КЛ 11 ТОМ

Халқым қойдай қағады,

Жұртым малдай бағады, –

дейтін теңеулер бақташылық өмірінен алынған. Қой бағу, мал күту қазақ үшін өте сүйікті, абыройлы іс болған. Сондықтан Жібек Шектілердің өзіне деген махаббатын осындай түрлі теңеулермен білдіреді.

Қоштасу, қимастық, көңіл айту, оң бата сияқты монологтарда ұқсату (метафора) көбірек келеді. Ондай жерде ақын теңеу қолданбайды. Алты қазға айтқан сөзінде Төлеген:

Қанатымда қияғым,

Табанымда тұяғым, –

деп келеді. Сипаттауларды теңеумен берсе, ауыр сезімдерді ақыл ұқсатулар арқылы суреттейді.

Көлге біткен құрағым,

Суырылып озған пырағым, –

дегенде де солай.

Кекжорға мен Сандалкөктің шабысын суреттегенде, Сансызбай мен Қореннің ұрысын, кештің сәулетін айтқанда ақын әсірелеу қолданады. Мысалы, Сансызбайдың атқан жебесі Қоренді құлатып, одан өтіп, үй орнындай бір төбені аударып тастайды. Аттар шапқанда ұшқан құсқа жетеді. Бұл жерлері батырлар жырындағы үлгілер. Соны ақын дұрыс қолдана білген. Кейде ақын кішірейту түріндегі сездерді өте орынды қолданады:

Дария шалқар көліміз,

Жер болып қалған суалып, –

дейтін сөздер Сансызбайдың суалған көңлін білдіреді.

Сонымен, ақын көріктеу, теңеу, ұқсату, әсірелеу сияқты көркем сөздерді қалай болса солай орынсыз қолданбайды. Әрқайсысының тиісті орнын табады. Беталды теңеу қуып, эпитет ауламайды.

«Қыз Жібек» жырының тілі, өлеңдігі көркем, ажарлы болып шығатын себебі осындай нақыстардан туады. Өлеңнің ұйқастары да, дыбыстық құрылысы да жатық, үндесіп келеді.

Асу да асу бел деді,

Аса бір соққан жел деді, –

дегендегі а-а, с-с, е-е сияқты ішкі дыбыс үндестіктері күшті. «Қыз Жібек» дастаны батырлар жырынша жеті буынды жырмен жырланған. Ұйқасы екі-үш жол аралап, еркін келіп, ерікті ұйқас болып отырады, көп жерде жырдың ұйқасы тек сыртқы жағынан ғана емес, көбіне ішкі жағында болады.

Жырда қоштасу, естірту, жоқтау, арыздасу сияқты салт өлеңдері көп: осының бәрі жырдың лирикалық қуатын күшейткен. Оқиғаның қызықтылығы мен лиризм бұл жырдың мазмұн, композициясын көркейтеді.

Айтыс өлеңдері

Айтыс өлеңдері, қазақ ауыз әдебиетіндегі ең мол жанрдың бірі. «Айтыс» деген атауы – айтысу, тартысу, дауласу немесе жарысу, сынасу мағнасында қолданылады. Бұрын үлкенді-кішілі даулар кезінде шешендер айтысы болған. Ақындар айтысы, өлеңмен айтыс. Анығында өлең жарысы, өнер жарысы есебінде қолданылады. Біздің тексеретініміз сол ақындар айтысы.

Ақындар айтысы – көпшілік алдында, тыңдаушы, сыншы жұрттың көз алдында туып, орындалады. Әнменен, не әр ақынның арнаулы сарынымен: қобызға, домбыраға, гармоньға қосылып айтылады. Ақындардың солайша кезектесіп, жауаптасатын суырып салма өлеңдері, екі жақты айтыс болады. Мұнда тыңдаушы жұрт құр естіп қана қоюшы емес. Ол бір жағынан, айтысушылардың сөздерін сынаушы, қорытушы болып отырады. Ақындардың бірі жеңіп, бірінің жеңілгеніне төрелік айтушы да сол жиынның өзі болады.

Тыңдаушы жұрт-жиын, айтысушы ақындардың әншілдік, домбырашылық, жарыс-керісін, орындаушылық өнерлерін де бақылап, бағалайды. Сонымен қатар бұрын айтылмаған өлең өнердің, сол арада, өздерінің көз алдында, жаңа туып отырған тың туысын да бақылап аңдайды. Жарысқа түсуші ақындар тапқырлықпен, өнерпаздықпен кезек шабуыл жасап қақтығысулары арқылы, тыңдаушыларын әр алуан дәрежеде қызықтырып, еліктіріп, неше түрлі құбылыс күйлерге салып отырады. Оның үстіне көбінесе тыңдаушы жұрт екі жар болып екі ақынның туысы, тілеулесі, жақын ортасы болады. Сондықтан тартыс, талас тек екі ақын арасында ғана емес, бәсеке тілеулестік екі жарылған жиында да болады.

Бұл жай айтысушы ақындарды, үлкен жиын топта, сайысқа шығарған батырлардай, күреске түсірген балуандардай, бәйгеге қосқан аттардай, бәсеке жарыс қызуына араластырады. Осы айтылған ерекшеліктердің барлығы, ақындар айтысын тыңдаушы көпшілік үшін әр кезде театрлық, драмалық аса қызу әсері бар өнер түріне айналдырады. Анығында ақындар айтысының негізінде, өзгеше жанрлық бітім мазмұнында, қолдану дәстүрінде, қазақтың халықтық театрлық өнерінің мол белгілері бар. Халық театрының анық, дәл ұрығы бар деуге болады.

Қазақ фольклорында айтыс жанры есте жоқ ескі замандардан бері қарай созылып келген. Халық сүйген жанр болғандықтан, көпшілік мол қолданғандықтан, бұл жанр Октябрь революциясынан кейін де Советтік Қазақстанда кең өріс алып, мол жайылумен келеді. Ең ескі айтыс түрлері қазақ фольклорында топ-топ болып, өзінше хормен айтылатын, ескі салт өлеңдерінен басталып, содан бері келе жеке ақындар айтысына өрістеп, ауысқан тәрізді. Мезгілінде жазылып қалмағандықтан қазір біз XVI–XVII–XVIII ғасырлардың ақындар айтысын білмейміз, деректер жоқ. Бірақ, сол ғасырларда да айтыстың мол болуы даусыз.

Жалпы бұл жанр жөнінде келешекте болатын көлемді, арнаулы зерттеулерде сол ескі дәуірлердегі айтыс ақындарының сөздері жиналып, жарыққа шығуы қажет. Ертедегі айтыс ақындарының болсын және бергі белгілі, азды-көпті дерек бар, аттары анықталған, сақталған айтыс жырлары бар ақындардың жөнінде болсын, істелетін ғылымдық үлкен істер бар. Ол, сол ақындардың өмірбаянын және қолдан келгенше, барлық айтыстарының туған жылдарын, орындарын, жағдайларын түгел мәлім ететін материалдар жиналып, жариялануы шарт. Сонда айтыс жанрының көп қазынасы, зерттеуші үшін мол материалы толық құралған болады.

XVIII ғасырдың соңғы жарымынан бастап, XIX–XX ғасырдағы айтыстар және совет дәуіріндегі айтыстар жазылып алынған түрлерінің, үлгілерінің, өздеріне қарағанда да қазақ фольклорының мол саласының бірі осы жанр екендігін танытады.

Шынында Жанақ, Сүйімбай, Шөже, Түбек, Майкөт, Қабан ақын, Құлмамбет, Жамбыл сияқты талай елдерге атақтары жайылған ақындарды алсақ, солардың өмір бойы қолданған негізгі ақындық жанры, көбінесе айтыс екенін білеміз. Бұлар ұзақ өмір жасаған ақындар болумен қатар, барлығы да айтысқа ерте араласып, 15-16 жастарынан ақындық өнерлерін бастайды. Олардың ел жадында сақталып қалған ірі айтыстарынан басқа, әрбір қынаменде ойын-сауық, айт пен тойда, ас, мерекеде, тұстас ақынмен, жас-желең, қыз-келіншектермен қағысып айтқан үлкенді-кішілі, әзіл күлкілі айтыстарында сан жоқ. Сол айтыстардың бәрінде шын ақындар, бір айтқанын қайталаған емес. Жаттандыны айтпаған болса, тек қана бір Шөже, Сүйімбай, Жанақтар өмірінде қаншалық ұшан-теңіз, суырыпсалма өлеңдер туғанын мөлшерлеу қиын емес. Бұл атақты ақындар жайындағы сөз. Ал айтыс жыры батырлар дастаны, немесе ғашықтық жыры сияқты некенсаяқ, дастаншы жыршылар айтатын түр емес. Көпшілік, кәрі-жас, еркек, әйел ойын-сауық үстінде түгел қолданатын, жалпылық жанр. Олай болса сан жеткісіз атсыз ақындар, айтысушылар кезінде туғызып кеткен, бірақ хатқа түспей қалған айтыс өлеңдердің саны, көлемі қаншалық мол болғанын, ұшан-теңіз өлеңдер тудырғанын болжау қиын емес.

Өткен ғасырдың орта кездеріне шейін, жалпы мөлшерге қарағанда, айтыс өлеңі бүгінгі Қазақстан өлкесінің барлық облыстарында да, жалпылық түр болғаны байқалады. Бірақ бертін келе, XIX ғасырдың аяқ кезінен, XX ғасыр ішінде, айтыстың жалпылық түрі Қазақстанның көп жерлерінде саябырлайды. Бертін кездердегі қалың айтыс мол күйінде, көпшілік жанры есебінде, тек бұрынғы Ұлы жүз атанған елде, қазіргі Алматы облысы, Жамбыл, Оңтүстік Қазақстан, Қызылорда облыстарында ғана қаймағы бұзылмай қалың күйде сақталады. Ал, Советтік Социалистік Қазақстанда жалпы халық өнеріне, халық ақындарының халықтық қадірі бар жырларына Сталин дәуірінде баға берілгендіктен, совет фольклоры жаңадан жаңғырды. Асыл, алтын дәуіріне жаңа жеткендіктен, соңғы он жылдар ішінде айтыс жанры қайтадан кеңейіп, өріс алды. Барлық Қазақстанға енді тыңнан қызықты жанр болып жайылып отыр.

Сол бұрынғы ескі айтыстармен, бүгінгі советтік дәуірдің колхозды ауылында туып, тарап жатқан жаңа айтыс өлеңдерін тағы еске алып қарасақ, айтыс өлеңдері бұрынғыдан да молайып, ұшан-теңіз болғанын білеміз.

Бұл сияқты халық бойындағы ақындық қуатты күнделік сарапқа салып, кең, үлгілі өрнек жайып отыратын жанр – фольклор көлемінде ең қадірлі жанрдың бірі.

Айтыс жанры ерте замандарда бір қазақ емес, дүниежүзіндегі көп елдердің тарихында болған. Бүгінгі күнде айтыс Совет Одағында, нақтылы ақындар айтысы түрінде үш елде бар. Ол, қазақ, қырғыз, қарақалпақ елдері. Ерте дәуірлерде айтыс осы елдердегі қазіргі дәстүрдей шығыс, батыстың көп елдерінде болған. Мысалы, арабта жәрменкелерге жиылған ақындардың айтысқан жарыс өлеңдері қағазға жазылып, көпшілік оқуына, сынауына қолайлы етіп, жәрменке ортасына ілініп қойылатын болған. Ол айтыс өлеңдерін арабтар мұғаллакат деген.

Сол алуандас айтыс өлең Батыс Европаның орта ғасырында: кельттерде – фильдер деген ақындарды туғызған. Терістік Францияда труверлер, орталық Европадағы мейстерзингерлер және Скандинавия елдерінде болған «эдалаларды» жырлайтын скальділер – бәрі де айтысқа жүйрік ақындар. Олардың өз өмірлерінде бірімен-бірі жиі айтысып жүретін болған. Орыс халқының ескілігінде, әрі күлдіргі артистер қызметін атқаратын, әрі ақын-скоморохтар өнері де сол айтыстың талай үлгілерін тудырған. Сол саналған әр елдегі, әр ақындар топтарының қатарынан шыққан мейстерзингерлер және кей дәуірлерде ағылшынның менестрельдері өздерінің айтыстарын дін тақырыбына да арнап, жарысқа түсетін. Әсіресе шіркеу ішінде, дін тақырыптық айтыстарды көп жүргізген мейстерзингерлер болады. Бұлар айтысының кейбір жұмбақ-сұрақ түріндегі жарыс-таластары қазақ ақыны Шөже мен Кемпірбай айтысында келетін дін жұмбағына өте жақын. Шөже Кемпірбайды жеңгенде «уаттури уәззейтуни» деген аяттың мағнасын айт деп қысады. Онысы діндер аңызы бойынша, Мұсаның Син (Синай) тауына шығып, құдаймен жауаптасқанын келтіріп, сондағы айтысқан сөздерін өлеңмен шешіп бер дегені еді. Кемпірбайда бұны шешерлік білім болмай, жеңіліп қалады. Бұл мысал қазақтағы, қырғыздағы бұрынғы, бүгінгі мәлім болып жүрген айтыстың кейбір үлгісі, бұрын көп халықтарға ортақ болған үлгі-өрнектер екенін танытады.

Айтыс жөнінен алдын ала аталатын тағы бір ерекше жәй, әрбір айтыстың сақталуы мен хатқа түсуі жөнінде. Бұл зерттеушілерді көп ойландыратын мәселе. Айтыс екі ақынның суырыпсалма түрінде шығарған, қалың жиын алдындағы жарысы. Бұған ақындар әзірліксіз келіп, біріне-бірінің оқыстан тастаған түйіндеріне жауап ретінде, өз өлеңдерін сол орнында ғана туғызады. Осылай болғанда әрбір айтысты кейін дәл сол айтылған жолдарымен, барлық теңеу ұйқастарымен, барлық жүйеге таласқан дәлел-дауларымен түгел сақтап қалу мүмкін бе? – деген заңды сұрақ, үнемі орынды қойылады. Және екі ақын айтысып өткеннен кейін, соны ұғып алып, ең әуелгі таратушы болатын кім? – деген сұрақ туады.

Мөлшермен айтқанда, әрбір айтыс кейінгі сақталуында және хатқа түсуінде ноқаты аумай, қаз-қалпынша, қаймағы бұзылмай түседі деуге болмайды.

Айтыстан кейін, сол айтыста болмаған көпшілікке және айтысты ұғып жаттап алам деуші ақын, шәкірттеріне айтып беретін алғашқы айтысқа түскен екі ақынның біреуі болады. Бұл ақынның өзі де айтыс үстінде өзінің оқыстан шығарған сөздерінің барлығын кейін бұлжытпай айтып бере алмайды. Әрбір ауызша туған суырыпсалма сөздердің, экспромттардың тағдыры, шындығы солай. Ол ақын өзіне қарсы ақынның да бар сөзін бұлжытпай түсіре алмайды. Тек оның айтыстағы сарынын ұғады. Өзіне қарсы айтқан өткір сөз, күшті шебер ақындық теңеу сөздерін есте тұтып қалады. Жеңісек жердегі жұлысқан, шарпысқан жүйелі таластарын жадында сақтайды. Осындай есінде қалған деректеріне сүйеніп және неше кезек айтысқан реттерін есінде сақтап, ұзынды-қысқалы көлемдерін еске алып отырып, өз сөзімен қарсы ақынның сөзін, айтысын жаңғыртып береді.

Мұның айтуынша, алғашқы халық алдында өткен айтыс, енді жаңа редакциядан өтеді. Сонымен шыңдалып, қалыптанып екі жақтың әуен сарынымен, басталу-аяқталу сатыларымен, түгел біртұтас айтыс жыры болып, көпшілікке тарайды. Кейінгі айтушылар содан ұғынып, қалың елге, кейінгі буындарға «пәлен ақынмен, пәлендей ақынның айтысы» деп, мәлім ететін болады.

Осы орайда қазақ ақындарының арасында болған жақсы, әділ бір дәстүрді еске алу керек. Жол бойынша екі ақын айтысса, солардың сөздерін кейін ретке салып, көпке жәйіп дұрыстығымен дәл айтып беру: жеңген ақын емес, жеңілген ақынға міндет болған сияқты. Мұның мысалдары көп айтыстан байқалады. Жанақ пен Найман ішінде, бастығы Түбек болып айтысқан 16 ақын, тегіс жеңіледі. Тек он жетінші, бала ақын (Сабырбай ғана) Жанақты тоқтатады.

Кейін, осы он алты ақынның Жанақтан жеңілгенін айтып беруші сол ақындардың өздерінің ортасы болады.

Атақты Сүйімбай ақын Күңбала қызбен айтысып жеңілгенін, кейін өмір бойы, өзі айтып жүрген. Бертінде талантты шәкірті Жамбылға да өзінің жеңілгендігін ұғындырып, жаттатып айтқызып жүрген. Күңбала, Сүйімбай айтысын біз бертінде «Сүйімбайдың жеңілген жері осы» деп айтатын, қарт Жамбылдың аузынан естідік. Шөжемен айтыста, Кемпірбай өзінің жеңілгенін, қандай жерде жүйеден ұтылып, Шөжеге төтеп бере алмай тоқырағанын кейінгі барлық ұрпаққа өзі мәлім етіп, жырлап береді.

Атақты Біржан мен Сараның айтысын да, біз білгенде, сол айтыста жеңілген Сараның айтуынан білеміз. Ерте заманнан келе жатқан осы дәстүр Жанақта да байқалады. Жанақ өзімен ұзақ заман айтысып жүрген бәсекелес, ақын қыз Күнікейден сол қыздың дәл ұзатылғалы тұрған күнінде соңғы рет айтысып, жеңіліп шығады. Осы жолсыз айтысын кейінгі жұртқа Жанақтың өзі айтып береді. Сабырбай ақын Тойбала қызбен жігіт кезінде, тынымсыз айтысады. Бірінің бірі қапысын аңдып, көш жөнекей де, мезгілсіз ертелі-кеш те, түнде де айтысып жүреді. Мал шетінде, түзде кездесе кетсе де, қағысып шарпыса түсіп, ұзақ жылдар жеңісе алмай жүреді. Аяғында Сабырбай өзінің айтқан бір тұрпайы қалжыңы үшін бұны мұрттай ұшырған, мүрдің оғындай ащы мысқыл жауапты Тойбаладан алады да жеңіледі. Солайша жеңілгендігін кейінгі буындарға, өз тұсындағы тыңдаушыларға Сарыбай өзі айтып беріп кеткен.

Міне, осы айтылған мысалдардың барлығына қарасақ, айтыс ақындарының сөздері сақталуға жауапты кім, еңбек ететін кім екені айқын көрінеді. Халықтық жақсы дәстүр бойынша жеңген ақын «мен сүйтіп жеңіп едім» деп мақтан етіп әйгілемей, жеңілген ақын «мен солайша тоқыраған едім» деп баян етеді. Бұл, айтыстың біраз өзгеріспен, редакциямен болса да сақталатындығы турасындағы сөз.

