БІЛЕККЕ БІЛЕК

I

— Сен тағын, тағын бастадың ба?!. Қанша үрмет қысам да бомай-ақ қойдың ғой, жүдә! Сен албасты! Секеңдеген шайтан. Қараңғы үйге жалғыз өзіңді қамап қояйын ба шыли... Көзіңді бозартып! — деп Мақпал біраз қабағын түйіп, өтірік ашуланған боп, қарап тұрды. Сөздері әсер ететін емес. Тамсанады да, аяғын екі-үш басып: Қараң қағыр қоясың ба, жоқ па? Тұр ғой, міне, мыналар адамша тып-тыныш. Әлде жын ұрды ма сені, түге?.. — Соңғы сөзге келген Мақпалдың даусы шаңқ етіп қатты шығып, жұдырығы да түйіліп, бар бойымен үңіліп тұра қалды. Және үзілген, шұғыл тоқтаған үні де, бүгіле тұрған бойы да, қадала қаратам көзі де түгелімен нық қойылған сұрақ таңбасын көрсеткендей. Ашық, қатты сұрақ. Жауапты тілейді. Үнсіздік созылған сайын жауаптың қажеттігі білініп барады.

... Бірақ жауап та, үн де жоқ. Боларлық мүмкіншілік те азырақ. Өйткені, бұл сияқты "қабырғасынан қойылған" мәселеге айыпкер де, жауапты да... бөрте лақ. Ол Мақпалмен түсінісудің орнына мәселені бұрынғысынан да шиеленістіріп жіберді. Қойлар тұрған оттыққа шығып, жаңа салған көк бедені басып тұрғанын аз деп білсе керек. Мақпал түйіліп келгенде, ол оттық бойындағы бар бедені таптай барып, бұрыш жақтағы қозылардың алдына тұра қалып, құйыршығын шыбжындатып, арт жағы талтақтап, мықшыңдай бастады. Қалпы: "жөнімді айтайыншы..." — деген кісі сияқты еді. Бірақ қылығы тіпті бөрте лаққа да кешпейтін қылық болды.

Мақпал енді ашуланып тамсанып, соңынан қозғалғаны сол-ақ еді, анау қозылардың тұмсығына шашырата сигектей жөнелді.

— Өй, тілеуің құрысын, өл де маған... Секеңдеген албасты, — деп, Мақпал жанасалап кеп шап етіп, мықынынан ұстай уыстап алды... Бөрте лақ өлі де өзін айыпты деген сөзді тыңдағысы келмейді. Ұстағанда қарсылық білдіріп "бақ" етіп, оттық үстінен кетіп болғанша, толып жатқан мейіздей-мейіздей кішкене құмалақтарын ытқытуға да үлгіріп қалды.

Мақпал оны сауырынан ұстап көтерген бойында:

— Қарғайын десең жалғыз, қарғамайын десең жалмауыз... Наяты... Неткен бүліксің сен... Құдай ұрып?! — деп, оң қолының жұдырығын ұратындай түйіп келіп еді... Бірақ пішінін сол секундте шұғыл өзгертіп, лақтың басына таман апарған жұдырығын жазып жіберді. Анасы ұрсып жатса да, өз бетімен былдырлаған баладай боп, лақтың аузы әлі күнге бедесін шайнап жүр екен. Түк жарымапты...

Мақпал оның шаужаңдап жатқан аузын еркелете қысып, азғана сілкіп тұрып:

— Албасты сен... Албасты... Білдің бе? — деді де, өз сөзіне өзі күліп қойды. Көңілінде ұрғашы лағын "албасты" деуі, енді келіп, басқа соған жалғас біраз теңеулердің шумағын тарқатқандай...

Мысалы, лағы өзге алты қойдың ішінде қыз есепті... Аналар сонда момын ұлдай. Мынау солардың соңындағы тентек, шолжың кішкене қыздай... Етегін ашып, басқа секіретінін қайтерсің...

— Өй... сарамас, — деп, алдына өңгерген бойында лақтың тырсиып тұрған ішін сипалады... Қазір күз. Өзі бойшаң, күпілі лақ... Буазына не бересің тентектің! — деп, енді бүйірінен еркелете қағып қойып, қораның екінші бұрышындағы кішкене шарбақтан асыра түсіріп жіберді.

— Жәйің осы... Осы... Бұдан артық қаяққа апарам сені? Оттығың бар. Бедең әне, — деп, ішінен:

"Байлап қойсам ба екен, жүдә?.. Бірақ оралып, буынып қалады-ау тыпыршыған қараңқағыр..." — деп, зілсіз қарғанып, әзірше ешбір байлау жасамай, қара ала сиырға қарай қозғалды. Көктемде сүт фермасы тарап, Сәрсен мен Мақпалдың колхозға істеген еңбектері үшін осы сиыр берілген. Жаясы тақтайдай, үсті құрулы төсек сияқты төртбақ голландка сиыр бүгінгі күніне наразылық айта алмайды.

