Асыл нәсілдер. II нұсқа

I

Түн ортасы боп қалды, бірақ Әсияда ұйқы жоқ. Күзеттің қамы да емес, Әсияны ой ұйықтатпайды. Бұл ой бір бүгін емес, соңғы екі жұма бойында ішіне терең орнап, үнемі өкіндіріп, қинап, кеміріп жүр.

Түн желді, суық, қыстың түні еді. Әсияның киімі жылы. Үстінде атасы Есіркептің үлкен сеңсең тоны пұшпағына түсіп, бойын қыздырып, тоңдырмайды. Қораның шетіндегі кішкене киіз үстіне жантайып жатса, қымтанып орануына да жарайды. Етегі төсек, жеңі жастық, сенімді мол киімнің өзі. Әсия екі қолын жеңіне сұғындырып, көбінесе отырып тыныштық алмай, қотанды айнала баяу басып, тынымсыз арлы-берлі жүріске ауысқалы көп болды. Аласа бозғыл беткейді толтыра жатқан бір қора қой мың қаралы. Қалың тобы қыбырсыз тыныштықта. Ақырын пысылдап дем алып, тыныс алады. Осы қойдың күзетінде жүрген Әсияның ойында көп нәрсе, көп бір естегілер үзік-үзік, бірін-бірі қуғандай ауысып, толқып өтеді. Әсіресе өкініш батады. Өзін-өзі аямағандай: "жамандық еттім-ау, әттең, соны неге еттім? Енді жұртқа не бетімді айтам! Масқарам шықты ғой тегі!"деп, өзін жазалаған ойға қайта-қайта орала береді.

Әсияны осындай ойынан иттің үргені алаң етті. Қой шетінде жататын үш-төрт иттің арасында шолақ құйрық, шұнақ құлақ арабы қара төбет бар. Өзге ақ қаншық, ала күшік, ақ төс, көк дүрегей тазыдан бұл төбеттің мінезі бөлек. Оны күндегі күзетте Әсия әбден біліп, түйген болатын. Қалған иттер не болса соған үре берсе де, қара төбет тегін үрмейді.

Ол төбеттің аты Таймас еді. Бұл үрсе, тек бірдеңені, не қасқырды, не ұрыны, немесе суыт жүрген бөгде жолаушыны көргенде ғана үретін. Өзінің ауыр ойынан оянған Әсия, Таймас үрген жаққа қарай қадам басты. Қараңғы, желді түннің меңіреуіне жас көзін қадап, әлденені көрмек болады. Бірақ ит қанша қадалып, шаншылып үргенмен, Әсия ештеңені болжай алған жоқ.

Бүгін түн желі қатты екен. Аспанда қалың, ауыр қара бұлттар тұтасып, жәй салмақпен ауып келеді. Айсыз, жұлдызсыз, декабрьдің түні, қою қараңғылық қаптатқан, саңылаусыз түн. Бір қалыпты ызғырықпен қатаң соққан түн желі өтімді, суық. Жер қара болса да, қыс ызғарындай суық ызғары бар жел. Таймастың зор дауыспен, қайратты зілмен, қысқа қайырып, бапылдап үрген үнін түн желі қағып әкетіп, ық жаққа, алысқа жеткізіп жатыр.

Тегін үрмейтін Таймас, Әсияның ойын "әлдебіреу ауылды торып жүр ме?" деген күдікке аударды. Иттің қасына кеп: "нені көрдің, серігім?" – дегендей, Әсия қой шетінде желдің өтіне бетін беріп, итпен бірге қатты желге қарсы, қасқая қарап тұр. Әсияның ойлағанындай, Таймас бұл жолы да тегін үрген жоқ екен.

Алыстан, жел жақтан Таймас естіген сарын, иіс түнделетіп келе жатқан жүргіншінің белгісі болып шықты. Аз уақытта Темірқазық жақтан, ойдағы құм жақтан келе жатқан жалғыз аттының қарасы көрінді. Қора шетінде жатқан өзге иттерді бастап Таймас, жүргіншінің алдынан жүгіріп үрді. Бірақ аз үріп барып, келе жатқан аттыны танығандай тоқтап, қой шетіндегі жалғыз үйге қарай бұрылды.

Жүргіншіні Әсия да таныды. Екі күннен бері жолаушылап құмға кеткен Әсияның қайын атасы Есіркеп еді бұл келген. Кеш бойы, қой шетіне жалғыз шыққалы Әсия қадалып ойлаған жүдеу ой, өкініш ой, қазір мына жүргіншіні танығанда, жас әйелдің бетіне қатты бір ұят отындай боп дуылдап шықты. Бірақ, амалы жоқ, атасының алдынан көлденеңдеп жүріп кеп, кішілеу киіз үйдің сыртында тосып алды.

Есіркеп қарт қараңғы түнде астындағы боз биесін деміктіріп, терлетіп, қатты жүріп келген екен. Келіні алдынан тосып тұрып: "Жәке, ат-көлігіңіз аман ба?" – деп, именіп ақырын сөйлеп, боз биенің шылбырынан алып, атасын аттан түсірді. Басында үлкен, дөңгелек, қалың қара бөркі бар, қалың киінген Есіркеп келінімен амандаспай, үнсіз түсті. "Шаршап келдіңіз ғой!" деп, келіні атасымен тағы жауаптасайын деп еді, ол басында қолын ұзын жеңімен бір сілтеп, жауап бермеді. Сырт айнала беріп, өзіне-өзі айтқандай қып:

– Шаршамасы бар ма? Шаршаттыңдар ғой түгі, құрып қалғырлар! – деді.

Әсия бұдан әрі үн қата алмады. Ат қасында белдеуге байлаған күйде тағы да беті ұяттан ду еткендей боп, үнсіз тұрып қалды. Атасы үйге кіріп, орта жасты әйелі Балжанды оятты. Әсияның қайын сіңлісі үйде сергек жатыр екен, шешесінен Қанипа бұрын оянып, үй ішіне от жақты. Әсия үй сыртында тұр, кіруге бата алмады. Желден біраз ықтап тұрып, атасының кейісін тыңдайын деп еді. Бірақ оған да батылы шыдамай, қой шетіне қайта кетті.

Есіркептің жаңағыдай суық үнмен жауап қатқанын, ұрыса сөйлегенін, әсіресе бұны ұрсып сөйлегенін, Әсия бұрын естіп көрмеген еді. Енді аттан түспей жатып, ызасын, кекесінін ірке алмай, жаңағыдай қатқыл сөйлеу Әсияға бар жайды айтқызбай-ақ түсіндірді. Өзін қинаған ой, қысылдырған күй бұрын атасына белгісіз болса, қазір түгел мәлім екенін келін анық аңғарып тұр. Ең болмаса әзірше атасы білген жоқ шығар деп ойлаған Әсия сырын, мұңды сырын, Есіркеп осы сапарға аттанарда өзінің кәрі жолдасы Балжаннан естіп кеткен болу керек.

Қой шетінде, суық желдің өтінде, төбеден ауыр салмақпен басқандай төніп, маңып келе жатқан қара бұлт астында Әсия қыстығып, булығып барып, ыңырсып жылап жіберді. Ұйқы былай тұрсын, енді отыра да алмайды. Сенделумен қалың қойдың шетін үнсіз айналып жүр. Түнерген, иығы түсіп салбырап, екі көзін төмен салып, қара түннің бейне бір мұңды көлеңкесіндей қозғалады. Сенделіп жүрген жас әйелдің ішінде аяусыз ойдың ащы бір зәрі, уыты жүз толқынады. Өкініш, қайғы сорабы мұның ойын сан түндер бойында өз ойымен талай соққан бір кешке, осы күздің жарық айлы бір кешіне апарады...

...Биыл аса жайлы, жылы болып өткен сентябрьдің бас кезі болатын. Отарлар ол кезде құмда емес, ұзын аққан Қарғалының бойында еді. Өзен бойын сол жағада ұзақ шақырымдарға созылып қонған КИЖ* шаруасы мекендеген. Есіркептің отары көп жеке өзіндей қашарлардың, көп қойлы көрші отарлардың орта тұсын мекен еткен. Ұзын Қарғалының екінші жағасына жағалай созыла қонған, көрші аудандардың колхоз малдары болатын. Күздің бас кезінде отарлап мал жаятын совхоз бен колхоздарға Ұзын Қарғалыдай жайлы қоныс жоқ. Бір жағы жаз бойы соны тұратын, қалың-ақ от қаулап өскен көп сары адыр болады. Екінші жағы – отар малының ертелі-кеш су ішіп, жағалай жайылатын өзені – Қарғалы. Бұл өзеннің алқабы кең. Екі жағасы шалғынды, шымы тұтас, сазды ұзын көгал болады. Күндіз де бір мезгіл жайылыстан қайтқан қалың қойлар, өзеннен су ішіп, жағалауындағы жарында, шилеуіт, сызат өлкесінде тыным алып, жайылысқа қайта шығып жүреді. Шөбі қалың, суы мол және ауыл қонарлық қойнау-қойнау алаңы көп өзен бойында, бұрынғы күндерде де, көктем мен күз кезінде қалың ел мол малымен, осы күндердей иін тіресе отыратын.

Әсияның есіне оқтай қадалып тұрған кеш, жарық айлы, үнсіз, жым-жырт жылы кеш. Сол Қарғалының бойында екі жағасында өрлей, құлдай отырған қалың елдің бірталай қауымы жиылып, өзінше бір қызық сауық еткен кеші болатын. Әсия мен оның тату досы, қайын сіңлісі Қанипа екеуі Отан соғысынан қайтып келген бір ағайындарының үйінде болды. Қатерден аман қалған тату құрбы, осы совхоздың өздеріндей шабаны – Түсіпжанның үйіндегі тойда болған. Кеш бойы Түсіпжан үйінде ұзақ өлең арасында, қонақасы үстінде аздаған ішкілік болды. Әсияның соғыс басталғаннан бергі жаңғыз бір көңіл көтергені сол. Өз уайымын сәл ұмыттырған, қызық кеш сол еді. Сонда бұған өздерінің ағайыны Молтай деген жігіт оралды. Бұл күнге шейінгі өмірде ешуақытта аузына алмаған, ойына келмеген, бір сырын Әсияға өлең арасында ашқан болатын. Сол Молтай айтқан құмарлық сыр сөзден бұрын, Әсияның көңілі соғыс басталғаннан бері жабырқау еді. Тек сол бір ғана жарық айлы сырлы түн, бір сәтке Әсияның көңіліндегі қайғының бәрін ұмыттырып, есін ұрлағандай болды.

* КИЖ - Қазақстанның мал шаруашылығы ғылыми институты.

Әсия әлі күнге болған халдің барлығын есіне түсіре алмайды. Соғыс басында, 41-ші жылдың жаз ортасында, жайлауда бұның сүйікті жары Сайлыбек әскерге кеткен болатын. Екеуінің үйленісіп, табысқанына бір ғана жыл болған еді. Сайлыбек – Есіркептің жалғыз баласы еді. Әсиямен екеуі бір жыл бірге кешкен өмірде, еңбекте серіктес болды. Үй іші тұрмыста, жаңа ғана табысқан жастық таңындай ыстық жалынды тұрмыста, қабақ шытысып, ренжісіп көрген емес-ті. Әсия Сайлыбектің жары боп, Есіркеп үйіне кіргелі осы мынау қой шетінде тұрған жалғыз үйдің үзілмес ұзақ, мол қызығы туғандай еді. Түз еңбегі жарасып қосылған, біріне-бірі тең баласы мен келінін Есіркеп карт пен оның мінезі жұмсақ әйелі Балжан да қатты қуаныш ететін. Іштерінен шүкір етіп, қызықтайтын. Әсия мен Сайлыбек өмірінің әсіресе бір өзгешелігі, екеуі де, ата-ене былай тұрсын, тіпті жас Қанипа алдында да ашысып сөйлесе алмай, ылғи ұялып, бірін-бірі жасырын сүйетін. Сондайлық ірку бар, перде астындағы құпия сүйіспендік бұл екеуіне аса тәтті еді. Біріне-бірі еркін тиген, я даладағы, я болмаса үйдегі оңашалық шақтарын бірінен-бірі ажырай алмастай, аса бір ыстық, қымбат шаққа айналдырушы еді.

Сол Сайлыбек жылға толар-толмас қана үй іші өмір кешті де, қатері көп, белгісіз ұзақ сапарға, Отанын қорғау сапарына аттанып кетті. Жарқыраған жаз ортасында қадірлес ата-анасын қалдырды. Аялап сүйіскен Әсиядай жарын қалдырды. Сайлыбек бәрін артына тастап, бел асып кеткенде, жарық күн сөнердей болды. Жайлы жылы жаз дәл қазіргі Әсия көз жұмбай жүрген, қыстың қара түніндей боп кетті. Қызыл жүзді жас, ажарлы, нұрлы келген қой көзді, бұрын әнші, күлкіші Әсия қайғы татты. Жасынан жар құша алмай, мұң құшты.

Жүрек басына, әр кезде мұның көзіне сағыныш жасын жұмарландырып, түйілтіп келтіретін зіл қара тастай шер орнады. Үнемі қауіп, күдік қою қара бұлттай боп бұл жастың айы-күнін бірдей басты.

Әлі де, міні, мынау жеті түнде, зауал уақытта, Әсия барлық шыншыл зарлы жүрегінен бір шындықты өзінен де, әлемнен де, қазіргі ашулы, өкпелі атасынан да жасырмай, ұялмай айта алады. Шын көңілінде Сайлыбек басына қиянат етермін деген бірде-бір ниет жоқ еді. Құлын-тайдай айқапасып өскен Сайлыбегін бүгінде де Әсия ешбір жанға айырбас етпес еді. Ұмытпай, соның атын жад етіп сарғаюмен, тосумен күн кешуге, айлар, жылдар күн кешуге әзір еді. Бірақ бір Әсия емес, оның атасы мен енесі де, қайын сіңлісі Қанипа да Сайлыбек жайын талай улы жаспен жуа-жуа мұңдаған. Үміт қанаты қырқылып, Сайлыбегі келмеске кетті дегенді жүрегі бата алмаса да, ақылымен Әсия әлдеқашан ұққан болатын. Бұған себеп Сайлыбек кеткен жылғы қыс басында келген майданның суық хабары еді. Сайлыбектің командирі оның Мәскеуді қорғағандағы ұлы отаншылдық, өр ерлігін айтып кеп, кейін жауды Мәскеуден қуып, ұзатып әкетіп бара жатқанда, Вязьма түбінде қатты қырғын соғыс үстінде қаза тапқанын білдірген. Сайлыбектің ата-анасына осы хабарды білдірген командир Андреев ер жауынгерді жоқтағандай сөз жазыпты. Сондай ер ұлды, адал ұлды өсірген ата-анаға, Әсияға ұғымсыз орыс тілімен сай-сүйекті босатқандай көңіл айту, жұбату сөз жазыпты. Майданнан баласы, інісі, жар-жолдасы туралы ауыр хабар алып жатқан ата-аналар, ағалар, жарын тосқан әйелдер бұл сияқты қаралы хабарды "қара қағаз" деп атандырған-ды.

Әсия мен Қанипа мектепте бала күндерінде бірге оқыған жастар еді. Сұмдық хабардың шындығына олардың көздері әбден жетіп, оңаша ұзақ жыласатын. Бірақ қарттарға осы хабарды өздері әдейі жеңілейтіп, үміт қалдырардай қылып айтысқан. Есіркеп пен Балжанды жұбата ма, қайтеді, бірақ бұл үйдің оқымысты, білімді досы, осы КИЖ малының үлкен бір басшысы Бобров та жұбата сөйлейтін. Сайлыбек турасында келген жат хабарды естіп, Әсиялар күндер, түндер бойы қара тұтып, зар еңіреп жыласып жүрген шақта, майданнан келген хабарды оншалық сұмдық үмітсіздік хабары емес деп, жұбату айтқан. "Сайлыбек жаралы болып, өз бөлімі емес, басқа бөлімнің санитары соғыс артынан алып кетіп, командир Андреевке белгісіз госпитальға түсіп, содан басқа бөлімге ауысып кетуге де мүмкін. Жарасы ауыр болғандықтан, не басқа дімкәстікке ұшырағандықтан, үйіне хабар ете алмай жүруге мүмкін" дейтін. Бобровтың осындай әр алуан, "дертке дәрмен" болғандай жорамалдары... қарттарға соңғы таяныш еді.

Содан бері сарғайып тосумен айлар өткен, алғашқы қаралы жыл да өткен. Бір жыл емес, міні, ұзақ сарылған үш жыл өтті.

Есіркептің үйіне өз ішінен қара өзегін қақ жарып шыққан баласы Сайлыбек пен Қанипадай боп, туысып кірген Әсия бірде-бір шақ шетке қарап көрмеген. Күнім басқа, тағдырым басқа болады деп ата-енесінің үйінен тыс, ойынан аулақ ой да ойлап, білген емес-ті. Тек қана қазір Әсияны удай өкінішпен сенделтіп, қазірде таңды таңға ұрғызған бір-ақ кеш мұның аяғын жаңсақ бастырды. Мұның жас көңілін жаңылдырды. Ол сол жаңағы Сентябрьдің басында болған алдамшы, сиқырлы, жарық айлы кеш. Әнменен, қалың думан, күлкі, қызумен, сәл ішкілікпен масайтып, Әсияның есін ұрлап келген, адасқақ кеш.

Молтай да Әсия туралы бұрыннан бөтен ой ойлап жүрмеген тәрізді еді. Сол кеште ғана оның ойына, өзін де адастырған, әсіресе Әсияны жаңылдырған бір қу сөздер келіпті. Айтылуда Әсияға ол сөз, ол сыр өзінше орны бар сөздей жеткізілген. Молтай Есіркепке жақын ағайынның ішінде жақын еді. Аталастың ең бір тақау келетін Еспайдың баласы. Егер Сайлыбек мүлде дерексіз кетіп, артындағы жарын кім алады десе, бұл ортада әлі арылып, айығып болмаған ескі жол, дәстүр бойынша әмеңгер боп алатын кісі, ең жақын жанашыр кісі Молтай екен. Бұл жайды кемпір-шалдар іштей ойлайтын болса да, Әсия бұрын өз басына бірде-бір уақыт келтіріп көрген жоқ-ты. Оны өзге кезде, ауылдағы совет жасы арасында көзі ашық Әсия, Қанипа, Молтай да ойламайтын. Қайта қарт-қария санасындағы осындай әр түрлі ескілікке күліп қарасар еді.

Бірақ сол кеште, ойына қайдан келгені белгісіз, Молтай сөзі осыдан басталды. Жас келіншек таң қалғандай ойланып қалды. Өзге жастың қалжың-қылжаңын осы үш жыл бойында Әсия аз естімеген-ді. Бірақ әр кезде күлімсіреп, құмарлықтай күйт қуып, не сыпайы қалжыңмен, не көрінеу тілекпен сүйкенбек болған кісі болса, Әсия тез өңі бұзылып, қатты зекіп ұрсып тастайтын. Бойынан жұлқып тастағандай боп, жігіт үмітін пышақ кескендей тыйып кететін. Молтай өзінің сырын Әсияға қызара-тершіп, қысылып айтқан.

