алды боқтықтан басталады.

Сүтжан бойы аласа, адымы қысқа болғандықтан, Жарқынның жәй басқан адымына да ілесе алмайды. Сондықтан тепектегендей боп ентелеп, шапшаң басып, Жарқынның азырақ алдына түсіп:

— Мәселені талқылап бомадық па, Жарқын аға!? Бұ колхозшылардың қара табан, батырақ екені рас-ақ. Оны айттыңыз. Бірақ жолдас өкілдер де бар жәйді айтты. Сонау крайдан бастап, кеше мына районға шейін "Сарымсақты, Сарымсақты ауданы жоспарды толтырмады деп", ығырып жатыр. Енді дауды қояйық тегі, — деді.

— Е, жөнді айтпаймыз ба? — деп Керімбек Сүтжанға сүзе қарап қалды. Қысқа айтты. Тарата алмады. Бірақ Сүтжанға жалт еткен көзқарасында мынаны жеп жібергендей жек көру, ашу бар еді.

Сүтжан да онысын ұқты. Бұл қорғанса: ашуы қатты және авторитеті бар Жарқыннан ғана қорғанады. Керімбектен неге ықсын? Және екеуінің кикілжіңі ежелден мәлім. Бірін-бірі жек көруін жасырмайды. Әр жерде, үлкенді-кішілі мәселенің бәріне де қырқыса береді. Жастары құрбы болғандықтан, кей-кейдегі даулары боқтасуға да, қылжаққа да сайып кетеді. Бұл жәйлері жаңада келген адамдар болса да, мына өкілдерге де мәлім.

Колхоз көпшілігіне бұлардың шекісуінде парыз-қарыз жоқ сияқты. Үйреншікті боп алған.

Сүтжанға Керімбектің өзгесі батпаса да, жаңағы көз ажары қатты тиді. Әсіресе, Жарқынды жанасалап келе жатып айтқаны, біз сұққандай. Жарқын бұлардың ортасында бір төбе. Оның әуелден орны солай. Колхоз жастары бұның айналасына көп үйірмелейді. Сонда әр кім, әр түрлі саламен кеп жанасатын сияқты.

Енді Жарқынға бұл тентек боп, Керімбек оң болғаны ма? Беті қып-қызыл боп, ашумен ду ете түсті. Сөздің шегі қайда екенін де байқамай қалды:

— Сен апартуншылсың. Үстіп құйыршықтанасың да жүресің әр қашан! — деп салды.

Жарқын бұны қаққан жоқ. Жалғыз-ақ салқын ғана бір қарады. Керімбек те алғашқысындай күйген жоқ. "Құйыршық" деген сөздің өзіне дарымайтынын ол біледі. Сондықтан Сүтжанға қадала қарады да:

— Өй, жаның құрсын! — деді.

Пысық, жылпың жігіт Қанапия "Еңбек" колхозының ішіндегі ұсақ-түйек әңгімелерге де қанып алған болатын. Екі жас жігіттің жаңағы қағысуларын өткізіп жіберіп, Жұман қорасына тақай бергенде, Керімбекке қарап мырс етіп:

— Бала, жаңылмасам, осы үй мен сенің аранда бір кішкене қатын-қарыз бар ма, қалай? — деп қарқ-қарқ күлді. — Керімбек басында аңырып қалып, артынан қып-қызыл боп кетті. Сүтжан бұл сөзді естімеген кісі боп, алға қарай адымдаңқырап кетіп еді.

Керімбек соны байқап ап, Қанапияға бұрылды да:

— Түу ағай-ай, үлкен кісі де сондайға құлақ сала ма екен, қойыңызшы тіпті, — деп мойнын екінші жаққа бұрып салып, күліп жіберді.

Самат та Қанапияның не есеппен айтқанын түйе қойып, іле жөнеліп:

— Шырағым, бұндай жер тегі шетін болады. "Үй артында бөрі бар" — байқай-байқай жүргейсің, — деді. Сөзінің қалпы әзіл сияқты болғанмен, қыры көп. Өзін және Самат мұғалімнің шәкіртке айтқанындай қып, қатаң түрде ұстаз пішінімен айтты. Жүзі күлімдейді. Бірақ Керімбек барлап қарағанда Саматтың көз құйрығында бұл ұға алмайтын, әлденені баян ететін бір күлкі тәрізді, болымсыз ғана ойнақылық та сезіліп қалды. Самат жаңағыны айтты да, қайтадан тез суынып, томсара қойды.

Керімбек бұл әзілдің бәрінің нәтижесіне іштей тіксініп қалды.

— Қарыз мынау үй жайында бірдеме десем, ең болмаса "ара түстің" деп кінәлай ма? "Құйыршық"!.. Жоқ, ол емес ... оны қойшы ... қатын-қарыз. Комсомолдығыма нұқсан кеп қалар мекен? — деген сияқты ойлардың аяғы бір жерге тіреліп болғанша, Жұманның үйі де жаңағы Оспанның үй-ішіндей боп, тегіс шұбап тысқа шықты.

Ауыл кеңесінде бүгін болған жайларды естіген бе, немене? Қабақтары момын уайым пішінімен түйілген. Түстері кірбең. Жарқын мен өкілдердің түсіне бәрі тегіс көмек тілегендей қараса береді.