Енді біз, айтыстағы жеңу мен жеңілу деген не? Оның тетігі неде болады? деген сұраққа жауап беруіміз керек.

Айтысқа түсіп жүрген суырып-салма ақын, тегінде, өлең таба алмағандықтан, ұйқасты сөз құрай алмағандықтан жеңілмейді. Айтыстары бізге жеткен, өз тұсындағы ірі ақындардан жеңілген, жаңағы аталған Сүйімбай, Кемпірбай, Сара, Сабырбайларды алсақ, бұлардың жеңілуі сол тұстарда өлең сарқылып қалғандықтан немесе ұйқасты сөз құрай алмай, олақсып қалғандықтан емес. Бәрі де жеңілгенде ұтықты дәлелден атсырап, жүйеге жығылып, дау сөздің логикалық жағынан ұтылып барып жеңіледі. Жеңуші жақ, өзінің қарсы ақынына, бет бұруға, жалтартуға ерік бермей, өмірлік, логикалық бір шындықтар табады. Дәлелдермен тұсап тұқыртып, буып тастайды. Ондай өмір шындығы, дауласуға келтірмейтін айқын, мықты дәлелдер құр шешендікпен, құр ұйқас сөз айтқанмен әлсіремейді, мұқамайды. Сондықтан, көлденең тыңдаушы-сыншы жұрт та, жол білетін ақын өзі де бұл тартыста жеңілгендікті айқын ұғынып, еріксіз тоқтайтын болады. Айтыс жанрын өз ерекшеліктерімен талдауда бұл жай да айрықша ескеріп өтетін, негізгі мәселенің бірі.

Осы айтылғандар сияқты, қазақ халқының ортасында бұрынғы-бүгінгі айтыстардың көпшілігіне ортақ ерекшелік, дәстүрлер бар. Енді соларды атап өту керек. Ондай дәстүрдің бірі – айтыс сөзде, өнер жарысында, айтысқа түсуші ақындар күреске түскен балуандардай бар күшін салып алысады. Айтыс – сөз барымтасы. Бұның бір жағы, өнер жарысы. Екінші жағы, ойын-жиында, айт пен тойда және бүгінгі совет дәуірінде ұлы мейрам күндеріндей халықтық мерекеде орындалатын сауық есепті. Сондай халде өтетін болғандықтан, әрбір айтыстың театрлық және, әсіресе, ойын-сауықтық өзгешелігі үнемі қатар ілесіп отырады. «Ойында өрелгі жоқ» дейді. «Әзілің жарасса атаңмен ойна» дейді. «Жаманда – жаман, сөз барымтасы жаман» дейді. Осы нақылдар бойынша айтыс үстінде кәрі мен жас, еркек пен әйел, бала мен үлкен, атақты ақын мен атсыз жаңаталап жасөспірімдер болсын – бәрі де ойын-жарыс, өлең-сайыс, өнер-жарысқа емін-еркін түсе береді. «Теңі емес кісімен айтысқаны несі?» деп кінәлау, сынау, мінеу халықтық дәстүрде жоқ мінез.

Ол айтыс үстінде сол атсыз ақын, бала ақын, қыз ақын өзімен таласушы, жарысушы әріптесіне қандайлық қатты сөз, ащы сөз, тіпті бас мінесу сияқты айтыстарда болатын тұрпайы ауыр сөздер айтса да ол кінә болып, айып болып саналмайды. Қайта «сөз тапқанға қолқа жоқ» дейтін, айтыс турасындағы халық өзі құптаған нақыл бойынша сөз тауып, қарсы ақынды жеңсе сол жеткілікті. Сын сонда, өзімен бабасы тұрғылас Жанаққа қарсы бала ақын – Сабырбай әншейінде үлкенді сыйлау жолы бойынша, айтпайтын сөздерді емін-еркін, жалтармастан жарып айтады. Өзімен айтысқан іні, бала дәрежелес ақын қыз Күңбалаға Сүйімбай, Сараға Біржан әншейінде айтпайтын, әдеп бойынша іркіп жүретін, айтса жанап қана айтатын жайларды айтыс үстінде екіленіп, құлшына айтады.

Ол ғана емес, ақындар әншейінде ажар сақтап, бірі туралы бірі айтпайтын, ашпайтын ащы, ауыр шындықтарын да айтыс үстінде, жиын алдында қарсы ақынды тоқтату үшін іркілместен айта береді. Шөжеге Кемпірбайдың оны соқыр деп айтатыны, Сараға Біржанның күйеуің Жиенқұл адамның қортығы деп айтатыны, Тәбияға Омарқұлдың алғалы отырған күйеуің таз деп айтатыны – бәрі де айтыс үстінде кешірілетін жайлар болады.

Қайта көп кездерде ақындар бірінің-бірі қапысын аңдып жүреді. Өмірдегі қысталаң, қиын шақта тұрған ақынға әдейі сол қыспақ шағын бағып келіп, тұтқиылдан соқтығатын әдеттер де болады. Бұның айқын мысалы Сақау мен Тоғжан айтысынан көрінеді. Тоғжан қызды ұзақ жылдар жеңе алмай жүрген Сақау, кейін Тоғжан ұзатылып, келін болып, күйеуінің аулына бетіне шымылдық ұстап, жаңа келе бергенде алдынан шығады. Қайын ата, қайын енелердің тобында тұрып Тоғжанға қатты шабуыл жасаған өлеңмен айтысқа шақырып, соқтығады. Тоғжан қалыңдық ойнап жүрген күйеуінен оң жақта екі қабат болып келе жатқан еді. Сонысын Сақау үлкен айып етіп: «Жердің астымен келмей, үстімен келуге қайтып жүзің шыдайды?» дейді. Қатты айып-кінәмен сөйлеп, қарсылай соққан борандай қаптап тиіседі. Сонда Тоғжан ақындық айтыстың дәстүріне сүйеніп, «сөз барымтасын» басынан асырмас үшін Сақауға қарсы іркілмей жауап қатады. «Ініңнің аманатын сақтап келдім, ол да айып па екен?» дейді. Өзінің тазалық шындығын айтып, басын ақтайды.

Міне, бұл айтылғандардың бәрі де айтыста шынды айтысу, ащы сөйлесу, туралап соқтығу дәстүрлерінің молдығын білдіреді. Осыған жалғас және бір халықтық үлкен ерекше дәстүр бойынша екі ақын айтысының үстінде елді билеп жүрген хан, төре, болыс, би, аталы шонжар, қажы-молдалар – қысқасы әр ортаның ірі атқамінерлері, әмірші әкімдер туралы, бай озбырлары туралы да тура сөздер жалтармастан қатты айтылады. Ол жуандар осындай ақындар айтысының көбінің нәтижесінде, қарсы айтқан ақынның айыптау зілі, әшкерелеу сөзі, ащы мазақ мысқылы арқылы, халық алдында таңбаланып, қарғыс атқа ілініп жүретіні де болады. Әсіресе осы дәстүрді халықшыл ақындар, бұқара тілегімен өзінің салт-санасы, таптық арман-мүддесі қабысқан Жамбыл сияқты ақындар көп қолданған. Олар үшін айтыс белгілі ортадағы бай-жуанды орыннан тұрғысыз қып, масқаралауға үлкен таптық құрал болған.

Құлмамбет Жамбылмен айтысып отырып, Албанның байларын мақтайды. Соған қарсы Жамбыл:

Қожалық қып кетті ме Мақсұт ағаң,

Ағайынмен ұрысып, даудан өлген.

Шапырашты, Дулаттың бәрі куә

Шытыр жеген өгіздей аунап өлген...

Мақтанған байларыңның оңғаны жоқ,

Төрт бұрышын төңіректің жалмап өлген,– дейді.

Бұл мысал айтыс үстінде, сөз барымтасында ақындардың не жайдан болса да іркілмей сөйлеуіне халық тарапынан ерік берілетіндігін көрсетеді. Бірақ, анық көпшілік, бұқара өз орталарынан шыққан ақындардың осындай, әсіресе қанаушыларды әшкерелеп айтқан сөзін ұнатып қостағанмен, талай ақындардың үстем тап өкілдерінен, айтыс маңында жақын жүрген жуандардан жапа көріп, қуғынға ұшырайтыны да болған. Ондай кезде турашыл, халықшыл ақындардың болыс, ұлықтардан таяқ жеп, айып төлеп, жазаға ұшырап жүретіні де көп болатын. Бұл жай айтыстың халық сүйген, шын халықтық дәстүрдегі еркіндігіне үстем таптың әр кезде қысым жасап, тыйым салып жүргенін көрсетеді.

Осымен қатар феодалдық, рушылдық құрылыстың көлемінде «айтыс» өлеңдерін сол күнгі үстем тап тілегіне, қанаушылық таптық мүддесіне жұмсаған байшыл ақындар да болған. Олар «айтыс» үстінде өз руларын сол рушылдық ескі санамен мадақтайтын. Өзге қарсы ақындармен жарысқан бәсекесінде өз руын мақтау көп ақында болса, байшыл, бекшіл ақындар, өз руының «артықтығын», сол рулардағы байларды санауға саятын. Руларында болған бек, сұлтанды, болыс, биді, көп шонжарды дәріптейтін. Қарсы ақын «Құлмамбет, Жамбыл айтысындағы» халықшыл Жамбыл сияқты болғанда, ол жуандарды масқаралап кетеді. Ал, қарсы ақын өзі де рушылдық, феодалдық санадан аса алмайтын ақын болса, ол да өз кезегінде, үнемі өзінің бай жуанын мақтайды. Тегінде феодалдар, қанаушылар ортасы айтысты қостағанда, сондай өздеріне жағымды тиетін түрлерін ғана қостаған.

Осындай үстем тап санасының әсері бұрынғы көп айтыстан көрінеді. Ол, көркем айтыс, Біржан – Сара айтысынан да, анық байқалады.

Айтыстың көпке жайылғандық ерекшелігінен және ойын-сауықтың ең бір қызықты түрі болғандығынан бұл жанрға өзге фольклор жанрларындай емес, қазақтың әйелдерінің қатынасы да аса көп болады. Бұл жай да айтыстың қазақтағы жалпылық өнер себебіндегі бір үлкен өзгешелігі. Анығында, қазақ фольклоріндегі ең бай жанр – айтыс десек, нелер жүздеген, хатқа түскен айтыстарды қарасақ, солардың көптен-көбі еркек ақын мен қыз ақын, әйел ақындар арасында болған айтыстар екенін көреміз. Айтыс үлгісінде туған барлық өлең қазынасының қақ жарымына жақынын атақты ақын қыздар: Ақбала, Күңбала, Тоғжан, Сара, Жантелі, Ырысжан, Тәбия, Мақта сияқты нелер жүйрік, өнерпаз ақын қыздар, келіншектер туғызған. Ойын-сауық, той-мерекелерде ән-өлеңге үнемі араласып жүретін қыз-келіншектердің айтыста аз ғана еркіндік алатыны байқалады.

Осы айтылған кіріспе сөздермен біз айтыстың өзге жанрлардан бөлек, әр алуан ерекшеліктерін атап өттік. Енді айтыстың жеке түрлерін айрықша талдап, сала-саласымен тексеру қажет. Бұл ретте жалпы айтыстың түрлері, жіктері төменгіше. Айтыстың бірінші түрі – әдет, салт айтысы. Бұл көпшілік болып, топ-топқа бөлініп айтысу. Екіншісі – ақындар айтысы болады. Халық ақындарының жіктеуі бойынша, ақындар айтысының барлық тобы, сыртқы көлеміне қарай, түр ерекшелігіне қарай, екі жікке бөлінеді. Бұның біріншісі – түре айтыс, екіншісі – сүре айтыс. Түре айтыс бір-бір ауыз өлеңмен қысқа, шапшаң жауаптасып отыратын, көбінше, ақындармен қатар, жалпы көпшілік қолданатын, жалпылық түр. Сүре айтыс – тек суырыпсалма өлеңге әбден төселген, ысылған нағыз ақындардың, әр кезекте ұзақ сөйлеп, көп жыр төгіп, көсіле жырлайтын түрі болады.

Түре айтысты – атақты ақындармен қатар, айтыс өнеріне жаңа машықтанып жүрген көпшілік те қолданады. Бұл бір-бір ауыздан қайтарылып отыратын шапшаң жауаптасу үлгісі.

Осы түр жас желеңді ойын-сауықты айтысқа төселдіреді. Түре айтыстың бір ауыз өлеңі екі үлгіге бөлінеді. Оның біріншісі – бастауыш түрі, ең оңайы – қайым өлең, екінші үлгісі – қара өлең. Қайым өлеңмен айтысуды, кейде, халық «толық айтыс» деп атамай, «қайымдасу» деп те атаған.

Мұның мысалы:

Қыз – Атымды шешем сүйіп қойған Еркін,

Той болса түзетемін камшат бөркім.

Қолыңда еркің болса мені алғандай

Неше жүз үйіңде бар сенің жылқың?

Ж і г і т – Атыңды шешең сүйіп қойған Еркін,

Той болса түзетесің камшат бөркің.

Ер күшінен тау аударылар деген бар ғой,

Алармын, болмаса да жалғыз жылқым.

Қыз – Атымды шешем сүйіп қойған Еркін,

Той болса түзетемін камшат бөркім.

Қайраты кеуде жарған сен ер емес,

Маңыма жоламайтын сендей шіркін.

Ж і г і т – Атыңды шешең сүйіп қойған Еркін,

Той болса түзетесің камшат бөркің.

Ерегес екі талай болған жерде,

Қыздарға сендей-сендей бар-дүр еркім.

Осы мысалға қарағанда, жалғыз ауыз «қайым» өлеңнің алғашқы екі жолы айтысушы әріптестерге үнемі ортақ жолдар болып отыратынын көреміз. Бұнда соңғы екі жолын ғана тыңнан қосып отыру шарт. Ал, қазақтың төрт жолды бір шумақ өлеңінде үшінші жол ұйқассыз болады. Олай болса, соңғы екі жолды қосушы тек бір-ақ жолдың, соңғы төртінші жолдың ғана ұйқасын тауып отыруға міндетті. Кейде қайым өлеңінің алғашқы екі жолы емес, ең алғашқы бір-ақ жолы екі жаққа ортақ болып отыратыны да болады.

Қалайда айтысудың бұл үлгісі, ең оңай үлгісі екені айқын. Түр жағынан осындай оңайлығы болғандықтан, жас айтушылар әуелде өздерінің айтысқа дағдылануын осындай бастауыш өрнектен көбірек бастайтын болған.

Айтыс өнеріне топ алдында жарысқа, сынға түсу арқылы төселіп кете қою оңай емес. Бірақ көпшілік ол өнерге үйренуге, жаттығуға құмар. Сондықтан, жаңағыдай, түрі оңай үлгіні бір сүйеніш етсе, екінші жағынан, сондайлық көпшілік айтыстарында қолданылып жүретін мерзімді, үйреншікті тақырыптар да болады. Ол айтысты тағы да оңайлататын және әр айтыста үнемі бола беретін және де жалпыға ортақ мазмұндар.

Мақтасуда әріптестер «өзің жақсы», «атаң, анаң жақсы», «елің жақсы», «өнерің асқан» десіп келсе, жамандауда бас міндерін айтысады. Пішін, мүсін кемдігі бар әріптес болса, сонымен ажуалайды. Өз бастарын қойып, қарсы ақынның әке-шешесін де, аға-інісінде, не әйелінде, не ерінде мінді мүсін, айыпты сыр болса, соны міней де қағысады. Айтыс дәстүрі бойынша ақындар бұндай сөздерге де ашуланыспайды. Тегінде айтыс үстінде ақындар ашулануға жол жоқ. Ол, ең алдымен, жеңілгеннің белгісі болып саналады.

Осылайша көпшіліктің көп айтысындағы түр оңайлығымен қатар, мазмұн мәлімдігі де алғашқы тәжірибе айтыстарды жаңа талап жастар үшін оңай ететіні бар. Айтыс не мақтаудан, не жамандаудан басталса, мұндай көпшілік айтып жүрген мазмұнның көпке ортақ, жаттанды жолдары, теңеулері немесе ұйқастары көп болады. Жас желең ең алғаш айтысқа түсе бастағанда сондай жаттанды өлеңдермен дағдылы мақтау сөзді, немесе жамандау, мінесу сөзді айтудан бастайды.

Сол ұғымды, жаттанды өлеңдерге өзі шығарған бірер жолды, кейде бір ауыз өлеңді аз-аздап қоса жүріп барып, беті ашылады. Айтыста кезек жауаптасып, ән түзеп, топ алдында өз өнерін жарыққа сала бастайды. Сонда жаңағы алуандас машықты мазмұндар бір демеуші болса, Қазақстанның кей жерлеріндегі тағы да ерекше бір айтыс мазмұндары және де қосымша болатын. Ол да көпке ортақ, көпке мәлім өлеңдерді мол туғызған мазмұндар. Мысалы, бұрынғы Жетісуда сондай қосымша мазмұндар: «тау өлең», «су өлең», «жер өлең» деген, айтыс өлеңдерін туғызған.

Мақтасу мен жамандасу сияқты мұнда да дағдылы мазмұнның үйреншікті бастауы, өрбуі, аяқтауы бар. Көп аузында ортақ болып жүретін жаттанды шумақтар, немесе белгілі жолдар, ұйқастар және көптің құлағына сіңген, көп көркем теңеулер, салыстыру, бейнелеу бар. «Тау өлең» осындай айтыстарда екі ақынның өз жеріндегі тауларын санауға, олардың артықша пайдасын, қасиетін сынауға арналады. Және айтысушылар өздерінің тауларды қаншалық көп білетіндіктерін көрсетіп, білім таласына да түседі, «су өлең», «жер өлең» де өзен, бұлақ, көл бастаулар, жер қоныстар, қыстау, жайлаулар, өлкелер жайындағы ақындардың өнер білімін танытатын жарыс мазмұнды болады.

Бұл алуандас айтыстар да көпке ортақ, жалпылық және жас талаптарға сүйеніш, көмекші, жетекші болатын айтыс үлгілері.

Міне, айтыстың әдет-салттағы түрлерінен бастайтын жастар, осы саналғандардай, жарымы жаттанды, жарымы оңай түрдегі айтыстарға араласа жүріп барып, біраз жылдарда анық еркін ақындық дәстүріне төселіп, жолы ашылған айтыс ақыны болып кетеді.

Айтыстың ерекшелік дәстүрлері туралы, түр-үлгілері туралы осы жоғарыда саналып аталғандай жалпы түсініктерді айта кеп, енді бөлек-бөлек салаларына талдау береміз.

Әдет, салт айтысы

Мұның аса ескісі, жекелеген айтыс емес, топ-топ болып айтысқан, салттан туған, ескілікті наным әдеттерден туған айтыс. Оның дін салтындағы өлеңдердегі мысалы – бәдік, үйленуге байланысты салт өлеңдердегі мысалы – жар-жар.