Бұған арнаған тілегін арзан жеңсік, уақытша қызық түрінде айтқан жоқ.

– Қарт атаң Есіркеп те Сайлыбектен күдер үзсе, өз ықтиярымен сені маған бұйырады. Оны біздің екеуміздің де ата-ене, әке-шеше, аға-жеңге сияқты туыстарымыз қазірде іштей ұйғарып жүр! – деп сөйлеген.

Түсіпжан тойына шақ қана көңіл көтеруге, аз отырып қайтуға барған Әсия үй ішіндегі көп дырду арасында Молтайдың жаңағыдай айтқан сөзін естіген соң ешбір жауап айтпай, үнсіз қалған еді. Соның арты ас келіп, тағы да ішкілікке ауысқанда, Әсия өзінің есін ұрлатқандай болды. Бір тұманға, шытырманға түсіп кетті. Қанша уақыт өткенін білмейді... Қазір есіне түсірейін десе, бастан кешкен анық халдің барлығы бұған айқын суретте, бірде-бір оралмайды. Тек жадында қалған жалғыз бір кез бар. Молтай екеуі күлкі дырдуы, айтыс-әні көп үйден тысқа шыққан шақта, толық ай әлі де сүттей жарық еді. Желі жоқ, тып-тынық түн екен. Өзен жақтан, шалғынды құрақ қамысты, жасыл шилі сызаттан келген болымсыз салқын буалдыр тартып мұнартып түр екен. Сәл ғана салқын леп бұларға ымдағандай боп, өзен жағасына жетелеп, тартқандай болғаны бар. Шилеуіт далдасы көп, жасырыны мол түн Әсияның есін алды...

Таң ата жалғыз өзі жай басып, аппақ сұр боп қуарып қайтты. Өз үйіне қарай жөнелгенде, Әсия жүрегіне үлкен қылмыс артынан лезде оянған, ең алғаш сол таңда оянған өкініш келген еді. Мұның артында қалған жасыл жаға, қалың ши мен терең жар жасырған өкінішті сырды әлем білгендей. Әсияның қарсы алдынан шығып: "Бәрін білдім. Мәлім. Аздың ғой!.." дегендей боп, ардақты, арманды жары Сайлыбек кінәлап, тосып тұрғандай боп еді. Сол көкшіл таңның өзінде, жас жүрегі осы бүгінгі болар уайымды сезгендей болатын. Әсия ата-енесінің үйіне кіре алмай, күн шыққанша үй сыртында отырып, үнсіз жаспен ұзақ егіліп жылаған-ды...

Бүгін, міне, сондағы Әсия күнәсінің себепшісі болған Молтай да жоқ. Ол шақта әскерден жас жігіт қалатын сияқты дәлелі де, үміті де бардай еді. Бірақ ондағы сенімнің бәрі текке кетті. Молтайды да Отан әмірі жауға қарсы жұлқысып жатқан майданға ап кетті. Жарық айлы түннің ыстық сыры құпиялық күйінде қалмады. Сөз өсек боп білінген жоқ. Әсияның өз ішінен туды да, өсті де, дүнияға жасырынсыз, жалтарусыз "мен шындық, мен сондағы жарық айлы түн айғағы" – деп білінетін боп тұр.

Екі жұма боп қалды, Әсияның жас өмірінде бойына ең алғаш біткен ұрық, ана құрсағында әуелі бірінші рет сәл бүлк етіп білініп еді. Енді күн сайын өзінің барлығын, ғажайып тірлігін мұңды анасына танытып, жиі-жиі қозғала бастады. Бір өзінен басқа бұл күнде сырласы қалмаған Әсия ана болуға амалсыздан бейімделгенін енді аңғарды. Жасырып болмасын енді білген соң, осы соңғы күндерде іштегі ауыр сырын ең алдымен қайын сіңлісі Қанипаға айтқан.

Әсияның түсі бір көгеріп, бір аппақ боп бозарып, жіп-жіңішке сарғыш қастары шошынғандай түйіліп тұрды. Ол өз сырын бастағанда, бұған соншалық тілеулес және шын берік дос Қанипа бірге қызарып, бірге қуарған-ды. Бұл екі жас әйел бала күндерінде, бастауыш мектепте бірге оқыған. Бірнеше жыл бойындағы татулығы мен сырлас жолдастығы бірде-бір кез бұзылып, құбылып көрген емес-ті. Кейін КИЖ шаруасында екі жас қыз ер-азаматтан бетер, санаулы жас қайраткер боп алды. Еңбекпен көзге ілінген кезде екеуінің сырластығы, тілеулестігі бұрынғыдан да асып, өсе түскен. Бертінде Сайлыбекке жар жолдас боп, асыл дос боларлық, қымбат жан Әсия жеңгесі. Әсиямен жалғыз ағасының қосылуына да үй іші кеңесінде себепші болған Қанипа еді.

Ерні жұқа, тұнжыраған қап-қара көзді, қызғылт, жылтыр, жылы реңді Қанипа Әсия сырын естігенде жылап жіберіп, жеңгесін құшақтай алған. Көгерген жүгі-жұқа еріндерінен қаны қашты. Қалтыраған қалпымен жұбату сөз айта алмады.

–Айтпағын, тегі-тегі! Айтпағын, сорлапсың ғой, Әсия! – деп, жеңгесінің қасынан бір тұрып кетіп еді.

Артынан бүк түскен қалпында қос иығы дірілдеп, оқ тиген балапандай зар еңіреп қалған Әсияға қайта ұмтылып кеп, тұрғызып алған. Жүзіне жүз қадап, өзінің де нұрлы қара көзінен ыстық жасын тыймай ағызып отырып:

–Қайтесің, қайғырғанда қаяққа барасың? Молтай болса, о да жоқ. Жәкем мен апама өзім айтайын, жасың тый, тегі! – деген. Алғаш ашылған Әсия сырын қатты бір сенделу, қоса күйзелумен қабыл алған.

Содан бері үш-төрт қана күн өтті. Әуелі Қанипадан Әсияның енесі Балжан естіп, бір күн, бір түн бойында ас іше алмай, бүк түсіп жатты. "Желім ұстады" деп Есіркептен жасырып, өзінің уайымымен көз жасын төккен.

Заты момын Балжан бар шерін жасына артып, Әсияға бір ауыз сөз қатпады. Бірақ әлденеден, келініне ұғымсыз себептен бұрынғысынан да мейірлі боп, асының алдын, нәрлісін ылғи соған ұсынады. Қабақ пен ішін танытып, Әсияға әншейіндегісінен әлдеқайда көбірек қамқорлық етеді.

–Тоңбасын, шаршамасын, аш болмасын! – деп, Қанипаға сыбырлап, қысқа-қысқа аналық қам айтады.

Бірақ, сонымен қатар, Әсияның ішін, от өзегін қарс айырып, тілгендей боп күндіз де, түнде де, өзін-өзі аңдамай, момын Балжан "аһ ұрып", күрсіне береді. Алдыңғы күн таңертең Есіркеп ақ шеке биені мініп жүрмек болды. Қыс қатайып келе жатқандықтан, мынау қалың қойға құм ішінен жұттан аман қалар өріс-қоныс, жай іздемек. Ері жүргелі тұрғанда Балжан тысқа шығып, қарт серігінің қасына жаяу еріп, көп жерге шейін ұзатып, бірталай сөз айтып жіберген. Мұны алыстан шолып жүріп, өзінің сырын ата-енесі сөз қып бара жатқанын Әсия да білген еді.

Әншейінде бір жаққа шығып, үйге қайтса, ең алдымен Әсияға амандасып, отар жайын, мал күйін, амандық хабарын тек қана Әсиядан үнемі айнымас, жылы шыраймен сұрайтын Есіркептің алдыңғы күн біліп кеткен ауыр уайым хабарынан соңғы келісі жаңағыдай болды. Әсияны қатты жат көріп, сыртқа теуіп, "құрып қалғыр" деп атағаны тегін емес. Есіркептің ішінде әлі тұнып, тыныштық тауып болмаған үлкен шердің толқыны жатыр. Соның ызғары Әсияның ұятты жүзін жаңа аяздай қарыды. Жас келін тыным ала алмай, қыстың ұзақ таңын дамылсыз сенделткен сергелдеңмен өткізді.

II

Есіркеп қайтқан соң, түн ортасына шейін жалғыз үйде шам сөнбеді. Қиын жайдан үй ішінің ауыр кеңесі болғанын Әсия қой шетінде жүріп аңғарған-ды. Таң ата үйге кіріп жатса да, Әсияның ұйқысы шала болған. Қалың көрпе астында күрсіне түсіп, Әсия оянғанда, Қанипа әлі қойға кеткен жоқ екен. Әкесі мен қыз арасында ұрыс тәрізді сөз бар еді. Екеуі де күбірлеп сөйлейді. Кейде шап кеудесінен ашулы сөз булыққан сыбырдай шығады. Қанипа әке ырқына көнбей, қарсы ұрсып:

– Кім қиналмай отыр? Осы үйде жас төкпеген біреу де жоқ. Әсияның бүгінде ішкені зар, қинама! – дейді.

– Қинама... Қинаған емес. Мені бұ қорлықты көргенше, бұл ұятпен ел бетіне қарай алмай жүргенше, жер жұтсын деп жүргем жоқ па?

– Не қыласың сонда?

– Кетем сендерден. Қаңғып кетем, тегі, жоғалтам көзімді.

– Ақылың мол әкесің. Бірдеңе таба ма десем, сөзің со ма?

– Ештеңе табарым жоқ. Өлімнен ұят күшті. Сендер қалыңдар. Қалғын бәрің сонда. Сайлыбектен айрылып та өлген жоқсың, тегі. Мен де қарамды өшірейін. Бұл өңірде тұрмайым.

– Тапқан екенсің! Малды қайтесің? Ақылды, сенімді шабан деп саған сеніп жіберген елді қайтесің? Бобровқа не бетіңді айтасың?! Досымсың деп кеше серт бермеп пе ең?

– Серт берсем, сендерге сеніп, Әсия екеуің серігім болады деп, соғысқа кеткен азаматымды, Сайлыбегімді жоқтатпайды деп бергем. Екеуің бірігіп ап, мені мұндай отқа салсаң, кәрі Есіркепте не қуат, не дәрмен қалушы еді? КИЖ-ге де, Бобровқа да жауапты екеуің өзің бергін. Мені досым десе, Бобров екеуіңді "туған қызым" деген. "Түнде күзет, күндіз бағымды екеуіңе сенбеп пе еді? Мені мұнда тұрсын десең, осылай етер ме едіңдер? Жақсы ит өлексесін көрсетпей өледі. Тегі, сол ит құрым болмаспын ба? Кетем сол! Әсияны қостасаң, қал осында қасында. Мен сендерге жоқпын!" – деп, шал өзінің өзгерместей байлауын қатты түйіп айтты. Әсияның аңғаруынша, тұрып кетіп бара жатқан сияқтанды. Осы кезде Қанипа ұмтылып барып әкесін ұстай алған тәрізденді. Бұл уақытқа шейін Балжанның үнін Әсия естіген жоқ еді. Қазір соның булығып жылап:

– Құдай-ау, не сұмдық! Ұстағын, жібермегін, Қанипа, сорлым. Ағадан бір, әкеден екі айрылдың ба?! – деген зарын естіді.

Осы кезде Әсия көрпесін ашып, жастықтан басын жұлып алды. Өмірінде бірінші рет атасына тік қарады. Жасқа толған қой көздерін Есіркепке қадап, жылап сөйледі:

– Жәке, Жәкетай, күнім ағатай! Сөзімді тыңдағын, Жәке! Сізді күйдірген мен ғой. Айыпты боған мен тұрғанда, сіз неге кетесіз? Кәрі басың қайда қаңғисың? Сіз кетпеңіз, ұятымды, айыбымды арқалап мен кетемін. Қайда кетсем де, көзіңізден жоғалайын. Қазір-ақ мен кетейін! – деп, атып тұрып, киіне бастады.

Қанипа біресе есік алдында аңырып тұрып қалған әкесін құшақтап, біресе ұмтылып Әсияны аймалайды. Екі арасында, күйік үстінде, жылдам жанған жалындай шалқиды.

– Жәке, Әсия, тыңдағын. Қойғын, тегі! – деп, сөз таба алмай екеуіне кезек жалынып тұрып, аяғында Әсияны құшақтай алды. Оны әке ашуынан өз денесімен тасалап, қорғағандай боп тұр. Жаңа бір қайрат тапқан, сұп-сұр болған жүзбен Есіркепке қарап:

– Жәке! Үйдің де, малдың да иесі сенсің. Бізге де ақылшы, пана сенсің. Сен кетем дегенің сөз болмайды. Шыныңды айтқын. Бұл сөзің "Әсия кетсін, онымен бірге тұрмаймын" дегенің ғой? – деп, қатты айқайлап жіберді. Әкесінің жүзіне зілменен қадалып тұрып:

– Солай дегін, айтқын шыныңды! – деп, ақырып қалды.

Есіркеп үн қатқан жоқ. Үй іші аз уақыт жым-жырт еді.

Тек өксіп жылаған үн Балжаннан ғана шығады. Қанипа әкесіне ұзақ қарап тұрып:

– Әсия кетсін дейді екенсің. Олай болса, мені де ұстамағын. Қазір қош айтысып, Әсиямен бірге мен де кетем. Қалғын! Екеуің жерің кеңісін. Үйіңе, малыңа не боп қалғын әне екеуің! – деді. Әсияға шұғыл бұрылып:

– Әсия, сен кетсең, мен сені жалғыз жібермеймін. Қаңғытпаймын қайғылы жалғыз басыңды. Сенің жарың майданға кетіп, жалғыз босаң, менің де күйеуім сонда кеткен, мен де жалғыз. Сенде түк жазық жоқ, жасыма. Бір тамшы жас ағызбағын. Мені қайда кетсең, ерте кеткін. Болды, қазір екеуміз де кетеміз, – деді.

Есіркеп енді қызыменен жауаптаспады. Көзін төмен салды да, бар денесін сілкінткендей қатты күрсініп алып, шұғыл бұрылып, шығып кетті. Балжан қызы мен келінін қоса құшақтап, аяғандай аймалап жүр.

– Қойғын, жандарым, қоя қойғын. Не деп тұрсың екеуің, тегі. Әкемен ұрыссаң да, сол сөз бе еді айтарың екеуіңнің?

Кетем деп шал қорқытады. Кетеміз деп екеуің үркітесің. Ол әкең болса, мен анаң екеуіңнің де. Менің не жазығым бар еді?! Біріңмен бірің ұрыссаң да, отқа салатының мен бе? Маған шал керек пе еді? Қарғам, ендігі қанатым екеуің керексің. Сөйлесе шал сөйледі, мен қайсыңды тілдедім? – деді. Жылап тұрған қызы менен келінінің беттерінен сүйгенде, екі жас әйел ұялғаннан қоса жылап, үн қата алмады. Жазығы жоқ адал ана мейірі мен күйігі бар. Дәрменсіз әлсіздігі тағы мәлім. Хал-қайратты екі жас әйелдің бар ашулы қуатын еріксіз жеңгендей.

Балжан сирек сөйлесе де, адамның ішін долбармен, зерек танығыш еді. Үнсіз тұрған Әсияның көгеріңкі жүзінен әзір ашудан басқа ешнәрсе түйе алмады. Бірақ өзінің қызы Қанипада Балжаннан алған мейірімділік мұрасы бардай, көңілшек еді. Соның қазір тез өзгергенін қарт ана анық таныды. Аңғарды да, енді қатқыл үнмен қызына әмір етті:

– Қой өріп кетті. Қасқыр араласпасын, сен сөзді қойғын да, шапшаң атыңа мініп, қойыңа барғын. Әсиямен өзім сөйлесем, алаң болмағын. Бар, малыңа бар! – деп, Қанипаны тез киіндіріп, қойына аттандырды.

Осы күн түс шағында, күпсек қар басқан төбенің үстінде, екі жас әйел оңаша сөйлесіп тұр еді. Әсия үйден отын іздей келген. Қанипа қойын алыс өрістен отарға қарай жақындатып келген екен. Қалқан құлақ, көк бастау келген ақ қойлар – осы отардың жаңа тұқым, асыл қойы. Сол қойлар әйелдер тұрған төбенің күнгей бетіне жабыса жайылып, тебіндеп жатыр.

Атынан түсіп, қоңыр биенің ауыздығын алып, ұзын шылбырмен оттатып тұрған Қанипа, бұл шақта Әсиямен ақырын сөйлеседі. Біріне-бірі сирек жауап берісіп тұрған халінде екі дос, екі құрбы әйел іштерімен ұғысқысы келеді. Әсия өзінің көп толғанған ойын айтады. Бірақ ол шарасыз.

– Жәкем тоқтаса, тыныштық тапса, мен сендерді тастап қайда кетем, өз әкем болғанмен, өгей шеше қолына табашыға барады екем, далаға қумас, қайда барсам еңбегіме жалынам, оларға масыл болмаспын, бірақ өзің білесің ғой, туған үйің одан да Жәкемнің үйі, сендердің қасың менің шын мекенім ғой, қимас бесігім, сенің үйің, осы өзімнің үйім, бабын өзің тап, Жәкем жатсың демесе, мен сендерден кетпеймін. Совхоз басшылығынан да, фермадан да қашықтамыз, мынау қойды, өкімет малын, майданда ер-азамат жүрсе, советтің мұндағы көзі ашық саналы жастары деп, сен екеумізге де сеніп, осы мынау алыс құмға жіберіп отыр. Бұны кімге шашып кетеміз? Оны ойласам, неге де болса шыдайын деп, сені тастап кетпеске тағы да бекіне түсем! – деді.

Қанипа оны жұбатпақ, тыныштамақ болады.

– Уайымды қойғын, тегі, тыңдамағым осы жауабың еді, Әсия. Алаң болмағын. Ендігі қалған сөздің бәрін өзіме бергін, – деді. Бірақ келешек екеуіне де мәлім емес. Бір кезек екі дос әйел алдағыны мезгілдің шешуіне бергендей болады. Күнгей бетте, шашырамай тығыз жанасып, жайылып жатқан қойларына қарасады.

– Бұ қойлар жазды күн емес, қысты күн жайылғанда да біріне бірі жабысып, тобын жазбай жүреді екен. Күн ыстықта бірін-бірі көлеңкелеп сүйте ме деуші едім. Қазақ қойынан осы ақ қойдың мінезінің бәрі бөлек екен, тегі! – деді Әсия.

