Асыл нәсілдер. Әңгіме. I нұсқа

I

Түн ортасы боп қалды. Бірақ Әсияда ұйқы жоқ. Күзет қамы да емес, ой ұйықтатпайды. Бұл ой бір бүгін емес, соңғы екі жұмадан бері ішінде жүр.

Түн желді, суық, қыстың түні еді. Әсияның киімі жылы. Үстінде атасы Есіргептің үлкен сеңсең тоны пұшпағына түсіп, бойын қыздырып, тоңдырмайды. Әсия екі қолын жеңіне сұғындырып, қотанды айнала баяу басып, тынымсыз жүріске ауысқалы көп болды. Кейде ақырын айтса да, әсем нақыстап, аса бір ырғақты көркем ән созады.

Асыл жар, сәлем жаздым алыс жолдан,

Айнымас сағынышқа көңіл толған...

Әні де, сөзі де ыстық. Жас әйел жүрегін біресе өзіне қарай балқыта тартып, осы бір толқын меңдеп кетеді. Бұның қатарында сан бұралып, сағыныш орала созылады... Жар сағынышы...

Аласа, бозғыл беткейді толтыра жатқан бір қора қой. Мың қоралы қалың тобы қыбырсыз тыныштықта. Ақырын пысылдап тын алады. Осы қойдың күзетінде жүрген Әсияның ойында әр толқын бар. Соның бірі - әлдекімнен қысылу, ұялу.

- Білсе, ренжи ме?.. Жазығы жоқ жандар еді. Әй, ренжиді-ау. Көп жыл тату келін боп келіп, өкпелесем бе?.. Әлде айрылысам ба? - деп қобалжиды.

Әсияны осындай ойынан иттің үргені алаң етті. Қой шетінде жататын үш-төрт иттің арасында шолақ құйрық, шұнақ құлақ арабы қара төбет бар. Өзге ақ қаншық, ала күшік, ақ төс, көк дүрегей тазыдан бұл төбеттің мінезі бөлек. Қалған иттер не болса соған үре берсе де, қара төбет тегін үрмейді. Ол төбеттің аты Таймас еді. Бұл үрсе не қасқырды, не ұрыны, немесе суыт жүрген бөгде жолаушыны көргенде ғана үретін. Өзінің жаңағы ойынан оянған Әсия, Таймас үрген жаққа қарай қадам басты. Қараңғы, желді түннің меңіреуіне жас көзін қадап, әлденені көрмек болады. Бірақ ит қанша қадалып, шәншіле үргенмен, Әсия ештеңені болжай алған жақ.

Бүгін түн желі қатты екен. Аспанда қалың, қара бұлттар тұтасып, жай салмақпен ауып келеді. Айсыз, жұлдызсыз, декабрьдің түні, қою қараңғылық қаптатқан, саңылаусыз түн. Бір қалыпты ызғырықтан қатаң соққан түн желі өтімді, суық. Таймастың зор дауыспен, қайратты зілмен қысқа қайырып, бапылдап үргенін, түн желі қағып әкетіп, ық жаққа, алысқа жеткізіп жатыр.

Тегін үрмейтін Таймас Әсияның ойын "әлдебіреу ауылды торып жүр ме?" деген күдікке аударды. Ит бұл жолы да тегін үрген жоқ екен.

Алыстан, жел жақтан Таймас естіген сарын түнделетіп келе жатқан жүргіншінің белгісі болып шықты. Аз уақытта Темірқазық жақтан, ойдағы құм жақтан келе жатқан жалғыз аттының қарасы көрінді. Қора шетінде өзге иттерді бастап Таймас жүргіншінің алдынан жүгіріп үрді. Бірақ аз үріп барып, келе жатқан аттыны танығандай тоқтап, қой шетіндегі жалғыз үйге қарай бұрылды.

Жүргіншіні Әсия да таныды. Бұл келген екі күннен бері жолаушылап құмға кеткен Әсияның қайын атасы Есіргеп еді. Кеш бойы қой шетіне жалғыз шыққалы, Әсияның бір ойлаған кісісі осы атасы болатын. Қазір жүргіншіні танығанда, жас әйел тағы ұялды. Бірақ амалы жоқ, атасының алдынан көлденеңдеп жүріп кеп, кішілеу киіз үйдің сыртында тосып алды.

Есіргеп қараңғы түнде астындағы боз биесін деміктіріп, терлетіп, қатты жүріп келген екен. Келіні алдынан тосып тұрып: "Жәке, ат-көлігіңіз аман ба?" - деп, именіп ақырын сөйлеп, боз биенің шылбырынан алып, атасын аттан түсірді. Басында үлкен, дөңгелек, қалың қара бөркі бар, жылы киінген Есіргеп келінімен амандаспай, үнсіз түсті. "Шаршап келдіңіз ғой!" деп, келіні атасымен тағы жауаптасайын деп еді, ол ұзын жеңімен қолын бір сілтеп, жауап бермеді. Сырт айнала беріп, өзіне-өзі айтқандай:

- Шаршамасы бар ма? Шаршаттыңдар ғой түгі, құрып қалғырлар! - деді.

Әсия бұдан әрі үн қата алмады. Ат қасында үнсіз тұрып қалды. Атасы үйге кіріп, орта жасты әйелі Балжанды оятты. Әсияның қайын сіңлісі Қанипа шешесінен бұрын оянып, үй ішіне от жақты. Әсия үй сыртында тұр, кіруге батылы шыдамай, қой шетіне қайта кетті.

Есіргептің жаңағыдай суық үнмен жауап қатқанын, ұрыса сөйлегенін, әсіресе бұны ұрсып сөйлегенін Әсия бұрын естіп көрмеген еді. Енді аттан түспей жатып, ызасын, кекесінін ірке алмай, жаңағыдай қатқыл сөйлеу Әсияға бар жәйді айтқызбай-ақ түсіндірді. Өзін қысылдырған күй бұрын атасына белгісіз болса, қазір түгел мәлім екенін келін анық аңғарып тұр. Әсия сырын Есіргеп осы сапарға аттанарда, өзінің кәрі жолдасы Балжаннан естіп кеткен болу керек.

Әсия атасынан ұялса да, өз ішінде енжар боп, қиналған жоқ. Әлгі бір кезде үзілген ән тағы өзіне тартады.

Асыл жар, сәлем жаздым алыс жолдан...

Сол әнмен ілес, жас көңілге ыстық бір шақ елесі келеді.

Биыл аса жәйлі, жылы болып өткен сентябрьдің бас кезі болатын. Отарлар ол кезде құмда емес, ұзын аққан Қарғалының бойында. Өзен бойы, ұзақ шақырымдарға созылып қонған КИЖ1 шаруасы мекендеген Есіргептің отары өзіндей көп қойлы отарлардың орта тұсын қоныс еткен. Ұзын Қарғалының екінші жағасына созыла қонған, көрші аудандардың колхоз малдары болатын. Күздің бас кезінде отарлап мал жаятын совхоз бен колхоздарға Ұзын Қарғалыдан жәйлі қоныс жоқ. Бір жағы жаз бойы соны тұратын, қалың ақ от қаулап өскен көп сары адыр болады. Екінші жағы отар малының ертелі-кеш су ішіп, жағалай жайылатын өзені - Қарғалы. Бұл өзеннің алқабы кең. Екі жағасы шалғынды, шымы тұтас, сазды көгал болады. Күндіз де бір мезгіл жайылыстан қайтқан қалың қойлар өзеннен тыным алады. Шөбі қалың, суы мол және ауыл қонарлық қойнау-қойнау алаңы көп өзен бойында бұрынғы күндерде де, көктем мен күз кезінде қалың ел, мол малымен, осы күндердей иін тіресе отыратын.

Әсияның есіне түскен кеш жарық айлы, үнсіз, жым-жырт жылы кеш. Сол Қарғалының бойында отырған қалың елдің бірталай қауымы жиылып, өзінше бір қызық сауық еткен кеші болатын. Әсия мен оның тату досы, қайын сіңлісі Қанипа екеуі Отан соғысынан қайтып келген бір ағайындарының үйінде болды. Қатерден аман қалған тату құрбы, осы шаруаның шабаны Түсіпжанның үйіндегі тойда болған. Сонда бұған өздерінің құрбысы Молтай деген жігіт оралды. Бұл күнге шейінгі өмірде ешуақытта аузына алмаған, ойына келмеген бір сырын Молтай Әсияға өлең арасында ашқан болатын. Молтай әрі әнші, әрі айтысқа жүйрік еді. Сол Молтай айтқан сырдан бұрын Әсияның көңілі соғыс басталғаннан бері жабырқау еді.

Соғыс басында, 1941 жылдың жаз ортасында, жайлауда бұның сүйікті жары Сайлыбек әскерге кеткен болатын. Екеуінің үйленісіп, табысқанына бір ғана жыл болған. Сайлыбек -Есіргептің жалғыз баласы еді. Әсиямен екеуі бір жыл бірге кешкен өмірде, еңбекте -серіктес болды. Үй іші тұрмыста қабақ шытысып, ренжісіп көрген емес-ті. Әсия Сайлыбектің жары боп Есіргеп үйіне кіргелі осы мынау қой шетіндегі жалғыз үйдің үзілмес ұзақ, мол қызығы туғандай еді. Түз еңбегі жарасып қосылған, біріне-бірі сай жастарды Есіргеп қарт пен оның әйелі Балжан қатты қуаныш ететін.

Сол Сайлыбек жылға толар-толмас қана үй іші өмір кешті де, қатері көп белгісіз ұзақ сапарға, Отанын қорғау сапарына аттанып кетті. Жарқыраған жаз ортасында қадірлес ата-анасын қалдырды. Аялап сүйіскен Әсиядай жарын қалдырды. Жайлы жылы жаз дәл қазіргі Әсия көз жұмбай жүрген қыстың қара түніндей боп кетті. Қызыл жүзді, нұрлы келген қой көзді, бұрын әнші, күлкіші Әсия қайғы тартты.

Әлі де міні, мынау жеті түнде, зауал уақытта, Әсия бір шындықты өзінен де, әлемнен де, қазіргі ашулы, өкпелі атасынан да жасырмай, ұялмай айта алады. Шын көңілінде Сайлыбек басына қиянат етермін деген бірде-бір ниет жоқ еді. Бірақ бір Әсия емес, оның атасы мен енесі де, қайын сіңлісі Қанипа да Сайлыбек жәйін талай улы жаспен жуа-жуа мұңдаған. Сайлыбектің командирінен хат келді. Москваны қорғағанда Сайлыбек үлкен ерлік көрсетіпті. Кейін жауды Москвадан қуып ұзатып әкетіп бара жатқанда, Вязьма түбінде қатты қырғын соғыс үстінде сол Сайлыбек қаза тауыпты.

Сайлыбектің ата-анасына осы хабарды білдірген командир Андреев шын отаншыл ер жауынгерді жоқтағандай сөз жазыпты. Сондай адал ұлды өсірген ата-анаға сай-сүйекті босатқандай көңіл айту, жұбату сөз жазыпты. Майданнан баласы, інісі, жар-жолдасы туралы ауыр хабар алып жатқан ата-аналар, ағалар, жарын тосқан әйелдер бұл сияқты қаралы хабарды "қара қағаз" деп атандырған-ды.

Әсия мен Қанипа бала күндерінде мектепте оқыған жастар еді. Сұмдық хабардың шындығына олардың көздері әбден жетіп, оңаша ұзақ жыласатын. Бірақ қарттарға осы хабарды өздері әдейі жеңілейтіп, үміт қалдырардай қылып айтқан. Есіргеп пен Балжанды бұл үйдің оқымысты, білімді досы, КИЖ малының үлкен бір басшысы Бобров та жұбата сөйлейтін. "Сайлыбек жаралы болып, өз бөлімі емес, басқа бөлімнің санитары соғыс артынан алып кетіп, командир Андреевке белгісіз госпиталға түсіп, содан басқа бөлімге ауысып кетуге де мүмкін. Жарасы ауыр болғандықтан, не басқа дімкәстікке ұшырағандықтан үйіне хабар ете алмай жүруге мүмкін" дейтін. Бобровтың осындай әр алуан, "дертке дәрмен" жорамалдары қарттарға соңғы таяныш еді.

Содан бері сарғайып тосумен айлар өткен, алғашқы қаралы жыл да өткен. Бір жыл емес, міні ұзақ сарылған үш жыл өтті.

Сол үш жылдан соң Әсия өміріне жаңа бір сәуле беріп араласқан сонау жарық айлы кеш. Қазір қой шетіндегі Әсияның көз алдында сол кештің бар сәті айқын тұр. Әнменен, қалың думан, жастар сауығымен, әр алуан көңілді ойынмен, әсіресе бір айтыспен қызықты болған кеш.

Әсия айтысқа жүйрік болса да, соңғы жылдары қойып кеткен еді. Айтысса әріптесін күлдіргі сөздермен, өткір әзілмен қатты қағытып өлеңдететін. Сол кеште ойыншыл, қалжыңқой Молтай бұны айтысқа жетектей берді. Ол да өлеңді шапшаң, ұшқыр айтатын. Жиылған жұрт екі жас бір-біріне өнер көрсетсін деп, айтысуларын өтініп еді. Әсия басында айтысқа түспеді. Сайлыбек өлген соң өзіне-өзі салған тыйымы бұл жолы да бойын тежетті. Бірақ ойынға епті, орамды, тәсілқой Молтай Әсияны сөйлетудің емін тапты.

Ол бұған тимей, қалжың айтыс өлеңін Қанипаға жолдады. Қанипаның айтыспайтыны белгілі. Соған өлең арнаған Молтай Қанипаның өзіне ғана тиіп қоймай, отарға, ондағы Әсияның есіне түскен кеш жарық айлы, үнсіз, жым-жырт жылы кеш. Сол Қарғалының бойында отырған қалың елдің бірталай қауымы жиылып, өзінше бір қызық сауық еткен кеші болатын. Әсия мен оның тату досы, қайын сіңлісі Қанипа екеуі Отан соғысынан қайтып келген бір ағайындарының үйінде болды. Қатерден аман қалған тату құрбы, осы шаруаның шабаны Түсіпжанның үйіндегі тойда болған. Сонда бұған өздерінің құрбысы Молтай деген жігіт оралды. Бұл күнге шейінгі өмірде ешуақытта аузына алмаған, ойына келмеген бір сырын Молтай Әсияға өлең арасында ашқан болатын. Молтай әрі әнші, әрі айтысқа жүйрік еді. Сол Молтай айтқан сырдан бұрын Әсияның көңілі соғыс басталғаннан бері жабырқау еді.

Ол бұған тимей, қалжың айтыс өлеңін Қанипаға жолдады. Қанипаның айтыспайтыны белгілі. Соған өлең арнаған Молтай Қанипаның өзіне ғана тиіп қоймай, отарға, ондағы мал күткен топтың бәріне соқтықты. Әдейі мінеп, сынап сөйледі. Зілсіз-ақ, күле отырып сөйлесе де, Қанипа мен Әсияның еңбегіне, намысына тиюге айналды.

Қанипа ыза бола бастап еді. Бірақ өзінен шығар өлең жауабы жоқ. Әсия осы кезде өзінен-өзі шешілді де, Молтаймен айтысып кетті. Жұрт бұл екеуінің өлеңдері басталысымен өзге жердегі айтыстарды тоқтатып қойып, "е!", "е!", "соқ!", "пәле!" десіп, қостап кетті.

Әсия Молтайға мықтап түйілді. Ызасыз, ренішсіз, қатты мысқылмен түйреді. Екі-үш қағысып өткенде Молтай отары мен Әсиялар отарының арасында биыл өткен социалистік жарыс жәйі білінді. Ол жарыста Молтайлар жеңілген-ді. Әсия әуелі осыны жиынның есіне сала кеп: "Біз совет мүлкін көбейтіп, қой айдаған ек, сен шығының асқан соң, сөз айдаған екесің" деп бір ілген. Молтай социалистік жарыста жеңілгенде, биыл жайлауда жиырма қозысын бұршақ соғып өлтіріп, содан жеңілген-ді. Соны кездейсоқ қаза, күтімнен тыс оқыс шығын, жәй түссе, өзің де өлесің, оған не дауа деп еді...

Әсия осының жауабын да күле отырып айтты.

Қызыл жүзі нұрлана балқып, үлкен көздері шұғылаланып отырып, өлең мысқыл айтты. "Ол айтқаның рас. Ендеше, бұршақтан, қатерден өлмей қалған сен ерді айтсашы жұрт! Жиырма қозы алтын басыңнан садаға. Қозыны бұршақтың соққысына тастап, өзің қашып тығылған, ақылың асқан азаматым. Сенің сол құтылғаныңды тойламаған бізді айтсаңшы. Өзіңді орденге ұсынбаған КИЖ-ді айтсаңшы. Ал, біз, Қанипа екеуміз, ақылымыз жоқтықтан, сол сізге жауған бұршақтың астында қалып, қозымызды жақын тұрған қарағай түбіне қуып тығып, амалдап қап ек. Бірақ ол ақылды кім білмейді. Ел ептеген ырымды еткен сені айтсаңшы!"- деп, үйдің ішін ду күлдіріп тоқтаған.

