Сагындык Оспанулы. Мурат Саламатов

БАУЫР ДЕСЕ - БАУЫРДАЙ БОЛҒАН

Хамзе Саламатова

Заманның біраз ауыртпалығына қарамай, албырт шақ мектепті бітірісімен жоғарғы оқу орнында оқығым келді. Бар сенеріміз Ғазиз ағатайым. Ол кісі Іле станциясында әуелі қойма меңгерушісі одан бас бухгалтер қызметін атқарады. Заң ғылымының кандидаты Күнтілеуов деген кісінің үйінде жүреді екен. Ағам дәрігерінің институтына түс деді, онда бақа-шаяннан қорқам дедім, Заң институтына түс деді, онда тек еркек балалар оқиды екен дедім, ақыры оқымаймын, қайтам дедім. Оған ағатайым жібермей ЖенПИ-де Теміралин деген кісіге жолығып, нәрселерін (қолындағы алтын сағатын шешіп берді ғой деймін) беріп, сонда оқуға түсірді. Филология факультетіне. Менің дұрыс киінгім келеді, ағатайымнан ақша сұраймын, береді, киім-кешек әпереді.

1947 жылы ағатайым Шұбарқұдыққа жұмысқа орналасты, қойма меңгерушісі, ай сайын 30 сом жіберіп тұрды. Есеп-шот қателігімен болар ағатайым 10 жылға сотталды. Артынан іздеп Алдияр екеуміз бардық, 5-6 жылдан кейін рақымшылыққа жатып, босап келді.

Келісімен тағы да Шұбарқұдықта қойма меңгерушісі болып қызмет жасады. Келген соң Нәтимә құдашамызға үйленді. Рая атты 9 жасар қызымен. Ағатайым өте балажан еді. Раяны қатты еркелетіп тәрбиеледі, артынан 1958 жылы Қарлыға атты қыз келді. Ағатайым кең пейілді, әнші, табысқор азамат болды. Нәтимә жеңгеміз де оқыған, айтуға тұрарлықтай жар және ардақты ана болды. Бірақ ертерек өмірден өтті (1974 ж.).

Мәдеш апайым 14 жасында (1934 ж.) тұрмысқа шықты. Нәтимәнің ағасы Есіркеп дегенге, жеті бала көтерді (үш ұл, төрт қыз). Жездеміз ауырып ерте дүниеден озды (1960 ж.), апайымның қолында тұрып едім. Қыздарын, ұлы Нұрланды интернатқа орналастырып, тәрбиелегенмін. 1986 жылы бұл жанұяға ауыр тиген жағдай ұлдары Нұрлан 38 жасында қайтыс болды, қатты уайым болды. Өте бір болашағы зор, тәрбие көрген, жақсы өскен азамат еді.

1957 жылы ақтөбелік Сабырғали Тілекенов деген азаматқа тұрмысқа шықтым. Сакең Тайсойған ауылынан, әскери борышын атқарып келгеннен кейін 1952 жылы Алматы сауда техникумын қызыл дипломмен бітіріп, сынақсыз өтіп, ҚазМУ-де экономика мамандығы бойынша дәріс алады. Жанұя құрысымен Сабырғалидың апайының үйінде тұрдық. «Совнархозда» экономист болып қызметін бастады, одан 1959 жылы «Актюбрентген» заводында өндіріс жоспарлау бөлімінің орынбасары, көп ұзамай бастығы болып, тапжылмай 44 жыл бір орында қызмет атқарды. Қай уақытта да Сәкең салмақты, адамгершілігі мол азамат қалпын сақтады. Сабырғали екеуміз Венера, Ерік, Айгүл балаларымызды тәрбиелеп, Нұрлыбек, Әлібек атты немерелерімізді өсірудеміз. Ағайын-туыстың, жолдас-жораның «басы ауырып, балтыры сыздаған» кездерінде демеу болып, қуаныш-қызықтарынан қалмай, бірге жүруге тырыстық.

Соның біразына тоқталайын:

1965 жылы 20 жылдан астам соғыс зардабын шегіп, өкпедегі мина жарықшақтарын алуға Алдиярға Алматы госпиталінен хабар келді. Операция жасау үшін туыстарының келісімі керек болды. Оған қолхат жазу керек. Қызметтен рұқсат алып маған баруға тура келді. Содан Алматы қайдасың деп жол тарттым. Онда әйтеуір бетке ұстар, студент болса да Мұратжаным бар. Операцияны атақты хирург медицина ғылымының докторы, профессор Б.С.Бабашев жасады. «Алдияр бұл кісіні, маған екінші өмір сыйлаған адам деп атап жүретін». Мен жанында отырдым, Мұрат тамақ тасиды. Рұқсат алған күнім бітіп қалды, ал қайта ғой дейтін ағайым да, дәрігер де жоқ. Содан бір күні қайтуға рұқсат берді. Мұрат сабағын оқи жүріп, Алдиярдың жанынан шықпады. Бір - екі айдан кейін қайта операция жасады. Оған зайыбы Алма мен жездесі Сабырғали барды. Алма емханадан шыққанға дейін болып, үйге алып қайтты. Алдияр әбден жүдеген, олар әке-шешемізбен бірге тұратын. Шешеміз Ұштап Алдиярды ерекше жақсы көретін. Ұштап анамыз 1896 жылы дүниеге келген, шеше қасиетін, жар міндетін адамгершілікпен атқарған ана. Ұштап шешеміз Ғазиздің ұлы Мұратты, Алдиярдың ұлы Өсерғалиды («Ақсауыт» атанған), одан Мұраттың қызы Жанарды өз қолымен өсіріп, ерекше көңіл бөліп қараған.

1966 жылы тамыз айында Мұрат Алматы шет тілдер институтының III курс студенті, Семейдің қызы Гүлбаһрам Оспанқызын келін етіп түсірді. Той-думан, қызық-қуаныш, содан қазақ жолымен Мұраттың ағасы Алдияр жолдасы Алмамен Семей қаласынан 54 шақырым Карповка (Ұзынжал) ауылында тұратын Гүлбаһрамның әке-шешесі Оспан мен Ұқыпжамалдың алдынан өтуге барып қайтты. Оспан кұданың балалары Бектұр (Бекен), Сағындық қарсы алып, шығарып салыпты. Ырза болып келді.

1968 жылы Гүлмира атты, 1970 жылы Жанар атты балалары дүниеге келді. Әуелі «Жаңаөзен» кеншарында, одан кейін Ақтауда тұрып жатты. 1972 жылдан бастап Гүлбаһрам біраз ауырды. Мұрат сол кездегі мықты деген ауруханаларға апарып, көп емдетті. Гүлбаһрамның әкесі Оспан, ағалары Бектұр (Бекен), Сағындық, жездесі Асқар, жеңгесі Кәкима жол қашықтығына қарамай хабарласып, көмектесіп, қатысып тұрды.

1976 жылы Гүлбаһрам Гүлмирамен Семейдегі ағасы Сағындықтың қолына оралды, Жанар Шұбарқұдықта (Актөбе облысы) Ұштап әжесінің қолында қалды. Алдиярдың үлкен ұлы Замер 1999 жылы Мұраттан кейін екі ай мөлшерінде автокөлік апатынан бұл дүниеден қайтты. Шұбарқұдықта Саламатовтар әулетінің түтінін түтетіп отырған жанұяның басы еді. Қазірде зайыбы Дариға сол мекенде бір кішкене ауыл шаруашылығы қожалығына иелік етіп, Дулат, Марал, Мөлдір атты балаларын тәрбиелеп отыр.

Өнер ағасы Мұраттың жолын қуып, мұнай өндіру саласында абыроймен қызмет атқаруда. «СНПС-Ақтөбемұнайгаз» АҚ-ның бас директорының орынбасары, мұнай өндіру бөлімінің бастығы. Жолдасы Дүйсенгүл колледжде оқытушы, екеуі Балаби, Зәру атты балаларын өсіруде. Ұштап анамыздың еркесі Өсерғали Алдиярұлы атақты құрылысшы (прораб) жеке кәсіппен айналысады. Жұбайы Ханым мықты тірегі, қолдаушысы. Азамат, Шыңғыс есімді ұлдарын заманымызға сай етіп тәрбиелеуде.

Нұрила Айболат атты, Гүлбабаш Өтеген есімді азаматтар да тұрмыста, өздерінің жеке кәсіптері бар, Нұрболат, Айдана және Темірлан, Санжар атты балалары өсіп келеді.

Бірде Мұрат менің ұлым Ерікпен Алматыда кезігіп, үйіне апарып, жақсы сыйлапты. Ұлым риза болып, қуанып келді. Кіші қызым Айгүл жоғарғы оқу орнында оқу үшін қомақты қаражат керек болды. Әкесі Сабырғали Мұратқа телефон шалды. Сөзге келмей керекті ақысын аударыпты. Сабырғали жездесінің 70 жасқа толған мерейтойын өзі келіп өткізіп, қызықтадық.

Осындай жақсылықтарын, адамгершілігін ешқашан ұмытпаймыз. Өмір бір реніш, бір қуанышпен өтіп жатыр. Арамызда Мұрат жоқ. Бірақ қолдан келер ештеңе жоқ, тәубә деп қалған балаларына ұзақ ғұмыр тілейміз.