Тыста тұрғандар ең алдында Жұманның өзі, оның арғы ығына таман — қатыны Дәмет. Бұлардың арт жағын ала, оқшауырақ жерде кәрі шешесі тұрысты. Соның айналасына Оспанның балаларындай үш бала оралып жүр. Бәрінің артынан Рәушан шықты. Бұл — 16—17 жасқа келген, қызыл шырайлы, жіңішке бойлы, үлкен қара көзді, сүйкімді қыз. Ол өкілдерге кеп амандаса бергенде, тамның есігін ашып, бері шыға түсті де қайтадан жалт беріп, үйге кіріп кетті.

Өкіл Қанапияға әдейі істелген, сезбестікке салып, топастықпен күліп жіберіп, қасында тұрған Керімбекті жауырынан салып қалып, итеріп жіберді.

— Мәселе қара сиыр жәйі, Жұман! Ет салыны толмады. Аудан анау, өкіл мынау қысып жатқан. Сойылады сиырың — ... деп Жарқын бірақ кесті де, бағанағыдай сырт айнала берді. Кейкі танау Жұманның өңіндегі аз ғана қызғылт сөніп кетті.

Бұның мұрнын бір кезде жаман ауру нық айналдырыпты. Басында шалқайтып бір әкетіпті де, бетімен бет қып жібере жаздап барып, әйтеуір әупіріммен, сол кейкиген қалпында қалдырып кеткен екен.

Сұрланған бойы қабағы барынша түйіліп, екі қолы салбырап, түсіп кетті. Жауап қата алмады.

Жұрт біраз жым-жырт тұрып қап еді. Осы кезде екі өкіл тағы да қораға қарай басып, есіктің жоғарғы жағынан қара сиырды көрісіп алды. Жанында жап-жас бұзауы тұр. Тым-тырысты алдымен бұзған кемпір Ырысты болды:

— Уай, Жарқын-ау, шырағым! Өзің білмейтін жәй бар меді? Бұ неткенің? Мына бізді, мынау, — деп айналасына қолдарын созып, көлбектетіп — шиеттей балаларды кәйтсін дегенің бұның?! — дей берді.

Дәмет те шыдай алмады:

— Шын айтасыңдар ма, Жарқын мен Керімбек-ау!? Бұзаулағанына үш-ақ күн болды ғой... — дегенде Сүтжан:

— Оны сенен кем білмейді бұ тұрған ел. Сөзді шығын қылма, Дәмет. Одан да ана бас жібіңді шешіп ал қайта! — деп үлкен бір ыза ретімен "қылдым ма бәлем!" деген кісіше сөйледі. Осы пішінін әдейі жасырмай, бүркемей Жұманның үй іштеріне тегіс көрсетіп, жағалай қарап шықты.

— Керімбек-ау! Қарағым-ау деп, — кемпір Керімбектің атын тағы атай берді.

Жарқын бұған келгенде, даусы қатаң шығып:

— Уа тоқтат, шеше, енді, болды. Өкіметке керек! — деп алып, қасындағы бос колхозшының біріне:

— Апар, ана сиырды! — деп қатты бұйрық етті де:

— Жә, жүріңдер тағы өздерің, жүріңдер, мінеки осылай — ... деп, өкілдерде қарап ап, ілгері басты. Жұрт жым-жырт, артынан ерді. Бұлар ұзай бергенде:

— Ө тілеуің құрсын Жарқын. Жақсылық істейіт деген Жарқының осы ма әлі; тілеуің құрсын! — деп Дәмет үйге қарай жылай жөнелді.

— Керімбектің де құдай аузын буып қойыпты ғой! — деп кемпір әлі де дәмелі боп соңынан қарап тұр еді.

— Буылып қапты ғой, аузың буылғыр, — деді Жұман да. Оның өз тұсауы да жаңа ғана шешілген еді. Иығы салбыраған күйінде сиыр қораға қарай басты.

— Е қырына алды ғой бұ Сүтжан... Содан екенін біліп тұрмын, қайтермін... — деп өз-өзіне сөйлеп, кемпір де үйге қарай айналды.

Үшінші ауылдың ет салығы үшін төлегендері соңғы жоспарға әлі толмай жатыр. Бұл ауыл екі колхоз. Біреуі анау "Талап". Онда мал қалмаған. Алғанын салып алды. Қалғанын сойып сатып, иелері құртып тастады.

Ендігі салмақ жалғыз "Еңбекке" түспей тұрсын ба? Бұнда жаңағы Оспан, Жұмандар сияқты жалғыз-жарым сиыр-торпақ ұстап қап отырған колхозшылар әлі де бар еді.

Жарқын, Сүтжан, Керімбек — бір жағынан және мұғалім мен Серікбай сияқты басты колхозшылар, — екінші жағынан — әйтеуір тегіс еңбек еткен. Көп үгіттеп, колхозшыларға малдарын сойғызбай, аман сақталған еді. Маңайдың өзге елдері жалғыз жарымын қырып, "қызыл тұмсық" боп жатса да, жаңағы Жұмаңдар соған елікпей, бай-құлақ қыздырмасына ермей, осы Жарқын үгітін нық ұстанып қалған.

Рас Жарқынның колхозшыларға іштей сүйеу болатын: сөздер, уәделер бергені де бар.