Тұсына Мақпал келгенде ол имек мүйіздерін бұрып қарап, амандық білдіріп, үн қатқандай боп, ыңыранып қойды. Тұмсығы мен аузы тоқтық, күйлілік белгісімен бусанып тұр.

Мақпал сауырын сипап, алдына барып қарап:

Жемің азайып қапты-ау! — деп барып, екі құшақ пішен әкеліп, оттыққа салып жатып:

Мынау пішен, мынау топан... Араласса жақсы бодали... деген кезде Мақпал талайдан бірінші рет, өз-өзіне: Осыларға шыли сөз қатып жүретінім не екен? Мәмілеге келетіндей, жүдә

Үшеуі ірі, үшеуі биылғы қозы. Анығында Мақпалдың өз еңбегі үшін тиген осы үш саулық еді. Бәрі тегіс қоздаған. Қозылары міне, аман, күйлі. Сиыр Мақпалдың күйеуі — Сәрсенге берілген. Ол осы "Екпін" колхозының ұстасы... Қазір Сәрсен дүкенінде.

Бөрте лақ па?.. Ол туралы Сәрсен мен Мақпал кейде үй іші боп отырып, дауласып та қояды. Сәрсен оның түбін өзіне тартады.

— О, сиыр мынан табылды. Бұ болмаса қаяқтан әкелер ең сен.

— Сиырыңды қолыңа берейін, тағы бірнеше лақ қимайсың ба өзің?.. — деп Мақпал күліп, лақты өз табысым дейді.

Қара ала сиырдың сүті бар колхозға мәлім екені рас. Бірақ ол әуелі күтумен, екінші ұқсата білумен табылған. Екі қарын май алыпты жаздай. Бір қарнына киінген және үнемдеп жырмалап отырып, осы лақты сатып алған Мақпал. Сөйтіп "бір атаның қызы", үшінші түліктің басы боп, Мақпал қорасына о да кірген. Жаңада келген. Өзі осы кішкене, таза, күтімді қораның кенжесі... Ол ерке, тәйтік бомай кім болсын?..

Мақпал шелекпен су әкелді... Алдымен лағын, содан соң қозыларын суарды... Бөрте лақтың сілкіне пысқыра тұрып, су бетіндегі өз сәулесіне қарап көзін ежірейтіп, сүзбекке қамданып, мүйізін төсеп байқауына шейін Мақпал танып, ұғып тұрады. Ыстық, бәрі де ыстық... Әсіресе қылығы мол, осы лағы ыстық...

— Әй, сөйтсе де тентек. Жүдә. Қозылардың жемін былғады... тұра тұр... Мен Сәрсенге барайын... — деп, Мақпал қорасындағы шаруасын бітірген соң, дүкенге қарай кетті.

Жасы қырыққа жаңа ілінген Сәрсен қасындағы бала ұстасына көрік бастырып, өзі "Екпін" колхозына он тоғызыншы плутті қамдап жатыр. Соның құрсауына жарайтын, ұзын сом темірді отқа қыздырып ап, сол қызған басын жалпайта ұрып жатыр екен.

Сәрсен колхоздың ең қадірлі мүшесінің бірі. Бұрын қазақтың пышақ-шақпақ соғып жүрген өнері аз дара ұстасы еді. Ол күнде қол-ағашқа қаққан кішкене тос, көркі колхоздың тастағанын, бүлінгенін жиып ап, қазан отының басына орнатқан қол — көрік бұны тұсаған да, өсірмеген. Құрал жинап алар қауқары да болмаған. Өнімі - қырықтық, пышақ, тағы бай баласына тартуға апаратын кездік... Осындай шұқыма еді. "Екпін" колхозына дүкен аштырып, сонда бұл күнде өзі істеп, енді колхоз кірісін де молайтып, өзі де үлкен түр тауып отыр. Биыл көктемнен бері колхозға осымен тоғызыншы плуг кіргізеді. Бұрынғы колхоз плугі он еді. Сәрсен мен колхоз бастығы көр-жердің бәрін жиып, жоқтан-бардан құрап, тыңнан міне тоғызыншы плугті қосқалы жатыр... Плуг қана емес, ол бұл күнде бидай машинасы, шоп машинасы, тіпті молотилканың да сынған, бүлінгенін түзей алады. Дүкен іші толған сайлы құрал... Көрші заводтан сатып алған бормашина (темір тескіш) ол да тұр мұнда...

Мақпал алғаш келген бойында Сәрсенді жұмысынан бөлмейін деп толасын күтіп, үндемей қарап тұр еді. Арт жағынан колхоз бастығы Асылбектің үні шықты... Ол Сәрсенге сәлем бере кіріп:

— Сәрсен, мынау соңғы плуг қой осы, — дегенде, Сәрсен салқындап, қарауытып қалған сом темірді көрік астына қайта апарып, көміп қойып:

— Ия, осы... — деп, маңдайының терін сүртті...

