Т.Білалулы. Ы.Суйінулы. Есентемір Байулы

САЛАМАТ МҰҚАШЕВ

1927 жылғы Қоян жұты өтісімен Қызылқоға ауданындағы Қарабу, Сарыкөлден күн көріс іздеген ел - жұрт үдере көшкен. Әр жанұя басы ауған жаққа лақты деуге де болады. Тағдырдың теперіші солай, қайтесің! Сол жылдың аяғына таман, қазанның 20-сы күні Үйшікте (Гурьев) күн көріс айырып жүрген бұрынғы Қызылқоғалықтардың бірі Көңілқош Мұқаш баласының үйінде жас нәресте жарық дүние есігін ашты. Жұттан кейін туған бала бақыт ала келген болар-ау. Оның аты келекшектегі Мемлекет қайраткері Саламат МҰҚАШ немересі. Енді сол келешегінен бастайық:

Қазақстанның Совет және партия қызметкері. 1950 жылдан КПСС мүшесі. Гурьев мұнай техникумын 1947, ВЦСПС Жоғары мектебін 1955 бітірген. 1947-49 ж. Мақат мұнай кәсіпшілігінде есепші, ВЛКСМ ОК-нің Доссор мұнай кәсіпшілігі бойынша комсомол ұйымдастырушысы. 1949-51 ж. ВЦСПС-тің Харьковтегі Жоғары кәсіподақ мектебінің тыңдаушысы, 1951-54 ж. Мұнай өнеркәсібі жұмысшылары кәсіподағының Қазақ республикалық комитетінің, Қазақстан КП Гурьев обкомының нұсқаушысы. 1954-61 ж. Кәсіподақтардың Гурьев облыстық Советінің хатшысы және оның төрағасы. 1961-70 ж. Қазақстан КП Жылой аудандық комитетінің І-хатшысы, Ембі өндірістік парткомы хатшысы, Ембі аудандық партия комитетінің І-хатшысы, 1970 жылдан Қазақстан КП Гурьев облыстық комитетінің І-хатшысы, 7- сайланған ҚазССР Жоғарғы Советінің депутаты және Қазақ КСР Жоғарғы Советі Президиумының мүшесі, 8-9-сайланған СССР Жоғарғы Советінің депутаты. 1971 жылдан Қазақстан КП ОК-нің мүшесі. КПСС 24-25 съезінің делегаты. 1977-80 ж. Республикалық Кәсіподақтар кеңесінің хатшысы, ВЦПС төралқасының мүшесі, 1980-85 ж. Маңғыстау облыстық партия комитетінің І-хатшысы, 1985-88 ж. Қазақ ССР Жоғарғы Советінің председателі, СССР Жоғарғы Советінің төрағасы орынбасары, VII және XI сайланған Қазақ ССР Жоғарғы Советінің депутаты және төралқа мүшесі. 1970-89 ж. VIII- ІХ-Х-ХІ сайланған СССР Жоғарғы Советінің депутаты.

Төрт рет Еңбек Қызыл ту, екі рет "Құрмет белгісі" орденімен, медалдармен және Республика Жоғарғы Кеңесінің Құрмет Грамотасымен наградталған. Саламат Мұқашевтің өмір жолы том-том кітаптарға татиды. Ол кісінің өмір жолында егеменді Еліміздің, өзі ыстық-суығына ортақтасқан Атырау, Маңғыстау облыстарының да экономикалық және мәдени өмірі қат-қат болып жатуға тиісті.