Молтай сол арада жеңілді. Бірақ сонысын әдемі күлдіргі өлеңмен, өзін-өзі әзілге аямай айтты: "Мойны астынан кеп жығылды деген осы, Молтай" деп, көлденең кісіше сөйлеген. Өзінің ол күні отарда бола алмағанын, басқа тығыз жұмыста болғанын айтып та, ақталған жоқ. Қайта жеңілгенін мойындаумен бірге, жұртпен қоса "осы жеңілгенің тіпті өкініш емес, Молтай. Көптен Әсияның үнін жұрт естімей қалып еді. Соның көңілін қозғап әуенін аштың. Сенің енді ішің кепсе де, ештеңең кетпей-ді..." деді. Бұнысы, жеңіле тұрса да, жақсы қалжың болды. Тіпті басында Қанипаға тиісуінің, енді кеп жеңілуінің бәрінің де есебі, әлемі түгелденгендей болды.

Әсияға Молтай осы мінезімен, ашық-жарқын, жұғымды мінезімен өмірде алғашқы рет қатты ұнады...

Сол түні Молтаймен екеуі оңашада көп сөйлесіп, іштей қатты сыйлас, қымбат достардай боп айрылысты...

Осының артынан тағы бірнеше күн бойында Әсияның түнгі күзетте оңаша отырған кезінде, Молтай келіп бірге отырып, ұзақ сөйлесіп қайтушы еді.

Молтай арзан тілек айтқан жоқ. Енді екеуінің өмірлік достығын тілеген-ді.

Сайлыбектің өлгеніне көзі жеткенін білсе де, Әсия соғысты айтып, әлі Отан қорғау қарызы Молтай мойнында да барын айтып, берік жауаптан тартынып еді. Молтай ол қарызды өзі де ойлайтын. Жүрермін деп, іштей әзірленетін еді.

Бірақ КИЖ шаруасы бұны, екінші ферма бастығы кеткендіктен, енді сол орынға қойып, алып қалатын боп отырғанын айтқан. Осыдан соң екеуінің уәде серті келіскен еді. Бұлар біріне-бірі ынтық, сүйіспендікпен ерлі-зайып тірлігіне көшетін болды.

Әсияның соңғы бір тоқтауы Есіргептер болатын. Сыйлас ата-енесі, әсіресе қимас тату досы Қанипа бар. Олардың ырзалығы бірге босын деп еді. Соны өзі кеп Қанипамен ақылдасқан, әуелі Қанипа қиналып, жауап бермеді. Ағасы Сайлыбектің өлгенін ол білсе де, ішінен өз үйінен Әсияның кетуін және жалғыз ағасының орнын қимайтын.

Осы күйді сезгенде Әсия жылаған еді... О да қимай қайғырған. Бірақ Қанипа екі күндей үнсіз мұңмен жүрді де, ақырында өздігінен сөз бастады. Молтай мен Әсияны қасына бірге алып отырып, турашыл, ашық совет жастарының жолын ұстанды. Екеуіне қайырлы өмір тіледі.

Есіргептерге айтамыз ба деп, Әсия мен Молтай ақылдасқанда, Қанипа өзі айтпақ, әзірлемек болды.

Әуелі Сайлыбектің анық өлгенін білдірмек еді. Бірақ Әсиямен екеуі де соған қарттарды тағы аяп, бірер жұма айта алмай жүрді. Бұл кезде Молтай мен Әсия ерлі-зайып боп өмір тілектерін қосқан еді...

Енді Есіргептерге білдіретін күнді айтып, жаңа соған тақап келіскен-ді. Дәл осы күнде Молтай халі шұғыл өзгерді... Оны соғыстан алып қалу мүмкін болмай, КИЖ-дің жаңа бір топ жігіттерімен бірге әскерге шақырылды да, алыс майданға ол да жүріп кетті. Енді Есіргептерге жастар сыры тағы ашылмай қалды.

Әсия жүрегінде естен кетпестей боп, Молтаймен бірге кешкен аз-ақ ыстық жалын түндері қалды.

Майданнан жазған хаты бар. Сонда "Асыл жар..." деген өлең сәлемі келді. Сол өлең Әсияның ендігі бар әнінің бір ғана айнымас серт сазы болды.

Бірақ жарық айлы түндердің ыстық сыры құпиялық күйінде қалмады. Ол сөз өсек болып, білінген жоқ, Әсияның өз ішінен туды да, өсті де, дүнияға жасырынсыз, жалтарусыз "мен шындық", "мен сондағы жарық айлы түндер айғағы" - деп, білінетін боп тұр.

Екі жұма боп қалды, Әсияның жас өмірінде бойына ең алғаш біткен ұрық ана құрсағында әуелі бірінші рет сәл бүлк етіп білініп еді. Енді күн сайын өзінің барлығын, ғажайып тірлігін жас анасына танытып, жиі-жиі қозғала бастады. Бұл күйін жасырып болмасын енді білген соң, Әсия осы соңғы күндерде, ең алдымен қайын сіңлісі Қанипаға айтқан. Әсияның түсі бір көгеріп, бір аппақ боп бозарып, жіп-жіңішке сарғыш қастары түйіліп тұрды. Ол өз сырын бастағанда бұған соншалық тілеулес және шын берік дос Қанипа бірге қызарып, бірге қуарған-ды. Бұл екі жас әйел бала күндерінде бастауыш мектепте бірге оқығанда, бірнеше жыл бойындағы татулығы мен сырлас жолдастығы бірде-бір кез бұзылып, құбылып көрген емес-ті. Кейін КИЖ шаруасында екі жас қыз ер-азаматтан бетер, санаулы жас қайраткер боп алды. Еңбекпен көзге ілінген кезде екеуінің сырластығы бұрынғыдан да асып, өсе түскен. Бертінде, Әсиямен жалғыз ағасының қосылуына да үй іші кеңесінде себепші болған Қанипа еді.

Тұнжыраған, қап-қара көзді, қызғылт, жылтыр, жылы реңді Қанипа, Әсия сырын естігенде жылап жіберіп, жеңгесін құшақтай алған.

- Айтпағын, тегі-тегі, - деп, жеңгесінің қасынан бір тұрып кетіп еді. Әсияға қайта ұмтылып кеп, жұбату айтты.

- Қайтесің, қайғырғанда қаяққа барасың? Молтай болса, о да жоқ. Жәкем мен апама өзім айтайын, жасың тый, тегі! - деген. Алғаш ашылған Әсия сырын қоса күйзелумен қабыл алған.

Содан бері үш-төрт қана күн өтті. Әуелі Қанипадан Әсияның енесі Балжан естіп, бір күн, бір түн ас іше алмай, бүк түсіп жатты. "Желім ұстады" деп Есіргептен жасырып, уайыммен өзі болды.

Заты момын Балжан бар шерін жасына артып, Әсияға бір ауыз сөз қатпады. Бірақ әлденеден, келініне ұғымсыз себептен бұрынғысынан да мейірлі боп, асының алдын, нәрлісін ылғи соған ұсынады. Қабақпен ішін танытып, Әсияға әншейіндегісінен әлдеқайда көбірек қамқорлық етеді.

- Тоңбасын, шаршамасын, аш болмасын! - деп, Қанипаға сыбырлап, қысқа-қысқа аналық қам айтады.

Бірақ, осымен қатар Әсияның ұялуын күшейтіп, күндіз де, түнде де өзін-өзі аңдамай, момын Балжан "аһ ұрып", күрсіне береді. Алдыңғы күн таңертең Есіргеп ақ шеке биені мініп жүрмек болды. Қыс қатайып келе жатқандықтан, мынау қалың қойға құм ішінен қонар өріс - қоныс, жәй іздемек еді. Ері жүргелі тұрғанда Балжан тысқа шығып, қарт серігінің қасына жаяу еріп, көп жерге шейін ұзатып, бірталай сөз айтып жіберді. Мұны алыстан шолып жүріп, өзінің сырын ата-енесі сөз қып бара жатқанын Әсия да білген еді.

Әншейінде бір жаққа шығып, үйге қайтса, ең алдымен Әсияға амандасып, отар жәйін, мал күйін, амандық хабарын тек қана Әсиядан сұрайтын Есіргептің соңғы келісі салқын болды. Әсияны қатты жат көріп, сыртқа теуіп, "құрып қалғыр" деп атағаны тегін емес. Есіргептің ішінде әлі тұнып, тыныштық тауып болмаған үлкен шердің толқыны жатыр. Соның ызғары Әсияның ұятты жүзін жаңа аяздай қарыды. Жас келін тыным ала алмай, қыстың ұзақ таңын дамылсыз сергелдеңмен өткізді.

II

Есіргеп қайтқан соң, түн ортасына шейін жалғыз үйде шам сөнбеді. Қиын жайдан үй ішінің ауыр кеңесі болғанын Әсия қой шетінде жүріп аңғарған-ды. Таң ата үйге кіріп жатса да, Әсияның ұйқысы шала болды. Қалың көрпе астында күрсіне түсіп, Әсия оянғанда Қанипа әлі қойға кеткен жоқ екен. Әкесі мен қыз арасында ұрыс тәрізді сөз бар еді. Екеуі де күбірлеп сөйлейді. Кейде шалдың кеудесінен ашулы сөз булыққан сыбырдай шығады. Қанипа әке ырқына көнбей қарсы ұрсып:

- Кім қиналмай отыр? Әсияның бүгінде ішкені зәр, қинама! - дейді.

- Қинама... Қинаған емес. Мені бұ қорлықты көргенше, бұл ұятпен ел бетіне қарай алмай жүргенше, жер жұтсын деп жүргем жоқ па?

- Не қыласың сонда?

- Кетем сендерден. Қаңғып кетем, тегі, жоғалтам көзімді.

- Ақылың мол әкесің. Бірдеңе таба ма десем, сөзің со ма?

- Ештеңе табарым жоқ. Өлімнен ұят күшті. Сендер қалыңдар. Қалғын бәрің сонда. Сайлыбектен айрылып та өлген жоқсың, түге. Мен де қарамды өшірейін. Бұл өңірде тұрмаймын.

- Тапқан екесің! Малды қайтесің? Ақылды, сенімді шабан деп саған сеніп жіберген елді қайтесің? Кеше серт бермеп пе ең?

- Серт берсем, сендерге сеніп, Әсия екеуің серігім болады дегем. Соғысқа кеткен азаматымды, Сайлыбегімді жоқтатпайды деп бергем. Екеуің бірігіп ап, мені мұндай отқа салсаң, кәрі Есіргепте не қуат, не дәрмен қалушы еді? Мені мұнда тұрсын десең, осылай етер ме едіңдер? Жақсы ит өлексесін көрсетпей өледі. Тегі, сол ит құрлы болмаспын ба? Кетем сол. Әсияны қостасаң, қал осында қасында. Мен сендерге жоқпын! - деп, шал өзінің өзгерместей байлауын қатты түйіп айтты. Әсияның аңғаруынша тұрып кетіп бара жатқан сияқтанды. Қанипа ұмтылып барып, әкесін ұстай алған тәрізденді. Бұл уақытқа шейін Балжанның үнін Әсия естіген жоқ еді. Қазір соның булығып:

- Құдай-ау, не сұмдық! Ұстағын, жібермегін, Қанипа! Ағадан бір, әкеден екі айрылдың ба?! - деген зарын естіді.

Әсия көрпесін ашып, жастықтан басын жұлып алды, өмірінде бірінші рет атасына тік қарады. Жасқа толы қой көздерін Есіргепке қадап сөйледі:

- Жәке, Жәкетай, күнім ағатай! Сөзімді тыңдағын, Жәке! Сізді күйдірген мен ғой. Мен тұрғанда сіз неге кетесіз? Кәрі басың қайда қаңғисың? Сіз кетпеңіз, мен кетейін. Қайда кетсем де көзіңізден жоғалайын. Қазір-ақ мен кетейін! - деп, атып тұрып, киіне бастады.

Қанипа біресе есік алдында аңырып тұрып қалған әкесін құшақтап, біресе ұмтылып Әсияны аймалайды. Екі арасында, күйік үстінде, жылдам жанған жалындай шалқиды.

- Жәке, Әсия, тыңдағын. Қойғын, тегі! - деп, сөз таба алмай екеуіне кезек жалынып тұрып, аяғында Әсияны құшақтай алды. Оны әке ашуынан өз денесімен тасалап, қорғағандай боп тұр. Және бір қайрат тапқан, сұп-сұр болған жүзбен Есіргепке қарап:

- Жәке! Үйдің де, малдың да иесі сенсің. Бізге де ақылшы, пана сенсің. Сен кетем дегенің сөз болмайды. Шыныңды айтқын. Бұл сөзің "Әсия кетсін, онымен бірге тұрмаймын" дегенің ғой? - деп, қатты айғайлап жіберді. Әкесінің көзіне зілмен қадалып тұрып:

- Солай дегін, айтқын шыныңды! - деп, ақырып қалды.

Есіргеп үн қатқан жоқ. Үй іші аз уақыт жым-жырт еді.

Тек өксіп жылаған үн Балжаннан ғана шығады. Қанипа әкесіне ұзақ қарап тұрып:

- Әсия кетсін дейді екесің. Олай болса, мені де ұстамағын. Қазір қош айтысып, Әсиямен бірге мен де кетем. Қалғын! Екеуің жерің кеңісін. Үйіңе, малыңа ие боп қалғын және екеуің, - деді. Әсияға шұғыл бұрылып:

- Әсия, сен кетсең, мен сені жалғыз жібермеймін. Қаңғытпаймын жалғыз басыңды. Сенің жарың майданға кетіп жалғыз босаң, менің де күйеуім сонда кеткен, мен де жалғыз. Сенде түк жазық жоқ, жасыма. Бір тамшы жас ағызбағын. Мені қайда кетсең, ерте кеткін. Болды, қазір екеуміз де кетеміз, - деді.

Есіргеп енді қызыменен жауаптаспады. Көзін төмен салды да, бар денесін сілкіткендей қатты күрсініп алып, шығып кетті. Балжан қызы мен келінін қоса құшақтап, аяғандай аймалап жүр.

- Қойғын, жандарым, қоя қойғын. Не деп тұрсың екеуің, тегі. Әкемен ұрыссаң да, сол сөз бе еді айтарың? Кетем деп шал қорқытады. Кетеміз деп екеуің үркітесің. Ол әкең болса, мен анаң екеуіңнің де. Біріңмен-бірің ұрыссаң да, отқа салатының мен бе? Сөйлесе шал сөйледі, мен қайсыңды тілдедім? - деді. Жылап тұрған қызы менен келінінің беттерінен сүйгенде, екі жас әйел ұялғаннан қоса жылап, үн қата алмады. Жазығы жоқ ана мейірі мен күйігі бар. Дәрменсіз әлсіздігі тағы мәлім. Сол хал қайратты екі әйелдің бар ашулы қуатын еріксіз жеңгендей.

Балжан сирек сөйлесе де, адамның ішін долбармен, зерек танығыш еді. Үнсіз тұрған Әсияның көтеріңкі жүзінен әзір ашудан басқа ешнәрсе түйе алмады. Бірақ өзінің қызы Қанипада Балжаннан алған мейірімділік мұрасы бардай көңілшек еді. Соның қазір тез өзгергенін қарт ана анық таныды. Аңғарды да, енді қатқыл үнмен қызына әмір етті: - Қой өріп кетті. Қасқыр араласпасын, сен сөзді қойғын да, шапшаң атыңа мініп, қойыңа барғын. Әсиямен өзім сөйлесем, алаң болмағын. Бар малыңа, бар, - деп, Қанипаны тез киіндіріп, қойына аттандырды.

Осы күн түс шағында күпсек қар басқан төбенің үстінде, екі жас әйел оңаша сөйлесіп тұр еді. Әсия отын іздеп келген, Қанипа қойын алыс өрістен отарға қарай жақындатып келген екен. Қалқан құлақ, көк бастау келген ақ қойлар осы отардың жаңа тұқым, асыл қойы. Сол қойлар әйелдер тұрған төбенің күнгей бетіне жабыса жайылып, тебіндеп жатыр.

Атынан түсіп, қоңыр биенің ауыздығын алып, ұзын шылбырмен оттатып тұрған Қанипа, бұл шақта Әсиямен ақырын сөйлеседі.

Біріне-бірі сирек жауап берісіп тұрған халінде екі дос, екі құрбы әйел, іштерімен ұғысқысы келеді. Әсия өзінің көп толғанған ойын айтады. Бірақ ол шарасыз. Қанипа оны жұбатпақ, тыныштамақ болады.

- Ұялғанды қойғын, тегі. Алаң болмағын. Ендігі қалған сөздің бәрін өзіме бергін, -деді. Бірақ келешек екеуіне де мәлім емес.

Молтайдан амандық хабар келмегенге де бірталай болды. Ол хатты жиі жазушы еді. Неліктен хабары үзіліп тұрғаны мәлім емес. Бұл бір күдік. Ол өзі жалғыз жігіт еді. Артында Әсия мен екеуінің сырына ие боп қалған ата-анасы да жоқ. Әсия болса және сондай. Бұның әкесімен туысқан көп балалы ағасы болмаса, өзінде шеше де, бір туған да жоқ. Егер Әсия бұл үйден кетсе, қазіргі екіқабат жайында сүйеу болар кісі жоқ. Есіргепке бар шынды ашайын десе, оған Сайлыбектің өлімін ең алдымен естірту керек. Бұған Қанипа бекінсе де, Әсия рұқсат бермейді. Өзінің қысылғаны үшін қарттарды ауыр уайымға сала алмайды. "Олардың жарасын мезгіл емдер, өздері жүре-жүре күдер үзер" десетін екі дос әйел. Оның үстіне, қазіргі сынға шыққан үлкен еңбек сапарында оларды зор уайыммен қажытуға болмайды. Көп шабандар ортасында отырса бір сәрі. Бұл отардың бар адамы алған мемлекеттік зор міндеті бар. Социалистік жарысқа отар мен отар боп түспек серттері бар. Енді бұлар бірінен-бірі ажыраса, ол бір сергелдең. Осындай ойлар екі әйелді көп толғандырады. Не қыларды шеше алмайды. Тым құрса КИЖ-ден біреу келсе екен деп, сондай дос көмекке үміт артысады. Бір кезек екі жас әйел алдағыны мезгілдің шешуіне бергендей болады. Күнгей бетте шашырамай, тығыз жанасып, жайылып жатқан қойларына қарасады.