Ол қойды түнде күзеткені болмаса, күндізгі өрістегі жайылысын Қанипадан азырақ білетін. Қанипа болса, осы құм ішіне тақаған жайылыстардың бәрінде ақ қойлар мінезін әр түрлі жағынан бақылайтын. Бірақ жаңағы Әсиядай қысқы-жазғы мінездерін қорытқан жоқ еді.

– Рас айтасың, тегі, қазақ қойын бағудан осы қойды жаюдың бір оңайы бар. Бұлар тіптен шашылмай жайылады. Қасқырдан сақтау да оңай. Тек изені бар жерге жеткізсең болды. Қатар тұрып жабысады да қалады. Бір жердің шөбін тақыр тауысқанша жүгіріп жортпайды. Жалғыз-ақ бір күн жайылған сай, төбеге тек екінші күн жаюға болмайды. Бір күн жайылса, тап-тақыр құртып кетеді. Бұның осындай да мінезі бар. Бобров келгенде ақ қойдың осындай мінез тауып алғанын айтам деп жүрмін, – деді.

Қой турасында, әсіресе осы отардың биылғы құмға көшу бағытымен байланысты жайларды бұл екі әйел, тату күндерде. Есіркеппен де қоса мал мінезін бұлжытпай танығыш, аса терең ғылым адамынша танығыш, байқағыш Есіркеп екі серігіне ақ қойлар туралы көп-көп сөздер сөйлейтін. Өзінің болжалын да көп айтатын. Әсіресе, үшеуіне күн-түн естен шықпас бір міндет ерекше мәлім болатын.

Қой тұқымын тәжірибелі ғылым зерттеуі бойынша асылдандырып келе жатқан осы совхоз өзге көп жылдардағы тәжірибесін КИЖ биыл дәл осы қойлар арқылы өздеріне жат жаңа, сонымен бірге батыл бір іске шыққан. Ақ қойлар биылғы жыл осы құмға текке келе жатқан жоқ. Ғылым үшін аса құнды болатын сыннан өтпек. Халық шаруасы үшін де бағасы ерекше зор сыннан өткелі келеді.

Ақ қойдың атасы – жүнді тұқым. Шешесі – қазақ қойы. Солардың бірнеше рет қоздап өткен нәсілінен құбылып, өзгеріп кеп қалыптанған бір буын - осы. Оны бағу совхоз ішіндегі ең ақылды, қайратты және адалдық бейілі күшті қартаң шабан Есіркепке және Әсия, Қанипаға тапсырылған болатын.

Жүні әбден асылданған, бойы қазақ қойынан ересек, еті мол, ақ қойды білетін бір КИЖ-дің мал мамандары емес, Алматыдағы мал тұқымын зерттейтін зор ғылымдық орындардың бәріне мәлім. Сондағы атақты үлкен білімпаздардың ғылымдық зерттеуімен, тұқым ауыстыру тәжірибесімен дүниеге келген болатын. КИЖ көп жылдан бері, көп тұқымды қойларды арлы-берлі алмастырып көрді. Алыс Американың "рамбульесі", Англияның "прекосы", Батыс Европаның "вюртембергі", ыстық шығыстың – "гиссары", "саргиджасы" Ұзын Қарғалының топырағын татқалы талай заман. Солар Қазақстанның құм шөлі мен асқар Алатауында, үскірік аязды қыс, Сарыарқасында тұқым тегімен өрбіп, өсіп жүрген "еділбайлар", "шу" қойларымен әлденеше рет айқыш-ұйқыш қан қосты. Тұқым араластырып,туысып көрген. Осы ұзақ тәжірибелердің әрі ісшіл, зерделі, әрі ізденгіш, білгірі Бобров бір Алматының алабында дәл Ұзын Қарғалының бір өзінің бойында он үш түрлі жаңа тұқым, қой тұқымы жаңа нәсілді дүниеге келтірген болатын.

Сол көп тұқымның ішіндегі ең бір кенже тұқым – ақ қойлар. Бұрынғылардан бұлардың бар сапасы өзгерек, ыстық тұқым, қымбат нәсіл осы болар делінетін. Бұның Бобровты және оның өзге он үш тұқымды тәжірибемен өсіруінде халықтың көп ғасырлық даналығы мен білгірлік, қырағылығын зерделі ғалымдық көмекке әкелген Есіркеп қартты енді соңғы рет сынға салып жүрген бір жайы бар. Онысы – осы қойдың қысқы тебінге шыдамдылығы жөнінде. Тау жайлауда қай қой болса да, шыбынсыз жазда, салқын белде семіре алады. Бірақ қазақ сахарасының иен дүние, кең - байтағы өзгені күтеді. Миллиондаған мал бесігі боларлық құм менен далада қатты қыс бар. Сонда өз аяғымен күн көріп, жайылыспен шығатын шыдамды, көнбіс тұқым керек. Барлық жаңа тұқым қойдың барып тұрған ауыр сыны, ең зор бәйгесі осында. Жаңа тұқым қойларды өсіріп жатқан Қарғалының совхозына, оның тәжірибелі білімпазы Бобровқа, Есіркептей қарт данасына Алматының астана басшы орындарының Жер Комиссариаты, жоспарлау орындары артқан ең зор міндет, аса қиын сын осында. Өзге бар белгісі барлық бұрынғы "аға" тұқымдардан асып тұрған кенже нәсіл ақ қойлар өздерінің биылғы күйімен шын сырын айтады. Дәл осы қыстың аяғында бүкіл Қазақстан алдында, қала берсе бүкіл Одақтық халық шаруасын меңгеретін зор орындар алдында Бобров пен Есіркепті сынға салмақ.

Дүние жүзіндегі әзіргі барлық саны биыл көктемдегі жас нәсілден бір мыңға ең алғаш қана толған ақ қойлар, қазір теп-тегіс бір атаның ұлы есепті. Осы Қанипа мен Әсияның алдындағы жайылып жатқан сол отар болатын.

Осы отар құмға қарай көшкелі биылғы қыс шырайы өзге жылдардан өзгеше жаман боп тұр. Қатты қысылып кетсе, үйіп қойған маяларға, әр алуан жемге сүйенетін КИЖ фермелері ұзақта, алыста қалды. Жұма сайын Алатаудан аса соққан ызғарлы желмен қоса түскен қарлы қыс, қоймен қосып, Есіркептің отарын құмға қарай, алыс елсізге қарай ықсырып, қысып, өкшелеп келеді. Осы кездің өзінде, декабрьдің аяқ шағында Әсия, Қанипалар Сартау құмның шетіне келіп қап отыр. Қарсыз болады деген құм, биыл олай болмай тұр. Әлі болса қыстың январь, февральдай анық қорқынышты, кем қойғанда табан екі айы алда тұр. Үй ішінің еткен түндегі құйындай, құмның қысқы суық құйынындай қатты соғып өткен қайғылы халы бір сәрі болса, шаруа мұңы мен қысылшаңы осындайлық. Оның өзі де өрескел ауыр күйге соққалы келе жатыр еді.

Әңгіменің зоры, бұрынғы қазақ қойындай болып, ақ қойлар қатты қыста, құм ішіне ұзақтап батып кетіп, өлмей шыға ала ма? Жұтқа қарсы алыса ала ма және соның бәрінің үстіне ақ қойлар қыс бойы не көрсе де азып-жүдеп, індетке ұшырамай ма? Көк жасық боп, не көктемде жемтік боп, құм арасын аппақ сүйек қып толтырмай ма? Және де осының бәрінің үстіне, қыс бойы не көрсе де, ішін сақтап шығып, көктемде күйлі шығып, жақсы қоздап бере ала ма? Міні, ақ қойлардың сапасы арқылы, Есіркеп бастаған екі жас әйелдің және олардың артында тұрған Бобровтың өтетін сыны осындай.

Кешелер, соңғы екі күн бойында, үй ішіндегі уайымын, ішкі жарасын елемей, екі күн, екі түн бойы елсіз құмға жалғыз кетіп, белгісіз бейнеттер шегіп қайтқан Есіркептің оқшау жүрісі де осы күйден туған. Мынау отырған Қаройдың шегіндегі Қанбұлаққа қар осылайша түсіп қалған соң, әлі жыл мойыны ұзақ боп тұрғанда отар қарлы қоныстарда не күйге соғарын білмей, Есіркеп қатты қиналғандай болатын. Малының күйлі кезінде құм жақсы болса, соған ілініп алмаса болмайды. Мына қалыпта, қыс қатайып, қар қалыңдай берсе, ақ қойлар не фермеде жоқ, не құмда жоқ боп, екі арада қайранға соққан кемедей дағдарыста отырып қырылуға мүмкін. Сондықтан Есіркеп қалың құм құйқасын өз көзімен барлап-шарлап келген-ді.

Екі жас әйел еңбек өмірлеріне өздерінің Бобров, Есіркеппен бірге қосылып, совхоз басшылығына осыдан бір ай бұрын айырыла көшерде берген серттерін ұмытпаған-ды. Түн күзетте тыным алмай, құмның қомағай көкжал бөрісінен ақ қойларды қорғап, Әсия тыным таппайды. Күндіз болса, әкесі айтқан төбе, сайларға қойларын үнемі жылжытып аударып салып, үлкен қамқорлық оймен бар қойына жақсылық қана ойлап, Қанипа тыныштық таппайды.

Екеуінің жаңағы бір кезде қойға ауысқан әңгімесі, әншейінде бұл туралы көп сөйленбейтін бір жайға соқты. Ақ қойлардың өзгешелігін, барлық өзге он үш тұқымнан басқалығын, әсіресе сол басқалық мына құмға кіргелі жас әйелдерге және Есіркепке де таң қалдырғандай және де көңілдерін жұбатқандай, бөтенше екенін Қанипа айтады. Сүйте тұрып:

– Қозысынан қолымызда туды-ау, Әсия, бірнеше жылдағы екеуміздің ер-азамат кеткелі сарп еткен еңбегіміз, талабымыз, күйбең мен сүйсінгеніміз бәрі осылардың үстінде бопты-ау. Биылғы қыста осылар жұтап қырылып қалса, еңбегің еш, тұзың сор деген сол болар еді-ау, – деді.

Қанипаның мұны айтқаны, бір жағынан, Әсияға ой салу болатын. Әсияның жауапты ой ойлайтын, азаматтық санасы бар. Қанша қиналса да, кейде өзінің бас уайымын жұмыс үшін құрбан ете алады. Оны осы соңғы үш-төрт жыл бойында, әсіресе дәл осы ақ қойларды Есіркеп үйі өз жауаптылығына алғалы Әсия қыс та, жаз да, күндіз де, түнде де боран-шашында, дауыл-жауында, елсіз-күнсізде, нелер ер - азаматқа сын болатын нелер қатты қысталаңда Әсия көрсеткен, танытқан болатын. Осы жайларды ойлаған Қанипа, қазір Әсияның атасымен ұрысқан, ренжіскен бас уайымын сөз қылудан ауысып, әңгімені мал шаруаның міндеті мен жауаптылығына әдейі ауыстырып, оны және Әсияның малға жаны ашитын зор саналы мінезіне әсер ететіндей ғып айтып тұр.

Қанипа сөзінің түп мақсатын күнде сыр мінез боп жүрген жас дос әйел Әсия жақсы аңғарды. Ендігі бір аз сөзді сол жаққа өзі бұрды.

– Өлімнен ұят күшті дейді. Менің ұятым екеу боп түр ғой. Бір жағы, Жәкемді өкпелеткен ұятым, бірақ оны ғана ойлап, сол ұяттан қашып, бір жаққа, көз көрмес, құлақ есітпеске кетсем болар еді. Бірақ осы мал, осы қойларды қайтем? Екеуміз бес жыл бойы, өзіміз тудырып өсіріп келе жатқан осы малдың бәрі шұбырып шулап, мені қарғап қалатын сияқты. Азаматтан бетер қайрат етеді деп, сеніп жіберген жұрт қайда? Одан көретін ұятымнан да өлгенім тағы артық сияқты. Білмеймін, білмей тұрмын. Қайтерімді білмей тұрмын... Жәкем екеуміз енді, тегі, бір үйде сыйысып тұра алар ма екеміз. Бәрінен шатағы осы боп тұр ғой. Жә, мен үйге отын жеткізейін, – деп, әңгімесінің аяғын оқыс бітіріп, жүруге айналды.

Ұзын жүні бозғыл тартқан, екі бүйірі күптей боп қампиған сүр есек, көптен бері Әсияны тосып тұрған. Үстіне теңделген мол отын – сүткен бар. Бұл өңірдің құмға жақындаған уақыттағы немесе қыстайғы жағатын отыны. Әсия есегін айдап, ауылға қарай жүріп кетті.

Қанипа Әсияны тоқтатқан жоқ. Оның сөзіне аз да болса, жаңа сөз қосқан жоқ. Қанипаның үндемеген себебі, оңашада бұл уайымдай ойлап жүрген бірталайын және ең қиыны, ең ауыры Әсияның өзі түгел ойлап, мұң қылып жүр екен. Есіркеппен ренжісуде Әсия жастығымен, ұятпен, ызамен сыңар жақ ойлап кете ме деп еді Қанипа. Жаңағы Әсия сөзі олай емес екенін білдірген соң, бұл әдейі үндемей, іркіліп қалған.

Қанипа осы бетімен күні бойы қой ішінде болды. Әкесінің айтуы бойынша және көп күннен бері өзінің де тәжірибесі бойынша қойларды жылжытып айдап, бір жайылыстан екінші жайылысқа ауыстырмауға тырысады. Шөп бар болса, қойлардың өзі де жылжымайтын сияқты. Бірақ түстен бері Қанипаның мазасызданып ойлаған бір жайы бар. Қойдың бір күнгі жайылысына изені жетеді деген екі-үш тебе, мынау қойлардың жарым күн-ақ тебіндеуіне жарады. Изен мен "еркек" дейтін шөптерді жиі жайылған қой тауысып қойды. Енді Қанипа аңғарып тұрса, бұның жем іздеген үлкенді-кішілі ақ қойлары қардың астын жылдам жүріп тебіндеп жүр. Бірақ жем табылмайды. Бұрынғы құмнан қашан Қанбұлақ, Жылыбұлақ сияқты қоныстарда қойдың сүйіп жейтін жусаны мен шағыры бұл арада болар-болмас, сирек қылтанақ боп зорға кездеседі. Көп жерлерін шөптен көрі көп басып, құм алған төбелер енді қойларды ашықтыратындай. Оның үстіне, соңғы бір жұманың бойында бүл араның қары екі-үш рет жауып, қалыңдап барады. Ол қардың астынан өзінің өсімдігі аз құмда қойлардың нәр іздеп табуы тағы да қиындап кеткен. Жаңа қасында тұрған Әсияға осы жайылыс нашарлығымен байланысты туған өзінің күдікті ойын айтпай қалса, Қанипа қазір қалың қойдың арасына кіріп, қабағын түйіп, күдігімен тамсанып қойып, шарасыздық халін білдіреді. Көп қойлар қылтанақ таба алмай енді жүргіштеп, жылжығыш боп кетті. Бірақ бұл төбені тастап, екінші құм төбеге қарай қойлар шұбырып жүргенмен, Қанипа алдына түсіп, желіп жүріп, маңайдағы екі-үш төбені озып барып шолып шығып еді. Онда да қалың қой тым құрса бүгінгі кешке шейін талшық ететін жайылысты көре алмады. Қоралы қойының кем қойғанда қақ жарымы бұл төбелерден де қорек ала алатын емес.

Кеше құмға барып қайтқан Есіргептің бүл қоныстан кетіп, көшіп баратын жай іздеуінің өзі де соңғы күндер даладағы жайылыстан қойын алып қайтқан сайын, Қанипа айтып келетін осы бүгінгідей шаруаға күйсіз, жайсыз хабардан туған жүріс еді.

Қой ішінде Қанипа осындай отар күйімен күйзеліп жүргенде, Есіргептің үйінде дәл осы мал күйі туралы, тағы бір кеңес болып отыр. Бүгін таңертең Есіргептің отарына екі жолаушы келген. Оның бірі – бұл отардың қысқы-жазғы қамқоры профессор Бобров. Екіншісі – КИЖ-дің зоотехнигі, мал маманы, қазақ жігіті Айдаров Асан.

Ақ қойлардың нәсілі дүниеге келуге ғылым жолымен және тәжірибе, еңбек пен қайрат сіңіріп келе жатқан осы үш-төрт адам болатын. Бастаушы ой Бобровтікі. Соны қостап, оқымысты ғалымның нүсқауымен қысы-жазы еңбек ететін Асан мен Есіргептер.

Осыдан екі ай бүрын Бобров дәл осы үйде ұзақ күндер еңбек кешірген. Отардың тұқым беретін түсақ, саулықтарын октябрь аяғында бөлгізіп алган. Өз көзімен басқарып, өзге серіктері соның нұсқағанын істеп, қойларды апрель басында қоздайтын етіп, ұрық септірген. Бүл шаруа бұрынғы қазақ даласындағы сахаралық тәжірибемен күйек байлап, күйек алып жүрмейді. Қоздарлық қойға болашақ қозының ұрыгы түтікпен егіледі. Сол келген жолында Бобров Есіргепке "осы қыста құм ішіне кетсең де, артыңнан жетемін" деп, бір уәде берген. Ақ қойлардың қыстың құмында қандайлық қайрат, төзімділік көрсете алатынын өзі де бақыламақ еді. Бобров пен Есіргеп бірін-бірі көптен біледі. Екеуінің еңбектері аралас болудың үстіне, жастары да шамалас. Бобров қазақтың тілін үйренгелі көп жылдар болған. Осы Есіргептей көп шабандармен жақсы араласу арқылы білген. Шабандармен жазы-қысы бірге жатып, бірге тұрып, мейлінше сырлас еді. Барлық жайдан еркін әңгімелесу арқылы қазақ өмірін де жақсы білген адам. Есіргептің үй ішіне Бобров аса жақын, жақсы дос. Қамқор әке, аға есепті боп кеткен. Бобровтың бұл жолы асығыстау келген жайы бар. Алатау алабына биыл қар қалың түсті. Қыс ерте қатайып бара жатыр, сол асықтырды. Жолаушы қонақтар келгенде, кешегі ұзақ жүрістен қажып келген Есіргеп, қоңыр үйінің ішінде жылы бүркеніп, тыным алып ұйықтап жатыр еді. Қанипа қойда, Әсия

отынға кеткен. Үй ішінде ояу кісі Балжан кешеден қалған шақты отын, теріскенмен, Есіргеп оянса деп, үй ортасына қағыстырып от жағып, сары самауырынға оқта-текте шоқ салып, қыздыра түседі. Кейде ақырын ғана күрсініп, Есіргептің оянғанын тосып отыр еді. Сақ ұйыктайтын қартаң шабан Бобровтардың үй сыртына кеп түскелі жатқан ат дүбірінен оянды. Балжанға:

– Шығып білші, көп аттылар ма келген. Кім болды екен? Әлде Бобров емес пе екен? – деген еді.