Бұл алуандас әдет-салт айтысы, көбінесе, өнер жарыстыру айтысы емес, тек дағдылы жолды атқару (жар-жар), ырым, наным бойынша ем-домға арнап айту (бәдік) ретінде ғана орындалады. Ондай айтыстардың өлең сөздері де көбінше ауыздан-ауызға көшіп жүретін жаттанды сөздер болады. Сондықтан, әдет-салт айтыстарында «жеңу», «жеңілу» сияқты қорытындылар болмайды. Және өзге өнер жарысының айтысындай бір жаққа екінші жақтың жол беруі, бәйге тартуы болмайды.

Кейін салттағы осы топтық айтыстан қос-қосталып айтатын жекелеген айтыстар туып, дамып өзгереді.

Бәдік топтанған айтыстың ескісі болғанда, әуелі ескілікті дін нанымын көрсетіп, бертін халық жастарының дін нанымына арналған әзіл айтысына сылтау болып кеткен.

Ғылымға сүйенбеген халық табиғат құбылысының сырын түсінбеген және өзінің ескі діні – шаманизм нанымы бойынша мал індетін, адам дертін қас ие, ерекше ғайып күштер жібереді деп иланған. Сол ескі дін нанымынша адам өзінің бойында сиқырлық, ғажайып күш-қуат бар деп білген. Осы жұмбақ сырлы өз сипатын адам өзінің сөзінде, тілінде деп нанады. «Сөз тас жарады, тас жармаса бас жарады», «басқа пәле қызыл тілден» дегендей, көп нақылдар айтады. Осындай сөздің сиқырлық қуатына иланудан, сөздің магиясына сенуден барып көп елде және ескі қазақ халқында да сөз арқылы пәлені айдау, сөз арқылы жақсылықты шақыру әдеттері туған. Сөз ішінде асылы – өлең сөз. Ендеше сол өлең сөзді дерт індетке қарсы қойып, ескі діндік ырым атқарады. Осындай жолмен, ескілікті дін нанымынан туған айтыс – бәдік айтысы болады. Онда адамның ауруын, мал індетін екі топтың айтыс өлеңімен аластап қуады. Көне түрінде бәдікті – жігіттер мен қыздар тобы болып, екі жарылып кезектесіп айтысады. Бертін келе айтысушы топтар екі ауылдың жастары болып екі жақ болып айтады. Бұның бір тобы бәдікті көшіре келген көрші ауылдың жастары, қонақтар. Екінші тобы ауылында ауру немесе індет бар жастар тобы болады.

Ал ескі дін нанымы кетіп болған кезде «бәдік» дін өлеңі болмай, жай бір айтыс-жарыстың топтап айтылатын себепші сылтауы болып қана қалады. Содан бері «бәдік» айтысы жалпы айтыстың тек қана шартты түрі болып кетеді. Бұл қалпында ол әзіл, ойын айтысына айналады. Жастардың кейінде бәдікті оспақпен сөйлеген екі жастың әзіл айтысына айналдырып жіберетінін мынадай мысалдан көреміз:

Қаратауым дегенде Каратауым,

Тау басынан соғады қара дауыл.

Сіздің үйде бір бәдік бар дегенге,

Қаптап көшіп келеді біздің ауыл,–

дегенде, қарсы топ:

Бәдік кетіп калыпты таудан асып,

Таудан арғы бұлтпен араласып.

Енді екеуміз бәдікті тауып алып,

Шын құмардан шығайық сабаласып, – деп, жауап қайырады.

Әдет-салт айтысының топ-топ болып айтылатын бір түрі «жар-жар». Бұны ескі салт бойынша жігіттер тобы мен ұзатылатын қыз тобы болып, екі жаққа бөлініп айтады (осы кітаптың екінші бөлімін қараңыз). Ол айтыс дін нанымы емес, қазақтың бұрынғы үйлену үстінде қолданатын ырым салтынан туған-ды. Сауықтың жыры болғандықтан «жар-жар» айтысында ән және ырғақты қайталау «жар-жар-ау!» сияқты қайырма болып отырады. Ол жыр – айтыс ішінде, көпті күлдіре сөйлейтін әзіл де болады.

Салт «жар-жар» өлеңін тек қана айтыс ретінде және бір қыз, бір жігіт қана емес, топтар болып, өзінше хормен кезектесіп айтысуды шарт еткен.

Бәдікпен қатар үйленудің сауық салтынан, әдет ырымынан туған «жар-жар» айтысын біз қазақтағы жалпы айтыс атты жанрдың ең көне түрі және көптік түрі деп танимыз. Бертін келе бұл түрдің де қоғам тіршілігінің дамуына байланысты мазмұн жағынан дамып өзгеруі болған. Ондай үлгілерінде топтан бөлініп жеке жігіт жаңаша, өзі шығарған сөздерді айтады. Қыз да тобынан өзгеленіп шығып, жалғыз айтып, жауаптасады. Көбінше, арман-наразылықтар айтылады. Бұл хал ескі айтыс түрінің жеке ақындарды топтық түрден бөліп шығара бастағанын көрсетеді.

Сондай жолмен бертінде «жар-жардың» мазмұны өзгеріп, қыз бен жігіттің мұңдасуына айналып кеткен мысалын төмендегі «жар-жардан» байқауға болады.

Жігіт– Жердің сәні болмайды ел кеткен соң,

Жүк көтермес қара нар бел кеткен соң.

Кетеріңде сіңіліңе тапсырып кет,

Өгейсітіп жүрмесін ержеткен соң.

Қыз – Бір қамшым бар қолымда жез бауырлақ,

Ілікпедім өсекке сөзді ауырлап.

Ісің еске түскенде беу замандас,

Жатамын да жылаймын жер бауырлап

Ж і г і т – Мына көлдің басында құстар отыр, жар-жар-ау,

Оны көріп қаршығам ұшқалы отыр, жар-жар-ау.

Әшкере ғып айтпағын мұндай сөзді, жар-жар-ау,

Достарың аз, қасыңда дұшпан отыр, жар-жар-ау.

Мұнда «жар-жардың» шартты түрі ғана алынып отыр. Мазмұнын қыз бен жігіт өздерінің еркін ақындықтарына бағындырып, жаңартып айтады. Әдет, салт өлеңі айтыстың жеке ақындарына, екі әріптес ретінде жырылып шығып айтысуға жағдай жасайды.

Бала туып, шілдехана күзетілсе, қыз ұзатылса, келін түссе, қыз-бозбаланың ән сауығы болады. Жиынға келген қыз бен жігіт ауыздан ауызға көшіп жүрген үйреншікті өлеңмен айтысатын әдет болады. Сондайда қайым өлең айтысу, оны және не мақтау, не жамандау, не мақтанысу мазмұнында айту көп жастардың әдеті. Сол қатарда «тау өлең», «су өлең», «жер өлең» сияқты көпке дағдылы әдет болған өлеңдерді айту да көп орын алады.

Бұл айтыстар халықтың әдет-салтының түр-түріне қарай лайықталып туған өз қалпында орындалады. «Бәдік» айтысында сөздің дуалы күшіне сүйеніп, айтыстың қуаты малға келген індетті қашыруға жұмсалғандықтан айтыстың қайырмасы індетті көшіруге арналады. Әр өлеңнің аяғында «көш-көш» дейтін қайталама, бұл алуандас айтыс өлеңнің мазмұнына байланысты аластау, бағып-қағу сияқты бақсы құшнаштық түрін танытады.

«Жар-жарда» түр өз мазмұнына сай келеді. Малға сатылып, көбінше күйеуін бір көрмей, ескі әдеттің көгеніне байланып кетіп бара жатқан қыздың алды қараңғы тұман, ауыр жұмбақ. Жүрегі алып ұшып, ой әлемі ұйқы-тұйқы болып отырған қызға тосыннан айтылған «жар-жар» деп айтылатын жарастық мағнасындағы сөздер сүйініш, үміт үніндей болмаққа керек. Осы сөз бұл айтыста көп қайталайды. Ол үйлену үстіндегі салттың шарт, міндет ететін мазмұнынан туып отыр. Қызды енді ер жары болып көшетін өмірге мойындату мақсатымен айтылады. Және жүрегін жат өмірден үрікпес үшін, жылы сөз «жар-жар» дегенді әдейі көп айтады. Салт шартымен қатар бұл айтыста тілек бар. Сондықтан, айтысушы жігіттер болашақты қызықты, жұбанышты етіп суреттемек болады. Бұл топқа қарсы қыздар тобы дау айтады. Жігіттер қыздың күдігін тоқтату үшін әрбір жайға сөзді бұра береді. Осындай ерекше айтыс мазмұнына түрі айнымалы, ауыспалы болып сай келеді.

«Жар-жар» өлеңінің құрылысы – жыр, толғау өлеңдері сияқты 7-8 буынды келеді де, ұйқасымы да еркін, ілгері-кейінді жылжымалы болады. Қуаныш, реніш, жақын, жат туралы сөздер қат-қабаттасып келетін болғандықтан, өлеңнің ырғақ, ұйқас құрылыстары да айнымалы, ауыспалы келеді.

Ақындар айтысы

Әрбір жеке ақындар айтысының бас-басына өзіндік өзгешеліктері болғанмен, солардың көбіне ортақ бірнеше жалпылық мазмұн, мотивтері де бар. Жеке айтыстарды талдауға көшпей тұрып, мұндай айтыс атаулыға ортақ, сондай үнемі кездесетін жайға тоқтайық.

Қай мазмұнға арнап айтысса да жеке ақындар айтысында ең алдымен айтыстың бас геройы – ақындардың өздері туралы сөз қозғалады.

Бәйеке ақын Қожамбетпен айтысында:

Қожамбет нағыласың маған тиіп,

Уысқа симайтұғын мен бір киік.

Әншейін сақтық қылып бой тартамын,

Кетед деп жаман үшін жақсы күйіп.

Қожамбет ұмыттың ба ол баяғың?

Менімен айтысарлық жоқ сыяғың.

Мәнлен уатағаддәт үттәуратул феһуәликүм деп

Мерт болар айға шауып артқы аяғың, – дейді.

Бәйке өзін аспандағы айға теңейді. Қожамбетті жерде жүрген дәрменсіз жанға санап, айға шапқан әумесердің халі мүшкіл емес пе? – дейді.

Тоғжан ақын Қожамбетке:

Қой деп мен айтып едім мана саған,

Қоймасаң да көк тиын бермен саған.

Мен көк өгіз дарияның суын тауысқан,

Сен байғұс бұзаусың ғой мұз жалаған.

Мен ақ сұңқар аспанға шарықтаған,

Сұңқарға қарға шапқан неткен заман? – дейді.

Біржан Сараға өзінің кім екенін былай мадақтайды:

Түстіктен жұрт таңғалар көргеніме,

Жеңбесем қуанбаймын келгеніме.

Ақ марал осы жолы жығылмай кет,

Алтайдың душар болдың мергеніне.

Өзімдей бір басты адам сөз білмейді,

Құданың мың шүкірлік бергеніне,– дейді.

Сара да өзін ерлікпен сипатта өтуді абырой санап:

Атандым он үшімде ақын Сара,

Ішінен ер Қаптағай шықтым дара.

Он үште домбыра алып сөз сөйлеп ем,

Келемін бір сүрінбей жалғыз қара, – дейді.

Қай айтысты алсақ та, бәйге алдында жарыстың ақты-бозды жүйрігі болып әдейі асқақ сөйлеп, өрленіп жеке отыратын ақынның өзі болады.

Жиын топқа суырыпсалма ақындық өнерімен, ән думанымен қадірлі болған ақын өз басын бағалай сөйлеуді, қарсы ақынды кішірейте сөйлеуді тәсіл етеді. Ол – тартыс, жарыстың шарты есепті. Тыңдаушы жұртшылыққа өзін, өз өнерін таныстырады. Ақын ең әуелі өз сөзінің бағасын жоғары көтереді. Сол сөзі арқылы алдымен шарықтап аспанға көтеріліп, жұрттың көзіне өзгеше болып, қарсы ақыннан астам болып түсуге тырысады.

«...Сайратқан орта жүздің бұлбұлымын...» дейді Біржан. «Сен бұлбұл бол!» деп, Орта жүз оған тарту жасаған жоқ. Бірақ, Біржан Сараны сескендіру, үркіту үшін әдейі шалқып шырқайды. Ол жеңер ақын айласы. Тартыс бәсекенің бір амалы өзін мақтап, өнерін аспанға көтеру болса, екінші жағынан қарсы ақынды жасыту амалы болады. Оған: «Сен маған тең емессің, қарсы сөз айтуға шамаң жоқ» дегенді көп айтып, ықтырып әкетпек болады. Бұның бәрі ақын тартысының бопсасы. Соны жақсы білетін ақын саспайды, қарсы жауабында ол да асқақтай түсіп, желпіне сөйлейді. Сыр мінез төселген ақындар осы бопсаның неше алуанын қолданады. Біржанның Сараны көрмес бұрын сыртынан ән шырқауы да сол бопса. Жалайыр Қабан ақын өзімен айтысатын ақын отырған ауылға айдаладан әндетіп келеді. Шашубай гармонын ат үстінен тартып, алыстан айбар шегіп келеді. Осының бәрі айтыс ақындарының өздерін, топқа айдынды етіп таныту тәсілі. Және қарсы ақынды үркітіп, қобалжытып, жауап сөзден жаңылтудың амалы болады.

Өлеңнің арқасында ақын өзін шыңға көтереді.. Бірақ іс мұнымен тынбайды. Бұл жарыстың басы ғана. Осыдан әрі жеке айтыстардың әр алуан өзіндік тақырыптары басталады. Бұдан кейін біз тексеретін үлкен айтыстардың бәрінде сондай тақыраптардың әр алуаны көрінеді. Айтыс үстінде ақындар өздерінің таптық санасын танытады. Феодалдық, рушылдық санасындағы байшыл ақын көбінше өз руының байларын мадақтап, жалпы халықтық тақырыпты көзге ілмейді. Қарсы ақын, халық қамына, көпшілік мүддесіне мұңы жақын болса, ол ерекшелігін мықты дәлел етеді. Сондықтан кей ақын өз сөзін жуандар құптайтын етіп сөйлесе, өзгесі көпке жағатын сөз айтып, әрдайым елге арқа сүйейді.

Ақынның ақындық күші сол айтыста жұрт алдына өз дәлелдерін келістіріп тарта біліп, бәсекелесіп отырған ақынның дәрменсіз жерін табуда.

Айтыс өнерінің жүйрігі болып аты шыққан Біржан, Сара, Майкөт, Сүйімбай, Құлмамбет, Шөже, Жамбыл, Әсет, Ырысжан, Кемпірбай, Манат қыз, Түбек, Сабырбай, Тойбалалар айтысқанда сол шаршы топтың алдындағы сөз жарыстарында жеңіс тәсілдерін үлкен орамды шеберлікпен қолдана білген ақындар.

Құлмамбет (1826-1903, Албан руынан) Майкөтпен(Дулат руынан, XІX ғасырда жасаған ақын) айтысқанда өзін ұлы тұтып сөз бастайды:

Ә, Майкөт, үйге кірші, тыста тұрма,

Жан-жаққа талтаңдамай келші мұнда.

Құлмамбет, құланаяң ағаң келді

Ағаңнан өлең үйрен, кеңес тыңда,– дейді.

Құлмамбеттің көтерген туы – өз руы Албандікі. Ол ақын феодалдық, рушылдықты дәріптейтін ақын. Оның таптық санасы бойынша ру мақтанышында бірінші бәйге байлыққа тиюі жол. Сондықтан, Құлмамбет Албанның бір ауылы жүз қысырақтың тайын байлайтындығын айтады. Майкөттің мақтанышын Құлмамбет місе тұтпайды. Үркердей аз ғана Ысты түгіл Қаратаудағы Дулат атаулының бәрі кедей, тек егін салумен ғана жанын сақтап отыр деп, егін кәсібін мінейді. Майкөттің елін, қонысын, Сырдарияны жамандай бастайды. Елге тағар кінәсі:

Қымыз ішіп мас болып,

Ұйқтап жатқан кісі жоқ.

Қозы жаурын, қой мойын

Күресе кетсе күші жоқ.

Көрік басқан кісідей

Бозбаланың түсі жоқ.

Қаратаудың қазағы,

Тамның артын шөмейткен,

Там менен үй көбейткен.

Нансыз асқан еті жоқ,

Етін нанмен көбейткен,

Жалаң аяқ қар кешкен,

Қаратаудың қатыны.

Түске дейін болмайды,

Толықсып қыздың жатуы.

Қаратаудың жігіті

Бір теңге пұл тапқаны,

Қап, арқанын сатқаны.

Қатыны шығып базарға,

Еркегі үйде жатқаны.

Бұл қорлықты көргенше,

Ыстықта күйіп өлгенше,

Сарыарқаға келсейші,

Қымыз ішіп, мас болып,

Сары қазы жесейші,– дейді.

Жерге тағар кінәсі тағы бар:

Жерінің жайын айтайын:

Күн төбеге келгенде,

Ыстыққа миың, қайнаған.

Көкпектен басқа шөбі жоқ,

Көкектен басқа құсы жоқ, – дейді.

Құлмамбет бастаған жолмен және ерте кездегі ақындар айтысында өз елдерін мақтасу, байлығын, мықтылығын айтысу дәстүрі бойынша әуелі Майкөт те өз елінің байлығын айтады. Жуан әкімдерін де айтады. Бірақ кейін Құлмамбет барлық Қаратау, Түркстанды, ондағы елді, еңбекті түгел жамандауға ауысқан соң, Майкөт халық бағалайтын мазмұнға ауысады. Халықтың еңбекшіл, кәсіпшіл тіршілігіне бесік болған өлке, ырыс өлкесі демек болады. Онысына өзінің діншілдік нанымын да қосып кеткенмен, Майкөт Сырдария, Қаратаудың қалың елдігін мақтап өтеді.

Құлмамбеттің «бетке салық» қылып отырғаны шындық болсын, бірақ тіршіліктің қамында жүрген еңбекші елдің көрінісі мін ететін көрініс емес. Онда еңбек туғызған көп қасиеттер бар. Ол жер, ол өлке Құлмамбет мақтаған өнерсіз сахарадан жоғары деген дәлелді айтады. Рас, ол жоғарылықты Майкөт өзінің діншілдігі бойынша, бір жағынан дін үгіті түрінде дәлелдесе, екінші жағынан халыққа, көпшілікке Құлмамбеттен гөрі көбірек қабысып, еңбек жемістерін мақтан етеді. Сырдария мен Қаратаудың миуасы да оның мақтанышының бірі.

…Алмасы бар аяқтай,

Жуасы бар таяқтай,

Арқары мен құлжасы

Жылқыдан шыққан саяқтай.

Бүлдіргені бұлақтай,

Доланасы жүректей,

Мың Албан келсе бағады

Бір диқаным жүдетпей.

…Көн етігі кең болса,

Қос өгізі тең болса,

Ешкімге көңілін бермейді

Патшадан оның несі кем?

Біздің елдің диқаны

Ұны менен сөгіне

Балаңды сатып алады… – дейді Майкөт.

Басында Ыстыға ғана кінә таққан Құлмамбет айтыстың қызды-қыздысымен отырып, ауызды Қаратау, Түркістанды жайлаған елдің бәріне түгелімен салады. Айтыс ру шегінен асып, бір аймақты қоныстап отырған елге тұтасымен шарпуын тигізеді.