- Бұ қойлар жазды күн емес, қысты күн жайылғанда да біріне-бірі жабысып, тобын жазбай жүреді екен. Ыстықта бірін-бірі көлеңкелеп сүйте ме деуші едім. Қазақ қойынан осы ақ қойдың мінезінің бәрі бөлек екен, тегі, - деді Әсия.

Ол қойды түнде күзеткені болмаса, күндізгі өрістегі жайылысын Қанипадан азырақ білетін. Қанипа болса, осы құм ішіне тақаған жайылыстардың бәрінде ақ қойлар мінезін әр түрлі жағынан бақылайтын. Бірақ жаңағы Әсиядай қысқы-жазғы мінездерін қорытқан жоқ еді.

- Рас айтасың, тегі, қазақ қойын бағудан осы қойды жаюдың бір оңайы бар. Бұлар тіптен шашылмай жайылады. Қасқырдан сақтау да оңай. Тек изені бар жерге жеткізсең болғаны. Қатар тұрып жабысады да қалады. Бір жердің шөбін тақыр тауысқанша жүгіріп, жортпайды. Жалғыз-ақ бір күн жайылған сай, төбеге тек екінші күн жаюға болмайды. Құмда шөп сирек қой. Бір күн жайылса, тап-тақыр құртып кетеді. Бұның осындай да мінезі бар. Бобров келгенде, ақ қойдың осындай мінез алғанын айтам деп жүрмін, - деді.

Қой турасын бұл екі әйел тату күндерде Есіргеппен де қосылып, ұдайы сөз қылатын. Мал мінезін бұлжытпай танығыш, байқағыш Есіргеп екі серігіне ақ қойлар туралы көп-көп сөздер сөйлейтін. Өзінің болжалын да көп айтатын. Әсіресе, үшеуіне күн-түн естен шықпас бір міндет ерекше мәлім болатын.

КИЖ биыл дәл осы қойлар арқылы батыл бір іске шыққан. Ақ қойлар биылғы жылы құмға текке келе жатқан жоқ. Ғылым үшін аса құнды болатын сыннан өтпек. Халық шаруасы үшін де бағасы ерекше зор сыннан өткелі келеді.

Ақ қойдың атасы жүнді тұқым - прекос. Шешесі - қазақ қойы. Солардың бірнеше рет қоздап өткен нәсілінен құбылып, өзгеріп кеп қалыптанған бір буын - осы. Оны бағу қартаң шабан Есіргепке және Әсия, Қанипаға тапсырылған.

Жүні әбден асылданған, бойы қазақ қойынан ересек, еті мол, ақ қойды білетін бір КИЖ-дің мал мамандары екен. Алматыдағы мал тұқымын зерттейтін зор ғылымдық орындардың бәріне мәлім. Сондағы білімпаздардың тұқым ауыстыру тәжірибесімен дүниеге келген болатын. КИЖ көп жылдан бері көп тұқымды қойларды арлы-берлі алмастырып көрді. Алыс Американың "рамбульесі", Англияның "прекосы", батыс Европаның "вюртембергі", ыстық шығыстың "гиссары", "саргиджасы" Ұзын Қарғалының топырағын татқалы талай заман. Солар Қазақстанның құм шөлі мен асқар Алатауында, аязды қыс Сарыарқасында өрбіп-өсіп келген "еділбайлар", "Шу" қойларымен әлденеше рет айқыш-ұйқыш қан қосып, тұқым араластырып, туысып кеткен. Осы ұзақ тәжірибелердің әрі ісшіл зерделі, әрі ізденгіш, білгіші - Бобров Ұзын Қарғалының бойында тәжірибемен сол жаңа тұқым, жаңа нәсілді дүниеге келтірген болатын.

Бұл тұқымның Бобров пен Есіргепті енді соңғы рет сынға салып жүрген бір жайы бар. Онысы - қысқы тебінде шыдамдылығы жөнінде. Тау жайлауда қай қой болса да, шыбынсыз жазда, салқын белде семіре алады. Бірақ қазақ сахарасының йен дүние, кең-байтағы өзгені күтеді. Миллиондаған мал бесігі боларлық құм менен далада қатты қыс бар. Сонда өз аяғымен күн көріп, жайылыспен шығатын шыдамды, көмпіс тұқым керек. Барып тұрған ауыр сын, ең зор бәйге осында. Дәл осы қыстың аяғында ақ қойлар бүкіл Қазақстан алдында, қала берсе, бүкіл одақтық халық шаруасын меңгеретін зор орындар алдында Бобров пен Есіргепті сынға салмақ.

Дүние жүзіндегі әзіргі барлық саны биыл екі мыңға ең алғаш қана толған ақ қойлар қазір бір атаның ұлы есепті. Осы Қанипа мен Әсияның алдындағы жайылып жатқан сол жаңа қойдың жарымы. Бір мыңы жеке бір отар болатын. Бұның екінші бір мыңы кейін, тауда қалды. Оны баққан да дәл осы Есіргеп сияқты қарт, білгір шабан Керей. Оған да КИЖ мың қойды тәжірибеге берді. Биылғы қысты оның отары да жайылыспен өткізбек. Бірақ құм емес, тауды қоныс етіп көрмек. Қысқы жайылысқа тау жағдайын бұл тұқым қалай өткереді, соны білмек. Рас, онда да тебінмен шығу керек. Сөйтіп, екі қарт шабан екі жақты сынды атқармақ. Бұл отарлар арасында өзінің ғылымдық тәсілін сынап жүрген КИЖ және соның білімпазы Бобров ұдайы қатынасуда болатын.

Отар құмға қарай көшкелі биылғы қыс шырайы өзге жылдардан өзгеше, жаман боп тұр. Қатты қысылып кетсе, үйіп қойған маяларға, әр алуан жемге сүйенетін КИЖ фермалары ұзақта, алыста қалды. Жұма сайын Алатаудан аса соққан ызғарлы, қарлы қыс Есіргепті құмға қарай, алыс елсізге қарай ысқырып, өкшелеп келеді. Осы кездің өзінде, декабрьдің аяқ шағында Әсия, Қанипалар Сарытау құмның шетіне кеп қап отыр.

Бұл мал, тегінде, жұтарманға жетсе, сүйеніш ететін қоры жоқ емес. Ол қамды ғылымдық институт жаздыгүні еткен-ді, қазір отар отырған Сарытау құмнан кейін қалған, фермаларға жақын, тағы бір құм бар. Ол белгілі "Қарой". Сол Қаройда осы қойға арналып үйілген маялар бар. Бірақ оны жеп, қолдан асыралып қыстан шығатын жаңа тұқым болса, ол ешкімге мақтан емес. Ғылым үшін табыс та емес. Құмда қолдан асыраса, қой түгіл, ешкі де қыңқ етпейді. Бобровтың, КИЖ-дің мақсаты ол қой емес. Құмды, тауды қыстағанда өз аяғымен тебіндеп күн көретін қой тұқымын шығаруды көксеп жүр. Есіргеп сол мүддені ғана біліп жүр. Қаройдан пішенсіз шығуды бұл тіпті Кереймен социалистік шартқа да жаз деп, Бобровқа тапсырып кеткен-ді. Шаруа мұңы мен қысылшаңы осындайлық. Оның өзі де қиын күйге соққалы келе жатыр.

Соңғы екі күн бойында, үй ішіндегі уайымын елемей, елсіз құмға жалғыз кетіп, белгісіз бейнеттер шегіп қайтқан Есіргептің оқшау жүрісі де осы күйден туған. Арттағы Қарой пішеніне жалтақтамасқа бекінген соң, не де болса сенімді құмды іздеп, ұзап сіңе бермек. Малының күйлі кезінде сол құм жақсы болса, жетіп, ілініп алмаса болмайды. Есіргеп қалың құмды көп шарлап, шөп сыңайын, мал отын өз көзімен барлап келген-ді. Түн күзетте құмның қомағай көкжал бөрісінен ақ қойларды қорғап, Әсия тыным таппайды. Күндіз болса, әкесі айтқан төбе, сайларға қойларын үнемі жылжытып аударып салып, Қанипа тыныштық таппайды.

Екеуінің жаңағы бір кезде қойға ауысқан әңгімесі, әншейінде көп сөйленбейтін бір жайға соқты. Ақ қойлардың өзгешелігін Қанипа айтады. Сүйте тұрып:

- Қозысынан қолымызда туды. Ер-азамат кеткелі сарп еткен еңбегіміз осылардың үстінде бопты. Биылғы қыста осылар жұтап қалса, еңбегің еш, тұзың сор деген сол болар еді-ау, - деді.

Қанипаның бұл айтқаны бір жағынан Әсияға ой салу болатын. Әсияның жауапты ой ойлайтын, азаматтық санасы бар. Үй ішімен қанша өкпелессе де, өзінің бас мұңын жұмыс үшін құрбан ете алады. Оны осы соңғы үш-төрт жыл бойында нелер қатты қысталаңда Әсия танытқан болатын.

Қанипа сөзінің түп мақсатын Әсия жақсы аңғарды. Ендігі бір сөзді ол жаққа өзі бұрды.

- Өлімнен ұят күшті дейді. Менің ұятым екеу боп тұр. Бір жағы Жәкемді өкпелеткен ұятым. Көз көрмес, құлақ есітпеске кетсем болар еді. Бірақ осы мал, осы қойларды қайтем? Екеуміз бес жыл бойы өзіміз өсіріп келе жатқан осы малдың бәрі шұбырып шулап, мені қорғап қалатын сияқты. Қайрат етеді деп, сеніп жіберген жұртшылық қайда? Сен екеумізді саналы совет жасы дейді ғой. Одан көретін ұятымнан да, өлгенім артық та. Қайтерімді білмей тұрмын. Бәрінен қиыны, Жәкем екеуміз енді, тегі, бір үйде сыйысып тұра алар ма екеміз. Шатағы осы боп тұр ғой. Жә, мен үйге отын жеткізейін, - деп, әңгімесінің аяғын оқыс бітіріп, жүруге айналды.

Ұзын жүні бозғыл тартқан, екі бүйірі күптей боп қампиған сұр есек көптен бері Әсияны тосып тұрған. Үстіне теңделген мол отын - сүткен бар. Бұл өңірдің құмда жағатын отыны. Әсия есегін айдап, ауылға қарай жүріп кетті, Қанипа Әсияны тоқтатқан жоқ. Оның сөзіне аз да болса, жаңа сөз қосқан жоқ. Есіргеппен ренжісуде Әсия жастығымен, ызамен сыңар жақ ойлап кете ме деп еді. Жаңағы Әсия сөзі олай емес екенін білдірген соң, Қанипа әдейі үндемей, іркіліп қалған.

Ол осы бетімен күні бойы қой ішінде болды. Бірақ түстен бері Қанипаның мазасызданып ойлаған бір жайы бар. Қойдың бір күнгі жайылысына изені жетеді деген екі-үш төбе, мынау қойлардың жарым күн-ақ тебіндеуіне жарады. Изен мен "еркек" дейтін шөптерді жиі жайылған қой тауысып қойды. Енді Қанипа аңғарып тұрса, бұның жем іздеген қойлары қарды бос тебіндеп жүр. Қанипа қазір қалың қойдың қорасына кіріп, қабағын түйіп, күдігімен тамсанып, шарамандық халін білдіреді.

Қой ішінде Қанипа күйзеліп жүргенде, Есіргептің үйінде дәл осы мал күйі туралы тағы бір кеңес болып отыр. Бүгін таңертең Есіргептің отарына екі жолаушы келген. Оның бірі - бұл отардың қысқы-жазғы қамқоры профессор Бобров. Екіншісі - КИЖ-дің зоотехнигі, мал маманы, қазақ жігіті Асан. Осыдан екі ай бұрын Бобров дәл осы үйде ұзақ күндер еңбек кешірген. Отардың тұқым беретін тұсақ, саулықтарын октябрь аяғында бөлгізіп алған. Өз көзімен басқарып, өзге серіктері соның нұсқағанын істеп, қойларды апрель басында қоздайтын етіп, ұрық септірген. Бұл шаруа бұрынғы сахара тәжірибесімен күйек байлап, күйек алып жүрмейді. Қоздарлық қойға болашақ қозының ұрығы түтікпен егіледі. Сол келген жолында Бобров Есіргепке "осы қыста құм ішіне кетсең де, артыңнан жетемін" деп, бір уәде берген. Ақ қойлардың қандайлық қайрат, төзімділік көрсете алатынын өзі де бақыламақ еді.

Бобров пен Есіргеп бірін-бірі көптен біледі. Екеуінің еңбектері аралас болудың үстіне, жастары да шамалас. Бобров қазақтың тілін үйренгелі көп жылдар болған. Осы Есіргептей көп шабандармен жақсы араласу арқылы білген. Шабандармен жазы-қысы бірге жатып, бірге тұрып, мейлінше сырлас еді. Барлық жайдан еркін әңгімелесе жүріп, қазақ өмірін де жақсы білген адам.

Есіргептің үй ішіне Бобров аса жақын, жақсы дос. Жастарына қамқор әке, аға есепті боп кеткен.

Бобровтың бұл жолы асығыстау келген жайы бар. Алатау алабына биыл қар қалың түсті. Қыс ерте қатайып бара жатыр. Сол асықтырды.

Жолаушы қонақтар келгенде, кешегі ұзақ жүрістен қажып келген Есіргеп қоңыр үйінің ішінде жылы бүркеніп, тыным алып жатыр еді. Балжан үй ортасына от жағып, сары самаурынға оқта-текте шоқ салып, қыздыра түседі. Кейде ақырын ғана күрсініп, Есіргептің оянғанын тосып отыр. Сақ ұйықтайтын қарт шабан Бобровтардың ат дүбірінен оянды. Балжанға:

- Шығып білші. Кім болды екен, - деген еді.

Бобровтар үйге кіріп амандасқанда, Есіргеп тез тұрып, киіне бастады.

От басында қолдарын жылытып, беттерін уқалай түскен қонақтардың қасына кеп, қатар отырды.

- Үй жанына келгенде аттың дүбірі көп еді, келген екеу-ақсыңдар ма? Әлде өзгелерің де бар ма? - деді.

Бобров Есіргептің байқағыштығына таңырқай түсіп, күлді де:

- Есіргеп, сен ұйықтағанда да бір құлағың ұйықтап, бір құлағың естіп жатады. Бұл жерге қанша ат келді? Айтшы, - деді.

Бобровтың мезгілімен келгеніне қуанып қалған Есіргеп әңгімеге, әзілге өзі де әзір екен.

- Мені қойдан басқаны аңдамайды, санай білмейді дейсің бе? - деп, қонақтарын күлдіре түсті. - Аттарыңды мен айтайын, келген кісің екеу болса, жетегің бар. Оның бір-бірден болу керек. Төрт ат үй жанына келген емес пе? Айтқын, таптым ба, жоқ па? - деді.

Асан таңданып, күліп жіберді. Бобров әзіл етіп:

- Сен мына керегенің арасынан көріп, санап алып айтасың, - деді.

Есіргептің тапқанын, дәл айтқанын теріске шығарған жоқ. Есіргеп тағы да мысқылдап:

- Е, іргеден қарап, мен қыз ба, келін бе? Аттың дүбірін айыра алмасам, мен малда неғып жүрейін, - деді.

Бобров енді шынға көшті.

- Күздігүні сен "биыл қыс жаман болады, құмға кететін болсам, ең керегі ат болады, мықты, семіз аттар құм ішінде жер қарауға, қоныс көруге керек болады" деген емес пе едің? Саған екі семіз ат әкелдім, - деді.

Осыдан соң Балжан жасап, баппен құйған қою шайды үй іші асықпай, ұзақ іше отырып, шаруаның қамына кетті.

Есіргеп "Алатау бөктерінде де қыс қатты ма?" деп сұрап еді, бұның оқымысты қонағы биылғы қыс туралы екі түрлі белгіні айтты. Біреуі - Есіргептің өзі күздігүні айтқан, күн райына қарап айтқан тәжірибе. Және Алматының ескі қарт бақшашылары айтатын тәжірибе болатын. Соған қосып ол Есіргепке екінші деректі тағы айтты. Бұнысына Есіргеп аз сеніп, аз ілтипат жасаса да, Бобров әсіресе даусыз сенетінін білдірді. Қыстың бұл өңірде биыл қарлы, суық, ұзақ болатыны туралы күн райын бағатын институт пен станциялар долбар айтады екен.

Добров ақ қойларының қамын отарға келгенде ғана ойламай қоймайды. Алматыда өзінің кабинетінде, ғылым институтында және Жер Комиссариатында да үнемі ойлайтын. Есіргепке қыс жаманатын айтумен қатар, Асан екеуі малдың мұндағы күйін сұрай бастады.