Бобровтар үйге кіріп амандасқанда, Есіргеп тез тұрып, киіне бастады. От басында қолдарын жылытып, беттерін уқалай жылына түскен қонақтарының қасына кеп, қатар отырды.

– Үй жанына келгенде аттың дүбірі көп еді, келген екеу-ақпысың? Әлде өзгелерің де бар ма? – деген еді.

Бобров Есіргептің байқағыштыгына сүйсініп, таңырқай түсіп, күлді де:

– Есіргеп, сен үйықтап жатсаң да, құлағың естіп жатады. Бүл жерге қанша ат келді? Қанша аттың тұяғын санадың? Осыны айтшы! – деді. Бобровтың мезгілімен келгеніне қуанып қалған Есіргеп әңгімеге, әзілге өзі де әзір екен.

– Мені қойдан басқаны аңламайды, санай білмейді дейсің бе? – деп, қонақтарын күлдіре түсті.

– Аттарыңды мен айтайын. Келген кісің екеу болса, жетегің бар. Оның бір-бірден болу керек. Төрт ат үй жанына келген емес пе?! Айтқын, таптым ба, жоқ па? – деді.

Асан, жас оқыган жігіт шалдың білгірлігіне таңданып, күліп жіберді. Бобров әзіл етіп:

– Сен мына керегенің арасынан көріп, санап алып айтасың! – деді.

Есіргептің тапқанын, дәл айтқанын теріске шығарған жоқ. Есіргеп тағы да мысқылдап:

– Е, іргеден қарап мен қыз ба, келін бе?! Аттың дүбірін айыра алмасам, мен малда нағып жүрейін! – деді.

Бобров енді шынға көшті.

– Күздігүні сен "биыл қыс жаман болады. Құмға кететін болсам, ең керегі ат болады. Мықты, семіз аттар құм ішінде жер қарауға, қоныс көруге керек болады" – деген емес пең? Саған екі семіз ат әкелдік, – деді.

Осыдан соң Балжан жасап, баппен құйған қою шайды үй іші асықпай ұзақ іше отырып, шаруаның қамына кетті. Есіргеп "Алатау бөктерінде де қыс қатты ма?" – деп сұрап еді. "Бұ жақта қардың қалың, қыстың қатты екенін қайдан білдің?" – деп Бобровтан сұрап еді. Бұның оқымысты қонағы биылғы қыс туралы екі түрлі белгіні айтты. Біреуі – Есіргептің өзі күздігүні айтқан, күн райына қарап айтқан тәжірибе. Және Алматының ескі қарт бақташылары айтатын тәжірибе болатын. Биылғы қыстың қарлы, суық, үзақ болатынын Алматы менен оның атырабында көп жүретін Бобров жиі еститін. Соған қосып ол, Есіргепке екінші деректі тағы айтты. Бұнысына Есіргеп аз сеніп, аз ілтипат жасаса да, Бобров әсіресе даусыз сенетінін білдірді. Қыстың бұл өңірде биыл қарлы, суық, ұзақ болатыны туралы күн райын бағатын институт пен станциялар долбар айтады екен.

Бобров ақ қойларының қамын отарға келгенде ғана ойлап қоймайды. Алматыдаөзінің кабинетінде, ғылым институтында және Жер Наркоматында да үнемі ойлай жүретін Бобров, күз басынан-ақ биылгы ақ қойлар үшін ең алғашқы қатал сын болатын құмның қысы туралы ұдайы сұрақ салып жүруші еді. Есіргепке қыс жаманатын айтумен қатар, Асан екеуі малдың мүндағы күйін сүрай бастады.

Шайды Есіргеп пен Балжан әрдайым ұзақ ішетін. Бұлар үйіне келгенде қазақпен қазақ боп, шабанмен шабан боп кететін Бобров, Есіргеппен жарысқандай боп, шайды сағат бойы ішуге бар еді. Қазірде екі дос сол шайды ұзақ сілтеп, әңгімеде отыр. Есіргеп отардың қысылып отырған жайын мэлім етті.

Қазіргі бұл отардың отырған жері құмның дәл өзі емес, құм менен даланың дәл жапсарласқан тұсы. Бұл араны Қарашеңгел дейді. Қыстыгүні де қатпай жататын, қайнар бұлағы бар. Есіргеп қыс қарсыз болса, құмға мал бара алмайды, онда су жоқ деп, осы соңғы суға арқасын тіреп, тым құрса қыстың ортасына шейін осы қоныста болмақ екен. Өйткені бұл жерде дада жағында даланың жақсы шөбі, әсіресе қой сүйетін шөбі – жусан мен шағыр бар. Екінші жағы құм болса, онда құмның жалғыз асыл шөбі – изен мен еркек бар. Қар қалыңдағанша қоныс та жақсы, мал да күйлі еді. Ақ қой бұл өңірге өмірде алғаш келгені осы болса да, дәл осы айдың ортасына шейін семірумен келген екен. Енді міні, қар түсті де, өріс қысқарып қалды. Қойды алыс өріске апарып, жаюға болмай қалды. Енді күн-күн сайын шұбырынды болған және желініп қойған тақырдың арасында қап, жүдеп барады. Қыс қысып кетті. Құмға көшпей айла жоқ. Оны Есіргеп шолып келді. Осы жайын бір айтып, құмға көшу өзінен-өзі даусыз ашық түрғанын білдірді. Бобров құмға барса, ат көліктің сай болуы қамтамасыз етілгенін айтып, үй ішінің азық жайын, ұн- шайдан кемтар емес екенін және сұрастырып, осы өз азаматындай боп білгісі келген. Шай құйып отырган Балжанға қарап:

– Құмға көшсе, отар алысқа кетеді. Балжанның шайы мен ұны көп пе? Шайсыз боп басы ауырмай ма? – деп еді. Балжан күлді де:

– Шайды уайым қылмаймын, Боброп. Уайым боса, өзгесі болады гой. Өзімізге жететін ұн-шай бар! – деді.

Бобров тағы қалжындап:

– Шай болса уайым да жоқ. Қазақша "шай болса – көңіл жай" деп айтатын бар ғой. Құмга көшуге Балжан әзір! – деді.

Есіргеп болса, әңгімені әзілдеп ауыстырып, өзіне, үй ішіне соңғы ауыр тиген үй ішінің уайымына көшті.

– Әй, Бобров-ай, құм біздің бала күннен үйренген құм емес пе? Оган барудан қорқатын Балжан жоқ қой. Бірақ бүгін мен қатты уайымдамын... Қыстыгүні, жаздыгүні босын, осындай ойда жоқта сен келгенде, өзімнің туған інім келгендей қуанып қалатыным бар ғой, тегі. Сонымен күліп отырмын. Жаз келсең біз айран, шай-шалап ішсек, оны бірге ішіп, туысқан боп кеткесін. Жаман үйімізде етегің төсек, жеңің жастық боп жантая кетіп, өзімізше жатып-тұруың бар. Соныңа қарап, сенің Алматыда, қала берсе Қазақстанда дәу атың барын, шоң оқымысты екеніңді ұмытып, еркімізбен сырласа береміз, – деді. Ақылды, шешен кісінің, үлкен бір сыр айтардағы саналы толғауын толғап алды.

Бобров күрең шайды әлі сілтеп отырып, қасқа маңдайымен әжімді, қызыл сары жүзіне шыққан терді таза орамалымен сүртіп отырып, қырықпа қой терісінен істелген құлақшынын маңдайына шалқайта киіп, Есіргепке таңдана қарады. Жүнін сыртына қаратып тіккен қырықпа қара қойдың терісінен істелген ұзынша тонын шеше түсіп, иығына ғана жамылып алды. Есіргептің әр кезде Бобровқа сыр айта беретіні болатын-ды. Осы екі қарт шалы мен кемпірі майданға кетіп, хабарсыз жоғалған баласы Сайлыбек туралы ауыр мұңдарын айтқанда, іштегі шерлерін, кейде қазаққа айтпайтын шерлерін осы Бобровқа айтып, жылайтын да кештері болған.

Қазірде "Есіргеп уайымы бар" дегенде, Бобров сол Сайлыбек жайы болды ма деп, тың хабар шықты ма деп, ойлап қалған болатын. Тегі, қайғылы ата-аналарды майданға кеткен баласы туралы жұбататын сөзді Бобров жұрттың бәрінен көп айтатын, ол аса көп мысалдармен осы соғыстың кей кезінде жоқ болып кеткен, тіпті өлді деп қаралы қағазы келген талай адамның тірі болғанын үнемі айтып отырушы еді. Қанипа мен Әсия Сайлыбектің өлгені даусыз екенін бұл үйдің ішінде, сол екеуден екеу болып қана дәл білетін. Мынау қарттардан Сайлыбектің олімі даусыз шын болғандығын екі жас әйел де жасыратын. Айнала көрші-қоланда КИЖ-дің үлкенді-кішілі қызметкерлері де Есіргептер көзінше ол жайды ауызға алмайтын. "Айтпаңдар, қайғысын қатайта беріп керек емес" деген сөзді кейбір адамдарға, әсіресе Қанипа мен Әсияға Бобров өзі айтқан-ды.

Қазір Бобров көңілі күпті қарттар сол Сайлыбек жөніндегі ауыр шындықты естіген болар деп ойлап еді. Есіргеп болса, Бобровпен сырластық бойынша, одан ештеңе жасырмауға бекінген соң, қасындағы таза, мінезді жігіт Асаннан да именіп, іркілген жоқ.

Ендігі айтылған сыр, уайым Бобровқа да, Асанға да ойда жоқ оқшау, тосын хабар болды. Рас, Бобров Есіргепті жақсы білгенмен, олардың, барлық шабан атаулының тұрмысын, тілін, сыртқы өмірдегі әдет-жайын да жете танығанмен де, дәл мынандай күйдің үстінде не сөз айтуы керек. Бір үйдің ішкі өмірдегі аса қиын ішкі сырына қалай араласудың бабын таба алмады. Қысылғаннан қызарып, терши түсіп, көп үндемей отырды. Тек бірталайдан соң ғана өзінің не істеуіне керек екенін аңғарды. Жай өмірдегі турашыл, оқымысты, әділ адамның көлденеңнен айтатын қалыстық пікірін айтуды дұрыс деп білді. Сондықтан қысқарақ қайырып:

– Есіргеп, сендерге мен не айтамын. Бұл айтуға қиын жұмыс. Кайғырған сенікі де дұрыс. Ол да әлі өмір сүрмеген жас адам. Әсия жаман адам емес, білесіңдер. Оның бір ғана жазығы бар, онысы жас болғаны. Бірақ оған не айла бар? – деп, басын шайқап, тағы да қысылды. Тершіп отырып, бұндайда ешкімге жаман ойламайтын ақ көңілді, оқымысты, таза тәрбиелі адамның дағдылы бір адамгершілік сақтығын айтты:

– Ойлау керек! Есіргеп, Балжан! Сендер әке-шеше, сендерде ақыл бар. Өмірді білесіңдер. Араз болу оңай, адамды жазалау оңай. Бірақ көп-көп ойлану керек! – деп тоқтады.

Есіргептің әлі не істеп, қалай шешері мәлім емес, оның Бобров пен Асанды, таңертең Қанипаны сескендіргендей бір ауыр сөзі бар: "Бұл келін баламның әруағын қорлады. Менің қарт басымды жұрт көзінде жер қылып, жаман ұятқа қалдырды. Енді ол менің үйімде қалай тұрады? Ол тұрса, оның бойындағы арамнан біткен ұрпақты көріп, мен қайтіп бұл үйде тұрамын? Екеуміз екі айрылу керек. Ал, ол кетсе, мына қыстың ішінде мұншалық малды қайтем? Балшықтан кісі жасай алмай отырғанда, бұл отарды қайтіп сақтаймын. Құмға көшу керек. Бұл жерде енді бір жұма отырса, қойдың алды ашығып, бұрала бастайды. Жыл мойыны тақамай тұрып, малға жұтты шақырған деген соның дәл өзі болады. Ал, құмға көшсең, оның қасқыры да қатты. Кейде суық дауылы да болады. Түн күзеті Әсия қолында болғанда қысы-жазы уайымым жоқ еді. Енді міні, кісім де жоқ, басқа күшім тағы жоқ болғалы отыр. Екеуің жақсы кепсің. Бірақ мен жаман боп отырыппын. Уайым деген осы. Малда жай жоқ, адамда күй жоқ. Дағдарып отырғаным мынау. Бірақ не болса да, бұл келін енді менімен тұрмақ жол емес деп отырмын", – деген.

Жаңағы қысқа сөзінде Бобровтың Әсия мен Есіргеп арасын татуластырғандай боп, Әсияның жайын ұғу керек дегенді емеурін етіп сөйлеуінде Есіргептің осы айтқан сөзінің үлкен себебі болған. Бобров, бір жағынан, Есіргептей қарт адамның өзінше қыңыр ұғымын толық түсінеді. Екіншіден, Әсияның жайын да ұғады. Ол өмірде әр уақыт болатын хал талай мінсіз, жақсы адамның да басынан кешетін жай екенін аңғарады. Мал жәйін, отардың күйін Бобровтың өзі басқаратын, адамдар мен отар мұңын, биылғы қыстың қатерін еске алса, үміт қылған ең жақсы жаңа тұқым – ақ қойдың жәйін еске алса, ол бұның өзін де қатты қинайды. Неғыларды білмей, aшy, намыспен Есіргеп толғанды. Енді не қыларды білмей, өзінің ғылымдық үлкен тәжірибесі үшін, жауапты ойды шеше алмай, Бобров та қатты сергелдеңге түсті. Шай ішуі тоқталып, үнсіз томсарып, папирос артынан папирос тартып, түтінін бұрқылдатып, ойланып қалды.

Осы кезде отынын алып Әсия да жеткен еді. Қонақтар онымен шолақ қана амандасты. Үй ішінде барлық сөз үзіліп, жым-жырт болысты. Тек Балжан ғана сыртқа шығып, Әсияның отынын түсіріп жүр. Өзіне:

– Тоңдың ғой, балам, отыршы, жылыншы. Күндіз ұйқың да шала болды, тыным алмадың ғой. Ac ішіп, жылы бүркеніп жатып, көзіңнің шырымын алшы, – дейді. Дағдылы адал, момын бейілімен келінінің қамын жейді.

Әсия келіп, үй ішінің сөзі тыйылған соң, Асан Есіркеп пен Бобровқа жаңа бір ұсыныс айтты:

– Қойдың жайылысы қалай екен? Күйі қалай? Далада жүргенде барып көзбен көріп, аңғарсақ қайтеді? – деген.

Осы сөзді Бобров тез қостады да, екеуі қастарына Есіркепті ертіп, атқа мініп, өрістегі Қанипаның қойына қарай кетті.

III

Есіркепке Бобровтар әкелген екі семіз аттың біреуі ұзын, сұлу келген тор төбел ат еді. КИЖ-дің жылқысындағы жақсы аттың барлығын құлын, тайынан түгел білетін Есіркеп тор төбел аттың келгеніне әсіресе ырза болды. Қазір қойға қарай жүргенде соны ерттеп мінген. Жаз бойы құр жүрген тор төбел жаңа ғана тоқым салынып, Есіркеп міне жөнелгенде пысқырып, үркектеп, ауыл тұсынан ығыса шықты. Бірақ аздан соң - ақ өзінің дағдылы жылпос аяңына түсіп, қасындағы екі атты аяң жорғасымен бүлкектетіп келеді. Есіркеп қамқорлығына отар қамын ойлап, екі бірдей құр атты Бобровтың өзі жетелеп әкелгеніне сүйсінгенін айтты.

– КИЖ жылқысының ішінде бәйге болса осыдан шығады деуші ем. Әкесі – Орлик, шешесі – Адай биесі. Бұл биыл алтыға шығады, әлі жас қой. Мініп алсаң, тақымыңды қуантады. Биылғы қысқа бұны маған серік қып бергенің ақыл бопты, Бобров! – деген еді.

Бобровтың өзі де тек қой ғана емес, КИЖ-дің бар жылқысын да білетін. Ат үсті жүріске осы өңірдің құм қыстап, тау жайлап жүрген қартаң қазағының ешқайсысынан кем емес. Аса мықты болатын. Оның бір мінезі: жаздыгүні де, қыстыгүні де өзі жүріп, көріп таңдап алатын ылғи қазақы аттарды таңдап мінетін. Қазір де бұның астындағы төртбақ келген қазақы мес қоңыр ат еді. Ол тор төбел емес, өз атын мақтады:

– Мен Орликтің де, Вальфастың да балаларын алыс жолға мінбеймін. Маған бәрінен де осы қоңыр ат өзі жақсы. Жарыссам да, сенің мақтаған тор төбеліңнен осы атым өзі озады! – деді.

Есіркеп оны әзіл ғып күле түсіп:

– Бобров, сен анау меринос қойыңның рамбулье, өртембер, прекосің бар ғой, соған сынақшысың. Ал, тегі, ат жөнінде мен саған неғып көнейін. Осы төр төбелді түбінде бір бәйгеден келтірмесем, сонда көрерсің. Биыл маған төр төбелді әкеп бергенің, тегі, ақыл болды. Баптап мінем. КИЖ-де болса әркім бір шапқылап қор қылады. Көктемге күтіп бір шығарайын. Өзіңнің көз алдында бәйгеден бір келтіріп берейін. Ат сынақшы екенімді сонда танырсың, – деді.

Қой ішіне келгенде Қанипадан Бобров соңғы күндердегі жайылыстың қиындап бара жатқан барлық халін жақсы ұғынды. Түгел отардың орнығып жайылмай, шашырап жүгіріп, тыным таппай жүргенін, осы қойларға жақындай бере, Есіркеп пен өзі де іштей анық аңғарып келген еді.

Енді Қанипа бұларға Қарашеңгелден көшпесе, отар жайы жаман болып бара жатқанын айтты. Кейбір қойлардың жүдеп, бүйірі солып, ашығуға айналғанын да айтып берді.

– Кәні, жүргін, өздерің көзбен көргін. Қандай қойлар ашыға бастағанын да айтайын! – деп, астындағы қоңыр биені тебініп, топты бастады.

Алдымен жүдей бастаған қай қойлар екенін білу керек. Әлі жүдемей, мойымай келе жатқан мықты қойлар қайсы екенін де білу Бобровқа, Асанға да ерекше қажет. Олар қойындарынан қағаз, қарындаштарын алып, ақырын ғана, асықпай, жай жүріп отырып, Қанипа көрсеткен қойлардың бәрін түсіп ұстап, жазып алысып жүрді. Есіркеп те жүдеген қойлардың қай топ екенін жақсы аңғарып, өзінше топшылап, түйіп келеді. Әзерлі, тәжірибелі, білгір топтың барлығына айтпастан мәлім болатын бір жай бар.