Алатауды жайлап, қаладан мойны қашық жатқан және қоғам тірлігінде еңбексіз топтың өкілі болған Құлмамбеттің көзіне жалғыз Ысты ғана емес, бүкіл Қаратауды жайлаған ел өрескел көрінеді.

«Қанып ішер қымыз жоқ, асына арақ пен бозаны араластырып ішіп жүріп, ертеден кешке дейін тынбай жұмыс істеген жанның не жаны шыдайды. Қаратауды, қаланы тастап, Арқаға ауып, қымызбен сусындайтын болсайшы», – деп сөйлейді Құлмамбет.

Майкөттің ұғымы бұған қарама-қарсы. «Ауыр ұйқыдан аулақ, еңбегіне жалынып, өзі өсірген астығының құнды екенін жақсы білетін ел бар, елдік бар. Ол – дихандар, ол – қалың ел. «Астығыма малың түгіл жаныңды да бересің» дейді Майкөт, сол елдің атынан көшпелі, егінсіз, жеміссіз Құлмамбетке.

Майкөт кедейлікке арланбайды, кедейім жоқ деп Құлмамбетпен таласпайды. Қайта көн етігін кең киетін кедейлерін патшаға балап мақтанады. Айтыс сөзінің ішінде діншілдік сарынмен қатар, арқадағы қазақтың орыс халқының мәдениетінен алған өнеге-үлгісін жете түсінбегендік болса да, Майкөт сөздері Құлмамбетке қарағанда көпшілік ұғымына жақын қабысады.

Көркемдік және мазмұн жағынан көп айтыстан оқшауырақ тұратын айтыс Әсет Найманбайұлы (1867-1923) мен Ырысжанның айтысы.

Бұлардың айтысындағы ерекшелік – екеуі де бәйгеге тек өздерінің ақындық өнерін қосады. Ел, жер, бай жуандар, рушылдық таластардай тартыс мұнда жеңіс дәлелі ретінде ауызға алынбайды. Әсет «Топанның тура келдің тасқынына, Тасыған Ніл дарияның басқынына...» деп, қыз алдында өзінің ақындық күшінің астам екенін елестетеді. Бірақ ол өнерін қанша шарықтатқанмен Ырысжан қымсынбайды. Сенің өрең жетпейді дегенді аңғартып:

Жіңішке бойың нәзік қылдырықтай,

Сүйтсе де сөзің ұшқыр бұлдырықтай.

...Қызығып қыз екен деп далбаңдама,

Тұйғынның жемін қуған кезқұйрықтай, – дейді Ырысжан. Қолы қысқа Әсеттің шалбары далба-дұлба болса керек.

Ырысжан мұны жанап өткенде, Әсет бір киерінің барлығын және ескісіз – жаңа, жамансыз – жақсы болмайтынын айтады. Сөзбен ойды-қырды шолып отырып, бір соғып өткені болмаса, киім жыртығын ер бетіне шіркеу қылайын деген ой Ырысжанда жоқ.

Қу бала-ай, сөз табасың не керектен,

Қай сөзің дәл тиеді зеңбіректен.

Олай десең қасыма қорғанбай кел,

Танимын ер сүйегін кебенектен, – дейді қыз.

Топ алдында талай шекісіп, төселіп алған Ырысжан қасына келген Әсетті тағы да ажуалап, құтын қашырмақ болып байқайды. Бірақ оған Әсет те мойымайды.

Әсеттің ашық жарыста алдырмайтынына көзі жеткен Ырысжан жұмбақ сөзбен тор құрады. Әсет жұмбақты шеше отырып, заманындағы әкімсымақтарды мейлінше масқаралайды. Елубасы – құзғын, старшин – қанға тояттаған қаршыға, онбасылар – күйкентай. Әркім әліне қарай жүгіреді. Күйкентай – тышқан ауласа, онбасылар – тиын аулайды дейді.

Қыздың екінші жұмбағының өрнегі – адамның мүшесі. Адамның он екі мүшесі – жомарт табиғаттың қымсынбай тартқан сыйы. Адамның от жанарлы, қырандай қырағы көзін, сергек тыңшысы – құлағын, нәзік арналы қан тамырларын Әсет сөзбен суреттеп, шешіп береді.

Үшінші жұмбақ:

Арықтан бір түйе өлді, жетіп ажал,

Алты батпан бұлы бар, безбенге сал.

Сүйегі жерден, көктен табылмайды

Білдің бе, мұның өзі қайда өлген мал?

Әсет:

Домбыра саған ерген бұлбұл екен,

Ырысжан сөйлер сөзге қырғын екен.

Арықтап оттай алмай өлген түйең,

Ақылмен абайласам бір жыл екен – деп Әсет бөгелместен шешіп береді.

Қыздың төртінші жұмбағында жаратылыс – әлем түйінделген екен. Табиғаттың таңырқарлық келбетіне лайық тамаша бояумен Әсет іркілместен бұл жұмбақты да шешеді.

Қыз риза. «Барабар сөзі теңдес адам болса, көңілдің тарқамай ма қайғы шері» – деп, Біржан айтқандай Ырысжан:

Бағыма бұлбұл Әсет болған ақын,

Кім сөгер Орта жүздің қолқанатын.

Сөз көшесін қыдырған көрегенсің

Жерің жоқ бір мүдіріп толғанатын, – дейді.

Ырысжан да мін тағарлық емес – асыл туған жан.

«Әйелдің көрдім сондай бағлан керін» – деп Ырысжан сөзінің нәрін Әсет те сүйсіне бағалайды.

Әсет пен Ырысжан айтысы – жарыс айтыста өзгеше бір арна. Бұл, кездесіп қалған қыз бен жігіттің жеңіл-желпі шекісуі емес, екі елдің сайлап кездестірген ақындарының нағыз ақындық тапқырлыққа жарысқан іргелі айтысы. Жұмбақ және шешу арқылы ақындар, елді жеген әкімсымақтарды халықтық сыншы санамен әйгілейді. Бұл тартыс ру таласы емес, шешендік шеберлік өнерінің халық сүйетін айқын жарысы болғандықтан, өлеңдік құрылысы да мазмұнына сай, көп көркемдігі бар үлгілі айтыс болып шыққан.

Қоғам құрылысының бір саласы, ел басқару жұмысынан көрінеді. Әлеуметтік санасы халық тілегімен қабысқан ақындар бұл жайға көп көңіл бөледі. Сырдан Орға арнап іздеп барып, Жағалбайлыдағы Ақсұлу қызбен кездескен Кеншімбайдың айтысында да тың тақырып бар. Ол айтыс патшаның елдегі қолшоқпарлары болып отырған болыстардың халыққа жасап жүрген қиянатын әшкерелейді.

Жаппастың Нұреке, Жүсіпбек, Әлім деген болыстары Сүгір мен Батырбайды нахақтан ұстап айдатыпты. Жағалбайлы әкімдері де жетісіп тұрған жоқ. Қапан болыс Боранқұлдың бес баласын бірдей ұлыққа кінәсіз ұстап беріп жазалайды.

Өзі өлсе жақсылардың аты қалған,

Жазылып молдалардын, хаты қалған.

Білемін Дербісалы, Есқожаңды,

Шендерін ер құнына сатып алған, – дейді Кеншімбай.

Бұл халық атынан айтылған қатты сын. Үстем тап өкілдері болған зорлықшыл ұлықтарды көпшілік алдында масқаралап таңбалау.

Елді бүлдіріп, іріткі салып, жазықсызға жала жауып айдатып жатқан жауыз болыстар қай жерде болса да бар. Сондай ел тірлігіне әлек салып жүрген бұзық әкімдерді Әсет пен Ырысжан қосыла масқаралайды. Ырысжан жұмбағымен, Әсет шешуімен шенейді.

Ал, Кеншімбай мен Ақсұлу сондайлардың аттарын атап беріседі. Ақындар еліндегі болыстардың масқаралығын өз тартыстарында бірін-бірі мүдірту мақсатымен қолданады. Айтыстың салмағын әлеумет тірлігіндегі сорақы мінездерді қазбалауға аударады. Сондықтан, Кеншімбай мен Ақсұлудың болыстарды кезекпе-кезек жамандауы – бүкіл болыс атаулыға қарсы айтылған қатал үкім, қоғамдық-халықтық қатты сын болып шығады.

Қоғамдық-халықтық бағасы зор, таптық мүддесі айқын және тарихтық орны ерекше болып шыққан қазақ фольклорындағы ірі айтыс – Жамбылдың айтыстары.

Ұлы Октябрьден соң, социалистік отанның алып ақыны болып шыққан Ленин-Сталин бейнесін зор көркемдікпен, сүйсініп жырлаған Жамбыл өзінің революциядан бұрынғы ескі айтыстарында да, еңбек елімен өзінің тағдыры, арманы бір екенін танытады. Оның айтыстары халық қостаған ерлікті, елдікті дәріптейді. Елді жирентетін нәрсіз, құнсыз адам жуандық, обыр байлықты Жамбыл да жиренішпен шенеп масқаралап отырады.

Өзімен айтысқан көп ақынды Жамбыл жеңгенде, сондайлық қоғамдық, таптық халықшыл ойы, санасы биік болғандықтан жеңеді. Жамбыл айтыстары өткен ғасыр ішінде айтылған ескі айтыс болса да, халық ұмытпай сақтап қалған. Неше буын жас ақындар жаттап өскен. Өздеріне жол, өрнек етіп алған. Сонда, әсіресе Жамбылдың күші, артықшылығы шын халықтық таза өнерді туғызуда екенін біліп бағалайды. Сол сырын аңғару үшін Жамбылдың айтыстарына тоқтайық.

Ол Құлмамбетті немен жеңеді? Сарбасты неден жеңеді? Досмағамбетті немен тоқыратады? Аяқталмай қалған Шашубаймен айтысуда немен күшті?

Құлмамбет Жамбылға соқтыққанда:

Болғанда жол ағадан, тон жағадан,

Арлан бөрі соғады тау сағадан, — деп,

қара борандатып кеп, Албанның көптігі мен байлығын айтады. Жамбыл соған орай өзінің халық мұңшысы екенін танытып:

Адамдықты айт, ерлікті айт, батырлықты айт,

Ел бірлігін сақтаған татулықты айт.

Қарымбайдай сараңдар толып жатыр,

Оны мақтап шалықпай жөніңе қайт, – деп,

бір тойтарыс береді де, өзінің арманы не екенін танытады.

Берекелі елді айтам,

Ел тұтқасы ерді айтам,

Басымнан сөз асырман! – дейді.

Осыдан кейін Жамбыл халықтың қадірлі асыл азаматы болып, заманның зор адамдары болып шыққан саналы ерлер – Сұраншы, Саурықты жыр етеді. Бірақ Құлмамбет бұған тоқтамай, тағы да байлығын айтып кеп, оның үстіне Саурық пен Сұраншының өлімі арқылы Жамбылды табалағысы келеді.

Секеңдеген серкенің ажалы деп,

Саурық пенен Сұраншы жаудан өлген,– дейді.

Айтыста жеңу, жеңілу өлең таппағаннан тумайды, жүйеге, жолға жеңілуден болады. Құлмамбет жаңағы сөзімен өз үкімін өзі айтып, сағағынан ілінеді, қазасына жетеді. Оның қазасы мен үкімін Жамбыл айтқанда былайша тойтарып түйеді:

Батыр Саурық, Сұраншы жаудан өлген,

Халқы үшін шәйт болып жанын берген.

Елді қорғап өлгеннің арманы не,

Қажылық қып кетті ме Мақсұт ағаң,

Ағайынмен ұрысып даудан өлген,

Шапырашты, Дулаттың бәрі куә,

Шытыр жеген өгіздей аунап өлген.

Мақтаған байларыңның оңғаны жоқ

Төрт бұрышын төңіректің жалмап өлген,– деп,

Құлмамбеттің қанатын осылайша жүйеге жығып қырқады.

Сарбаспен айтысында Жамбыл екінші бір зор сапаға ауысады. Онда Жамбыл үш кезең жауап айтып, Домалақ, Сұраншы, Саурық үшеуі туралы үш тамаша дастан да жырлап шығады. Ұзақ жауабын түйе келгенде –

Көп Дулаттың баласы,

Рас сенен аз едім,

Аз да болса батыр ем,

Топты жерге барғанда,

Саулап тұрған сөз едім,

Жаулы жерге барғанда,

Атамын деп оқталған,

Көк берен болат көз едім, – деп,

елдіктің ішінде елдік барын айтады. Сапалы елдік қор болып кешкен көптік пен барлықтан намысты, қасиетті болған аздықты артық дегізеді. Бұл ақынды да Жамбыл жеңгенде арманы зор, алысты көретін қасиетті адамгершілікпен, зор халықшылдық қасиетпен жеңеді. Мұны да жүйеге жеңеді. Және сонымен қатар білімге де озық. Ақындық сынның бір қанаты білімділік. Бұл жерде Жамбыл сол сапасымен де озып, алға шығады. Ол көп алдындағы ірі ақындардың сүре айтыстарындағы ірі дәстүрі еді. Сол өнерін Досмағамбетпен айтысқанда Жамбыл және де ағыл-тегіл, төге көрсетеді.

Пірім бар жыр нөсерін аспанға атқан,

Сұңқардай саңқылдағаң ер Сүйімбай... – деп бір кетіп,

өзге де өзінен бұрып өткен ірі ақындардың аттарын атап кеп, солардың ішіндегі өнерпаздарын санайды.

Ілгері Шөже, Балта заманда өткен,

Асекең, Бұқар жырау арманда өткен.

Солардың аруағы маған қонып,

Ел мұңын жырмен төгіп нөсерлеткем!– деп,

өзінің ел мүддесінің, елдік мұратының жолындағы ерекше саналы ақын екенін танытады. Досмағамбет молда ақын еді. Оның сол молдалығын Жамбыл халықты қанағыштық құлқының жамандыққа сайып, мазақ етіп жерлеп кетеді.

Молда емессің соқырсың,

Зікір айтып зарлаған,

Жаназа оқып өлгенге,

Підия алып жалмаған.

Шариғат жолы мынау деп,

Қараңғы надан халықты,

Көзді жұмып алдаған.

Кедей өлсе үйіне

Күңіреніп бармаған,

Аттана шауып бай өлсе,

Қыйрағаттап құранды,

Күні-түні сарнаған, – деп,

құнарсыз молдалыққа жалғасқан, нәрсіз ақындық, сиыр жорғалықты қабат түйреп, төңкеріп кетеді.

Міне, осы айтыстарының бәрінде де Жамбылдың айтқыш ақындығынан басқа, азаматтық сапасы да бөлек жатады. Өзге татымсызды мақтағыш, ел арманын арман етпейтін ақындардан иығы асып, өктем шығып отырады.

Бар айтысында Жамбыл ел қорғаны болған азаматты арман етеді. Ел бағына туған ұлы азамат шықса, ел көзіндегі жасты тиса екен, хиял мекеніне жеткізсе екен, жаңа күн туса екен дегеннің арманы. Ол арманның екінші жағы, өз заманындағы байға, ұлыққа, қажы, молдаға, төре-тілмашқа, болыс, биге ызалы, кекесінді болу. Құлмамбеттің байларын, Сарбастың жуандарын, Досмағамбеттің дін үгітін, Шашубайдың Байбұландай саудагерін, Бақия, Барлыбектей шенді төрешіктерін Жамбылдың кісі құрым көрмейтіні сол.

Осындай алысты арман еткен, өзгеше келешекті көксеген Жамбыл Октябрьге жетті. Ленин-Сталиннің ұлы тұлғасын алыстан таныды. Өзінің айтыстарында көп ақындық арманында аты белгісіз болып жүрген алыптарын, ұлы адам алыптарын көрді, көрді де жаңа туғандай жайнап қуанды.

Жамбыл мен Құлмамбет айтысында көркемдік жағынан көп өзгешелік бар. Бұл екеуінің сөздері ұзақ сүре-жыр, монологтар. Әдеттегі айтыстарда әр ақын екі-үш ауыз өлеңменен жауаптасып, сөйлесіп отырады. Ал, Жамбыл мен Құлмамбет айтысы кең көсілген сүре айтыс. Олар бір бастап алған соң, ойындағысын түгел баяндап шықпай тынбайды. Соның нәтижесінде тыңдаушы екі ақынның арқа сүйеп отырған Дулат пен Албан елі туралы да көп дерек, көп мәлімет алады.

Айтыста өлеңдік түр төрт жолды, он бір буынды қара өлең көп болса, Жамбыл мен Құлмамбет айтыстарында 7-8 буынды терме әдісімен құрылған жортпа, төкпе, екпінді жыр басым келеді.

Терме, жыр өлеңінде сөз өрісі кең. Мұндағы ұйқасты оймен түйе, мағна салмағына қарай ақын ілгерілі-кейінді жылжыта береді.

Жамбылдың революциядан бұрын айтқан айтыстар үлгісі кейін совет дәуірінде өркендеп, мол жайылған халық ақындарының жаңа мазмұнды айтыстарына аса жақын үлгі болады. Құлмамбет, Сарбастармен айтысында Жамбыл да ескі дәстүр бойынша өз руы Шапыраштыны көп айтқанмен, сол көне түрдің өз көлемінде де халықтық, қоғамдық прогрестік жаңа бағасы бар тың мазмұнын табады. Арам тамақ байларды сынап, шенеу, елдік қасиеттерді бағалау, ел қорғаны болған зор азаматтықты қадірлеу Жамбыл айтыстарының бұқарашылдық, халықтық сыйпаты. Совет дәуіріндегі айтысты дамытқан халық ақындары да осындай мазмұнды социалистік дәуірден алып, ілгері үдетіп әкетеді. Бұл жағынан қарағанда Жамбыл айтыстарының тарихтық үлкен мәні, орны бар.

***

Айтыс өнерінің көпке мәлім көрнекті ақыны Шөже. Оның айтысы ел есінде көп сақталған. Шөженің өз тұсындағы әлденеше ақындармен айтысқаны көбінше тапқыр, жүйрік Шөженің жеңісімен бітеді. Сол айтыстарда бұған кездескен ақынның бәрі алғашқы қақтығыс сөздерін Шөженің соқырлығынан бастайды. Бұл тұста жарыс, бәсеке сөз бас мінеуден басталады. Қарсы ақынның бәрі де Шөжені сонымен жасытпақ, тұсамақ болады. Балта ақын Шөжеге:

Өз сөзің дәл өзіңе жөн де, соқыр,

Ел кемітіп жүруің жөн бе, соқыр?

Қараөткел, Көкшетауды жеген соқыр,

Ел түзеуші, тергеуші сен бе, соқыр? – дейді.

Кемпірбай Шөжеге әкең Қаржау Жайықтың құлы, шешең күң деп:

...Жаралған екеуінен мұндар соқыр,

Дегенің сенің күндіз түн емес пе? – дейді.

Тезекбай ақын:

Бұл жалғанда соқырға қайыр берме,

Таңда махшар күніңде тайып кетер,– дейді.