— Ендеше, бұдан соң, осы, мына шананы бір қолға аса деймін.

— Білем. Рас... Қыс жақын. Шананы да быт-шыт қып көзін жойған былтырғы колхоз бастығы, пәдері нәлет!..

— Әйтеуір, екеуміз жоқтан-бардан құрап, одан да мал тұрғызайық колхозға ... өтірік белсенді деген неден болат, болатын дейсіз, сондайдан болат та қызың... жүдә!..

— Мынадан көп шана жасаймыз. Бірақ, осы бір шаналар өзі иттей ауыр, жүдә...

— Табанының қалыңдығы жүк көтеруге жақсы. Енді... өгіздеріміз бар ғой, шүкір, қосатын... — деп, колхоз бастығы шананың көп мінін көре алмады...

— Өгіз де жануар... Аямасқа болмайт та, бастық. Табанында дауым жоқ. Бірақ бұ шананың сүйегі ауыр... О, осы ана шабақ, қанат, кепіл — бәрінің ауырлығынан... Оны мен бүйтіп қоймаймын. Жиішкертем. — Колхоз бастығы түсінді. Ол Сәрсеннің білетініне сенеді. Содан енді дүкен жаққа орала бергенде бастық әңгімесін бастады. Көзін Мақпалға қадай сөйледі...

— Жо, сіздерге мен енді бір жаңалық әм айтайын. — Mақпал бір жайсыз нәрсе болар ма деп тіксініп қап еді.

Ауданда малды жақсылап өсірушілердің, екпінділердің слеті - сиязы болат. Соған біздің колхоздан кісі керек. Біз ауыл кеңесі, колхоз басқармасы боп соған Мақпал барсын, — дедік! — деп, біраз тұрды да, үндемей тұрған тыңдаушыларына тағы қарап, — өзіне бүгін, қазір жүру керек, — деп бітірді. Мақпал:

— Е, малды кім күтеді?.. - дей беріп еді, Сәрсен араласып:

— Малды күтеміз, күтіледі... Бар. Келимеге келетін жер ме екен бұ? Күттің малыңды, мақтан сенікі... Мінеки, енді сиязда қайқайып отыратын да сен...

— Бәрекелді, жақсы айттыңыз... Рас, мақтан сенікі енді, Мақпал! — деп, бастық Мақпалды арқаға қақты.

— Қалай күт, қалай сақта дейт, өзің барып, өз құлағыңмен естіп-естіп, қанып қайтасың...

— Е, барам, несі бар... Сен күтсең болат тек! — деп, Мақпал өз байлауын жасады.

Бүгін аудан кіндігі Ванновка ерекше жанданған. Аудандық атқару комитет, райком, жер бөлімдерінің алды — кірген-шыққан көп адам. Бұның ішінде үлкен дөңгелек ақ жаулықты әйелдер. Бөрік, тымақ, тондар, шолақ қара пенжак көбейген... Колхозшылар. Колхозшылар ішінде де көпшілігі қатардан шығып, осы жылда бәйгеден келгендер. Әрқайсысы өзді-өз колхозының жарысын адақтап шығыпты...

Әлгі кеңселердің көшелері де колхоз көрмесіне айналғандай.

Бұл мал күткен, малға ықлас берген бейілдің көрмесі. Әр колхоз көлігін, көлігіне жасаған күтімін сарапқа салады... Сондықтан жегіп келген аттарында да сын бар. Міне екі қоңыр арғымақ. Жасыл бояумен жаңада бояған қобди арбаға парлап жегіліпті...

Өндері жып-жылтыр. Сауырлары төңкерген тегенедей. Баптылық, күтімділік арқасында құлын мүшелерін қайта тауыпты... Бұл өз-өзіне сенімді — тоқ, нығыз "Возрождение" колхозы.

Мынау тұрған бір күрең, бір қызыл көк "Таулық" колхозының көлігі. Бастарын шұлғи тастап тұрған мәстекі, жуан сіңірлі төртбақ, қаражон аттар да ешкімнен олқымын демейді.

Көше бойлары ылғи осындай пар-пар. Оқта-текте, бірен-саран бастықтар мінген, құнанша күзелген салт аттар көрінеді.

Түс ауған кез. Күздің ашық, шағырмақ күні. Алатаудың иығына қарай созылып көлбеп барады.

Қазір слет ашылу керек. Аталған сағат жетті... Ауданның бір топ қызметкері клубқа кірді.

Бұлар райком хатшысы, атқару комитет бастығы, комсомол ұйымының хатшысы, политотдел орынбасары... Бүгінгі мәжілістің бастық баяндамашылары...

Клубтың залына кіре бере-ақ райком хатшысы күрсініп, басын шайқады. Әлі залда адам жоқ. Бірақ болмағаны да тәуір екен. Өйткені бұл клуб қонақ түсіру әуеліге тіпті-тіпті әзір емес.