Жаз басында КИЖ шаруасы осы Бобров, Есіркеп бастауымен өздерінің ғылымдық үлкен бір әрекетін, тәжірибе науқанын атқарған. Онысы ақ қойлардың өзін іріктеп топтау. Тұқым, текке бөліп, анықтап жіктеу ісі болатын. Ұзақ күндерге созылған бұл істі Қанипа, Әсиялар да, Балжан, Есіркеп те бонитировка дейді. Сол бонитировкада өсімге жіберілетін тұсақ саулықтардан бракка шығарылатын қойлар ажыратылған. Өсімге жіберілетін саулықтардың өзі де бірнеше класқа, көбінше – бірінші, екінші класқа бөлінген болатын. Үшінші класс – нәзіктеу бітімі бар топ деп саналады. Бірақ осы ақ қойлардың нәсілін шығаруға бір буын солардан болмай және болмайды. Сол бонитировка уақытында қазіргі Қанипа алдындағы мың қаралы қалың отар қойы түгелімен номерленіп, мойындарына өз нөмірін тағып шыққан. Қазір жүдеулік ретімен қағазға түсіп жатқан көбінше үшінші класс қойы. "Құмға баруда ауыр сыннан өтуі қиын-ау" деп осы қойдан Қанипа мен Есіркеп те сескенетін. Бар қойдың көпшілігін аралап, жүдеулерін санға алып, Бобров тоқтаған кезде, Есіргеп Бобровқа өзінің көлденеңнен түйген, тәжірибе ойын айтты.

– Сен нөмірің мен қағазыңа тіркедің ғой, осы күнде қай қой жүдегені жазуың бойынша айқын шығар. Мен жазу білмейм. Мынау үлкен сыйпырыңды да танымайм. Бірақ осы жүдеген қойдың бәрі тек үшінші класс екенін түйіп тұрмын. Осыным тура емес пе, айтшы өзің? – деді.

Бобров көзін сығырайтып, күлімсірей түсіп, Қанипаға қарап:

– Қанипа қалай дейді екен? Оның тәжірибесі не айтады? – деп сұрады.

Қанипа да іркілген жоқ:

– Жәкем жер қарап құмға кетіп, төрт күннен бері жайылыстағы қой ішінде болған жоқ. Қойдың жүдегені әсіресе осы төрт күн ішінде мүлдем көбейіп кеткен еді. Менше, бұл кісінің сөзі тура деді.

Есіргеп ақ қойдың осы бір алуанын әр кезде ұнатпайтын.

– Қыстың басына жаңа кірдік. Бұ тілеуің құрғыр болса, әлі әзір, құлқын сәріден құмның қысын ұнатпай жатыпты. Бүған февраль мартта не тауып берем? Осыны да бір бракқа шығармай қойдың, тегі! – деп, Бобровқа әр кезде айтатын қияс бір дауын тағы айтып тұр.

– Тым құрса күздігүнгі қашыруда бұларды аз қосуың керек еді. Көктемге шейін арықтап, аман қаған күнде де қоздай амай жүрсе, кәйтем. Қоздаса да арық болып, қозысын жарытпай, төл шығыны мол боса, құрығаны да бар еңбегіміз. Қинадың, қинадың, биылғы мынау ауыр қыста тек мені де қинадың ғой! – деген еді.

Өз жауаптылықтарын ерекше, қамқорлықпен ұғып тұрған шабандарға Бобров бұл уақытқа шейін үн қатпаған. Барлық сөздерін аса үлкен ілтипатпен тыңдап тұр еді. Енді Қанипа мен әкесіне осы қыс бойына көңілдеріне күдік қалдырмайтын тиянақты бір жауап айту керек. Өз тәжірибесінің ғылым үшін, мемлекеттің халық шаруасы үшін не байлауы бар екенін білдіруге бекінді.

– Осы жүрген отардың мың қойы – тегіс көктемде қоздайтын қой. Мен бонитировканың өзінде де бір-ақ түрлі қой, бір класты ғана алғаным жоқ. Әдейі осы үшінші класты да қосқамын. Бракты бөлгенде бұлардың ішіндегі ең жақсы, ең мықтысын осы сенің отарыңа шығарғамын. Күздігүнгі қашыруда да әдейі жібергемін. Біліңдер! Ұмытпаңдар! Ақ қойдың бәрі бірдей бір тегіс емес. Fылым тәжірибесі ылғи таңдаулы қоймен жасалмайды. Өздерің білесің,екінші класпен үшіншіні қатар алмасақ, біз бұл тұқымның жақсысын да таңдап ала алмас едік. Қыс бұл қойларға да, біздің тәжірибемізге де қатты сынның қысы. Біз үшін КИЖ-дің барлық шаруасы үшін, тәжірибе бәрінен қымбат. Құмда қысқы жайылыста, тебінде аталары, шешелері еш уақытта жүрмеген прекос, рамбульені де тәжірибеге салғамыз. Жүз он алты, жүз он килограмм салмағы бар, выставкада бәйге алған қошқарларды да сол тәжірибе үшін құмға жібергеніміз бар еді ғой. Соның көбі өліп те қалған. Бірақ тәжірибе үшін қымбат, тәжірибе үшін біз сол тұқымның өзін де құмға айдағамыз. Енді ол күндер кетті. Үшінші класс қойлар мынау қой да, қазір өзге қойдан бұрын ашыққанмен, бұл қыстың бейнетін тартады да, көтереді. Есіргеп, сен қозылар үшін қорқасың, мен сол қозылардың келесі жыл құмға өздері мықты боп келуі үшін енелерінің ішінде, осы күннің өзінде бейнеттің бәрін көріп өткені қажет деймін. Өлгені өледі, ал өлмей қалғаны сенің отарыңа келесі жылы балуан қой боп қосылады. Және арықтағанмен, әлі де осы кластың қойының өзінде де көп күш бар. Сенің отарыңның қойлары элит қойы, тұқым қойы болып бөлінгенде мен бәрі бірдей болмайтынын білгем. Бірталайы Қанипа екеуіңді қинайтынын да білгемін. Бірақ оның жауабын, бір жағынан, өзіме, өзімнің жауаптылығыма жазғамын. Бұны доклад жазып, КИЖ-ге де, Наркомземге де білдіріп қойғамын. Саспаңдар, тек құмға көше бер! Шапшаң көш! – деді.

Осыдан соң қойдың күйі туралы сөздерді аяқтады да, Бобров Қанипаны бөліп ап кетіп, оңаша әңгімесін Әсияға арнады. Қанипа Бобровпен өз әкесіндей еркін әңгімелесетін. Әсияны өзінің кінәламайтынын және бұрынғысындай дос көріп, қазір де әсіресе жаны ашып, жақсы көретінін айтты. Арасында бір жылап алып, Бобров көңілін бір жақтан тиыштағандай болды. Бірақ сонымен өзара әкесінің ашуы, өкпесі қатты екенін айтты. Және Әсия мен екеуі енді бір үйге сыйыса алмай, екі жаққа бірінен-бірі безер боп тұрғанын жасырмайды. Сөзінің аяғында:

– Біздің үйдің жайын өзің білесің ғой. Сайлыбектің өлгенін сен де білесің, Әсия екеуміз де көптен білгеміз. Шал, кемпірге айта алмаймыз. Әлі де айту керек емес. Бос уақыттары болса, түстерінде көріп, аман деп қуанысады. Құмалақ сап, тағы да "тірі" деп, "келеді" деп, үмітпен күн кешеді. Бірақ Әсия жас болған соң жаңылған шығар. Болмаса, Молтай үйде болса, оған тиетін еді. Екеуінің алмақ-тимек болған жайларын мен білгем де, мақұлдаған ем. Жәкеме өзім айтып, тоқтатам деп, Әсияның көңілін жай қып едім. Енді міні, Әсия әрі екіқабат, әрі осы малдың тұтқасы. Оны үй ішінен су шыққандай

қып, жалғыз басын қудалап, күйдіре берсек, не бомақшы? Өзің шалды ақылға көндір. Көнбесе, тым құрмаса, "бір айдан соң кісі тауып жіберем. Әсия қолыңда тұрмасын десең, сонан соң қайтарғын. Қазір сыр білдірмегін. Әсияны ренжітіп жылатпағын. Өзінді өзің қинамағын. Тым қүрса сабыр қып, бір ай шыдағын" – деп, соны айтып кет. Бомаса, отар ойран болады. Мал да қырылады. Біздің бәріміз де қор боламыз. Талай жылғы еңбек құмдай шашылады, – деген.

Бобров бағана шайдан бергі өзі бабын таба алмаған ойдың бар тетігін Қанипа бергенде, қатты ырза болды. Қой шетінде жүрген қоңыр, момын Қанипа қандай? Жел қағып, күн күйдірген қара торы жүзі бар. Сұлу тұнжыраған қара көзді, жас әйелге Бобров адамшылық, аталық мейірімен, алғыспен қарады. Бобровтың бүл отардағы кәрі-жас достарының сырты жұпыны. Бірақ бәрінің де ішінде шыншыл, адал жүректі адамгершілік бар. Талай оқыған адамдардың үй ішінде табылмайтын жақсы мінез бен зор адамгершілік осы қой шетіндегі қоңыр лашықта нық ұялағанына кейде тереңдеп ойлап, қатты таңырқайды. Сүйсіне қайран болады. Қанипаға аса жақын сырлас жүзбен, жылы қарап, ақырын сөйлеп:

– Қызым! Сен жақсы жүрегің бар адамсың. Мен КИЖ-дің бастықтарына, Алматыға, сені "сондай ақылды совет азаматы бар, тамаша жақсы комсомол қыз бар" деп айтып барамын. Әсияны ая. Жаманшылық ету, кінәлау әрбір иттің де қолынан келеді. Сенің мінезің тек жақсы адамның ғана қолынан келетін мінез. Айтқан ақылыңды алдым. Шалмен мен сөйлесермін. Болмаса, көнбесе, амал жоқ, сендерге көмекке біреуді жібереміз. Бірақ ол Әсия болмайды, білесің. Әсияға да сендерден кеткен жаман. Оған менің сөзімді сен айт. Мен білген Есіркеп болса, совет малын ол аяйды. Еңбегі малға сіңіп, өзіне қатты көмекші болып қыстың бір, екі айында жақсы істеп шықса, ол барлық өкпесін ұмытады. Әсиямен бұрынғысындай тату болып кетеді. Сондықтан Әсия бұл жерден кетіп қалам деген сөзді айтпай тұра тұрсын. Шыдасын. Ол жас қой, мықты ғой! Серігі, досы сен де барсың, туған шешесіндей Балжан бар. Оны сөкпейтін, кінәламайтын, қайта жақсы азамат деп, ақ қой үшін мақтауға іліндірем деп жүрген мен бармын. Бір шалдың ашуын көтерсін. Отардан басқа ешнәрсені ойламай жүре берсін! – деді. Екеуінің біріккен ақылын Қанипамен оңашада осылайша қорытты.

Осы түнде, Әсия дағдысы бойынша қой шетінде күзетте жүргенде, Асан мен Балжанды ұйықтатып тастап, Қанипаға еттен кейінгі түн жарымындағы шайды құйғызып отырып, Бобров Есіркепке көп ақыл айтты. Келіні мен екеуін татуластырып, жарастырудың ниеті еді. Әр кезде Бобров сөзін Қанипа да: "осынысы тура ғой. Жәке, қойсаңшы. Жәке, саған не болды?" – деп, әр кез тоқтатып, әкесін ойландырмақ болып еді.

Бірақ екеуінің де сөзі Есіркепті жеңе алмады. Оның бар ойысқаны, бір айға шейін өлсе де, мал үшін, шаруа үшін, Бобров үшін шыдап көрмек. Бірақ Әсияның одан әрі бұнда болғанын, кейін осы үйде бұл үйдің баласы емес, бөтен баланы тапқанын, оны алданған адал көңілді ата-ананың көзінше, бауырына алып, міні, сендерді алдап, қараңғыда тапқаным деп жазғызып, емізіп отырғанын көре алмайм. Онда Сайлыбегім шын өлгені. Бір өлгені емес, күнде өлген боп, көз алдыма күйік болады. Бобров, әкем тегі, мені бұл азаптан, бұл тозақтан құтқар. Бір айдан соң кісіңді жібер. Өзге сөзді неғыласың, кәйтесің! – деген.

Осымен ақыры ұзақ ауыр әңгіме Қанипаның күндізгі айтқан сөзімен аяқталды. Көптен ойланып жүріп айтқан ақылымен үйдегінің бәрін де күрсінтіп, ренжітіп барып аяқтаған еді.

IV

Осының ертеңінде Бобров пен Асан Есіркеп үйін өздері жығысты. Қарашеңгелден бұл отарды көшіріп, Сартау құмның қалың ішіне апарып, қондырысты.

Құм біріне-бірі ұқсаған теңіздің бұйра толқынындай, шошақ-шошақ құм төбелерге толы. Бұнда су жоқ, адам мен мал пана қылатын орын да аз, тек құм төбелердің қалыңдап, түйіскен кейбір жерлерінде, ауыл орнындай боп қалған терең, кең алап болады. Құмтөбенің басынан қарағанда бұл алап терең бір құр апанның түбіндей. Шыңырау түбіндей, аясы азғантай боп, дөңгеленіп жатады. Құмды қыстайтын ел осы тостаған аясындай айналасы қоршаулы ықтасын орынды мекен етеді. Құм арасында жиі кездеседі. Осындайлық орынды қыс қонысты "шұқыр" деп атайды.

Есіркеп екі күн бойы құмды кезгенде жайылыс жағдайын түгел шолған. Биыл осы өңірде қойға азық болатын изен мен еркек дейтін шөптің жеткілікті екендігіне көзі қанды. Көңілі нық сеніп қайтқан. Қазір үйін әкеп қондыратын шұқырды да сол келісінде белгілеп кетіп еді. Құм арасында жол да жоқ. Тау менен кең біткен сай-сала да жоқ. Біріне-бірі ұқсайтын құм шошақтар, жасынан осы құмның тағысындай боп жадысын біліп өскен Есіркеп болмаса, өзге кімді болса да тез адастырады. Есіркеп алғаш келіп қайтарында "көшпен жүріп адаспайтын" деп, дәл осы шұқырдың тұсындағы бір құм шошақтың басына қарақшы шаншып кеткен-ді. Бұрыннан құмды қыстайтын ауылдардың, отарлардың әр кезде өз шұқырының тұсына "біз мұндамыз" дегендей қарақшы шаншып отыратынын ол бұл жолы да көшіп келмей тұрып, әдейі қолданған. Құм ішіне, осы шұқырға көшпен ілесіп, Қанипаға болысып, ақ қойларды жылжытып айдап отырып, Бобров пен Асан бірге келді.

Асан қайтайық десе де, Бобров асықпайды. Бір жұмадай өзінің тұмарша қалайыға нөмірлерін бастырған, әр генерациядан өткен, әр кластың тұқымдық сипатын сақтаған қойларының күйін бақты. Ертеден қара кешке

– Есіркеп пен Балжан бірталай жыл жақсы тұрған атаң-анаң, Әсия! Енді шал да, сен де ажырасамыз дестіңдер. Ол оңай емес, жақсы да емес. Екеуіңе де жақсы емес, бірақ айтқан соң болмайды. Мен бір ай бірге тұрыңдар деп екеуіңнен де уәде алдым ғой. Бір айдың ішінде орныңа кісі жіберемін. Сонан соң қайтарсың. Жайыңды КИЖ-ге, ферма бастығына да айтып кетемін. Сені ешкім сөкпейді, одан шошыма. Бірақ, сенен сұрайын, мынау бір айда шалмен ұрыспа. Өзің көңіліңе түк алма. Қайта жақсы тату болуға тырыс. Бұлар жақсы адамдар ғой. Кеткеніңде де артыңнан жамандамасын. "Әсия жақсы еді-ау"– деп қалсын. Сондай мінез көрсетіп, сондай еңбек етіп кетуіңді тілеймін және саған сенемін, қызым! Ал, сенің төрт жылдан бері осы қойдың тұқымына сіңірген, жақсы шабан болған еңбегіңді мен ұмытпаймын. Менің еңбегімді бағалайтын жұрт болса, Есіркеп, сен, Қанипа үшеуіңнің еңбегіңді бірге бағалатамын. Сол менің саған беретін сертім! – деген.

Әсия Бобровқа жауап айтқан жоқ. Тек оның сөйлеп тұрған кезінде, әрбір сөзінің тұсында "ұқтым, жақсы... айтқаның болсын... Қанипа барды айтты. Қамымды жепсің, ағамдай достық айтыпсың, рақмет, Жәке, рақмет!" – деп, көзіне жас алады. Шын алғысқа толған көңілі Бобровты да бұған шын, қарындастық, балалық бейілімен "Жәке" дегізді. Бобров Әсияның қолын ұзақ қысып қоштасты да, аттанып жүріп кетті.

V

Әсия бүгінгі түннің тез өткенін, таңның тез атуын сонша асығып күтеді. Өзіне белгісіз үркектеген қауіп сезімімен күтеді. Сол қобалжудан ба, ішіндегі кішкентай, ғажайып тірлік алып келе жатқан ұрық та бүгін жиі қозғалады. Оң бүйірін түрте береді. Аспанды төмендеп торлаған, тау салмақты, ауыр қара бұлттар қаптап алған қараңғы түнде қалың бұлт бірін-бірі қуады. Аспан әлемі қатты бүлінгендей. Тау толқын боп аунап ұшады. Жоғарыда құтыра соққан қатты дауыл бар тәрізді. Шұқырдың айналасындағы құм шошақтардың басында да қатты жел құтыра соғып тұрған тәрізді. Аспаннан жауған қар не қиыршық, бұршақ аралас жауындай ұшқындап, ауыл үстіне түсіп тұрған құм жауыны бар. Әсияның үстіне сол қиыршық құм ұсақ тас аралас, сытырлап түседі. Іңірден бері басталған осы әлек дүние ауыр толғағы Әсия отырған кішкене шұқырды құлшынып іздеп, қастана қимыл еткендей. Иттерде тыным жоқ, өрекпіп үреді. Әсіресе Әсияны қобалжытатын бұның күндегі түн серігі, жалған үрмейтін сенімді серігі қара шолақ төбет – Таймастың үргені. Ол қазіргі кезде, түн ортасы тақап қалған шақта осы шұқырға қадалып кеп, қамалап тұрған өзгеше қатерлі пәлені сезгендей. Артқы екі аяғын кезек тарпынып, кішкене шұқыр айналасын жорта шапқылай аралайды. Қатты сақайып, тынымсыз айбар шегеді. Әсияның қасынан бапылдап, долданып үріп ағызып өтіп бара жатқан бір кезінде жас әйел оны шақырып, "Таймас! Таймас!"деп қасына тоқыратты.