Осындай ел жақсысының түп атасы кім? — деген сұрақ өз-өзінен туындайды. Шежіре-кітаптың тақырыбына қарап, оқырмандардың өздері де шамалап отырған шығар - бұл кісінің де руы Есентемір. Ия, Сәкең Есентемірдің Тағашысы, оның ішінде Бердімбеті. Бердімбеттің Қожамбет, Әжімбет, Оразымбет дейтін аға-інілері болған. Заманында қай-қайсы болмасын артына үрім-бұтақ қалдырған елінің сындарлы, өзық ойлы, иманы-инабаты мол адамдары көрінеді. Жазушы-драматург Нәбиден Әбуталиев "Есентемір Бөкен би" (Алматы, 1996), "Шоқ жұлдыз" (Алматы, 1998) кітаптарында Сәкеңнің ата-тегін былай таратады1: "... Бердімбет атасынан Қарағай, Құдыс, Берді есімді үш бала туған; Бердіден Қосай, Жамақ, Ертай, Көшім, Көшек туады. Көшек тұқымы өсіп-өнген, елге қадірлі адам болған. Қарабау - Сарыкөлді жайлаған оның мекенін ел-жұрт ертеректе қастерлеп, "Көшек ауылы" деп атаған. Көшектен Баспай туады. Баспай батыр адам екен. Өзі Адай еліне күйеу болыпты. Талай жорыққа қатысып, ер Баспай атаныпты. Баспайдан Аманқұл туады. Аманқұл ел билеуші болыс болған. Аманқұлдан Мұқаш, Мұқаштан Көңілқош, одан Саламат туады". Санамалап, одан әрі түп-тұқиянын зерттей берсек, бұл тұқымда бай да, батыр да, ел билеген басшы да болған. Бірақ "ай, кәпір" атанып, ел-жұртын жерге қаратқан бас бұзар, тентек - телі болмаған. Әрине, "бір биеден ала да, құла да туады" демеуші ме едік, бәрі бірдей осы замандағы Саламаттың жеткен биігіне жетті деп, әсте айтылмайды.

1. Саламаттың арғы аталары "кестеде" кеңірек таратылады.

Хамит Ерғалиев – Қазақстанның

Халық жазушысы, ақын:

Жамандар көп жақсыдан әрқашанда,

Қайда болса өлексе қарға сонда.

Өзгермейді бұл шындық өмір бойы,

Бірін мақтап, біреуін қарғасаң да.

Дегендердің өзі де саналы-ақпын,

Жол жүреді адымын санап аттың.

Титтей бала кезінде осы-ау деймін,

Санасына түйгені Саламаттың.

Мұқашев боп жеткелі мұратына,

Бұл да мінді қазақтың бір атына.

Әлденеше қарады туған жердің

Кеуде көріп кең жазық қыратына.

Егіз танып жері мен елін жігіт,

Деді өзіне еңбек ет, еліңді күт.

Дәрежеге мақтанба, жұртың үшін,

Маңдай термен шөлдесең ерін жібіт.

Осы ұғыммен басқарды елдің ісін,

Ол кім болды ?

Жұрт білген ендігі ісін.

Жарғақ құлақ жастыққа тимесе де,

Түрлі-түрлі естіді ел дыбысын.

Қайда мақта, мейлің сен

қайда сына,

Ол бәрібір іс қылды ел пайдасына.

Пысықайым, білсең айт, бірге жүріп,

Қылғаны бар қиянат қай досыңа?!

Үні, діні салмақты, тілі жұмсақ,

Жылқыдай ұстайтын түлігін сақ

Естігенбіз: кезінде айтқандары —

Келешектің тілеуін тірі қылсақ!

Рахмет Өтесінұлы - жазушы,

ардагер мұнайшы:

Бұл 1949 жылдың жазы болатын. Институттан өндірістік практикаға шығып, Доссор кәсіпшілігіне келгенмін. Жастардың комсомол комитетіне кіретін әдеті бойынша маңдайшасында "Комсорг" деген жазуы бар кабинеттің есігін ашып, басымды сұғуым сол екен, төрдегі стол жанында отырған кең маңдайлы, талдырмаш жас жігіт жылы шыраймен "кіріңіз" деді. Кірдім. Амандастық, таныстық. Мұнай техникумын бітіріп келген бойы екен. Мамандығын шыңдауға мұршасын келтірмей осында сайлап жіберіпті. Мен жігіттің жүзінен өкініштің ізін байқадым. Суыртпақтап сыр тартуға кірістім.

- Қоғам жұмысы қандай екен, оқуын оқымаған кісіге қиын емес пе?