— Бәсе, осылай шығарсың деп әдейі ерте шығып ем... Қарашы, тым құрмаса бірде-бір ұран да жоқ, — деп, хатшы айнала қарады. Клуб залы шынында алғаш қараған көзге алжа-алжа, салақ, олақ қатынның үйіндей.

Ең әуелі көзіңе залдың ортасына таман әкеп құрылған қазақы ақ шымылдық түседі. Бұл, ақ делінеді. Бірақ шынында бүгін емес бұрын, бір кезде солай болыпты. Қазір кірден, ыстан, тозығы жеткендіктен ол сап-сары боп кеткен. Өзі анық қазақ шымылдығы. Өйткені, жоғарғы қас, төменгі етектерінің бәріне бір заманда қызыл жіппен машина кестесі, ирек шимайы салыныпты... Бұл күнде сол жиектерінің кей-кей жерлері боршаланып, жыртылып салбырап тұрғаны да бар... Осы шымылдықтың қасына тақай бере жаңағы азаматтар клуб басқармасын күлкі етісті.

— Экранды қарасаңшы!.. Ал, ақшаны сойып алады... — деп, атқару комитет бастығы шымылдықтың бір шетін қағып, әрі сахнаға қарай өтті...

Қалғандар тездетіп шымылдықты шиыршықтап, жинап жатыр. Залдың орындықтары ұзын-ұзын скамьелер. Олардың көбі тіпті сахнадан алыс тұр.

— Жақындатайық, көтерейік! - деп, кішкене бойлы райком хатшысы біреуін ырғап көріп еді, көнетін емес.

— Е, қып берем... Ал ендеше жүріңдер, бұны жолға қамдайық! — деп, Сәрсен колхоз бастығы мен Мақпалды ертіп, үйге қарай аяңдасты.

Колхоз бастығы мыналардай екі мығым мүшелерін көңілдендіргісі кеп:

— "Бір сиырың, бес қойың бар, құлаққа жазам!" — деп, қандай кіжіңдеп ет. Кешелер белсенділер. Міне, енді үкімет әдейі "көбейт-көбейт малды" деп отыр, бұндай мал өзгеде де табылат қой. Мен, әсіресе, Мақпалдың малға деген ниетін, жүдә, жақсы көрем... — деді.

— Бар малымыз. Күтеміз өзің! — деп Сәрсен Мақпалға қарап: Бар да аудан, облыс, Алматы — бәрін көріп қайт. Жібере берсе, жүре бер. Алаң әм болма. Тамағымыз тоқ ... көзге шұқиым міне, жалқауладырды. Қазір орта қазан қатық тұр үйімде... Еңбек еттік колхозға... Таптық міне, кәйт дейсің... Солай ма, қатын?!

Мақпал күліп, бетіне қарап:

— Солай! — дейді...

Тізім бітті, жұрт қабыл алды. Енді қызыл стол басына өр жерден шыққан адамдар тұрып барып жатыр. Мақпал әлі де ұғына алмай, ешкімнен ретін тауып сұрай да алмай, отыра берді.

Үстел басына бес-алты кісі құралды... Орын алып отырысып жатыр. Араларында әлдекімді жоқтағандай боп, зал жаққа қараса береді. Сол уақытта ауыл кеңесі Мақпалға қарап:

— Е, Мақпал, неге отырсың? Ана жиылыс басқармасына сені де сайладық қой. Тұр, бар ана жерге... — деп, ентелете бастады. Мақпалға жаңа түсінікті болды. Бұрын колхоз жиылыстарында да мұндайды ол көрген. Тек жаңағы тізім оқушының кімді, не жаймен атағаны бұған түсініксіз боп қалған еді.

Ақыры басқарма ортасына, залды үлкен ақ жаулығымен қақа жарып отырып, Мақпал да барып кірді. Бұған бұрын отырып қалғандар тезбе-тез орын берді.

"Ана қатындардан мен озайын дегенім ғой түрі", — деп, Мақпал өз-өзіне енді ғана сенімдірек қарай бастады. Осыдан әрі көп кешікпей-ақ үлкен баяндама басталды. Арық, сұр жүзді қараша жігіт сөз сөйледі. Саспай, салмақтап айтқан сөзі де, топқа қадалған өткір көзі де, бір орынға қатып тұрып қалған өзі де, тегісінен шегедей шаншышады. Атқару комитет бастығы баяндамасының түйінді сөзіне қарай сатылап, тереңдеп батып барады. Мал, мал, мал!.. Кеңес құрылысшысы үшін де... колхоз үшін де, өзің белсенді колхозшы, өзің үшін де... мал, мал, мал...

Таза қылып сыланған ауызүйлі, торүйлі кішкене ықшам пәтерде комсомол Жақып, кемпір шешесі Несібелді және избашка — Настя отыр. Кемпір баласына жаңа бір үлкен қара сандықты әкеп берген еді. Оның ішінде Жақыптың кеп: - жеңгей, сіздей берді. Мақпал сөзін бөліп бұрылғанда тағы да сақал-мұрты қырылған бала бетті жас жігітті көрді.