Үшінші ауыл Жарқынның өкімет алдындағы салмағына әбден сенеді. "Бұның өзгелерден орыны бөлек", "ол уәде қыса алмайтыны рас" десетін. Бүгінге шейін солай боп келгені шын да еді. Дәл осы бүгін тәңертеңнен бері қал өзгеріп тұр.

"Еңбек" колхозы үлкен ала таудың ет бөктерінде. Өзі көп жерге шашылған емес. Бір арада жиын отыратын елдің колхозы. Жүзден аса мүшесі бар. Солардың қоралары осы "Ақтас" суының бір ғана, сол жағасында. Бірақ әзір дәрмен жетпей. қалаша орныға алмай жүргенді. Сыртынан қарасаң бір арада үш қора ынтымақтаса қап, тағы бір жерде төртеу-бесеу үймелеп қап, кей жерде екеу бөлініп шығып, тағы бір жерлерде жалғыз-жалғыз одағайлап шығып — солайша шанжау-шанжау боп бытырай отырысқан жәйлері бар еді..

Осы қоралардың бірі — мектеп. Оған әлі арналып салған жеке үй жоқ. Осы күз қуылған бір байдың үйінде. Кооператип те осында. Және үшіншінің ауыл кеңесі де осы ауыл үстінде болатын. Жарқын бұл ауылдың өз тумасы емес. Бірақ 29-ншы жылы колхоз алғаш ашылған күндерде ауданнан шығып, осы елдің ортасына келді де, колхоз мүшесі боп орнап қалды. Бұл өңірдің елінің Жарқынды білмейтіні жоқ. Аудан қызметкерлері де бұнымен тегіс таныс. Сондайының кейде "Еңбек" колхозына көп септігі тиетін.

Әлі, әзір ол колхоз мүшелерін түңілтетін іс істеген емес. Сондықтан оны бөтен жердің адамы көріп, сыртқа тепкен мінездер де болған емес, қайта көп колхозшы тілін алып сыйлап тұрады. Үшінші ауылдағы белсенді жастың көбі осының айналасында жүреді.

Өзі ауыл кеңес басқармасының мүшесі ғана еді. Соңғы екі айдан бері ауыл кеңес бастығы Мұрат деген белсенді жас жігіт әскер қызметіне кетіп, Жарқын уақытша "бастық" боп қалған.

Екі өкіл "Сарымсақты" ауданының ішінде, осы 3-ші ауыл, 4-ші, 5-ші ауылдарға шыққан өкілдер. Сол ауылдарда бұлар істей бастағалы бір айдай болды.

"Еңбек" колхозына бұрын да талай келіп, аларын алып кеткен. Бірақ кеше аудан кіндігіне барып, түн ішінде қайтып кеп, Жарқындікіне түскен. Осы жолы ерекше ширап, ызғарларын сыртына сала келген.

Гәп ертең ауыл кеңес басқармасында осы жүрген топпен бірге тығыз жиылыс жасап, бірнеше қаулылар шығартқан. Жарқын олардың көп ұсынысына қарсы болды. Бірақ аналар тізе қып, омырауға сап, ауыл белсенділерін артынан ертіп ап, бұны да еріксіз көндірген.Қазіргі жүрістер сол жыйынның нәтижесі. Онда Жарқынның дегенінен орындалған жалғыз нәрсе: осы өкілдердің өздерінің бірге жүруі.

— Жүр, өздерің. Колхозға айтар сөздеріңді өз ауыздарыңмен өздерің айт. Мен өкімет атынан уәдені беріп-беріп ап, енді кеп өтірік айтып "қара бет" боп отырмайын. Қыл дегеніңді қып берем... Бірақ міні айтатынды өздерің айт! — деген. Өкілдер ашу шақырып, қорқытпақ боп көріп еді. Жарқын қырыстанып, отырып алған. Содан соң өздерінің еріп жүргені осы.

Қалай да бүгінгі күн колхозшыларға да, Жарқынға да бір сын күн болды.

Әлгі екі колхозшы наразылығын ішіне жиып қалса да, әйтеуір бұрын Жарқынды сыйлаған бетпен көп бөтен нәрсе айтпады. Перде жыртпады. Айтар дәрмені де жоқ шығар.

— Әйтсе де тілеуің бергір екені — деп Жарқын ішінен оларға ырза еді. Сол бетпен, тағы осылар сияқты колхозшының бірі Сәрсен дегендікіне келіскен. Оның сиыры бұзаулағанға бір қатар уақыт болған екен. Өкілдер көп ойланған жоқ.

— Бұзауың өзіңе қалады. Сиыр далой! — десті. Ол сиырды да айдатып әкетті. Бірақ өзге колхозшылардай емес, Сәрсен Жарқынға тұпа-тура сөйледі.

— Істетіп отырған сенсің. Маған деген қастығың бұл! — деп тістеніп кіжініп қалған. Сәрсен сиырына келгенде бұл топтың ішінен Сүтжан ғана босаңсыған. Кішкене емексініп, Сәрсеннің бала-шаға, үй-ішінің көптігін айтқыштап еді.

Ол орайда Керімбек омырауға салып кетті. Сонымен Сәрсеннен де өтісті. Жарқын енді баратын жер біткен шығар деп ойлап еді. Ол байқамапты. Тәңертеңгі тізімге басқалар да кірген екен. Сәрсеннен кеткен соң:

— Енді тағы кім бар? — деп Қанапия артына қарағанда, Самат төс қалтасынан блокнотын суырып алып, саспай ақтарып, қарап алды да:

— Ендігі Сиқым! — деп алып ілгері басты.

