Қыр суреттері (екінші нұсқа)

— 1 —

Жазғытұрғы, көктемгі мал тегіс ауыз толтырып асауға жарап, көк шөп керегеден келіп, шаруаның қыстың қарынан қатқан табан терісін жіпсітуге жылынған күннің көзі, тырнақтай бұдыр бұлты жоқ. Ашық аспанның алтын тақырында ертеден кешке дейін айналып, жан-жануардың барлығына да жадырап, күлімдеген күйімен керекті кештің көлеңкесіне кірген соң, салбурынның тұманы жерді жарып жаңа шыққан жасыл шөпке жабысып, шыққа шомылдырып, аспанмен жерді аңғалмен араластырғандай. Балбыраған бұлттың шығыс жағы жарық жиек алып, кім-кімнен көтере бастап, ел сәл әдемі ұйқыға оранған табиғаттың бетін ашып, оянуға айналған мезгіл еді. Тоқаң да оянып далаға шыға сала, ұйқыда жатқан ауылды «тұрындардың» астына алғаны, қой қоздатып көп отырған жерінен қозы аяқтанған соң ілгері қырға қарап қозғалғысы келген ауылдың көптен көшті көрмей, жапырақ-шайырға ішін салып қалған түйелерін таң асыруға, үдеріп көшіп, кешірек қонғандықтан, біраздан бері балаңсып қалған адамдары бірден жүк артқанға бой алдырып, ауыр ұйқыдан өздігінен оянар емес: «қырылғырлар, мұншама ұйқыдан қырылдыңдар ма? Ең болмаса — таң асқан түйелерді түріп жатсаңдаршы!»—деген Тоқаңның әдепкі айқайына елең еткен ешкім болған да жоқ. Аспан жерге айнала оралған, түнгі тұман ашылуға айналған таң сезімінен сейіле бастап, шығыстан шыққан әуенің ақ жиегі кетер түннің қара көлеңкесін көтере - көтере ондағы, мұндағыны анық елестетеді.

Табиғатпен бірге мал да оянды. Өре бастады. Кешеден бері от жемей таң асып тұрған жүк артылған түйелер, отқа ұмтылып, кеткісі келіп, тықыршып тұр. Оның үстіне жайылғысы келген бос тайлақ - құнаншалар, өріске бастап баратын үлкендері байлаулы болған соң, өз беттерінше өре алмай, жүріңдер деп ата-анасының етегінен алған балаларша, тұрған түйелердің бұйдасына оралып, мұрын ауыртып бақыртып болды. Түні бойы аспанды айқалаған қара көлеңкедей қуған ақ жиектің артынан іле-шала шыққан; келетін күннің көш басшысы, жарық сәуленің алтын ұшқындары жер жүзін жалай бастады. Ауыл ұйқыда. ІІІыр айналған аспанның жерге жабысқан жиегі жарып шығып, жылжып келе жатқан күннің көзі шығыстағы бұлттарды қызылға бояп, жерге жарық шашты.

Тұманды түннің шығы сіңіп, балбырап, бас иіп тұрған қаулар, ертеңгі күннің кірпігіндей болып бытырап, жер жүзіне тегіс төселген жарық жолдың сәулесіне шомылып, сілкініп; шығып, сығып бойын безей бастады. Аспан, жер енді жарықпен жалғасып, табиғат тегіс тірілді.

Ауыл әлі ұйқыда жатқан жерлерінен тұрып, өруге бет алса да, ерінгендей, бір басып қана қайырылып, керіліп, қасынып, күйсеп, ертеңгі әуеге есінеп тұрған малдардың түрі, ұйқыға беріліп бұйығып жатқан ауылдың жанымен ырғақтасып, жаңа жылжып келе жатқан жылы күннің жарығы түрлендірген табиғаттың көркіне қосылған кестесіне, қораның шетіндегі қоңсы қараша күркенің кемпіріне кейіген Тоқаңның айқайы да араласты.

Белдеуіне байлаулы, адалдан бары — жалғыз саулы інгенін шешіп жіберейін деп жатқан Мамыққа:

— Сен неңе жетісіп ұйықтайсың, қу бас,— деді Тоқаң.

Ауылдың ортасында шоғырмақтанған қой, қозы, түйе боздап, маңырай ұйықтаған ауылдың артынан жаңа шыққан жас күнді қарсы алып жатқанда, бұл көріктің барлығынан да бетін бұрып, қоңырайған қара күрке ауылдан оқшау тұр. Жанындағы жанды қара — жалғыз жапырық інген мен еңкейген кемпір Мамық — бұлардың барлығының мұңайған түрлері, ертеңгі ызу-қиқу ауылдан өзге әдет алғызып тұр.