Шайды Есіргеп пен Балжан әрдайым ұзақ ішетін. Бұлар үйіне келгенде қазақпен қазақ боп, шабанмен шабан боп кететін Бобров Есіргеппен жарысқандай боп, шайды сағат бойы ішуге бар еді. Қазірде сол шайды ұзақ сілтеп, әңгімеде отыр. Есіргеп отардың қысылып отырған жайын мәлім етті.

Бірақ осындай күйін біле отырса да, Асан бұл отардың Кереймен социалистік жарысын еске салды. Екі отардың шарт қағаздарын осы жолы ретке салып, алып келген екен. Есіргепке бұны бере отырып, атасқан серттерін айтысып берді. Осы қыста қой өлтірмей аман шығарып, қозыны жүз қойға жүз он бестен беріспек.

Есіргеп Керейдің жағдайын өз халінен артық дейді. "Ол немене? Тауда, Назарбай Ащыда отыр. Қасында маясы тұр. Түнде қойына жылы қора бар" дейді. Асан мая мен қора Қаройда, бұның отарына да әзір екенін еске алып еді, Есіргеп "Мен оны әдейі сүйеніш етпедім. Қойдың бұрынғы қазақ қойынша төзімді болуын тілеп, сол жағынан сынайтын болсақ, қора мен маяға арқамды тіреп отырып нем бар? Сынаған соң сын босын, тәжірибе боса, тәжірибедей босын. Керей жарысқанмен, менің күйімде емес қой", - деді.

Асан Керейдің жерінде қар қалың болатынын айтты. Және онда да шөпті пайдалану шарттан кем түсу болатынын білдірді. Қораға да қойып жатпайды. Тек ығында ғана түнейді екен... соны айтты. Есіргеп "осының тек дегендей босын, Керей соған шын төзіп көрсін" деп қойған. Ендігі әңгімелері мына отардың күйі турасында.

Қазіргі бұлар отырған жер құмның дәл өзі емес. Құм менен даланың дәл жапсарласқан тұсы. Бұл араны Қарашеңгел дейді. Қыстыгүні де қатпай жататын қайнар бұлағы бар. Есіргеп қыс қарсыз болса, құмға мал бара алмайды, онда су жоқ деп, осы соңғы суға арқасын тіреп, тым құрса қыстың ортасына шейін осы қоныста болмақ еді. Енді міні, қар түсті де, өріс қысқарып қалды". Құмға көшпей айла жоқ екенін білдірді. Осыдан соң өзіне ауыр тиген уайымға көшті. Бобровқа қарап сөйлеп отыр.

- Осындай ойда жоқта сен келгенде өзімнің туған інім келгендей қуанып қалатыным бар ғой, тегі. Жаман үйімізде, етегің төсек, жеңің жастық боп жантая кетіп, өзімізше жатып, тұруың бар. Соныңа қарап, сенің Алматыда, Қазақстанда дәу атың барын, шоң оқымысты екеніңді ұмытып, еркімізбен сырласа береміз, - деді. Ақылды, шешен кісінің үлкен бір сыр айтардағы, саналы толғауын бастап алды.

Бобров күрең шайды сілтеп отырып, қасқа маңдайы мен әжімді, қызыл сары жүзіне шыққан терді таза орамалымен сүртіп отыр.

Есіргеп болса, Бобровпен сырластық бойынша, одан ештеңе жасырмауға бекінді. Екеуінің қасындағы таза мінезді жігіт Асаннан да именіп, іркілген жоқ.

Сөйтіп, ендігі айтылған сыр, уайым Бобровқа да, Асанға да ойда жоқ оқшау, тосын хабар болды. Рас, Бобров Есіргепті жақсы біледі. Барлық шабан атаулының тұрмысын, тілін, сыртқы өмірдегі әдет жайын да жете таниды. Бірақ дәл мынандай күйдің үстінде қазақша не сөз айту керек? Бір үйдің ішкі, қиын сырына қалай араласады? Бабын таба алмады. Қысылғаннан қызарып, терши түсіп, көпке шейін үндемей отырды. Тек бірталайдан соң ғана өзінің не істеуі керек екенін аңғарды. Жәй өмірдегі турашыл, оқымысты, әділ адамның қалыстық пікірін айтуды дұрыс деп білді.

- Есіргеп, сендерге мен не айтайын. Бұл айтуға қиын жұмыс. Қайғырған сенікі де дұрыс, ол да әлі өмір сүрмеген жас адам. Әсия жаман адам емес, білесіңдер. Оның бір ғана жазығы бар, онысы жас болғаны. Бірақ оған не айла бар? - деп, басын шайқап, тағы да қысылды. Тершіп отырып, бұндайда ешкімге жаман ойламайтын ақ көңілді, таза тәрбиелі адамның дағдылы бір адамгершілік сақтығын айтты:

- Ойлау керек, Есіргеп, Балжан. Сендер әке-шеше, сендерде ақыл бар. Өмірді білесіңдер. Араз болу оңай, адамды жазалау оңай. Бірақ көп-көп ойлау керек, - деп тоқтады.

Есіргептің әлі не істеп, қалай шешері мәлім емес. Бірақ бір ауыр сөзі бар. "Бұл келін баламның намысын қорлады. Менің қарт басымды жұрт көзінде жер қылып, жаман ұятқа қалдырды. Енді ол менің үйімде қалай тұрады? Ол тұрса, оның бойындағысын көріп, мен қайтіп бұл үйде тұрам?

Екеуміз екі айрылу керек. Ал, ол кетсе, мына қыстың ішінде мұншалық малды қайтем. Балшықтан кісі жасай алмай отырғанда, бұл отарды қайтіп сақтаймын. Құмға көшсең, оның қасқыры да қатты. Кейде суық дауылы да болады. Түн күзеті Әсия қолында болғанда, қысы-жазы уайымым жоқ еді. Енді міні, кісім де жоқ, басқа күшім тағы жоқ. Екеуің жақсы кепсің. Бірақ мен жаман боп отырмын. Малда жай жоқ. Менде күй жоқ. Дағдарып отырғаным мынау. Бірақ не болса да, бұл келін енді тұрмақ жол емес деп отырмын", - деген.

Бобров, бір жағынан, Есіргептей қарт адамның өзінше қыңыр ұғымын толық түсінеді. Екіншіден, Әсияның жайын да ұғады. Сонымен қатар ақ қой қамын еске алса, ол бұның өзін де қатты қинайды. Неғыларды білмей, ашу намыспен Есіргеп толғанды. Енді не қыларды білмей, өзінің ғылымдық үлкен тәжірибесі үшін, жауапты ойды шеше алмай, Бобров та қатты сергелдеңге түсті. Шай ішуі тоқталып, үнсіз томсарып, папирос артынан папирос тартып, түтінін будақтатып, ойланып қалды.

Осы кезде отынын алып Әсия да жеткен еді. Қонақтар онымен шолақ қана амандасты. Үй ішінде барлық сөз үзіліп, жым-жырт болысты. Тек Балжан ғана сыртқа шығып, Әсияның отынын түсіріп жүр. Өзіне:

- Тоңдың ғой, балам, отыршы, жылыншы. Күндіз ұйқың да шала болды, тыным алмадың ғой. Ас ішіп, жылы бүркеніп жатып, көзіңнің шырымын алшы, - дейді. Дағдылы адал, момын бейілімен келіннің қамын жейді.

Асан өзі әкелген көп газеттерін, азын-аулақ кітап, журналдарын Әсияға берді. Ол қызара түсіп, көңілденіп алып еді. Соның артынан Асан қойнынан бір хат шығарып: "Қанипа, екеуіңе мынандай хат та бар" деп ұсынды. Әсия қуанып, күліп жіберді де, сол арада ашып, оқи бастады. Молтайдан еді. Аман, әлі аман екен "асыл жар". Бірақ сол қуанышы ұзақ болмады. Хаттың аяғына қараса, жазылғанына көп болыпты. Осыдан бір ай бұрын бір хат алып еді. Соны жібергеннен үш-ақ күн кейін салған хат екен. Тек қана кешігіп жүрген сәлем болды. Сонда да ыстық еді. Кейінгі айларда хабарсыз болған Молтайдан бұрын өзі кеп тұрғанын да Әсия әлдеқандай көреді. Ол хатқа қадалған.

Әсия келіп, үй ішінің сөзі тыйылған соң, Есіргеп пен Бобровқа Асан жаңа бір ұсыныс айтты.

- Қойдың жайылысы қалай, күйі қалай, далада жүргенде барып, көзбен көріп, аңғарсақ қайтеді? - деген.

Осы сөзді Бобров тез қостады да, екеуі қастарына Есіргепті ертіп, атқа мініп, өрістегі Қанипаның қойына қарай кетті.

III

Қой ішіне келгенде, Қанипадан Бобров соңғы күндердегі жайылыстың қиындап бара жатқан барлық халін жақсы ұғынды. Түгел отардың тыным таппай жүргенін, қойларға жақындай бере, Есіргеп пен өзі де анық аңғарып келген еді.

Енді Қанипа да бұларға Қара шеңгелден көшпесе, отар жайы жаман болып жатқанын айтты. Кейбір қойлардың жүдеп, бүйірі солып, ашығуға айналғанын да айтып берді.

- Қаны, жүргін, өздерің көзбен көргін. Қандай қойлар ашыға бастағанын да айтайын, - деп, астындағы қоңыр биені тебініп, топты бастады.

Алдымен жүдей бастаған қай қойлар екенін білу керек. Әлі жүдемей, мойымай келе жатқан мықты қойлар қайсы екенін білу Бобровқа, Асанға да ерекше қажет. Олар қойнындағы қағаз, қарындаштарын алып, ақырын ғана, асықпай, Қанипа көрсеткен қойлардың бәрін түсіп ұстап, жазып алысып жүр. Есіргеп те жүдеген қойлардың қай топ екенін жақсы аңғарып, өзінше топшылап, түйіп келеді. Ізерлі, тәжірибелі, білгір топтың барлығына айтпастан мәлім болатын бір жай бар.

Жаз басында КИЖ шаруасы осы Бобров бастауымен өздерінің ғылымдық үлкен бір әрекетін, тәжірибе науқанын атқарған. Онысы ақ қойларды тұқым, текке бөліп, анықтап жіктеу ісі болатын. Ұзақ күндерге созылған бұл істі "бонитировка" дейді. Сол бонитировкада өсімге жіберілетін тұсақ саулықтардан бракқа шығарылатын қойлар ажыратылған. Өсімге жіберілетін саулықтардың өзі де бірнеше класқа бөлінеді. Көбі-ақ бірінші, екінші класқа бөлінген болатын. Үшінші класс - нәзік бітімі бар топ деп саналады. Бірақ осы ақ қойдың нәсілін шығаруда бір буын солардан болмай және болмайды. Сол бонитировка уақытында қазіргі Қанипа алдындағы мың қаралы қалың отар қойы түгелдей номерленіп, құлақтарына өз номерін тағып шыққан. Қазір жүдеулік ретімен қағазға түсіп жатқан көбінше үшінші класс қойы. "Құмға баруда ауыр сыннан өтуі қиын-ау" деп осы қойдан Қанипа мен Есіргеп те сескенетін. Бар қойдың көпшілігін аралап, жүдеулерін санға алып, Бобров тоқтаған кезде, Есіргеп өзінің көлденеңнен түйген тәжірибе ойын айтты.

- Сен нөміріңмен қағазыңа тіркедің ғой. Қай қой жүдегені жазуың бойынша өзіңе айқын шығар. Мынау үлкен сиырыңды танымаймын. Бірақ осы жүдеген қойдың бәрі тек үшінші класс екенін түйіп тұрмын. Осыным тура емес пе, айтшы өзің? - деді.

Бобров көзін сығырайтып, күлімсірей түсіп, Қанипаға қарап:

- Қанипа қалай ойлайды? - деп сұрады. Қанипа да іркілген жоқ.

- Жәкем жер қарап құмға кетіп, төрт күннен бері жайылыстағы қой ішінде болған жоқ. Қойдың жүдегені осы төрт күнде мүлдем көбейіп кеткен еді. Меніңше, бұ кісінің сөзі тура, - деді.

Есіргеп ақ қойдың осы бір алуанын әр кезде ұнатпайтын.

- Қыстың басына жаңа кірдік. Бұл тілеуің құрғыр болса әлі әзір, құлқын сәріден құмның қысын ұнатпай жатыпты. Бұған февраль, мартта не тауып берем? Осыны да бір бракқа шығармадың, тегі, - деп, Бобровқа әр кезде айтатын қияс бір дауын тағы айтып тұр.

- Тым құрса күзгі күнгі қашыруда бұларды аз қосуы керек еді. Көктемге шейін арықтап, аман қалған күнде де қоздай алмай жүрсе қайтем. Қоздаса да, арық болып, қозысын жарытпай, төл шығыны мол болса, құрығаны да бар еңбегіміз. Қинадың, қинадың биылғы мына ауыр қыста, - деген еді.

Қанипамен екеуі Асанға да осы қоймен байланысты күдіктерін айтқанда, "Керей социалистік жарыста бізден осы қой арқылы асады. Ол болса, бұл қойды маяға тыққан болар" дейтін еді. Асан күле тұрып түсінік берді. "Қораға, маяға тығып амалдап шықса, ол жағымен сендерден оздым дегеніне жұрт көне ме? Ол да жайылыспен мықты боп шыққанын танытады. Одан саспаңдар", - деді.

- Тек сонысына куә болыңдар. Жарысым жарыс. Бірақ жарыста бір шарт айтып, бағуда маяға сүйенсе, онда қарық қыпты. Онда, тегі, мен де жетінші қашарда, немесе Қаройда жатып алмас па ем, - деп қойды Есіргеп.

Өз жауаптылықтарын ерекше қамқорлықпен ұғып тұрған шабандарға Бобров бұл уақытқа шейін үн қатпаған. Барлық сөздерін аса үлкен ілтипатпен тыңдап тұр еді. Енді Қанипа мен әкесіне осы қыс бойына көңілдеріне күдік қалдырмайтын тиянақты бір жауап керек. Өз тәжірибесінің ғылым үшін, мемлекеттік халық шаруасы үшін не байлауы бар екенін білдіруге бекінді. Оның ендігі сөзінің ұзын ырғасы мынау еді:

"Осы жүрген отардың мың қойы тегіс көктемде қоздайтын қой. Бонитировканың өзінде де бұлар бір-ақ түрлі қой, бір класты ғана алған жоқ. Әдейі осы үшінші класты да қосқан. Бракты бөлгенде бұлардың ішіндегі ең жақсы, ең мықтысын осы отарға шығарған. Күзгі күнгі қашыруда да әдейі жіберген болу керек. Ақ қойдың бәрі бірдей бір тегіс емес. Ғылым тәжірибесі ылғи таңдаулы қоймен жасалмайды. Екінші класс пен үшіншіні қатар алмаса, бұл тұқымның жақсысын да таңдап алуға болмас еді. Қыс бұл қойларға да, бұлардың тәжірибесіне де қатты сынның қысы, КИЖ-дің барлық шаруасы үшін тәжірибе бәрінен қымбат. Құмға қысқы жайылыста, аталары, шешелері ешуақытта жүрмеген прекос, рамбульені де бұлар тәжірибеге салған. Жүз он алты, жүз он килограмм салмағы бар, кермеде бәйгі алған қошқарларды да сол тәжірибе үшін құмға жібергені бар. Соның көбі өліп те қалған. Бірақ тәжірибе үшін, қымбат тәжірибе үшін, сол тұқымның өзін де құмға айдатқан. Енді ол күндер кетті. Үшінші класс қойы, қазір өзге қойдан бұрын ашыққанмен, бұл қыстың бейнетін тартады да, көтереді. Есіргеп қозылар үшін қорықпасын, сол қозылардың келесі жыл құмға өздері мықты боп келуі үшін, енелерінің ішінде осы күннің өзінде бейнеттің бәрін көріп өтуі қажет. Өлгені өледі, ал өлмей қалғаны Есіргеп отарына келесі жылы балуан қой боп қосылады. Және арықтағанмен, әлі де осы класс қойының өзінде де көп күш бар. Бұл отар қойлары "элит" қойы, тұқым қойы болып бөлінгенде, бәрі бірдей болмайтыны мәлім. Бірталайы Қанипа мен Есіргепті қинайтыны мәлім болатын. Бірақ оның жауабын Бобров бір жағынан міне, өзінің жауаптылығына жазыпты. Бұны доклад жазып, КИЖ-ге де, Жер Халық Комиссариатына да білдіріп қойыпты. Сондықтан отар құмға көше беретін. Шапшаң көшсін деген" нұсқаулар айтылды.

Осыдан соң қойдың күйі туралы сөздері аяқталды да, Бобров Қанипаны бөліп ап кетіп, оңаша әңгімесін Әсияға арнады. Қанипа Бобровпен еркін әңгімелесетін.

Әсияны кінәламайтынын және бұрынғысындай дос көріп, қазірде әсіресе жаны ашып, жақсы көретінін білдірді. Бірақ осымен қатар әкесінің ашуы, өкпесі қатты екенін айтты. Сөзінің аяғында:

- Біздің үйдің жәйін өзің білесің ғой. Сайлыбектің өлгенін сен де білесің. Әсия екеуміз де білеміз. Шал, кемпірге айта алмаймыз. Әлі де айту керек емес. Осы уақытқа дейін де түстерінде көріп, аман деп қуанысады. Ал, Әсия болса, күйеуге тиіп қойған. Тек жұртқа білдіреміз дегенде, күйеуі тез әскерге кетті. Ол Молтай болатын. Мен өзім бар сырларына ортақ ем. Молтай үйде болса, Әсия қазір сонымен бірге тұрар еді. Кейін Жәкеме өзім айтып, тоқтатам деп, Әсияның көңілін жай қып едім. Енді үй ішінен су шыққандай қып, Әсияның мынадай кезінде жалғыз басын қудалап, күйдіре берсек, не болмақшы? Өзің шалды ақылға көндір. Көнбесе, "бір айдан соң кісі тауып жіберем. Әсия қолында тұрмасын десең, тым құрса сабыр қып бір ай шыдағын" деп, соны айтып кет. Болмаса, отар жаман болады. Талай жылғы еңбек құмдай шашылады, - деген.