Қалдыбай ақын:

Жамандық ойлай-ойлай көзің шықты,

Көзің соқыр болса да кеудең мықты, – дейді.

Оқиды қожа, молда жазған хатты,

Құдайым кімге берген көз сыйпатты

Бай баласы неғылсын сен мұндарды.

Мінеме, бай баласы соқыр атты, – дейді Жәмшібай.

Сөйтіп, бір ақын Шөжені мінеп, соқырсың дейді. Тағы бірі кемітпек болып, құлдан, күңнен тудың дейді. Сондай ауыр сөздер төбесінен топ-тобымен түсіп жатса да Шөже міз бақпайды, абыржымайды.

Мұқтасар сөзім майда тақтасындай,

Бұхардың омырауым қақпасындай,

Көзіме он жеті ақын түк қылған жоқ,

Сен қылармын деймісің қатқаныңның қақ басыңды-ай?!– деп, бір ақынға қияс, қыңыр-жауабын бір-ақ береді.

Шөжемен қарсы айтысқан ақындардың және Шөженің өзінің де көп сөздерінде ру таласы, бәсекесі, рушылдық, феодалдық сананың теріс мақтаны да кездесетін мысалдар бар. Бірақ сондай қоғамдық жағынан қайшылықтары болумен қатар, Шөженің үстем тап өкілдеріне қарсы айтқан қатты сын сөздері де көп болады. Халықтың жадында сақталатын, түрлі әкімдерді масқаралап шенейтін сөздері Шөженің атын әсіресе көпшілікке қадірлі еткен.

Сондайлық сыншыл, өткір тура сөзін Шөже Құнанбай, Алшынбай сияқты би, сұлтандарға да қарсы жұмсаған. Құнанбай мен Алшынбайды Шөже елдің қызылын жеп тояттап жүрген жыртқыш құстарға, құзғындарға теңейді. Қаракесектің бір асында Шөже өлеңді Құнанбайдың соқырлығынан, Алшынбайдың таздығынан және олардың елді жеген парақорлығынан бастайды:

Болыпты бір ақсақ таз және соқыр,

Құранды мысық сопы молдаң оқыр.

Болғанда ақсақ дария, соқыр қарға,

Ортасын дарияның қарға шоқыр...– дейді.

Мұнда Алшынбайдың Құнанбайды ұлық сайлатып, елді жегізіп отырғанын айтады. Шөженің сөзіне төзе алмаған Алшынбай тұра сала қамшы жұмсайды. Бірақ Шөже өз дегенінен қайтпайды:

Япырай, бұл немене тарсылдаған?

Қаншық емес, төбет қой арсылдаған.

Тепкілей бер, сабай бер – өлтірмессің,

Ашуыңды бас, бірақ қалшылдаған.

Ақ серкесі Бошанның Алшынбай таз,

Жаз шілдеде ұшады ит ала қаз

Екі сөздің бірінде соқыр дейсің,

Кепиетің бар болса басыңды жаз! – дейді ол Алшынбайға.

Таяқпен Шөжеден теңдік ала алмайтындығын сезген Құнанбай мен Алшынбай: «Мұны сөзбен тұқыртайық» деген оймен Балта ақынды шақырып алып айтыстырады. Ашынып отырған Шөже Балтаға да есе бермейді. Жығылғанның үстіне жұдырық болып Құнанбай мен Алшынбай бас көтере алмай қайтады.

Айтыс өнерінің ішінен өз алдына бір төбе болып орын алған Тезек төренің атымен байланысты айтыстар. Елдегі жемқор болыс, билердің бастығы болған Тезек төре ұрлық қылдырады, нашарға жәбірлік істейді, тоң мінез, ұрда жық, елге жағымсыз болады. Оның үстіне атадан қалған төрелік атқа сүйеніп, өркөкіректік істейді. Өзге ұлық, болыс дегендер де Тезек төреден ығып отырады. Тезектен тек ақындардың өткір тілі ғана жасқанбайды. Ол ақындар Тезектен ұлықтар туралы халықтың, көпшіліктің шын ойын, сыншыл ойын айтады. Сол үшін Шөжедей қамшы жеп жүрсе де, тура тілін тартпайтын өршіл, өткір тілді ақындар болған.

Тезектің үйінде Құлмағамбетпен айтысқан найманның Түбек ақыны Тезекті мысықтың қолына түскен тышқандай етеді.

Басында:

Тезек төре хан, болдың мұсылманға,

Бас кеседі қылышың ұсынғанда.

Шыр айналған төресің түлкі мінез,

Ақыл тауып бересің қысылғанға,– дейді.

Тезектің сырттан келген жауға қарсы тұрар не күш, не батырлығы жоқ, түлкіше бұлаңдап, айламен күнелтуге түскенін осылай ашып алады да: «Бір бұтада қорғалап жан қалғаным»,– деп мысқылдап есіркейді. Түбектің бұдан арғы сөзі де Тезек төрені жарылқамайды:

Аман-есен жүрсің бе,Тезек төре,

Елден жылқы қоймаған, кезеп төре,

Күні-түні жегенің ұрлық еті,

Ақыретке барасың не деп, төре.

Зар жылатып кедейдің малын жейсің,

Құдай сұрақ төреден сұрамай ма?» – дейді ол.

Басында «Оза шауып олжа алған кер маралым» деп көпіріп отырып, Түбектің төрені мұнша құлдыратуы, шындықтың сыйпаты.

Тезектің жырым жегендей азғындығын Сүйімбай ақын да жеріне жете қазады. Тезектің ұрлыққа аттандырған екі жігіті найманнан жылқы ала алмай таяқ жеп қайтады. Тезектің өзінде де ақындық өнер бар. Олжасыз қайтып және жаралы болып қайтқан екі жігітті кінәлап өлең айтады. Сонда Тезек төре неге қаштыңдар:

Патшаға түссең-дағы алар едім,

Бұл күнде тоқтататын мені кім бар? – деп шалқып отырғанда,

Сүйімбай рұқсатсыз үйге кіріп келеді. Хан ордасына рұқсатсыз кіргеннің ат-тоны айыпқа алыну керек. Тезек күпініп:

Албан, дулат баласын тегіс жисаң,

Тезектің мына отырған жемі емес пе?!

Қара қазақ былшылдап не демейді,

Тезектің бір дегені ем емес пе?! – дейді.

Тезектің жігіттері Сүйімбайды жұлмалап киімін тонай бастайды. Бірақ Сүйімбай тайсалмайды. Мұның өлеңі де Түбектің өлеңімен сөзбе-сөз қабысады:

Ассалаумағалайкум, Тезек төре,

Елде жылқы қоймаған, кезеп төре, –

деп бастайды.

Төрені келіп едім көрейін деп,

Сәлемін пайғамбардың берейін деп,

Аттандырған ұрысы қолға түсіп,

Хан ием отыр екен өлейін деп.

Хан Тезек, төремін деп дүрілдейсің,

Кожаны ақ сәлделі — «пірім» дейсің.

Үйіңе Жылкелді мен Бопан келсе,

Қажы келген немедей күлімдейсің,– дейді.

Бопан мен Жылкелді Тезектің ұрылары. Тезектің тіршілік амалында Сүйімбай әшкерелемеген қалтарыс қалмайды.

Айтыс ақындары кейде өлі мен тіріні, мал мен адамды, аң мен адамды, ақын мен домбыраны да айтыстырады.

Өліп жатқан Ақбала қыз бен Боздақтың айтысы, Түйе мен Майлықожаның айтысы, атығай Тоғжан ақынның домбырамен айтысы –барлығы да айтыс жанрының тың түрі болады. Айтыс өлеңді сүйетін домбыра мен ақын сөздерін екі ақын айтысып отырғандай қабылдайды. Тоғжан:

Домбыра екі шекті қарағайым,

Саумысың, нендей күйде сенің жайың.

Үш күн көрмей сағынып қалған екем,

Мойның бұр, тілдің майын ағызайын, – дегенде,

Домбыра:

Мен саған тұрғаным жоқ болып ынтық,

Қылмақпысың сен мені тағы мылтық.

Қояр кезің жетті ғой есің болса,

Ерте-кеш күңіренбей кеудең жыртып, – деп, таласқа түседі, ақырында Тоғжан өзінің домбырасынан жеңіліп тынады.

Ақындығына сай оқуы, білімі бар ақындар айтыстың өзін ауызша емес, жазбаша түрде жүргізетін де болған. Мәшһүр Жүсіп, Нұрғожа, Шәді, Нұржан Наушабаевтар халыққа қадірі болған айтыс үлгісін жазба айтысқа қолданған.

Түркістандық Жәңгірұлы Шәді (1865-1931) жасы орта шамадан асқанда Сыр бойының ақын қызы сұлу Манатқа өлеңмен хат жазады, екеуінің кезек хаттары ұзақ айтысқа айналады.

Хат жаздым қалам алып Манат жанға,

Жүзіне жұрттың бәрін қаратқанға, – деп бастап,

Шәді:

Төреңнен әлі де болса күдер үзбе, – деп тынады.

Манат жазба түрде жауап қайтарып, өмір думанының қызығы төренің басынан өтіп кеткенін білдіреді:

Басында рас сұңқар болғаныңыз,

Толықсып дариядай толғаныңыз,

Кетіпті жер ортадан жасың асып,

Томарға қартайған соң қонғаныңыз,– дейді қыз.

Көңілін жасқа бергісі келмей отырған Шәді:

Тимейме жүзге тиген елу жасқа,

Алса да алпыстағы тіпті қашпа, – деп тағы хат жазады.

Бірақ Шәдінің хиялынан ешнәрсе шықпақ емес, оның жолы болмайтыны – кәрілігінің үстіне кедей екен.

Баласы бұл Жәңгірдің өңкей жарлы,

Өлеңмен мал табасың сатып арды, – дейді Манат.

Топтаған малы болмағанмен кедейліктің құлдығына түсірмейтін асыл қазынасы бар екенін Шәді былай сипаттайды:

Алатын хан қарадан өлеңім бар,

Молдалық, диқаншылық өнерім бар.

Осы күнде әрқайсысы бір теңгелік

Тоғыз жүз шамасында терегім бар – дейді ол.

Көз жазбай балапандай мәпелеп өсірген терек пен диқаншылық еңбектің қадірін білетін Шәдіге құнды болғанмен, қыз оны елтифатқа алмайды.

Бұл малмен жете алмайсың талабыңа,

Ағашты дүние деп қарар қылма,

Айтуға аяқты мал таппаған соң,

Мал қылып терегіңді санадың ба? – деп сөгеді, Манат Шәдіні.

Ауыз айтыстармен салыстырғанда бұл айтыстың бірсыпыра табиғи өзгешеліктері бар. Шәдінің сөзі орынды, салмақты, сыпайы, өлшеп пішілген. Заманның ауанымен қыздан еркек артық деген пікірді баса айтқаны болмаса Шәді басынан аяғына дейін қыздың көңлін өзіне тартам деген нық нысанадан бетін бұрмайды. Бір желіден аумайды, ауызша айтыстағыдай ауа жайылып әр жәйді өлең қылмайды. Жазба айтыс адамның ой-өрісін кеңітерлік тарихи, мәдени мағлұматтарды да ала келеді.

Қазақ фольклорында даңқты болған, мол жайылған айтыстың бірі Біржан мен Сараның айтысы, өзге көп айтыстардаң ауыздан ауызға көшіп жүруден басқа, бұл айтыс бірнеше рет кітап болып та басылды. Ақындық көркемдік, көлемділік жағынан қарағанда Біржан мен Сараның айтысы қазақтың ауыз айтыс өнерінің үлкен мұрасы.

***

Біржан мен Сараның айтысы болған жоқ, болса сақталмай қалып қойған, бұл айтысты шығарушы Әріп ақын деген де пікірлер бар. Бұл қате пікір. Анығында Біржан – Сараның айтысы болған. Бірақ дәл қалпында, толық күйінде, алғашқы айтысқан жердегі қалпымен түгел сақталған жоқ. Кейін көпшілікке өз редакциясымен айтып беруші Сара болады. Олай болса, ең әуелі бұл айтыстың көп көлемінде, мол еңбек етуші Сара болады. Ал, кейін сол Сараның айтқаны да көпке шейін ауызда жүреді. Көп айтушы ақындардың аузынан өтеді. Сол тірлігінде, хатқа түскенше бұл айтыс көп өзгерістер көреді. Осындай айтушының және ең алғаш хатқа түсірушінің бірі Әріп болады. Әріп өзі ақын және қазақша, орысша оқыған адам. Ақындығы, шешендігі, тапқыр тілділігі бар ірі ақынның бірі. Сол Әріптің Біржан – Сара айтысына кейінгі айтушының бірі дәрежесінде ат салысқаны анық. Бірақ бар айтыс Біржан – Саранікі емес, жалғыз ғана Әріптікі деген пікір теріс. Осы айтысты ең алғаш хатқа түсіруші де Әріп. Революциядан бұрын баспаға беруші сол Әріп хатқа түсірген Біржан – Сара айтысын бұлжытпастан, өзгертпестен береді. Сөйтіп, бұл айтыс айналасында жүретін ғылымнан тыс, теріс пікірлерден фольклордың бұл мұрасын арылтып, ұғыну қажет. Сонда бірінші теріс пікір – Біржан – Сара айтысы емес, Әріп шығарған айтыс деген сөз болады. Екінші теріс пікір – Әріптің бұл айтысқа ешбір қатынасы жоқ, ол бұндай өлеңдер шығара алмайды деген пікір болады. Анығында негізгі шығарушы емес, бірақ өзгеше қоспалар қосушы, соңғы айтушы Әріп болғаны рас. Бірақ ол хал айтысты Әріптікі ете алмайды. Қайта барлық бізге жеткен ескі айтыстардың бәрінде де хатқа түсіруші, соңғы айтушының өзіндік азды-көпті қоспасы барындай бұл айтыс турасында да сол фольклор болмысындағы жалпылық мәлім жайды білдіреді.

Біржан мен Сара айтысының басқа айтыстардан өзгеше болатыны – мұнда белгілі бір тартыстар жеріне жете талданумен қатар талай ірі мәселенің іргесі қозғалады.

Айтыстың бас тақырыбы әйел теңдігі, әйел бостандығы, ал соған жанасып, жарысып жатқан әлденеше салмақты, тың тақырыптар да бар. Бұл жағынан алғанда, айтыс толғамы кең, адамгершілік, жеке адамның тағдыры, бақ, ақындық әдет, салт, шаруа, кәсіптер, жер, қоныс сияқты мәселелердің бәрін де Біржан мен Сара сарапқа салады.

Айтыс – майдан, айтысқан адамдар майданның жекпе-жектегі батыры. Жеңу үшін нелер қатты шабуылдар жасалса да мін емес. Сондықтан, Біржан Сараға басында сөз найзасын қатты сермейді. Әйткенмен Біржан Сараның қара басын олқысынбайды, қорламайды, Біржанның бағалауынша Сара – осы тұстағы адамның артығы. Оны елі ұлға балап сөйлетіп отыр, ол бір ортаның бұлбұл – құсы, сөйлер сөзге жаннан артық, «тыста тыңдап тұрған жан оның даусын фортопиян күйі деп ойларлық», «айбаты ғаламға айқын ай бедерлі», «Сара асыл, оны дүниеге сатуға болмайды».

Осы қасиеттердің бәрі бір Сараның басында болған соң Біржанның үш жыл ұдайы құмартуына таңырқауға болмайды.

Алдына жан салмаған Біржанға Сараны да жеңу мұрат.

Бірақ ол Сараны көруді, тілдесуді, сырласуды арман етіп келеді. Сараны жеңетін жағын ол ерте болжайды.

Он бір кісі жолдасым ертең түсте,

Біржанның қарық боларсың олжасына, – деп алдын ала Сараны ықтырмақ болып, сескендіре сөйлеуге тырысады. «Ұлға балап» сөйлеткенмен, Біржан өзіне сөзі теңдес, барабар деп айтысқалы келе жатқанмен, Сара басы есекке қосақтаулы. Ол Жиенқұлдай өзінен кем адамға сатылып қойған. Жалпы қазақ әйелінің ауыр халі Сараның басында дерттей төніп тұр. Бұл күңдік, еріксіздіктен ол құтылмақшы емес. Ендеше дәл осы жерден оның жеңілетіні даусыз.

Бірақ Біржан салған жерден Жиенқұлға жабыспайды. Әуелі Сарамен өнер жарыстырады. Өлер жерің осы ғой деп Біржан талай түйіліп келгенде, Сара тойтарып тастап, аспанға шарықтай береді. Он ақынды ескермеген Біржанның асқақ көңліне Сара қадалған оқтай тиеді. Салмақ асып келгенде екі ақынның күш қарқыны қаралас сияқты. Амал не, Жиенқұлға келгенде үні шықпаған Сара жеңіліп, Біржанға жолын ұсынады.

Тартыс майданы бітіп, жай-жапсарды сөз қылған Біржан Сараның мүшкіл халіне налиды:

Шырағым Сара, сендей тумас бала,

Шежіре туармысың мұндай дана.

Обалың Есімбек пен Тұрысбекке,

Жігітің жөндеу екен, ой бишара!

Ел-жұртың қорықпайды екен көз жасыңнан,

Қиып кеткім келмейді мен қасыңнан.

Кемітер қай жеріңді дұшпан шіркін.

Адамзат озар емес өз басыңнан, – деп, Біржанның өз ойларын түйе келіп бергені зор баға болады.

Теңдік есесін ұзақ айтыстың бұл тұсынан Біржан, надандықтың қара күш, қатал зорлығына сыншы би болып, төрелік айтады.

...Закунде зорлық болмас жақсы адамға,

Жақсыны қор қып болмас бір жаманға.

Және де аят пенен хадисте бар,

Жылатып берме деген еш наданға.

...Байлаулы бала құстай Сара сорлы,

Жоқ екен осы күні бұдан жаман, – дейді.

Әйел теңдігін, жастардың бас бостандығын Біржан жиын алдына үлкен әлеуметтік талап етіп тартады. Бұл айтыстың түйіні осы болғанмен көп жерінде ру таласы да бар. Ол тұстарда екі ақын да рушылдық-феодалдық санадан аса алмайды. Екеуі де руларын мақтау үстінде, сол замандағы үстем тап өкілдері болған, зор әкімшілік, байлық иесі болған және халыққа көптен-көп қанаушылық, қысымшылық, қиянат жасаған шонжар ру басыларды, әкім төрелерді көп мақтасып кетеді. Айтыстың бұл бөлімдерінде Біржан, Сара айтысы ескі рушылдық-феодалдық санадан ұзап шыға алмайды.

Айтыстың егес, тартысы үстінде оқта-текте әкім жуандарға айтқан сын сөздерінен шығып Сара:

Ей, Біржан, шыдамаймын қылығыңа,

Мақтанба Құсбек, Сартай ұлығыңа.

Үстіне Жамантайды сомдап қоссаң,

Барақтың пар келмейді сынығына,

Ұстаған тобықтыны дүре соғып,

Аққан қан ат суарған тұнығына,– десе де, өзге көп жырларында екі ақын, өз руларының бай, феодалдарын көпіртіп, көтеріп, сынсыз түрде, тарихи шындыққа қарсы дәріптей береді.