Байдың кейістігіне қайтарып Мамық не дей қойсын. Бұл байғұстың түнгі ұйқысының түгел болмағанына бір ай болса да, бұ күнгі қошаметке болған, өлген баласынан қалған қолындағы жалғыз қарғасы Мұқаш бір көш бойына байдың қозысын жаяу айдағанда төзе алмай, табаны тиіп, түнімен аяғынан ұйықтай алмай, таң атарда ғана көзі ілініп, мұны жастай жасытқан жарлылығына, жәрдемсіздігіне жылап, әрі Мұқаштың аяғын уқалап ұзақ түнді көзінен атқызған Мамық, байдың жалғыз бұл емес күнде кекететін кейістігіне жиып-теріп бір жауап қайыратын кезі келсе де, қосақтың шетін сауып отырғандығы есіне келіп, үндеуге ауызы бармады.

Күн көтерілді. Ауыл оянды. Шоғырланған қараға ауыл адамдары да араласты. Табиғаттың көзіне тағы тіршілік қосылды. Бір-ақ... оқшау күрке өзгерместен кәдімгі қоңыр, күңгірт күйінде қала берді...

Інген үйіріне қосылып, өріске кетті... Мамық бүрісіп Мұқаштың басында отыр... ал, ертеңгі ескен ерке жел күркені де кекетті. Көтерілген күннің қиығы туырлықтың тесігінен түсіп, жатқан Мұқаштың бетін басты. Табиғаттың, адамның бұл үйге де қуанғандығы білінді.

— 2 —

Көк шалғынға көмілгендігі болмаса, тегістігі тақырдай. Қырдың құба жонында қарайған бейнелер, жөнеген кеш сағымданып келеді.

Көшкен ел, айдаған мал қара құрымдай көздің жауын жейді. Дала кемесі — түйе аяңымен ұйтқыған көштің алдындағы ұзын бойына ораған қызыл құрлар. Ертеңгі күннің шашыраған сәулесіне шағылысқан, керегелі қоршауларда өрге шапқан бәйге аттарша алысып қатар-қатар, бір-бірімен сөйлесіп, ішкі әңгімелерін айтысып келе жатқан көш бастаған қыз, келіншектер көрінеді.

Ертеңгі салқын да шыдамай жылы көрпе жамылып, бұйығып ұйқыға айналса да алдыңғы көш бастаған жастар әңгімеге айналып, түйенің ауған-қалғанына қарай қоймас деген қауіппен ояу отырған Ырысқан. Анда-санда «айт-айт!» деген кейінгі кең қоршаулардан қылтыйып кемпірлер де келе жатыр.

Көштер шадырақ түйесі созылысып қаз-қатар келеді.

Ертедегі ескен аз-кем желге желігіп, шайқалған, шалғынды жапырған қалың көштің қадамынан зәулім қоршаулардан қарасып, екеу-екеу әңгімелескен, жастардың ыстық сөздері, серіктесе қара құрымдай қалың көштің көбіндегі қыстырулы қодыраулардың күлдірлері, жазылап жүк артқан соң анасын ажырата алмай боздаған бота, тайлақтардың дауысына қосылып, кең даланы күңірентіп келеді. Екі қараның біреуі көлемдірек, қозғалмай тұр. Біреуі біресе ілгері жүріп, біресе бұрылып, бір нәрсені айдаған сықылданады. Бұл жұртқа қайтқан тайлақты қайырып келе жатқан атқа мінген еркек қыз.

Бұл асығады... көшке тезірек жетіп, қолын байлаған тайлақты тастап, көшті қапталдаған жастардың қым-қыйғаш жарысына жеткісі келеді. Бұл мұншама асықса, қалған көлемді қара қозғалмайды. Төбенің ақ бетіндегі төскейге қозысын иіріп қойып, табанын уқалап отырған Мұқаштың қасында қалған бұл Мамық.

Мамық баласының қасынан кеткісі келмесе де жетегіндегі баспанасын артқан жалғыз сауулы інгені көштегі үйір түйелерінен айырылып тұрғысы келмей, боздап, жұлқынып мазасын алған соң, қасынан жорғамен тайлақ қуып өткен қызға: «Шырағым, мынаны ала кетші» дейді Мамық. Дауыстағанға айналатын қыз ба? Жол азық сұрап жарысатын бозбалаларға барғысы келіп, ол асығып келеді.

Мамық қозының қасынан кеткісі келмейді. Мұқаштың қасына келіп, еңкейіп: «Қарағым, жалғыз өзің шөлден өлесің ғой, түйені түріп жіберсем де қасыңда қалайын» деп еді, бала үндемеді.

Оны ыза басып отыр. Өзіндей балалар қозы айдап көштен қалмақ түгіл ат үстінде зек салып бара жатқанда, бұл біреудің қозысының қасында аяғын ауыртып отырған тіршіліктен адам болып тумағанын-ақ тәуір көріп, бұл реттік кінәсін асырап өсірген үлкен әжесі Мамыққа артып отыр.

«Осы қу кемпір тұқым қылып таратпағанда мен осы күйді көрер ме едім», — деген ойға көмілді. «Кет, қубас, мені аясаң, бүйтерімді біле тұрып тұқым туар ма едің» деді Мұқаш, жыламсыраған дауыспен Мамыққа қарап... «Кет, керегің жоқ, өлсем өлейін...» деуге-ақ әлі келіп, өксіп жылап та жіберді.

Мамық та жылады...