Бобров бағана шайдан бергі, өзі бабын таба алмаған ойдың бар тетігін Қанипа тауып бергенде, қатты ырза болды. Қой шетінде жүрген қоңыр, момын Қанипа қандай? Жел қағып, күн күйдірген қара торы жүзі бар. Сұлу, тұнжыраған көзді жас әйелге Бобров адамшылдық, аталық мейіріммен, алғыспен қарады. Бобровтың бұл отардағы кәрі-жас достарының сырты жұпыны. Бірақ бәрінің де ішінде шыншыл, адал жүректі адамгершілік бар. Талай оқыған адамдардың үй ішінде табылмайтын жақсы мінез бен зор адамгершілік осы қой шетіндегі қоңыр лашыққа нық ұялағанына кейде тереңдеп ойлап, қатты таңырқайды. Қанипаға аса жақын, сырлас жүзбен жылы қарап, ақырын сөйлейді.

- Қызым, сен жақсы адамсың. Мен КИЖ-дің бастықтарына, Алматыға сені "сондай ақылды совет азаматы бар, жақсы комсомол қыз бар" деп, айтып барамын. Әсияны сүйегенің жақсы. Жаман болу әрбір иттің де қолынан келеді. Сенің мінезің - жақсы адамның мінезі. Айтқан ақылыңды алдым. Шалмен сөйлесемін. Ол болмаса, амал жоқ, сендерге көмекке кісі жібереміз. Бірақ ол Әсияға болмайды, білесің. Әсияға да бұл халінде сендерден кеткен жаман. Оған менің сөзімді сен айт. Шыдасын. Ол жас қой, мықты ғой. Досы сен де барсың. Балжан бар. Отардан басқа ешнәрсені ойламай жүре берсін, - деді. Екеуінің біріккен ақылын Қанипамен оңаша, осылайша қорытты.

Осы түнде Әсия қой шетінде күзетте жүргенде, Асан мен Балжанды ұйықтатып тастап, Қанипаға шайды құйғызып отырып, Бобров Есіргепке көп ақыл айтты. Келінімен екеуін татуластырып, жарастырудың ниеті еді. Әр кезде Бобров сөзін Қанипа да: "Осынысы тура ғой, Жәке, қойсаңшы. Жәке, саған не болды?" деп, әкесін ойландырмақ болып еді. Бірақ екеуінің де сөзі Есіргепті жеңе алмады. Оның бар ойысқаны, бір айға шейін өлсе де, мал үшін, шаруа үшін, Бобров үшін шыдап көрмек. Бірақ Әсия туралы айтқаны:

- Баласын бауырына алып, "міні, сендерді алдап, қараңғыда тапқаным" деп жазғызып, емізіп отырғанын көре алмаймын. Онда Сайлыбегім шын өлгені. Бір өлген емес, күнде өлген боп, көз алдымда күйік болады, Бобров, әкем, тегі, мені бұл азаптан, бұл тозақтан құтқар. Бір айдан соң кісіңді жібер. Өзге сөзді неғыласың, қайтесің, - деген.

Осымен ұзақ, ауыр әңгіме Қанипаның күндізгі айтқан сөзімен аяқталды. Үйдегінің бәрін де күрсінтіп, ренжітіп барып аяқтаған еді.

IV

Осының ертеңінде Бобров пен Асан Есіргеп үйін өздері жығысты. Қара шеңгелден отарды көшіріп, Сарытау құмының қалың ішіне апарып қондырысты.

Құм теңіздің бұйра толқынындай, шошақ-шошақ құм төбелерге толы. Бұнда су жоқ, адам мен мал пана қылатын орын да аз, тек құм төбелердің қалыңдап, түйіскен кейбір жерлерінде ауыл орнындай боп қалған терең, кең алап болады. Құм төбенің басынан қарағанда, бұл алап терең құр апанның түбіндей. Шыңырау түбіндей аясы азғантай боп, дөңгеленіп жатады. Құмды қыстайтын ел осы тостаған аясындай айналасы қоршаулы, ықтасын орынды мекен етеді. Осындайлық қыс қонысты "шұқыр" деп атайды.

Есіргеп екі күн бойы құмды кезгенде жайылыс жағдайын түгел шолған. Биыл осы өңірде қойға азық болатын изен мен еркек дейтін шөптің жеткілікті екендігіне көзі қанды. Қазір үйін әкеп қондыратын шұқырды да сол келісінде белгілеп кетіп еді. Құм арасында жол да жоқ. Тау мен кең біткен сай-сала да жоқ. Біріне-бірі ұқсайтын шошақтар, жасынан осы құмның тағысындай боп, жадысын біліп өскен Есіргеп болмаса, өзге кімді болса да тез адастырады. Есіргеп алғаш келіп қайтарында "көшпен жүріп адаспайын" деп, дәл осы шұқырдың тұсындағы бір құм шошақтың басына қарақшы шаншып кеткен-ді. Бұрыннан құмды қыстайтын ауылдардың әр кезде өз шұқырының тұсына "біз мұндамыз" дегендей қарақшы шаншып отыратынын ол бұл жолы әдейі қолданған. Құм ішіне, осы шұқырға, Қанипаға болысып, ақ қойларды жылжытып айдап отырып, Бобров пен Асан бірге келді.

Асан қайтайық десе де, Бобров асықпады. Әр генерациядан өткен әр кластың тұқымдық қойларының күйін бақты. Әрине, бұл қойларды Қаройдағы КИЖ жиғызған малға жақын ұстаса, ешбір қатер болмас еді. Бірақ тәжірибемен өрбитін халық шаруасының, ғылымның тілегі одан жоғары, әрі жатыр. Осы ақ қойлардан бар Қазақстанға асыл тұқым жаймақ. Ол қойлар барлық пішенсіз құмдарда, Арқаның сары аяздарында өз аяғымен, тебінмен күн көріп шығуға жарайтын қой болу керек. Сондықтан асыл тұқым атын алмақ. Бобров осы сынға мына тұқымды салып отыр. Ал, Есіргеп болса, ғылым талабын іспен анықтап сынап, қорыту үшін не де болса осы құмға қыстап шықпақ боп отыр. Өршіл ғылым мен ғасырдың халық қажырының қабысқан, түйіскен ісі еді. Ертеден қара кешке Қанипаның қасында Бобров пен Есіргеп екеуі жүріп, қойлар күйін зерттеді. Құм ішінде Қара шеңгелдей емес, қар жұқа, кей жерінде күнгей беттеріндегі қар тез еріп, тез сіңіп кетеді. Құмның биылғы Есіргеп айтқан тағы бір қасиеті, қойға керек болатын изені етектей боп мол тармақтанып, құнарлы боп өсіпті. Және еркек дейтін екінші шөбі бойшаң боп ұзарып шықпай, қысқа бойлы, нәрлі боп, дәнді боп шығыпты. жақсы комсомол қыз бар" деп, айтып барамын. Әсияны сүйегенің жақсы. Жаман болу әрбір иттің де қолынан келеді. Сенің мінезің - жақсы адамның мінезі. Айтқан ақылыңды алдым. Шалмен сөйлесемін. Ол болмаса, амал жоқ, сендерге көмекке кісі жібереміз. Бірақ ол Әсияға болмайды, білесің. Әсияға да бұл халінде сендерден кеткен жаман. Оған менің сөзімді сен айт. Шыдасын. Ол жас қой, мықты ғой. Досы сен де барсың. Балжан бар. Отардан басқа ешнәрсені ойламай жүре берсін, - деді. Екеуінің біріккен ақылын Қанипамен оңаша, осылайша қорытты.

Осы түнде Әсия қой шетінде күзетте жүргенде, Асан мен Балжанды ұйықтатып тастап, Қанипаға шайды құйғызып отырып, Бобров Есіргепке көп ақыл айтты. Келінімен екеуін татуластырып, жарастырудың ниеті еді. Әр кезде Бобров сөзін Қанипа да: "Осынысы тура ғой, Жәке, қойсаңшы. Жәке, саған не болды?" деп, әкесін ойландырмақ болып еді. Бірақ екеуінің де сөзі Есіргепті жеңе алмады. Оның бар ойысқаны, бір айға шейін өлсе де, мал үшін, шаруа үшін, Бобров үшін шыдап көрмек. Бірақ Әсия туралы айтқаны:

- Баласын бауырына алып, "міні, сендерді алдап, қараңғыда тапқаным" деп жазғызып, емізіп отырғанын көре алмаймын. Онда Сайлыбегім шын өлгені. Бір өлген емес, күнде өлген боп, көз алдымда күйік болады, Бобров, әкем, тегі, мені бұл азаптан, бұл тозақтан құтқар. Бір айдан соң кісіңді жібер. Өзге сөзді неғыласың, қайтесің,- деген.

Осымен ұзақ, ауыр әңгіме Қанипаның күндізгі айтқан сөзімен аяқталды. Үйдегінің бәрін де күрсінтіп, ренжітіп барып аяқтаған еді.

Ақ қойлар құмға келгелі Қанипаны алғашқы екі күннің ішінде-ақ ырза қыла бастады. Жүрістері азғана. Болар-болмас қылтанақ болса, қалдырмай жеп, құмның өзін жалап та қорек алғандай. Бүйірлері де тез шыға бастады. Бір жұманың жайылысынан соң, отардың бар адамы боп кешке жақын қойды шұқырға әкелді. Қанипа мен Әсия қойды иірген шақта ерекше ырза қылған үшінші кластың қойы болды. Енді Есіргеп көңілінде әзірше мал үшін тынышталған ой бар сияқты. Қой ішінен үйге келе жатқанда, Бобровқа өз тәжірибесін түйіп кеп:

- Қар қалыңдаса, құмға бір ілініп алдым, енді осыдан осылай бата берем. Тек бұ құмның да шанда бір құтырып келетін қысы болады. Қары қалың түсіп, боран тұрып кететіні болады. Сондай бір пәлеге ұшырамасам, әлі әзір қорқынышым тегі жоқ, - деген.

Бобровтың да көңілі жайланғандай. Осы түн соңғы рет қонақшыл Балжан мен Әсия қолынан ет жеп, шай ішті. Киіз үйден соңғы рет қалың көрпе астында бұйығып, ұзақ, тыныш ұйықтап алды. Келесі таңертең атқа қонуға айналды. Дәл жүрерінде Әсиямен оңаша сөйлесті.

- Енді шал да, сен де ажырасамыз дейсіңдер. Ол оңай емес. Жақсы да емес. Екеуіңе де жақсы емес, бірақ айтқан соң болмайды. Мен бір ай бірге тұрыңдар деп, екеуіңнен де уәде алдым ғой. Бір айдың ішінде орныңа кісі жіберемін. Сонан соң қайтарсың. Жайынды КИЖ-ға, ферма бастығына айтып кетемін. Бірақ, сенен сұрайтыным мынау, бір айда шалмен ұрыспа. Қайта жақсы бол. Бұлар жақсы адамдар ғой. Кеткенінде де артыңнан жамандамасын. Сондайды тілеймін және соған сенемін, қызым. Ал, сенің төрт жылдан бері жақсы шабан болған қызметіңді мен ұмытпаймын. Менің еңбегімді бағалайтындар болса, Есіргеп, сен, Қанипа үшеуіңнің еңбегіңді бірге бағалатамын. Сол менің саған беретін сертім! - деген.

Әсия Бобровқа жауап айтқан жоқ. Тек оның сөзінің тұсында: "Ұқтым, жақсы... айтқаның босын... Қанипа барды айтты. Қамымды жепсің, ағамдай достық айтыпсың, рақмет, Жәке, рақмет", - деп, көзіне жас алды. Шын алғысқа толған көңілі Бобровты да бұған балалық бейілімен "Жәке" дегізді. Бобров Әсияның қолын ұзақ қысып қоштасты да, аттанып жүріп кетті.

Әсия бүгінгі түннің тез өткенін, таңның тез атуын сонша асығып күтеді. Өзіне белгісіз, үркектеген қауіп сезімімен күтеді. Сол қобалжудан ба, ішіндегі кішкентай, ғажайып ұрық та бүгін жиі қозғалады. Оң бүйірін түрте береді. Аспанды төмендеп торлаған, тау салмақты ауыр қара бұлттар қалған алған. Қараңғы түнде қалың бұлт бірін-бірі қуады. Аспан әлемі қатты бүлінгендей. Тау толқып, аунап ұшады. Жоғарыда құтыра соққан, қатты дауыл бар тәрізді. Шұқырдың айналасындағы құм шошақтардың басында да қатты жел соғып тұр. Бұршақ аралас жауындай ұшқындап, ауыл үстіне түсіп тұрған құм жауыны бар. Әсияның үстіне сол қиыршық құм, ұсақ тас аралас сытырлап түседі.

Іңірден бері басталған осы әлек дүние ауыр толғағы Әсия отырған кішкене шұқырды құлшынып іздеп, қастана қимыл еткендей. Иттерде тыным жоқ, екіленіп үреді. Әсіресе Әсияны қобалжытатын бұның күндегі түн серігі, қара шолақ төбет - Таймастың үргені. Ол қазіргі кезде, түн ортасы тақап қалған шақта осы шұқырға қадалып кеп, қамалап тұрған өзгеше қатерлі пәлені сезгендей. Артқы екі аяғын кезек тарпынып, кішкене шұқыр айналасын шапқылай аралайды. Қатты сақайып, тынымсыз айбар шегеді. Әсияның қасынан бапылдап долданып үріп, ағызып өтіп бара жатқан бір кезінде жас әйел оны шақырып, "Таймас, Таймас", - деп, қасына тоқтатты.

- Не көрдің, Таймас? - деп, басын сипады. Жонынан еркелете қағып, тілсіз серігінен қауіпті түннің күдігін сұрайды. Таймас Әсияның қасында құм шошаққа, батыс жаққа шаншылып үріп, ытқи жөнелді.

Дәл осы кезде ышқына соққан желдің қатты бір лебі шұқыр үстінде үйіріле борандатты. Қыстыға, ышқынып кеп, құтыра ойнақтады. Бұл күнге шейін шұқыр ішінде, ықта жатқан қойлар тыныш еді. Құм төбені паналап отырған кішкене қоңыр үй де тыныш болатын. Енді осы азғантай аядағы барлық жан иесі мынау төбеден соққан дауылдан тегіс, үрке оянды. Шұқырда тығыз соғылысып жатқан қойлар маңырай түрегелісті.

Ақ қойдың қалқиған құлақтары тынымсыз түннің қатерлі зәрін тыңдай қалған сияқты. Сол шақта жаңағы Таймас шапқылай жөнелген, батыстағы құм төбеден асып, долы түннің бір жайын үні келді. Ол жақыннан шыққан үн. Осы отарға қадалған көр сияқты, аямас қастық үні, ысқырып ызың қаққан түн дауылының үнімен бірге шулап, ұлыған қасқыр үні келді. Біреу емес, толып жатқан қомағай топтың үні.

Әсия қорқақ емес еді. Қолында құлаш төс жара қайың шоқпары болатын. Соны жерге таяп, қысып ұстап, мынау үнді сескеніп тыңдайды.

- Тілеуің құрғыр, құмның бәрі қасқыр ма? Қандай көп өздері. Япырай, таң да атпады-ау, - деп, тағы біраз тыңдай түсті. Мынау асау түнде бұл отарды торыған қасқырдың саны шын-ақ көп тәрізді. Ұлыған үн бір ғана батыс жақтан әлденешеу болып шықса, енді қарсы жақ шығыстан да естілді. Алғашқыдан да тақау кеп өшіккендей. Түн аспанына жәйін үнін қадап тұрып, қатты созады. Қазір Таймас кішкене шұқыр айналасын құйынмен бірге ұйтқып, толассыз шыр айналып жүр. Қасында ақ қаншық, дүрегей тазы да үру мен жүгіруде толас тапқан жоқ. Әсия маңыраған қойдың тобынан да бұның бір өзінен пана тілеп тұрған үндер сезеді. Мынау түнде қасқыр шапса, қалың қойға не болу да қиын. Аузынан шыққан лебізін дауыл қағып әкетіп жатса да, Әсия бар күшімен жиі-жиі айғайлайды. Жон астындағы қомағай бөрілерге айбар шегеді. Сескенген үн емес, ашулы, батыл үнмен шырқап айғайлайды. Осы айғайын тыймастан, қой шетімен оралып кеп, қоңыр үйге тақады.

Үй ішінде Есіргеп пен Балжан бұл кезде ояу жатыр еді. Балжан түн суығын, дауыл екпінін сезіне сала, Әсияны аяп: "Айналайын-ай, жаурап бітті-ау", - деп қынжыла бастады. Есіргеп "несіне мүсіркеді" дегендей ұнатпай, қырыстана түскен еді. Соны сезген Балжан: "Аяғы да ауырлап барады" деді. Бұған Есіргеп тіпті шыдай алмай: "Кімнің баласы екені белгісіз ұрықты айтқаны нес?" - деді.