– Не көрдің? Сен не көрдің, Таймас, – деп, басын сипады. Жонынан еркелете қағып, тілсіз серігінен қауіпті түннің күдігін сұрайды. Таймас Әсияның қасында тағы да қатты талпынып тұрып, құм шошаққа, батыс жаққа шәншіліп үріп тұрып, ытқи жөнелді. Дәл осы кезде ышқына соққан желдің ұйтқып келген қатты бір лебі шұқыр үстінде үйіріле борандатты. Қыстыға ышқынып кеп, құтыра ойнақтады. Бұл күнге шейін шұқыр ішінде, ықта жатқан қойлар тыныш еді. Құмтөбені паналап отырған кішкене қоңыр үй де тыныш болатын. Енді осы азғантай аядағы барлық жан иесі мынау бір оқыс соққан, шәншіліп төбеден соққан дауылдан тегіс үрке оянды. Біріне-бірі сүйенісіп, ығыса, аз шұқырда тығыз сығылысып жатқан қойлар маңырай түрегелісті. Ақ қойдың қалқиған құлақтары тынымсыз түннің қатерлі зәрін қайтеді, қайдан келеді дегендей тыңдай қалған сияқты. Дәл осы уақытта жаңағы Таймас шапқылай жөнелген батыстағы құм төбеден асып келіп, Әсияны қатты сескендірген долы түннің, елсіз түннің аса бір жайын үні келді. Ол – жақыннан шыққан үн. Осы отарға қадалған кәр сияқты аямас қастық үні. Ысқырып ызың қаққан түн дауылының үнімен бірге, шулап ұлыған қасқыр үні келді. Біреу емес, толып жатқан қомағай топтың үні.

Әсия қорқақ емес еді. Қолында құлаш төс жара қайың шоқпары болатын. Соны жерге қадап, қысып ұстап, мынау үнді сескеніп тыңдайды.

– Тілеуің құрғыр, құмның бәрі қасқыр ма? Қандай көп өздері... Япырай, таң да атпады-ау! – деп, тағы біраз тыңдай түсті. Мынау асау түнде бұл отарды торыған қасқырдың саны шын-ақ көп тәрізді. Ұлыған үн бір ғана батыс жақтан әлденешеу болып шықса, енді қарсы жақ – шығыстан да естілді. Алғашқыдан да тақау кеп өшіккендей. Түн аспанына ұзақ, жәйін қадап тұрып, қатты созады. Шулап ұлыған көп долының үні тағы келді. Қазір Таймас кішкене шұқыр айналасын құйынмен бірге ұйтқып, толассыз шыр айналып жортып жүр. Қасында ақ қаншық, дүрегей тазы да үру мен жүгіруден тыным алып, толас тапқан жоқ. Әсия маңыраған қойдың қобалжып, қозғалақтаған тобынан да, қазіргі сәтте бұның бір өзінен пана тілеп, қорғауды сұрап тұрғандай қатерден шошыған үндер сезеді. Өзінің жалғыздығынан аласыз амалсыздыққа ұшырайтындай шарасыздық сезеді. Мынау түнде қасқыр шапса, қалың қойға ие болу да қиын. Аузынан шыққан лебізін шұқыр үстінде әлі де қатты ысқыра ызыңдап тұрған дауыл қағып әпкетіп жатса да, Әсия бар күшімен жиі-жиі айғайлайды. Жон астындағы қомағай бөрілерге айбар шегеді. Сескенген үн емес, ашулы, батыл үнмен шырқап айғайлайды. Осы айғайын тыймастан, қой шетімен оралып кеп, қоңыр үйге тақады. Үй ішінде ұйкыда жатқан жақындары бұл кезде тегіс оянған тәрізді. Жаңағы бір кезде ышқынып соққан алғашқы дауыл екпіні бұлардың кішкене баспанасын сықырлатып, сілкінтіп, ұйық шаңырағын сындырып, талқандап кетердей болған. Сол дауыл екпінінен оянған үйге Әсия тақай бере сөз қатты. Бір айдан бері атасымен Әсия бір-біріне тура жауаптаспайтын. Іштеріне жиылған қырын қабақ, қырбайлық әлі де кеткен жоқ-ты. Сондықтан қазірде де Әсия Есіргепті шақырмай, Қанипаның атын атап дауыстады. Үй ішінен Қанипа мен Есіргеп екеуі қатар үн қатып:

– Уа, немене? Әсия, малың аман ба? – десіп, дабыстап еді.

– Әзір мал аман. Бірақ түн дауылдап кетті. Айнала шулап қасқыр ұлып түр. Жылдам киініп шықпасаңдар болмас! – деді де, қой шетіне қарай тағы асығып жөнеліп кетті.

Үйде бағана оянған Балжан қатты қорқып, нала қып, асығып киініп жатыр. Әсияны аяп, дамылсыз сөйлеп жүр.

– Қарағым-ай! Жапа жалғыз... аяғы да ауыр, жаурап бітті-ау. Қасқыры, пәлесі тағы анау. Шықшы шапшаң. Шық, жүгір, Қанипа, қасында бол. Жүріңдер! – дейді. Жылдам киініп, есікке қарай ытқыған Есіргеп пен Қанипаның артынан өзі де ұмтылып келеді. Біресе сиынып, біресе қорқады. Әлдекімді қарғай түсіп, қайта-қайта Әсияны аузына алып қүрақ ұшып жүр.

Есіргеп пен Қанипа есіктен аттай бере айғайлап, екі бөлініп, қойды қоршай жүгірісті. Бүл кезде шұқырдың алыс шетінде Әсия тынымсыз айғайын салып, сақайып жүр еді. Әлі де аспанда ауыр қара бұлттар шарпыса ұласып, біріне-бірі шапшығандай. Түн дауылы түйдектеп айдап, жөңкіліп жатыр. Суық қара жел шұқыр ішіне ақтарыла ысқырып соққанда, қалың жүнді ақ қойлар да тегіс тұрып алыпты. Бет қарай алмай желге жонын беріп бүрсең қағады. Қотанның әр шетіндегі адам айғайы күзеттің қатайғанын көрсетті. Иттердің үрісі де карсылықты толассыз білдіріп түр. Енді бір кезекте батыстағы құм төбеден қар аралас, қиыршық құм борандатты. Шұқыр үстін әлек дүниенің мұнарлы топанымен басып кетті. Желге қарсы адам айғайының дыбысы бес қадам жерден де естілместей. Дауыл енді барынша пәрмендеп, қатты үскіріп, ышқынады. Дәл осы сәтте алғашқы қасқыр үні шыққан жақтан, құм белден аса бере, бір топ ұры бөрі шұқыр ішіне қарай ағыза ақтарыла шапты. Қанипаның қасынан, айғай-шуға қарамастан, үшеу-төртеуі жұмарланып, жұбын жазбай ағып келіп, қойға кірді. Басында шошынғаннан Қанипаның үні шықпай қалып еді. Қой ішіне қасқыр тақай бергенде қақ жарылып, дүбірлей жүгірген қойлардың арасында бара жатқан бөрілер, оң мен солдағы қойлардың құйрығына, бүйір, тамағына ырсылдап ауыз салды. Осыны көргенде мал үшін күйген Қанипаның ашу, намысы қайнап кетті.

– Қасқыр, қасқыр, қасқыр! – деп айғайлағанда, дауысы енді ерекше ащы боп, қатты шықты.

Қойдың ылди жақ шетінде Әсия болатын. Шығыс шетінде Есіргеп еді. Екеуі де Қанипа хабарын лезде ұқты. Олар отарға қатты қауіп төнгенін қойдың тас-талқан боп үріккенінен-ақ сезген еді. Екеуі де айғайын салып, қасқыр жүрген жаққа қарай ұмтылып келеді. Бірақ есі шығып, қалың сеңдей жосылып қашқан қойлар бұлардың өзін жығып кеткендей. Ілгері жылжытпай, кейін тықсырып барады. Амалы жоқ, бірақ өлердей күйген Әсия ұзынша шоқпарын қос қолдап көтеріп ап, қайнаған бір намыскер ерлікке басып қой арасында жұлқынып тұр еді. Дәл осы кезде мұның айналасындағы қойлар қақ жарылып ағыла берді де, алды ашылып қалды. Босап қалған Әсияға қарап, ақ қойлардан түсі бөлек, түнде қоңыр түсті көрінген қомағай қасқыр азулары ақсиып, тақап қалған екен. Әсия өз бойынан ендігі қайраттың қалай атылғанын өзі де аңғарған жоқ. Қара барқын қасқыр Әсияның сол жағындағы бір қойға ауызды салып жіберіп, енді жұшқи бергенде, тақ қара тұмсықтың тұсынан, қой мен қасқырдың құлағының екі арасын дәлдеп алып, қайың шоқпармен құлаштап тұрып періп қалды. Тағы шоқпарын көтеріп, тездетіп тағы ұрмак еді. Дәл осы кезде Әсияның күтпеген көрінісі болды.

Дүңкиген үлкен, долы бөрі тұмсығынан шаншылыпты. Дәл Әсияның аяғына қатты құйрығын сарт еткізіп ұрып, тоңқалаң аса жығылды. Әсия жығылып жатқан қасқырды қара тұмсықтан "төбеңнен ұрғыр, жат солай" деп, тағы да табандап тұрып екі үш рет сарт-сарт ұрды. Бірақ айналадағы қой әлі құйын ұйтқытқандай жосып жүр. Бір жерде дүрегей тазы қаңсылап таланып жатқан сияқты. Дауысы қарлығып, өлердей аптыққан Есіргеп жан ұшырып бақырып жүр. Жылап зарлаған Балжан да жан ұшырғандай боп Әсияның қасына жетіп кепті.

– Жаным-ай! Сәулем-ай! Еркек сенен садаға кетсін! — деп, Әсия өлтірген қасқырды тұмсыққа тепкілеп жүр. Бірақ Әсия енесіне қысқа ғана сөз қатып:

– Тұмсықтан ұрып жықтым, бірақ қайтадан ес жиып кетпесін, мықтап өлтіріп алыңдар. Қойды бөліп ап кетті ғой деймін. Қалғанына ие болыңдар. Мен бөлінген қойдың соңынан кеттім! – дей сала, шұқырдың ылди жағына қарай, шоқпарын көлденең ұстап ап, жүгіре жөнелді.

Аз уақытта ауыл үсті тынышталғандай боп, қойлардың жүгірісі басылды. Енді бір-бірінен "Не болды? Не болды?" – десіп, бір ғана сұрақты мың көмеймен қайырғандай. Ұқсас үнмен маңырасып, бір ғана жәйді дамылсыз сұрасып тұрғандай. Оқыс соққан құйын дәл шұқырдың үстінде қазір біраз толастаған сияқты. Есіргеп, Қанипа, Балжан бірін-бірі айғайласып табысқан жерде Балжан шүйінші сұрағандай, шаттанып айғайлады.

– Садағаң кетейін Әсия, Әсияны көрдің бе, тегі... Қасқырды өлтірді ғой. Өз қолымен ұрып өлтірді ғой! Жүр бері, міні, көр! – деді.

– Айналайын-ай! Азаматым-ай! Қайран Әсия-ай! – деп жүрген Есіргеп пен Қанипаны ертіп, өліп жатқан көк бөрінің қасына келді. Дәл осы кезде жаңа толастаған құйын дауыл тағы да ышқынып, құм ұшырып, қар боратты. Қиыршық таспен беті-қолды тілгілей ұрып, қайта құтырып соқты. Есіргеп Қанипа мен Балжанға асыға бұйрық етіп:

– Тарандар, барыңдар қойдың шет-шетіне. Тағы шабады ол қу! Сал айғайды, тыным таппа, тегі! – деп, өзі де қойдың бір шетіне шығып алып, айғайын салып отыр. Кейде жүгіре түсіп, қотан айналасын шолып шығып, қойдың азайып қалғанын, шұқырдың бұрынғы шарасынан біраз кеміп тұрғанын таниды. Әсияныкі рас, үріккен қойдың біразы жосып, бөлініп кеткен болу керек. Сол қойдың артынан кетейін десе, Әсияға болысайын десе, бұндағы малдан қорқады. Ауыл үсті әлі қатерде. Қанипадан білуіне қарағанда, қораға шапқан қасқыр біреу емес, бір топ болатын. Солар қайта оралып, мынау суық дауыл түнін пайдаланып, тағы да шабуға мүмкін. Бөлінген қой қанша болса да, мынау малдан аз ғана, әуелі бұл жақты амандап ап, ол жаққа содан соң ұмтылу керек. Және ол қойдың соңынан, қанша қиын бейнет көрер болса да, Әсия кетті. Әсияға қай күнде болса да өзінен бетер, қайратты ер-азаматтан бетер сенетін Есіргеп көңілі осыны да біраз жұбаныш етті. Әлде бөлінген қойды тез тоқтатып, қайта қайырып та алар деген еді.

Есіргептің түн баласындағы Әсиядан соңғы екінші сенімді сергек сақшысы Таймас болатын, қазір ол да жоқ. Оны да бір медеу көреді. Осымен шұқыр айналасындағы мал амандығын бағып, Әсия тез оралар деген үмітке сүйеніп, Есіргеп көп бөгеліп қалды. Қазір таң да қылаңдап атып келеді екен. Шұқыр үсті әбден тынышталып болды. Енді Есіргеп асыға жүгіріп жүріп, өреде жайылған аттарын іздеп арпалысты. Жақыннан қолына тиген ақ шеке бие болды. Соны ұстай сала ауыздықтап ап, жайдақ қарғып мініп, енді Әсияны іздеп шаба жөнелді.

Есіргеп іздеп тапқанша, Әсия көрген қиыншылық пен бейнет орасан еді. Ол шұқырдағы қотанды тастап жүгіргенде, біраз кешігіп қалған екен. Тек Таймастың үрген үнімен ғана, бөлініп кеткен қойдың аңғарын білген. Шоқпарын иығына салып алып, құстай ұшып, ұзақ жүгірген. Дауылды түнде бөрі қуған, безіп үріккен қой, шұқырдан ұзап, құм белден асып, жосыпты. Құтырып соғып тұрған дауыл, жотаға шыққан қойға қарлы боранда қақап соғып, ықтырып әпкете беріпті. Кем қойса, бір жарым шақырымдай жер тынымсыз жүгірген соң барып қана, айғайын үзбеген Әсия қойға жеткен. Мұның айғайы Таймасқа ес болып, Таймастың үргені бұған шақырғандай атой болып, екеуі қой қасында тізе қосты. Түнгі шабуылдан соң қайта жағалап, қойларды жанасалай шапқан қасқыр біреу екен. Бірақ енді қойға бата алмапты. Түнде кеп шұқырға шапқан қасқырдың саны төртеу еді. Бұлар арлан бөрі бастаған бір ұяның биылғы күшік тобы болатын. Түнде Әсияның сәтімен өлтіргені анық долы арлан бөрінің өзі екен. Бір күшікті Таймас сол түнде бүктеп, өлтіріп кетіпті. Қалған біреуін және тақымдап, бөксесін жұлып жаралап, бездіріп жіберген. Ендігі қалған жалғыз қасқыр көп қойдың батыр қорғаны, есті қорғаны боп ылғи жанасалай шапқан бір Таймастың өзінен қасқырлық қастығын асыра алмапты. Бөлініп шыққан қойдың бірде-біріне тіс те тигізе алмапты. Әсия жеткенде адам айғайынан және Таймастың зәрлі, кәрлі үнінен сескенген соңғы күшік бөрі тайқып, сырттап, жөнеле беріпті. Екі өкпесі қабынып, аузына тығылған Әсия, қойдың санын барлағанда жетпіс-сексен шамалы екен. Бұл тақай бергенде, Таймас қасқыр кетісімен әлі де маңырай қашқан қойдың алдын орап, үріп шығып, еріксіз шошыта үркітіп, алдын тоқтатты. Итінен дабыстап, сүйсініп айналған Әсия да қолындағы

шоқпарымен жағалай жасқап, қойларды еріксіз тоқтатысып жүр. Бірақ құм жотасында қарсылап соққан қатты дауыл, бұл қойды ауылға қарай қайта айдауға ырық бермей қойды. Қара төбетпен Әсияның тілсіз күйде ұғысып жатқан тынымсыз әрекеті біреу-ақ. Қойларды құм жотасындағы бір болымсыз ойдым қобыға жеткізіп, сол арада шырқ иіріп, ілгері жылжытпай тұрып алмақ. Қасқыр алғашқы шапқаннан бері үнемі жүгіріс-арпалыстан толасы болмаған Әсияның қазір қызыл-күрең жүзін моншақтап аққан тер басыпты. Енді ғана бір азғантай тоқтап, ентігін баса бастады. Дәл осы кезде ішіндегі кішкентай жан тағы да оң бүйірін қатты соғып қойды. Тек таң аппақ атқан соң ғана қойдың шұбырындысымен шапқылап асыққан Есіргеп, Әсияның қасына келіп жетті. Оның қырағы көзі жол бойында бір қойдың да өлексесі жатпағанын және ақ құм мен ала шабыр қар үстінде бір тамшы қан татпағанын болжап келген. Әсия жақындап қасына келе бере жайдақ атынан секіріп түскен Есіргеп, бұл түнде ер қайратын оқтай атқан өзінің еңбек серігі Әсияға ұмтылып келе береді.

– Қойың аман ғой, Әсиям, алтыным? – дегенде, Әсияның көзінен көптен бері шықпаған, қатып, іркіліп қалғандай жұмарланған бір тамшы жас ыршып кетті.

– Аман, Жәке, Жәкетай! – деп қана, айықпаған ата алдындағы ұятын мойнына алғандай, томен қарады.

– Қарағым, қарағым! Сайлыбегім сенсің ғой, қанатым серігім! – деді. Ақ көңілді, бір тоғатаса мінезді, буырыл сақалды Есіргеп Әсияны құшақтап, маңдайынан сүйді.

Бұл кезде сөз қатуға мұршасы келмей, екі көзін, иығын төмен салып түрған Әсия түн бойы дәл осы сағатқа шейін қалың өрт ішінде алысқан, от намысты, өр қайратты Әсияға тіпті ұқсамайтын еді. Есіргеп өзінің сыртқы киімін шапшаң жұлқып шешіп, ақ шеке биенің тақыр арқасына арта салды. Ақ биені сулығынан тартып Әсияға әкелді.

– Кел, мінгін. Мін де шапшаң үйге қайтқын. Болды, өлемісің, әкем тегі. Тез үйге барып, жан шақыр, тыныштық ал. Жат үйге барып! – деп еді.

Әсия қойды кәрі атасына жалғыз тастап кетуге көнген жоқ.

– Жоқ, Жәке, түк шаршағам жоқ. Өзіңмен бірге қойды айдап барам. О не дегеніңіз? Атыңа өзің мін, мінбеймін! – деді.

Есіргеп:

– Жә, қой! Қойғын, қайтпасаң тым құрса мына атқа мініп, айдас. Мен жаяу жүремін! – деді де, Әсияны ақ шеке биеге еріксіз көтеріп салды.

Атасы мен келіні сәске уағында боранға қарсы бұл топ қойды зорға қиналып, жай айдап отырып, ауылға әрең жеткен еді.