Саламат бірден жауап беруге асықпай, көмірдей қара шашын сипап қойып, қиығы сәл ұзындау ойлы көздерін терезеден көше жаққа аудара біраз отырып барып, жайлап бастап кетті:

- Қай жұмыстың да мақсаты халыққа, қоғамға қызмет ету ғой. Сол тұрғыдан алғанда мына жұмыс өгізді бірден мүйізінен алғанмен тең.

Мен оның "быка за рога" деген мәтелді табанда қазақшаға аударып тастағанына таң қалдым. Біз орысша, қазақшаны араластырып, былапыттап баса беретінбіз. Бұдан оның сөз сөйлеу мәдениетіне мұқият қарайтыны байқалды.

- Әл берсе жақсы ғой...

-"Жығылсаң нардан жығыл" деген, - деп, ол жымия қарады. Біз осы сәттен бастап, жолдас, сырлас, дос боп кеттік. Саламаттың еңбек жолы көз алдымда өтті. Қай жерде де "жығылғанын" көрмедік. Жұмысын істей жүріп, кәсіподақтың, партияның жоғары оқу орындарын бітіріп алды. Бұнысы баяғы менің "оқуын оқымаған адамға ..." деген сұрағыма жауабы деп түсіндім. Жасы жиырмадан жаңа асқанда үйленіп те үлгерді. Жалпы Саламат не нәрсені де ерте бастап, қай істі де ерте тындырып, басшылардың көзіне ерте түсіп, қатарының алдында жүрді. Отыздың о жақ, бұ жағында облыстық кәсіподақ кеңесіне төрағалық етіп, облыстық партия комитеті бюро мүшелігіне өтті. Одан кейін он жылдай Жылой аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы болды. Мен оның іскерлік қабілетін осы жұмыстан байқадым. Өйткені, оған дейін осы жұмыста мен істеген едім. "Істедім" деген сөз бен "тындырдымның" арасы жер мен көктей. Облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы Нұртас Ондасыновтың "...осы саған ауыл шаруашылығы қиындау болып жүрген сияқты (Жылойдың ауыл шаруашылығы басым болғасын айтқаны. Р.Ө.). Бірыңғай өзіңе таныс өндіріспен айналыссаң қайтеді?" деген сөзіне қарағанда өне бір тындырғаным шамалы болса керек.

С.Мұқаевтің біз байқаған бір ерекшелігі - мәселені ауқымды ойлап, кеңінен қарауға тырысатындығы.

Көпшілігі ауданға, облысқа керекті күрделі құрылыстың тізімін жасар еді де, оны үлкен-үлкен жиындарда дауысын көтере оқып шығып, "мен мәселе қойдым, шешетін жоғары жақ" деп, алақанын жайып отырар еді. Саламат жұмыстың ондай әдісін қолданғанын өз басым көрген жоқпын. Атырау облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы болып сайланысымен өзі аяқтай жүріп, Мәскеудегі Мұнай министрлігінің көзін жеткізіп, Мақат, Жылой аудандарының мұнайшыларын, солармен бірге бар халықты ауыз сумен қамтамасыз ететін "Жайық-Жылой" құбырының екінші кезегін салдырып, қысқа мерзімде іске қостырып алды. Сонысы үшін де ол көпшілік сеніміне бірден ие бола бастады. Бірнеше мәрте Одақтың Жоғарғы Кеңесіне депутат болып сайлануы да осы тұс.

Жалпы үлкен басшылардың еңбегін бағалайтын халық қана. Ел үшін не бітіргенін білгің келсе тұп-тура халықтан сұра. Атырау, Маңғыстау аймағында қызмет атқарған бастықтардың ішінде есте қаларлықтай із қалдырғаны бірен-саран ғана. Солардың бірі емес, бірегейі де осы Саламат Мұқашев.