- Белгісіз емес. Ол баланың әкесі бар. Ол - Молтай. Соған тиген екен. Тек мезгілінде айта алмапты. Сен өзің қыңырая бермей, құлақ салсаңшы бір. Молтай - баланың әкесі, -деп тағы айтты.

- Молтай, - деп, Есіргеп үндемей қалды. Молтайды қарт жақсы көруші еді. Әсия әлдекім емес, Молтайды сүйеді екен. Оған тиген екен. Олай болса, мұнда бір терең мән бар екен...

Қалай да болса, әйтеуір атсыз, әкесіз бала емес. Бұл Есіргеп шұғыл бір өзгеріс кіргізгендей болды, бірақ сабырлы шал бірден ой тереңіне сүңгімеді, асығыс жорамалдағысы келмегендей. Қазір қой шетіндегі жас келін күйіне, ішінен өзі де үлкен қамқорлықпен қарайтын шалға, тек бұл сөз әлдеқандай бір бұлдыр ой салды. Балжан болса, жаңағы өзі айтқан хабарды соңғы күндер Қанипадан білген. Әсияның іші өсе бастаған соң, Қанипа өз шешесінен енді Молтайды жасыруды мақұл көрмеген-ді.

Дауылды түнде тыныштығы кетіп жатқан күйде Есіргеп Балжаннан осыны білді. Әсия дәл осы кезде үйге тақап еді. Жаңа бір ышқынып соққан дауыл қарттардың кішкене баспанасын сықырлатып, талқандап кетердей болған. Сол дауыл екпінімен Қанипа да оянған. Әсия үй сыртынан үн қатты. Бір айдан бері атасымен екеуі бір-біріне тура жауаптаспайтын. Қазірде де Әсия Есіргепті шақырмай, Қанипаның атын атап дауыстады. Үй ішінен Қанипа мен Есіргеп екеуі қатар үн қатып:

- Уа, немене? Әсия, малың аман ба? - десіп дыбыстап еді.

- Әзір мал аман. Бірақ түн дауылдап кетті. Айнала шулап, қасқыр ұлып тұр. Жылдам киініп шықпасаңдар болмас, - деді де, қой шетіне қарай, тағы асығып жөнеліп кетті.

Балжан енді нала қып, асығып киініп жатыр. Әсияны аяп, дамылсыз сөйлеп жүр:

- Қарағым-ай! Жапа-жалғыз... Жаурап бітті-ау! Қасқыры пәлесі тағы анау. Шықшы шапшаң, шық жүгіріп, Қанипа, қасында бол. Жүріңдер, - дейді. Жылдам киініп, есікке қарай ытқыған Есіргеп пен Қанипаның артынан өзі де ұмтылып келеді. Біресе сиынып, біресе қорқады. Әлдекімді қарғай түсіп, қайта-қайта Әсияны аузына алып, құрақ ұшып жүр.

Есіргеп пен Қанипа есіктен аттай бере айғайлап, екі бөлініп, қойды қоршай жүгірісті. Бұл кезде шұқырдың алыс шетінде Әсия тынымсыз айғайын салып, сақайып жүр еді.

Әлі де аспанда ауыр қара бұлттар шарпыса ұласып, біріне-бірі шапшығандай. Түн дауылы түйдектеп айдап, жөңкіліп жатыр. Суық қара жел шұқыр ішінде ақтарыла ысқырып соққанда, қалың жүнді ақ қойлар да тегіс тұрып алыпты. Бет қарай алмай желге жонын беріп, бүрсең қағады. Қотанның әр шетіндегі адам айғайы күзеттің қатайғанын көрсетті. Иттердің үрісі де қарсылықты толассыз білдіріп тұр.

Енді бір кезде, батыстағы төбеден қар аралас, қиыршық құм борандатты. Шұқыр үстін әлек дүниенің мұнарлы топанымен басып кетті. Желге қарсы адам айғайы бес қадам жерден де естілмейді. Дауыл барынша пәрмендеп, қатты үскіріп ышқынады. Дәл осы кезде құм белден аса бере, бір топ ұры бөрі шұқыр ішіне қарай ағыза шапты. Қанипаның қасынан үшеу-төртеуі жұмарланып, жұбын жазбай ағып келіп, қойға кірді. Басында шошынған Қанипаның үні шықпай қалып еді. Қақ жарылып, дүбірлеп жүгірген қойлардың арасында бара жатқан бөрілер, оң мен солдағы қойлардың құйрығына, бүйір, тамағына ырсылдап ауыз салды. Осыны көргенде, мал үшін күйген Қанипаның ашуы, намысы қайнап кетті.

- Қасқыр, қасқыр, қасқыр! - деп айғайлағанда, даусы енді ерекше ащы боп, қатты шықты. Қойдың ылди жақ шетінде Әсия болатын. Шығыс шетінде Есіргеп еді. Екеуі де Қанипа хабарын лезде ұқты.

Олар отарға қатты қауіп төнгенін қойдың тас-талқан боп үріккенінен-ақ сезген еді. Екеуі де айғайын салып, қасқыр жүрген жаққа қарай ұмтылып келеді. Бірақ есі шығып, қалың сендей жосылып қашқан қойлар, бұлардың өзін жығып кеткендей. Ілгері жылжытпай, кейін тықсырып барады.

Амалы жоқ, бірақ өлердей күйген Әсия ұзынша шоқпарын қос қолдап ап, қой арасында жұлқынып тұр. Дәл осы кезде мұның айналасындағы қойлар қақ жарылып ағыла берді де, алды ашылып қалды. Босап қалған. Әсияға қарай, ақ қойлардан түсі бөлек, түнде қоңыр түсті көрінген қомағай қасқыр, азулары ақсиып, тақап қалған екен. Әсия өз бойынан ендігі қайраттың қалай атылғанын өзі де аңғарған жоқ. Қара барқыт қасқыр Әсияның сол жағындағы бір қойға ауызды салып жіберіп, енді жұлқи бергенде, дәл қара тұмсықтан, қой мен қасқырдың құлағының екі арасын мегдеп алып, қайың шоқпармен құлаштап тұрып, періп қалды. Тағы шоқпарын көтеріп, тездетіп тағы ұрмақ еді. Дәл осы кезде Әсияның күтпеген көрінісі болды. Дүңкиген үлкен, долы бөрі тұмсығынан шаншылыпты. Әсияның аяғына қатты құйрығын сарт еткізіп ұрып, тоңқалаң аса жығылды. Әсия жығылып жатқан қасқырды қара тұмсықтан "төбеңнен ұрғыр, жат солай" деп, тағы да табандап тұрып екі-үш рет сарт ұрды. Бірақ айналадағы қой әлі құйын ұйтқытқандай, жосып жүр. Бір жер - ас дүрегей тазы қаңсылап таланып жатқан сияқты. Даусы айрылып, өлердей аптыққан Есіргеп бақырып жүр. Жылап шырлаған Балжан да жан ұшырғандай боп, Әсияның қасына жетіп кепті.

Жаным-ай, сәулем-ай. Еркек сенен садаға кетсін, - деп, Әсия өлтірген қасқырды тұмсығына тепкілеп жүр. Бірақ Әсия енесіне қысқа ғана сөз қатып:

- Тұмсығынан ұрып жықтым, бірақ қайтадан ес жиып кетпесін, мықтап өлтіріп алыңдар. Қойды бөліп ап кетті ғой деймін. Қалғанына ие болыңдар... Мен бөлінген қойдың соңынан кеттім, - дей сала, шұқырдың ылди жағына қарай шоқпарын көлденең ұстап ап, жүгіре жөнелді. Аз уақытта ауыл үсті тынышталғандай боп, қойлардың жүрісі басылды. Олар енді тек бір-бірінен: "Не болды? Не болды?" - десіп, бір ғана сұрақты мың көмеймен қайырғандай. Оқыс соққан құйын дәл шұқырдың үстінде қазір біраз толастаған сияқты.

Есіргеп Қанипамен табысқан жерде, Балжан шүйінші сұрағандай, шаттанып айғайлады:

- Садағаң кетейін, Әсия. Әсияны көрдің бе, тегі... қасқырды өлтірді ғой. Өз қолымен ұрып өлтірді ғой. Жүр бері, міне, көр, - деді.

- Айналайын-ай. Азаматым-ай, қайран Әсия-ай, - деп жүрген Есіргеп пен Қанипаны ертіп, өліп жатқан көк бөрінің қасына әкелді. Дәл сол кезде жаңа толастаған құйын дауыл тағы да ышқынып, құм ұшырып, қар боратты. Қиыршық таспен беті-қолды тілгендей ұрып, қайта құтырып соқты.

Есіргеп Қанипа мен Балжанға асыға бұйрық етті.

- Тараңдар, барыңдар қойдың шет-шетіне. Тағы шабады о қу. Сал айғайды, тыным таппа, тегі, - деп, өзі де қойдың бір шетіне шығып алып, айғайын салып жүр. Кейде жүгіре түсіп, қотан айналасын шолып шығып, қойдың азайып қалғанын, шұқырдың бұрынғы шарасынан біраз кеміп қалғанын таныды. Әсиянікі рас, үріккен қойдың біразы жосып, бөлініп кеткен болу керек.

Осы қойдың артынан кетейін десе, Әсияға болысайын десе, мұндағы малдан қорқады. Ауыл үсті әлі қатерде. Қанипадан білуіне қарағанда, қораға шапқан қасқыр біреу емес, бір топ болатын. Солар қайта оралып, тағы да шабуға мүмкін. Бөлінген қой қанша болса да, мынау малдан азғана. Әуелі бұл жақты амандап ап, о жаққа содан соң ұмтылу керек. Және ол қойдың соңынан, қанша қиын бейнет болса да, Әсия кетті. Әсияға қай күнде болса да өзінен асым сенетін Есіргеп осыны да біраз жұбаныш етті. Бөлінген қойды тез тоқтатып, қайта қайырып та алар деген еді. Есіргептің түн баласында Әсиядан соңғы, екінші сенімді сақшысы Таймас болатын, қазір ол да жоқ. Оны да бір медеу көреді.

Осымен шұқыр айналасындағы мал амандығын бағып, Есіргеп көп бөгеліп қалды. Қазір таң да қылаңдап атып келеді екен. Шұқыр үсті әбден тынышталып болды. Енді Есіргеп асығып жүгіріп жүріп, өремен жайылған аттарын іздеп арпалысты. Жақыннан қолына тиген ақ шеке бие болды. Соны ұстай сала, жүгендеп ап, жайдақ қарғып мініп, Әсияны іздеп шаба жөнелді.

Есіргеп іздеп тапқанша, Әсия көрген қиыншылық пен бейнет орасан еді. Ол шұқырдағы қотанды тастап жүгіргенде, біраз кешігіп қалған екен. Тек Таймастың үрген үнімен ғана, бөлініп кеткен қойдың аңғарын білген. Шоқпарын иығына салып алып, ұзақ жүгірген. Дауылды түнде бөрі қуған, безіп үріккен қой шұқырдан ұзап, құм белден асып жосыпты. Дауыл жотаға шыққан қойға қарды борандап, қақтап соғып, ықтырып әкете беріпті. Кем қойса бір жарым шақырымдай жер тынымсыз жүгірген соң барып қана, айғайын үзбеген Әсия қойға жеткен. Мұның айғайы Таймасқа ес болып, Таймастың үргені бұған атой болып, екеуі қой қасында тізе қосты.

Түнгі шабуылдан соң қайта жағалап, қойларды жанасалай шапқан қасқыр біреу екен. Бірақ енді қойға бата алмапты. Түнде шұқырға шапқан қасқырдың саны төртеу еді. Бұлар арлан бөрі бастаған бір ұяның биылғы күшік тобы болатын. Әсияның сәтімен өлтіргені анық арлан долының өзі екен. Бір күшікті Таймас сол түнде бүктеп өлтіріп кетіпті. Қалған біреуін және тақымдап, бөксесін жұлып, жаралап, бездіріп жіберген. Ендігі қалған жалғыз қасқыр бір Таймастың өзінен қасқырлық қастығын асыра алмапты. Әсия жеткенде, адам айғайынан және Таймастың кәрлі үнінен сескенген күшік бөрі тайқып, жөнеле берді.

Екі өкпесі қабынып, аузына тығылған Әсия қойдың санын барлағанда жетпіс-сексен шамалы екен. Бұл тақай бергенде, Таймас маңырай қашқан қойдың алдын орап, үріп шомып, еріксіз тоқтатты. Әсия да қолындағы шоқпарымен жағалай жасқап, қойларды тоқтатып жүр. Бірақ құм жотасында қарсылай соққан қатты дауыл, бұл қойды ауылға қарай қайта айдауға ырық бермей қойды. Қара төбет пен Әсияның тілсіз ұғысып еткен әрекеті біреу-ақ. Қойларды құм жотасындағы бір болымсыз ойдың ығына жеткізіп, сол арада шырқ иіріп, ілгері жылжытпай тұрып алмақ. Қасқыр алғашқы шапқаннан бері толасы болмаған Әсияның қызыл күрең жүзін моншақтап аққан тер басты. Енді ғана бір азғантай тоқтап, ентігін баса бастады. Осы кезде ішіндегі кішкентай жан тағы оң бүйірін қатты соғып қойды.

Тек таң аппақ атқан соң қойдың шұбырындысымен шапқылап асыққан Есіргеп Әсияның қасына келіп жетті. Оның қырағы көзі жол бойында бір қойдың да өлексесі жатпағанын және ақ құм мен алашабыр қар үстінде бір тамшы қан жатпағанын болжап келген. Әсияға жақындап келе, жайдақ атынан секіріп түскен Есіргеп, бұл түнде өр қайратын оттай атқан Әсияға ұмтылып келе берді. Әсияның қазір еткен қайраты бар және Балжаннан осы түнде Молтай туралы естіген хабары бар, бәрі де Есіргеп көңілін қатты өзгерткен екен.

- Қойың аман ғой, Әсия алтыным? - деді. Әсияның көзінен көптен бері шықпаған, жұмарланған бір тамшы жас ыршып кетті.

- Аман, Жәке, Жәкетай, - деп қана, ата алдындағы ұятын мойнына алғандай төмен қарады.

- Қарағым, қарағым, қанатым, серігім, - деді. Ақ көңілді, бір тоға мінезді, бурыл сақалды Есіргеп Әсияны құшақтап, маңдайынан сүйді.

Бұл кезде сөз қатуға мұршасы келмей, екі көзін төмен салып тұрған Әсия түн бойы қалың өрт ішінде алысқан, ер қайратты Әсияға тіпті ұқсамайтын еді. Есіргеп өзінің шапанын жұлқып шешіп, ақ шеке биенің тақыр арқасына арта салды. Биені сулығынан тартып, Әсияға әкелді.

- Кел, мінгін. Мін де, шапшаң үйге қайтқын. Болды, өлемісің, әкем тегі. Тез үйге барып жан шақыр. Жат, үйге барып, - деп еді.

Әсия қойды кәрі атасына жалғыз тастап кетуге көнген жоқ.

- Жоқ, Жәке, түк шаршағам жоқ. Өзіңмен қойды айдап барам. О не дегеніңіз? Атыңа өзің мін. Мінбеймін, - деді.

Есіргеп:

- Жә, қой. Қойғын. Қайтпасаң, тым құрса мына атқа мініп айдас. Мен жаяу жүремін, - деді де, Әсияны ақ шеке биеге еріксіз көтеріп салды.

Атасы мен келіні сәске уағында боранға қарсы бұл топ қойды жай айдай отырып, ауылға әрең жеткен еді.

Қанипа мен Балжан "бөлініп кеткен қойды қасқыр талқандап қырып бітірді-ау" десіп, Әсия үшін және де жүректері қобалжып, тыным таба алмай отыр екен. Енді Есіргептер қойымен дін аман жеткенде, бұл екеуі қуанып қарсы алысты. Балжан ақ шеке биеге Есіргептің шапаны салынып, Әсия мініп келе жатқанын әсіресе жақсы ырым көрген еді.

Әсия мен Есіргепті де таң атқан соң қойды түгендеген Қанипаның хабары ырза қылды. Қалың топ қасқыр болса да, қарбалас үстінде көп қастық ете алмапты. Мың қойлық отардан өлімші қып жаралағаны тек үш қана қой бопты. Қалған бес қойға тістері тисе де, жеңіл жаралапты. Есіргеп:

- Бұлар өлмейді. Мал аман. Ең шоңын қораға алғаш араласқанда Әсия ұрып жыққан соң, қалғандары қыра алмағанын көрмеймісің. Құдай сақтады, малдарың әмісе осылай аман болсын, қыздарым. Еңбек етсең осылай ет, - деді. Өз көңілін де көтеріп, үй ішінің өзге жандарының да көңілін әбден жайлады.

Осы күні түс кезінде боран басылған соң, изенді төбеге қойын жайып жүрген Қанипаның қасына Бобров жіберген бала жігіт, Әлім жеткен еді. Қанипа бұны білетін. Жасы он алтылар шамасында болғанмен, ол осы КИЖ-дегі босаң, жалқау баланың бірі болатын. Адам табылмаған соң, ер қарасы болса да, барсын деген сияқты.

Әлімнің бір жақсысы көп газет, кітап әкеліпті. Әсия мен Қанипаға Асан жіберген екен. Қанипа аттан секіріп түсіп, газеттерді Әлімнің қоржынынан өзі шешіп алды. Арада:

- Хат бар ма? Әсияға майданнан келген хат бар ма? - деп сұрап еді. Жоқ екен. Оған қынжылып қалды. Молтайдан әлі хабар жоқ.