Қанипа мен Балжан "бөлініп кеткен қойды түндегі көп қасқыр талқандап қырып бітірді-ау" – десіп, Әсия үшін және де жүректері қобалжып, тыным таба алмай отыр екен. Енді Есіргептер қойымен дін аман үйге жеткенде, бұл екеуі күліп, қуанып, дабырлап сөйлеп, қарсы алысты. Балжан ақ шеке биеге Есіргептің шапаны салынып, Әсия мініп келе жатқаны әсіресе өзін қуантарлық жақсы ырым көрген еді. Әсия мен Есіргепті таң атқан соң, мұндағы қойды түгендеген Қанипаның хабары әсіресе қуантып, ырза қылды. Олар түндегі шапқан қасқыр көп қойды мерт қып кеткен шығар деп ойлаған еді. Қалың топ қасқыр болса да, қарбалас үстінде көп қастық ете алмапты. Мың қойлық отардан өлімші қылып жаралағаны тек үш қана қой бопты. Қалған бес қойға тістері тисе де, жеңіл жаралапты. Есіргеп:

– Бұлар өлмейді. Мал аман. Ең шоңын қораға алғаш араласқанда Әсия ұрып жыққан соң, қалғандары қыра алмағанын көрмеймісің. Құдай сақтады. Бұл қуаныш, тек жолдарың болсын. Малдарың әмісе осылай аман босын, қыздарым. Еңбек етсең осылай ет! – деді. Өз көңілін де көтеріп, үй ішінің өзге жандарының да көңілін әбден жайлады. Осы күні түс кезінде боран басылған соң, изенді төбеге қойын жайып жүрген Қанипаның қасына Бобров жіберген бала жігіт Әлім жеткен еді. Қанипа бүны білетін. Жасы он алтылар шамасында болғанмен, бұл осы КИЖ-дегі босаң, еріншек, жалқау баланың бірі болатын. Адам табылмаған соң, ер қарасы болса да, амалсыздан барсын деген сияқты. Қанипа бұнымен амандасқан жерден:

– Немене, Әсияның орнына келдің бе? Бобров сен бар да, Әсияны қайтар деп жіберді ме? – деп сұрап еді.

Әлім сондай тапсырумен келгенін айтты. Әсия түсі сұрланыңқырап, қабағын шытынды да:

– Келгенің жақсы, бізге көмегің тиер. Тым құрса қой қоздарда керегің мол болады. Бірақ айтып қояйын, ұғып алғын. Біздің үйге барғанда "Әсияның орнына келдім, ол қайтады" деген сөзді айтушы болма. Қайта, Әсия екіқабат болған соң, "қойдың күзетінде соған көмектес деп жіберді" дегін. Сөз осы, ұқтың ба? – деді.

Иығы салбырап, тұнжыраған босаң бала Әлім ақ тісін ақситып, ыржиып күлді де, "бопты, айтқаның босын" – деп, ауылға қарай жүре берді.

VI

Жыл басынан қатаң боп басталған биылғы қыс ұлан-ұзақ, ауыр қыспақ қыс болды. Суығы бір жағынан, қалың қары екіншіден, Алматы, Алатау алабын бүрістірген жұтаң жыл ызғарынан босатпай қойды. Бұл күнде Алматы маңындағы Іле, Қаскелең, Жамбыл аудандарының малдары және осы аудандардағы үлкен қой совхоздары, КИЖ шаруасы да қысылшаң күйде. Көптен бері қыс ызғары өкшелеп қуғандықтан, барлық мал құмға кеп тығылып жатқан.

Бірақ бұл отарлардың көбі құмға қыс басынан жетпей, жылдағы күйге сеніп, қарды қалыңдатып алды. Құмға жетер жолдары қарлы болған соң, мырза құмның пайдасын молынан көре алмады. Қойлары қалың қарда аш күйде, шұбыртпамен көшкен соң, құмға жеткенше, тұралап келген.

Сондықтан қазір де қыс аяғы тақаса да, мал баққан шаруа иесі адамдар жан шақырғандай қуанып, айтатын жыл мойны тақаған кезде талай отар қысылып отыр. Жұт бір колхоздың фермасын етектен алса, бірін жағадан да алды. Көп қойларын аязымен, жақ жұтымен жалап, жойып барады.

Бұл кездер астанаға жақын аудандардың басшылығын да үлкен қарбаласқа салды. Малды жұттан құтқарамыз деген аса асығыс науқанға бәрін де жұмылдырған еді. Астананың өзінде, Алматының облыстық партия комитетінде, атқару комитетінде күндіз-түн мал қамын ойлап, тығыз шараларды қамдап, жиі-жиі өткізіліп жатқан жиылыстар бар. Ісшіл, қысқа, шолақ мәжілістер лек-легімен Алматыдан аудандарға, құмға қарай көп адамды асықтыра жөнелтіп жатыр. Олар жауапты қызметкерлер, шаруа қайраткерлері, ірі мамандар болатын. Кей совхоздар, кейбір қатты қысылды деген колхоздар отарларына, құм ішіне машина-көлік қалың қардан, ұзақ жолсыздан жете алмастай болған соң, дәнді азық топ-топ үлкен самолеттермен күндіз-түн жөнелтіліп жатқан.

Бұндай қарбалас шараларға келгенде облыс, аудан басшылығына республиканың ең жоғарғы партия, совет орындары өздері де тығыз көмек етуде. Құмдағы мал күйін көз алмай бағуда болатын. Алматының тап ортасындағы өкімет үйінде түн бойы еңбек шамы сөнбейді. Жауапты кабинеттерде қазір құмдағы мал жөнінен ақпар берілетін болса, өзге хабардың, қам-қарекеттің бәрінен бұрын кезекті сол алады. Радио-хабарлар мен аудандардың телефон сөзі күндізгі, түнгі ең зор түйінді қозғайды.

Тек мал шаруасын басқарып, ескерген үлкенді-кішілі орындар ғана емес. Дәл бүл күндер Алматы үстіне сұрланып, бұлт төніп, жапалақтап қар жауса, қабақ шытып, аяз келсе, астанадағы тұрғылықты еңбек адамдарының көбі-ақ жұт жайын, қыс қаупін ұзақ сөйлейтін болған.

Өздері бұл күнде оқу тәрбиесімен, еңбек әрекетімен, үй іші бала-шағасымен қала адамы болып кетсе де, қазақтың оқымысты жас жұртшылығы мал қамын қатты ойлайды. Кешегі аталарының, аналарының мал бағып, көшпелі тіршілік кешкен шақтағы мал жөніндегі қам-қарекет, алыс тәсілдері естерінен кетпеген.

Осы күндер Алматының әсем сарай, опера театрына келіп, "Евгений Онегин" сияқты сырлы, сазды классик операны сүйсініп, ұғып тыңдай жүрген қазақ қауымы көп-ақ. Бірақ операны тыңдай отыра, әрбір үзілісте, фойеде, кабинеттерде, ложаларда, партердің алдыңғы қатарларында отырған қазақтың оқымысты еркек-әйелдерінің мәжілістері өзгеше. Басқа шаһар жұртшылығының есіне келмес оқыс тақырып боп Сартау құм жайы сөйленіп кетеді. Және соның ешбір таңы жоқ болатын. Ондағы отарлы қойдың жүдеу-жадау күйін сөйлеседі. Сартау құмға жайылыс жөнін білмеген кейбір шаруалардың сиыр жіберіп, жұтатып жатқанын сынап, шенейді. Қоздайтын қойдың қамын уайым етеді. Туатын төлдің уызға жарымай, мына суық көктемде көп шығындауынан қорқысады. Сол мәжілістердің әр үзілістегі қайталай беретін тақырыбы осы болса, таң емес. Және осы шаруа күйіне көңіл бөлушілер кім деңіз? Ол жер бөлімдерінің, Жер Комиссаритының, Жоспарлау комиссиясының, облыстық атқару комитетінің я болмаса мал шаруа, ғылымдық институтының мамандары мен жауапты басқарушылары ғана болмайды. Қазақтан шыққан ірі оқымысты, жоғарғы мектеп оқытушылары, профессор, доценттер арасында, жазушылар мен суретшілер арасында, композиторлар мен халық артистерінің арасында да қазіргі мал жәйі ең соны, ең зор мағыналы тақырып есебінде әңгімеленеді. Мәдениет, өнер майданының мал шаруасынан сырт көзге алыс тұрған адамдары да, сол операның әнді, сәнді залында, өздеріне кездескен партия мен өкімет басшыларынан Сартау құм жайын сұрасады. Ондағы қой-қозы жайын өз бастарының үлкен бір қиын мұңындай етеді. Көп сұрақтар беріп, зор ілтипатпен сөз қылысады.

Қыс бойында Сартау құмның қалың ішіне батып, ақ қойлар отарын ауыр қайрат, айықпас ынтамен, күндіз-түнгі тынымсыз еңбекпен сақтап келе жатқан Есіргеп шаруасының мұңы мен жәйі де, март аяғында қой қоздауға тақаған кезде, жаңағыдай қалың жұртшылықтың үлкен қамқорлықпен ойлайтын жәйі болған-ды.

Құм ішіне өз отарын өзге шабандардың бәрінен бұрын ерте апарып жайғастырған Есіргеп, осы өткен айларда малды басқару, жұттан арашалау жөнінде өзгеше өнер көрсетті. Қыс бойы үй ішіндегі серіктерімен биылғы бар қиындыққа қасарысып шыдасуға серттесіп алған. Әсіресе ғинуар ішінде, алай-түлей боран ішінде отарына шапқан қасқырдан малын амандап қалған соң, үй ішімен берік бір байлау жасаған. Онысы – қыстың ортасында қиналудан, күйсіздіктен қорғанбай жиі көшіп отыру турасында болатын. Шұқырдан соң шұқырды жиі ауыстырып отырмақ.

Алғаш құмға келгенде бұл отар ел-жұрттан жалғыз жырылып кеткен, оқшау отар еді. Қыс қатая бастағанда, қиналып сасқан колхоздар мен совхоздардың бірталай шабандары Есіргеп ақыл тапты десті. Олар да Сартау құмның Есіргеп отарына көршілес көп шұқырларына келді. Құмға Есіргепті өкшелей кеп кірген КИЖ шабандары: Жүзбай, Қыстаубек, Қожаш сияқтылар болатын. Бірақ олар да қар қалыңдаған соң құмды ойлап, қойларын құмға жеткенше қыс қиыншылығына бұрлықтырып алып келді. Есіргеп болса, Қанипа, Әсияларға жиі көшу жөнінен ақыл салғанда:

– Балаларым, биыл сендерден бір тілегім болсын. Қыс қабағы жаман. Жаздан-ақ осы аңғарын жақтырмаушы ем, осы болар деп сезуші ем. Қазір көршімізге құмды паналап, көп отарлар келіп тығылып жатыр. Кімісі аман, кімі жаман болад – болжап болмайды. Көп отардың қойы құмға үйренген қазақ қойы болған соң, әлде төзімділік қып, аман да қалар. Біздің баққанымыз құмды алғаш көріп отырған бөлек тұқым. Осының қамын ойлап, "әлдеқандай болады" деп қорыққаннан елден аулақтап, қыс басында-ақ құмға кеп тығылып ем. Енді көрші келген отарлар құмның сирек отын таласа жеп, біздің қойдың өрісін тарылтатын боп отыр. Бұрын келген біз болсақ, әзір қойымыз күйлі. Көші-қоннан құм ішіне алыстап кетуден қорықпайды. Сендерден өтінішім босын. Дәл осы кәпір қыс өткенше әлсіремей, жұрт іздемей-ақ шыдай тұрайық. "Келіңдер, айына екі-үш көшіп, қойдың өрісін үнемі сонылап отырайық. Сол еңбегіңе осы қойларың татиды. Еңбегіңді артыңдағы елің-жұртың ақтайды. Мен жер шалудан, соныдан соны табудан қол үзбеймін. Сендер тек "ал көш" дегенде, көш те отыр! – деген-ді.

Осыдан соңғы қыстың екі жарым айында, апрельдің бас кезіне шейін ақ қойлар отары Сартау құмның бар сонысын асықпай шүйгіп жүріп, баптап жеді. Сонада Бобров әкеп берген екі аттың қайраты да көп тиді. Күн суытып, құм қары қалыңдай берсе, я тор төбел, я қызыл атқа мініп алып, бір күн, екі күндік азығын қоржынына салып ап, қайратты қарт Есіргеп жапа-жалғыз, тынбай жортып, құм кезеді. Қардың жұқа жеріне изен, еркек қалың тұрған жерлерге және көңі бар жайлы жылы шұқырларға үйі мен отарын лезде көшіреді. Қыс кәрінен қысылмады. Қойларын сәл де болса жүдетпеді.

Қой күйлі болғандықтан, бұның жас серіктері де қабақ шытпай, қынжылып жүдемей, құлшына қайрат етті. Жер шалудан, үй көшіруден бос болған күнінде де Есіргеп ертеден қара кешке атынан түспейді. Қанипа қасында боп, қойдың жәйілісін бағады. Әр топ қойдың шөп жесін, жүрісін, төзімділігін сынайды. Көп аңысын андайды. Бұл айларда құм қасқыры біліне беретін болған соң және Әсияның аяғы ауырлай бастаған соң, түн күзетін Есіргеп жалғыз Әсияға міндет қылмады. Қасына Бобров жіберген бала жігіт Әлімді қосқан. Күзет мықты, сенімді болсын деп, түнгі жүріске жылпос, ақ шеке биені Әлімге мінгізіп қойды. Соған тыным алдырмай, түн бойы ауыл айналасын атпен күзеттірген.

Әсия бүл кездерде мол ішікке оранып, жылы киініп отырады. Күнде Балжан өзі баптап салып беретін текемет, бөстек үстіне жайланып отырып, әнменен, сақтық күзет айғайымен уақыт өткізеді. Ол түн күзетінің басқарушысы болып, қыстың ұзақ таңында бір мызғымайды. Әлімді де тыным алдырмай, қотан айналдырып жүргізіп қояды. Бұл отарға осындай сақайған күзет соңынан құм қасқыры қайта беттеп соқтыға алмайтын болды. Олардың тобы болсын, жекесі болсын, құм шетінде кейіндеп қалған көп отар жағына ауысты.

Март аяқтап келе жатыр, енді аз күнде қой қоздайтын шағы жақын. Ұзаққа созылған қыс керенаулап, өз шеңгелінен құмдағы малдарды әрең-әрең босатып, енді-енді ғана шегініп барады. Құм қары тез еріп, шегінумен қатар, Есіргеп отары сол қарды өкшелеп келеді. Қойды күндегі өрісімен баптап жая отырып, апрельдің басына тақағанда, он күн ішінде алты-жеті көшіп, жылдағы қой қоздататын жері – Қанбұлақ, Жылыбұлақ тұсына жетті. Осы араға келіп қона сала, бұрынғы жылдарда, жақсы жылдарда жас қозыларды паналататын жер үйшікті тынбай қазуға, түзеуге, тазалауға кірісті.

Мөлшерлі күн, өлшеулі айы жеткенде, Жылыбұлақта отырған ақ қойлар отарының үстіндегі кең аспан мөлдіреп көгере бастады. Жарқырап, жадыраған жылы күн келді. Дәл осы күндерде апрельдің алғашқы күн шуағы мейірлендірген, қазір де жайылысқа мамырлап, ақырын жылжып барып

жүрген ақ қойлардың ене құрсақтары жіби түсті. Биылғы жылдың түңғыш төлдері дүние жүзіне шыға бастады.

Қозы күндіз де, түнде де қауырт туады. Алғашқы үш күннің өзінде жүзге жуық қозы туған еді. Есіргептер әзірлеген үш үйшіктің астарына құрғақ көң себілген болатын. Сол үйшіктердің қазір екеуі толып қалды. Қойдың жиі қоздауынан Қанипа мен Әсия қатты күпті. Ендігі қалған үйшік біреу-ақ. Қозы сыймайды, ендігісін қайтеміз? Күн жылына бастағанмен, түн әлі ызғарлы, суық. Үйшікке сыймаған жас қозы қатып қалады-ау деп қайғыра бастаған еді. Қыста құм кезіп, суық сорып шыққан қойлардың қозысы әлсіз, сүті де аз боп туады. Оның үстіне үйшіксіз болса, төлді амандап қалудан ақсаймыз-ау деп қорқып еді. Қойдың осылай қауырт қоздауы басталып, төртінші күн өткенде, Бобров пен Асан тағы жетті.

Көптен көріспеген достарына Бобров дәл бір ұзақ жолға кеткен осы үйдің қымбат, ыстық жақынындай келді. Ол Есіргеп, Балжанмен ұзақ қол сілкісіп амандасты. Әсияның қыстыгүні қасқырды өлтірген қайратын құттықтап, арқаға қағып құшақтап, амандасты. Үй сыртында атынан түсе сала, ала қоржынды толтырып әкелген сыйларын Қанипа қолына сол арада табыс етіп жатыр. Балжанға деп көп шай әкепті. Жастарына кәмпит, тәттілерін, шай, көйлектерін берді. Күліп, қуанысқан жас әйелдерден інілік алғысын алып жатыр. Асанның да жүгі бар екен. Ол – қозылардың салмағын өлшейтін кір. Осы көктемде биылғы қозыларға айрықша ғылымдық, зерттегіштік баға беріледі. Сонда кір оқымысты мамандардың аса қажет аспабы болады. Бобров Есіргептен қойдың дін аман боп, биылғы қатты қысты, ауыр жұтты елемей шыққанын түгел білді. Бұндағы жас әйелдердің қозылар турасындағы, үйшік жетпеу турасындағы қауіп-күдігіне түгел қанды. Келе сала, бүгін туған қозылар мен үш-төрт күн бұрын ең алғаш туған қозылардың өзін де, Әсия, Қанипаны да анық жұбататын қорытындыға келді.

– Үйшік аз деп саспаңдар. Ақ қой қазақ қойынан уызды болады. Есіргеп екеуміз екі жылдан бері солай деп ойлаушы ек. Биыл мынау жұт жылдың өзінде сонысы аса қымбат сыпаты болып отыр. Үйшікте үш күн тұрған қозың көп салмақ қосыпты. Олардың шешелері бұларды құс төсекте, жылы жайда тірлік етесің деп тапқан жоқ. Үйшікте үш күн тұру жетеді. Шешелері шыдаған ауыр жағдайға бұлар да көнеді. Үйрене берсін, шыныға берсін, бұ да тәжірибе. Ақ қойдың нәсілі туралы, тұқымдық сыпаты туралы биыл жасайтын біздің байлаулы қорытындымызға бұл үлкен қосымша болады. Туғанына үш күн болған қозыларды бүгін-ақ үйшіктен шығарып, орнын ендігі жастарына босата беріңдер! – деп бұйрық, нұсқау берді.

Осыдан кейін шаруа қамқорларының көңілі жайланып, қыстың соңғы қысылшаңы күпті көңілдерден жадырай берді. Бұрын туған қозылар үйшіктен маңырай шығып, кешкі жайылыстан қайтқан енелерінің бауырына кірді. Алғашқы суық түндердің өзін-ақ сол енелерінің ығына, бауырына, жүндес бүйіріне тығылып жатып, күйзелмей өткерді.