Маңғыстау облысына бірінші хатшы болып осы кісі келгенше облыс, аудан басшыларының ішінде жергілікті халық өкілдері болса бірер адам, болмаса жоқ еді. Жергілікті тұрғындар Маңғыстау өз алдына облыс болып құрыларда "Атыраудан он вагон орыс, бес вагон беріш келе жатыр, саған "папка." қайдан жетсін" деп әзілдейді екен. Сол айтылмыш жағдай біразға дейін өзгере қоймады. Саламат осы мәртебелі жұмыста бес жыл қызмет атқарып, Алматыға Қазақстан Жоғарғы Кеңесі Президиумының төрағалығына ауысарда басшы орындарда түгелге жуық жергілікті жігіттердің қалғанын байқадық.

Жоғары орындарда немесе кез келген басшылықта жұмыс жасайтындар үшін ең керекті қасиеттің бірі өзінен жұмысы жоғарылармен де, бір деңгейлес басшылармен де, тіпті, керек десеңіз өзінен дәрежесі төмендермен де тіл табыса білу. Бұл жағынан Мұқашев біз білетін басшылардың ішінде айырықша көзге түсетіндердің бірі. Оның Одақтық министрлер Е.Славский, В.Шашиндермен қоян-қолтық, достық қарым-қатынаста болғанынан екі облыс халқы пайда ғана көрді. Соның арқасында ел қажетіне қызмет ететін қанша күрделі құрылыс іске қосылды десеңізші.

Басшылардың жұмысына әділ бағасын беретін халық дедік. Мен сол халықтың өкілі ретінде С.Мұқашев еңбегінің төменнен қарағанда өзіме көрініп тұрған тұстарын ғана айттым. Әрине, оларға рәсімді бағасын жоғарыда отырғандар береді. Ол кезде Димаш Ахметұлы Қонаевтың тікелей басшылығымен жұмыс жасады. Ендеше ол кісі Мұқашевті қалай бағалады? Аяғын жерге тигізбей ауданнан облысқа, одан Республикаға жоғарылата беруіне қарағанда үлкен басшының сеніміне ие болғаны анық. Алайда бұл екеуі де кәдімгі жұмыр басты, ет жүректі адам. "Жаңылмайтын жақ, сүрінбейтін тұяқ жоқ", "Екі аяқты адам түгілі, төрт аяқты мал да сүрінеді" деген халқымыздың даналық ойларын еске түсірсек екі басшының Желтоқсаннан кейінгі бір-біріне деген кірбіңін болмашы ғана түсінбестік деуіміз керек.

С.Мұқашев зейнеткерлікке шыққалы қол қусырып қарап отырған жоқ. Екі естелік кітабы жарық көрді. Әзірге екінің бірі жазатын мемуарға қалам тарта қоймапты. Өзі тәрбиелеп-өсірген өндірісшілер, малбегілер, шаруа адамдары, еңбегімен игі жақсылар атанғандар туралы жазуда.

1996 жылы жүрегі сыр беріп реанимаңияға түскенде Сәкеңнің халқына жасаған бүкіл жақсылығын көре қалған біздер қатты қорыққанбыз. Сонда ауызымыздан мынадай өлең жолдары шығып кетіпті:

Ауырмашы, қорқытпашы, жарқыным,

Жаны берік деуші еді ғой жалқының.

Жүк астында қартаятын нар түйе,

Жауыр арқа жарыбайы халқының.

Шүкір, аман-есен сауықты.

Түртініп, әлі де халқының зердесін ашатын, рухани тірлігіне үлес қосатын дүниелермен айналысып жатады. Ұзақ ғұмырлы бол, айнымас досым!

Ыбырайым Сүйінұлы - публицист, Қазақстан

Журналистер одағы сыйлығының лауреаты:

1988 жылдан еңбегі сіңген демалыста! Міне, сөйтіп, барша қазақ жұртшылығына қоғамдық-мемлекеттік қайраткер ретінде кеңінен танымал Сәкең ағамыздың да "аттан түскеніне" он жылдан асып бара жатыр. Бірақ бақытты қарттықты місе тұта отырса да қайсыбір сәттерден екі қолының алдына сыймай қалатыны бар. 46 жыл бойғы "тар жол, тайғақ кешумен" (қарама-қайшылықтарға толы Кеңес заманын енді осылайша бағалап жатырмыз ғой) өткізген еңбек жолында Отан болашағы үшін жанын аямайтын шынайы еңбекқорлықтың лаулаған отына қақталған жан - жолдастары, жолдас-жоралары немесе қаймана қазақ туралы көбірек толғанады. Әрі жаңа қоғамдық құрылысқа қадам басқан сүйікті Отан жайында бас қатырмайды емес. Әрине, ондай ой-толғаныстары ақыл-сана қатпарларында қалып қойған жоқ. Жазып үлгеруіне қарай алғашқылары кітап беттерінде моншақтай тізіле бастады. Біздің қолымызға түскені солардың біреуі ғана. Сондай бір "Атырау ардагерлері" дейтін деректі әңгімелерін Алматыдағы "Өлке" баспасы 1994 жылы кітап етіп шығарған. Кітапты оқи отырып, таңғаламыз: бұрынғы партия, мемлекет қайраткері кітап жазуға мұнша икемді болар ма деп! Баяғыдан бері қолымыздан қалам түспеген біз сияқтыларға үлгі болады деп, тым асыра марапаттамағанның өзінде, мұнда қызығарлық ой орамдары баршылық деп ойлаймыз. Ең бастысы еңбек адамдары жайында ұтымды - ұтқыр ойлар қорыта білетіндігі. Қайсы бір тұстарда ойын мақал-мәтелдермен өрнектеуге ұмтылады. Тіпті, оқырмандарын қазақы қалжың, әзіл-әжуамен қызықтыратыны тағы бар.

Мәселен, талай роман-повестерге татитын Сафи Өтебаевқа Сәкең бар болғаны 4-5 бет арнаған. Осыншалықты қысқаша ғана ой түйгендігінен кейіпкері олқылық көрмейді, қайта Сафи туралы оқырман жан-жақты түсінік алады. Бірінде Саламат ағаның Сафиға "... неге пенсияға ерте кеттің?" — дегенде ол "егер іс бітіретін жеткіншектер болмаса, әлі де сүйретіліп жүре беруге болар еді. Құдайға шүкір, қазір өздеріңіз өсірген жас мамандар жеткілікті, солардың күш-жігерін көру табыстарын қызықтау біз үшін бақыт емес пе?! Шалдың тәжірибесі қажет болса сұрар, ақыл айтуға әрқашанда дайынбыз ғой" - депті. Осы сияқты шап-шағын әңгімелерде кейіпкерлердің қанағатшылдығы, тұп-тұтас мінез-құлқы жатады.

Иә, Саламат үшін, бүкіл Қазақ халқы үшін де Сафидің орны бөлек, ал енді жасы 90-ға келіп, Мақаттағы өзінің сүйікті мекен-жайында дүние салған ұстаз Хамза Санбаевқа осы кітапта екі-үш бет арнау авторға не үшін керек болды? Әлде саясатқа әбден бауыр басқан Әкең сияқтыларға Хамза ұстазын ескеру арқылы тағы бір ойын жүзеге асыру керек болды ма? Әлбетте олай емес, Секеңнің мұнысында адамгершіліктің шырқау биігі жатыр. Одан біз Сәкеңнің үлкен жүрегінің лүпілін тыңдаймыз. Қиын-қыстау шақтарда қалған балалық ой-армандарының өтемі десек те болғандай. Ұстаз алдындағы перзенттік парызының да шаң көрсетуі десек орынды. Оны автордың өзінің "Ел үшін еселі еңбек ету, туған жерінде игілікті із қалдыру, ананың ақ сүтіне қылау түсірмеу әр азаматтың міндеті" - деп жазғаны да дәлелдей түседі.