Газеттерді сол арада асыға қарап, әр хабарға қомағайлана қадалады. Сөйткенде "Социалистік Қазақстанның" бір бетінен өзіне қызық таныс сурет көрді. Ол "қарт шабан Есіргеп отарының қайраткерлері" деген жазуы бар, өздерінің суреті. Әкесі, шешесі, Қанипа өзі, Әсия боп, бірге түскен суреттері. Анада Асан түсіріп әкетіп еді. Қанипа қуанып кетті. Өздері елсізде бейнет етіп ұзақ айлар жүргенмен, елі-жұрты қасында екен. Үлкен дүние, қамқор елі бар. Бұларды ол біледі, ойлайды. Тіпті сыйлайды, қадірлей де біледі екен... Кешке қойымен үйіне қайтатын шағына асығып қалды. Осымен қатар Қанипа Әлімнің келісін жақтырмаған да бір жайы бар. Онымен амандасқан жерден:

- Немене, Әсияның орнына келдің бе? Бобров сен бар да, Әсияны қайтар деп жіберді ме? - деп сұраған еді.

Өлім сондай тапсырумен келгенін айтты. Қанипа түсі ұрланыңқырап, қабағын шытынды да:

- Келгенің жақсы, бізге көмегің тиер. Тым құрса қой қоздарда керегің мол болады. Бірақ айтып қояйын, ұғып алғын. Біздің үйге барғанда, "Әсияның орнына келдім, ол қайтады" деген сөзді айтушы болма. Қайта Әсия екіқабат болған соң, қойдың күзетінде соған көмектес деп жіберді, - дегін. Сөз осы, ұқтың ба, - деді.

Иығы салбырап, тұнжыраған босаң бала Әлім, ақ тісін ақситып, ыржиып күлді де, "бопты, айтқаның босын" деп, ауылға қарай жүре берді.

Жыл басынан қатаң боп басталған биылғы қыс ұлан-ұзақ, ауыр қыспақ қысы болды. Суығы бір жағынан, қалың қары екіншіден Алматы, Алатау алабын босатпай қойды. Бұл күнде Алматы маңындағы Іле, Қаскелең, Жамбыл аудандарының малдары және осы аудандардағы үлкен қой совхоздары мен КИЖ шаруасы да қысылшаң күйде. Көптен бері қыс ызғары өкшелеп қуғандықтан, көп мал құмға қарай ауыса бастаған. Қойды тебінге жаятын шаруалар осылай өткен еді.

Бірақ ол отарлардың көбі құмға қыс басынан жетпей, жылдағы күйге сеніп, қарды қалыңдатып алды. Құмға жетер жолдары қарлы болған соң мырза құмның пайдасын молынан көре алмады. Қойлары қалың қарды, аш күйде, шұбыртпамен көшкен соң, құмға жеткенше көп отар тұралап қалған.

Қазірде қыс аяғы тақалса да, талай отар қысылып отыр. Жұт бір колхоздың фермасын етектен алса, бірін жағадан да алды.

Бұл кездер астанаға жақын аудандардың басшылығын да үлкен қарбаласқа салды. Малды жұттан құтқарамыз деген аса асығыс науқанға бәрін де жұмылдырған еді. Астананың өзінде, Алматының облыстық партия комитетінде, атқару комитетінде күндіз-түн мал қамын ойлап, тығыз шараларды қамдап, жиі-жиі өткізіліп жатқан жиылыстар бар. Ісшіл, қысқа мәжілістер Алматыдан аудандарға, құмға қарай көп адамды асықтыра жөнелтіп жатыр. Олар жауапты қызметкерлер, шаруа қайраткерлері, ірі мамандар болатын. Құм ішіне машина - көлік қардан, ұзақ жолсыздан жете алмастай болған соң, дәнді азық топ-топ үлкен самолеттермен, күндіз-түні жөнелтіліп жатқан.

Бұндай қарбалас шараларға келгенде облыс, аудан басшылығына республиканың ең жоғарғы партия, совет орындары өздері де тығыз көмек етуде. Құмдағы мал күйін көз алмай бағуда болатын. Алматының тап ортасындағы Үкімет Үйінде түн бойы еңбек шамы сөнбейді. Жауапты кабинеттерде қазір құмдағы мал жөнінен ақпар берілетін болса, өзге хабардың, қам-қарекеттің бәрінен бұрын кезекті сол алады. Радио хабарлар мен аудандардың телефон сөзі күндіз-түні ең зор түйінді қозғайды.

Сөйтіп, Есіргеп шаруасының мұңы мен жәйі да, март аяғында қой қоздауға тақаған кезде, жаңағыдай қалың жұртшылықтың үлкен қамқорлықпен ойлайтын жәйі болған-ды.

Құм ішіне өз отарын өзге шабандардың бәрінен бұрын, ерте апарып жайғастырған Есіргеп, осы өткен айларда малды жұттан арашалау жөнінде өзгеше өнер көрсетті. Қыс бойы үй ішіндегі серіктерімен биылғы бар қиындыққа қасарысып шыдасуға серттесіп алған. Әсіресе январь ішінде, алай-түлей боран ішінде, отарына шапқан қасқырдан малын амандап қалған соң, үй ішімен берік бір байлау жасаған. Онысы - қыстың ортасында қиналудан, күйсіздіктен қорғанбай, жиі көшіп отыру турасында болатын. Шұқырдан соң шұқырды жиі ауыстырып отырмақ.

Алғаш құмға келгенде бұл отар ел-жұрттан жалғыз жырылып кеткен, оқшау отар еді. Қыс қатая бастағанда, қиналып сасқан колхоздар мен совхоздардың бірталай шабандары "Есіргеп ақыл тапты" десті. Олар да Сарысу құмының Есіргеп отарына көршілес көп шұқырларына келді. Құмға Есіргепті өкшелей кеп кірген КИЖ шабандары: Жүзбай, Қыстаубек, Қожаш сияқтылар болатын. Есіргеп болса, Қанипа, Әсияларға жиі көшу жөнінен ақыл салғанда:

- Біздің баққанымыз құмды алғаш көріп отырған бөлек тұқым. Осының қамын ойлап, "әлдеқандай болды" деп, қорыққаннан елден аулақтап, қыс басында-ақ құмға кеп тығылып ем. Енді көрші боп келген отарлар құмның сирек отын аласа жеп, біздің қойдың өрісін тарылтатын боп отыр. Бұрын көнген біз болсақ, әзір қойымыз күйлі. Көші-қоннан, құм ішіне алыстап кетуден қорықпайды. Сендерден өтінішім босын. Дәл осы кәпір қыс өткенше әлсіремей, жұрт іздемей-ақ шыдай тұрайық. Келіндер, айына екі-үш көшіп, қойдың өрісін үнемі сонылап отырайық. Сол еңбегіңе осы қойларың татиды. Еңбегіңді артыңдағы ел-жұртың ақтайды.

Мен жер шалудан, соныдан соны табудан қол үзбейін. Сендер тек "ал көш" дегенде көш те отыр, - деген-ді.

Осыдан соңғы қыстың екі жарым айында, апрельдің бас кезіне шейін ақ қойлар отары Сарытау құмының бар-сонысын асықпай шүйгіп жүріп, баптап жеді. Сонада Бобров әкеп берген екі аттың қайраты да көп еді. Күн суытып, құм қары қалыңдай берсе, не торы төбел, не қызыл атқа мініп алып, бір күн, екі күндік азығын қоржынына салып ап, қайратты қарт Есіргеп жапа-жалғыз, тынбай жортып, құм кезеді. Қардың жұда жеріне, изен, еркек қалың тұрған жерге көшіреді. Қыс көрінен қысылмады. Қойларын сәл де болса жүдетпеді.

Қой күйлі болғандықтан, бұның жас серіктері де қабақ шытпай, қынжылып жүдемей, құлшына қайрат етті. Жер шалудан, үй көшіруден бос болған күнінде Есіргеп ертеден қара кешке атынан түспейді. Қанипа қасында боп, қойдың жайлысын бағады. Әр топ қойдың шөп жесін, жүрісін, төзімділігін сынайды. Көп аңысын аңдайды.

Бұл айларда құм қасқыры біліне беретін болған соң және Әсияның аяғы ауырлай бастаған соң, түн күзетін Есіргеп жалғыз Әсияға міндет қылмайды. Қасына Бобров жіберген бала жігіт Әлімді қосқан. Күзет мықты, сенімді болсын деп, түнгі жүріске жылпос, ақ шеке биені Әлімге мінгізіп қойды. Соған тыным алдырмай, түн бойы ауыл айналасын атпен күзеттірген.

Әсия бұл кездерде мол ішікке оранып, жылы киініп отырады. Күнде Балжан өзі баптап салып беретін текемет, бөстек үстіне жайланып отырып, әнменен, сақтық күзет айғайымен уақыт өткізеді. Ол түн күзетінің басқарушысы болып, қыстың ұзақ таңында бір мызғымайды. Әлімді де тыным алдырмай, қотан айналдырып, жүргізіп қояды. Бұл отарға, осындай сақайған күзет соңынан құм қасқыры қайта беттеп, соқтыға алмайтын болады. Олардың тобы болсын, жекесі болсын, құм шетінде кейіндеп қалған көп отар жағына ауысты.

Март аяқтап келе жатыр, енді аз күнде қой қоздайтын шағы жақын. Ұзаққа созылған қыс керенаулау шеңгелінен құмдағы малдарды әрең-әрең босатып, енді-енді ғана шегініп барады. Құм қары тез еріп, шегінумен қатар, Есіргеп отары сол қарды өкшелеп келеді. Қойды күндегі өрісімен баптап жая отырып, апрельдің басына тақағанда, он күн ішінде алты-жеті көшіп, жылдағы қой қоздататын жері - Қанбұлақ, Жылыбұлақ тұсына жетті. Осы арада келіп қона сала, бұрынғы жылдарда, жақсы жылдарда. жас қозыларды паналататын жер үйшікті шапшаң қазуға, түзеуге, тазалауға кірісті.

Мөлшерлі күн, өлшеулі ай жеткенде, Жылыбұлақта отырған ақ қойлар отарының үстіндегі кең аспан мөлдіреп көгере бастады. Жарқырап, жадыраған жылы түн келді. Дәл осы күндерде, жайылысқа мамырлап, ақырын жылжып барып жүрген ақ қойлардың ене құрсақтары жіби түсті. Биылғы жылдың тұңғыш төлдері дүние жүзіне шыға бастады.

Қозы күндіз де, түнде де қауырт туды. Алғашқы үш күннің өзінде жүзге жуық қозы туып еді. Есіргептер әзірлеген үш үйшіктің қасына құрғақ көң себілген болатын. Сол үйшіктердің қазір екеуі толып қалды. Қойдың жиі қоздауынан Қанипа мен Әсия қатты күдіктенеді. "Қалған үйшік біреу-ақ. Қозы сыймайды, ендігісін қайтеміз? Күн жылына бастағанмен, түн әлі ызғарлы, суық. Үйшікке сыймаған жас қозы қатып қалады-ау" деп, қайғыра бастаған еді. Қыста құм кезіп, суық сорып шыққан қойлардың қозысы әлсіз боп, сүті де аз боп туады. Оның үстіне үйшіксіз болса, төлді аман алып қалудан ақсаймыз-ау деп қорқып еді. Қойдың осындай қауырт қоздауы басталып, төртінші күн өткенде Бобров пен Асан тағы жетті.

Көптен көріспеген достарына Бобров дәл бір ұзақ жолға кеткен осы үйдің қымбат, ыстық жақынындай келді. Ол Есіргеп, Балжанмен қол сілкісіп амандасты. Жас әйелдерге амандасарда:

- Амансыздар ма, менің "папаниншыларым", қосшыларым, - деп күлді.

Оның ойына Арктикада, елсіз тауда, шет теңізде кейде Отанының ұлы тапсырмасын орындап қыстайтын, үшеу-төртеу ғана боп, оқшау өмір, ерлік өмір кешіретін совет қайраткерлері түсіп еді.

Әсияның қыстыгүні қасқырды өлтірген қайратын құттықтап, арқаға қағып, құшақтап амандасты. Үй сыртында атынан түсе сала, ала қоржынды толтырып әкелген сыйларын Қанипа қолына сол арада табыс етіп жатыр. Балжанға деп көп шай әкеліпті. Жастарына конфет, тәттілерін, шәлі, көйлектерін берді. Күліп қуанысқан жас әйелдерден алғысын алып жатыр. Асанның да жүгі бар екен. Оның көбі газет, журналдар, жастарға арналған кітаптар. Және шаруалық бір аспабы да бар. Ол қозылардың салмағын өлшейтін кір. Осы көктемде биылғы қозыларға айрықша ғылымдық, зерттегіштік баға беріледі. Сонда кір оқымысты адамдардың аса қажет аспабы болады. Бобров Есіргептің қойының дін аман боп, биылғы қатты қысты, ауыр жұтты елемей шыққанын түгел білді. Бұндағы жас әйелдердің қозылар турасындағы, үйшік жетпеу турасындағы қауіп, күдігіне де қанды. Келе сала бүгін туған қозылар мен үш-төрт күн бұрын ең алғаш туған қозылардың салмағын салыстырып, көп өлшеді. Көп жазып отырып, ақыры түске жақын өзін де, Әсия, Қанипаны да анық жұбататын қорытындыға келді. Бобровтың Асанмен ақылдасып отырып түйген ойын қазір Қанипаға Асан айтып берді.

- Үйшік аз деп саспаңдар. Ақ қой қазақ қойынан уызды болады. Биыл мынау жұт жылдың өзінде онысы аса қымбат сипаты болып отыр. Үйшікте үш күн тұрған қозылар көп салмақ қосыпты. Енелері бұларды құс төсекте, жылы жайда тірлік етесің деп тапқан жоқ. Үйшікте үш күн тұру жетеді. Енелері шыдағанда, бұлар да көнеді. Үйрене берсін, бұ да тәжірибе. Ақ қойдың нәсілі туралы, тұқымдық сипаты туралы биыл жасайтын біздің байлаулы қорытындымызға бұл үлкен қосымша болады. Туғанына үш күн болған қозыларды бүгін-ақ үйшіктен шығарып, орнын ендігі жастарына босата беріңдер, - деп, бұйрық, нұсқау берді.

Осыдан кейін шаруа қамқорларының көңілі жайланып, қыстың қысылшаңы күпті көңілдерін жадырата бастады. Бұрын туған қозылар үйшіктен маңырай шығып, кешкі жайылыстан қайтқан енелерінің бауырына кірді. Алғашқы суық түндердің өзінде-ақ сол енелерінің ығына, бауырына, жүндес бүйіріне тығылып жатып, күйзелмей өткерді.

Бобровтар осы келгеннен, мың қойлы отар түгел қоздап болғанша қайтқан жоқ. Апрельдің орта кезінде тең жарыдан артық қой қоздап болған еді. Ақ қойлардың жұтқа мықты, жайылысқа мығым, құмнан қорықпас, асыл жүнді көп жақсы сипатынан басқа, тағы бір белгісі байқалды.

Қазақ қойының өсімінен бұның төл саны да қара үзіп, озық боп шықты. Бобров КИЖ қойының әр тұқымды баққан отарында боп, биылғы төлді орта есеппен бес жүз қойдан шамалап, есептеп келген еді. Мына отарда ақ қой туралы сол есебін қорытқанда, жүз саулыққа жүз отыз қозы туғанын білдірді. Дәл осы жылда қазақ қойы жүз саулыққа тоқсан сегіз қозы берген екен.

Енді жыл аяғы бұл отар үшін игілікке айналды. Күн мейлінше жылынумен қатар, Жылыбұлақ атырабындағы бозғыл, тақыр төбелерге аласа жусан мен тықыр өскен шағыр, шытыр пайда бола бастады. Күн нұрланып қуанта туады. Қызара балқып, жылы самал кешке айналып, сүйсіндіре бастады. Маңғыстап мамыр баяу көктем келді. Ересек тартып қалған ақ қозылар көктем шаттығын сүтке тойған бойынан ең алғаш білдіре бастады. Топырлап жүгірісіп, қалқан құлақтары сербеңдеп, секіріп ортқып, ойнай береді. Балжанның қазаны толып, уыз пісіріледі. Тегене, шарасы толып, қаймағы қалың, қою тәтті айран-қатығы молайды.

Жылыбұлақтың қар суымен молайған ағысы алысқа жарқырайды. Кең сайды қуалап, өлке бойына қақ тұрғызды. Көктем көркін айнадай мөлдір бетіне түсіреді. Осы суға ертелі-кеш тобымен ұшқан жыл құсы кеп қонады. Қиқулап, шулап, жаңа көктемді, ақ қанаттарын сабалап ұшып, қошемет етеді. Қаз қаңқылдап, шағала, қызғыш шырылдай созып, үн қатады. Биік көк аспанда әсем көктем ертесіндей боп, шығыс ертегілерінің ақ пері қыздарындай боп, ұзын қатарымен сұңқ-сұңқ үн толқынын салып, аққулар шырқап, өтіп жатады.

Дәл осы апрель ортасында, ең соңғы күндерге шейін түнгі күзетпен, жас қозылар қамынан өзінің ойын білмеген қайратты, төзімді жас әйел Әсия өз өмірінде ең алғаш рет ана болды. Жарым күндей толғатып, түс ауа өзінің алғашқы перзентін тапты. Бірнеше ай бойында, жас анасының құрсағында оң бүйірін түртіп жүрген перзент, ұл боп туды.