Жарқын таң қалды. Саматқа қарай тақап кеп:

— Қойыңыз, ол жоқ шығар! — деді.

— Жоқ емес. Көк құнажын тұр онда, — деген қатаң жауап есітті.

Жарқын басын бір шайқады да, соңдарынан ерді. Өкілдерге айтқаны ма, өзіне істеген белгісі ме — әйтеуір тілін таңдайына соқтықтырып "лық-лықтап" қойды.

Бұлар өзгеден оқшауырақ тұрған кішкентай жаман қораға тақап келді. Болымсыз, соқырша терезенің бір көзіне баланың жыртық шапанын тығып қойған үй екен. Қораның төбесі де, қабырғалар да жәутік-жәутік. Жыртық шоқпыт. Там жақтың сылауы да қотыр-қотыр. Кәп жері қорасан жегендей қопсып түсіп, шұбарытып тұр. Төбедегі мүрже қиқиып-шойқиған — форымсыз.

Шатыр жабыншысының әр жерінен қамыс қобырайды. Кей жерден қисық, қу бұтақтар сойдиып шығып тұр. Қораның жалпы көрінісі — жұртта қалып ит кемірген қу асық сияқты.

Топ тақай бергенде кішкене қара шолақ қаншық шапылдап үре жүгірді. Үйден шашы үрпиіп Сейсап шықты. Үстінде шолақ тақыр тон. Ескі көйлектің етектері борша-борша. Қою қара шашының жарым-жартысы үрпиіп, сексиіп, жоғары өрекпісе қалған жарымы сыбағысып салпылдап, екі бетін баса түсіпті. Бетінің әр жерінде қалған балшық бар. Сол жақ танауында күйе. Қолында баттасқан лай.

— Уа сорлы Сейсап, тағы не істеп жатырсың, құмырсқадай? — деп Сүтжан қалжақ етті. Сейсап жат қонақтарға қысылыңқырап қарап ап күлді де:

— Қазанымыздан түтін қайта берет, бар болғыр. Соны амалдап жатқан ем, — деп үйге шақырғандай боп, есік жанына қырынан тұрып, қонақтарға жол берді. Самат Сейсаптың сыртқы түрінен түңілді де, үйге кіргісі келмеді.

— Жеңгей, байыңды шақыр! — деді. Сөйткенше үйден Сиқымның өзі де шықты. О да жұмыс істеп жатыр екен. Кішкене бойлы болса да, шымыр денелі, еті тірі. Бұл қызыл шұбар Сиқым "Еңбек" колхозының жақсы екпіндісінің бірі.

— Бұрын тақыр кедей. Еш нәрселері болмаған. Өмір бойы екеуі де, малшы-жалшылықпен күн кешкен. Осы былтырдан бері ғана колхозға кіріскен еді. Өкіл кірмейін дегенмен Сейсап Жарқынға қарап: Бас сұқпайсыздар ма? ... Немене үріккен кісідей, — деп кінәлай қарады. Өзге қатындардың көпшілігіндей бұйығы, төменшік емес. Сейсап әрқашан осындай омырау. Қазірде де "киімім бүтін емес екен" деп жасымайды.

— Пай-пай шаруа қыламын деп! Тастасаң бомайма түгі, мына жыртық көйлегіңді, — деп Жарқын Сейсаптың етегіне қарады. Сейсап қызарып, күліп жіберіп:

— Енді қайтейін, былжыр былғап жүрім! — деді.

— Құны жаман емес пе? Ки десем, кимейт жүдә, бүтін көйлегін, — деп Сиқым күле тұра, кінә қойды. Өкілдер бұл сөздердің бәрін артық көріп, мұрындарын шүйіріп тұр еді. Соны сезген Сейсап Жарқын мен Сүтжанға кезек қарап:

— Немене шаруа не? — деді.

— Жеңгей, шаруа көк құнажын. Ет жоспары толмай жатыр. Енді өзіндей колхозшының бәрінің де, бір-бір сиырын ап жатырмыз. Амал жоқ! — деп Қанапия келген жайды өзі айтты. Шынында, өздері айтпаса Жарқынның айтатын түрі жоқ. Соны өкілдер сезген еді. Қанапия сөзіне Сейсап үндемеді. Сиқым:

— Шын айта ма, Жарқын-ау? — деп Жарқынға үңілді. Жарқын жауап қатпады. Жалғыз-ақ демін ішіне тартып сұрланып алды.

— Алатын болды. Қаулы солай Сейсап! — деп Сүтжан әлденеге ыржиып, Сейсапқа қарады. Сейсап бұның күлкісіне ыза боп кетті.

— Жаны ашымастың қасында басың ауырмасын деп, несі бар алам десең? Ана тұр. Ала бер. Кеңестің өзі берген малы, өзіне керек боған та! — деп қолының лайын уқалап түсіре бастады. Бұл сөз Саматтың әлі ешбір колхозшыдан естімеген жауабы еді. Ішінен ырза болды да, Керімбекке қарап:

— Алып шығыңдар! — деп бұйрық етті. Керімбек бір колхозшымен бірге қораға қарай қозғала берді. Сол уақытта Сиқым тағы да Жарқынға қарап:

— Жаным, Жарқын-ау шын айтамысың? Екі бірдей баланы, шалды кәйтесің? Өлсін дегенің бе бұларың? — деп аяғының ұшымен жер шұқыды. Тамағын бірдеме кернеп келіп, үнін өшіріп қойды. Бір өкпе, кінә толқыны басталды. Өз туысына айтқан кінәдай. Ауыры да сонысы. Бұрынғы өмірінде танып-білмеген бір сезім. Ондағы жат дүниеге бұл өкпе, кінә айтпайтын. Қаталдық қана күтетін. Мынау тәні бұған өкпесін де айта алады. Сондықтан көзіне жас толып кетті.