Кейінгі жас толқынға таныс-бейтаныс сияқты көрінетін тарихи тұлғалардың бірі —-Нұртас Дәндібайұлы Оңдасынов. Ол кісі жайында қалам тартар алдында автор былай деп тебіренеді: "Түркістан ауданындағы "Амангелді" колхөзы орталығына және мектепке Оңдасыновтың аты берілгенін, мұражайы ашылғанын естіп, қуанғаннан қолыма қалам алып, Нұртас Дәндібайұлы туралы жадымда қалған кейбір жәйттерді жазғым келді" — дейді. Шынында ол кісі туралы ет жүректі, жұмыр басты пенденің жазбауы мүмкін емес. Солақай партократия тарапынан қақпақыл ойнаудың нешеме сорақысын көрсе де, Атырау облысын өрге бір кісідей-ақ сүйрей білген Нұрекең тарихтан лайықты орнын алған. Сәкең сол тұста Гурьев облысында бірінші басшы болған Нұртас Дәндібайұлының деректі бейнесін тым-тәуір жасап шыққан.

Көзіқарақты оқырмандардың қай-қайсысы болмасын Нұртас сынды кемеңгерді ұмытпаған шығар. 58 жасында зейнеткерлікке "шығарылып", өмірінің соңғы оншақты жылында Москвада тұрып, артына "Арабша - қазақша", "Парсыша-қазақша" сөздіктер жазып қалдырған Нұрекеңнің аруағы риза болғай, Сәкеңнің алдымызда жатқан сол кісі жөніндегі естелігі таным-түсінікке лайықты екен.

Әрине, бұл кітапқа енген зиялы жандардың бәрін бірдей мақалаға тоғыту мүмкін емес, қаншалықты сығымдап - сықсаңыз да кітаптың аты — кітап, мақаланың аты - мақала. Мақала бәрібір өз мүмкіндігіне арналған ауқыммен шектеледі. Сонда да жазылмаған қағиданы бұзып, тағы да екі-үш атыраулықтарға тоқталмай болмайды. Соның алғашқысы Сырым Жиенбаев. Сырекеңе тоқталмай болмайтыны автордың баяндауынша "дипломсыз инженер" дегеніңіз осы кісі екен. Бір қызығы Сырекең басқалардың дипломды инженерінен артық көрінеді.

Алпысыншы жылы обкомның бірінші хатшысы мәселенің мәнісіне байланысты былай деген екен: "Осы облыста Жиенбаевтан басқа іскер кісі жоқ па? Тұтынушылар қоғамы төрағалығына кімді ұсынамыз деп сұрағанымда Жиенбаевты атады. Жабдықтау басқармасына бастық іздеп едік Жиенбаевты ұсынды. Құрылыс тиресіне басшы болатындай ұйымдастыру қабілеті зор, сенімді, беделді кісі табуды бөлімге тапсырып едім, тағы да тапқаны Жиенбаев болды. Олай болса осы облыста Жиенбаевтай қызмет атқара алатын 4-5 адам табылмағаны ма?".

Бірінде сол жеті кластық қана білімі бар Жиенбаев "Маған тапсырма берілсе мұнай өңдейтін зауыт салып берер едім" - деген екен. Сөйтіп, Сырымға байланысты ойларын автор былайша түйіндейді: "Сыреке" нарықтық экономика заманының адамы еді ғой. Ол кісінің жұмыс ұйымдастыру әдістері, батылдығы, тапқырлығы, үйлескіштігі қазіргі кооператорларға, арендаторларға, акционерлерге, шағын кәсіпорын құрып жүрген жастарға қандай пайдалы болар еді". Автор Сырым сияқтыларды жазғандағы негізгі ойын осылайша түйіндейді. Бізге керегі де осы. Одан әрі қаламгер Сырым сынды іскерлердің қатарында Атырау мен Маңғыстаудан Мәмбетов Тұрлығали, Молдашев Сатан, Абдірахманов Сисен, Наурызбаев Мұңал, Нұрлаев Жомарт, Біләлов Тәрен, Есенғалиев Ісембайлардың есімдерін атайды.