— Сіз "Екпін" колхозынансыз ғой?

— Ия!

— Әкеңіздің аты кім? — деп, кішкене книжкасына қарындашын үңілтіп тұр.

— Өз әкем бе, күйеу жағым ба?

— Күйеуіңіз, иә фамилияңыз...

— Күйеуімнің әкесі... — деп келіп, Мақпал бөгелеңдеп қалды да, сонысына қысыла, күліп жіберді. Ажарлы ашық қызыл жүзін қазір бір қою қызыл басып кетті.

Сөйткенше болмай "жұрт күлер ме екен?" — дегендей боп алдына қараса, ауылкеңес пен колхоз бастығы бұған қарап ыржиысып отыр екен... Мақпал тезінен жөнделіп, ішінен намыстанып қалып:

— Күйеуімнің әкесі Келімбет, — деді... Жігіт жазып ала, қызыл стол жаққа жөнелді.

— Осы жұрттың бәрі осындай колхоз ішінде мақталғандар ғой шыли? — деп, Айша Мақпалға сұрақ қойды. Баяғы апалы-сіңлілі боп жүрген үйдегі кездерінде, Айша осылай жөн-жосықты Мақпалдан сұрап, сүйене жүретін. Енді кездескен жерден-ақ сол бұрынғы қалыптарын табысып, қайта жанасты.

— Бәрі де мал күткендер ғой. Ана қатындар да сол емей не дейсің?...

— Бұл өзі жарыс қой, кім озар екен? Кімді мақтар екен ауданда? — дегенде Мақпал күліп: — Қайдам? Бұл жерде не деп жарысамыз. Оздырса қадірсай - өм үйдегі ісіміз, малымыз білет те... Сен әлде менімен жарыспақпысың? — деп, Айшаға қарады. Айша қысылған жоқ.

— Олай демегін. Сен болсаң, сенімен де жарысам, несі бар?

— Жарысады, жарысады. Әтейі соған келмедік пе? - деп, Мақпал күле отырып, Айшаның иығынан ырғап қойды.

— О, сөзіңнің керегі жоқ. Айтуды өзге де айтқан. Істеген еңбек өзіміздікі. Жалғыз баланды мақтағаныңа неге болайық! — деп, Мақпал Айшаға қарап күліп қойды.

— "Бір аштық, бір тоқтығы бар", — деген осы. Қарағым, Жақыптың боғандығы неге жәрдем бомасын... Масадай сенделіп қамап па ек, жүдә, былтыр... Айтқанын ұғынып, колхоздарыңа еңбек ете беріңдер, түге! — деп, шал өсиетін айтады.

— Енді малыңның құр басы барлығын мақтан етпе... Жақсы қошқар, жақсы бұқаға апарып, сапасын арттыр, екеуің! — деп, Жақып, Айша мен Мақпалға кеңесін береді.

— Е, мал босыншы. Басы боса, берейін десе, құдай осымен кем қылмайт, жүдә! — деп, кемпір жетекке ермей, тартыншақтай береді...

— Е, сен ғой, жүдә... Сенің бес ешкі, бір сиырың болғанда "құдай, құдай" деп жүргеніңді білеміз! - деп күліп, Жақып сандығының ішінен бір кішкентай жат түсті ескі кітапты алып оқи жөнелді.

Ескі хатпен, қауырсын қаламмен жазылған, көп жері қара сиялы, кейде қызыл жолдар кездесетін, кішкене шимай беттер не дейді?..

— "Қойны баққанда — ия мәләк десун, қайтарғанда — ия еттар десун... Кииз басарда -ия Ғазиз десун, уин сыбарда — ия Ғафур, ия шукур десун; суға тогутурда — ия самиғт десун; қойға тұз бергәндә — ия һаннан, ия маннан десун... — Жақып жөткіріп ап кекеткен үнмен:

— Мө-ә! — деді.

Бұл кішкене кітапты оқи бастағаннан-ақ кемпір мен шал:

— Ырсала — ырсала ... екен ғой, — десті.

— Со ғой, бәсе. Бұның онда несі бар екен? — деп, Мақпал ақсия күліп, баурына қарап: "не дер екен?" - дегендей қып, тыңдап отыр.

— Шылдың қылат та, — деп, Айша да Жақып мінезін шеше алмады.

Жақып шешесіне қарап:

— Сенің құдайдан соңғы бір сиынғаның осы емес пе еді? Тақуалығы қандай еді бұ кемпірдің!.. Міні, сол агрономың айтқаны! — деп, кішкене кітапшаның тағы бірнеше парақтарын аударып, тоқтай қап:

— "Рауайыйлар андағ рауаят қылурлар, кім һазірет адаммен Мұһаммад Мұстафа саллу аллаһ ғалииһи уа сәлләмғаша мың иеті юз пір кәміл каһир бісто, мииан бістә уа саһиб шукур өтіпләр. Анден төрт пip туйашылық қылып дурлар..." — деп аяғын соза оқып кеп: — Па, шіркін, түйе бақ деп жатқанын көрмейсің бе! - деп, екі-үш қағазды аударып жіберіп: "Шөкіргәндә ия алла, ия раһман димөк кирөк!". Сенің әлі көп түйелі боп жүргенің осының айтқанын қығаннан да! — деп, шешесіне қарап күліп қойды. Несібелді әлі іргесін бермейді. Ол томсарып қана тыңдап отыр.