Ру таласының тұсында Біржан қақпақылдап отырып Сараның Найманға арнаған мақтан сөзін түгел сарықтырады.

Сөйтіп, жүйеге жығатын жерін мықтап ұстайды. Найманның жақсы-жайсаңдары Сара мақтағандай-ақ болсын. Бірақ, солар бетке ұстаған Сараны теңіне бермей, есекке қосақтаса, олардың асқындығында не игілік бар. Найманның бар ұлығын қорғап, мақтап отырған Сараны Біржан осы тұйыққа әкеліп қамағанда, қыз жүйеден ұтылып, тұрып қалады. Ақындық өнер, өлең жарысында тең түсіп отырған Сара Біржанның жетелеуімен торға түсіп қалғанын байқамай да қалады. Біржан оны ақындық өнері асқандықпен жеңбейді, шебер тәсіл асырумен жеңеді.

Біржан – Сара айтысындағы ерекше зор бір қасиет – мұнда ақындық, көркемдік теңеулер күшті. Сол образы мол көрікті шебер өрнектер Біржан мен Сараның өздерін бейнелеп сыйпаттауға, ақындық қуатты суреттерге арналады. Сондай теңеу, бейнелеуді тізсек, мынадай болып шығады.

Біржан – «орта жүздің сайраған бұлбұлы», «жер шаршысын болжаған майталман», «сөз бедері алтын менен күмістің нақысындай», «жерге түспейтін мұз балақ, ақ иық», «алқымы ісіп, тынысы тарылмайтын арғымақ», «өлең жаттап ғаламға машһүр болған», «орта жүзді сандалтып әнмен қырған», «тоты құстай құбылады», «тұмарлаған жібек жалды арғымақ», «нөсерге өшпес жалын», «алмас кеспес болат», «аспандағы аққумен ән қосады», «қасқырдай таймас қанды көз», «Алтайдың мергені», «ақмарал құтылмайды», «әні он екі звот», «өлгеніңше есіңнен кетпейді», «Қырымға қарайтын қыран құс», «тұяғы тиген қасқыр оңбайтын ақ иық», «алдына жүйрік түспес тұлпар», «Рүстем дастандай өнерпаз адам», «меңгеріп ала алмайды, қашан өлгенше, жүрген жері күнде той, күнде жиын болатын ел думаны».

...Сен дағы жас күніңнен ардагерсің,

Құрбың мен жеткізбеген құрдасыңа.

Бейне гармон даусындай көмейің бар,

Әніңнің қазақ жетпес бұрмасына (Сара).

Сара – «бәйгеден күнде келген жалғыз қара», «адамның жүйрігі», «жел сөзге одан епті адам жоқ», «он үште домбыра алған екен, содан бері сүрінбеген», «шаршы топта Біржан әнді дауылдатып тұрғанда, жасқанбай далаға шыға келгенде, жиналған жұрт таң қалып қарайды», «қыз да болса елі Біржанға балайды», «екі жүзді наркескен», «қамысты терең көлдің қаңғыған қаршығаға ілдірмес сұқсыры», «өлеңді Самарқан жібегіндей ағытады», «үйрек боп тереңге шомумен қатар, ақ иық болып түлеп ұшып, қарсыласқан топшысын қанатымен сындырады», «сөз жезін алтындай қылып келістіреді», «шеберден мін алатын мініскер», «желді күні дуға салса, ақын түгіл ұшқан құс та ілескісіз».

Өз бейнесін Сара былай сипаттайды:

Өз басым ұрғашының қызыл тілі,

Иран бақ бет бітісім піскен гүлі,

Біржан сал, ажал айдап өзің келдің,

Іздеуге ойланып ем өткен жылы.

Майысып нәзік белім бұраң қаққан,

Қырық түрлі дана кеудем өнер тапқан.

Сөйлесем май тамызған бұлбұл тілім,

Секілді гауһар сағат нақыс жапқан.

Ажымсыз он саусағым бәрі аппақ,

Болғанда аузым сағат, ернім қақпақ.

Кірі жоқ отыз тісім меруерттей,

Ерінбей тіздіргендей адам затқа-ақ.

Мойыным сұңғағындай жүзген қудың,

Лебізім шырынындай шәрбат судың,

Қаққанда төңкерілген қас бітімім,

Ашылған айбатындай жібек тудың.

Тамағым жас баланың білегіндей,

Иығым тік сандалдың тірегіндей,

Бет алдым қоңыр қаздың кеудесіндей,

Тал бойым жолбарыстың жүрегіндей, – дейді.

Басында жамандасып, сөйлесіп-шекісіп барып, бірінің бірі затын тани келе ұғысқан, тоқтасқан Біржан мен Сара әр заманның сап алтындай асылы бар дейді. Олар айтысының түп мазмұны бойынша ақын, әділдік, адамгершілік қорғаны, қамқоры болу керек. Соның белгісі айтыстың басынан аяғына дейін ұзақ желідей болып созылған әйел теңдігі, бас бостандығы деген мүдде арманға сыяды. Бұл айтыстың, жоғарыда көрсетілген идеялық салт-саналық жағындағы ескішілдік, кемшілік, қайшылықтарымен «Адамшылдық арың мынаған не үн қосады» дегендей әркімнің жанына батар осындай қоғамдық, тарихтық маңызы да бар.

XIX ғасырдың аяқ шенінде, XX ғасырдың басында қазақ ақындарының Бұхарада, Ташкентте, Түркістанда, Қазанда оқып келгендері жалпы айтыспен қатар діни айтысты ақындық жарыс салтына енгізеді. Осының әсерінен кейбір ақындар діншілдіктен емес, айтыста алдынан шығарлық жұмбаққа, дін жұмбағына мүдіріп қалмау үшін дін жөнінен шала-шарпы білім жияды. Атығай Тоғжан ақын жасында оқыған діни білімі айтысқа жеткіліксіз болғандықтан мосқалданып келгенде, бір жаз бойы молдадан ислам дінінің шарттарын үйренеді. Сөйтіп, қаруланған Тоғжанға, ақын қыз:

Арғы атам Есеналы – Бәйтелі екен,

Кедейдің тон қылғаны тай тері екен.

Соқыр Тоғжан сумаңдап сөз бермеді,

Кел, бұған ғылым айтсам қайтер екен? – дегенде, ол іліп ала жөнеледі:

Сен айтсаң, мен де айтайын оқыманы,

Сарт қауаша киеді тоқыманы.

Ала жаздай молдадан оқып едім,

Саған оқу таппасам оқыман-ды, – дейді.

Өзінің ойы-қыры бірдей, қандай айтысқа болса да дайын екендігін білдіреді. Бұдан әрі «көкте неше жұлдыз бар», «жер дүние қалай жаратылған», «жерді кім көтеріп тұр» деп қыз сұрау беріп, Тоғжан бәріне де мүдірмей жауап қайырады.

– Мұхамбеттің көмегінен кім құр қалады? – деп сұрайды қыз ақырында. Қыздың әкесі несиеге орыс купецтерінен бұл алып, банкрот болдым деп купецке хабар беріп, бұлды елге салып, байлығы тасыған соң, Мекеге барып хаж қылған екен. Аңдаусыз сұрау берген қыз орға өзі кеп құлағандай болады. Өлер жерің қайсы деп аңдып отырған Тоғжан, қапы жібермейді:

Әкеңе айт, үйден шығып Мәскеу барсын,

Көпестің несиеге бұлын алсын.

Артынан банкрот болдым деп хабар салсын,

Соның байлығымен Меке барып,

Мұхамбеттің қауымынан сол құр қалсын, –дегенде, қыз үйден шығып жөнеліпті.

Тоғжан дін тақырыбында айтысқанда, жұртты дін жолына үгіттеу мақсатымен айтыспаған және өзі ешкімге діни сұрау қоймаған, тек өзіне сұрау қойып, жабысқан ақындарға исламның ережелерін, шарттарын бөгелместен баяндап беріп отырған.

Қыз Болық пен Елентайдың айтысы да діни тақырыбына арналған, бірінші қадамнан-ақ Болық:

Ақын жігіт атанған Елентайым,

Өнерпаздың өнерпаз білер жайын.

Жауап бер, бір азырақ сөз сұрайын,

Әуелі не жаратты бір құдайым? – дейді.

«Жер менен көк жаралды елден бұрын»,– деп Елентай жауап береді. «Не нәрседен бар етті жер мен көкті»,– дейді Болық.

Е л е н т а й:

Құдайым әуелінде жер жаратты,

Дүниені ел сиғандай кең жаратты.

Болыпты меруерттер әмірімен,

Көбіктен тоғыз қабат көк жаратты.

Бұдан кейінгі сұрау, жауапты жерді өгіз, өгізді қара тас көтеріп тұрғандығы айтылады. Санасы қырағы Болық шындыққа жеткісі келіп:

Бұларды ақылменен оңдай ма екен,

Мүйізі ол өгіздің талмай ма екен,

Көк өгізді көтеріп тұрған болса,

Қара тастың шамасы қандай екен? – деп сұрайды.

Е л е н т а й:

Қазақтың оны білер баласы жоқ,

Ішінде көп оқыған данасы жоқ,

Дүниенің айналасы теңіз дейді

Айтылған қара тастың шамасы жоқ, – дейді.

Ал, тасты балық, балықты су көтеруге тиіс:

Ол балықты тұрады су көтеріп,

Суды мұнар тұрады бу көтеріп,

Бұрынғының қариялар айтқан сөзі,

Болмаса келгені жоқ ешкім көріп, – дейді.

Дінге арналған айтыстың дінмен ынтымағы шамалы екені өзінен өзі көрініп тұр.

Айқын қызбен айтысып отырып қайтарған жауабында Жарылғасын қожа дүниенің жаратылысы жөніндегі діни ұғымдарды өзінше білім санап айтыс өлеңіне араластыра отырады. Сол өзінің діншілдік түсінігі бойынша ол жердің жаралуы жөнінде былай дейді:

Жарқыным, сөз сұрадың қиын қатты,

Жел сөзбен келтірерлік көңіл шатты.

Сұрасаң, сұлу Айқын, біз айталық,

Әуелі хақ тағала тау жаратты,

Қызыл гүл тау ішінде бау жаратты.

Жаппар ғазым бір өзі рақым әйлап,

Хақ тағала ол тауға назар етті.

Тау еріп қорғасындай болғаннан соң,

Маужырап көбіктері аспанға атты.

Кұдайым сол көбіктен жер жаратты,

Ерумен түбіндегі қалған тастан,

Інжу, жақұт асылдан нұр жаратты.

Дін бар дүниені құдайдың «күн» деген жалғыз ауыз сөзімен жарала беріпті дейді. Дін атынан айтысқа араласатын молдасымақ ақындар да бар. Олардың көбі ислам дінінің қараңғы, надан нанымдарын қайталайды. «Көк өгіз, нән балық жер тірегі», «көбіктен жеті қат көкті жаратты» деген дін ертегілері, сондай айтыстарға үнемі араласып отырады. Бұл айтыстар шала молдалықтың «айтысы» сияқты халыққа сүйікті өлең түрін өздерінің діншілдік үгіттеріне пайдалану шарасы. Бірақ бұл алуандас айтыстар анық көпшілік халыққа, халықшыл ақындарға қадірлі түр болмаған. Ел есінде сақталып, молдалардың жазуы түрінде сақталады. Айтыстарының ішінде көпке түсініксіз дін кітаптарының сөздерін кіргізіп, «жаппар ғазым» деген сияқты тіл шұбарлау да сол діншіл молда сүрей ақындар әдеті.

Анық халықтың жұмбақ айтысында жаңағы діншіл, діндарлық айтыстан бөлек, ерекше өткірлік, шеберлік болады. Жұмбақ айтыстың кейбір шеберлік түріне еліктеген, қаныққан жазушы ақындар да хатпен айтысуды әдет еткен. Осылайша, жазып алып айтысу түрінде: «Дайыр молда мен Мәшһүр Жүсіп айтысы», «Қожахмет пен Әубәкір айтысы», «Нұржан Наушабаев айтыстары» сияқты жазба айтыстар туады. Бірақ бұл үлгілер жазба әдебиет мұрасы болғандықтан, біз таза фольклор көлеміндегі, жанрындағы айтыстарға оларды қосып тексермейміз.

Совет ақындарының айтысы

Жалпы адам баласының тарихында асқар асу болған Ұлы Октябрь революциясының қазақ халқы үшін бергені ұшан-теңіз.

Ұлы Октябрь революциясы ескіліктің темір құрсауынан босатқан қазақ халқының мәдениеті Сталин жолдастың қамқорлығының арқасында өркендеп өсті. «...Мазмұны социалистік, түрі ұлттық, бұқараны интернационализм рухында тәрбиелеуді және пролетариат диктатурасын нығайтуды мақсат ететін мәдениет» (Сталин) жасалды.

Бақытты жаңа өмірді жырлауда, социалистік мазмұнды жаңа тарих табыстарын жырлауда халық ақындарының орны, еңбектері аса мол да, қадірлі болды. Қазақтың халық поэзиясының алыбы Жамбыл жаңа жұртшылық пен социалистік отан мүддесін жырлауға ерекше зор еңбек етті. Революциядан бұрын талай айтыста сан ақынның алдын ораған, топ жарған ақындар: Шашубай, Нұрпейіс, Доскейлер де Жамбылдан өрнек алып, өздерінің суырыпсалма ақындық өнер қуаттарын халық тілегіне бағыттады.

Жамбыл өз өлеңін совет жұртшылығына ұсынғанда:

Дегенде ұлы совет жыр ұсындым,

Жыр емес, жарқыраған нұр ұсындым...

Жырыңды досың болса күлдіріп айт,

Жау болса, жау тигендей бүлдіріп айт.

Жыр деген біреуге оқ, біреуге бал,

Дәл тиген ақ берендей жұлдырып айт, – дейді.

Жамбыл сөзін досты күлдіріп, дұшпанды мұқатуға құдіреті кәміл етіп шырқады.

Кәрілік пен жоқшылық қатарымен аяғынан алып мамырлаған Шашубай ел бақытының күні туған жаңа заманда қайта түлеп, құлпырып кетеді:

Сексенде сері атандым сенбей жағым,

Мерейім үстем болды, артып бағым.

Ескі дос: өлең, гармонь қайта оралып,

Денемді кетті билеп тасқын ағын, – дейді Доскейге арнаған өлеңінде.

Анық халық тілегімен өздерінің тілек, армандарын бір қосқан ақындар қоғам құрлысының өжет қайраткерлері болады. Бұрынғы өздеріне мәлім өлең түрлерін енді жаңа мазмұнмен байытып, революциялық мазмұнда социалистік жаңа жырлар туғызады. Ескі халықтық түр енді тың мазмұнды советтік өрнек, дәстүр жасауға жұмсалады.

Осы жолмен айтыстың да үлгісі, мазмұны, бағыты түбірімен өзгереді. Рас, кәзіргі айтыстарда да бұрынғы айтыстар дәстүріне ұқсас бірнеше белгілер бар. Мысалы мұнда да бұрынғы қалыппен екі ақын домбыраға қосылып, суырыпсалма өлеңмен майдандасады. Ақындық күштерін топ алдында сынға салады. Ауыз әдебиетке, әсіресе бұрынғы айтысқа тән әдет, жол бойынша барлық жарыс, тартыс, бәсекелерін тек алма-кезекпен, қолма-қол тудырған өлеңмен айшықтап жеткізеді. Айтыс осы күндерде совет жұртшылығының колхоздағы ел сауығының ең асыл түрі. Айтыстың үсті қызық думан, өнерлі өлең думаны. Ақындар айтысына қалың жұртшылық, қала мен колхозда түгелімен зор құрметпен бейіл береді. Оған да өнерленген ел бағалайтын театрдай қарайды. Қызыға жыйналып, құмарта тыңдайды.

Бұл жайлардың барлығы айтыс жанрының, қай заманда болсын, халық ортасында туып, сақталуындағы сыртқы жағдайы. Айтыс атаулыға ортақ осындай ұқсастықтар совет тұсындағы айтыста да түгел бар. Бірақ, сонымен қатар тақырып, мазмұн, таптық, саясаттық санасы, мүддесі жағынан қарасақ, совет ақындарының айтыстары ескі айтыстан әлдеқайда терең, кең, озық та өзгеше. Мұнда екі ақынның талас, жарысы бұрынғы айтыстарда айтылатын жайлардан мүлде басқа. «Жақсының жақсылығын айтып нұрын тасыту, жа-манның жамандығын айтып құтын қашыру» деген, үлкен арналы мұратқа келгенде, совет ақындарының жақсылық турасындағы ұғымы, нанымы, сын таразысы да өзгеше. Әлеуметтік жоғарғы зор сананы танытады. Мұнда жақсылық жалпылама ұғым емес, ол еңбекқұмар, қоғам қайраткері, өнер, білім тілін білген советтік дәуірдің ардақты азаматы болады. Совет халқына еңбегі пайдалы, жұрт алдында жүзі жарқын адам болады. Ақынның арқа сүйері де бұрынғы ру, ата санау емес, айтатыны колхозы, ауданы, облысы. Сол өз колхозы мен аудандарында зор табыс мақтанышы болса, оны жеткізіп айтар ақындық өнері болса, айтысатын ақынның сапасы мен қуаты сонда.

Совет тұсындағы айтыс – сынның, өзара сынның да өткір құралы. Шаруашылық зор науқандарды атқаруда, өзара мемлекет жоспарын жақсы орындау женінде бригада мен бригада айтысы, жалқау мен екпінді айтысы, жауыр көлік пен салақ иенің айтысы сияқты айтыстың бәрі сын жарағы. Жер-жерде социалистік құрылыстың екпінді қарқынына кедергі болар бөгеттерді кезінде жоюға арналған үгіт құралы болады. Совет ақындары бұл жағынан қарағанда, өздерінің шебер, тапқыр айтысуларымен күнделік советтік, социалистік өмірдің көрнекті қайраткерлері болады.

Айтыс әр заманда күнделік тіршілікке төтелей қатынасы бар жанр болатын. Халықтық ауыз әдебиетінің бұл қасиеті жаңа тарих жасаушы совет жұртшылығына өте ұнамды, үйлесімді болып қабысты. Совет тұсында молайып өскен айтыстың, колхозшы қалың жұртшылық арасында мол, кең, жайылған аймақтары: Алматы, Талдықорған, Жамбыл, Оңтүстік Қазақстан, Қызылорда облыстары. Бұл облыстарда айтыс бұрынғы кездерде де жалпы көпшілік қолданатын жанр еді. Сол дәстүр кеңейіп, енді қыз бен жігіт, кәрі мен жас кездескен жерде советтік ұлы мереке тойларда, жай сауық жиындарда көп айтыстар бола береді. Сондағы ірі мағналы айтыстардың бәріндегі басым күй: жаңа өмір, жаңа дәуірдегі ел тұрмысының әр түрлі көрінісі туралы болады.

