Чусовойдағы бурлактар

Мамин-Сибиряктан аударылған

Чусовой бір тамаша орын. Оның сұлулығы — өшпейтін, сөнбейтін, жылдың әр уақытына қарай құбылып, өзгеріп отыратын сұлулық.

Жазғытұрым Чусовой екі жақтан ентелеп тұрған биік қия жартастарға соғылып, секіріп ойнап, өкіріп-бақырып жататын асау, долы тағы сияқты. Күзді күні ол қайғылы сұр пішінге еніп, таудан жайылымға тасты далаңмен бір қалыпты жайлап ағып, құбылып жататын, қой аузынан шөп алмас салқын, сабырлы, мұңлы жуас өзен. Қысты күні мұз көрпесін оранып, қанды ұйқыда қатып жатқан айдын жарық сұлудай.

Жаз келді. Чусовой шың, таулардың тарау-тарау қия жандарымен жас келіншектей бұралып, қатпарлы үшкір тұмсық мүйістерімен жыланша иіріліп, жүз құбылып ағады. Тек кейбір тасты құламаларға келгенде ғана көбігін сайға шашып, қатты гүрілдеп сотқарланады.

Айнала жым-жырт. Оралдың әуе айналған ыстық күні жер-көкті рақымсыз өртеп тұр. Анда-санда қатты ұйқыда жатқан ауылдар ғана көзге түседі. Кең шалғыннан жоны ғана қылтылдап, еркімен жайылып жүрген бірнеше күзетсіз аттар байқалады.

Бәрінен де біздің қайығымыз ойдан төмен жұлдыздан ағып өте шығады. Жайылып жатқан көк жасыл дала өзінің тыныштық рахатымен бойыңды билеп, басыңды айналдырып мас етеді. Түсте көрген таң тамаша, қызықты бір патшалықтың ішін аралап ағып келе жатқан сықылды сезесің.

Мінеки, мына жерден бекерге емес, Чусовойдың атын шығарып, даңқын зорайтқан тамаша биік құздары басталады. Кейбірінің биіктігі алпыс саржан шамасы болып ұзындығы өзен бойымен жүргенде әлденеше шақырымға созылып жатыр.

Қалың тау, жақпар тастарды қақ жарып, астын тесіп, қабырғасын бұзып Чусовойдың тентек суы өзіне еркін жол салып алған. Бұл жерде ол қия тастардың қысып, тынысын тарылтқанына, еркімен құлауға ерік бермеуіне қатты назаланғандай долданып, кеудесінен шыққан саңырау үнмен күңіреніп, күрсініп ағады. Ойнақшып келіп соғылған сулар күміс тырнағымен қия тастардың жалтыр бетін тырнап, шешек шыққан кісінің бетіндей бұжырлаған. Алып таудың зор кеудесін ақ көбікті толқынымен минөт сайын, сағат сайын неше күн, неше жыл тынбай жалап қайтсе әлсіретіп, жайын таппақ.

Сол жерде біздің қайығымыз бір зор қаланың астымен ағып келе жатқан сықылды. Терең үңгірдің астынан гүрілдеп аққан ағынды судың үні саңырауланып жөнді естілмейді. Толқынды судың беті таудың көлеңкесімен қап-қарайып көрінеді. Жылтыраған болымсыз күннің сәулесі терезеден білінген жарықтай көмескіленіп, биік таудың төбесінен ғана түседі. Тұс-тұстан ентелеп тұрған жалаңаш жартастар дыбыссыз күңіреніп, тырс еткен тықырды өзеннің ұзын бойына жаңғырықтырып тұр.

Бір уақыт қарт бурлак Ильия басын қайырып, шалқайып маған:

— Міні, басына қарасаң тақия түседі дейтін биік жартасың осы, — деді.

Қарасам шын бас айналып, тақия түсерлік биік екен. Басына көз әзер жетеді. Ең үлкен ұшар басында, көз ұшында, қараңғыда түбі босап қисайған ағаш кереш көрінеді. Ӏшімнен: бұл кереш дәуде болса анау тырбиып әр жақтан қарсы бетке көмілген, уақытсыз қаза тапқан бір сорлы бурлактан қалған жалғыз белгі ғой. Бұл жердей өткен бурлактардың мыңнан біреуі-ақ ол байғұс жолдасына дұға қылмай өтетін шығар деймін.

Менің:

— Осы ағаш ағызып жүріп көбіне бурлактар суға кетеді, — дегеніме Ильия томсарып. — Кім білсін, әр түрлі болады. Кейбір ағаш ағызушы аман өтеді, бірақ ондай сирек болады. Әркімнің бақытына қарай. Біздің бурлак жолдастардың талайын бұл Чусовой жалмады ғой, — деп ауыр күрсініп, жауап қайтарды.

Жаңа ғана бір ауылдан өтіп, енді бір жақпар тасты мүйістен бұрыла бергенде қайық үстінде отырған адамдар бір дауыспен:

— Ойбай, қайық батты! Жарылған қайық! — деп шулап қоя берді.