Мақпал бағанағы қалпынан езуін жимастан жымиып отырып, енді Жақыпқа:

— Сен бұны неге сақтап жүрсің, жүдә? — дегенде, Жақып іле жөнелді:

— "Туйашылық қылған кіші бу рисәланы білмәсә, оқытып ешіт мөсә, ия өзі тутмаса, туйашылықтөн hop не тапған малы доңғузуның күшидән һарамдур. Хиямәт куни көрден тұрса юзи қара болғай!" Көресің бе міне! — деп, Жақып Мақпалға қарап: - былай дегесін ұстамасқа бола ма? — деп, кемпірден өзгесі тегіс қосылып күлісіп алды. Жақып әлі үндемей отырған шешесі жаққа қарап, көзін қысып қояды...

— Апам екеуің олай болса, ол дүниенің қамын, сауабын сандыққа мықтап сап aп, әтейі сақтап жүр екесің ғой, — деп, Мақпал Айшаны түртіп қойды.

— Е, әйтпесе не? — деп, Жақып тағы бір-екі қағазды аударды.

— Һop кіші рисәләні өзі бірлә сақласа құдайтағала туйашылыққа мың бәрәкәт бергой", — деп, кітаптың жолына саусағын қадап тұрып, сипай қамшылағандай қып, ақырын көлгір ғана жүзбен кемпірге қарап:

— Сіздің түйеңіздің саны неше соқыр боған ет осы, бәйбіше!? - деп қойғанда, Несібелдінің өзі де жарылып күліп жіберді. Екі қызы әсіресе мәз болады. Жақып шұғылынан тағы салдырлата жөнелді...

— "Мың борокот бергәй, шол бәндәнің юзи он торт кундук айдек болғай, шол бондәнің бақитни юзині көз көруп, өһили гырәсат һойран қалып айтқай, бу қайсы пайғамбар, уа қайсы жаһид, уо қайсы ғази турур дигөй би колом, уә би зәбән, уә би дендандан нидә келгәй... Бұл ол дүнияда менің өміримні тутып бу рисөла мүбәрәк сақлап ерді шол сәбәптән шу мортәбәгә иеткендур"... Міне біз, апам екеуміз неге сақтаймыз, білдіңіздер ме? — деп, Жақып кітапты жаба бере...

— Мына бір жерінде "бір қой садақа бергәй" деп қойыпты... Өзін жазған қазақтың қу молдасы! — деп, кітапты жауып тастады.

— Керек, бұдан керек не болсын, — деп қойды.

— Қазақ... қазақ молдасы. Осындай қып жоқты-барды шатып кеп, — пұл амай қоймайтын да, жүдә! - деп, шал Жақыптың басқа кітаптарын қарай бастады. Бағанадан үндемей отырған Несібелді енді бұл кітаптан гөрі де таңырақ бір нәрсені есіне алып:

— "Шорай ислам", "ақтаяқ" дегенді кәйтесің. О, қандай тіксінтіп ет, жүдә! — деді.

— Онда ғой, маған да намаз оқыттың! Жасым сонда он күнге, ораза тұтқызып, қандай зарлатты апам!.. — деп, Жақып "ақтаяқ" заманының өз басына түскен ауыртпалығын еске алады.

— Со құрғыр осы беріде бомап па еді... Кеңес уағында қайдан шығып жүрді екен?.. "Ораза тұтпағанды дарға асады, намаз білмегеннің тілін кеседі", — деп, наяты қандай шошытты, жүдә? — деп, Мақпал да еске алды...

Бағанадан бір кітапты оқып отырған Настя жаңа ғана басын көтеріп:

— Орыстыкі поп, қазақтікі молда, ол бәрібір один черт, — дегенде Несібелді күліп жіберді де:

— Е, сен сөйле, қызым, маған ұдайым осындай ақыл айтат бұ! — деді.

Настя толық, сау денелі жас қыз. Қызметінің көбін қазақ ортасында, әсіресе қазақ әйелімен араласа істемекті мақсат қылады. Сондықтан ол ауданды, аудан ішіндегі жақсы, жаман колхоздарды тегіс біледі. Осы Жақыптың үйінде ұдайы тұрады. Өйткені өз туғандары Қырғызстанда - Қара-қол жағында боса керек.

Бұның кемпірге оңаша айтқан жайының кейбірін кейде Несібелді көпке де мәлім етіп қояды.