Арнаулы айтыстарда жарысқа түсетін атақты ақындар ғана емес, халық сауығында өз күштерін жаңа сарапқа салып жүрген жас талаптар да өз айтыстарының қызықты, қадірлі мазмұны етіп қоғам мүддесін, совет патриотизмін жыр етеді. Бұрынғыдай кертартпа рушылдықтың советтік айтыстарда ізі, елесі де жоқ. Еңбек елінің ырысы, Ленин-Сталиннің ұлы дәуірі орнатқан социалистік қоғам, Қазақстан, Совет Одағы бар ірі айтыстардың айнымас арқауы болып отырады.

Болмасты болғызып, алысты жақын қылған өнер-ғылым адамының ой-өрісін кеңітіп, халықтың қазынасын молайтты. Көркем қала, алуан өндіріс, асып туған ерлер, сәнді салтанаттар бар. Бұларды айтыс таразысына тартқан ақындардың ой толғамы, көрер көзі қырағы, айтар тілі шебер келеді. Советтік айтыстардың өрісі ұлан байтақ. Бірақ сондай айтыстардың саны Ұлы Октябрь революциясы басталғаннан бері қарай сан үлгілер туғызғанымен, көптен-көп айтыстар жазылып хатқа түспей келеді. Совет дәуіріндегі айтыстардың да ең алғаш басталып, одан кейін үдеп, молайып, кең жәйіліп келе жатқан тарихы бар. Айтыстар саны ғана мол емес, түрлері де әр алуан болып, дамып өсті. Сондай ерекше өсу, өркендеу кезеңдерін қысқаша шолу үшін айтыстардың туған ертелі-соңды мезгілдеріне, түр-түрлеріне қарап, бірнеше елеулі айтыстарды атап өтейік.

1922 жылы Семейдің екі ақыны Байзақов Иса мен Баймұратов Нұрлыбек айтысады. Ол кезде Нұрлыбек ауылда, Иса Семейде болады. Екеуінің айтысындағы жаңалық – бұрынғы айтыстардай ру таласы жоқ. Оның орнына қала мен ауыл жайларын бұлар тың тақырып етіп алысады. Иса қаланы жақтап, ауылды сынай мінесе, Нұрлыбек ауыл еңбегін бағалаушы болып, Семейдің қалың құмын мінейді. Қала мен ауылдың қоғамдық шаруашылық, саясаттық тірліктегі қарым-қатнасын ашуға айтысушылардың ол кездегі білім сауаты жетпейді. Өйткенмен, айтыстың нәтижесінде қала енді елдік пен мәдени өмірдің кіндігі екені айқын аталады. Исаның ол жөніндегі сөздері үстем шығады. Бұдан сол 1922 жылдың өзінде-ақ советтік бағыттағы ақындардың әлеуметтік, мемлекеттік мәселелерге беттерін анық бұрғандығын көреміз.

1932 жылы Шашубай қасқырмен айтысады. Аңмен, малмен айтысу тіпті өлі мен тірінің атынан да айтысу, бұрынғы айтыстың салтында ежелден бар әдет болатын. Ал, совет тұсында қасқырмен қарсыласқан Шашубайдың ескі түрлі айтысында жаңа мазмұн бар. Атын жеп қойған қасқырды Шашубай қақпан құрып ұстап алады:

Боз аттың құны үшін салдым қақпан,

Тұлпар ед су ішпеген ылай қақтан.

...Жарлының жалғыз атын жегеніңше,

Жауыз малын неге жемедің толып жатқан, – дейді Шашубай қақпанда жатқан қасқырға.

«Қыржыйған шал деп басынып кеп атымды жедің. Өкімет қадірлеп күн-түн сайын күшіме кіріп отырғанымды білмейсің бе?» деп Шашубай қасқырдың апшысын қуырады.

Бұл айтыста ақын қасқырмен құрғақ салғыласпайды. Ақынның арқа сүйегені үкімет, өз құдіреті жетпей бара жатса, кедейге болысатын үкіметтің қарулы күші оған болысып қамқорлық істейді. Совет жұртшылығы қадірлеген шалдың малы содырлы сотқардың бойына сіңбейді дейді.

Бұл айтыста Шашубай ел малына ескілікті обырлық мінезбен қасқырдай шауып жүрген бай құлақты да мұқатады. Және онымен тынбай қасқыр сөзі қылып кооператив мүлкін астыртын ұрлап қылғып жүрген ескілік қалдығы сияқты арам ниеттерді де халық ажуасын қолданып, мысқыл етеді, олқылықты әшкерелейді. Совет мүлкіне жасырынып жүріп зиян етушілерді күлкі етіп, сынға алады. Халықтық мысқыл ретінде ақын өзі де тыңдаушыға әзіл етіп, ажуалай көрсетеді. Советтік мазмұн кірген айтыстың түр жағындағы орны ерекше бір мысалы осы Шашубай айтысы деуге болады.

Қызылордалық Үкімбай ақын сары атан мен бригадирді, қара байтал мен колхоз бастығын айтыстырады. Колхоз жұртшылығын ұйымдастырып бастауды міндетіне алған бригадир мен бастық ұқыпты болу шарт. Сол жөнде ең алдымен, жұртшылық мүлкі саналатын мінген көлігіне күтімді болып, басқаға үлгі керсетуі керек. Колхоздасқан шаруалар тірлігіне шаруа көлігін күту деген әлеуметтік талап еді. Осындай мызғымас борышын орындауға салақ қарап жүрушілер де жоқ емес. Үкімбай айтысының мысқылына, сынына ілінетін сондайлар. Мойны ырғайдай болған сары атан бригадирдің айыбын ашып, бүйте берсе колхозда жер айдарлық көлік қалмайтынын айтады.

Арқасы ошақтай жауыр қара байтал ер сала бастаған бастыққа өзінің арқасын айғақ етіп сын айтады. Оның дауы мен дәлелі мойын бұрғызбастай орынды. Өзара сынның ең өткір, шебер түрі осы айтыс болады. Әр күйде бастық қара байталдан мұндай сын күтпеген, өзінің ісі теріс. Ол айтар жауап таппайды. Шалдырмай шабуылға салудан байтал арыған, жадаулықтан жалынан да айрылған, күтімсіздік, қырсыздықтан арқасы ойылған. Сондай халық мүлкі қара байтал сөйлегенде оның тілі ащы шығады. Бастықты сөзбен тұсап, адымын аштырмайды. Жеңіп кетеді. Көлденең сыншыдай емес, жәбір көрген көліктің өзі болып айтқан сөз бригадирдің де, бастықтың да советтік өмір, еңбек майданына әсерлі, пайдалы, қымбат бағалы болып араласқанын көрсетеді.

Бұрын үстемдік істеп, елге ықпалын жүргізіп қалған байлар, атқа мінерлер революцияның алғашқы жылдарында, совет тұсында да көпке дейін өзінің бұрынғы үстемдігін сақтауға тырысты. Теңдік алған кедейге ырық бермей, әлі де өктемдік жасау жолында көп арпалысты.

1934 жылы Іле ауданындағы Өмірзақ ақынның айтуынан жазып алған «Бай мен кедей айтысы» деген айтыс сондай тап тартысының кейбір көрінісін танытады:

Әй, кедей, қызыл тілді салма маған,

Қаһарымды төгермін енді саған.

Қай кедей тигізеді бізге тілін,

Қарсы келген кедейді отқа жағам.– дейді.

Бірақ кедей оған жасқанбайды:

Кедейді, әй залым-ау, жамандайсың,

Басыңды алып қашып амалдайсың,

Кедейсіз күнің қайда көретұғын,

Құр тұрған қара қамыс сен қурайсың, – деп,

байдың бұрынғы шалқуы кедейдің табан ақы, маңдай тері екенін жұрттың алдында әйгілеп ашып береді.

Айтыс ұзаққа созылып, кедейдің сөзі шымбайына бата берген соң, бай төзбей, ұрмақшы болып қамшы ала ұмтылады, кедей қымтап ұстаған шоқпарымен байды басқа бір салып, қалпақтай түсіріп, атына мініп жүріп кетеді. Бай басы қан-қан болып, қала береді.

Бұл айтыс Совет өкіметінің алғашқы орнаған кезінде, кедейлердің үкімет жұмысына еркін араласпаған кезінде туған болу керек. Баймен айтысуға батырланғанмен кедейдің сөзінде «заман менікі», «өмір қожасы менмін», «сен зияндылығыңнан, арамтамақтылығыңнан аласталасың» деген қайрат ызғары байқалмайды. Қайратқа мініп, бай қамшыға жармасқанда кедей ет қызуымен шоқпар жұмсап жіберсе де, байды айдап шықпайды.

Совет тұсындағы айтыстың сынына ескі өмірдің сорақы салтының бірі қос қатын алу да түседі. Совет заңы әйелге ермен тең ерік берді, қос қатын алуды тиды. Өз басында жағымсыз жаңалықты қалт қылмай естіп-біліп жүретін қос қатынды Есмақан деген «жаңа» лақапты естіп, бәйбішесімен ақылдасады. Екеуіңді қатарымен маған қоймас: «...Лайық Айшакүл ме, маған сен бе» – деп сұрайды бәйбішесінен. Бұл айтысты совет ақыны мысқыл, сатира түрінде байды мазақтап, ескішіл тоғышар шалды ажуалап шығарған.

Кәрілік иықтап, буынына діріл кірген Есмақан тоқалға масыл болып, күн кешпек. Соны аңғарған бәйбішесі:

Ақылың кеткен екен шалым сенің,

Жағдайың жас қатынға мәлім сенің.

Өзіңмен жастайыңнан өскен бірге

Бұрынғы жақсы емес пе кәрің сенің? – дейді.

Шалдың көңлі бәйбішені ептеп, сырмалап, сыртқа тебу.

Іргеңді бөлек салып отыра бер,

Кім біліп іш құлқыңды жатар сенің,– деп алдаусыратады.

Бірақ оған бәйбіше мойындамақ емес. Ескі жолды қартаң байлардың революциядан соң бұрынғы үй-іші қалпын сақтап қалуға тырысып, екі әйелін алдастырумен бұрынғыша ұстап қалуға тырысқаны ашық. Айтыс ол жағынан да сорақы шындықты, кесір салтты әшкерелеп отырады.

Шал өз дегеніне көнбей отырған бәйбішенің кәрілігін айып етіп, мойындатпақ болады:

...Жиырманың бесеуінде Айшакүлім,

Елуде қыжырайған түрің құрсын, – деп қорлайды.

Бірақ бәйбіше кемпір болса, Есмақан қураған шал, «жығылған сүрінгенге күлед деген» деп, бәйбіше күйеуінің күлкілі трагедиялы халін сарапқа салады. Сөйтіп, бұл айтыста ескіліктің жақтаушылары өз бастарындағы қоғамдық мінді өз ауыздарымен жұртшылық сынына әйгілеп береді. Күлкі күйлер өзін-өзі әшкерелеуде советтік айтыста аса қонымды, өткір, қызық жанр болып шығады.

Жамбыл облысы, Красногор ауданындағы Киров колхозында әйелдер күніне арналған мерекеде Зейнеп пен Сұлубике айтысады. Зейнеп – стахановшы бригадир, Сұлубике – жалқау, жұмыс істемей: «Бетім барда бетіме кім шығады» деп жүрген еңбексіз әйел. Сол Сұлубикеге Зейнеп:

Сельсовет еңбек берсе сеспей кетер,

Сұлуға қош аман бол деспей кетер.

Ар кетер, шай таусылар, киім тозар,

Халыққа қадырсыз боп жүрме бекер,– деп, оның өлер жерін

тура айтады.

Стахановша істеп, екпінді еңбектің қызығына түсіп алған Зейнеп:

Сұлулық, тілімді алсаң, еңбекте тұр,

Ертерек елдің жауын жеңбекте тұр...

Кім сұлу, осы күні еңбек сұлу,

Отанның жауын құртып жеңбек сұлу, – дейді.

Сұлулық зоры еңбекте. Жомарт табиғаттың адам еңбегіне төлеу есебінде беретін басқа сұлулықтары, игіліктері де бар. Бірақ табиғат ешнәрсені кесегімен тегін бере алмайды. Үлесіңді талпынсаң, қармансаң ғана аласың. Зейнептің: «Сұлулық еңбекте, жеңбекте...» дейтін мәнісі осы. Айтыстың басында қасарып отырған Сұлубике кейін Зейнептен жеңіліп, екпінді еңбек істемекке жұрт алдында бел буады.

Жалқауды сынға салып түзеуде, жақсыны құрмет тұтып, көтеріп мадақтауда ел ақындарының айтыстары көп еңбек етті. Жұртшылықты еңбекке баулуда және ескіліктің кертартпа кесапатын аянбай жоюда айтыстар өткір құрал болады.

Қазақстандағы айтыс өнеріне жетік ірі ақындардың айтыстарын республиканың партия-совет басшылығы, жазушылар одағы ұйымдастырып өткізу жаңа мәдениеттік үлкен дәстүрге айналды. Осы жөнінде ең алғашқы күрделі, көркем, терең мазмұнды айтыс 1939 жылы Алматы қаласында өтті. Бұл айтыс совет халықтарының ұлы ұстазы, данышпан көсемі жолдас Сталиннің 60 жасқа толуына арналып басталған еді. Одақ халықтарының барлығына ортақ, қадірлі тақырыпқа арналған қазақ совет ақындарының айтысы, Нартай, Нұрлыбек сияқты екі атақты ақынның айтысы түрінде өтті. Бұл екеуінің өнер жарысына жырмен басшылық етуші, төрелік айтушы қарт ақын Нұрпейіс болды. Айтысушы екі ақын Сталинге арналған жалынды, көркем жырларды суырыпсалма өлеңмен қалың жұртшылық алдында тудырып жарысты. Ұлы көсемнің ел отанға берген еңбек жемісін айту ретінде Нартай мен Нұрлыбек өздерінің облыстары Семей мен Қызылорда облыстарын салыстырып та сөйледі. Бірі шалқар өзен Ертістен, екіншісі Сырдан шыққан ақындар социалистік дәуірде жаңғырып көркейген табиғат көріністерін де, ел тірлігін де айтыстың кең, жарқын тақырыбы етіп алды.

Сол айтыстан кейін республикалық үлкен айтысты 1943 жылы партия мен өкімет басшылығы мен нұсқауы, көмегімен жазушылар ұйымы бастап, бүкіл Қазақстан көлемінде өткізді. Бұл жылғы айтыстың басы ең әуелі, көмір кені, мыс телегейі бар Қарағанды облысында басталды. Сол жылы аз уақыт ішінде айтыс барлық облыстарға жайылды. Қарағандыға үн қосып Қазақстанның көп облыстары совет ақындарының Ұлы Отан соғысы кезіндегі жаңа мазмұнды айтыстарын жүргізе бастады.

Айтыстың соңғы жарысы Алматыда өтті.

Ол айтыстың алдын салтанатты мәжілісте, дағдылы жүйрік, қарт Жамбыл өзінің арнаулы ескек жырымен бастады:

Алатаудан, Арқадан,

Ақындарым келіпсің,

Тілдерінен бал тамған,

Жақындарым келіпсің.

Ертіс, Есіл, Іле, Сыр,

Бас қосқалы келіпсің.

Жүрген жері думан жыр,

Сендер елге көріксің, – деп арнау айтты.

Жамбыл ақындарға деген ағалық үлгілі сөзінде, бұрынғы айтыстарға көз салып, айтыс өнерінің ескі өнерпаздарын шолып өтті.

Сүйімбай мен Қашаған,

Қара өлеңді матаған.

Атын жаттап балалар,

Әлі күнге атаған.

Кеншінбай мен Орынбай

Өлең сөздің қорындай...

Айтысқа жыйналған ақындардың ішінде бірнеше буын атасы үш дәуірді басынан кешірген ақ сақалды саңлақтар бар:

Уа, Орынбай, Шашубай,

Сендер өзен басындай, – деп Жамбыл алдымен салмақты соларға салады. Ақындарды атап-атап, өзіне бір қаратып алып:

Өлең жырды дүрілдет,

Жарқылдатып жасылдай.

Сөздеріңнің күшінен,

Жау жүрегі түршіксін.

Жырларыңды естіген

Дос құмардан бір шықсын, – деп,

қарт өзінің ұзақ арнауында жаңа айтыстың міндет-мұратын да атап өтті. Ол, жауға атылған оқ есепті, совет халқының күшіне көмек қосатын асыл өсиет, үгіт сөзді талап етті. Сол дегеніндей айтысқа түскен ақындар өздерінің анық совет патриоттары екендігін дәлелдеді. Айтыс жеке ақындардың жарысы ғана емес, олардың өнерін сарапқа салумен қатар, әрқайсысының облыстарын қатар салмақтап таразыға салған сын жарыс болды. Ақындар облыстарының өкілдері болып сөйлесті. Алматы мен Жамбыл облысы, Семей мен Қарағанды, Қостанай мен Солтүстік, Қызылорда мен Оңтүстік облыстары болып айтысты. Әр облыстың екі ақыны қарсы облыстың екі ақынына қарсы шығып, айтысқа түсті. Айтыс тақырыптары ақындардың өз бастарының жайына бір де бір соққан жоқ. Әр облыстың екі ақыны облыстың тақырыптарын бөлісіп алып, біреуі ауыл шаруашылығын, біреуі өндірісін баяндай, қарсысындағы тақырыптық ақынмен айтыса жарысты. Және барлық айтыс мақсаты мен мазмұны негізінде бір ғана зор мүддеге арналады. Ол Ұлы Отан соғысына облыстардың беріп жатқан көмегі туралы еді. Отан соғысы, майдан, тыл, ел, ер, ар, намыс, совет патриотизмі деген ұғымдарға кең толғаулық бағалар береді.

Қазақстан ырысты, бай өлкелі, асыл қазыналы ел. Ақындар өз айтыстарында әр облыстағы сондайлық ертелі-соңды ел қасиеттерін де еске алып сөйлейді:

Шеңдескен шеңберлі Алтай аспан-көкпен,

Әлемге аты шулы даңқы кеткен.

Қара нор, қалың нулы орманым бар,

Тауларым қойынынан алтын төккен,

Ертістен алтын астау аударылып

Күн күліп жағасына нұрын сепкен.

Құндағым алтын бесік, анам Алтай,

Емізіп ақ төсінде еркелеткен.

Құмынан сап алтынды күреп алып,

Тасына қатпар-қатпар гауһар шөккен.

(Нұрлыбек).

Оңтүстік мол дария қорғасынға,

Ұқсайды заводтардың ордасына.

(Қа з а н қ а п).

Күркіреп көк толқыным көкке атылған,

Құтты өзен айналайын Нұра атыңнан...

Шерубай, Сарысу мен Құланөтпес,

Өлеңмен қасиетін мақтап жетпес,

Суы бал, жері шүйгін мал анасы,

Тепсең де төңірегінен ырыс кетпес.

Арқада атағы асқан асқар биік,

Қылыштай қыр арқасы бұлтқа тиіп,

Халқына қашаннан-ақ аяулы боп

Баянның қарқарасын қалған киіп.

Бір тау бар оның аты Қарқаралы,

Таулардың ағасындай Арқадағы.

