Абилкайыр Спан. Жанат Нурмаханов. Тарихи очерктер

РЕВОЛЮЦИЯЛЫҚ КОМИТЕТ

Революциялық комитет (ревком) — Кеңес өкіметінің уақытша төтенше органы. Азамат соғысы мен шетел интервенциясы кезінде социалистік революция жеңістерін қорғады. Азат етілген территорияларда кеңестік билік орнатты. Сол жердің бірден-бір иесі болып, барлық билікті өз қолдарында ұстады.

1919 жылдың 10 шілдесінде «Қырғыз-Қазақ өлкесін басқару жөніндегі революциялық комитет туралы» Халық Комиссарлар Кеңесінің Уақытша Ережесі шықты. Бұл декрет бойынша, Қырғыз өлкелік ревкомына (дұрысы әскери ревком) Астрахань губерниясының бұрынғы Бөкей хандығы жері, Орал, Торғай, Ақмола, Семей облыстары енді. Бұлар бұрын далалық облыстар деп аталып келген.

Ревкомның ықпалы жүретін территорияның нақты белгіленуі оған Сібірге, Түркістанға қараған өзге қазақ уездерін, айталық, Сырдария облысы, Закаспий облысы құрамындағы қазақ ауылдарын Қазақ өлкесіне қосылуға ұмтылдырды. Сөйтіп біртұтас Қазақ республисының құрылуына оң ықпал етті. Мысалы, Қазақ өлкелік ревкомы құрылған кезде Орал облысына қараған Адай-табын ауданы жеріндегі Адай ревкомының Қазақстанға, ал орталығы Форт Алексанровск болған Маңғышлақ уездік ревкомының Закаспий облысына қарағанын айтсақ та жеткілікті. Кейін бұл екі ревком бірігіп, Адай уездік ревкомын құрады.

Қазақ әскери ревкомы құрамында жеті адам болды. Оның төрағалығына РКФСР-дың ұлт істері жөніндегі Халық комиссарының орынбасары болған Станислав Станиславович Пестковский тағайындалды. Ол Кеңестік бірінші почта телеграф комиссары. Мүшелері болып мыналар бекітілді: Әліби Жангелдин (1884—1953) — ревком төрағасының орынбасары; Сейітқали Мендешев (1882—1938) — Қазақ Кеңестік Социалистік автономиялық республикасының Орталық атқару Комитетінің бірінші төрағасы; В. JI. Лукашев (1883—1937) — қазақтың бірінші айрықша атты әскер полкін ұйымдастырушылардың бірі, республика әскери комиссарының орынбасары.

Кейін өлкелік ревком құрамына мыналар енді: А. Д. Авдеев (1887—1947) — РКБП орталық Комитетінің Қазақстандағы партия ұйымын нығайтуға жіберген өкілі; Әбдірахман Әйтиев (1886-1936) - 1921-1925 жылдары республика ішкі істер комиссары, бірінші Қазақ АКСР Конституциясы жобасын жасаушылардың бірі; Әлиасқар Әлібеков (1893-1937) - 1921-1928 жылдары жұмысшы – қара шаруа инспекциясы және жер-су халық комиссары; Сақыпкерей Арғаншаев (1887-1938) - әлеуметтік қамсыздандыру халық комиссары.

Бұлардың бәрі де В. Ленин қол қойған мандат алды. 1920 жылдың аяғына таман республика территориясындағы революциялық комитеттер таратыла бастады. Билік жергілікті кеңестерге көшті. Алайда кейбір ревком 1924— жылдарға дейін өз жұмысын тоқтатпады. Балтық жағалауы республикаларын айтпағанда, Кеңестік Одақ бойынша ең ұзақ жасаған ревком - Адай уездік ревкомы болды. Ол 1927 жылдың ортасына дейін өмір сүрді.