Бобров осы келгеннен мың қойлы отар түгел қоздап болғанша қайтқан жоқ. Апрельдің орта кезінде тең жартыдан артық қой қоздап болған еді. Ақ қойлардың жұтқа мықты, жайылысқа мығым, құмнан қорықпас, асыл жүнді, көп жақсы сыпатынан басқа, тағы бір белгісі байқалады.

Қазақ қойының өсімінен бұның төл саны да қара үзіп, озық боп шықты. Бобров КИЖ қойының әр тұқымды баққан отарында боп, биылғы төлді орта есеппен бес жүз қойдан шамалап, есептеп келген еді. Мынау отарда ақ қой туралы сол есебін қорытқанда жүз саулыққа жүз он алты қозы туғанын білдірді. Дәл осы жылда қазақтың құйрықты қойы жүз саулыққа тоқсан екі қозы берген екен.

Енді жыл аяғы бұл отар үшін игілікке айналды. Күн мейлінше жылынумен қатар, Жылыбұлақ атырабындағы бозғыл, тақыр төбелерге аласа жусан мен тықыр өскен шағыр, шытыр пайда бола бастады. Күн нұрланып, қуанта туады. Қызара балқып, жылы самал кешке айналып, сүйсіндіре бастады. Маңғыстап мамыр, баяу көктем келді. Ересек тартып калған ақ қозылар көктем шаттығын сүтке тойған бойынан ең лық жұртшылығына өзімен қатар еңбек еткен бір топ жас оқымысты мамандарды бірге танытты. Және әсіресе өзі жүріп, Алматыдағы басшылық орындарға өз аузымен ерекше алғыстар, мақтаулар айтып, Есіргеп үй ішінің еңбегін де танытып, бағалатты.

Жаңа тұқым туғызу оңай жұмыс емес-ті. Ол он төрт жылдай осы Қарғалы бойында, осы КИЖ шаруашылығының соңында, қысы-жазы қол үзбей тәжірибе жасаудың қорытындысы болып шыққан.

Бұл тұқымды шын, жаңа, асыл нәсіл деп танып, бағалап алу да оңай болған жоқ. Қойлардың ғылым тіліне түсіп, баяндама, зерттеуші мақала, тәжірибе қорытқан алғашқы кітаптар боп қағаз жүзіне түскен сипырлы, санды деректері үнемі биология ғылымының бұрынғы-соңғы негіздеріне сүйеніп қағазға түсті. Сол күйде қалыптанған ақ қойлар хабары, Есіргептер тәжірибелері қадағалап сынаудың талай сатысынан өткен.

Әуелгі саты Қазақстанның мал шаруасын ғылым жолымен зерттейтін институт – КИЖ болған. Соның оқымыстылар кеңесі өздерінің көп ірі ұсыныстарымен Ауыл шаруа академиясының қазақстандық филиалы – ВАСХНИЛ кеңесіне ақ қойлар дерегін ұсынған. Ауыл шаруа ғылымының Қазақстандағы ең жоғарғы, ең білімдар абыройлы орны осы еді. Бұның басында отырған қазақтан шыққан биология ғылымының докторы Әмір болатын. Ол өзі де дамылсыз тәжірибе ғалымы болғандықтан, Есіргеп пен Әсиядан басталған құмдағы ауыр еңбек жемісін әр кезде қадағалап сұрап, жақсы біліп жүруші еді. Бобров ісінің де ең зор, ең ынталы тілеулесі, дос көмекшісі осы болатын. Ақ қойлар жайы бұның қолына келісімен үлкен істің кең баға берілу жолы енді басталды.

Бобровпен ақ қойлар жаңалығы – Қазақстанның Жер Комиссариатында, Халық Комиссарлар Советінде, Одақтық Жер Комиссариатында, Мәскеудегі мал шаруасын зерттейтін тақты ғалымдар жиылған институттар мен академияда бірер айдың ішінде түгел мәлім болды. Ақ қойлардың туысын Әмір Одақ бойына үлкен сенімді қуанышпен мәлім етті. Осындай дәлелді деректер жайынан үлкен дабыл, ғылым дабылын берген мәлімдемелер соңынан Мәскеуден айрықша ірі мамандар комиссиясы шықты. Қазақстан шаруа орындарымен біріккен комиссиялар Ұзын Қарғалы бойына тартты. Есіргептің отарындағы ақ қойларға талай рет келіп, зерттегіш, танығыш, білгір көздермен бар сапасын анықтады. Шын жаңа тұқым, асыл тұқым деп танып қайтты.

Тағы бір кезекте Алматы қаласынан бес машинаға, қала көшесінде жүретін сәнді машиналарға мінген бір топ ірі адамдар Есіргеп отарына Әмірдің бастауымен Бобровтың өзін ертіп, келіп қайтты. Бұл келген топ Қазақстандағы Орталық партия комитетінің басшылығы мен Министрлер Советінің басшылары еді. Қазақстанның халық шаруасына ұшан-теңіз пайдасы, қасиеті бар үлкен жаңалықты аса қымбат бағалайтын жандар. Анық дос, тілектес басшылығын білдіре келген топ болатын.

Осы соңғы келген қонақтар ақ қойларды тудырған барлық КИЖ адамдарының еңбегін бағалады. Еңбекке сай сый мен құрметін атайтын зор тілеулес адамдар болды.

Осыдан бірнеше айлар өткенде, Одақтың ұлы орындарын түгел сүйсіндіріп, тегіс аралап өткен ақ қойлар жайы мен Бобровтың еңбегі енді ұлы Одақ атынан аталып, қаулыға айналды. Отан сыйының тіліне ауысты. Он төрт жылдық қажымас еңбегінің жемісін Бобров татты. Оның Асандай білімпаз көмекші жас достары да саты-саты лайықты сыйларын Одақтың Жоғарғы Совет қаулысымен алатын болды. Ғасырлар бойындагы халық тәжірибесі, ел даналығы, ақ қойларды Алатау мен құмдарда шүйгізіп, семіртіп, молайтып сақтаған Есіргептер еңбегі де сол ұлы Одақтың Жоғарғы Советінің қаулысында және айрықша аталды. Есіргеп үйіне бұл қаулылар сүйінші тілеп келген хабары үлкен шоғыр, мол сый болып келді.

Есіргеп Еңбек Қызыл Ту орденін алып, Әсия, Қанипа "Құрмет" ордендерін алды. Және осының үстіне Балжан бастаған барлық үй іші адамдары әлденеше мыңнан және тағы бәйге алатын бопты.

Ақ қойлар жайындағы Отан берген баға, қадірлі сый бұл ғана емес, тағы бір алуан еді. Бобровтың ғылымда тапқан тәжірибелі жаңалығы үшін озғын оқымыстыға қасындағы азын-аулақ көмекші тобын қоса бағалап, Сталин атындағы қадірлі бәйге және берілетін болды.

Ақ қойлар да жаңа бір ат алды. Енді ол қойлар дүние жүзінің қой жөніндегі ғылымдық тілінде "қазақтың жібек жүн қойы" деп аталатын болған. Сол жібек жүн қойдың жәйі осы жаңа бесжылдықтың алғашқы жылында шыққан республикалық, одақтық баспа жүзінде сан рет жазылып, мол жұртшылыққа түгел танылды. Қазақтың жібек жүн қойын білмеген қазақ оқушылары да жоқ еді.

Осындайлық бірі артынан бірі келген игіліктердің, қуаныштардың арты Қарғалы суының бойында, күздің ашық, жылы, жәйлі бір күнінде мамандар мен шабандардың қызықты, қызу бір тойына әкелді.

Қарғалыдағы Есіргептер тойына қуаныш білдіре келген қонақ көп. КИЖ-дің өз қауымынан басқа көршілес аудан – Жамбылдан, Қаскелеңнен, Алматы қалалық ауданынан келгендер бар. Астананың өзінен де сан машина көп алуан оқығандар жұртшылығын әкелді. Ұзын Қарғалының кең көгал сызатына, жасыл белге орала біткен етектегі отарлар қонысы ойдым-ойдым көгалдарына қонып, бие байлап, түйе сауған, қалың қойларын семіре жайған көп отарлар болатын. Сол отарлардан Есіргеп қуанышына қоса қуанған шабандары Жүзбай, Қожаш, Есбайлар бүгін Есіргеп үйінің жанына өздерінің үйлерін көшіріп әкепті. Ыдыс-аяғын, көрпе-жастық, кілем-сырмағын, асжаулық-орамалдарына шейін бар бұйымдарын көмекке әкеліпті. Аттылы, арбалы, түйелі қонақтар Қарғалының жоғарғы-төменгі бойларынан, екі жағасынан Есіргеп отарына ағылып келе бастады.

Қатарлап тігілген, кішілеу, қоңыр үйлер бүгін келіп жатқан қалың қонаққа үнемі үзбестен ас беріп, сыйлаумен болды. Қазір Әсия, Қанипа, Балжандарға қосылған Ұлбике, Бағила, Әнипә сияқты көп кәрі-жас әйелдер дамылсыз самауырлар қайнатты. Жерошақ басындағы қазандардан табақ-табақ еттер тасумен, тыным алмайды. Бірақ қонақшыл үйлердің жұртты күтуінде бірде-бір ретсіздік жоқ.

Ақырын күлісіп қана, қарбалассыз, кейіссіз қимыл еткен әйелдер арасында қонақ күтуді өзі басқарып Есіргеп жүр. Оның қасында Асан, Әлім сияқты, Қожаш, Жүзбай сияқты кәрі-жас серіктері де шаң-шұң шығармайды. Неше жүздеген адамдарды бірнеше ғана момын, қоңыр үйлерден тойдырады. Қымыз бен өзге ішкілікке қандырып, қызара бөрттіріп шығарып жатыр.

Әр үйде әр алуан көңілді жиындар бар. Бір үйде әнші, ақын әйелдер мен жігіттердің айтысы жүріп жатыр. Тағы бір үйде, орталық кең үйде, қаладан келген қонақтар арасында атақты халық әншісі үнді шешен домбырасын бебеу қақтырады. Мың бұралған күміс толқынды сырлы, күйлі әндерін шырқайды. Дәл түс кезінде ас ішіп, жайланып болған соң, барлық жиынды сыртқа, кең көгалға шақырған, салтанатты қысқа мәжіліске шақырған үндер келді.

Дөңгелене отырған жиынның артында түгел кеп тұрған ел де көп. Олардың сыртында аттарына мініп ап, енді ат үсті ойынды күткен жас әйел, жас еркектер топтары түр. Жүйріктеріне зорға тыныштық алдырып, дөңгелек айналып, ауланы бөлек бір жиын жасап, жағалай қоршап түр. Оқымыстылар мен шабандардың қуаныш тойына өзі басшылық еткен және Есіргептің барлық үй ішімен қатты тату достық тапқан биология ғылымының докторы Әмір еді. Ол Қазақстандағы ауыл шаруа ғылымдарының ең жоғарғы орны – ВАСХНИЛ атынан, Ауыл шаруа академиясының атынан мәжілісті ашты.Аз сөзбенен ақ қойлардың халық шаруасына беретін зор сипатын айтып өтті.

Бобров пен Есіргептер еңбегінен туып, молайған асыл нәсіл биылғы жылы Қазақстанның қақ жарымына тұқым шашуға таратылып жібергенін баян етті. Кавказдан, Еділ бойынан, Дон жағасынан, алыс Украинадан осы тұқымды қойлардың сол жаққа барып, ұрық таратуын тілеп жатқан атақты ірі-ірі совхоздардың талаптарын айтты. Қазақстан сахарасында Сталиндік жаңа бесжылдық жоспары бойынша жанданатын, қазір иен жатқан Бетпақ шөлі, Мойынқұм, Қарақұм, Қызылқұмдар бар. Құт жайлаулары, салқын, самал белдері миллиондаған қой түлігін тосып тұрган – Алатау, Алтай, Тарбағатай, Ұлытаулар сияқты ұлан-ұзақ өрістер бар. Әмір осының көбіне Бобров, Есіргептер еңбегінің жемістері – жібек жүнді, еті мол, төзімге берік, ақ қойлар тарап өрбитінін айтты. Ұзын бойлы, келбетті, сүлу жүзді Әмірдің әр сөзінде Бобров пен Есіргептердің ұзақ жылдар бойындағы қысқы, жазғы қажымас қажыр, саналы азаматтық еңбегіне арналған алғыс, шын достық білініп тұр еді.

Осы мәжілісте ұлы Одақ қаулысымен аталған сыйларды Қазақстан Ұлы Советінің атынан тапсыра келген жауапты хатшы сөз сөйлейді. Ақ құба жүзі бар, салмақты, сабырлы сөзі бар жоғарғы өкімет өкілі Бобровтан бастап, Әсия, Қанипа, Балжандарға шейін арнаулы сыйларын беріп, ордендерін кеуделеріне тағып тұрып, барлық еңбек ерлеріне Отан алғысын айтып тұрды. Көңілді, қысқа, салтанатты жиылысты колхозшы ақын ескек жырмен құттықтады. Есіргептерді Қазақстанның көркем өнері де құрметтеді. Өнер тілімен құттықтауға келген, дөңгелек, қызыл жүзді, толық денелі, сыршыл әнші "Қанатталды", "Көгершінді" қалқытты. Шабандар ортасының қуаныш мерекесін гүлге, бұлбұл сазға бөлегендей боп еді. Үні мен әсем ырғақ әніне бар Қазақстан қанық болған әншіні Ұзын Қарғалы бойындағы колхозшы, шабандар да өз орталарының адамындай біледі екен.

Ат үстінде тұрған көңілді жастар даурыға тілек етіп, әншіге оның атақты "Құлагерін" де айтқызды. Талап етіп, соңғы әнін сол "Құлагермен" аяқтатқызды. Кең өлкеде қоралап қой, үйірлеп жылқы өсірген колхоз елі атақты Құлагер жүйріктігін желпіне, сүйсіне тыңдаумен ілес, осы мәжіліс тарқай бере, ат үсті ойынға өздерінің астындағы сәйгүліктерінен бәйге, Құлагер сапасындай шабыс өнер тілеп, ат үсті ойынға шықты.

Осыдан соң, күнұзын бәйге аттарды жарыстыру бір алуан қызу көрініс той өткеннен кейін, ат үстіндегі барлық қайраты мен талабы күшті тойшылар серке тартуға кірісті. Аттарымен жігіттері сай КИЖ қонаққа келген аудандардың колхозшыларымен бәсеке жарысқа түсті. Күш сынасу қызуында күні бойғы сән-сауығын өткізді.

Бобров пен Есіргеп ат үсті қызудан да, көпшілік сауық-сайранынан да қалысқан жоқ. Додаға түскен неше жүз атты ойыншылар біріне-бірі серкені бермей, қалың қырқыс-тартыста жүр. Бобровтың оқымысты жас көмекшілері, орыс жігіттері де көкпарда жүр.

Тегінде, Бобров маңындағы қазақ мамандары сияқты, орыс жастарының бәрі де Бобровтың өзінен үлгі алатын. Шабандар тұрмысына шын бейілімен, ет бауырымен араласып, қанығып кеткен болатын. Олар да Бобровша Балжанның қою шайын сүйеді. Қою қатығына, жазғы қымызына қазақтан бетер құнығып алған. Жатыс-тұрыста, ат үсті шабыс-жүгірісте шабандар не істеп, неге шыдап, нені қызық сауық етсе, соны олар да өздерінің аса құмар машығы етіп алған. Бұлардың қазақ тіліне де аса жүйрік боп алғандары бар.

Солардың ішінен қазір додаға бар жанын салып, зор қызумен түсіп жүрген Оксенов Федя, Бойко Семен болатын.

Бобров пен Есіргеп дода үстінде қырқысып жатқан аттылар тобынан биігірек бір төбеге шығып, қызулы жастардың үндерін тыңдайды. КИЖ жігіттері қалың қырқысу үстінде бірін-бірі айғайлап атап, үн қосады. Сонда көп шабандар серке тартуға сенімді Бойконы шақырады. "Семен, Семен" деп бір үн салса, тағы бір кезде Федяны "Петке, Петке" деп шақырып қояды.

Басындағы қалпағы қайда қалғаны мәлім емес, шекесінен әлденеден қан аққан, сұйық сарғыш шашының түбіне шейін беті-басы қып-қызыл боп, қайратқа басып алған Семен доданың тап ортасында. Сүр серкені тақымына басып ап, жүздеген аттылардың арасында жиі-жиі көрінеді. Бұны КИЖ шабандары айғайлап шақырса, Семен да үнемі ұрандап, үн салады. Өзіне сенімді серік болған Қожаш, Қыстаубек, Жайлаубек аттарын қайта-қайта шақырады. Бір кезек Қожаш қолына серкені берді. Адай айғырға мінген Қожаш топтан сытыла қамшылай жөнелгенде, артынан ілесе шапқан Семен мен Федя: "Қожаш, Қожаш! Әруақ, әруақ! Адай, Адай!" – деп айғайлайды. Қожаш пен Адай күрең айғырды қоздырғанда дәл бір өздерінің жеті атасына сиынып, ата әруағын ұрандап шақырғандай болады.

Ойын-қызу арасынан бір уақыт ауылға оралған Есіргептің алдынан Жеңісбек жылап шықты. Қызғылт жүзді, мөлдіреген мойыл көзді, кішкентай қара кекілі бар Жеңісбек атасының алдынан әлдекімді шағып, қатты жылап келеді екен. Бүгінгі күні бойғы көңілді күйінен Есіргептің ең алғаш күйініп, өзгергені осы шақ еді. Күн баласындай, көркем нұрлы, кішкентай Жеңісбек қазір бүған жетімсіреп жылағандай көрінді. Кішкентай баласына жаны қатты ашыды. Ат үстінен еңкейіп кеп алдына көтеріп алып:

– Әкем, кім тиді? Кім жылатып кетті менің кішкентайымды? Жарығым, жалғызымды – деп, бауырына қатты қысты. Жеңісбектің тақырлау төбесінен, құлағынан сан рет жабыса сүйеді. Иіскелей түсіп, еміреніп сүйеді.

Омырауларында жаңа ордендері жарқыраған, қонақтарын түгел сыйлап болған, енді таза киімдерін, барқыт кемзалдарын киіп, бастарына қызыл жібек орамалдарын тартқан Әсия мен Қанипа шеткі үйдің жанында тұр. Жеңісбек үшін құрақ ұшып жаны қалмай, аймалап келе жатқан Есіргепке қарап, сүйсіне күліседі.

Есті қарт Есіргеп былтырғы жылы жас нәрестенің атын өзі қойғанда, соғыстағы жеңісті бір мерзім етсе, өзінің қыңырлығын жеңген жаңа туысқа және мойындап "Жеңісбек" қойған екен...

Мұхтар Әуезов