Наразылық деуге келмейді. Бірақ өздерінің қалын түсінбегенге шыдай алмайды. Бұрын бұлар ылғи сыр бермей, сыртымен семіріп келе жататын. Шынында, киімін бүтіндеп, жоғын түгелдеуге әлі жете қоймаған. Жоқшылық сызы арқаларынан түгел арылып болған жоқ.

Өзге колхозшы колхоз ісімен қатар өзін де ұмытпайды. Сондықтан ең болмаса киім салымын бүтіндеп ұстайды. Мына екеуі оны ойлап көрген емес. Бірақ күз басынан бері қарай күткендері осы көк құнажынның сүті еді. Сол ас та, киім де болар дейтін.

Осы күнде үй-іші ашпа-жалап. Бірақ әйтеуір алдағы күнге дәме артып, соны дәрмен етіп, қалт-құлтпен келе жатқан.

Осы жәйлерін колхоз ішінде өзге жерде айтпаса да, Жарқынға Сейсап екеуі бір оңашада түгел сөйлеген еді. Күйлерін Жарқын анық біледі. Киім кешексіз балалар үйден шыға алмай, жыртық көрпеде оранып жатыр. Жарқын оны да сезеді. Бірақ сонда да мына екеуі қажымайды. Сыртқа сыр бермейді. Жарқын өз долбарымен:

— Пролетариат ерлігі, қажымастығы осы! — деп түсінетін. Сиқым сөзін тауыса алмай төмен қарап, аяғымен жер шұқып қалғанда, Жарқын оның күйін толық ұқты. Сол арада өз ішінен бірдеме кеп, бүйірге қойып кеткендей болды.

Бағанадан бері төсіне қусырып жүрген қолдарын жазып жіберіп, енді ілгері таман тепсініп шыға берді. Керімбек бұл уақытта есікке жетіп, соны ашып жатыр еді. Ар жағынан:

— Тұр былай, Керімбек, жолама! — деген ашулы бұйрық саңқ ете түсті.

— Неге, о не дегенің? — деп Сүтжан ажырая қарағанда Жарқын:

— Тоқтат, сен, сөзді, — деп тістері ақсиып, жағын тістеніп тұрып, Саматқа тесіле қарап:

— Алғызбайым мен бұл сиырды. Жап мына мені! Міні мен, мен ... — деп сұқ қолымен өз кеудесін нұқып тұрып — өкімет ісіне, салығына бөгет етуші мен деп айт! Бар жаз қағазыңды, өкіл! — деп шәншіліп қарап тұрып алды.

Керімбек сол арада есіктен тайқып шығып кетіп, Жарқынға сүйсіне қарай қалды. Сүтжан енді қайыра жауап қата алмай, үндемей тайқай берді.

Сол кезде сұп-сұр боп алған Қанапия, Жарқынға қарай тепсініп:

— Өй, сен кеңестің досы емес, жауысың білем ... нағыз апартуншыл ... — дей бергенде, Жарқын қарсы тап беріп ...

— Қысқарт тіліңді. Мен Жарқын. Көзіңді ашып қара.

— Сенің кеңеске достығың жалған!

— Кеңес — менің кеңесім, сендейдікі емес!

— Сен бас бұзар ... өтірік белсендісің ...

Осы кезде Жарқын жеңін сыбанып, бөркін желкесіне қарай қозғай салып, ілгері ұмтыла беріп еді. Араларына Самат пен Сүтжан түсе қалды. Сиқым бұл кезде бағанағы күйінен әбден арылып алған еді.

Жарқынның мінезі оның ішіндегі реніштің бәрін бір сәтте жуып-шәйіп кетті. Енді ол: "Кеңес жасап, Жарқындар тірі болса, тіпті өлмейміз", — деп жаңағы ара түсуіне барынша ырза болған болатын. Сондықтан "Жарқын осыдан арғыға бармай-ақ қойсын!" деген байламға келді.

Осымен анау Қанапияға қарай ұмтыла бергенде, бұ да бір жағынан жетіп кеп, Жарқынның оң қолын білегінен ұстап алып:

— Қарағым Жарқын, қоя қой енді! Болды. Қызын ... Менің тышқаққа үйренген көтім бұл ... Кеңес тірі болса өлмейміз. Үкіметке керек екен мейлі алсын ... — дей берді. Бірақ Жарқын оған тоқтаған жоқ.

— Жоқ, алмайды. Бермеймін мен, мінекей. Қырғызбаймын сенің балаңды. Ол кеңестің баласы. Одан да міні өзім кетем, — деп кимелеп, омырауын аша берді.

Қанапияны Самат енді сөйлетпей қойды. Өйткені Жарқынның көзі қып-қызыл боп, бетінің әр бір жері дірілдеп апты. Өзі аппақ сұр боп кеткен. Еркіне жіберсе төбелеспей, Қанапияны сабамай тоқтар емес. Ежелден қорқақтау Самат, тегі жанжал атаулыны сүймеуші еді.