Бұл отарда бөгде, бөтен әйел жоқ. Сондықтан кіндік шеше боп Қанипа өзі қам етті. Бүгін күн ұзын ат үстінен түспеске бекініп кеткен Есіргеп кешке шейін оралған жоқ еді. Бобров болса, "Әсия халінде әлдеқандай қиыншылық болса, дәрі-дәрмекпен көмегім, себім тиер" деп, ауылда қалған. Әсияның аман босанғандығына Балжан мен Қанипа қатты қуанышты еді. Бобров үй іші әбден жайланып болған соң, әйелдердің ортасына келді. Қызара күліп, әлденеден ұяла түсіп:

- Жақсы болды. Қандай жақсы болды. Бұл бақытты бала болады. Жақсы көріңдер. Балжан, Қанипа, сендер Әсиядан да жақсы көріңдер, - деді.

Осы жолға келісінде Бобров пен Асан Қызыл Армияның жауыз дұспанды жапыра қуып, қан жоса қып бара жатқанын айтқан. Жауды Берлинге апарып тыққанын және аз күнде Берлин құлайтынын, дұшпанның табан астына түгел түсетінін қуанышты хабар етіп айтып берген-ді.

- Жау жеңілді, соғыстан азамат қайтады. Ел қуаныш, жеңіс тойын биыл жаз бойы тойлайды, - деген сөздерді Асан мен Бобров кешкі шай мен ас үстінде көп әңгімелейтін. Есіргеп, Қанипалар соғыстың біту жәйін, азаматтың қайту үмітін Бобровтан сұрай түсіп: "Айтқаның кесін, дегенің босын, тілеуің берсін", - десетін.

Әсияның босануы осындай бір көп жұбаныш, көп үміттің тоғысқан шағына тап келді. Күліп келген көктемнің мейірлі, шаңқай түсіне дәл келді.

Есіргеп далада, қой ішінде жүрген кезде:

- Шал, қуан. Әсия саған жақсы ұл тапты, - деп, шүйіншіні Бобров өзі сұрады.

Есіргеп үн қатқан жоқ. Тек Бобровтың достығына сүйсінді де, үндемей ғана қолын қысып тұрып, арқасынан қақты.

Көпке шейін екеуі ешбір жайдан сөйлей алмады. Бұлар қойды жайып жүріп, кеш болғанда ғана ауылға қайтысты.

Бұл уақытта Асан мен Қанипа үйге текемет, сырмақтар жайып, өздерінше, жақсы бір көңілді кеш өткізбектей еді. Шілдехана, қалжа күні сияқты. Бобров күн ұзын Есіргеп қасында жүргенде, бала туралы көп айтты. Жарытымды жауап ала алмаса да, Есіргепті бірталай жуасытып, мойындатып келген-ді. Осы түнде Есіргеп, өзінің үй ішіне кірген өзгеріс туралы, ас алдында бір-ақ қана сөз қатты.

- Ер-азамат жауды жеңген қарсыда туған екен. Бұның атын "Жеңісбек" қоям, "Жеңісбек" болсын, - деді. - Әлдеқандай бір тілекті, аталық батаны күбірлеп қана айтты да, Балжан, Қанипаларды жылы шыраймен жұбата түсіп, бетін сипады.

VI

Арада жыл жарымдай мезгіл өтті. Бұл мезгіл, ақ қойларды Қазақстан халық шаруашылығы мен бүкіл Одақтық халық шаруасын басқаратын зор орындардың түгел танып біліп, бағалап, қабыл етуінің мезгілі болды. Ақ қойлармен қатар, солар нәсілінің дүниеге жаңа бір тұқым боп келуіне себепші болған әрі ғалым, әрі шабан, зерделі профессор Бобровтың да ірі еңбегін танудың, бағалаудың жылы болды. Профессор Бобров өзін бағалаған жұртшылықтың төменінен жоғарысына шейін, өзімен қатар еңбек еткен, бір топ жас оқымысты мамандарды бірге танытты. Және әсіресе өзі жүріп, Алматыдағы басшылық орындарға өз аузымен ерекше алғыстар, мақтаулар алып, Есіргеп үй ішінің еңбегін де танытып, бағалатты.

Жаңа тұқым туғызу оңай жұмыс емес-ті. Ол он төрт жылдай осы Қарғалы бойында, осы КИЖ шаруашылығының соңында, қысы-жазы қол үзбей тәжірибе жасаудың қорытындысы болып шыққан.

Бұл тұқымды шын, жаңа, асыл нәсіл деп танып, бағалап алу да оңай болған жоқ. Қадағалап, сынаудың талай сатысынан өткен.

Әуелгі саты - Қазақстанның мал шаруасын ғылым жолымен зерттейтін институт - КИЖ болған. Соның оқымыстылар кеңесі, Ауыл шаруашылығы академиясының қазақстандық филиалы - ВАСХНИЛ кеңесінде ақ қойлар дерегін ұсынған. Ауыл шаруашылығы ғылымының Қазақстандағы ең жоғары, ең білімдар, абыройлы орны осы еді. Бұның басында отырған қазақтан шыққан, биология ғылымының докторы Әмір болатын. Ол өзі де, дамылсыз тәжірибе ғылымы болғандықтан, Есіргеп пен Әсиядан басталған құмдағы ауыр еңбек жемісін әр кезде қадағалап сұрап, жақсы біліп жүруші еді. Бобров ісінің де ең зор, ең ынталы тілеулесі, дос көмекшісі осы болатын. Ақ қойлар жәйі бұның қолына келісімен, үлкен істің кең бағасы берілу жолы енді басталды.

Бобров пен ақ қойлар жаңалығы Қазақстанның Жер Комиссариатында, Халық Комиссарлар Советінде, Одақтық Жер Комиссариатында, Москвадағы мал шаруасын зерттейтін атақты ғалымдар арасында, институттар мен академияда бірер айдың ішінде түгел мәлім болды. Ақ қойлардың туысын Әмір Одақ бойына үлкен сенімді қуанышпен мәлім етті.

Осындай үлкен дабыл, ғылым дабылын берген мәлімдемелер соңынан, Москвадан айрықша ірі мамандар комиссиясы шықты. Қазақстан шаруа орындарымен біріккен комиссиялар Ұзын Қарғалы бойына тартты. Есіргептің отарындағы ақ қойларға талай рет келіп зерттегіш, танығыш, білгіш көздермен бар сапасын анықтады. Шын жаңа тұқым, асыл тұқым деп танып қайтты.

Ақ қойлар да жаңа бір ат алды. Енді ол қойлар дүние жүзінің қой жөніндегі ғылымның тілінде "Қазақтың жібек жүн қойы" деп аталатын болды. Сол жібек жүн қойдың жәйі осы жаңа бесжылдықтың алғашқы жылында шықты. Республикалық, Одақтық баспа жүзінде сан рет жазылып, ол жұртшылыққа түгел танылды. Қазақтың жібек жүн қойын білмеген қазақ оқушылары да жоқ еді.

Осындайлық бірі артынан бірі келген игіліктердің, қуаныштардың арты Қарғалы суының бойында, күздің ашық, жылы, жайлы бір күнінде мамандар мен шабандардың қызықты қызу тойына әкелді.

Қарғалыдағы Есіргептер тойына қуаныш білдіре келген қонақ көп. КИЖ-дің өз қауымынан басқа, көршілес аудан Жамбылдан, Қаскелеңнен келгендер бар. Астананың өзінен де сан машина көп алуан оқығандар жұртшылығын әкелді. Ұзын Қарғалының кең көгал сызатына, ойдым-ойдым көгалдарына қонып, бие байлап, түйе сауған, қалың қойларын семірте жайған көп отарлар болатын. Сол отарлардан Жүзбай, Қожаш, Керей, Есбайлар бүгін Есіргеп үйінің жанына өздерінің үйлерін де көшіріп әкеліпті. Ыдыс-аяғын, көрпе-жастық, кілем-сырмағын, асжаулық орамалдарына шейін, бар бұйымдарын көмекке әкеліпті. Аттылы, арбалы, түйелі қонақтар Қарғалының жоғары-төменгі бойларының екі жағасынан Есіргеп отарына ағылып келе бастады.

Қатарлап тігілген кішілеу қоңыр үйлер бүгін келіп жатқан қалың қонаққа үнемі үзбестен ас беріп, сыйлаумен болды. Қазір Әсия, Қанипа, Балжандарға қосылған Ұлбике, Бағила, Әнипа сияқты көп кәрі-жас әйелдер самауырлар қайнатады. Жер ошақ басындағы қазандардан табақ-табақ ас тасумен тыным алмайды. Бірақ қонақшыл үйлердің жұртты күтуінде бір ретсіздік жоқ.

Ақырын күлісіп қана қарбалассыз, кейіссіз қимыл еткен әйелдер арасында, қонақ күтуді өзі басқарып, Есіргеп жүр. Оның қасында Асан, Әлім сияқты, Қожаш, Жүзбай сияқты кәрі-жас серіктері де шаң-шұң шығармайды. Неше жүздеген адамдарды бірнеше ғана момын, қоңыр үйлерден тойдырады. Қымыз бен өзге ішкілікке қандырып, қызара бөрттіріп, шығарып жатыр.

Әр үйде әр алуан қөңілді жиындар бар. Бір үйде әнші, ақын әйелдер мен жігіттердің айтысы жүріп жатыр. Тағы бір үйде, орталық кең үйде, қаладан келген қонақтар арасында атақты халық әншісі үнді, шешен домбырасын бебеу қақтырады. Мың бұралған, күміс толқынды, сырлы, күйлі әндерін шырқайды. Дәл түс кезінде қонақтар ас ішіп, жайланып болған соң, барлық жиынды сыртқа, кең көгалға шақырған үндер келді.

Дөңгелене отырған жиынның артында түрегеп тұрған ел де көп. Олардың сыртында, аттарына мініп ап, енді ат үсті ойынды күткен жас әйел, жас еркектер топтары тұр. Жүйріктерін зорға тыныштық алдырып, дөңгелек айналып, алуаны бөлек бір жиын жасап, жағалай қоршап тұр. Оқымыстылар мен шабандардың қуаныш тойына өзі басшылық еткен және Есіргептің барлық үй ішінің қатты тату, достық тапқаны Әмір еді. Ол Қазақстандағы ауыл шаруашылығы ғылымдарының ең жоғары орны ВАСХНИЛ атынан мәжілісті ашты. Аз сөзбенен қойлардың халық шаруасына беретін зор сапасын айтып еді.

Бобров пен Есіргептер еңбегінен туып, молайған асыл нәсіл биылғы жылы Қазақстанның қақ жарымына тұқым шашуға таратылып жіберілгенін баян етті. Кавказдан, Еділ бойынан, Дон жағасынан, алыс Украинадан осы тұқымды қойлардың сол жаққа барып, ұрық таратуын тілеп жатқан атақты, ірі-ірі совхоздардың талаптарын айтты. Қазақстан сахарасында Сталиндік жаңа бесжылдық жоспары бойынша жанданатын, қазірден жатқан Бетпақ шөлі, Мойынқұм, Қарақұм, Қызылқұмдар бар. Құт жайлаулары, салқын, самал белдері миллиондаған қой түлігін тосып тұрған Алатау, Алтай, Тарбағатай, Ұлытаулар сияқты, ұлан-ұзақ өрістер бар. Әмір осының көбіне жібек жүнді, еті мол, төзімге берік ақ қойлар тарап өрбитінін айтты. Ұзын бойлы, келбетті, сұлу жүзді Әмірдің әр сөзінде Бобров пен Есіргептердің ұзақ жылдар бойындағы қысқы, жазғы қажымас қажыр, саналы азаматтық еңбегіне арналған алғыс, шын достық білініп еді.

Осы мәжілісте Ұлы Одақ қаулысымен аталған сыйларды Қазақстан Жоғары Советінің атынан тапсыра келген жауапты хатшы сөз сөйледі. Аққұба жүзі бар, салмақты, сабырлы сөзі бар жоғарғы үкімет уәкілі - Бобровтан бастап Есіргеп, Әсия, Қанипа, Балжандарға шейін арнаулы сыйларды беріп, ордендерін кеуделеріне тағып, барлық еңбек ерлеріне Отан алғысын айтып тұрды. Көңілді, қысқа, салтанатты жиылысты колхозшы ақын ескек жырмен құттықтады. Есіргептерді Қазақстанның көркемөнері де құрметтеді. Өнер тілімен құттықтауға келген дөңгелек, қызыл жүзді, толық денелі сыршыл әнші "Қанатталды", "Көгаршынды" қалқытты. Шабандар ортасының қуаныш мерекесін бұлбұл сазға бөлегендей боп еді. Үні мен әсем ырғақ әніне бар Қазақстан қанық болған әншіні Ұзын Қарғалы бойындағы колхозшы, шабандар да өз орталарының адамындай біледі екен.

Ат үстінде тұрған көңілді жастар даурыға тілек етіп, әншіге оның атақты "Құлагерін" де айтқызды. Кең өлкеде қоралап қой, үйірлеп жылқы өсірген колхоз елі атақты "Құлагер" сапасындай шабыс өнер тілеп, ат үсті ойынға шықты.

Аттары мен жігіттері сай КИЖ қонаққа келген аудандардың колхозшыларымен бәсеке жарысқа түсті. Күш сынауы қызуында күні бойы сән-сауығын өткізді.

Бобров пен Есіргеп ат үсті қызудан да, көпшілік сауық-сайранынан да қалысқан жоқ. "Додаға" түскен неше жүз атты ойыншылар біріне-бірі серкені бермей, қалың қырқыс, тартысқа түсті. Бобровтың оқымысты жас көмекшілері де көкпарда жүр.

Тегінде, Бобров маңындағы қазақ мамандары сияқты, орыс жастарының бәрі де Бобровтың өзінен үлгі алатын. Шабандар тұрмысына шын бейілімен, өт-бауырымен араласып кеткен болатын. Олар да Бобровша Балжанның қою шайын сүйеді. Қой қатығына, жазғы қымызына қазақтан бетер құнығып алған. Жатыс, тұрыста, ат үсті шабыс, жүрісте шабандар не істесе, неге шыдап, нені қызық сауық етсе, соны олар да өздерінің аса құмар машығы етіп алған. Бұлардың қазақ тіліне де жүйрік боп алғандары бар. Солардың ішінен қазір додаға бар жанын салып, зор қызумен түсіп жүрген Оксенов Федя, Бойко Семен болатын.

Бобров пен Есіргеп дода үстінде қырқысып жатқан аттылар тобынан биігірек бір төбеге шығып, қызулы жастардың үндерін тыңдайды. КИЖ жігіттері қалың қырқысу үстінде ылғи бірін-бірі айғайлап атап, үн қосады. Сонда кеп шабандар серке тартуға сенімді Бойконы шақырады. "Симон, Симон!" деп бір үн салса, тағы бір кезде Федяны "Петке, Петке!" деп шақырып қояды.

Басындағы қалпағы қайда қалғаны мәлім емес, сұйық, сарғыш шашының түбіне шейін беті-басы қып-қызыл боп қайратқа басып алған Семен, доданың нақ ортасында сұр серкені тақымына басып ап, жүздеген аттардың арасында жиі-жиі көрінеді. Бұны КИЖ шабандары айғайлап шақырса, Семен үнемі айғайлап үн салады. Өзіне сенімді серік болған Қожаш, Қыстаубек, Жайлаубектерді қайта-қайта шақырады. Бір кезек Қожаш қолына серкені берді. Адай айғырға мінген Қожаш топтан сытыла қамшылай жөнелгенде, артынан ілесе шапқан Семен мен Федя "Қожаш, Қожаш!"- деп айғайлады.

Ойын қызу арасынан бір уақыт ауылға оралған Есіргептің алдынан Жеңісбек жылап шықты. Қызғылт жүзді, мөлдіреген мойыл көзді, кішкентай қара кекілі бар Жеңісбек атасының алдынан әлдекімді шағып, қатты жылап келеді екен. Бүгінгі күні бойы көңілді күйінен Есіргептің ең алғаш күйініп өзгергені осы шақ болды. Күн баласындай, көркем, нұрлы Жеңісбек қазір бұған жетімсіреп жылағандай көрінді. Кішкентай баласына жаны қатты ашыды. Ат үстінен еңкейіп кеп, алдына көтеріп алды.

- Әкем, кім тиді, кім жылатып кетті, менің кішкентайымды. Жарығым, жалғызымды, - деп, бауырына қатты қысты. Жеңісбектің тақырлау төбесінен, құлағынан сан рет жабыса сүйді, иіскелей түсіп, еміреніп сүйеді.

Омырауында жаңа ордендері жарқыраған, қонақтарын түгел сыйлап болған Әсия мен Қанипа "Асыл жар" әнін салады. Барқыт кемзалдарын киіп, бастарына қызыл жібек орамалдарын тартқан көңілді әйелдер шеткі үйдің жанында тұр. Жеңісбек үшін құрақ ұшып, жаны қалмай аймалап келе жатқан Есіргепке қарап, сүйсіне күлісті.

Есті қарт Есіргеп, былтырғы жылы жас нәрестенің атын өзі қойғанда, соғыстағы жеңісті бір мерзім етсе, өзінің қыңырлығын жеңген жаңа туысқа және мойындап "Жеңісбек" қойған екен...

Мұхтар Әуезов