Кейінгі толқын інілері қатарында біздің де Сәкең сынды басшылардың іскерлік қабілетін, творчестволық шешімдерін, ізденгіштігін көре қалғанымыз бар. 1980 жылы Сәкең Қазақстан Кәсіподақтары Кеңесі басшылығынан Маңғыстау облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы болып қызметке ауысты. Біз Алматы жоғары партия мектебін бітіріп, облыстық "Коммунистік жол" газетіндегі бұрынғы журналистік қызметімізге орналасқанбыз. Бірінде Маңғыстау ауданында облыстық деңгейде өткен жиналысқа бірінші хатшы Сәкеңнің өзі қатысты. Онда ауыл мәдениеті туралы мәселе қаралғанда жұртшылыққа тосындау болып көрінген бір хат оқылды. Хат сол тұстағы аудан басшысы Төлеген Қағазовтың атына жазылған. Авторы Ілияс Омаров. Иә, кәдімгі Қазақстан КП Орталық комитетінде Хатшы, Мәдениет министрі болған Омаров. Ол кісінің қаламынан "Әдебиет туралы ойлар", "Оқушы көзімен", "Серпін", "Шабыт шалқары" дейтін ойлы кітаптар да туған. Хат мазмұнынан біздің есімізде қалғаны мынау: "... бүгінгі ауыл кешегі емес, бүгінгі малшы кешегі емес. Солай болса де көне заманның көптеген сарқыншақтарын неге сүйрете береміз? Мәдениетке күрт көшу, жаңалыққа бой ұруды қаттырақ неге қолға алмайсыздар. ... Адамды ойлау, оның мәдениетін, бағытын ойлау біздің бірден-бір парызымыз емес пе ...". Хатта қөзғалған ой түйіндері туралы сан алуан пікірлер ортаға түсті. Бірінші хатшы Сәкеңнің өзі де сөз алды. "Малмен бірге көшіп-қонып жүргенде столға отырып, ауқаттануға, кереуетке жатып, ұйықтауға мүмкіндік болмайды, әрине. Дегенмен қыс қыстау бар, қала-даладағылардың бәрі де тас пәтерде отырады. Ендігі жерде ас ішуге столды да, жатуға керуетті де пайдалансақ несі айып?!" — деп, ой қорытты ол кісі. Біз Сәкең жүзеге асыруға атсалысқан, қөзғаушы болған игі істердің бәрін бірдей тізіп беруді мақсат етпейміз. Сәкең бірінші хатшы болған жылдарда Маңғыстаудың өнеркәсібі де, мал шаруашылығы да елеулі алға басты. Жергілікті кадрлар бірінен соң бірі басшылық қызметтерге келіп жатты. Ақтау қаласының құрылысы бүкілодақтық деңгейде өріс алды.

Ал бұл күнде Маңғыстауды да, Атырауды да алға сүйреу жолында аз күш-қайрат жұмсамаған ағамызды ел - жұртының ендігі болашағы алаңдатады. Жоғарыда жарық көрген кітабында ол жөнінде де көңілге қонымды ойлармен бөліскен. Халқымыздың көрнекі жазушысы Қ.Исабаев "Еліміз жат жұрттыққа толып жатты, жеріміз бей-берекет жыртылып жатты, аспанымызда атом бомбасы бұрқ-сарқ сыналып жатты, ауылдар "пайдасыз" болып құрып жатты, қазақ мектептері жабылып жатты, кен байлық есепсіз әкетіліп жатты — ал олар орден алып жатты" - деп, мақалдап еді. Сол айтпақшы, сондай отарлық асып-тасқандарды" қасы мен қабағына қарайлауға тура келген де шығар, бірақ елі мен жұртына барша қолынан келген жақсылығын аямаған ел ағасы әлі де ел-жұртына деген қамқорлық сезімін жоймағанға ұқсайды. "Өтпелі кезеңдегі" берекетсіздік те қабырғасына батады. Ол жөнінде аталмыш кітабында ортаға тартқан ойлары баршылық.

Тағы бір ой-толғам: Саламат Мұқашев сынды қайраткерлер арамыздан әлі де шығар. Алайда шығып жатқандардың өзі мынау асау заман тегерішіне шыдай алмай жылыстап та жатыр. Бәрібір қырықтан астам жыл "ат үстінде" бола білген С.Мұқашевтердің орны бөлек. Халқымыздың мұндай азаматтары мәңгі есте қалдыруға лайық қой деймін. Есте ұстаудың жолдарын ойластыру қажет сияқты.