— Байғұстың әке-шешесі өмір бойы кедей болып, малайлықта өткен екен. "Алты баласы бар едік. Біз һәм тегіс малайлықта болдық" дейді. Өзі "қазақсың" деп бойын аулақ салуды білмейт, жүдә. Кейде түнде қайтып кеп шешінеді де, қойныма кіріп кетеді... Дәл баламдай... Өсиетті де көп айтат маған... — дейтін.

Қазір Настя үш әйелге қарап, шындаған, салқын пішінмен сөз сөйлейді. Үні кесек. Ұртына тас салып тұрып сөйлеген кісінің үніндей салдырлай:

— Кеңес кегенде олар өлеміз ойлаған. А вот сонан соң олар "ақтаяқ" тағы сондай чепухаларды шығарып, сендерді қорқытқан", - дегенде Несібелді:

— Қорқытқан... — деп, тілін тамашалап, кеңкілдеп күліп қояды.

— Жақсы айтат, мақұл айтат...

— Жүдә, дұрыс айтат, — десіп, Қожық пен Мақпал бек қош тыңдайды... Несібелдінің бәйгелері съездегі осыған ұқсаған сөздер болсын, бұнда Жақып пен Настя айтқан әңгімелер болсын, барлығын ден қоя тыңдайды... Барлық қалыптарында осындай бір сандауға сусағандық бар. Соған анталап бас қоюға әрдайым әзір сияқты. Етіп келген еңбектерінен туған сана сияқты. Тындағанға бұлар сөзінің қақ жартысы ылғи "колхоз", "колхозда" дегенмен келеді.

Әр колхозда жүріп, бастары ойда жоқтан бүгін ғана қосылып отырса да бұлар іштей: "Білекке — білек, тілекке — тілек қосқандар". Қазіргі әңгімелерде бұлардың үшеуі де Настя, Жақып пен өздерін "тізелес, қолтықтас" деп сезеді.

Кемпір Несібелді де осылар арқылы баяғысының үлкен, ауыр жүгін еңсеріп келеді. Барлық "ақтаяқ", "шорай ислам", рисәлалар дүниесі енді қара түндей артқа серпуге айналған... Ауыз үйге шыға бере ол алты жасар немересі Елубайды көрді. Сыртқы есікті ашып тастап, Елубай қорада жүрген ақ қоразды мазақтайды. Соның үніне салып, бақырып келе жатты да әжесін көріп, қораздың әнін тастай беріп: Әже, менің өлеңімді тыңдағын, — деп алып әндетіп:

... Ленин біздің атамыз Саясында жатамыз. Жаулар қарсы келгенде Қақ жүректен атамыз... —

деп, сұқ қолын мылтық қып оқтап ап, әжесіне тап береді. Несібелді "сүйт, қарағым" деп, одан да Жақып үнін естігендей болды. Сондықтан әңгімелерінің соңында шай жасап жүріп:

— Көзді бояй беріпті ғой, жүдә, құдай ұрып... Аңқау елге арамза молда!.. — дейді. Бұл енді оның да ішінде қайнай бастаған қорытындысы... Ескілік бұлар денесінде "елі жүн" есепті. Жаңа тарих көктемі оларды түлеткен... Сонда азғана түбіт, азғана "өлі жүн" сүйретіле барып қалмаушы ма еді? Бұрынғы дін, ру дегендердің бәрі бұлар санасында сол тамьфдан, қан-сөлден айырылып, енді үзіліп түсуін күтіп жүрген бірер жабағы, түбіт өлі жүн есепті... Бәрі тегіс шайға отырғанда кемпір төңкермені турап, әркімнің алдына тастап отырып, тақ ортаға Мақпал әкелген майды қойып, Настяға қарап:

— Бүгін ойын болат дедің бе?

— Болат, бәріміз барамыз. Апаныкі да баратын керек... Мыналар делегат... Олар өзі де болады, — деді...

— Е, мен ом барам. Үй ішіміз боп тегіс барайық... — деп, Несібелді көңілдене түсіп, бұрынғы бір ойынды есіне алып күліп:

— "Сүйдім, тидім" — деп, Байжұманның қатыны қандай ойнады әнеукүні, — дейді. Настя бұнымен қоса күледі.

— Өзің, жүдә, ойынға әм барғыш бопсың ғой! — деп, шалы әзіл етеді.

— О, қазақ ойны. Артынан бір орыс ойнына әм апардым! — деп, Жақып шалқая күліп: — тап алдына апарып отырғызып "кәйтер екен" деп өзім арт жағынан отырдым. Басында адамша қарап отыр еді. Бір мезгілде қарасам, қасына Жұмаштың шешесін отырғызып ап, ауылдың әңгімесін соғып отыр! — дегенде Мақпал, Настяға қосылып, Несібелдінің өзі де мәз болып күледі.