Ана өкілді тоқтатып тастап, өзі жорға сөзге сала бастады. Қанапия бұл кезде ашуланған бойымен, шенелінің қалтасына қолын салып алып, кеңсе жаққа қарай, шапшаңдай жөнелді. Бара жатып:

— Контрреволюция ... Әрес! — деген сөздерді тастап барады.

Жарқын бөгеп тұрған кісілердің басынан аса қарап, Қанапияға тесіліп, түйіліп тұр. Сөздерін естіп жатыр. Жауап біреу-ақ болар еді. Бірақ жолдағылар жібермейді. Бұлқынса да болар емес. Кейбіреулер тіпті бұның бойына да асылып апты.

Самат бұның кеудесіне екі алақанын қойып, бағанадан сөйлеп жатыр еді. Анау ұзап кетті. Самат сөзі енді ғана санасына жете бастады...

— Сен жақтаған кедейге біз жау деймісің? Бәріміздің де жеп жүргеніміз кеңес наны ... Өкіметтің осы күндегі бұйрығы қандай қатты екенін білесің ... Ұғасың. Кеше бар өкілді шақырып ап, Алматыдан келген үлкен өкіл қандай тышқыртты. Арқадан аяздай батып бара жатқан сол емес пе? — деген сияқтыларды сабап жатыр.

— Е, жоғын көріп отырсың. Жоспар шамадан тысқары. Оны райком өзі де біледі. Неге уәде қыласың, — деп демігіп, тісін қайрап ап, — өзіміз осы осында істеп жүрген иттер өзіміз емес пе, бар пәленің басы? ... Неге жүз процент орындайын деп уәде қыласың? Қырмақпысың? ...

— Ойбай-ау, жүзге толтыр, жеткіз деп ығырып жатқан жоқ па?

— Сен мал бар дегенсін толтыр дейт олар. Жоқ деуге сенің аузың бармайт. Жақсы атты болмақсың. Жүз процент деп ертең мақтанбақсың. Соған мақтан... тыныштық. А мынаған, — деп Сиқымның үйін көрсетіп пе? ...

— Е, онда жоқ дегенді өзің неге айтпадың?

— Мен айтпадым ба? — деп күйіп, жағасын ұстап — жолдас-ау, коммунистік арың бар емес пе? Мен емеспем, өз көзіңше, алдыңғы күн райкомде айтқан?

— Рас, рас ... айттың. Райкомде айттың. Ал кешегі қал өзге боп кетті ғой! Райкомның өзі де үндей амай қалды ғой, — деп Самат қалбақтай бастады.

— Сонда сен: "бар, толтырамыз!", — дедің ғой. Мен ол жерде бомадым. Босам ондай-әм айтар ем. Шыныңды айтшы жолдас, айтпадың ба "мал бар" деп? — Осыны айтты да Жарқын Саматқа тесіле қарап, жауап күтіп, үңіле қалды. Самат жалтара алмады:

— Ол айтылды... Ана Қанапия айтты, — деп мойнын бұра берді.

— Е, айтса сол Қанапия, әкесінің малынан алып берсін. Барды бердік. Міні жылаттық ана, басқа колхозшыны. Мына жерде райгершілік қып тұрғам жоқ ... Бірақ шыным, барым ... Мына Сиқымдарды өлтіргенше мені өлтір. Бұлар керек! Кеңеске қымбат кісі осылар. А, біздің бұтымыз бір тиын ... Бастық, атқамінер әкеңнің ... табылмаушымет? — деп Сейсаптың есігінің алдына барып, қабырғаға сүйеніп, жүресінен отыра кетіп, маңдайының терін сүрте бастады. Бұған дән риза болған Сейсап та:

— Жарқын, жаным! Осы көк құнажынның құны бітті. Біз риза, берші соны! — деп еді Жарқын басын шайқап:

— Жоқ, жоқ, өлтірсе де бермеймін ... — деп отырып алды. Осы сөзді естіген соң Самат күдер үзіп кете барды. Қанапияны іздеп кетті.

Аздан соң қасында қалған Сүтжанды ертіп, Жарқын басқа жаққа қарай кетті.

Бұл уақиға 1932 жылдың 27 ғынуары күні болған еді. Жарқыннан айрылып, Қанапия кеткен жаққа қарай жәй басып, төмен қарап кетіп бара жатқанда, Саматтың есіне кешегі күн, 26 ғынуар сап ете түсті.

"Өлкеден үлкен кісі келеді, соған шақыртады" дегенмен ауданға барған еді. Бұның миына шегедей қадалған естен кетпес күн болды-ау. Күн райының өзі қандай өзгеше еді? " Сар жон" деген қандай құтырған жер! Алатау бектерінің бұндай бүлік "жоны" болмаса керек. Әсіресе "Сар жон" станциясының үсті "Ат құлағы көрінбес ақ боран" бұл араның жұты. Осы атырапта отырған ел, өздерін: асау-тентек, теңіз жағасында тұрған елдей сезінеді. Теңіз үстінің тұрған дауылы, дауылмен аралас теңіз суының астан-кестеңі жағаның елін қандай үрпитеді?