Байқасам, Ильия бір қолымен күн тасалап, қадалып, су бетіне қарап тұр. «Бірден жарты шақырымдай жерде тақтайлары шошайып, үстінде қарбаңдасып жүгіріп жүрген бірнеше адамдары бар қайық», — деп боларлық емес. Түссіз, түрсіз бір зор нәрсе ағып келе жатыр екен. Ол Чусовойдың тасына соғылып, талқаны шығып, кісілері тоғытқан қойдай суға батып бара жатқан үлкен бір қайық екен. Ильия аянышты қайықтан көзін алмай тесірейіп қарап тұр.

— Уай, сорлы-ай! Оң иығымен соғылған екен ғой. Әні, кісілерін қара! Алда байғұстар-ай! Балықша терлеулері-ай, — дейді өзіне өзі күбірлеп. — Япырай, жолымызды қамап алып жүрмесе игі еді. Қарашы, арам қатқан сиырдай сұлқ ағып, тұп-тура бізге таман келе жатуын, — дейді.

Бір уақыт бір нәрседен қатты шошынғандай ащы дауыспен жылдам-жылдам:

— Уай, жолдастар! Қарақтарым, тарта көріңдер. Тарт-тарт! Барыңды сал, тұмсығын оңға сала тарт, — деп әбігерленді де қалды.

Қарасам, біздің қайығымыз жал болып өзенге тірелген бір шоқпар тастың үшкір тұмсығына таман тұп-тура садақтың оғындай зуылдап ағып келе жатыр екен.

Ильия құлындағы даусын құраққа шығарып, күрекшілерге қарап:

— Масқара болдық. Соғылдық, ал тарт! Тарт! Бұра тартыңдар — деді. Сол күздегі дұғалы ауыр минөтті сипаттап болмайды. Қайық үсті өлік шыққандай жым-жырт болды. Күрекшілер Ильияның айтқанын екі қылмай, екі иықтан дем алып барын салып, тартып келеді.

Күректер ұшқан құстың қанат қаққанындай сермеледі. Мөлдір суды күмістей жарқыратып маңайға бүркеді.

Қия жартасқа шейін бірнеше-ақ саржан жер қалды. Жұрттың жаны аузында, тін алмай демін ішіне тартқан. Екі көздері тұнжырап жартасқа қадалған. Өлім жазасына бұйырылған адамдарша үн жоқ, түн жоқ болашағын сабырмен күтіп тұрғандай.

Міні, жартастың қырлы үшкір ирек тастары анық байқала бастады. Міні, оның тұсына келіп, құтырған қасқырдай көбігі бұрқырап тулап келіп соғылған судың гүр-гүр еткен дүрілдегі ашық естіледі. Міні, сол қия тасқа таман зымырап біздің қайығымыз келеді.

Ал, жартасқа жарты-ақ кез жер қалды. Ал соғылдық, ал талқан болдық, көз жұмылды. Бір уақыт зымырап келе жатқан қайық құйрығын шалдырған түлкідей бұлаң етіп, бұлт берді. Кірпік қаққанша қылыштың жүзіндей қырлы жартасқа тиер-тимес болып өте шыққанда қайық үстіндегі адамдар ауыр күрсініп «уһ!» — деп тін алғандай болды.

Ильия қуанышты дауыспен:

— Құтылдық қой. Көрме босат. Уһ, — деп бұршақтап шыққан терін сыпырып тастап, бұрынғы орнына отыра кетті.

Қайық ашық судың ортасымен жылжып ағып, теңселіп жүре берді. Біраздан есімізді жиып артымызға қарасақ, өзеннің жағасында бірнеше адам иіріліп тұр екен. Үсті-бастары сорағытқан су, бастары жалаңбас, дірдектеп бізге айқайлаған сияқты. Бірақ не айқай екенін біз ести алмадық. Біреулерін шешіндіріп, шайқап, жұтылған суын құстырып жатқандай болады. Біз аман-есен өтіп кете бердік.

Бір заман судың жағасындағы бір талды бұтаққа оралып, су бетінде қалқып тұрған жыртық киімді екі адамның өлігіне ұшырастық. Дәу де болса Чусовойдың рақымсыз долы толқынымен ақырғы минөттеріне дейін алысып, ақыры жеңіліп зор толқынға бас иген. Бағанағы жарылған қайықтардың адамдары болса керек. Бұларды көріп, Ильия салқын қанмен қып-қысқа:

— Екеуі марқұм, — деді.

Қанды Чусовойдың уақытсыз құрбаны болған бұл екі сорлылар кім екен? Қай ауылда, қай жерде, қандай үйдің іштері көзінің жасын көл қылып күңіренер екен? Қандай қызыл қарын, жас балалар шуласып, қандай үй ақырғы асыраушысынан айырылып, қорғансыз жетім қалып сорлады екен?

Күнде көріп, Чусовойға дағдылы болған бұл аянышты ауыр суреттер көңілге ащы ой түсіргендей, жүрекке терең жара салғандай болды.

(Арқалық)

Мұхтар Әуезов