* * *

Мұратжанның үлкен қызы Гүлмира 1988 жылы қыркүйек айында Атырау қаласындағы Сағынбайдың ұлы Болат атты азаматқа тұрмысқа шықты. Содан құда болып, той-томалаққа қатыстық. Сәкеңнің еңбек жолдары тегіс аудандық, облыстық (Гурьев, Маңғышлақ облыстары) тұтынушылар одағының қызметіне арналған екен.

1996 жылы маусым айының басында Сағынбай құданың бұл дүниеден өткенінен хабардар болдық. Әрине, Сәкең құдамыз өмірден ерте озды, құдамыздың тындырар ісі, ойлаған армандары, көретін қызығы көп еді. Осы бір ауыр қайғыға Мұратжан бірінші күннен қатысып, Сәкеңнің балалары, жұбайы Ақжібекті жұбатып, көңіл білдіріп, өзі бас болып, Атырау өңіріндегі мұнай саласындағы лауазымды азаматтарды жұмылдырып, ойда қалатындай үлкен адамгершілікпен қызмет жасады.

2006 жылы маусым айында Атырау қаласында балалары, туыс - туғандарының ұйымдастыруымен Сәкеңнің қайтыс болғанына 10 жыл өтуіне арналған еске алу рәсімі өтті. Ақтөбе қаласынан 10 адам бардық: Рая-Сақтап, Қарлыға, Дариға, Өнер, Балаби атты баласымен, Өсер-Ханым, Өтеген-Саламатов әулетіне қатысты адамдар.

Еске алу жиыны өте бір ұйымдасқан түрде өтті. Сәкеңнің балалары Fалия, Болат бастатқан, құдағиымыз Ақжібектің қостауымен бізді құда-құдағи ретінде сыйласымды қарсы алып, күтті. Ұлы Болаттың үйінде біраз тынығып, ауқаттанып алғаннан кейін, құдамыз Сағынбай Нұрғалиев атына қаладан көше беріліпті, ауласына киіз үй тігіліпті. Үйдің қабырғасына ескерткіш тақта (мемориальная доска) ілінді, Сағынбай Нұрғалиев көшесі деген белгі қағылды. Көше атын беру жиынына, көп халық жиналды, ішінде қала әкімшілігінің басшылары бар. Атырау қаласының мәдениет саласының әншілері, күйшілері, Дина Нүрпейісова атындағы Мәдениет институтының тәлімгерлері мен оқытушылары қатысқан концерт қойылды. Одан Атыраудың бір кең асханасында құран оқылып, ас берілді. Сол дастархан басында да еске алушы Сәкеңнің қызметтес болған жолдастары, туыс-туғандары, құда-құдағилар сөз алып, еске алды. Сәкеңнің өзінің жазып кеткен қолжазбасының негізінде балаларының қолдауымен «Ақыл мен ізет» деп аталып, естелік, әңгіме-эссе кітабы шығыпты. Бәрімізге бір-бір кітап берілді. Жаңағы жиындарда сөйлеген азаматардың естелігінен және «Ақыл мен ізет» кітабынан Сағынбай құдамыздың Атырау өңірінде, 1973 жылы жаңа құрылған Манғышлақ облысында облыстық тұтынушылар одағының төрағасы қызметтерін атқарып, үлкен абыройға бөленгені жайында жақсы мағлұматтарға кенелдік.

Рәсімге Ақтаудан Сәкеңнің інісі Қуандық-Тыныштық, қарындасы Зәуреш-Орал, Атырау төңірегінен қарындасы Бәтимә-Ахметқали, құда - құдағилары, барлық балалары, Бейнеуден туыстары қатысты.

Ақжібек құдағиымыз салиқалы аналарға тиісті үлкен жүректі, асыл сезімді, кең пейілді, жағасы жайлау, жаны жаз ардақты ана екендігін ақ жарқын мінезімен көрсете білді.

Жазмыштан озмыш жоқ, бәрі де Алланың ісі ғой, Сәкең құдамыздың о дүниелік болғанына он жыл өткенімен, құдамыздың есімі өшпейді, неге десеңіз артында ұрпағы бар (2 қыз, 5 ұл), жары Ақжібек, немерелері, өзі сыйласқан дос-жарандары, ағайын-туыстары, ел-жұрты бар. Сәкең құдамыз іштен де, сырттан да көп дос, туыс тапқан, ол кісінің есімі, кескін-келбеті, жүріс-тұрысы, іс-әрекеті, сөйлеген сөзі - бәрі-бәрі есте сақталатыны хақ