Декабрь-ғынуар айларында: "Сар жон" мен "Қарсақты" ыстансаларының арасы да осындай апат, жойқын күндерді жиі-жиі көріп тұрады. Екі күн. үш күн, кейде бір жұмаға шейін ала қаншықтап, шабынып, бүлініп тұрып алатын ақ түтек, долы дауыл бар.

Қос паровозбен төс табандап, қайсарланып, қарсы басатын составтар қайда? Кей күндерде "Сар жон" дауылы соған да қырсық жасайды. Пойыздың дәл маңдайынан қадалып ап, өңменінен өтпек боп, өкіре соғып етегімен күл шашып, рельсті көміп, кей күндерде сол күрті составтың да шарасын тауысады. Тұтқыны қып, амалын құртып, елсізде қамап алады. Бұндай дауылдардың арты осы бөктерде қан боран боп кететіні де бар. Ақ түтекте адасып өлген, үсіп өлген, өлімші боп қалған жандар жайында көп-көп әңгімелер жыл-жыл сайын, талайда-талай болады.

Сол құрбандықтардың ішінде ерекше өкінішті түрде өлетіндері бар. Не үйінен, не келе жатқан ауылынан жарым шақырымда, немесе қақ қасында қаза табысқандар болады.

Кешегі күн, 26 ғынуар, осындай қиын, құбыжық күннің бірі боп еді. Соның үстіне өлке адамы келді. Келгенде тығыздатып, ығырып, састыра келді. Боран оның жүрісіне де бөгет етіпті. Сондықтан тапсырма мезгілдері бұрынғысынан да тығыздай түсіпті. Енді іс мол, жол тығыз. Сондықтан, кеше таңертеңгі ерен қиын боранда ол ыстансадан шығып, аудан кіндігіне бет қойыпты. Аудан да сол ыстанса басында. Бірақ кеңселеріне шейін шақырымнан артық жол жүру керек. Боран үстінде жалғыз кісі жүрсе ол қаза жол болуы оп-оңай. Сондықтан Самат өзіндей, өзге өкілдермен бірге райкомға жиылып тосып отырғанда, сол өлке өкілі келген. Келісі бір алуан қызық келіс болды. Ыстансадан бастап райкомға шейін арқан тарттырып, содан ұстап отырып жеткен.

Келісімен бүріп әкетті. Саматтай боп, алтыншы-жетінші, оныншы ауылдарда жүрген екі-үш өкілдің қызметі бұдан бұрын сөз бола бастап еді. Көз алдында сауырларын алдырып, дода-дода боп шыққан сияқтанды. Біреуінің белетін алып, айдап шықты. Екіншісін тұтқынға қаматып жіберді. Тағы бірінен: "Үш күннің ішінде бітіремін, болмаса сотты боп кетейін", — деген уәдені алды. Бейіл, ниетіңді емеурініңнен таниды. Жалтартар емес. Тайғақ жер. Жардан құлап кете бару оңай ма? Бұның да дәрежесі, орны бар. Және жалғыз ауыз сөзбен, жақсы атты кісі де боп, басын да арашалап қалу оп-оңай. Самат соған қарай ыға жөнелді. "Жалған ақпар ... Колхозшыға обал ..." — деген сияқты ойлар кішкене күбірлеңкіреген сияқты болып еді. Оны: "Менен емес!" — деп ұйпап өшіре салды.

"Мал бар", "толтырамыз" — деген сөзді Қанапия айтты деді ғой және. Шынында, Қанапияның аузынан ол сөздің шыққаны рас болғанмен, Саматтың өзі де құр қалған жоқты. Құр қалу ғана емес-ау. Осы сөздерді ең алдымен айтушы да, тіпті "асыра толтырамыз" деуші де, өзі болған. Жаңағы Жарқын серпіні бұны дәл сол арада жасқантып тастады. Тайқап соқты. Қанапия аты алдымен аузына түсіп жатқаны да содан.

Енді, сол кешегі күн бұның санасына шегедей шәншіліп, қайтадан соқталанып шықты. Уәделі күннің төртеуі-ақ қалды...

— Бітіре алмасам, ең болмаса мынау сылтау емес пе? Бітер қисыны да жоқ сияқты. Қой! — деп басын жоғары көтеріп, жан-жағына жалт-жалт етіп ап, Қанапияны іздеп, адымдай жөнелді. Кешке екі өкіл өздерінің жатын үйі — Жарқындікінде шәйді жаңа ішіп болған. Түнгі асты күте отырып, енді ғана жастық қойып, шынтақтап, жантайысып еді. Бүгін бұлар күндегідей емес. Қатты сөйлесіп, көп күліспейді. Қайта сөздерінде біресе күбір-күбір көбейіп, кейде орысшыласу да араласып кетеді. Күндіз Сиқымдікінде айрылысқан соң, екеуі де Жарқынды көрген емес. Ол қайда жүр? Мәлімсіз. Әлі үйіне де қайтқан жоқ. Жарқынның үйінде келіншегі бар. Және қартаң тартып қалған жалғыз жақыны — жеңгесі бар. Бұл үйдің екі кішкене баласы ұйқтаған. Жеңге соларды ұйқтатамын деп, үйден шықпаған еді. Ол байқайды. Қонақ өкілдердің дәл қазіргі қабағы мынау үйге адал ниетпен отырған кісі сияқты емес. Ішіп отырған астарын да қысыла жұтып, әлденеден қуыстанған секілді. Сыбыр-күбірлерінде үзік-үзік дұспал, жорамал көп. Екеуінен басқа кісі оп-оңай ұғарлық та емес. Дәл осындай күйдің ортасында бір кезде сыртқы есік сықырлап ашыла берді.