— Пьесаның со жерінде бір мылтық атылатын ет. Әтейі айтпай "соға бер бәлем!" — деп, аңдып отырмын. Бір мезгілде "тарс" ете түсіп ет! — деп көзінен жас аққанша күліп Жақып:

— Құдай көрсетпесін, екі жағына бірдей қисаң-қисаң етіп, тап оқ өзіне тигендей боп, қолымен басын қоршай берет!

Кемпір пияласын жерге қойып, бар денесімен селкілдеп, үні өше күліп:

— Қайдам... Әне бірісі битіп қап! Мына жақтан бір орыс жүгіріп шығып битіп қап!.. -деп, денесімен өрескел қозғалыстар жасап қойып: — Қарасам бір маржа сереңдеп жатыр! — деп тағы күледі. Мақпал шешесі мен бауырының екі арасындағы құрбыдай халге сүйсіне күліп:

— Содан әрі не бопты? - дейді. Кемпір күліп жауап бермейді.

— Айтсаңшы не болғанын? - деп, Жақып тақымдаса да, ол басын шайқап айтпайды.

— Одан арғы қызығы — "жүр қайтайық, жүрші... жүр" деп мазамды алмасын ба! — деп, Жақып тағы күледі.

Кешкі мәжіліс біткен соң ойын көрер алдында Мақпал, Айша, Қожық және Жақып бар — бәрі "шай ішіп қайтамыз" деп үйге келді.

Бұлар келгенде кішілеу лампылардың қызғылт оттары бөлмені де жарық қып тұр еді. Кемпір ауыз үйдің оң жағындағы ағаш төсегінің қасында бір нәрсеге айналып, күйбеңдеп жүр.

Настя ешқайда жоқ екен. Мақпал мен Айша шешелері жаққа айналғанда, Жақып пен әкесі төргі үйге қарай басты. Сол кезде артқы есік ашылғандай болып еді, Жақып өзінің арт жағынан шұғылынан шыққан тұтас, қатты күлкіні естіп жалт қарады. Шешесі, Мақпал, Айша бәрі де сақылдап есікке қарап тұр. Дәл есіктің алдында қазақтың үлкен жаулығы мен қазақы көйлек, бешпет киген бір аппақ домалақ келіншек тұр. Бұл танып болғанша, келіншек салдырлаған кесек, таныс үнмен күліп жіберді... Кемпір күле тұрып:

— Тәжім ет, қарағым! — деп еді, келіншек өзбектерше екі қолын төбесіне қойып, иіліп:

— Бісмилла рақмет, — деп еді, жұрт ду күлді. Несібелді өзі де күле тұра "режиссерлық міндетін" сонда да ұмытпай:

— Ұл тап! — дегенде Настя даусы тағы салдыр етіп, бар шынымен:

— Табам! — деп уәде берді...

Осы сурет кеш бойы Несібелдінің есінен кеткен жоқ... Ол қайта-қайта "бісмилла, рақмет" деп қойып, көзінен жас аққанша күледі. Настя ісінің екінші қатты әсер еткен кісісі Айша болады. Мақпалдай емес, ол ене қолына келін боп барған. Және сондай үйдің ішінде кішіліктің қатажуын көбірек көрген. Сол себепті тегі үндемейтін бұйығы еді. Колхоз бәйгесінен озып, туған үйіне кеп отырса да, ол аз сөйлеуші еді... Мына Настя мен шешесінің ойыны оны да өте көп күлдіріп, ашып жіберді... Көп үлкен себеп болмаса да, бұлардың бәрінің де күлкісі мол. Қабақтары ашық, түстері жарқын... Өмірлерінің ішкі қызуы мен өскен үміт-тілегі, көтерілген талайы бар. Солары күлдіреді.

Бәрі бірігіп бұрынғы ескіліктерін арттағы күнге тастаған. Енді бұрын болмаған, болжамаған қызықты жаңалық көз алдарына кеп қапты. Соны ұстағалы сипалап жүр. Жақын... құйрығын шалып жүр. Соның жақындығы бұлардың екпінін молайтады... Сеніміне қос қанат бітіреді. Бойларын қытықтайды. Күлкісін молайтады...

Ертеңгі түсте аудандық слет бітіп, облысқа баратын екпінділер клуб жанында үлкен автомобильге мініп жатты. Ішінде, тап ортаға отырған Мақпал. Бұған екі жақтан: Настя, Несібелді, Айша, Қожық — бәрі де күлісіп, қош айтысып, оң сапар тілесіп жатыр еді. Бір уақытта Жақып келіп:

— Тоғыз кісісіңдер. Бұл баратындарың облыс. Бес кісі Алматыға барады. Сол бесеудің бірі тағы сенсің...

— Дұрыс, мақұл, барам! - деп, Мақпал қызарыңқырап күлді...

— Кешегі осында сөйлегеніндей қып, ол жерде де сөйле!.. — деп апасының қолын алып күліп:

— Ал енді "ұл тап!" - дегенде Мақпал қатты күліп:

— Табам! — деді.

Автомобиль тартып берді.

Мұхтар Әуезов