Төбенің ақ бауыры, көлеңке алып, күңгірттеніп бұлардың уайымына ортақтасты. Шоғырмақтанып көз ұшында кетіп бара жатқан көштің қарасын көксеп сарнаған сауулы інгеннің дауысымен, бұлардың өксігі ертеңгі жұмсақ желдің жылуына жолығып, ұзаққа қарап есті.

Мамық көштің соңынан кетті. Анда-санда шөлдейді - ау..., өледі - ау... деген үн Мамық аузынан жаспен аралас шығады... Сонда да Мұқаштың қасынан қуғаны бар... Қубас, неге тудың дегені, кемпірдің ендігі қалған күнінің бар қызығы, өзінің барлығының арқасында екендігін өзі біле тұра-ақ Мұқаштың айтқандығы, онсыз да күйін кеміткен кемпірдің есін өртеді. Өксігі ашуға да айналды. Долыланды. Күйді Мамық...

«Жарлыны жаратпау ғой» деп, құдайға тілін тигізіп те алды.

Көздің ұшында шоғырланған көш көрінеді. Көшке тарта желе аяңдап боздаумен келе жатқан жапырық інгеннің үстінде ағыл-тегіл болып жасқа жуынған көзі төбенің ауызы алдындағы үйіріне тартпағанда, жолдан жаңылып та қалатын болып жылаған Мамық келе жатыр...

Сәске кезі, сағым бар жерді мұнарлатып Мамықтың күйіне қосылғандай болды, боздаған түйенің, жылаған Мамықтың дауыстары. Еш әңгіме естілмейді, ертеңгі ескен ерке желдің екпінімен алыс жаққа кетті...

— 3 —

Күн түске таянды. Ауыл алдақашан қонған. Аумақтағы үлкен ойпаттың ақала қып жиылған кең көл табанының көк орайына қонған елдің жаны да, малы да өмірлік рахатқа енгендей! Көк көрпеге көмілген көл табанға жапырлатып тіккен жаппалар. Жағалай жатып көк майсаны кешіп жайылған жылқы, түйе. Жүк түсіріп болып, үй тігуге - ақ әлі келіп, ұйқыға енген ауыл табиғаттың төріндегі келісті кесте сықылды.

Бұл сиыққа сай әлі келмей тұрған ауылдың артына келіп, қораның төрінде құрым күркесін қарайтып жатқан Мамықтың пішіні...

Табиғаттың келбетін келтіріп тұрған қара орманның Мамыққа қарасатыны кешкі қой келгендегі қосақтың жебе сауымының жарты бақыр сүті, бауырына басқан бір Мұқашты мұңайтуға себеп болған сүт... Шалап құйған мес көзіне түсіп кетіп, кемпірдің ойына осыны келтірді. «Сен қу тамақ қой, қарағымды қаңғыртып қалдырған» деп, жылап та жіберді. Қарттың қатқан кірпіктері жаспен жібіді.

Ауыл ұйқыдан оянып, шай ішем дегенше, түскі бүгелекпен үйездеген жылқылар еріп, жайылымға шықты. Тоқаң да торшасын төстеп тартып, әлі күнгі көрінбеген қозысын көздеуге кетті. Қозы көрінбейді. Тоқан, төбеге шықты. Қой көрінеді, қозы жоқ.

Тоқаң қойға келді. Қоймен бірге қозыны көріп: «Ойыны осылғырлар ойнаймын деп қозыны жамыратып алдыңдар - ау» деп, Тоқаң қойшыға кейіп зәрін жая келді. Мұқаштың аяғы ауырып, айдай алмай отырған үстіне аңдаусыз келіп қалып, жамырап кетті деп қойшының қайта қайтарғанына, тарс еткізіп қойып қалған Тоқаңның қамшысы байғұстың басын білеудей қылды.

Мұқаш жоқ.

Оның аяғы ауырғанның үстіне ауылға барса, қозының жамырағаны үшін Тоқаңнан таяқ жеймін деген уайым қосылып қалды. Қой сауа алмай қалдық - ау деп қынжылмаса, Мұқаш қайда деген Мамықтан басқа ауылда адам болған жоқ. Мамыққа Мұқаш енді анық өлгендей көрінді. Қорықты, жылады Мамық.

Қалың жас қатпар бетте қайта ақты. Мамық жұртқа, Мұқашқа қайтты.

— 4 —

Жердің жүзін шуаққа шомылдырған жайлы күн. Кезекті кештің көлеңкесіне кіруге күтініп қызылға киінді.

Аспанның батыс беті сары жиектеніп келіп, қызарыңқырап, қара кеугімдене бастады. Жазғытұрғы ылғалды жерден кешкі көтерілген бу шіміркендіріп етіңе өткендей болғанмен, желдік жоқ. Тынықтығы зәрін жұмсатады.

Күн батты. Батыстан ілінген қара кеуім жер жүзін жалпы жапты.

Қас қарайды. Аспанмен жерді тағы ағалмен араластыратын буалдыр болды. Ұзақты күнге көкті қақ жарып жүрсе де құрышы қанбаған малдар қораға көңілсіз, айдаумен азар оралып келе жатыр.

Мұхтар Әуезов