— Жарқын ... Жарқын шығар! — десіп екі әйел бергі есікке қарасты ... Сол екен. Оң иығын алға таман ұстап, басын төмен тұқыртып, адымдай басып, үй-ішін сүзе кірді. Артынан Сүтжан да ере келді.

Жарқын үйдің ортасына таман келгенде, аяғы бір-екі сандалақтап қалды. Сол жерде тоқтап тұрып, басындағы бөркін жұлып алды да, төрдегі өкілдерге қарады. Аналар өздері байқамастан, бастарын көтеріп ап, малдастарын құрып отыра қойыпты.

Жарқын бұларға қарағанда көзін зорға ашқан сияқтанды. Көруі де шала. Тұман ішінде тұрғандай. Төрге қарай тұрып, тағы бір ырғалып, жөнделіңкіреп қалды. Сүтжан арт жағында. Ыржиып күліп тұрып, сүйеп қояды. Жарқын мас. Аздан соң мастықпен тұтқуырланып және ызамен қырылдағандай боп үні шықты:

— Өкіл жолдастар! Ауданға жіберген шапқыншыларың шағым қағаздарыңызды алып, бағана жүріп кетті. Доложыт қылам соны ... Колхоздың бір шолағын ап бердім. Бөгеместен жеткіз дедім ... Өкілдер еш нәрсе дей алмай, қипақтап қалды. Дәме қылғандай боп Сүтжанға қараса берді. Соны ұқты ма, басқа себеп пе, әйтеуір Сүтжан Жарқынды артынан түртіп:

— Не қыласын соны, Жарқын аға, қойсаңшы, — деді.

Жарқынның әйелі бұлар келген жерден-ақ, күйеуінің түрін жақтырмаған. Сескенген сияқты. Бір жәйсіз әңгімені тегі, жаңағыдай қып, сыпайы бастаса, ол жаман белгі. Жәмила ол сырын жақсы біледі. Не де болса, боқтай, қаптай жөнелсе — ол артының онша зілді болмағаны. Ал шын қатуланған нәрсесіне келгенде жаңағыдай боп, сипалап кіріседі. Сонымен өз жарасын өзі қаси отырып: үдеп, қоздана береді. Және бүгін "өкілдермен келіспей қапты" дегенді де, үй-іші естіген еді.

Жеңге мен Жәмила Сүтжанға ыза болысты. Сондықтан Жәмила:

— Ішпе деудің орнына бұ не қылғаның, көп ішкізіп? — деді де, Жарқынның өзіне қарап:

— Жатасыз ба? — деді әйелі. Жарқын қолымен "былай тұр" дегендей қып, серпіп тастап:

— Жо, керек жоқ, — деп алып, тағы өкілдерге қарап:

— Мен контр ғой ... Әне жолдас, — деп Қанапияны көрсетіп — өкіл айтты ғой ... Сиқымдай құлақтың көк торпағын ағызбағасын, кеңес жауы мен бомай кім босын?

— Е, қой, Жарқын! Оның не? Біз сені контр дегеміз жоқ. Жәй әншейін істің бөгеліп жатқанын ғана жаздық, — деп Самат зорлықпен күліп, отырған орнында жорғақтай бастады.

— Жоға ... Әгі Сиқым құлақты айтам-ау жүдә! — деп ызамен ыржиып күлген тәрізденіп — жақсы жігіт, жақсы өкіл жоспарды жүзден асырмай жатса, о бір жағынан "мен кеңеске керекпін" деген болады-ау!

— Оны кеңеске керек емес деген кісі жоқ. Бірақ алдымен бүгін кеңеске ет керек, — деп Қанапия сұрланып ап, бір ырғалып қойды.

— А, не дедіңіз? — деп Жарқын жақындай түсіп:

— О, бұл Сиқым екеуміздей арам сирақ бар деймісің?! Жүдә кескілеу керек, бұ бізді... А, бірақ, — деп тез құбылып жіберіп — біздей кісінің жәйі дұрыс болар ма екен, сіздей жақсы азаматқа?! — деп шаншыла қалды. Қанапия бұның түсіне тіктеп қарай алмады, сонда да:

— Е, көпсінгенің шәйің боса ... — деп бастады да, ар жағын айтыңқырай алмай қысылып, Саматқа қарай беріп еді.

Жарқынға үлкен ашу толқыны жаңа ғана жетіп, сендей соқты, ырғала беріп:

— Ө, әкеңіздің... білдіңіз бі? — деп атқып төсек жанына барып, сыртқы киімін жұлып тастап, қамдана бастады. Сол арада Жәмила, Сүтжан, жеңгесі боп, түгел жүгіріп барып жабылып ұстай алды. Екі өкіл жауап айта алмай атып тұрып, қапаш-құпаш киініп шыға жөнелді. Аздан соң Жарқын қасындағыларға қарап:

— Жә, болды, босатыңдар. Осыдан басқа түк істерім жоқ. Жәй әшейін көзіме көрінбей, үйімнен кетсін дедім, — деп отыра кетті...

(Жалғасы бар)

Мұхтар Әуезов