Қаптаулы, қалқып алар қазынасы мол,

Салмағын қандай безбен тарта алады.

Үш жүзде Ұлытауды кім білмейді,

Атағы айлық жерден дүбірлейді

Сан батыр дабыл ұрған жеріңмін деп,

Өр тасы жорықты атап күбірлейді.

(Ж о л д е к е й Н ұ р м а ғ а м б е т о в).

Семей ақындары қойнынан алтын ақтарылған Алтайын, Қарағанды ақындары – көмір, мыс өлкесін, Оңтүстік – мақтасын, Қызылорда – күрішін, барлық ақындар үн қосып топ-топ түлік малын, оларды аялап өсірген еңбек ерлерін, ұтымшыл, өнімшіл елдерін, мақтаулы мамандарын мадақтап, мақтан етті. Кең өлке, шұрайлы кендер мен еңбексүйгіш қажырлы ерлер Ұлы Отан соғысының көмегіне не беріп, керегіне не істеп жатыр? Майданда ел Отанды қорғау үшін адам баласының жауы гитлершілдерді құрту үшін әр ақынның облысынан барған азаматтары қандай даңқты қайрат етіп жатыр? Әр ақынның, қорытып келгенде, сөз асынып сарыққан арнасы осы тақырыптар болып отырды.

Советтік патриотизм – қасиетті, ардақты сезім. Ел ақындары совет патриотизмінің жаршысы. Әр ақын өз өлкесінің жақсылығын мадақтаумен жалпы совет халқының патриоттық сезімін өсіріп, күшейте түседі. Сүйікті отанды қорғау жұмысы жаумен беттесуде ғана емес, майданды тыл көмегімен үздіксіз жабдықтауды талап етеді. Бұл ұлы-кішісі бар көп әрекеттен құралады.

Осы жайлардың барлығы ақындар айтысының өрісін кеңейтіп, тақырыбын байытып отырды және барлық жайларды барлап айтып келгенде жырлардың түп қазығы советтік патриотизм болса, сол жолдағы дана басшылықты, отан күшін, елін бастаған партия басшылығын ұзақ көркем сөз етіп шырқатты.

Еңбекші жұртшылықтың данышпан досы, совет елінің «басына пана, ығына қала» жолбасшысы, жан тең келмес қолбасшысы Сталин. Сталин жеңіс туы, совет халқының жүрек сенімі, арқа сүйер тірегі. Сондықтан, айтысқа түскен ақындардың бәрі де Сталиннің атын атамай өтпейді:

Айтқанын іске асырып Сталиннің,

Ішінде орнатылған аз-ақ күннің.

Ернеуі қанша алса да кемімейтін,

Елімнің шығыстағы қазанымын, – дейді Шашубай.

Бір заманда Асан қайғы:

Көкпектен басқа шөбі жоқ,

Көкектен басқа құсы жоқ.

Балығы семіз, елі арық,

Маңы сырдаң жер екен, – деген Бертіске,

Сталиннің планымен мыс комбинаты салынды. Ол батыстан жау төнгеи мезгілде майданға керек жабдық, жарақты үздіксіз беріп тұр. Отанның ортаймас қазынасы болды.

Байлықтың биік құзын ұялаған,

Қыранмын асқар көрсем қиялаған.

Балқашқа тең келетін шық болмаса,

Шоқыға анау-мынау ұяламан, – дейді Шашубай сол айтысында.

Ақындардың әрқайсысының өзіне әсіресе қадірлі туған жері бар, соның бәрі Ұлы Отанның жемісті, ырысты жайлары.

Патриоттық сана шабытын билеген ақындар Отанның зейнеті үшін жақсы істі мадақтап, елді қызықтырады. Және сонымен қатар жаман істі масқаралап жою әрекетінде, сондықтан қандай айтыс болса да сынсыз, өзара сынсыз өтпейді:

Досеке, Көшен қайда, Қайып қайда?

Кемшілік ұқсамайды айыққанға.

Осында барды бар деп, жоқты жоқ деп,

Өзара сынға салсақ айып бар ма?

Жатпасын қисық ағаш тез алдында

Ақындар соны түгел сүзе алдың ба?

Не жайда Қарағанды осы кезде?

Елестет бірің шық та көз алдыма – деген сөзді қарт Шашубай Қарағанды ақындарына жолдайды.

Осындай мазмұн санасының барлық кеңдігі, құндылығы арқылы совет ақындарының айтысы – өлкедегі жақсылықтың, табыстың әділ таразысы, көпшіліктің тезі есепті сыншысы да болады.

Сталин қамқоршылығының саясында түрі ұлттық, мазмұны социалистік мәдениет күн санап өркендеп өсуде. Советтік Қазақстанда жазба әдебиет те үлкен мәдениеттік биікке көтерілді.

Социалистік реализм үлгісін, әдісін меңгеруде сол жазба әдебиеттің жаңалықтары қандай көрнекті болса, жаңағы тексерілген совет ақындарының зор саналы айтыстары да сондайлық қадірлі, биік орынға ие болып отыр.

Енді бұдан былай да социалистік отанға халық ақындарының айтысы жаңа мазмұн, идеяға сәйкес, үйлес жаңа көркем түрлер тауып, дамый бермек.

Бұл жолда айтыс ақындарының ізденулері, қызықты, қымбат жаңалықтар табуы әлі де алда тұр.

1943 жылғы үлкен айтыс, осылай іздену жолындағы, советтік социалистік халық поэзиясының өсу жолындағы елеулі бір саты. Ол айтысқа ауызша суырыпсалма айтыстың ескілікті халықтық дәстүрінен тыс жазып айтысу әдеті араласты. Жалпы қазақ әдебиеті көлемінде, жазып айтысу, өткен ғасырдың аяқ кездерінен бері қарай, хат білетін ақындар кіргізе бастаған өзгешелік екені рас еді.

Бірақ, бұл алуандас айтыс жалпылық, көпшілік қолданатын сипаттардан айрыла бастайды. Және, әсіресе әрбір анық ақындық сыры болатын экспромттық суырыпсалмалық сипатынан да ажырай бастап еді. Бұл үлгі жазба әдебиетке фольклордан ауысқан, дарыған әсер, дәстүр есебінде қолдануға болса да, советтік халық ақындарының айтыстары өз жаңалықтарына ауызша, қолма-қол суырыпсалма түрінде айтысатын шын шапшаң өнерпаздық дәстүріне құру шарт. Советтік айтыстар сол үлгіде дамып, өз жаңалықтарын сол бағытта тапса, ол анық, айқын, қадірлі өнердің өзі болмақ.

Оқылатын материалдар

Шөже мен Кемпірбайдың айтысы. ТӘИ қолжазбасы, № 537.

Мәшһүр Жүсіп пен Молдағалидің айтысы. ТӘИ қолжазбасы, № 539.

Ташмағамбет пен Бегімтайдың айтысы. ТӘИ қолжазбасы, № 540.

Сақау ақын мен Бегімтайдың айтысы. ТӘИ қолжазбасы, № 541.

Ажар қыз бен Уахит ақынның айтысы. ТӘИ қолжазбасы, № 542.

Жамышбай мен Кемпірбайдың айтысы. ТӘИ қолжазбасы, № 543.

Күдері қожа мен Ұлбикенің айтысы. ТӘИ қолжазбасы, № 553.

Қожахмет молда мен Әбубәкірдің жұмбақ айтысы. ТӘИ қолжазбасы, № 555.

Бұдабай мен Қарлығаштың айтысы. ТӘИ қолжазбасы, № 561, 825, 829.

Мұса молда мен Қарлығаштың айтысы. ТӘИ қолжазбасы, № 566.

Жекей қыз бен Ержан ақынның айтысы. ТӘИ қолжазбасы, № 568.

Тезек төре мен Сүйімбайдың айтысы. ТӘИ қолжазбасы, № 571.

Біржан мен Сараның айтысы. ТӘИ қолжазбасы, № 572, 573.

Біржан мен Сара қыздың айтысы, бастырға Жүсіпбек қожа. Қазан. 1900.

Біржан мен Сара ақынның айтысы. Қазан, 1912.

Қисса Зейне-Зайып. Қазан. 1890.

Әсет пен Ырысжанның айтысы. ТӘИ қолжазбасы, № 581.

Құлтума мен Намаздың айтысы. ТӘИ қолжазбасы, № 582.

Бөлтірік пен Майкөттің айтысы. ТӘИ қолжазбасы, № 586.

Бала Ораз бен Жібек қыздың айтысы. ТӘИ қолжазбасы, № 588.

Молдағали мен Шанай қыздың айтысы. ТӘИ қолжазбасы, № 591.

Шортанбай мен Шөженің айтысы. ТӘИ қолжазбасы, № 596.

Сүйімбай мен Арыстанбектің айтысы. ТӘИ қолжазбасы, № 600.

Жарылғасын қожаның Айқын қызбен айтысы. ТӘИ қолжазбасы, № 601.

Әжек пен Шәріпжамалдың айтысы. ТӘИ қолжазбасы, № 602.

Бай мен кедейдің айтысы. ТӘИ қолжазбасы, № 605, 823.

Түбек пен Құлмамбеттің айтысы. ТӘИ қолжазбасы, № 611.

Омарқұл мен Тәбия қыздың айтысы. ТӘИ қолжазбасы, № 619.

Оспантай мен Күйкентайдың айтысы. ТӘИ қолжазбасы, № 620.

Шөже мен Тезекбайдың айтысы. ТӘИ қолжазбасы, № 627.

Шөже мен Балтаның айтысы. ТӘИ қолжазбасы, № 631.

Шөже мен Орыvбайдың айтысы. ТӘИ қолжазбасы, № 637, 638.

Орымбай мен Сақаудың айтысы. ТӘИ қолжазбасы, № 643.

Сабырбай мен Байбала қыздың айтысы. ТӘИ қолжазбасы, № 669.

Екі Жүсіптің айтысы. ТӘИ қолжазбасы, № 674.

Жанақ пен Түбектің айтысы. ТӘИ қолжазбасы, № 684.

Майлы қожа мен Құлыншақтың айтысы. ТӘИ қолжазбасы, № 697.

Жамбыл мен Құлмамбеттің айтысы. ТӘИ қолжазбасы, № 704, 764.

Дулат пен Шапырашты ақынының айтысы. ТӘИ қолжазбасы, № 746.

Ақсұлу мен КЕншімбайдың айтысы. ТӘИ қолжазбасы, № 748.

Құлмамбет пен Майкөттің айтысы. ТӘИ қолжазбасы, № 754.

Бақтыбай мен Тезек төренің айтысы. ТӘИ қолжазбасы, № 806.

Жанақ пен Баланың айтысы. Алтынсариннің өлеңдері, Алматы, 1935.

Айтыс. Том І. сөз басын жазған С.Мұқанов, Алматы, 1942.

Айтыс. Том ІІ. ТӘИ қолжазбасы.

Айтыс. (жинақ). Қазақстан халық ақындарының айтысы. Ред. басқарған

Ғ.Мүсірепов, Е.Смаилов, Алматы, 1944.

Ақындар айтысы (жинақ). Алматы, 1944.

КИРГИЗСКИЙ ГЕРОИЧЕСКИЙ ЭПОС «МАНАС»

Великая Октябрьская Социалистическая революция застала период угасания, постепенного отмирания больших эпических традиций в киргизском народном творчестве. Только в эпоху социализма стало возможным произвести первые записи народного сокровища в полном его объеме. Записи были сделаны со слов сказителей «Манаса» Сагымбая Оразбакова и Саякбая Каралаева.

Не всякий певец, носитель произведений устного творчества мелких форм, как Секетбай, Кунген, знающий отрывки из «Манаса», может называться манасчи. Настоящие былинные певцы, иначе – джомокчу, не были исполнителями этих небольших по объему песен.

Особый репертуар и даже жанр передачи отличали настоящих исполнителей эпических песен от певцов типа казахских акынов, которые наряду с лирическими и обрядовыми песнями пересказывали и отрывки из былинного эпоса.

Исполнение распространенным типом киргизского ырчи предреволюционных лет представлял собой дополнение «кошока» (причета-плача) и разных увеселительных песен. Ырчи иногда, по желанию аудитории, заменял эти песни заученными отрывками или эпизодами из «Манаса» или «Семетея».

Слушатели, в большинстве своем незнакомы с полным текстом «Манаса», исполнявшимся настоящими джомокчу, не жалели похвал для певца, заучившему лишь незначительные отрывки. А Сагымбай со своим текстом «Манаса», который он не мог исчерпать, даже если бы исполнял его в течение трех месяцев, конечно, не был доступен большинству любителей устных сказаний. Поэтому в каждом районе неискушенные слушатели называли ряд имен, якобы отличившихся манасчи. На самом деле большинство этих сказителей знали из «Манаса» только два-три эпизода, актуальных по тематике или своей этнографическо-бытовой стороной: «Поминки Кокетея» («Кокотаидын ашы»), героика прошлого – «Великий поход» («Чон казат»), эмоционально действенная любовная лирика «Ай-Чурек» из «Семетая». Вот самые популярные и характерные для репертуара этих певцов-ырчи песни из «Манаса» и «Семетея». Исполнение «Манаса» теперь сводится к исполнению популярных эпизодов или сокращенной редакции, составленной из наиболее актуальных отрывков.

Исторически изменившиеся благодаря Октябрьской революции социально-экономические условия обусловили смену вкусов и запросов вновь формирующейся слушательской среды. Генеральная линия в устном творчестве стала определяться количественным и качественным ростом новых жанров. Однако это не повлекло за собой отмирания «Манаса», напротив, популярность его непрерывно расла; больше того, произведение киргизского фольклора – «Манас» стало теперь достоянием всего советского народа.

Сказители эпоса

В народной памяти и в устах джомокчу не сохранилось ни одного имени древнейшего сказителя «Манаса». Правда, в варианте Сагымбая упоминается поэт-дружинник Джайсан, ырчи, который

Жалан уйдун борымын

Жарым кундей ырдаган,

«Одно украшение юрты

Воспевал полдня».

Но это упоминание о легендарном поэте, якобы современнике Манаса, не дополняется никакими новыми сведениями или хотя бы косвенными упоминаниями о нем в других случаях. Поэтому можно только предположительно можно говорить о создании первых песен «Манаса» этим поэтом.

Почему же не сохранилось ни одного имени древнего исполнителя эпоса? По крайней мере, певец, унаследовавший традиции предшественников, мог бы сохранить кое-какие из имен, как это бывает в эпосе других народов. Очевидно, в киргизском эпосе традиция была иная. Здесь каждый певец как будто бы сознательно замалчивает вопросы возникновения и передачи исполняемой им песни. Так поступает и Сагымбай (за исключением вышеприведенного случая). Исполнители-предшественники, от которых непосредственно последующий поэт воспринял материал, им не упоминаются.

Эпическая песня, устный сказ всегда ведется от лица анонимного рассказчика. Поэт – только сказитель, только передатчик того, что по фабуле известно слушателям и что он лишь пересказывает своими словами. Лирическим отступлениям, личному вмешательству сказителя не остается места. Нарушение эпического спокойствия хотя бы даже кстати введенными лирическими излияниями равносильно нарушению законов жанра, устойчивой канонической традиции. Если исходить из этой точки зрения, можно сказать, что киргизский эпос сохранил чистоту жанра почти до последнего момента, не включив в свой текст ни одного имени предшественников Сагымбая. Во всяком случае, в раннюю пору возникновения былины эта традиция, по-видимому, держалась прочно, и в ней надо искать первопричину, в силу которой преданы забвению имена древних сказителей.

Но наряду с этим положением возникает и другой момент – специфический на киргизской почве и, по-нашему мнению, не менее значительный для объяснения того же самого вопроса. Дело в том, что в среде киргизских джомокчу существовала и в известной мере продолжает существовать вера в наитие (дааруу). Поэтому настоящие певцы «Манаса» выдавали свой вариант за нечто внушенные им свыше, объясняли его вмешательством сверхъестественных сил, якобы призывавших их к этой роли и вселивших в них сразу, как в избранников, знание «Манаса».

Огромный объем эпоса способствовал распространению и укреплению этой веры в среде слушателей. Возможность заучивания всей песни от предшественников исключалась. Исключалась и щепетильность по отношению к поэме, как созданию одного определенного автора. Возможные совпадения не случались. Никто не стремился разоблачать «избранников муз». Хотя у Сагымбая, Тыныбека и Акылбека, как передают старики, помнящие их исполнение, были общие места, однако каждый из сказителей «Манаса» утверждал, что его вариант самостоятельный, что он ему диктуется свыше. Впоследствии это утверждение стало профессиональным приемом, и ни один джомокчу не избегал его. Не составлял исключения и Сагымбай. Бывали случаи, когда искусство сказывания «Манаса» переходили от отца к сыну, от одного родственника к другому, но и тогда манасчи твердили о наитии. Для нас важен самый факт этой субъективной веры в сверхъестественное, которая и исключала возможность упоминания имен предшествующих поэтов. Память о наиболее выдающихся сказителях сохранилась только в поколениях непосредственных слушателей. А каждый новый поэт упоминал только свое имя. По крайней мере, так обстоит дело в отношении сагымбаевского варианта. Здесь имя и фамилия сказителя упоминаются в каждом цикле. Поступили ли прежние поэты так же, как Сагымбай, прибегавший к некоторой саморекламе, сказать трудно.

Возможно, что в лице Сагымбая мы застаем уже первого былинного певца, осознавшего роль индивидуального творчества. А может быть, Сагымбай – первый сказитель былины, до сознания которого дошел вопрос об авторском праве. Поэтому, где это кстати, он спешить сказать о Сагымбае, «наделенном высшими дарами».

С этой стороны интересно упоминание в его варианте о Джайсан ырчи. Слово «джайсан» в киргизском употреблении означает (кроме калмыцкого «начальника») еще богатство, обилие, величие. Джайсан и в «Манасе» есть не что иное, как эпитет к имени анонимного певца, подобно «Кемель-акыну» в «Козы-Корпеш и Баян-Слу» или «Вещему Бояну» в «Слове о полку Игореве».

Судя по данным других поэм, действительные имена поэтов в контексте никогда не включались. Впоследствии, когда сказителям «Манаса» приходилось, как передают старые слушатели, выдерживать натиск со стороны фанатических мулл и защищать свою профессию, они вынуждены были ссылаться на «высокое покровительство» их искусству, на вмешательство «сверхъестественных сил» – духов и предков и аруаха самого Манаса.

Прежде чем перейти к роли сказителей в формировании эпической песни, остановимся на немногих именах, сохранившихся и дошедших до нас по устным рассказам.

К самому старшему поколению принадлежит Кельдыбек из рода Асык. Родился он, как утверждают, в конце XVIII столетия. В устном предании говорится, что он начал исполнять «Манас» уже в зрелом возрасте. Вообще о Кельдыбеке знают сейчас немногие. Несмотря на то, что он выступал сравнительно недавно, народная память о нем уже успела потускнеть. Сохранили его имя только отдельные старики и люди, специально интересующиеся этим вопросом. Кто исполнял «Манас» до Кельдыбека, неизвестно.